Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2955 1 пікір 24 Қаңтар, 2024 сағат 14:04

Өзімізге де обал жоқ

Әңгіме

Дастан бүгін күндегісінен ерте тұрып, шамның жарығында құжаттарын реттеп болып, оны сөмкесіне салып қойып, сыртқа шықты. Түн түңілігін түре ағарып таң атып келеді. Таңмен жарыса сайраған құстардың жағымды үнін бір сәт тамашалаған ол кеудесін кере демалып, таңғы таза ауаны құшырлана жұтты кеп. Содан соң келесі көшеде тұратын балдызы Айқынның үйіне бет алды. Көше бойындағы үйлердің әр жерінен арсалаңдап шыға келіп, өзіне қарай тап берген иттерді қолындағы таяғымен жасқандыра жүріп Айқынның үйінің алдына келіп, оның дарбазасын қаға бастады.

Түннің бір уағында келіп диванға киімшең жата салған Айқын қақпаның бұл тақылынан оянар емес. Керісінше, қорыл тартып, рақаттанып ұйықтап жатыр. Оның қорылынан арада бір-екі рет оянып, қайта жастыққа бас қойып ұйықтап қалған келіншегі Айсәуле қатты тақылдаған дыбыстан шошып оянып:
– Айқын, Айқын, тұршы! Біреу қақпаны қағып жатыр, – деп оны
жұлқылай бастады. Ол тәтті ұйқысын қимай:
– Айсәуле, саған не болды? Келіп жатқаным жаңа ғана ғой, – деп ұйқылы көзін уқалап ашып, қинала орнынан тұрды.
– Не болушы еді, бағанадан бері қақпаны біреу қағып жатыр. Сыртқа
шығып кім екенін білсеңші, – деді көйлек-көншегін киініп жатқан Айсәуле.
– Таң атпай, сонша ерте келген кім болды екен, – деп ренжи сөйлей
сыртқа шыққан Айқын қақпа жаққа қарап:
– Бұл кім, ей? – деп айғай салды.
– Мен ғой, мен, Дастанмын – деген таныс дауысты естіп жылдам
қақпаға қарай жеткен ол есікті ашып жатып:
– Ой, жездеке сіз екенсіз ғой. Сізге не болды таңатпастан қақпаны
тақылдатып, астыңыздан су шықты ма? – деп Дастанға қолын беріп амандасты.
Оның қолын алған Дастан:
– Сені не қара басып жүр? Бағанадан бері қақпаны қағып жатырмын, тырс
еткен дыбыс шықпайды үйіңнен, – деді.
– Кеше қаладан өте жай келіп жатып едім. Шаршаған болармын, қатты
ұйықтап қалыппын. Айсәуле жұлқылап оятпаса, шыны керек, үстімнен пойыз жүріп өтседе еш сезбес едім, – деп күліп, басын қасыды.
– Бәсе, Айсәуле келін болмаса сенің жағдайың белгілі ғой маған, – деп күлді
Дастан жезделігіне салып.
– Болды, болды, қалжыңыңды қойшы. Не шаруамен келдің соны
айтшы? – деді Айқын жездесінің қалжыңын жақатпай.
– Өзіңе белгілі, біз Қытайдан көшіп келгелі үш айдан асты. Сол үш айдан бері құжат жинап тұрақты түркеуге өткен аптада ғана зорға тіркеліп болдық. Енді азаматтыққа құжат тапсырмасақ болмайтын болып тұр. Кеше кешкісін теледидар көріп отыр едік, парламенттің Сенатында «Халықтық көші-қон заңына» өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы талқы болып, оралмандардың Қазақстан азаматтығын алуы төрт жылдан кейін болатыны туралы айтып қалды. Бұл заң күшіне еніп кетсе, біздің азаматтық алуымыз төрт жылға шегінетін көрінеді. Бұл жағымсыз жаңалықты естіген әпкең екеуіміз түнімен жөнді көз іле алмадық. Бүгін аудандық Көші-қон полициясына барып азаматтық алудың жай-жапсарын біліп, тездетіп құжат өткізбесек болмайтын көрінеді. Сол себепті сен бүгін басқа шаруаларыңды қайырып қойып, мені соған апар. Көлігіңнің кіре ақысын өзім төлеймін, алаңсыз бол, – деді Дастан.
– Ой, жездеке, мені қазір жүр дегің келіп тұр ма? Неге асығасың! Көші-
қон полициясы адамдарды сағат оннан бастап қабылдайды. Сағат енді бес болды ғой. Ел әлі ұйықтап жатыр. Асықпа, жүр үйге кір, – деп Айқын бұрылып үйіне қарай жүріп еді, Дастан:
– Болды, болды, мен сені үйде күтемін. Әпкең таңғы шайын дайындап, мені күтіп отырған болар, – деді де артына бұрылып үйіне қарай кетіп қалды.

