Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 2806 0 пікір 1 Ақпан, 2024 сағат 13:55

Қауырсын

Сурет Шынжаңдағы "Қозы бала" текшесінен алынды

Деректі әңгіме

Таң қылаң бере орнынан тұрып кеткен Мұхтар үйінің іргесіндегі көкөніс базарын аралап, көзін қыдыртып біраз тамашалап жүрді де өзіне керекті бір шербек көкөніс алды. Жол-жөнекей науайханаға кіріп екі ыстық тоқаш және бір литр қолдың сүтін алып қайтты. Ол ылғи шынжырлап белдігіне байлап алып, сымының қалтасына салып жүретін топ кілттің арасынан пәтерінің кілтін тауып есігін ашып, «Бүгін күн тамаша екен. Аспанда теңгедей бұлт жоқ. Адамның көңіл күйінің жақсы-жаман болуы ауа райынға да байланысты деген сөздің жаны бар секілді», – деп желпіне ішке кірді.

– Онда, бүгін Сақшы мекемесіне барып, Іңкәрдің төлқұжатының шыққан-шықпағанын біліп қайт, – деді Тұрсынай Мұхтар далаға шығып кете салып қамыр илеп, пісірген жеті шелпегін дастарқанға қойып жатып.

– Жеті шелпек пісіргенсің бе, мұның дұрыс болған екен. Оның үстіне бүгін күн бейсенбі ғой. Қазақтың дүниетанымы, сенімі бойынша әр аптаның бейсенбісінде аруақтарға арынап майдың иісін шығарып тұру керек екен. Өйткені, аруақтар бізден құран дәмететін көрінеді. Жақыннан бері әке-шешем жиі түсіме кіріп жүрді. Соны саған айтайын деп жүр едім, бірақ бүгін өзің білгендей жеті шелпек салыпсың, саған көп рақмет! Марқұм ата-енеңнің аруағы баласы маған емес, келіні саған риза болатын болды, – деп қолындағы шербегін Тұрсынайға берді. Ол аяқ киімін шешіп қойып, жүре сөйлеп:

– Ал Іңкәрдің төлқұжаты  туралы мен ойламады дейсің бе, осы алдыңғы аптада Сақшы мекемесіне барғанымда сонда істейтін Сайраш деген қазақ қыз: «Аға, келер аптаның бейсенбісі келіңіз, оған дейін қызыңыздың төлқұжаты дайын болып қалар», – деген еді. Сол бейсенбісі бүгін емеспе, – деді де тазалық бөлмесіне кіріп, беті-қолын жуып келіп, дастарқанға жайғасып: – Айтпақшы, Іңкәр орнынан тұрды ма, бүгін олардың мектебінде емтиханға кіретін белет таратылатын күн еді ғой, – дей бергенде, – Қайырлы таң, әке! Мен тұрғалы қашан, бағанадан бері бөлмемде сабақтарымды пысықтап отырдым, – деп көңілді келген Іңкәр әкесі отырған орындықтың артынан келіп, Мұхтардың монына асыла кеті.

– Бәсе, менің ақылды, сұлу қызым солай істеуге тиісті ғой. Шешесі, Іңкәрімді Қазақстанның үлкен қаласы, кезінде саясат пен экономиканың, білім-ғылымның ордасы, қазақтың әдебиеті мен мәдениетінің ошағы атанған, талай ақиық ақындарға шабыт сыйлаған көрікті қала Алматыға апарып оқытамын, – деп қызының маңдайынан иіскеп: – Ал қызым, дастарқанға отыр. Шешең жеті шелпек пісіріпті, аруақтарға құран бағыштап, шай ішелік. Шайдан кейін сен мектебіңе барып емтиханға кіру белетіңді алып кел. Мен сақшы мекемесіне барып, сенің төлқұжатыңның  шыққан-шықпағанын білейін. Шықса, алып келіп сені қуантамын. Егер шықпаса, оған бола мұайма, көңіліңді түсірме, әйтеуір сен мектебіңді бітіргенше шығып қалар, – деді Мұхтар.

– Әкетайым менің, төлқұжатым шықса биыл Қазақстанға барамыз ғой! – деді Іңкәр орындығына отырып жатып.

– Құдай қаласа баратын боламыз, босқа алаңдай берме. Одан да емтиханыңа жақсы дайындыла бер, – деді Мұхтар қызының жігерін одан ары жаный түсіп.

