Қос министрмен кездесу...
Ғылым, білім, мәдениет, ақпараттың көп шоғырланған орталығы Алматыға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Оқу-ағарту минстрі Ғани Бейбембаев арнайы келіп, «ҚАЗАҚСТАН БАЛАЛАРЫ- ШЫҒАРМАШЫЛ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯ» өкілдерімен кездесті.
Екі минстрдің жаңашыл, жанашыр жоба-жоспарларымен таныстық. Кері байланыс арқылы көкейдегі көп сұрақты ортаға салдық. «Келісіп пішкен тон келте болмайтынына» тоқтадық. «Бір жағадан - бас, бір жеңнен қол шығаруға» дайын екенімізді айттық. Салалық министрлерімізбен осындай ой ортақтастырып, ел мүддесі үшін «қол ұстасып» жұмыс жасайтын күн туғанына қуандық.
Маған сөз берілді. Сонда айтқан ұсыныс-тілегімнің бір парасы осы болды...
Сонау 80-жылдардың басынан жанымыз үндескен, рухани апа-досыма айналған Фариза Оңғарсынованың «Ақ желкендегі» редакторлығына әбден қызығушы едім. Редакция орны тегін, ұжым үлкен, әр кабинетте әр бөлімнің «сарбаздары» өз жұмысын дөңгелете беретін. Кейде біз іздеп барып, күні бойы күтіп отыратынбыз. Көлігінен түсіп, 10-15 минутқа ғана кіріп шығатын. Рекдактордың жолсапарларын, емделуін, демалысын үкімет көтеретін. Сонда да апам қызметіне көңілі толмай «Қазақстан әйелдері» журналын бермеді деп өкпелейтін. Ол нені білдіреді? Әрине, бас редакторлық - мансап болғанын...
Ал қазір бәрі керісінше. Оқымай-ақ бай болғандардан басқа құндылықтар құлдырауға ұшырады. Сондықтан мен сияқты бас редакторлардың құны да көк тиын. Жан аямай «Ел баласы – өз балам» ұраныммен не істесем де, есіл еңбегім қалың қазаққа жетпейді. Қырық төрт жылғы саналы ғұмырым бала жүрегіне кілт тауып; тілін, ойын байытуға арналды. «Қазақ радиосындағы» балаларға арналған 4 түрлі бағдарлама дайындаған 20 жылда – балаға не керектігіне, қалай тіл табысып сөйлетуге болатындығына әбден көзім жетті. 2000 жылы өз концепцияммен жарыққа шыққан «Айгөлек» журналы соның жемісі.
Ендеше 43 жылда екі-ақ жерде баланың рухани тәрбиешісі болып, табанды «құлға» айналған мендей тәжірибелі маман салалық қос министрмен бас қосқанда, өздері елеп, ескеріп, сөз бергенде, саусақпен санағандай етіп, ұсыныс-пікір айтпағанда қайтеді?!
«Бәріміздің илегеніміз - бір терінің пұшпағы» болғандықтан, жас ұрпаққа «Жаңа Қазақстан» санасын қалыптастыру әрқайсысымыздың азаматтық парызымыз. Білімді ұрпақ – мемлекеттің тірегі. Оларға негізгі және патриоттық тәрбиені отбасынан бастап қалыптастыруға да біз ұйтқы болуға тура келіп тұр. Қалай? Республикалық телеарналардан «ата-аналар сағатын» ұйымдастырсақ. Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, елді аралап, жас ұрпақ тәрбиесінің өзектілігін түсіндірсек. «Бүгінгі бала - ертеңгі дана» болуы үшін оқыта тәрбиелеудің мәні зор екеніне көз жеткізіп, газет-журналдарға жазылу, кітап сатып алып оқыту, балаға мәңгілік азық, адамшылық асыл қазына болатынын ұқтырсақ.
Білім және мектеп басшылары біздің жұмысымыздың өздеріне пайдалылығына зор маңыз берсе. Өйткені біз, газет-журнал редакторлары, нағыз ұстазға қолғанат әріптеспіз. Біздің апта, ай сайын шығаратын қолына ұстатқан мерзімді басылымдарымыз сабаққа көмекші құрал емес пе?! Талабымен танылып, «Айгөлекте» топ жарған балалар мектебінің атын шығарып, ұстазына бедел әперетінін тәжірибеден көріп отырмыз. Ал сол қатарға педагогикалық ұжымдар, мектептер мен балабақшалардың мұғалімдері мен тәрбиешілері неге қосылмайды?
Мұғалім кітап оқымай – оқушы кітап оқымайды. Бұл менің қанатты сөзге айналған жан айқайым. Бүгінде республикадағы ЖОО-да 21 журналистика факультеті бар. Солардың біреуінде балалар басылымдарына маман даярланбайды. Оның зардабын бүгін-ақ көріп отырмыз.Балалар басылымында жұмысты біліп, қызығып істейтін жас маман жоқ. Жұмыс іздеп келгендерге баланы қайтсем оқытуға «тоқтатамын» деп, ай сайынғы 36 бетті қайта-қайта шұқылап, инемен құдық қазғандай бейнетпен істейтін біздің қызмет ұнамайды.
Абыройымызды сыйлағанымен, тұрмысымызға, табысымызға қызықтыра алмаймыз. «Барлық қатені де өзіңіз түзейсіз бе?» деп көзі бақырайып, қашып кеткендер де кездескен.
Сөз соңында екі бірдей министріміздің балалар шығармашыл интеллигенциясымен кездесуі, жаңашыл, жанашыр көзқарастары, тілек-ұсыныстарымызды тыңдауы – бізге мол рухани шабыт берді. Сөзіміз жақсы, енді ісіміз де жақсы болса екендеген үміттеміз.
Қымбат Әбілдәқызы,
«АЙГӨЛЕК» журналының автор- редакторы,Түркі әлемі ақпарат саласының үздіігі, мемлекеттік Ерен еңбегі үшін медалінің иегері
Abai.kz