* * *

Айқын Дастанның туған балдызы. Осыдан он жыл бұрын Қытайдан соқа басын алып, бір шабаданмен келген болатын. Алғашында Алматыға келген ол өзінен бір жыл бұрын келген сыныптасы Нұрболды табады. Нұрбол Барахолкадағы ұйғырдың қуықтай бір бөлмесін жалдап, базарда елдің затын қоларбамен тасып ақша табатын. Айқын сыныптасы Нұрболдың бұл тірлігіне алғашында үрке қарағанымен, кейін ол да Нұрболдың қасына келіп қоларбашы болып істеуге бел шеше кіріседі. Одан басқа жұмыс істеуге оның мүмкіндігі де, амалы да жоқ еді. Себебі, оның кез келген саудамен айналысатын қомақты ақшасы жоқ болатын. Ал Нұрбол сияқты қоларбаны сүйреп базарға шыға келсе, әр базарды меншіктеп алған қоларбашылар қойға қосылған қотыр ешкідей тырқыратып қуатынын Нұрбол оған айтқан болатын.

Айқын Қытайдан келген күннің ертесінде Нұрболмен бірге базарға шыққан-тұғын. Сол күні базарға тау жуасын сатамын деп келген Кенжебек атамен танысады. Оның Кенжебек атамен танысуының өзі қызық болды. Анаған-мынаған таңдана қарап, Нұрболдың қоларбасына таңылған затты сүйеп келе жатқан Айқынға бес-алты мөшек тау жуасын қоларбасына тиеп алып, жол жиегіндегі семент дөңестен (бордюрден) тарта алмай қалған Кенжебек ата ары-бері қайшыласып өтіп жатқан адам нөпірінің арасынан Айқынға көзі түсіп:
– Әй, балам, әй, балам, бері қарашы! – деп айғайды салды. Үлкен
кісінің айғайынан жалт қараған Айқын Кенжебек атаға таңырқай қарап:
– Ата, сіз мені шақырдыңыз ба? – деді өзін қолымен көрсетіп, қатқыл
дауыспен. Алқынып, екі өкпесімен демалып тұрған Кенжебек ата: «Иә, сені шақырып тұрмын. Маған келе кетші, – деді.
Анадай жерге ұзап кеткен Нұрболға: – Мен қазір артыңнан барамын. Абайлап жүресің ғой, – деді де Айқын Кенжебек атаға бұрылып жанына жылдам жетіп барып:
– Ассалаумағаликум ата, – деп екі қолын ала жүгіріп еді. Кежебек ата:
– Уаликумассалам, саған қол бере алмайтын жағдайда тұрмын балам. Сен одан да, мына арбаның артынан демеп жіберші! – деді. Айқын қоларбаның артына өтіп, екі қолын арбаның астына салып жіберіп көтеріп қалып еді Кенжебек ата арбаны лып еткізіп тартып шығарып алды. Одан соң қоларбасын жағадағы ашық алаңқайға қойып, шалбарының қалтасынан бет орамалын алып терін сүртіп болып, қайта қалтасына салып жатып:
– Құдай тілеуіңді берсін, балам. Көп жаса! Өзің қай ауылдың
Баласысың, атың кім? – деп сұрады.
– Ата, мен бұл елдің қазағы емеспін. Қытайдың қазағымын. Атым –
Айқын, – деп ыңғайсыздана Кенжебек атаға қарап жымиды.
– Қытайдан келмек тұрмақ, маған десең Африкадан кел, бәріміз бір
қазақтың баласымыз ғой қарағым. Мына ұлан ғайыр қазақтың жері бәрімізге жетеді, қазағымыз келе берсін. Елбасымыз өзі бас болып шетелдегі қазақтарды шақырып жатқан жоқ па?! Мен саған ризамын, балам. Сен сияқты қайырмды, мейірімді жастар көбейе берсін, – деп Айқынның қолын алып, арқасын қақты.
– Жақсы тілеуіңізге көп рахмет ата, жолдасым мені күтіп қалған шығар, мен жүрейін, – деп Айқын кетуге ыңғайланып еді.