– Әке, емтиханға негізінен дайынмын, бұған алаңдамаңыз. Қуанышымды жасыра алмай сіздерге айтып отырғаным ғой. Қазақ елінің топырағын басып, көрікті қалаларын аралау, сондай-ақ ең танымал жоғары мектептерінің бірінен Талғар ағам секілді білім алу, мен үшін арман болып жүр, – деді Іңкәр әдемі көңіл күймен жымия.

– Қазір мен аруақтарға арынап құран бағыштаймын, бата жасағанда ішіңнен шын тілеу тіле. Ата-бабаңның аруағы қолдап, Жаратушы ием тілеуіңді қабыл етер! – деп Мұхтар басына қазақы тақиясын киіп, екі көзін жұмып, басын төмен салып оқи бастады. Құран оқылып болып, қолдарын жайып іштерінен сыбырлап тілектерін айтып, беттерін сипады. Тұрсынай Мұқтар әкелген қолдың сүтін пісіріп, қаймақтап отырып шайын құя бастады.

Іңкәр әкесіне Қазақстан туралы көп сұрақтар қойды, ары-бері жиі өтіп жүрген Мұхтар қызының сұрақтарына білгенінше жауап беруге тырысты. Әкелі-балалы екеуі шай ішіп отырып көңілді әңгімелесті. Бағанадан Мұхтар мен Іңкәрдің әңгімесіне қызығып отырған Тұрсынай әңгімеге араласты:

– Қызым, асықпа. Алдымен мектебіңді бітір, аттестатыңды ал. Содан соң әкең сені Қазақстанға өзі алып баратын болады.  Біз аудан орталығынан Құлжаға неге көшіп келдік?! Сол баяғы Талғар ағаң екеуіңнің болашақтарыңды ойлап көшіп келдік. Балаларымыз үлкен қалада оқысын, жақсы білім алсын, ертең өз болашақтарын өздері қиналмай тапсын деген мақсат болатын. Құдайға шүкір Талғар ағаң өзінің қалауымен Қазақстанға барып, Түркістанның Кентау деген қаласынан бір жыл дайындық курс оқыған соң, мемлекеттік емтиханға қатысып білім грантын жеңіп алды. Шымкент техникалық университетінің құрлыс жобалау факультетіне оқуға түсті.  Міне, Құдай қаласа биыл ағаң екінші курсын бітіреді. Ал саған да, ағаңның жолын беріп, оқуға түсіп кетсең нұр үстіне нұр болар еді. Сендер бақытты болсаңдар, әкең екеуіміз өзімізді бақытты сезінеміз. Қай ата-ана балаларының өмірінің жаман болуын қалайды дейсің. Әрбір ата-ана ұрпағының жақсылығын көргісі келеді, солар үшін өмір сүргісі келеді. Әкең екеуіміз сол аудан орталығында тұрып та жақсы өмір сүруге болар еді... Одан да шайыңды іш те мектебіңе барып белетіңді алып кел, содан кейін сабағыңа қара, – деді де шыныдағы шайын ұрттай бастады.

Мұхтар мен Тұрсынай бір ауданның екі ауылынан, бірі – Ағарсынан болса, екіншісі – Тастөбеден. Мектепті аудан орталығындағы №1-қазақ орта мектебінде оқыды. Оныншы сыныпты бітіргенен кейін өрлеп оқитын  мемлекеттік емтиханына Мұхтар гуманитарлық пәннен емтихан тапсырып Құлжа қаласындағы Іле пед институтының әдебиет факультетіне оқуға түссе, ал Тұрсынай жаратылыстық пәнен емтихан беріп Құлжадағы Кәсіптік техникалық институтының мал дәрігерлік факультетіне оқуға түседі.  Екеуі бір қалада оқып жүріп, сөз байласады. Институт бітіргенен кейін, Мұхтар өз ауылы Тастөбе орталау мектебіне жұмысқа тұрып әдебиет пәнінен сабақ берсе, ал Тұрсынай аудан орталығындағы мал дәрігерлік мекемесінің дәріханасына жұмысқа тұрады. Біреуі ауылда, біреуі қалада жүрсе де, бірақ уәдесіне берік екі ғашық екі-үш жылдан соң, аудан орталығында дүрілдетіп той жасап, шаңырақ көтереді. Аудандағы біреудің бақшасының бір бұрышынан үш сотың жерін сатып алып, үш бөлмелі үй тұрғызады. Бірақ Мұхтар жұмысын ауданға ауыстырып келе алмайды, барып-келіп жұмыс жасап жүреді. Осылай ұзақ жыл жұмыс жасаған Мұхтар мен Тұрсынай Қытай үкіметінің 20 жылдан артық жұмыс жасағандарды өз еркімен зейнетке шығару саясатының шапағатына ілініп, жасы зейнет жасына жетпесе де, зейнеткер атанып Құлжадан үш бөлмелі үй сатып алып көшіп келгені, біржағы содан да болатын.

