Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Ақмылтық 3801 87 пікір 30 Қаңтар, 2024 сағат 13:54

Қазаққа «Қайта өрлеу дәуірі» бұйыра ма?..

Фото: Piroschka Van De Wouw / Reuters

33 жылға аяқ бассақ та «өтпелі кезеңнен» өтіп бола алмай-ақ қойған, кеңестік «Желтоқсанды» жүздеген есе орап алған «Жаңаөзенді», мемлекетті құлата жаздаған «Қаңтар қырғынын» бастан кешіп отырған еліміздің болашағы алаңдатпайтын ұлт жанашыры жоқ шығар. «Елді құтқару үшін не істеуіміз керек?» деп, өз ұсынысын жазып жатқандар бар. Біз де өткенді шолуға, алдағыны болжауға тырысқан кейбір ой-пікірімізді ортаға салғанды жөн көрдік.

«Назарбаев дәуірі» бізге не берді?

Елдің қамы екінші орынға түспесін деңіз..

...1991-жылы 8-желтоқсанда Ельцин, Кравчук және Шушкевич КСРО-ны таратылғанын, оның орнына ТМД құрылғанын мәлімдеген  соң, мынадай идеяны Назарбаевқа барып айтсам ба, айтпасам ба деген ойдан менің басым бір ай бойы аурумен болды: «Нұреке, Құдайдың қалауымен қолыңызға бір мемлекеттің жеке билігі топ етіп түсе қалды. Кез келген адам сияқты билік сізді де бұзады, шексіз билік шексіз бұзады, ал, сіз шексіз билікке ұмтылмай тұра алмайсыз. Сол кезде  жан-дүниеңіздің түпкірінде жатқан жаман жағыңыздың бәрі андыздап сыртқа шығады. Адам – пенде, қам сүт емген сіз де соның бірісіз. Ал, сізді пендешіліктен құтқаратын жалғыз нәрсе – болат балқытушы боп жүргенде киген каскаңыз бен киіз күрткеңіз. Атақты Аяз бидің үлгісімен біреуін кабинетіңіздің төріне, біреуін есіктің қасына іліп қойыңыз. Дана қазақ бейнелеп «патшада бала да, бауыр да болмауы керек» деген. Сіз де алдымен  тек халықтың қамын ойласаңыз ғана еліңіз қиындыққа ұшырамайды, Қытай сияқты күн санап көкке көтеріле беретін болады, Құдайдың өзіне берген есепсіз несібесінің арқасында әлемнің алдына шығады. Сіз өзіңіз ешқандай ақшаға сатып ала алмайтын асқақ абыройға ие боласыз, атақ-даңқыңыз бұрынғы Ата Түрік, бүгінгі Ли Куан Ю, Дэн Сяопиннен асып түсетін болады. Ал, елдің қамын екінші орынға қойдым дегенше Елді де құртасыз, өзіңіз де құрисыз».

«Не істесем екен?» деген оймен бір ай өтті. Ақыры барғаныммен ойымды президент түсінбейді деген  тоқтамға келдім, бармадым... Ал, мен Президенттің ішіне кіріп шықтым ба, оның жаман жағы жеңіп кететінін қайдан біліп қойдым? Біріншіден, ешкім Айда өмір сүрмейді, Назарбаевтың «алатындығы барын» да сол кезде-ақ биліктегі көп адам білетін.

Екіншіден, адамның ішкі, шынайы болмысы күтпеген жерден пайда болған кішкентай мәселеде (үлкен іске ол қапысыз дайындалады) және сынға түскен сәтте сыр беріп қояды, сыртқа атып шығады. Назарбаев та 1986-жылы ақпандағы 16-съезде өзін алты-ақ жылда (1978-1984) Қарметкомбинат парткомының хатшысынан 44 жасында Кеңес Одағындағы ең жас Министрлер Кеңесінің төрағасы еткен, «балам» деп атап, мұрагері ретінде орнына дайындап жүрген ұстазы Д.Қонаевты күтпеген жерден «сатып кетті», марқұм С.Әбділдиннің сөзімен айтсақ, «адамшылыққа жатпайтын әрекет жасады».