– Тұра тұр балам. Сен мына тау жуасын ала кет, жолдасың екеуің
тамақ жасап ішесіңдер, – деп он бумасын Айқынға ұстатып еді, ол:
– Ата, мұныңыз не, мынау тым көп қой, – деді.
– Көптік етпейді балам. Мұны сатып пайда табайын деп отырған мен
жоқ. Далада бекер қурап қалмасын, обал болмасын деп базарға көлігіммен әкелгемін. Көлікті сыртқа қойып кеттім. Бір жағынан біз секілді зейнеткерлерге ермек қой бұл. Мен осы тау жуасының ортасында отырымын. Үйім мына Көктөбенің күңгейіндегі ауылда тұрады. Саған бір ақыл айтайын, егер басқа істейтін жұмысың болмаса осы тау жуасын сен сат. Осы он, он бес күн тау жуасының мезгілі. Жұрт химиялық дәрісі жоқ табиғи көкөніс деп жақсы сатып алдады. Бір бумасын жүз теңгеден сатсаң, кешкедейін базардан қайтқан ел түгін қалдырмай алып кетеді, – деді Кенжебек ата желпіне.
– Бұл қалай болар екен ата, мен Қытайдан кеше ғана келіп едім, – деп
Айқын күмілжіп Кенжебек атаға қарап еді, ол:
– Онда тіпті жақсы, сенің қазір істеп жатқан тұрақты жұмысың жоқ екен ғой.
Бұл да жұмыс, жақсы сауда, енді екіленбей осы жұмысқа кіріс. Бүгін менімен бірге сатысып біраз тәжірибе жинайсың. Кешкісін менімен бірге жүр, таң азаннан жуа жинап сағат ондарда осында боласың. Егер жалғыз барудан қорықсаң, жолдасыңды бірге ертіп ал, – деді.

Кенжебек ата мен Айқынның жол шетінде ұзақ әңгімелесіп тұрғанын сырттай бақылап, полиция көлігінде отырған үш сақшының рөлде отырғаны:
– Ана шалдың жанында тұрған жігіттің құжатын тексерейік, ол сөзсіз
жаңа келген оралман, бұдан бұрын оны мұннан көрген емеспін. Біздікілер бір көрген адаммен бұлай арқа-жарқа болып ұзақ уақыт әңгімілеспейді, – деді.
– Дұрыс айтасың. Мына шалдың өзі базарда пайда болғанына екі-үш күн болды, бұдан бұрын болмаған. Ана жігіттің киген киімі де біздікілерге ұқсамайды, шынымен де ол Қытайдан келген оралман болуы мүмкін, – деді оң жағында отырған сақшы оның сөзін қостап.
– Онда мен барып құжатын тексеріп келейін, қалтасында шетел төлқұжаты болса, қазір-ақ дедектетіп алып келемін, – деп артында отырған сақшы көліктің есігін ашып, жерге түсті де Кенжебек ата мен Айқын тұрған жерге барып, часть беріп амандасты да Айқынға қарап:
– Сіз құжатыңызды көрсетіңізші, – деді. Айқын қолындағы тау жуасын
жерге қоя салып, дженсый сымының артқы қалтасындағы Қытайдың қоңыр түсті төлқұжатын суырып алып сақшының қолына ұстатты. Сақшы төлқұжатты ары-бері ақтарып, суретке бір қарап, Айқынға бір қарап:
– Мына сурет саған ұқсамайды ғой, – деп Айқынға қадала қарады.
– Қалай ұқсамаймын, бұл менің төлқұжатым ғой. Сізде қызық екенсіз?
– деп ыңғайсыздана күліп еді.
– Неменеге күлесің, сен қай жерде жүргеніңді білесің бе? Кеше
шекарадан өтіпсің, Көші-қон полиция басқармасына тіркелмей жатып бүгін базарға шыққаның қалай? Менімен бірге жүр, сені алып кетемін, – деді сақшы қатқыл дауыспен қабағын түйіп. Одан кейін ол Айқынның оң қолынан ұстай алып: – Сен менімен бірге жүр! – деді.