***

Мұхтар мен Тұрсынайдың ұлы мен қызы – Талғар мен Іңкәр сол аудан орталығында туылды. Балаларымыз өз қатарынан қалып қалмасып деп ханзу балабақшасы мен мектебіне берді. Бірақ олар балаларының қытайласып кетуінен сақтанып, балалары үйінде болғанда олармен қазақша сөйлесіп отырады. Кейде, қолдары қалт етсе ауылдағы туыс-туғандарына апарып, ел-жұртымен жиі араластырды. Соның нәтижесі болды ма, әлде Құдай балаларына сана берді ме, екі баласы қазақша, қытайша сайрап шыға келді. Құлжаға көшіп келген соң, Іңкәрді 9-сыныптан бастап қазақ мектебіне береді. Міне, сол Мұхтардың ұлы Талғар шырайлы Шымкент қаласындағы техникалық универге түсіп  оқып жатса, ал еркетайы Іңкәр Қазақстанға баруды аңсап, білім алуды армандап жүр...

***

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылдың желтоқсанында Мұхтардың ауылымен іргелес, көрші Тікарық ауылынан өзімен бірге институтта оқыған курстасы Есқаттың әке-шешесі бастаған, туыс-туғаны қостаған 5-6 отбасы атамекеніне  қоныс аударып кетеді. Осыдан кейін Мұхтардан маза кете бастайды... Арада ол төлқұжат жасатып, туысшылау визасын аштырып,  Қазақстанға 1960-шы жылы өтіп кеткен туыс-туғандарын іздейді. Олардың өлгеніне құран бағыштап, тірісімен танысып, бір айдай қыдырып қайтады. Содан қайтып барған соң бауыр-туыстарын көшірудің қамына кірісіп кетеді. Айналасы 3-4 жылдың ішінде өзімен бірге туған іні, қарындастарының отбасын дерлік көшіріп жібереді. Ендігі ойы қызы Іңкәр Қазақстанның жоғары оқу орнының біріне оқуға түссе, өздері де үйлерін сатып ақырын жылжу ойында болатын.

***

Іңкәр мектеп бітіру емтиханын беріп, аттестат алған соң, төлқұжаты да көп ұзамай қолына тиді. Енді олар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер минстрлігінің Үрімжідегі төлқұжат-виза қызметіне барып виза аштыру үшін қажетті құжаттарын реттеп, дайындала бастады. Дайындықтары біткен соң, Мұхтар мен Іңкәр кешкі пойызға мініп, Құлжадан Үрімжіге аттанып кетеді. Пойыз таңғы сағат алтыда мұнар басқан Үрімжіге жеткізді. Пойыздан түсе салған олар тахсимен ҚР Сыртқы істер минстрлігінің төлқұжат-виза қызметіне жылдам барды.

Виза қызметінің алдындағы адам нөпірін көргенде Іңкар: – Әке, адам недеген көп, біз бүгін кіре алмайтын шығармыз, – деді.

– Іштеме жоқ, қорықпа қызым. Мен көктемде келгенде адам бұдан да көп болатын. Оған қарағанда бүгін аз екен. Түскедейін кезек күтіп кірсек те жаман емес, – деді Мұхтар қызының қорқынышын сейілтіп.

– Сіздер қазір келдіңіздер ғой деймін, кезекке жазылыңыздар? – деп қолына ұстаған дәптер-қаламы бар жеңілтек сары жігіт Мұхтардың алдынан шыға келді.

– Иә, біз қазір келіп тұрмыз. Кезекке сен жазып жатырсың ба? – деді Мұхтар.

