Сенбі, 23 Қараша 2024
Өз сөзі 2985 33 пікір 18 Қаңтар, 2024 сағат 15:11

Мұхтар Мағауиннің бағы мен соры

«Бәйтеректің төбесін көр – түбіне барма.
Жақсының өзін көр – үйіне барма».
Қазақ мақалы

Даудың басы Шыңғысханның шарапаты

«Соры» деген сөзден шошудың қажеті жоқ, өйткені тақырыпта жеке адамның аты аталғанымен, жалпымызға тән жайды әңгіме етпекпіз. Ең алдымен ел аузынан түспейтін Мұхтар Мағауин кім дегенге келсек – ол қазақ, және жай қазақ емес, нағыз әрі типтік қазақ. Ал, қазақ – жан басына шаққанда – әлемдегі ең дарынды, ең талантты, ең алғыр, ең қабылетті, ең ілкімді, ең бейімделгіш, ең еліктегіш те ең төзімді халық. Құдыреттілігімен, шеберлігімен қатар әділеттілігі де шексіз, сондықтан барлық нәрседе тепе-теңдікті ұстап отыратын Тәңірі қазаққа қанша жақсы қасиет берсе, оның бәрін жарыққа шығармайтын сонша жаман қасиетті – күншілдікті, іштарлықты, алауыздықты, көреалмаушылықты, рушылдық-жүзшілдікті – де аямай берген. Қазақтың өзгелерден айырмашылығы да, артықшылығы да – осында. Қазаққа бар мейір-махаббатын төккен, сана-сезім, ақыл-ой, не керектің бәрін берген Алла-Тағалаға алғыстан басқа сөз айтуға хақымыз жоқ. Ал, Құдайдың бергенін қаншалықты тиімді пайдалана алғанымыз жақсы жағы қазақтан көп емес, жаман жағы қазақтан кем емес, жалпы саны бізбен шамалас еврей халқымен салыстырғанда анық көрінеді – олар әлемді билеп отыр, ал, біз (басты міндеті – елдің қамын ойлау болса да, отыз жылдан бері қарақан басының қамын ойлауды ғана білетін ат төбеліндей за ғана билеуші-жемқорларымыздың ашкөздігінен, олардан бұрын жем болуға көніп отырған өзіміздің алауыз, сорлылығымыздың салдарынан) өз елімізде өз тілімізде сөйлеуге де шамамыз келмей – жауымыз бұл жолы ішімізде болғандықтан – бес мың жылдық тарихымыздағы ең шешуші сәтке, иә озық елдер қатарына, көшке ілесіп қосылар, иә жұтылып, ыдырап,  жойылар сәтке келіп тұрмыз...

Қош, кейіпкерімізге көшейік. Бірден айтайық, өз басымыз Мағауинді пір тұтушылардың, жазушылық талантына тәнтілердің біріміз. «Ұлтсыздану ұраны» мен «Қазақсыз Қазақстанды» жазған жалғыз қаламгер болғандықтан көсемсөзші ретінде құрметіміз тіпті шексіз. Бірақ...

М.Шаханов 1999 жылы семіздікті көтере алмай азғындыққа ұрынған Европаның төбесінен жай түскендей еткен «Өркениеттің адасуы» атты, 2001 жылы «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» атты кітабын жазып, ол екі шығармасы да ЮНЕСКО-ның назарына іліккенде, Батыста М.Шахановты Нобель сыйлығына ұсыну туралы сөз көтерілгенде, жазғаны өзіне сор болып жабысып, Шота Уәлиханов бастаған төрелер қауымы «біздің бабамызды жауыз, қанішер деп атайтындай сен кім едің?» деп өретүрегелгенде,  дауға жарты жолдан қосылған, «Батырлар жырындағы» Қобыландыны қомсынып, Қараманды екінші қолтығына қыса кеткен Қарлығадай Шахановқа Шыңғыс Айтматовтың қосақтап ұрған Мағауин ағамыз «Алтын Орда» апталығындағы отқа май құйған «Ешкі жетектеген екеу» деген сегіз беттік мақаласында «неге менің «Шыңғысханның шарапатында» жазғандарымды құлаққа ілмейді бұл Шаханов?» деп бұлқан-талқан болған. Мағауин ағамызды қанша құрметтесек те  «Жас Алаш» газетінің 2002 жылғы 21-ші, 24-ші желтоқсан күнгі сандарында «Моңғолдың мұқыр жылқысынан қазақтың қазанатына қалай ауыстырып мінгіземіз?» деген тақырыппен сүйікті жазушымызды шамамыздың жеткенінше сынап, нақты сұрақтарға «пыш-пыш емес мәнді сөзбен»(М.Мағауин) нақты жауап  беруін сұрап, мақала жазғанбыз. Мүйізі қарағайдай ғалым, жазушы ағаларымыз үнсіз отырған соң амалсыздан жазғанбыз. Ағамыз, әрине, жауап бермеген.  Жауап бермегеніне өкпелеген жоқпыз, мәнсіз-мағынасыз даудың жабылғанына қуандық. (Ағамыздың «ешкім  білмейтін Өмірзақ Ақжігіт дегеннің суретін неге баспағансыңдар? Демек, сендер өздерің жазғансыңдар немесе біреуге тапсырыс беріп жаздырғансыңдар» деп, газеттің шаңын қаққанын кейін жауапты хатшы Әмірхан Меңдекеден есіттік).