Осы сәтте ол: «Енді не істесем екен, мына атаға көмектесемін деп аяқастынан басымның пәлеге қалғаны-ай! Өз елім, атамекенім, отаным деп жүрегім алып ұшып келгенде алдымнан қарсы алғаны осы болды ма?!» деп іштей күбірлеп, ойы сан-саққа жүгіріп, өрепкіген көңілі қатты түсіп кетеді. Сақшыға не деп айтарын білмей абдырап қалған Айқын Кенжебек атаға бір қарап, сақшыға бір қарап, жаутаңдаған жетім баладай күй кешіп:
– Досым іздеп қалады ғой, ең болмаса соған барып қайда кетіп бара жатқанымды айтып келейін, – деді, жалынышты сезіммен.

Бағанадан сақшының сөзін тыңдап, екеуінің әрекетін көзбен көріп тұрған Кенжебек ата дауға еріксіз араласты:
– Сақшы мырза, сіздің бұл баланың құжатын тексергеніңіз өте орынды. Ал жазықсыз, кінәсіз баланы «бөлімшеге алып кетемін» дегеніңіз маған ұнап тұрған жоқ. Сіздің аты-жөніңіз кім? Сіз алдымен құжатыңызды бұл балаға көрсетуіңіз керек еді ғой. Бұл бала Қытайдан кеше келген болса, ал бүгін күн жексенбі ғой. Құжатты тіркейтін Көші-қон полициясы жексенбі күні жұмыс істемейтінін сіз жақсы білетін боларсыз. Сіз білмесеңіз, бұл бала қайдан білсін? Мүмкін сіз полиция формасын киіп алған қарақшы немесе алаяқ шығарсыз, – деді әлде бір нәрсені білетіндей сыңай танытып.
– Сіз не деп тұрсыз? Үстімдегі полиция формасымен, анау тұрған полиция көлігі менің кім екенімізді дәлелдеп тұрған жоқ па?! Менің аты-жөнімде сіздің не шаруаңыз бар? Сіз өзі кімсіз, полицияны тергейтін? – деді қабағын түйіп, қатқыл үнмен.
– Мен Кенжебек Бектұрғановпын. Менің кім екенімді білгіңіз келсе
басшыңыздан сұраңыз, – деді.
– «Бектұрғанов» дедіңіз бе? – деген сақшының өңі бірде қуарып, бірде
қызарып кетті. Содан барып бір нәрсе есіне түскендей: – Ой, аға сіз мұнда неғып жүрсіз, мынау сіз істейтін тірлік пе? – деп күле сөйлеп Кенжебек атаға қайта часть беріп, оның қолын алып: – Кешіріңіз, полковник мырза! Қатардағы полиция өз қызметін дұрыс атқармады, – деді сақшы.
– Мен ғой кешірермін, мына бала кешірер ме екен, – деп күлді Кенжебек ата.
– Кешір, бауырым, менен бір ағаттық кеті! – деді сақшы Айқынға қарап.
– Оқасы жоқ аға, бұл сіздің атқаратын қызметіңіз ғой, – деп Айқын қинала жымиды.
– Жақсы онда, Көші-қон полициясына барып тіркелуді ұмыт па бауырым, – деп сақшы артына бұрылып, жолы болмаған аңшыдай көңілсіз қайтты.
– Ой, ата, сіз болмасаңыз мына сақшы мені алып кетер еді, сіздің бұл жақсылығыңызды қалай өтесем екен, – деді Айқын Кенжебек атаның қолын алып тұрып.
– Бұл бізің сақшылардың үйреншікті әдеті ғой. Мен де Кеңес өкіметі кезінде, одан кейін тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарында сақшы болып жұмыс істегем. Еңбегім жанып полковник дәрежесіне дейін көтеріліп, бір облыстың полиция басқармасын басқарған едім. Жасым толып, зейнеткер атанғаныма да біраз жыл болды. Міне, бүгін сол лауазымым сені мына сақшының қармағынан алып қалды ғой, – деп қарқылдап күліп: – Бүгін менімен бірге бол, сенің маған жасаған жақсылығың сол болсын, – деді.