– Иә, мен жазып жүрмін, – деп әлгі жігіт дәптерін парақтай бастап еді.

Мұхтар:

– Онда жаз, біз екі адамбыз – Мұхтар, Інкәр, – деді.

– Әлгі жігіт қаламын сыпсыңдатып төте жазумен №201, 202-ші кезекке Мұхтар, Іңкәр деп жазып қойды да Мұхтардың бетіне қарап:

– Аға, қазір сағат жеті жарымнан бастап кезекке тұрамыз. Алысқа кетіп қалмаңыздар, сағат сегізден бастап елді қабылдайды. Оның үстіне кезек ауысып кетсе, ел даң шығарады. Кеше осы жұрттың өзі кезекке таласып, шу шығарып еді виза ашатындар есікті бекітіп, бір де бір  адамды қабылдамай тастады. Сол кешегі кіре алмай қалғанның бірі менмін, – деді әлгі жігіт біртүрлі өкінішпен.

Сол күні кезекке тұрғызған әлгі жігіт елге көп еңбек сіңірді. Соның арқасында 500-ге тарта адам сол күні түскедейін ың-дыңсыз түгел кіріп, төлқұжаттарын тапсырып қайтты. Құжат өткізген адамдардың төлқжаттарына виза жапсырылып болған соң, Төлқұжат-виза қызметі оның иелеріне пошта арқылы жіберуді дәстүрге айналдырған екен. Төлқұжат-виза қызметкерлерінің айтуына қарағанда, Мұхтар мен Іңкәрдің төлқұжаты шілденің бірінен бұрын қолдарына тиетін болды. Әкелі-балалы екеуі жұмыстарының оңынан біткеніне қуанып, сол күні кешкісін пойызға отырып Құлжаға қайтып кетті.

***

Айтса-айтқандай-ақ, виза жапсырылған төлқұжат он-онбес күнен кейін пошта арқылы келді. Пошташының қағазына қолын қойып, сары кануертті қолына алғанда Іңкәрдің қуанышында шек болмады. Сыныптастарына телефон соғып, жақын арада Қазақстанға аттанатынын айтып та үлгірді. Әкесі Мұхтар пәленші күні жүреміз деп айтқан күннен бастап, ол күн санай бастады. Сол күнге жеткенше асықты. Бұрынғыдай емес, Іңкәр үшін әр күн мен әр түн ұзарып кеткендей, тіпті тоқтап қалғандай болды. «Пу, бұл күдер неге жылжымай қойды!» – деп кейде ренжіп те жүрді. Аңсаған күнініне де жетті-ау. Сол түні Інкәр түнімен көз ілмей шықты. Әлеуметтік желімен достарына хат жазып, бәрімен қоштасып шықты...

«Алматыға барған соң бізбен жиі хабарласып тұр, жаңа достар тауып алған соң, бізді ұмытып кетпейтін шығарсың» деп жазған достары да болды. –  «Мен сендерді ешқашан ұмытпаймын, әлеуметтік желімен хабарласып, Қазақстанда түскен суреттерімді жіберіп тұрамын. Визам үш айға көп мәтерілі ашылған, арасында келіп-кетіп тұратын шығармын», – деп, достарын қимай көзіне жас алды.

***

Олар отырған автобоз таңғы сағат жетіде Құлжадан жылжып, бір жарым сағатта Қорғас шекара өткеліне келіп жетті. Қытай Кеденінен жылдам өткен соң, Қазақстан Кеденіне 10 минутта жетті. Інкәр Кеденде қызмет жасап жатқан қазақ әскерлері мен кеденшілерін көргенде аузы ашыла таңғалды:

– Әке, мұнда жұмыс жасайтындардың бәрі қазақ екен ғой, ә! – деді бәсең үнмен.

– Иә, қызым. Билік кімнің қолында болса, мемлекеттік қызметте сол ұлттың өкілі көп болады. Ана көктуды көрдің бе? – деді көкте желбіреп тұрған туды көрсетіп.

– Көрдім әке, қандай керемет! Көк туды көріп ерекше сезімде болып отырмын, – деді Іңкер қуанышын жасыра алмай.

Сол күні олар күн ұясына отыруға арқан бойы қалғанда Алматыға келіп кірді. Отқа оранған тегенедей болып, құлап бара жатқан күннің кешкі шапағына малынған Алматы алтындай жарқырап өте әдемі көрінді Інкәрға. Бұл тамаша көріністі телефонына түсіріп үлгірген ол Құлжада қалған достарына әлеуметтік желімен жіберіп үлгірді.