Әйтсе де... «Қазақ жұрты қаншама өлең-жыр, аңыз-әпсанаға қосып ардақтаған Шыңғыс хан есімі біздің халқымыз үшін, міне, 900 жылға тартты, ұран болды, қуат болды, ақыры арманға айналды, ал, оның ұрпағы, яғни, мына біз үшін еткен еңбегі ғажайып әрі ғаламат» дейтін ағамыз Шыңғыс ханның шарапатын насихаттаудан жалығар емес.

Осы Шыңғыс ханның қазақ болғанынан, әлемдегі ең алып империя құрғанынан қазаққа келер қандай пайда бар?

Осы империя қол астындағы елдерге қандай және қаншалықты мол жақсылық әкелді?

Қай елдерде өнеркәсіп пайда болды, ауыл шаруашылығы қарыштап алға басты?

Қай елдерде араб халифатындай ғылым мен білім ерекше дамыды?

Өнер мен әдебиеттің, сәулет пен мәдениеттің өлмес, өшпес үлгілері дүниеге келді?

Жауап іздейік. Біріншіден, «біздің «шыңғысхантанушылар» қағанның өмірі жайлы жазылғандардың ең болмағанда 5 пайызымен танысса, бүгін «Шыңғыс хан – қазақ, ол құрған мемлекет қазақ мемлекеті» деген қауесет тумаған болар еді..» деген моңғол елінде туып-өскен әйгілі тарихшы марқұм Зардыхан Қинаятұлы. Ендеше, біз жүз жерден «бабамыз» деп жабысқанымызбен «көкте – Тәңірі, жерде – Шыңғыс хан» дейтін, «қанында «біз Шыңғысханның ұрпағымыз, біз кезінде жарты әлемді билеген ұлт болғанбыз, біз ешкімнен де кем емеспіз» деген ұлттық намыс сақталған» (З.Қинаятұлы) моңғол жұрты көнбейді оған. Әрі әлемдік ғылыми қауым да қабылдамайды, «әлін білмеген – әлек», бекерге жер жүзіне масқара боламыз.

Екіншіден, Шыңғысханды қазақ етуге деген қандай өткір қажеттілік бар бізде? Әлемнің «екінші ұстазы» атанған Әл-Фарабидей ұлағатты адам үшін тартысу болса мейлі еді. Керісінше, сол әлемді білімнің күшімен емес, найзаның ұшымен жаулап алу үшін ғана жер жүзінің жартысын қарап қылған қатыгез қолбасшы емес пе еді ол?

Үшіншіден, Шыңғыс хан шын әніндегі халқының қамын ойлаған кемеңгер патша болса, 24 моңғол тайпасын біріктіргеннен  кейін елін ғылым мен білімге жұмылдырып, «өнер, білім бар жұрттардың» қатарына қосуға ұмтылып, алдымен өз моңғолының басына май жақпас па еді?