Мынау табылған ақыл болды, нар тәуекел істесем істеп көрмеймін бе деп ойлаған Айқын Кенжебек атаға келісім беріп, Нұрболға барып айтып еді ол да бұл жұмысты құп көрді. Сол күні Кенжебек атаға көмекші болған Айқын тау жуасының жарты ақшасын қалтасына басады. Кешкісін Нұрбол екеуі Кенжебек атаның үйіне тартады. Содан бастап он бес күннен астам тау жуасын сатқан Нұрбол мен Айқын біраз қаржы табады. Осылай бизнесін бастаған Айқын көтерме базардан орын алып, көкөніс сата бастайды. Алматы маңындағы ауылда тұратын танысына тіркелген ол үш айға жетпей Қазақстан азаматтығын алдады. Қазақ елінің азаматтығына өтіп, жеке куәлігі мен төлқұжатын қолына алғанда Айқынның төбесі көкке жеткендей болып қуанады. Сол күні кешкісін асханаға дастарқан жайып, жолдас-жорларын шақырып Қазақстан азаматтығын жуады. Айқынның қуанышына ортақтасқан қыз-жігіттермен бірге еріп келген сұңғақ бойлы, ақ сары қызға оның көңілі ауады. Бұл қызды биге шақырған Айқын:
– Атыңыз кім? – деп сұрады.
– Айсәуле, – деп төмен қарады қыз.
– Атыңыз тамаша екен. Сізді көргенде сәулеңіз менің жүрегіме түсіп,
жаныма жылу сыйлағандай болды, – деді Айқынның даусы дірілдеп.
– Солай ма – деді Айсәуле бәсең дауыспен Айқынға жымия қарап. Сол таныстықтан кейін Айқын Айсәулені жиі іздейтін болды.

Айсәуле де Қытайдан келген басы бос қыз болатын. Ол Тастақ базарында шаштаразбен айналысатын. Он саусағынан өнер тамған шебер шаштаразшыға шаш жасататындар өте көп болатын. Айсәуленің бір кереметі бала-шаға, еркек-әйел деп бөлмей өздерінің қалауы бойынша шаштарын жасап, әйелдер мен қыздардың беттерін әрлеп беретін. Сол шебер шаштаразшы Айсәуленің соңынан қалмай жүріп Айқын онымен үйленіп тынады. Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды демекші Айқын мен Айсәуле жиған-тергендерін қосып, қазіргі тұрып жатқан үйін сатып алады. Жарты жылдан кейін «Tойота» маркалы көлік мінеді. Бір балалы болғаннан кейін төркіндеп Қытайға барған олар елге қайтқанда жездесі Дастан олармен бірге еріп келген-тұғын. Дастанның бұл сапары Қазақстанды көріп, жер шолып қайту болатын.