***

Мұхтар мен Іңкәр Алматыда бір апта тұрды. Іңкәрдің құжатын аударып, нотарустатып болған соң, оны дайындық курсына тіркейтін жерге тапсырды. Мойнындағы жүк түскендей болған Мұхтар Іңкәрді Алматының көрікті жерлеріне қыдыртты. Тәуелсіздік алаңындағы желтоқсаншыларға құрмет көрсетті, тасқа алақанын бастырды. Абай, Жамбыл, Әуезов, Мұқағали, Момышұлы ескерткішінің алдында суретке түсті. Раймбектің басына барып құран оқыды... Алматы өзі ойлағаннан да керемет, сұлу қала екеніне көз жеткізген Іңкәрдің қуанышында шек болмады... Кешкісін Мұхтар Іңкәрді Ұзынағаштағы нағашы ағасының үйіне апарды. Мұхтар онда бір-екі күн аялдағанан кейін, Іңкәрді оларға аманаттап өзі Қытайға қайтып кетті.

***

Іңкәрдің нағашы ағасының өзінен бір жас үлкен Айдана деген қызы бар еді. Іңкәр екеуі әпкелі-сіңлідей тез тіл табысып кетті. Айдана Алматыдағы Қыздар мемлекеттік пед университетінің бірінші курс студенті болатын. Ол жиен сіңлісі Іңкәрдің сабақ пысықтауына, тест сұрақтарын шешуіне көп көмегін көрсетті. Ауылдан зеріксе екеуі Алматыға тартып кетіп, еліктің егіз лағындай қаланы қыдырып, кешкісін қайтып жүрді. Сөйтіп, үш айдың қалай өтіп кеткенін білмей қалған Іңкәр қазан айының ортасында алынатын емтиханына кіру үшін Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-ке Айдана екеуі бірге келді. Емтиханға келген оралман балалардың қарасы өте көп еді. Осы сәтте Іңкәрдің бойын «емтиханан өтпей қалсам қайтемін» деген үрей билеп кетті... Оның жұдырықтай жүрегінің соғысы жиілей түсті... «Егерде, мен бұл емтиханнан өте алмай қалсам, артымда қалған достарыма не бетімді айтамын» деп қатты уайымдады. Іңкәрдің өңінің бозарып кеткенін байқаған нағашы әпкесі Айдана:

– Немене, қобалжып тұрсың ба? Қобалжыма! Әлі-ақ көресің, менің жиен сіңлімнің емтихан балы жоғары болады. Жолың болсын, мені қасымда бар деп ойла! – деп Іңкәрдің арқасын сипап оны ішке кіргізіп жіберіп, өзі сыртта қалды.

Екі сағаттан кейін көңілді шыққан Інкәрді Айдана жүгіріп барып құшақтай алды да:

– Емтиханыңды қалай тапсырдың? – деді.

– Жақсы, жақсы...

– Айттым ғой, менің сіңлім емтиханды жақсы тапсырады деп. Жүр, бір асханаға барып жүрек жалғап алалық та, көше аралайық. Оған дейін емтихан нәтижесі де жарияланады, – деді де Айдана Іңкәрдің қолынан ұстап көшеге тартып кетті.

Әпкелі-сіңлілі екеуі Мемлекеттік Ұлттық мұражай мен М.Әуезовтің мұражайын аралап шыққанан кейін, Көкбазар мен сауда сарайларын аралап, кешкісін университке қайтып келсе, емтихан нәтижесін шығарып тақтаға іліп тастапты. Қалың адам арасынан жол тауып, қабырғада ілулі тұрған қағазға Айдана мен Іңкәр әрең жетті. Айдана қалың тізімнің арасына көзін жүгіртіп Іңкәрдің аты-жөнін іздей бастады:

– Міне, таптым. Сен алтыншы болып өтіпсің. Тіпті осы университеттің өзінде қалып оқиды екенсің, – дегенде:

– Рас па? Әпке, ол да болса сенің арқаң, – деп Іңкәр Айданы құшақтай алды да екі бетінен шолып-шолып еткізіп сүйіп алды. Айдана Қытайдағы Іңкәрдің әке-шешесіне және өзінің әке-шешесіне телефон соғып сүйінші сұрады. Сол күні Іңкәр жақындары мен достарын осылай қуантты...