«Ұстазың – ата-анаңнан артық» деген Мұхаммед пайғамбар. Бір қарағанда қате көрінгенмен, ойлансаңыз дұрыс екеніне көзіңіз жетеді. Өйткені, ата-ана баланы өмірге әкелгенмен, бағып-қаққанмен «адам етуге» білімі, өресі, мүмкіндігі жетпеуі мүмкін. Ұстаз – «адам етеді». Сондықтан, мен Н.Назарбаев 1989-жылы Колбиннің орнына отырғанда-ақ «ұстазын сатқан адам ешкімге опа көрсетпейді, Қазақстанның басына қара күн туды» дедім. 1991-жылдан  кейін оны айтуды тіпті күшейттім. О-о, осы отыз жылдың ішінде маған ұрыспаған ақсақал қалмаған шығар. Ең қызығы, бір де біреуі «қайдан білдің?» демейді, жатып ұрсуды біледі. Ал, білу үшін көріпкел болу керек емес-ті... 2000-2007-нің арасында, мұнайдың бағасы 25 есе өскенінің арқасында жыл сайын жалақы, зейнетақы көтеріліп тұрғанда талай адам: «Бұдан артық Назарбаев жерге жұмақ орната ма енді?» дейтін. Тек Қайнар ауылының жатқан жері жәннатта болғыр Жұмағұл Ахметов есімді қариясы ғана: «Мен осыдан он шақты жыл бұрын осы үйдегі бір жиында саған ұрсып едім. Ойлансам, сенікі дұрыс екен. Бүгін тағы көптің алдында кешірім сұрайын деп отырмын» деді... Ешкіммен айтыспадым, тек «сіздер де мен сияқты оның сөзі мен ісін салыстырыңыздар» дейтінмін, «уақыт көрсетеді» дейтінмін. Уақыт көрсетті...

Менің әкем Әбдіуәлі 1974-жылы: «Мынадай кең заманды адамдардың пейілі тарылтып жүр – қатындар жиын-тойдан қалған табақ-табақ ет пен палауға таласады, ауыр заман келмесе жарар еді» деп еді. Ауыртпашылық 1991-жылы-ақ жетті, ал, тарылған пейіліміз әлі кеңейген жоқ – әйелдер  кәзір той бітпей-ақ үстелдің үстіндегіні сыпырып алады. Дәл сол кезде билікке нақ Назарбаевтың келуі – атеистер күле берсін – «малымды алсаң ал, пейілімді алма!» дейтін қазаққа Тәңірі тарапынан пейілі тарылғаны үшін жіберілген зауал деп білемін. Неге?

Халыққа опа беретін Президент қызметін 1992 жылы 15-қаңтарда ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңға қол қойып, әлемдегі түрлі секталарға есігімізді айқара ашып тастаудан бастай ма? Жоғарғы Кеңес ол кезде көктемде екі жарым айға, күзде екі жарым айға жиылушы еді ғой, заң қыс ортасында қалай қабылданып кетті? Тәуелсіздікке бір ай да болған жоқ, басқа қажет заңның бәрін қабылдап, тек сол қалып па еді, қайда асықтық? Ол заңның салдары, зардабы қандай болатынын Назарбаев білмеді дей аласыздар ма? Рас, заңды 2011 жылы түзеген болдық, бірақ ол өзінің улы жемісін «Қаңтарда» берді ғой. Бүгін де ұлтымыз үшін діни бөлшектенуден асқан қауіп-қатер жоқ...