Төртіншіден, «Шыңғыс болмағанда қазақ бүгінгі күніне жете алмас еді» еді деп қалай үзілді-кесілді айтуға болады? Тарихқа шартты рай жүрмейтінін білмей ме Мұхаң? Тарихшы, академик, «Қыпшақтану» орталығын құрушы және оның көп жылдық жетекшісі БолатКөмеков былай дейді: «1070 жылдан бастап 1219 жылы моңғолдар келгенге дейін, Алтай мен Дунай арасындағы осы ұлы даланы саяси күш – қыпшақтар ұстап тұрды. Деректерде «ең күшті мемлекет – қыпшақтар мемлекеті» деген сөз талай рет кездеседі. Бұл елдің екі астанасы болды: Сыр бойындағы Сығанақ пен Жайық бойындағы Сарайшық.

Егер моңғолдар келмегенде, біз бүгін бәріміз қыпшақ болар едік. Моңғол шапқыншылығының орасан зардабы қалаларды қиратуы емес. Ең басты зардабы – пісіп отырған қыпшақ халқын жоюы! Керемет мемлекет және біртұтас қыпшақ халқы пышаққа ілінді. Аман қалғаны әлемге тарыдай болып шашылып кетті. Тұтас ұлт атын алған Өзбек хан қыпшақ даласының ханы еді. Өзбек хан мемлекетінің құрамындағы көшпелі қыпшақтар Мәуреннахрды жаулап алып, сол елге сіңісіп кетті-дағы, ол ел өзбек елі атанды, ел аузында бұл трагедия «қазақ-өзбек айрылды, қазақ сартқа қайрылды» деп аталды,  ал ұлы далада қалған, негізі қыпшақ болуымыз керек, сосын өзбек болуымыз керек біз ақырында қазақ болып шықтық!

Бүгінгі қазақта қыпшақтың үлесі аз болуының  басты себебі қазақ-өзбек болып екіге бөлінгенде өзбек халқының негізгі бөлігін қыпшақтардың құрауынан. Және сол кезде өзбектің Шайбани, Абдолла секілді хандары қазаққа қарсы рақымсыз соғысты көп жүргізді ғой. Жауынгер қыпшақтар сол кезде көп қырылып кетті.»

Осылайша, алдымен Шыңғыс ханның, кейін оның ұрпағы, өзінің «Алтын-Ордасына» көзі тоймай, «түркі халықтарының сорына сахнаға шыққан» (Ақселеу Сейдімбек) Ақсақ-Темірмен соғысамын деп, үш рет қирай жеңіліп, қазақ даласын қанға бөктірген Тоқтамыс ханның кесірінен қазақ төрт ғасырға кешігіп барып ұлт болыптасты.

Бесіншіден, ең бастысы да осы, қараның ақ екеніне, қаханның «бар мақсат-мұраты түгел түркінің басын біріктіру болғанына», шапқыншылықтың шарасыздықтан туған іс екеніне сенейік, сол жолда «жазықсыз жақын елдің бәрін шапты, дарияның суындай қан да ақты» (Абай), бірақ бұл ұсақ-түйек қой, Мағауинше айтсақ «соғыспен алған қамал қирайды, қала бүлінеді», онда тұрған не бар дейік. Сонымен, төрт ұлыстан тұратын теңдессіз алып империя пайда болғанымен, «Түрік қағанаты» құрылмады. Құрылуы мүмкін емес те еді, өйткені 1206 жылы  халқын біртұтас әскерге айналдырып, саусағына «көкті – Тәңірі, жерді қахан билейді» деген жазуы бар жүзік кигенде-ақ қахан өзінің түпкі мақсатын әлемге паш еткен болатын. Сол себепті  қахан өлген соң ұрпағы Қытайды жаулап алу үшін тағы 50 (!) жыл соғысты. Қай істі болсын нәтижеге қарап бағалайды, ендеше түрік қағанатын құру Шыңғыс ханның ойына да келмегенін, ол тек жазушының қиялы ғана екенін – орыстарда бұны «выдавать желаемое за действительное» дейді - мойындайтын кез келген шығар?..

Бізге басымызды құрайтын кемеңгер көсем бұйырмады...