***

Іңкәр Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің дайындық курсысына жауапты Халықаралық бөліміне барып кездесіп еді. Ондағылар: «Сен туысшылау визасымен келіпсің, оның үстіне үш айлық визаның уақты өтіп кетіпті. Біз саған универдің атанан Үрімжіге  шақырту жібереміз. Ал сен Қытайға қайтып кетіп, осы бір ай ішінде оқушы визасын аштырып бізге келесің!», – деген де барып Іңкәр үш айлық визасының уақты өтіп кеткенін бір-ақ білді. «Енді не істеймін?» деп, ойы сан-саққа жүгіріп, жұдырықтай жүрегі тулап кетеді. Ұзынағаштағы нағашы жеңгесіне телефон соғып сұрап еді:

– Іштеме етпейді. Облыстық Көші-қон полициясына барып жағдайыңды айтсаң, саған Қытайға шығып кету визасын ашып береді. Сонымен Қытайға шығып кетесің де, Үрімжіден оқушы визасын аштырып, әке-шешеңді көріп қайтасың, – деп Көші-қон палициясының мекенжайын айтып берді.

Тахсилетіп, ұшып-қонып, Көші-қон полициясына келген Іңкәр төртінші қабаттағы 6-бөлмеге барып, біреуге жаздырып алған өтінішіне қоса төлқұжатын тапсырды. Құжатты қолына алған  полиция қызметкері: «Сенің виза уақтың өтіп кетіпті ғой, мұны сот арқылы шешеміз. Сен қазір қайта бер, кейін өзіміз шақырамыз. Сол кезде келесің», – деп қайтарды.

Полицияның «сот арқылы шешеміз» деген сөзінен үрейленген ол: «Полиция қашан шақырар екен» деп әр күнін ұйқысыз өткізді. Сабыры таусылған Іңкәр Көші-қон полициясына өзі барды. 6-бөлмеге кіріп еді, ондағылар 4-бөлмеге жіберді. 4-бөлмедегі полиция қызметкері: «Сен халық банкісіне барып, 17 мың 300 теңге айыппұл төлеп кел. Содан кейін визаңды ашып береміз», – деп жіберді. Банкіге барып ақшасын санап еді, қалтасында 18 мың теңге ғана қалыпты. Қазір 17 мың 300 теңгесін төлесем, кейін Қытайға қайтып қайтамын деп ойлаған ол Еңбекшіқазақ ауданының бір ауылында тұратын әкесінің бірге туған інісі Асқарға телофон соқты:

– Ало, Асқар көке, мен Іңкәрмін ғой, – деген ол көзінің жасына ерік беріп жылап жіберді.

– Ало, ало, Іңкәр, саған не болды? – деп телофанның аржағындағы Асқар ағасы шыр-пыр болды. Кішкене үнсіздіктен кейін өзіне келген Іңкәр,

– Іштеме болған жоқ аға, Көші-қон полициясы маған 17 мың 300 теңге айыппұл төле деп еді. Қазір қалтамда 18 мың теңге ғана қалыпты. Бұл ақшаны қазір төлесем, қалтамда 700 теңге қалады екен. Сіз маған ақша қарыз бере аласыз ба, Қытайдан қайтып келгеннен кейін әкеліп беремін,  – деді.

– Сен қорықпай төлей бер, мен саған қайтарымсыз ақша беремін. Неге бұрын айтпадың. Кетер кезіңде үйге кел. Тек жыламасаң болғаны. Жыламаймын деп уәде бер, – деді Асқар көкесі.

– Жыламаймын аға. Онда телефонды сөндірдім, – деп сөзді қысқа қайырған Іңкәр кассаға ақшасын төлеп келіп, шегімен бірге төлқұжатын 4-бөлмедегі полиция қызметкеріне беріп еді ол: «Төлқұжатыңды ертең келіп 12-бөлмеден аласың», – деп салқын жауап берді.

Іңкәр  ертесі түстен кейін Көші-қон полициясына келіп, 12-бөлмеден төлқұжатын алып, ішін ашып көріп еді шығып кетуге ашылған виза мен 7-бетіне орыс тілінде жазылған төрт бұрышты таңбадағы жазуды көрді. Оны түсінген Іңкәр болған жоқ. Төлқұжатының қолына тигеніне қуанып, кетуге асықты.

