Жұма, 20 Қыркүйек 2024
1227 1 пікір 11 Қаңтар, 2024 сағат 13:50

Еуропарламент Қазақстандағы «саяси тұтқындарды» босатуға үндейтін қарарға дауыс береді

17 қаңтарда Еуропарламент алғашқы сессиясы кезінде Орталық Азия бойынша қарар жобасына дауыс береді. Құжаттың мәтіні Еуропарламент сайтында жарияланды. 

Қарар жобасы ЕО-ның Орталық Азия елдерімен өзара қарым-қатынасының түрлі қырларын қамтиды. Арасында адам құқығы да бар.

Қарар өзге жайттармен қатар Орталық Азия елдерін, оның ішінде Қазақстанды да халықаралық қауымдастық алдында адам құқығы саласындағы алған міндеттемелерін орындауға және саяси тұтқындарды босатуға, журналистер, блогерлер мен белсенділерді босатуға үндейді. Қарар жөнінде алғашқы мәліметті Польшада шоғырланған "Ашық диалог" халықаралық қоры хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, қарар жобасын Еуропарламенттің сыртқы істер жөніндегі комитетінің баяндамашысы Карстен Лукке дайындаған. Комитеттің өзі былтыр 28 қарашада қарарды қолдап дауыс берген: 51 адам қолдаса, 3 депутат қарсы болған, бір адам қалыс қалған.

Қарар авторлары Орталық Азия елдерін адам құқығы саласында алған міндеттемелерін орындауға үндейді және ЕО-ның Орталық Азиямен адам құқығы бойынша тұрақты түрде диалог жүргізуінің маңыздылығын атап өтеді. Бұған қоса, Еуроодақтың Орталық Азия елдеріндегі өкілдіктерін адам құқығы жағдайын бақылау, құқық қорғаушылармен жұмыс істеу, адам құқығын бұзу фактілеріне көз жұма қарамай, реакция білдіріп отыруға, саяси қудалау, саяси соттарды бақылау, саяси тұтқындардың хәлін біліп тұруға үндейді.

Бұған қоса, Еуропарламент Орталық Азиядағы адам құқығын өрескел бұзу жайттары оның ішінде Қазақстандағы Қанды қаңтар, Тәжікстандағы Таулы Бадахшан және Өзбекстандағы Қарақалпақстан оқиғасындағы кезіндегі наразылықтарды басып-жаншу, азаптаулар фактілерінің ашық тергелмеуіне алаңдаушылық білдірген. Қарар авторлары осы елдердің билігін азаптау сияқты өрескел адам құқығын бұзу фактілерін жан-жақты зерттеу үшін тиімді шара қолдануға шақырады.

Одан бөлек, қарар авторлары Қазақстанда журналистер, құқық қорғаушылар, блогерлер мен белсенділердің "экстремизм", "көрінеу жалған ақпарат тарату" және өзге айыптар бойынша қудаланып жатқанына өкініш білдіреді. Қарар авторлары барлық саяси тұтқындарды, оның ішінде Әйгерім Тілеужан, Марат Жыланбаев, Бекежан Меңдіғазиев, Тимур Дәнебаев, Қайрат Қылышевті босатуға үндеген.

Қазақстан адам құқығына қатысты жиі сыналады. АҚШ мемлекеттік департаментінің былтыр жарияланған адам құқығы жөніндегі есебінде Қазақстанда билікті сынағандар мен олардың туысқандарына қысым көрсетілетіні, билік сөз бостандығы мен журналистердің жұмысына кедергі келтіретіні, елде бейбіт жиналу, пікір айту құқығы шектелетіні айтылған. Елдегі белсенділер мен құқық қорғаушылар ЕО елдерін Қазақстан билігіне адам құқығын құрметтеу бойынша ықпал етуге үндеп келеді.

дереккөз: centralasian

Abai.kz

1 пікір