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
ел тегі алмақ қайдан кемеңгерді?»
І.Жансүгіров

Жалпы, біздің пайымдауымызша ірі тұлғалардың қателігі де ірі болады екен. Сондай қатенің біреуі «мен қандай биікке шықсам да, оған тек өзімнің ақылым, білімім, еңбегімнің арқасында қолым жетті, демек, менің бұған дейін істеген ісімнің бәрі дұрыс, болашақта істелер ісімнің бәрі де дұрыс болары хақ» деген ұғым. Мағауин ағамыз да өзінің бойында жаман қасиеті бар деп білмейді, «менің тәкаппарлығымның, менменшілдігімнің ешкімге зияны жоқ» дейді. Тіпті, «менің ол шығармам мінсіз, өйткені онда мен өзімді жазғанмын, ал, менің өзім мінсізбін» дейді. Ойнап айтса да ойындағысын айтты. Ләйім, солай болғай. Қазақ «мінсіз – Құдай ғана» деуші еді. Бірақ, қазақ қай жерде жаңылыспай жүр дейсіз...  Ал, сол ағамыз он сегіз  жыл тапжылмай «Жұлдыз» журналын басқарғанда оны  шығармашыл қауымның бас сұғуды – парыз, онда қызмет істеуді – бас айналдырар бақыт санайтын, қасиетті, киелі ордасына айналдырдым деп айта алмасы да, көп адамның «Жұлдыз» ол кезде «киллер» атанған Бекділдә Алдамжаровтың қолымен қазақта іліп-аларлық қаламгер қалдырмады» деген пікірімен де келіспейтіні сөзсіз.

Ал, кейіпкеріміздің қателігінен қазаққа келер зардап бар ма? Бар болғанда қандай. Мағауин ағамызды алған бетінен З.Қинаятұлының «Шыңғыс хан моңғол үстіртіндегі түрік факторының аяқтаушысы" деген пікірі де, «Шыңғыс ханға байланысты моңғол тарихы дүниежүзі ғалымдарының күшімен әбден зерттелген тақырып. Онда бәрі айқын, бәрі анық. Біздің жазба тарихымыз жоқ, жоқ болған соң тарихты жазушы да зерттейді, аңызға айналдырып жібереді. Рас, кейбір жазушыларымыз Шыңғыс ханды түрік деп жүр, бірақ олардың өзі де бүгін Шыңғыс ханның нағыз моңғол екенін түсінді ғой деп ойлаймын» деген пікірі де, басқа мамандардың да соған ұқсас көзқарасы  да кейін қайтара алмады – ол соңғы жеті жыл ғұмырын сарп етіп, төрт томдық «Шыңғыс хан» романын жазып шықты...

Қайран, уақыт!.. Қайран, күш!.. Ағамыз бойындағы бәрін сарқып берді. Айтудан, жазудан болатын болса Мағауинның сөзі баяғыда-ақ бар қазақтың жүрегін жаулап алар еді. Бірақ.. Әлеуметтік желіде «Шыңғыс ханның» кітабы шықты!» деп алақайлап қуанып жатқан да, кітапқа тапсырып беріп дүрлігіп жатқан да ешкім жоқ. Неге? Өйткені, өткен 800 жылда басқа халықтар сияқты қазақ жұрты да қаханнан жарым-жартылай ғана жеткен «Жасақтан» керегін алып болған, оны әр заманның талабына сай өзгертіп, толықтырып, «Қасым ханның қасқа жолында» да, «Есім ханның ескі жолында» да, Тәуке ханның «Жеті жарғысында» да пайдаланып қойған. Жүз мыңдаған жазықсыз жанды құрбан еткен қаханға деген қарсылық қазақтың қанында жазылып қалған! Ағамыз тағы төрт том жазса да оның мойнын қаханға қарай бұрғыза алмайды. Қазаққа «тарихты кері айналдырушы» атанған Шыңғысхандар емес, жақсылық себуші Өзбекәлі Жәнібектер керек! Бүгін де, ертең де, барлық уақытта! «ӨЗБЕКӘЛІ және МӘДЕНИ МАЙДАН» кітабының қазақ қоғамын дүр сілкіндіруінің, құбылысқа айналуының сыры да сонда.

Екіншіден, Шыңғыс хан кім болғанда да бізге жау болып келді. «Енді маған бағынасыңдар, алым-салық төлеп тұрасыңдар, айтқаныма көніп, айдауыма жүресіңдер» дегендерге Алатаудан Аралға дейінгі арадағы гүл жайнап тұрған қалаларының қақпасын ашып бермегені үшін кінәлі ме ата-бабаларымыз? Елін, жерін қорғап қайтпай соғысқан қыпшақты қаханның қынадай қырғанын айттық. Қаханның қылышынан қалың найманның қаншасы аман қалғанын сезіну үшін Тұрсынхан Зәкенұлының «Көкбөрілердің көз жасы» деген керемет кітабы «мен – қазақпын!» дейтін әрбір адамның үйінде болуы тиіс.