***

Сол күні Іңкәр көкесі Асқардың үйіне барып жатып, ертесі Қытайға аттанып кетті. Қызын сағынған Мұхтар мен Тұрсынай тахсимен келіп Қорғас кеденінің алдынан Іңкәрді күтіп алды. Ол Қазақстанда болған күндерін әке-шешесіне, сыныптас достарына әңгімелеп берді... Бірақ ашылған визасының дұрыс болмауынан Құлжаға қайтып келгеніне недәуір өкінді.

***

Енді уақытты ұзартпай, Үрімжіге барып оқушы визасын аштыру керек болды. Мұхтар Іңкәрдің төлқұжатын алып Үрімжіге жүріп кетті. Қазақстан Сыртқы істер минстрлігі төлқұжат-виза қызметіне барып, қызының оқуға түскенін айтып еді. Іңкәрдің төлқұжатын алып ішін парақтай бастаған қызметкер жігіт «әкімшілік жаза қолданылды» деген жазуды көргенде:

– Аға, қызыңызға әкімшілік жаза қолданылыпты ғой. Бұл бойынша болғанда сіздің қызыңызға бір жылға дейін Қазақстанға баруына болмайды – деп төлқұжатын қайтарып берді.

– Балалықпен білмей визасының уақтын өткізіп алып, айып ақшасын төлепті. Бір жылға дейін шыға алмаса, оқудан қалады ғой. Інім, визасын ашып бер, артық ақшасын төлейін, – деп еді. Мұхтардың бетіне алая қараған ол:

– Аға, біздің басымыз екеу емес, біз ашып бергенімізбен ертең оны Қазақстан кеденшшілері көрсе жауапкершілігі қузалады. Сонда «бір қандас ағамыз жағдай айтып келген соң, қызының визасын ашып берген едік» дейміз бе?! Болмайды, – деген соң, болмайды, аға! – деп есіктен шығарып жолға салды.

Бәрінен бұрын Мұхтарға бұл жағымсыз хабарды Іңкәрға қалай айту керектігі қатты батты. «Байқұс қызым визасының ашылмағанын білсе не болар екен?!» деп терең күрсінді. Әншейінде Төлқұжат-виза қызметінің төңірегінен жемтік іздеген қасқырдай торуылдап, айлансоқтап жүретін делдалдарды іздеп еді, олардан да қайыр болмады... Өйткені, делдалдардың жазылмаған заңы бойынша, төлқұжаттың иесі алдымен кірмей бірден өздеріне келу керек екен. Бір рет кіріп шығып, визасын аштыра алмағандардың әуресі де, ақшасы да бірнеше есе қымбат көрінеді...

Кеше Үрімжіге жеңіл келген Мұхтар бүгін зіл батпан жүк арқалап қайтып бара жатқандай, біртүрлі өзін ауыр сезінді. Ауыр ойдың жетегінде келе жатқан Мұхтардың есіне Алматыдағы журналист курстасысы түсе кетті де, телефонын қалтасынан асығыс алып нөмірін терді. Телефонын көтермеген курстасына «бұған не болып қалды екен» деп, ренжи сөйледі, мазасы кетті. Екінші рет телефон соққанда, «бұл кім болды екен, қайта-қайта телефон шалып жатқан. Телефон нөмірі көрінбейді» деп Есқат телефонын зорға көтерді. Аржағынан:

– Ало, Есқатпысың, хал-жағдайың қалай? – деп еді.

– Иә, мен Есқатпын, хал-жағдай жаман емес, жақсы. Өзіңіз кім боласыз? – деп Мұхтарға қарсы сұрақ қойды.

– Ой, мен Құлжадағы Мұхтармын ғой, саған айтар бір маңызды шаруам болып тұр.

– Ой, Мұха, сенсің бе? Өз қалдарың қалай? Ел-жұртың аман-есен бе? Қызың оқуға түсті деп естідім, құтты болсын! – деді.

– Айтқаның келсін! Сол қызымның шаруасымен, шынын айтсам бітпес әуресімен Үірімжіде жүрмін. Сен сөзімді бөлмей, соңына дейін мұқият тыңда,  – деп қызы Іңкәрдің бітпей жатқан шаруасын жіпке тізіп айтып берді.