Облыстық Көші-қон полициясына Айқын оны ертіп барып төлқұжатын тіркеткенде, Дастанды қабылдаған сақшы басшысы:
– Аға, жай қыдырып келдіңіз бе, әлде біржолата келдіңіз бе? – деп
сұрайды. Сонда Дастан:
– Жай қыдырып келдім, – деп жауап береді.
– Аға, қазір Қазақстан азаматтығын алу оралмандарға өте оңай болды.
Үкімет көп жеңілдік жасап отыр. Қазір үш айдан қалдырмай азаматтық беріп жатырмыз, мен сіздерді түсіне алмай жүрмін. Бізге Қытайдан көп ағайындар келеді. Олардан «осында бір жолата қалмайсыздар ма?» деп сұрасаң болды, көбісі: «Ол жақта үй-жайымыз бар, жұмысымыз бар, оны тастап қалай келеміз. Бұл жаққа келсек жан баға аламай қаламыз ба деп алаңдаймыз» деп сіз секілді зар қақсайды. Мұндай мүмкіндіктер кез келген мемлекетте жоқ. Сондықтан орайды жібермей келіп алғандарыңыз дұрыс болар еді, – деп еді Дастан:
– Мүмкін кейін Қазақстан азаматтығын шекарадан өткенде қолға
ұстататын заман туылатын болар, – деп күлді.
– Олай болмайды аға, әр елдің заңы әр басқа, саясаты мың құбылып
тұрады. Тіпті, Кеңес өкіметі кезіндегідей шекара жабылып қалуы да ғажап емес қой. Бірақ оның бетін Құдай аулақ қылсын. Сіз өзі қандай жұмыс істейсіз? – деді сақшы басшысы Дастанға сұраулы көзбен қарап.
– Мұғаліммін.
– Қандай пәннің сабақ бересіз.
– Математика пәнінен.
– Әйеліңіз ше?
– Ол да математика мұғалімі.
– Қандай жақсы, бізде математика пәнінің мұғалімі жетіспейді. Сіздердің
кез келген мектепке мұғалім болып жұмысқа тұруларыңызға әбден болады.
– Қытайдан зейнеткерлікке шығып бір-ақ келетін шығармыз, – деп
күлді Дастан.
– Пу, аға, сол баяғы әлаулайлымызға қайта бастыңыз ғой. Сіздерге дауа
жоқ екен, – деп кейіп, ренжи сөйледі сақшы басшысы.

* * *
Сол кеткеннен мол кетіп, сегіз жылдан кейін зейнеткерлікке шығып
келген Дастан балдызы Айқын тұратын ауылдан (Айқынның атында) үй сатып алады. Үш ай зыр жүгіріп жүріп тұрақты тіркеуге зорға тұрады. Бұл кезде ол азаматтыққа құжат өткізу туралы мүлде ойланбаған болатын. Енді Сенатта «Халықтық көші-қон заңы» талқылана бастағанын естігенде түсінен шошып оянған адамдай, азаматтыққа құжат өткізу ойына келіп Айқынды таң бозынан іздеуі содан болатын.
Айқынға жолығып қайтып келген Дастанға таңғы ас-су дайындап, дастарқан жайып күтіп отырған әйелі Панар:
– Айқын келіп пе?
– Келіпті.
– Апаратын болды ма?
– Алып барамын деп уәде беріп қалды.
– Онда шайыңды ішіп дайындалып отырсаң болды ғой.
– Ол қазір келмейтін шығар, сағат тоғыздарда келсе де жаман емес.
– Айтпақшы, Қытайда қалған бала Айдосты қайтеміз? – деп Дастанға мұңая қарады Панар.
– Қазір осында келген бесеуіміз азаматтыққа тапсыра берейік. Айдос
Оқуын бітіріп келгенен кейін көре жатармыз. Балаларды оятсаңшы, шайларын ішіп мектепке баруға дайындалсын, – деді Дастан.
Балалар бөлмесіне кіріп кеткен Панар: «тұрыңдар, тұрыңдар, мектептен кешігесіңдер!» деп даңғырлап, балаларын оятып жатты.