Өзінің қолы қаншалықты қан екенін білгендіктен өз моласын өзі таптатып жіберген жанның қандай «ғаламат та ғажап» еңбегі сіңді бізге? Алтын Орданы құрғаны ма? Оны жаулаған жерін ұстап отыру үшін құрды ғой! «Шыңғысханшылар» қит етсе қаханның кемеңгерлігі мен қамқорлығы ретінде көлденең тартатын «Жасақтағы» «әрбір адам діндердің кез-келгенін құрметтей білуге тиісті» және «мемлекет ішіндегі жай-жағдаяттардан дер кезінде хабардар болып отыру үшін нояндар мен сұлтандар байланыс жүйесін жолға қоюға міндетті» деген екі бап та, бірыңғай салық секілді, мемлекеттік қызметтің күнделікті жұмысын тиімді етуге бағытталған шаралар ғана.  

Тіпті сол «күш-қуаты әлемді тітіреткен, сән-салтанаты жаһанға жар болған», 300 жыл дәуірлеген Алтын Ордамыздан қазақ халқына мұраға не жетті? Бір қала да жеткен жоқ.  Бабаларымыздың «ағаштан салсам жүз жылға жетеді, кесектен салсам мың жылға жетеді, тастан салсам мәңгілікке кетеді» дегені бекер болғаны ма?  Мәселе Шыңғыс ханның о бастан білім-ғылымға мән бермегенінде, ол мемлекет құрылымының діңгегі екенін ең болмағанда ұрпағының санасына сіңіріп кетуді ойламағанында, өзі  басып алуға шамасы келмеген Қытай үлгісін көріп отырса да қорыта алмағанында. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп, Еділ мен Ертіс арасындағы сайын далаға оның төл баласы – сақтардың қассақ есімін кемеңгерлікпен қайта тірілткен Керей мен Жәнібектен Кенесарыға дейінгі хандарымыздың бәрі де «қазағым!» деп өткен ержүрек ұландар болғанмен, біреуі де орыстың 1-Петрі секілді мүлдем басқа заман келе жатқанын түсіне алмады. «Білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік. Білімге сенген заманда, қапы қалып жүрмелік» деген Абылайдың өзі де болашақ ғылым мен білімде, техника мен өнеркәсіпте екенін, отырықшылықта екенін, көшпеліліктің күні өткенін білмеді. Білгеннің, «бар малымызды сатсақ та, мылтық жинайық» деген Әйтекенің тілін алмады.  Соның салдарынан соңына ерген қазақты 1730-1917 арасындағы 187-жылдық (ешқандай да 300-жылдық емес!) бодандыққа ұшыратты. Төрелерді төбесіне көтергеннен басқа жазығы жоқ қазаққа олар ешқандай өкпе айта алмайды. Әлихан Бөкейхановтың: «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деуі де сондықтан. (Шыңғыс ханның ұрпағында білімге деген құштарлықтың төмендігі бүгінгі еліміздегі төрелер мен қожалардың әлеуметтік жағдайын салыстырғанда анық көрінеді. Шын мәнінде ұлы далаға төрелерден әлдеқайда кеш және әлденеше есе аз мөлшерде келсе де, қожалар бүгін білімінің арқасында зиялы қауым мен билік тізгінен ұстағандар арасында төрелерге қарағанда әлдеқайда көп. Тіпті 32 жылдан бері қожалардың министрлік пен облыс әкімдігіне ілікпеген жылы жоқ деуге болады).

«Біз барлық іске қазақтың мүддесінің тұрғысынан қарауға тиіспіз!»