– Қап, неге визасының уақтын ұзартып аған екен, – деп күйінді Есқат.

– Соны білмей қалған ғой. Білетіндер не айтпапты. Біз мұнда болдық та ол жағын қузай алмай, енді опық жеп отырмыз. Менің телефон шалғаным, осыған сенің қандай тигізер көмегің бар? Қазақ диаспорасына қатысты қоғамдық ұйым Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қолынан келе ме? Менің атымнан Қазақ қауымдастығына барып, жағдайды түсіндіріп айтып көрсең болмас па? – деді.

– Жарайды, мен қазір Қазақ қауымдастығына барып айтып көрейін, олардың бір көмегі болып та қалар. Сен алаңда ма, кейін өзім бір хабарын айтамын,  – деп телефонын қойды да, Есқат кетуге жинала бастады.

– Не, жағдай болып жатыр? – деп сұрақ қойған әріптестеріне: «Сол баяғы оралман балаларының проблемасы. Егер бастық келіп мені сұрап жатса, Есқат бір шаруалармен шығып кетті. Шаруасы біткеннен кейін қайтып келетінін айтты», – деп айтарсыңдар. «Олай айтпасаңдар, бастығымызды сыйламаған болармыз», – деді де асығыс шығып кетті.

Есқат сол күні курстасының аманатын орындау үшін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына барып, Шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс жасау бөлімінің жетекшісі Ботакөзге Іңкәрдің жағдайын түсіндіріп айтып еді. «Қап, обал болған екен. Қазір мен Үрімжіге телефон соғып біліп көрейін», – деп Үрімжідегі ҚР Сыртқы істер минстрлігі төлқұжат-виза қызметінің басшысына телефон жалғап айтып еді. Ол: «Оған біздің басқа амалымыз жоқ» деп жауап берді.

– Есқат, Үрімжідегілердің не деп жауап бергенін сен де естідің ғой. Біз жақында Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-де дөңгелек үстел өткіземіз. Сонда осы мәселені ортаға қойып, ҚР Сыртқы істер минстрлігіне хат жазамыз, – деп Ботакөз Есқаттың үмітін үзбей қайтарды.

Бірақ сол хаттан Іңкәрға қатысты жағымды жауап болмады. Ал университеттегі дайындық курске жауапты Мақсат: «Қытайдан келетін бес студент бар. Егер олар келер жылы қаңтардың 20-на дейін келмесе, оқудан шегіндіреміз», – депті. Сөйтсе, Іңкәр секілді айып төлеп Қытайдан келе алмай жатқан және төрт оқушы бар екен.

***

Іңкәр визасының ашылмағанын әке-шешесінен естіген күні қатты жылады. Достарынан күні-бойы келген телефонды көтермеді, әлеуметтік желісіне жазылған  хаттарға жауап қайтармады. Қазақстанның ең жоғары оқу орнына түсіп оқимын деген арманы жел ұшырған қауырсындай ғайып болды. Енді сыныптастарыма, достарыма Қазақстанға барып заңға қайшылық жасап, құқық бұзып келгенім үшін оқуға бара алмай жатырмын деп айтам ба?! Масқара, масқара! – деп өкіріп жылап, төсегіне берып екі бүктеліп жатып қалды. Жастығын көзінің жасы әп-сәтте дымқылдап жіберді...

– Не, болды қызым, – деп Іңкәрдің жылаған даусын естіп, бөлмесіне жүгіріп кірген Тұрсынайға ол тіл қатпады.

– Болды қызым, болды, жыла ма?! Көз жасыңды қор қылма, биыл оқи алмасаң келер жылы оқушы визасымен барып оқитын боласың, – деп Тұрсынай бәйек бола Іңкәрді жуатып жатыр. Өзі жыламауға бекінгенімен, бәрібір қызының мына  күйін көргенде оның көзінен жас тамшылары ырық бермей ытқып кетті.

Жартылай ашылған есіктің алдына келіп тұрған Мұхтар еліктің лағындай секіріп жүрген қызының мына аянышты халін көргенде жүрегі қақ айырылып кеткендей болды. Өзінің әкелік борышын өтей алмағанына, дәрменсіздік танытқанына қатты өкінді... Өзегін өртеген жалыннан тынысы тарылған ол артына жалт бұрылып, далаға шығып кетті...

Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320