«Назарбаев дәуірінің» соңы... (жалғасы)
Басы: Қазаққа «Қайта өрлеу дәуірі» бұйыра ма?..
2. «Назарбаев дәуірінің» соңы...
Иә, «теңдессіз» Назарбаев жүйесі бір күнде құрылған жоқ. Десек те, біз өткен мақаламызда көп жұрттың «Тұңғыш президент дұрыс бастап еді, оны бұзған айналасы» деген сияқты қалыптасқан пікірінің қате екенін, аталмыш жүйенің әуел бастан қисық жоспарланғанын көрсетуге тырысқанбыз... Тұңғыш президенттің басқару мерзімі қаншалықты ұзарған, ұзартылған сайын, биліктің бағыты халық мүддесінен соншалықты алшақтап бара жатқанын жұртпен бірге мен де көріп отырдым. «Бұлай кете беруге болмайды ғой» деп, өз ойымды 2004 жылы «Жалында» жауапты хатшы болып істеп жүргенде 33-беттік «Қазақия қағанаты қалай құрылды немесе Ертең жайлы ертегі» деген атпен қияли-ғажайып хикаяға түсірдім. «Назарбаевтың қолына қалай жеткізсем екен?» деймін, ҰҚК төрағасының орынбасары болып істеген досым өтінішімді орындамады... Сөйтіп жүргенде 2019 жыл да келіп жетті, Президент Конституциялық Кеңеске отставкіге қалай кетуі жайлы сауал жасады. «Бұдан ары созуға болмайды екен» деп, мақаламды сайттарға жібердім. Ешкім баспады. Ең ақыры Ермұрат Бапидің өзі «тым көлемді екен, он бетке ықшамдап беріңіз» деді. Айтқанын істедім. Бәрібір ДАТ басқан жоқ. Сосын 2019 жылдың 14-наурызында фейсбукке төрт бөліп салдым.
Онда мынадай «қияли» ұсыныс айтқан болатынмын: «Нұреке, ел бойынша барлық басшы, депутат, бизнесмен, ардагерлерді бір жиынға шақырыңыз да, сол жерде өз қателігіңізді түгел мойындап, сырттағы қаржыңыздың бәрін қайтаратыныңызды жариялаңыз. Онымен де қоймай, өзіңіз адам еткен, кез-келгенін өзіңіз «қолынан ұстап сотқа апара алатын» бизнесмен, әкім-қара біткенге «менен әулие емессіңдер, сендер де қайтарыңдар, қайсыңда не барын мен жақсы білемін ғой, қайтартпай қоймаймын» деп, қайтқан қаржымен Қазақстанның қарызының бәрін жабыңыз.
Онымен де қоймай, 3 млрд.доллардан үш салаға: адалдықтың үлгісін көрсеткен, сондай-ақ қатесін түсініп, дұрыс жолға қайтқан саясаткерлер мен қоғам қайраткерлеріне; өмірге адам баласын ізгілікке шақыратын туынды әкелген ақын-жазушыларға; техника мен ғылымның пенициллин мен рентген аппараты секілді озық үлгісін жасаған ғалым-өнертапқыштарға 2 немесе 4 жылда бір рет берілетін, бүгінгі «Нобельді» мың орап алатын «Назарбаев сыйлығын» тағайындаңыз.
Сөйтіп, өзіңіз үшін де, сіздің әдемі сөзіңізге сеніп, төбесіне хан көтерген еліңіз үшін де жаңа өмірді бастаңыз. Сонда әзірге қазақ елінің ғана тарихына кіріп отырған болсаңыз (қандай атпен екенін нақтылап жатпайық), әне, сол кезде адамзат тарихында атыңыз алтын әріптермен жазылатын болады. Бүкіл әлемге үлгі-өнеге боласыз».
Әрине, 2004 жылы хикаямды көрсеткенімде «тақырыбы да, мазмұны ла әдемі, бірақ іске аспайтын ұсыныс екен» деп белгілі журналист Жарылқап Қалыбай айтқандай, солай боларын өзім де сезгенмін. Дегенмен, «кім біледі, атаққұмар адам, аты адамзат тарихына кіретін болған соң, даңғойлығы жеңіп кетуі мүмкін ғой, оның үстіне дәл осы іске барса, ақкөңіл қазақтың көбі кешіре салатынын да сезетін шығар» деген, «жаудан түк тартсаң да пайда» дейді ғой, «мүмкіндік мыңнан біреу ғана болса да пайдаланып қалу керек» деген ой еді менікі. Мен ол адамды қазақтың маңдайына біткен сор деп есептеймін...
Содан бір-екі жыл бұрын «Мақпал – әнші емес, ол жақсы әртіс» деп жазғанымда әлеужелідегі жарты қазақ, әсіресе жастар, мені жеп қоя жаздаған еді, ал, бұл хикаям жиырма шақты ғана коммент жинады. Е, мейлі, «өз сөзіміз өзіміздікі»... Бірақ, ұсыныстарымды (жалпы, мен «ұсынбасаң – сынама» деген қағидадан айнымауға тырысамын), пікірлерімді жазып жүрдім. Біреуін атап айтар болсам, 20.04.2020 жылы «Абай.кз-да» «Не істеу керек?» деген тақырыппен өзімше көлемді ұлттық бағдарлама жарияладым.