Отыз жылдың орны толмас өкініші

Халықтың қамын ойлаудың орнына шексіз билікке ұмтылмаса, Назарбаев Жоғарғы Кеңесті 1993, 1995 жж. екі рет заңсыз тарқатып, жойып, құрамында унитарлы елге түкке керегі жоқ  Сенат бар, депутаттарды енді тікелей жасырын дауыс беру арқылы халықтың өзі емес, азғантай ғана саяси партия мүшелері сайлайтын Парламент жасай ма? Парламентке мүшелері заңды бұзып (?) сайланатын Халық Ассамблеясын құра ма? 1993, 1995 жылдары, екі рет өзгертіп,  биліктің үш тармағының тепе-теңдігін бұзған, енді президент парламенттің алдында есеп бермейтін еткен Конституцияны қабылдай ма? Ол ол ма, 2019-жылға дейін мыңнан аса өзгеріс енгізілген Конституциямызда кейінірек енгізілген «ҚР Президентіне, оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиісуіне болмайды. ...Осы баптың ережелері Республиканың экс-Президенттеріне қолданылады»(46-1, 3) және «Республиканың Президенті өзінің міндеттерін атқару кезіндегі іс-әрекеті үшін тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап береді»(47-2) деген баптар да бар. Ондай баптар әлемдік дамыған елдердің бір де бірінің қонституциясында жоқ. Не үшін енгіздік?..

Конституциядағы тіл туралы 7-баптың 2-тармағын алып тастауға, ұлттық идея мен ұлттық идеология анықтап алуға Назарбаевтың ықылас танытуы ғана керек-тұғын, ол соны да істеген жоқ. Неге?..

Әуелгіде Назарбаевтың сылдыраған әдемі сөзіне қалың халық қана емес, көпті көрген үлкендер де имандай ұйыды. Ал, іс жүзінде 1993-жылдың қаңтарында жапондық «Мицуи-Мицубиши-Тойо инжиниринг» компаниясы Маңғыстаудың ауыр мұнайын өңдейтін зауыт салу құқығын халықаралық тендерде жеңіп алып, жұмысы 1,5 млрд.доллар тұратын техникалық-экономикалық негіздемені тегін жасап беретін болып тұрса да, Президент үш айдан кейін Жапонияға барған сапарында сол елдің премьер-министріне, «Мицуи» президенті Кумагаи-сан бастаған жапонның бизнес-акулаларына, келген соң «Егемен» мен «Казправданың» беттерінде Маңғыстау мұнай зауытын саламыз деп уәде берді. Бір емес, екі емес, үш рет! Бірақ, сол зауыт салынбаған күйі қалды... Есесіне біз әлі күнге бензиннің төрттен бірін Ресейден сатып аламыз. Не үшін?..

Әлемнің дамушы елдері үшін Өзара инвестициялық қор (ӨИҚ) құру – асыл арман, өйткені ол елдің орасан зор  табиғи байлығы болуы тиіс. Ал, байлығына қоса дамығын өнеркәсібі мен сауатты жұмысшы класы, білікті мамандары бар Қазақстан бұл тұрғыдан нағыз Клондайк қой! Қорда кәсіпқой қаржыгерлер іріктеп таңдап алған мыңдаған салымшылардың акциясы жиналады, ол «портфельдік инвестиция» деп аталады. Инвестиция көптеген кәсіпорындарға бөлініп кететіндіктен, салымшы үшін қауіпсіз. Кезінде құрылған және өз елінің экономикасын қарыштата дамытып жіберген Chile Fund (Чили), Morgan Stanley India (Үндістан), Korea Fund (Корея), Morgan Stanley Asia-Pasific (Азия-Тынық мұхит өңірі) секілді бұндай қор бізде де құрылған еді. Одақтық министрліктерге бағынған отыз шақты құрылтайшы алыптарымыз өз кәсіпорындарын техникалық және технологиялық жаңғырту жайлы ұсыныстарын беретін, ІҒС (Халықаралық қаржы корпорациясы) мен банктер бейнесіндегі андеррайтерлер халықаралық кеңесшілер мен сарапшыларды іске тартып, технико-экономикалық негіздеме жасайтын, қажетті инвестиция көлемін анықтайтын болған. Ең бастысы, андеррайтерлер бұл кәсіпорындардың әлемдік нарықтағы бағасын шығарғаннан кейін Қазақстан ең ірі инвестициялық институттардың портфеліндегі миллиардер-халыққа айналатын (мысалы, біз «Павлодар алюминий зауытының» (ПАЗ) жарғылық бағасы 2 миллион АҚШ доллары дедік, шетелдіктер оны ең кемі 60 миллионнан  доллардан артық деп бағалады), және қалай болғанда да кәсіпорындардың қожайыны болып қала беретін, өйткені акциялар жүздеген инвесторларға шашырап кететін, ал, оларды кәсіпорынды бақылауға алу емес, акциялардың бағасы қызықтыратын. Нәтижесінде түскен қаржы біздің елде қалатын, оны біз өндіріс ошақтарын озық техника-технологиямен жабдықтауға, жаңаларын ашуға, бүкіл өндірістің инфрақұрылымдарды дамытуға, қарыздарымызды жабуға жұмсай алатын едік. Қысқасы, кәсіпорындарды шетелдіктерге басқаруға беруден немесе сатудан бұдан басқа да толып жатқан артықшылығы бар, қайталап айтамыз, мемлекетті нағыз миллиардерге айналдырар теңдессіз жоба еді бұл.