* * *
Аудандық Көші-қон полиция бөліміне Айқынның көлігімен келген
Дастан полияция бөліміне кіріп барып еді, қабылдау кеңсесінің алдында өзінен бұрын келіп тұрған үш-төрт адамға қол беріп амандасты да:
– Сіздер де азаматтыққа құжат өткізесіздер ме? – деп сұрады. Кезектің
алдында тұрған тақиялы, қара мұртты кісі Дастанға қарап:
– Иә, кешегі жаңалықты сіз де көрдіңіз бе? – деп күлді.
– Көрдім.
– Сол жаңалықты естіп бізде келіп отырмыз. Сенатта «Халықтық көші-қон
заңына» өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, президентке жолданыпты. Президент заңға қол қойса бұл заң екі-үш айдан кейін күшіне енеді, – деді қатарда тұрған ақ сары жігіт сөзге аралаласып.
– Соны мен де естіп, қатты алаңдап, түнімен жөнді ұйықтай алмадым. Құзғын сәріден тұрып алып құжаттарымды
реттеп келген жайым бар, – деді Дастан сөмкесінің сыртын басып тұрып.
– Бір кезде азаматтық ал деп оралмандарға көші-қон полициясының өзі
жалынғандай болып айтқанда, «айналайын, азаматтығыңа рахмет! Қазір ала алмаймыз" деп қашқан екен. Кейбіреулері мемлекет берген квотаны алып қайта көшіп кетіпті ғой. Ол ол ма, Моңғолияның Баян-Өлгейінен көшіп келмеген пәлен отбасынының құжаттарын біреулер азаматтыққа өткізіп, квотасын алып кетіпті. Енді бізден оралманға жақтасқан болып, билікті жамандайтын саясаткерлер шығыпты. Өзіміз де, тыныш жүрмейміз осы... Соның бәрі айналып келіп, өз басымызға таяқ болып тиіп жатыр, – деді жаңағы ақ сары жігіт.
– Облыстық Көші-қон полициясының өзі: «Аға, отбасыңызды біржолата көшіріп келіп, Қазақстан азаматтығын алыңыздар» дегенде кетіп қалғанның бірі мен едім. Міне, енді мына жағдайға кез болып отырмыз, – деді біртүрлі аянышты сезіммен.
Бағанадан жігіттердің әңгімесін тыңдап орындықта отырған ақ қалпақты, бурыл сақалды қария орнынан тұрып, Дастанның жанына таяп келіп:
– Сен осы Күнестегі Тұрсынбайдың баласы емессің бе? – деді.
– Иә, Тұрсынбайдың баласымын, – деді, қарияға таңдана қараған
Дастан.
– Бәсе, сөйлеген сөз мәнерің де, түрің де Тұрсынбайдан аумайды екен. Мен
сенің әкеңді сонау жігіт кезінен танимын. Екеуіміз Құлжада бірге оқып, оқу бітіргеннен кейін Іле облыстық Халық үкіметінде жұмыс істеген едік. Ол өз елі Күнеске кеткен де, мен де өз елім Қызылкүреге, қазіргі Текес ауданына ауысып кеткен едім. Тұрсынбай қазір бар ма? – деді қария.
– Әкем қайтыс болғалы үш жылдан асты, – деп күрсінді Дастан.
– Балам, әкеңнің қазасы қайырлы болсын!
«Озбайтын өмір, тозбайтын темір жоқ» деген бұрынғылар. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Тәңірім алдынан жарылқасын! Ертеме, кешпе бәріміздің баратын жеріміз сол ғой. Марқұм Тұрсынбай жас кезінде өте өжет, қағылез, іскер жан болатын. Бізде қызықпыз, сол кезде Құлжада қызмет істеп жүре бермей, баяғы бауыр-туыс, ел-жұрттың арасында жүрелік, әке-шешеміздің көз алдында болайық деген оймен ауылға кетіп қалдық қой. Бұл баяғы атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүрдің сабақтасты болар. Оның үстіне желіккен жастықтың әсеріде жоқ емес. «Адамның басы – Құдайдың добы» деген рас екен, енді міне атажұртқа келіп отырмыз. Тұрсынбайдың баласымен мұнда кездем деп кім ойлаған. Бұған да шүкір! – деді қария сақалын сипап, терең тыныстап.