«Құдай дарынның бәрін қазаққа
 берген, қадырын бізге берген»
Өзбек мақалы

Нені болсын беріліп істейтін қазақтың өзгені зор тұтып, өзін қор тұтуы кейде шектен шығып кетеді. Ақсақ Темірге ескерткіш тұрғызғымыз келеді, Шыңғыс ханға табынамыз. 1710 жылдан бері ханды өз ішінен сайлайтын қырғыз елінде ондай кесел жоқ. Басқа түркі тектес елдер де Шыңғыс ханға табыну дейтін бәлені білмейді. Өзбекте болса да атымен. 1218 жылғы Құрылтайда Батысқа жорық туралы шешім қабылданып қойғанын, сондықтан Шыңғыс хан соғыс ашуға ертелі-кеш бір желеу табарын біле тұра (бірақ,  айтпаймыз, неге?), Отырарды 6 ай қорғаған Қайыр ханды қазақтың жауы етіп, 1219 жылы соғыстың басталуына кінәлі етіп көрсетіп біттік. Ал өзбектер  болса өзінің шағын жасағымен моңғол әскеріне қарсы үш-ақ рет ашық шайқасқан хорезмшахтың баласы Жалаладдинді ұлттық батыр тұтады, оның 800-жылдығын дүрілдетіп атап өтті. Олар білмей ме Әмір-Темірдің кім екенін? Бәрімізден жақсы біледі! Тек біздей емес, жаманын жасырып, жақсысын асыруға керемет ұста халық мұсылман қауымын қырумен болған әмірді Самарқандты көркейткені үшін көкке көтеріп отыр. 1994 жылы Ислам Каримов телеарнадан тікелей сөйлеген сөзінде «Әмір-Темір бабамыз аттың тұяғымен жаулап алған жердің бәрін ақылдың күшімен жаулап алуымыз керек» деп сөйлегенін өз құлағымызбен естідік, өз көзімізден көрдік. Ал, Сайрам кентінде де, Түркістан қаласында да Әмір-Темір атына ұзын-ұзын көшелерді беріп тастағанбыз...

Шыңғыс ханның да кім болғанын моңғолдар білмей ме? Білгенде қандай? Бірақ, Құнанбайға шағым жасай бергендерден күйгенінен: «Жақсы да болса қарағым, жаман да болса қарағым, «Құнанбай – жаман» дегенде, Солтабай сұлтан бере ме Барағын?!» деген Зере әжеміздей, кім болғанда да «іштен шыққан шұбар жылан», әркімнің төл перзенті өзіне ыстық. Шыңғыс хан қылыштың жүзімен болсын, моңғол халқының басын құраушы (қазақтың емес!)

Қазақ тарихын жазғысы келген адамға, бөтендікін түзеп әуре болу не керек, өзіміздікі де ұшан-теңіз, игерілмей жатыр. «Түркілер Алтайдан тарады» дейміз, «ғұндар да шығыстан шыққан» дейміз. Қарап отырсаңыз Ертіс пен Еділдің арасындағы, Заратуштраның кітабындағы арийлер шыққан деп жазылған, «жайқалған жасыл белдерге, шалқар әсем көлдерге, ұзын-ұзын өзендерге толы», аталарымыз осыдан алты мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткен  сайын даланы, Геродот «Каспий теңізінің шығысын сақтар жайлайды» деп жазған өлкені ғұндар батысқа қарай басып өткенге дейін, одан соң моңғол басып алғанға дейінгі  уақытта адам баласы жайламағандай әсерде боласыз. Әлкей Марғұлан атамыз «адамзат тарихында алғашқы болып қола мен темірді балқытқан» деп жазған, «Бегазы-Дәндібай мәдениеті» деген атпен ғылымға енгізген өлкенің тарихы жайлы шығарма жазса, жазушылардың тақиясына тар келе ме? Зейнетке шыққалы Ақтөбе өлкесінің көне тарихын жазып жүрген Төреғали Қазиев есімді ағамыз «біздің қазақта бір де бір сарматтанушы жоқ екен ғой!» дейді.

Мұхтар Әуезов атамыз Абылайды жазсам ба, Абайды жазсам ба деп ойланып, түрлі себеппен Абайға тоқтаған екен. Мағауин ағамыз зерттелмеген жері қалмаған Шыңғысханды қаузағанша, атына әлі күнге дейін арнайы бір кітап та бұйырмаған (Кенесары туралы І.Есенберлин «Қаһарды» жазып кетті), «Сол күнде ел қорғаған Абылайдың, қанша тәу етсең де аз моласына» деп асыл Мағжан жыр арнаған Абылайды жазса, талантына да сай келер еді-ау, әрі қаханның бір ұрпағын жарқыратып көрсетер еді-ау деген ой келеді еріксіз...