1996 жылы жазда кәсіпкерлер мен министрліктер жарты жыл тынбай жұмыс істеп, осының бәрін ұйымдастырып, үкімет қаулысына Ә.Қажыгелдиннің қол қоюы ғана қалған кезде, ол ұшуға дайын құстың қанатын қырқып түсті. Ешқашан орны толмас өкініш – осы. Неге?.. Жалғыз себеп – бұл ұсыныс ірі кәсіпорындарды жекешелендірудің «назарбаевтық» бағытына сәйкес келмеген болса керек.

Ал, ел экономикасының жүрегі де, тірегі де болып табылатын ең маңызды 63 экспортер кәсіпорынды жекешелендіру – алыптарымыз да осының ішінде –  шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүргізілді. Қандай шартпен жүргізілгені белгісіз, белгілісі олардың шетелдіктердің меншігіне өткендігі ғана...

Есесіне бізде сол 90-шы жылдары үш шетелдік мұнайгаздық инвесторлармен (Қашаған, Қарашығанақ, Теңізшевройл) еліміз үшін адам айтса сенгісіз өте тиімсіз шарттармен жасалған Өнімді Бөлу жайлы Келісім (ӨБК) бар. Шарттардың біреуін ғана атар болсақ, олар және олардың барлық мердігерлері ҚҚС (қосымша құн салығы) мен кедендік баж төлемейді! Ал, отандық компаниялар төлеуге міндетті... Ең сорақысы, білетіндердің айтуынша қырық жылға жасалған тонаушылық бұл құпия келісімді қайта қарауға болмайды екен. Неге олай жасалған? Кім бұған мүдделі?..

Бір сөзбен айтқанда, «Кувейттен жиырма есе бай тұратын боламыз» деген уәде «кредитке екі сиыр алып, бірінің сүтін сатып күн көріп, екіншісінің сүтін сатып байыңдар» деген «кеңеспен», «балаңды неге міндет қыласың, оны туғызарда мемлекетпен ақылдасып па едің?» деген ұрсумен, Құдайдан қорыққаннан оның халыққа берген несібесін сол халықпен бөлісіп, оған жердегі жұмақты орнатып отырған миллиардер араб билеушілеріндей емес, «алтын толы сандықтың үстінде отырған халқын жалаңбұт» (Шерхан Мұртаза) қалдырумен, ал өзі мен оның әулетінің, сарапшылардың есебі бойынша, шетелдік банктерге 200 бен 500 млрд.доллар арасында ақшасы жатқан, әулеттің әр мүшесіне тиесілі шетелде әрқайсысының құны ондаған млн.доллар тұратын бірнеше хан сарайы, өзінің үлесі бар қазақстандық компаниялар мен жылжымайтын мүлікті санап шығудың өзі әжептәуір уақытты алатын, әлемде теңдесі жоқ, жаны темірден де сірі жемқорлық жүйені құрумен аяқталған Назарбаев дәуірінің куәсі болып отырмыз. Тарихта өз елінің қазынасын ұрлап шет елге қашқан билеушілер болған, бірақ өз елінің байлығын, демек, болашағын шет елдіктерге ондаған жылдар бойы тонатқан, әлі тонатып отырған, халқының үміті мен сенімін ұрлаған басшы болмаған еді...  Жүйенің, оның авторының жайы не болмақ? Қалай болғаны жөн? Бұл жайлы ой-пікіріміз  – келесі мақаламызда.

Өмірзақ Ақжігіт 

Abai.kz

87 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006