– Дұрыс айтасыз, аға! Құдайдың маңдайға жазғанынан артық болады екен...
– Сіз қашан көшіп келдіңіз?
– Осы биыл ақпанда келдік қой, үш айдан асып қалды.
– Онда менімен қатар келіпсіз.
– Сен де биыл келдің бе?
– Соны айтып отырған жоқпын ба?
– Ой айналайын, дұрыс істегенсің. Қазақ баласына өз отаныннан артық ел болмас, қарағым, – деді қария.
– Ата, бізге кезек келді, жүріңіз деп жаңағы сөзге араласып отырған ақ
сары жігіт қарияны қабылдау бөлмесіне ертіп кіріп кетті. Қариядан кейінгі кезекте тұрған Дастан есіктің түбіне жақындап тұрды. Бір сәттен кейін бір-біріне дабырлай сөйлеп шыққан қария мен жігітке Дастан:
– Ал жақсы ақсақал, сау тұрыңыз! Менің кезегім келіпті деді де алды-
артына қарамай қабылдау бөлмесіне кіріп кетті. Құжат қабылдайтын хатшы қызға:
– Амансың ба қарындас, – деп еді қыз:
– Сәлеметсіз бе? – деп жөн салау амандасқан ол Дастанды танып:
– Үй, аға, сіздің тұрақты тіркеуіңіз өткен аптада біткен еді ғой, мұнда неге келдіңіз? – деп Дастанға таңғала қарады. Дастан қыздың үстеліне жақындай түсіп:
– Қарындас, енді азаматтыққа құжат тапсырайын деп келдім, – деп еді хатшы қыз:
– Аға, азаматтыққа құжат қабылдауды қазір тоқтаттық. Сіздің алдыңызда келген адамдардың бәрін қайтардық. Мына өзгеріске еніп, толықтырулар жасалып жатқан «Халықтық көші-қон заңы» күшке енгенше Қазақстан азаматтығына құжат қабылдамаймыз, – дегенде Дастанның үстіне біреу бір шелек салқын су құйып жібергендей сілейіп тұрып қалды.
– Аға, сізге не болды? – деген қыздың қатқыл дауысынан есін жиғандай болып тіл қатты:
– Шын айтып тұрсың ба, қарындас? – деп қайтара сұрақ қойды.
– Шын айтып отырмын, сізге қалжыңдап тұр дейсіз бе? Сау, саламат болыңыз! – деді де хатшы қыз үстел үстінде жатқан құжаттарын алып, аяғын жылдап басып бастығының кеңсесіне кіріп кетті.
Үн-жұрғасы түсіп Көші-қон палициясы бөлімінен шыққан Дастанды
көлігінде күтіп отырған Айқын оны сырттан қарсы алды.
– Ой, жездеке, тым көңілсіз шықтың ғой, тыныштық па? – деді.
– Қалай тыныштық болсын, жұмыс бітпей қалды.
– Не жағдай?
– Төрт жылдан кейін азаматтық алатын болдық.
– Не дедің? Заң қабылданып кетіп пе? – деді Айқын Дастанға бажырая қарап.
– Иә, солай сияқты.
– Мұңайма жездеке, сегіз жылдың алдында облыстық Көші-қон
полициясы басшысының өзі «біржолата көшіп келіп, азаматтық алыңыз» дегенде көнбей кетіп қалған едіңіз. Төрт жыл деген немене, әне-міне дегенше өте шығады. Ең бастысы бас аман, ден саулық болсын. Бір жөні болатын шығар... Отыр, үйге кеттік, – деді Айқын жездесін қағыта сөйлеп.
– Дұрыс айтасың, өзімізге де обал жоқ, – деп күңк еткен Дастан көлікке отыра кетті.

Айқын оның ызалы жүзіне қарап мырс етіп күлді де, көлігінің басын ауылға қарай бұрып, тізгінін жіберді...

Әлімжан Әшімұлы,

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377