20.05.2022 ж. «Екі президентке — бір талап, бір өтініш» (https://abai.kz/post/152098) деген мақаламда Тұңғыш президентке 2019 жылғы қияли ұсынысымды ашық текстпен қайта ұсындым. Реакция болған жоқ...
Сөйтіп жүргенде «Қаңтар» келді. Тым-тырыс жатып алып, бір аптадан соң ғана «мен жәй зейнеткермін ғой» деп эфирге шыққан Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, яғни, Тұңғыш президент бүкіл елге өзінің шынайы келбетін сол кезде көрсетті. Бұл жолы ұстазын ғана емес, тұтас Отанын сатты десек дұрыс болар. Сол айдың аяғында жаңақорғандық марқұм Әбдірейім Өміровтің әлеужеліде көпшілікке «Президенттің орнында болсаңыз 5-6 қаңтар күні өзіңіз не істер едіңіз?» деп қойған сұрағына осы аттас мақаламда не істер едім, соны жаздым.
Одан бері де екі жыл өтті. Ал, Тұңғыш президент тыныш отыра алатын адам емес екен. Біресе, елімізде теңдесі жоқ Көкмешітті ашады. Сірә, өзін Яссауиға кесене тұрғызған Әмір-Темірдей көріп, «осы мешітім үшін халық менің де бар кінәмді кешіреді» деп ойлайтын болса керек. Біресе, «Астана клубының» 7-отырысына қатысып, «өзінің бүкіл саналы ғұмырын қалай еліне қызмет етуге арнағанын» атап өтеді (бұрын да бір рет еңбегім дұрыс бағаланбады дегендей болып еді). Біресе, мемуар жазып, онда «Бұл екі фактіні (Астананың атын өзгерту туралы және "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы туралы" заңды) менің оларға қатысым жоқ екен тағы бір рет айту үшін келтіріп отырмын. Мен бұл жөнінен алаңдаушылық сезінбеймін. Алаңдаса бүгін былай, ал ертең – тура керісінше айтатын заң шығарушылар алаңдасын» деп (кімді меңзеп отырғаны айтпаса да түсінікті шығар), еліміздің ішіндегі және сыртындағы билігі бар мықтылармен байланысы бар, есепсіз байлығы бар, «жас өспей ме, көкейіңді теспей ме» дегендей, желкілдеп өсіп қалған екі ұлының үлкені үйленуге де келіп қалған құдыртті адам ретінде бүгінгі күннің саясаткерлеріне ашықтан-ашық қаһарлы ескерту жасайды...
Президент Қ-Ж.Тоқаев 3 қаңтардағы сөзінде «Н.Назарбаевтың Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына қосқан үлесін бәрі біледі. Ол – әділ тарихи бағасын алуға лайық адам» деді. Ал, менің жеке адам, еліміздің бір азаматы ретінде пікірім жоғарыдағыдай...
Қалай болғанда да бір жағына шығайық, «не ол емес, бұл емес, менің де күнім күн емес» деп Абай атамыз айтқандай, бұндай күйде шексіз созып отыра беруге болмайды ғой. Немерелеріміз Назарбаев аталары жайлы сұрағанда не деп жауап берерімізді де білмейміз.
Ұстазына адал бір адам Тоқаевтай-ақ болсын! Бірақ, бәріңіз көріп отырғандай, соңғы кездегі сөзі мен ісіне және ешнәрсені жасырмай, ашық қимылдауына қарағанда, Тұңғыш президент өз уақытын босқа өткізіп жатпаған секілді. Ендеше, «Платон – менің досым, бірақ ақиқат қымбат» деп Сократ айтпақшы, «Нұрекең – менің ұстазым, бірақ, халқым одан да қымбат» дейтін уақыт, «Назарбаев дәуірінің» әділ де нақты бағасын беретін, нүктесін қоятын, «кеше ерте болса, ертең кеш болады» дейтін уақыт жеткен шығар, қалай ойлайсыздар? Иә Назарбаев қазақ халқына орны толмас зардап пен өкініш әкелген, елімізді кем дегенде 50-60 жыл артқа лақтырып жіберген саясаткер деп, соған лайық, қандай қатаң болса да жазаға тартылсын, иә, мынадай еңбегі де болған, сол үшін кешірім жасайық, бас бостандығынан айырмайық дейік. Қалай болғанда да «қыр астындағы қалмақтың қапысыз дайындалып жатқанын көріп отырып, қамсыздықтан опық жедік» деген Қазыбек бектің кебін киіп, бармақ шайнап қалмайық.
Фридрих Энгельстің: «Ұлтты аздыратын екі-ақ нәрсе: кінәлінің жазаланбауы мен кінәсіздің жазалануы» деген данышпандық сөзін де ұмытпаған жөн болар...
Өмірзақ Ақжігіт
Abai.kz