Әзірге ағамыз Шыңғыс ханнан айрылар емес. Оның бұл есіл еңбегінің ең зиянды жағы біздіңше, онсыз да «елбасы дәуірінде» терең ішкі есеппен бетімен жіберілгендіктен тілден, діннен, т.б. бөлініп жатқан қазақты «жығылған үстіне жұдырық» деп, «Шыңғыс хан» да қақ жарып жібергендігінде жатыр. Өшіп бара жатса, отқа тамызық тастайтындар да табыла кетеді. «Айтыс ақиқатқа апарады» деген сөз бар. Біздіңше, жартылай ғана дұрыс. Ақиқатымыз бірігуге қызмет етпесе қайтеміз?  «Қой, таласпайық, ақиқатын Алла біледі» деп, жауапкершілікті Аллаға  арта салып, тайқып шығамыз ба? Бізге қазақтың басын біріктірмейтін ешнәрсенің қажеті жоқ. Тіпті ол адамның діңгегі саналатын дін болса да, ислам діні болса да! Себебі, біздің ең керекті істің орнына болмашы нәрселермен айналысумыздың салдарынан, «қасиетті орын бос тұрмайды» екен, құбыжықтар бас көтеруде. Ең асылымыз – Абайдың өзін жұртымызға жөндеп жеткізе алмағаннан, «Абай – орысшыл, бізге ондай орыстың артын жалаған к@лақ ақын керек емес» деген жастар пайда болып жатыр. Сонау Европада отырып алып, өзі қазақша қақпайтын қазақтың  әйел баласы «Абай деген ақын болмаған, тіпті оның өзі де, балалары да болмаған» деп құлаш-құлаш «зерттеу» жазып жатыр. Дәлелі – Абай өлеңдерінің түпнұсқасының табылмауы. Оны бізде қостап, «түпнұсқа жоқ» деген сөз «ондай ақын да жоқ» деген сөз, өйткені «адамзат туындысы» деген болмайды» деген Жанұзақ Әкімдей оқымыстылар да шығып жатыр. Мыңдаған жылдық ауыз әдебиетімізді жоққа шығарып жатыр. Күлеміз бе, жылаймыз ба? Ендеше, ақсақал ақын-жазушыларымыздан бастап бәріміз «біздің осы ісіміз қазаққа  керек пе, жоқ па? Одан елге пайда ма, зиян ба?» деп, бір тоқтап, кейінгі жаққа бір сәт көз тастап, ойланып алуымыз ауадай қажет сияқты...

Өмірзақ Ақжігіт 

P.S. Қазақта айтылмаған сөз қалмаған. Қалғаны болса Абай айтқан: «Бұны жазған адамның, атын білме, сөзін біл!» Немесе: «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарай кісіні ал!» Абайдан кейінгі сөзі ең көп нақылға айналған Қадыр ағамыз: «Бабам менің шоқ басқан табанымен, бірдей екен жақсысы жаманымен» деді. Бізге де жақсысы мен жаманы, дәлірегі өте жақсысы мен өте жаманы бірдей қазағымыздың жазған туындысы, сіңірген еңбегі, көрсеткен қызметі мен жеке басының тұлғалық қасиетін екі бөліп қарастырғаннан басқа амал жоқ. Өйткені, бәріміз де пендеміз, пендешілік бәрімізде де бар. Және одан өлгенше құтыла да алмаймыз. Мұқағали айтқандай: «Арылайын десем де пенделіктен, арылатын болмадым, ол неліктен?» Жазушы, философ Вольтер: «Мен сіздің сөзіңізді қоштамаймын, бірақ оны айтуға хақыңыз болу үшін сізді жанымды салып қорғауға дайынмын» деген. Қазақшаласақ шамамен былай: «Менің сізді мінезіңіз (ісіңіз, сөзіңіз, т.т.) үшін атарға оғым жоқ, бірақ, еңбегіңіз үшін құрметтеуге, кешіруге, жолыңызда құрбан болуға дайынмын». (Әрине, сатқындықтан басқасын).

Осы сөзді ең бірінші кезекте кейіпкеріміз Мұхтар Мағауинге қатысты айтуға болады.

Өмірзақ Ақжігіт

Abai.kz

33 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5478