Ие мен кие туралы
(соңғы айтыстардан туған ойлар)
Ғылымды да, әдебиетті де, өнерді де жеке тұлғалар жасайды. Мұны бұқара халық «асарлатып» жасамайды.
Халық - санаулы адамдар жасаған рухани дүниенің тұтынушысы. Мәселе осында, халықта мәдени құндылыққа сұраныс жоғары болса - ол қоғамды «үмітті қоғам» деп атауға болады...
Оған сұраныс жоқ болса, оны – «үмітсіз қоғам» деп атаса болады.
Егер, халық жалған идеология, не, өзге мәдениет ықпалында қалса, оны «адасқан қоғам» деп атасақ болады...
Қоғамда осы үш бағыт үнемі текетірес жағдайында тұрады:
Біріншісі - өз тарихын түгендеушілер, ұлттық болмысын түзеушілер.
ЕЛ МЕН ЖЕРДІҢ КИЕСІ ОСЫЛАР.
Екіншісі – «күнін көрушілер».
Олардың Отаны болмайды, тек қай жерде өмір сүру жеңіл болса, қай жерде тамақ көп болса - сонда ығыса береді.
ЕЛ МЕН ЖЕРДІҢ КҮЙЕСІ ОСЫЛАР.
Үшіншісі – «қағынан жерігендер». Бұл адам санасының ауытқыған белгісі, кесел.
Олар өз мәдениетін қор, өзгені зор санайтындықтан, өз халқының (соның ішінде өзі де бар екенін зомбиланған сана ұқпайды) тарихтан жойылуына қызмет етушілер.
ЕЛ МЕН ЖЕРДІҢ ТАЖАЛЫ ОСЫЛАР.
Сондықтан, Ел мен Жер жауапкершілігін мойнына алған Киелі тұлғалар (рухани элита) әр сөзіне абай болып, қоғамын алға бастауы керек. Олар байқамай өз сөзінде «күйе» мен «тажал» сияқты сөйлеп қойса, онда қоғам үміті ондаған жылдарға шегініп кетеді...
Сөйтіп, шыққан төбеден кейін сырғыған қоғамға, тырбаңдап жоғарыға қайта өрмелеуге тура келеді.
Қоғам қазір алар асуды, кейінге шегереді... Мұны - өнбейтін тірлік дейміз.
Ендеше, бар нәрсе ЭЛИТАҒА кеп тіреледі екен! Тұлғалар аман болсын, Тату болсын! Сонда Ие де бар, Кие де бар деуге болады...
Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz