Сенбі, 23 Қараша 2024
Президентке хат 8047 51 пікір 20 Сәуір, 2020 сағат 15:09

Не істеу керек?

ҚР Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаевқа:

Қазақ елі қайтсек көгереді?..

Құрметті Президент мырза!

Бір жылдан асты, шамаңыздың келгенінше қазақ мемлекетін дұрыс басқаруға тырысудасыз. «Коронавирус дағдарысы» басталғалы да аянып жатқан жоқсыз. Швеция, Беларуссия секілді карантин енгізбеген елдер де бар екендігін ескерсек, жұрт қатарлы біздің де одан шығарымыз хақ.

Дағдарыстардың жақсы жағы да бар – ол ерекше (неординарный) шешім қабылдауға мүмкіндік беретіндігі. Соның үлгісі ретінде әдетте Ф.Рузвельттің АҚШ-ты «Ұлы депрессиядан» шығару үшін социализм идеяларын қолданғаны айтылады. Ал, 30 жылда «Кувейттен де бай тұратын» ел болудың орнына, көбі кредитке кіріп кеткен, күні сол «кредитке алатын екі сиырға» қарап қалғандай күй кешіп отырған ұлтымызға соны шешім, шалт қимыл өте-мөте қажет. Сол тұрғыдан келгенде Сіздің әрбір ісіңіз ең бірінші кезекте өз елінде екінші сұрыпты ұлтқа айналған қазақтың рухын көтеруге, сол арқылы оны жұдырықтай жұмылдыруға, елдің халқын қазақтың айналасында ұйыстыруға, дәл сонымен бір мезгілде экономикада түбегейлі өзгеріс жасауға бағытталса екен. Бұны қарапайым қалың қазақтың Сізге деген тілегі де, қояр талабы да, билікке деген соңғы үміті де деуге болады. Соған септігі тиер деген оймен бірнеше ұсыныс жасауға рұқсат етіңіз.

Бірінші. Қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тілге айналдырыңыз. Ол үшін тіпті ешқандай сөздің қажеті жоқ – алдыңызға келген құжатты қазақша дайындап әкелмесе, үн-түнсіз кейін қайтара беріңіз. Және барлық жиында тек қазақша сөйлеңіз. Қысылмаңыз, ешкім Сізге күлмейді (күлгендер күмірә болсын!). Бір жылдың ішінде өзіңіз де, бас маманнан бастап бас министрге дейін барлық әкім-қараңыз да, банкир менен соттарыңыз да қазақша мақалдап сөйлейтін болады.

Екінші. Ауыр қылмыс істеген кәнігі (рецидивист) қылмыскерлерден басқаның бәріне (өйткені, олардың 75-80 пайызы қосақ арасында кеткен немесе болмашыға бола отырғандар), оның ішінде саяси себеппен сотталған Арон Атабектен бастап, Әкежан Қажыгелдинге дейін жаппай амнистия жариялау. Олар талантын, тәжірибесін, білімі мен қаржысын, қысқасы, бәрін-бәрін Қазақстанның игілігіне жұмсауына мүмкіндік алсын және міндетті түрде диспансерде тексеріліп, туберкулезбен, басқамен ауырғандары үш ай денсаулығының кем-кетігін жөнге келтіріп шықсын.

Үшінші. Арнайы Үндеу жариялап, шетелде жұмыс істеп жүрген ғалымдар, бизнесмендер мен білікті мамандардың бәрін елге шақыру керек. Оларға дәл сол шетелдегідей жағдай жасалынатын болуы тиіс. Кезінде Сталин Англиядағы Петр Капицаны СССР-ге шақырғанда, атақты академик: «Мен барсам лабораторияммен (біздегі институт деңгейінде) баруым керек, бір өзім барғанда не бітірем?» деген соң, Кеңес өкіметі оның лабораториясын да сатып алған. Бұл ретте сондай-ақ 1982 жылы Конституциясына арнайы өзгеріс (50-бап) енгізген қытай тәжірибесінен де үлгі алсақ болады.

Төртінші. Еліміздің аумақтық құрылымы мен олардың атауы өзгертілсін. Енді онда 17 аймақ:1.Жетісу, 2.Өр Алтай, 3.Семей, 4.Баянауыл, 5.Көкшетау,  6.Сары-Арқа, 7.Ұлытау, 8.Солт.Қазақстан, 9.Қостанай, 10.Ақтөбе, 11.Ақ Жайық, 12.Атырау, 13.Маңғыстау, 14.Ақмешіт, 15. Торғай, 16.Түркістан, 17.Тараз аймағы және Астана, Алматы және Шымкент қаласының әкімдігі, барлығы 20 әкімдік  құрылсын. Қазақи мәйекті үш аймақпен қатар, 1990-жылдары екі желеу, бір сылтаумен таратылып жіберілген барлық шекаралық аудандар да шұғыл түрде түгел қалпына келтірілсін.

Мұндай игі шара сондағы қалың елдің рухын көтерері сөзсіз! Ал, рухы көтерілген ел, «жауды көрген Саржан менің көз алдымда рухтанып, денесі зорайып бара жатты, оның өзімнен аруағы зор ер екенін мойындамасқа амалым қалмады» деп Ақжолтай Ағыбай батыр еске алғандай, рухы жоғары елді жеңе алар күш жоқ.

Бесінші. Сырттағы 10 млн-ға жуық қандасымыздың жағдай жасасақ ертең келуге дайын 5 миллионын алдағы 5 жылда әкеліп орналастырубүгінгі биліктің тікелей міндеті де, өтелмес борышы да!  Мен 2005 жылы Ораз Жандосовтан сұхбат алғанымда, ол сол кездің өзінде: «Омеке, для правительства это не проблема, нужна только политическая воля!» деген болатын...

Әрбір істе шешуге кірісерде әлемдік тәжірибені шолып шыққаннан дұрысы жоқ. Бұл жерде тәуелсіздік алған Алжирде қалып кеткен 6 млн. француз азаматын елге әкелу үшін президент Шарль де Голль 1968 жылы арнайы министрлік құрып, 2 жылдың ішінде оларды әкеліп, баспанамен де, жұмыспен де қамтамасыз еткенін айта кету керек. Сондай-ақ Ататүрік те билік басына келген соң 1,5 млн. грек пен жарты миллиондай армянды өз еліне жіберіп, олардың орнына сол екі елден соншама мұсылманды Түркияға көшіріп әкелген болатын. Біз де мәселенің шешуін жеңілдету үшін Ресей және Өзбекстанмен диаспора алмасуымызға әбден болады.

Біз осылай жүре берсек 30 жылдан кейін Ресей түгілі Өзбекстан мен Қытайдан «төбеңнен алтын құямын» десең келетін қазақ таппай қаламыз. Себебі біреуі өзбекке, екіншісі қытайға айналып үлгереді. Кәзірдің өзінде Қытайдағы қазақ мектептері жабылған он жылда әкесінің тілін түсінбейтін ұрпақ өсіп шығып жатыр. «Олар – кезінде елін сатып кеткендер» дейтіндер, «керегі жоқ, несібемізге ортақ болады» дейтіндер аз қазақтың арасына іріткі салушылар, арандатушылар ретінде қылмыстық жазаға тартылатын болуы тиіс. «Әр қазақ – менің жалғызым!» деген ақынның сөзін мемлекеттік ұранға айналдыра алмасақ, онда біздің мемлекет ретінде құнымыз көк тиын!

Алтыншы. Әліппе – өркениет дамуының ең негізгі көрсеткішінің бірі! Әлемде бар-жоғы 15 шақты ғана әліппе бар. Ендеше, бұдан 2-3 мың жыл бұрын ата-бабаларымыздың өз жазуы болуы - олардың даму деңгейі қандай биікте болғанының бұлтартпас дәлелі. Сондықтан, ұлттың езілген еңсесін тіктеп, жаншылған рухын көтергіміз, отансүйгіштігін оятып, жас ұрпақты патриотизмге баулығымыз келетіні шын болса - төл жазуымызға, ойма (руна) әліппесіне 2023–жылдың 1-қыркүйегінен қалмай көшкеніміз жөн. «Өлі разы болмай, тірі байымайды», төл жазуды тірілтсек әруақтар бізге риза болып, әрбір ісімізді қолдап, жебеп отырар еді! «Кенесарының басын қайтарыңдар!» деп Ресейге жалынып жүрміз. Олар қайтара ма, жоқ па, белгісіз. Мүмкін, ендігі жойып та жіберген шығар. Ал, әліппені тірілту өз қолымызда ғой! Нағыз «Рухани жаңғыру» дегеніміз -  осы! Израилдің бүгінгі деңгейге жеткеніне 1948-жылы өлі иврит тіліне қайта жан кіргізгені де себепкер болғаны сөзсіз. Премьер-министр Бен-Гурион бастап, барлық еврей күніге жұмыстан соң екі сағат ивритті оқумен, үйренумен болды.

Біздің, қазақтың, 2018 жылы «Израиль – еврейлердің ұлттық мемлекеті» деп басталатын жаңа Конституциясын қабылдаған еврейден, қай жері кем?  Дұрыс  – ұлтшылдығы. Бірақ, ол жөндеуге болатын нәрсе. Билік қолдаса - ертерек, қолдамаса – кешірек. Бізде басқа жол жоқ!  Ұлтшылдар билікке келмесе жартысы орысқа, жартысы қытайға бүйрегі бұрып тұрған билікпен біз ешқашан шын мәнінде тәуелсіз, дербес ел бола алмаймыз. Түптің түбінде ыдырап кетуіміз әбден мүмкін...

Ойма жазуға қайта оралу негізі 2000-жылдардың басында Білім министрлігі тарапынан қолға алынған да еді. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбарсу аулындағы Б.Нұрлыбеков ат.мектептің ұстазы Ботакөз Мошқаловада төл әліппеміздің бір ізге түскен жүйесі, қалай оқытудың әдістемесі, шәкірттерінің ғылыми еңбектері де тұр.

Латын қарпінің рухымызды көтеру жағынан бізге берер түгі жоқ! Солай екенін түсіну үшін ағылшын тілі мемлекеттік тілі болып саналатын елдің саны әлемде 16, ресми тілі болып саналатыны 26, ал, дамып кеткені 5-6-ақ екенін еске алсақ та жетер.

Жетінші. «Қазақмыс» секілді жекешелендіріліп кеткен барлық қазба байлық өндіруші өндіріс ошақтарын мемлекет меншігіне қайтарып алу, сонымен қатар мұнай өндіретін қытай компанияларымен және еліміздегі мұнайдың 60 пайызын өндіріп отырған Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында «Өнімді бөлу туралы келісіміне» (ӨБК) сәйкес бізбен өздері ғана емес, мердігер компаниялары да қосымша құн салығы мен кедендік бажды төлемеу (т.б.) секілді ақылға сыймайтын, нағыз қарақшылық шарттармен жұмыс істеп келе жатқан осы үш компаниямен келісімді қайта жасау қажет. Бұл өте қиын шаруа, бірақ, ықылас-ынта болса, адам баласының алмайтын қамалы жоқ. (Ресей «Шеллмен» келісімді қайта жасамай-ақ, заңнамалық және ұйымдастырушылық шараларды іске асырғанының арқасында Сахалиндегі кен орынын өзі қойған шарт бойынша қайтарып алды). Келісімге көнбесе, мемлекет меншігіне қайтару қалады.

Сегізінші. Мемлекет биыл ауылдағы шамамен 1 миллионға жуық қазақ отбасының ішіндегі ең әлеуметтік жағдайы нашар 40 мың отбасының әрқайсысына арнайы мақсатпен 50 саулық қойды (немесе 50 мың отбасыға 40 қойдан) орташа есеппен 50 мың теңгеден сатып алу үшін, барлығы 2 млн.саулыққа 100 млрд.теңге немесе бүгінгі  бағаммен 227 млн.доллар бөлсін. Шарт мынау. «Қойшыбай (шартты түрде), 3 жылда мына 50 қойға (егіз туатыны бар, күтімі жақсы қойдың екі жылда үш рет қозылай алатыны бар), кем дегенде 150 бас қосылады. Сен сол кезде мемлекет берген 50 қойға тағы 50 бас қосып, оны сол ауылдағы басқа бір хал-жағдайы төмендеу 2 отбасыға бересің. Ал, 3 жылғы төлдің қалғанының бәрі - 100 бе, одан көп пе - өзіңде қалады.  Енді сен маған қарыз емессің!»

50 қойдан алған екі отбасы да өз кезегінде үш жылдан соң тағы екі отбасыға 100 қой беруін қадағалап, іске асырсақ, біздің 2 млн. қойымызға 2029 жылы тағы 28 млн. қой қосылар еді. Шын мәнінде одан көп болатынын көріп отырсыздар. Бұл – жалаң фантазия емес, ақын Есенғали Раушанов осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын Қытайдан көшіп келген Серік есімді жігітке 50 қой сатып әперіп, одан бері әр үш жыл сайын жоғарыдағы нобаймен көбейіп жатқан, сынақтан өткен жоба. Енді тек осыны қолға алатын Үкімет болса деңіз!..

Одан бөлек «өзіңнің ауылдасың, бауырың ғой, бір (екі, үш) отар қойыңның елуін (жүзін, екі жүзін) соларға 3 жылға бере тұрсаң қайтеді, есесіне солардың берген батасымен өзің де көбейіп-көгересің, бизнесің де көкке өрлейді» деп, жергілікті «жаңа қазақты» да бұл игі іске жегуімізге әбден болады. Ал ол қазақтың бірігуіне, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмашылдық, қандай қиындықты да ауызбіршілікпен шешетін көпшілдік қасиеттерінің қайта оралуына септігін тигізеді. Соғыстан кейін Нұртас Оңдасынов өзінің тікелей бастығы, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Сталинге Шу-Мойынты темір жолын салуға рұқсат етіңіз деп барғанда «қаржы жоқ» деген көсемге «қаржы керек емес, біз оны «асармен» саламыз» деп, таң қалдырған екен. Риза болған Сталин «сонда да бастауың үшін» деп азырақ ақша бөлдірген...

Тоғызыншы. Үкімет құрылымы да төмендегіше өзгертілсе дұрыс болар еді:

1.Мемлекеттік жоспарлау, 2.Сыртқы қарым-қатынас және сауда, 3.Ішкі істер, 4.Ауыр өнеркәсіп. 5.Жеңіл және жергілікті өнеркәсіп, 6. Жоғарғы білім, спорт және туризм. 7.Ауыл, орман және су шаруашылығы, 8.Қорғаныс, 9.Қаржы және салық, 10.Құрылыс, көлік және жол. 11.Ақпараттандыру, руханият пен мәдениет, 12.Көші-қон; 13. Бақыт пен байлық (Денсаулық сақтау, Отбасы және демография, Еңбек және әлеуметтік қамтамасыздандыру комитеті) 14. Ғылым  және инновацияны ендіру, 15. Орта және арнайы орта білім, 16. Энергетика, мұнай және газ, 17.Әділет министрлігі, 18. Прокуратура, 19. Ұлттық Қауіпсіздік комитеті, 20. Жоғарғы сот.

Біз 5 ия 10 жыл мерзімге арнап құрылар Жоспарлау министрлігіне 2021-жылғы 1-қазанға дейін 2021-2025 жылдарға арналған бесжылдық жоспарды дайындап, Парламент қарауына ұсынып, Президент бекітіп,  2021- жылдың 1-қаңтарынан күшіне кіретін етуіміз керек. (Айтпақшы, «келмеске кеткен кеңестің жоспарын несіне еске алып отырсыз?» дейтіндерге: әлем алпауыттары - Трансұлттық компаниялар - бүгінгі дәрежесіне нақ сол жоспарлы экономиканы жүйелі түрде қолданғандықтан жетіп отыр, 1-жылдық, 5-жылдық жоспарлардың көкесі соларда!) Бесжылдық жоспардың ішіне толық орындалу мерзімі бір жылдан бес жылға дейін нақты көрсетіліп, төмендегі салаларға:

1. Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) ғылым саласына бөлінер үлесі 3 пайыздан кем болған жағдайда мемлекет дами алмайтынын, біздің елде 2001-2008 жылдары мұнайдың бағасы жыл сайын көтеріліп, соның арқасында бюджеттік жалақы мен зейнетақы жыл сайын өсіп отырған кезеңде де 0,3%-ға жете алмай қойған бұл көрсеткіш бүкіл әлемде өсіп жатқанда, тек бізде ғана кейінгі 5 жыл бойы тек кеміп, бүгінгі өшуге таяп келген – ауызға алуға ұят 0,12 пайыздан(?!) - 2025 жылы 3 пайызға дейін көтерудің нақты бағдарламасын жасауға;

2. Өзіміздің іс жүзінде ең жоғары деңгейдегі қорғаныс өнеркәсібімізді құру үшін 2022-жылдың 1-қаңтарына дейін қарағандылық ғалым С.Жантасовтың пулемет-пистолетін, зеңбірегі мен танкісін, олардың оқ-снарядын жасап шығаратын зауытты іске қосуға.

3. 2021-жылдың 1-қаңтарына дейін отандық ғылыми-техникалық жаңалықтарды Ғылым министрлігімен бірлесе отырып түгендеп (инвентаризация), оларды өндіріске енгізуге даярлайтын 3 венчурлық компания құруға;

4.Ауыл шаруашылық машиналарын шығаратын отандық зауыттарды шетелдік лицензиялы техника негізінде қайта тірілтуге, жаңа техника сатып алуға;

5.Жапондармен бірлескен бензинмен, уранмен, сутегімен және электр қуатымен жүретін автомобильдер зауытын салуға;

6.Әлемдік деңгейдегі отандық құрылыс заттары индустриясын құруға қажетті зауыттар салуға;

7. Республиканың жоғарыда көрсетілген барлық аймақ орталықтарын бір-бірімен жалғастыратын жаңа, халықаралық стандарттарға сай жаңа автомобиль жолдарын салуға, жалпы, осы 7 салаға кемі 200 млрд.доллар қаржы бөлінуі тиіс.

Оныншы. Еліміздегі қытайлық тауар экспансиясын тоқтату, белең алып бара жатқан «қытайлану» үдерісінен тазарту және «силикон жазығының» рөлін атқарып, экономикалық секіріс жасау үшін Қорғас еркін экономикалық аймағының маңайында жоғары технологиялық өнімдер шығаратын ондаған жапон-қазақ қалашықтарын салу, ол үшін 1 миллионнан 5 миллионға дейін жапон маманын ұзақ мерзімдік келісім-шартпен әкелу жайлы жобаны іске асыру. Бұл шынында да әлемде теңдесі жоқ мега-жоба болғандықтан, ол жайлы менің «Жауғашты Нәбиев – істің адамы» деген еңбегімде кеңірек танысуға болады (https://kitap/kz/author/1987, 415-424бет)...

Он бірінші. Үкімет өзі бастамашылық жасап, қазақстандық жеке және заңды тұлғалардың шетелге тыққан миллиардтаған қаржысын 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін «берсе – қолынан, бермесе – жолынан» алып, елімізге қайтару, сөйтіп сыртқы қарыздардан тезірек құтылу қажет. Ол үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құрып, оның төрағалығына Ә.Қажыгелдинді қоюға болады. Бірден айта кету керек, кезінде «шаш ал десе бас алған», «экономикалық тұрғыдан мал бағу бізге тиімсіз болса, біз етті Австралиядан  сатып алатын боламыз (соған жеттік, шүкір – Ө.А.)», «құздың арғы жағына бір-ақ секіріп шығасың, екі секіре алмайсың», «жартылай жүкті болуға болмайды» деген секілді небір жып-жылтыр, доп-домалақ афоризмдердің авторы, «ұлы экономист-реформатор» дамушы елдерге арман болған, Чили, Индия, Малайзия секілді көп елдің дамуына үлкен ықпал еткен, халықаралық Өзара Инвестициялы Қор құру ісі дайын болған кезде қос қанатын қиып түсірген күнәсін (https://kitap/kz/author/1987, «Өзегімді өртеген ең үлкен өкініш»,194-207бет)  ең болмаса осылайша  сәл де болса жөндесін. Елдегі бірінші басшы болмағандығын да ескерейік...

Кім істейді?

Үкіметтегі Ауыр өнеркәсіп пен Жеңіл және жергілікті өнеркәсіп министрліктері осы  7 және одан басқа да бағыттарды іске асыру үшін құрылады. Соның ішінде әсіресе, бірінші кезекте ауыл шаруашылығының өнімдерін озық технология мен мини-техниканың барынша кеңінен қолданып, барынша тереңдетіп өңдеп, «бір ауыл – бір өнім» деген ұстаным бойынша жұмыс істеуге қол жеткізуіміз керек. Европа елдері де, одан көріп соғыстан соң Жапония мен кеше Қытай да осы әдіс арқылы дамыды.

Жалпы, біз жоғарыда аталған және басқада әдістерді қолдана отырып, ауыл шаруашылығын дамытқанда «қалдықсыз технология» қағидатына сәйкес малдың тезегін де толығымен органикалық тыңайтқышқа айналдыруымыз керек. Ол үшін асқан ақыл мен түпсіз терең білім емес, ыждаһаттылық болса жетіп жатыр.

Атап айтар нәрсе, экологиялық тұрғыдан таза әрі өндірілген жерде өңделгендіктен өзіндік құны арзан өнім дамыған елдерде – бағасы жоғары болса да - үлкен сұранысқа ие.

Осы жерде, «дұрыс, бірақ, бұның бәрін кім істейді?» деген заңды сұрақ тууы мүмкін. «Мұншама америкалықты қайдан табамыз?» деп, алақанды жайып қарап отыруға немесе өз халқының рухын көтеріп, мүмкін еместей көрінген өмірді де жасауға болады. Тағы да әлемдік тәжірибеге сүйенсек, соғыста жеңілген, атомдық бомбаның зардабын шеккен жапондар өздерін «әлемнің алдына намысқойлық пен жаңалыққа құштарлық қана алып шығады» деген қорытынды жасайды және соны ерекше табандылықпен іске асырып келеді. Сапаны басқару идеясы өз елінде, АҚШ-та қолдау таппай, күлкіге ұшыраған Эдгар Деминг 1950 жылы жапондық ең ірі 45 компания басшыларының алдында: «Мені тыңдасаңыздар 5 жылдан соң Батыспен бәсекелес бола аласыздар, ары қарай тыңдай түссеңіздер, тағы 5 жылдан соң олар сіздердің алдарыңызға жылап келетін болады» дейді. Ғалымды тыңдап, сол кезде сападан әлемнің алдына шығып алған жапондар әлі күнге ешкімді шеніне жолатар емес. Өйткені, әрбір жапон жұмысшысы «ақау жіберсем бүкіл ұжымның, компанияның атына кір келтіремін, ондай масқара болғаннан өлгенім артық» деп есептейді.

Одан кейін аграрлы ел Оңтүстік Кореяны Пак Чон Хи 16 (1963-1979) жылдың ішінде индустриалды-технологиялы елге айналдырды. Бүгін Корея Жапонияны басқа көп ел қуып жету мүмкін еместей көрген екі салада – кеме жасау мен электроникада – басып оза бастады. Ал, сексенінші жылдан бері «Қытай ғажайыпы» жалғасып келеді...

Қазақтың кезегі қашан келеді? Мен қазақтай талантты, дарынды, алғыр, икемді, зейінді, төзімді, бейімделгіш ұлт жоқ деп білемін және бұл сөзімнің аксиома, ақиқат екендігімен марқұм Герольд Бельгер секілді әділін айтатын көп адам келіседі. Дәлел ретінде қазақ математика мектебінің әлемде өз орны бар екенін, оқушы ұл-қыздарымыз бүгін де көптеген халықаралық олимпиалардың жеңімпазы екенін айтуға болады.

«Онда неге қазақтар кедей?» дейді маған. Мен «қашан қытайлар бай болып еді?» деймін. Менің Қытайдан көшіп келген тарихшы достарым бар, солар Қытай өзінің 5000 жылдық тарихында кәзіргідей қарыштап даму кезеңін бастан кешірмегенін айтады. 1979 жылдан кейін де Қытайға аспаннан басқа халық жауған жоқ, қытай сол бұрынғы еңбекқор қытай. Ол өмір бойы еңбекқор, бірақ, әлемнің алдына шыға бастағы енді ғана. Тіпті 1989 жылы, атақты Дэн Сяопин реформасына он жыл болған кезде қытайлар «техника – бізден, қаржы – сізден» деп, Қазақстан мен ШҰАР арасында Павлодарда мини-трактор, жел генераторын жасап шығаратын БК құру жайлы келісім-шартқа қол қойылған, оған сәйкес қазақ жағы 10 жылға несие беретін болған ( https://kitap/kz/author/1987, 21-бет). «Қытай ғажайыпының» құпиясы екі-ақ мәселеде: Өкімет өз халқының 1) ішкі әлеуетін, білімін, қуатын сыртқа шығаруына, сол арқылы заттық (және рухани) игілік жасап шығаруына мүмкіндік тудырды, қолайлы жағдай жасады;  2) Халық жасаған игілікті шашау шығармай, өзі де жемей, жемқорларға да жегізбей, халықтың өз игілігіне беріп отыр, жылына орта есеппен 500 жемқорды (алғашқы жылдары 2000-ға дейін) желкесіне мылтық тіреп атып отыр. Қазаққа жағдай жасаса, ол қытайдың 40 жылда өткен жолын 10 жылда-ақ өтеді...

«Бәрін шешетін – мамандар» депті Сталин. Өзінің маңдайына тигеннен кейін, репрессияның қаншама құрбанын (Королев, Рокоссовский,..) соғыс басталған соң босатуға мәжбүр болғандықтан айтқан... Бүгінгі Қазақстанға қатысты мен өзім 4 ай сот процесіне қатысқан журналист ретінде 5 жылға сотталған, ісі кәзір апелляциялық алқада жатқан Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің атын атағанды жөн санадым. Оның бар жазығы алдымен 304 млрд.теңге, кейін 964 млрд.теңге қазына қаржысын үнемдегені екенін бәріміздің ішіміз сезіп отыр. Сіздің Президент ретінде оған амнистия жасағаныңыздың өзі аз, И.Әбішевті премьер-министр етіп тағайындасаңыз, істің дұрысы сол болар еді. Өйткені, ол ертелі-кеш бәрібір ақталады, себебі, судья Қ.Мекемтас өз үкімінде қорғаушылардың «кейін үкім шығарғанда қараймын» деп ашық қалдырған 30-дан аса талап-өтінішінің бір де біреуін - заң бойынша міндетті болса да! - негіздеп теріске шығара алған жоқ!

Неге Әбішев? Біріншіден, Ордабасы ауданына 2000-жылы әкім боп келгенде, кредиттің әуресінен құтқару үшін өзінің үй-жайын, компаниясының ғимаратын, мүлкін кепілге қойып, 3 мыңнан аса шаруаға 1 млрд.теңгеге жуық несие алып берген (бұндай мәрттік Қазақстанда қайталанған жоқ), қиыннан қиыстырып жол табар қасиеті үшін. Екіншіден, 2013 ж. 304 млрд.теңге үнемдегенде қызметтен қуылып, бір жыл тергелсе де, саналы түрде 964 млрд.теңгені тағы үнемдеп, басын бәйгеге тіккен ержүректігі үшін.

Шынайы реформа, үлкен өзгеріс жасауға қауқарлы деп И.Әбішевтен бөлек «алдыңғы буыннан» өзіңіз жақсы білетін Қуаныш Айтахановты, Амалбек Тшановты және Жауғашты Нәбиевті айтуға болады. Олардың құжаттағы жасы ешкімді шошытпай-ақ қойсын, олар «нан бермесең берме, істейтін жұмыс бер» дейтін, Сырдың қызыл жыңғылындай, қайрат-күші бойында, қазақы тілмен айтқанда «әлі бір қызды қартайтатын» «жетпістегі жігіттер». Өндірістің ыстығына күйіп, суығына тоңып әбден шыныққан, шыңдалған бұл үш азамат та «жастықтың соңы, кәріліктің алды» деп, Ауыл шаруашылығын, Құрылыс пен жолды, Ауыр және Жеңіл өнеркәсіпті рельске салып жіберу үшін 1-2 жыл  өмірін арнауға дайын деп ойлаймын.

Көші-қон министрлігін Өзбекстанда (бұрынғы Оңтүсті Қазақстан облысының аумағында) туып-өскен, министр, вице-премьерге дейін көтерілген, сол лауазымды қызметті тастап, төрт інісімен бірге Шымкенттің іргесінде асарлатып салған «Асар» атты, 90 пайызы 2-қабатты коттедждер қалашығын салып, соған өздері өскен аудандағы 25 мың қазақтың бір де біреуін қалдырмай көшіріп әкелген, ердің жасы елу беске енді келген, «5 млн.қазақты Қазақстанға қалай қоныстандыру бағдарламасы» қолында тұрған Ибадулла Қалыбеков басшылық етуі сұранып тұрған нәрсе емес пе?

«Арылу» операциясы

Құрметті Президент!

Сіз бен біз мектеп бітірген 1970 жылы Қытай студенттері бізге келіп оқитын! Ол кезде біз қайда едік, Араб Әмірліктері қайда еді? 1980 ж. біз қайда едік,  Малайзия қайда еді? Арабтарда бар мұнай бізде де бар, есесіне оларда бізде бар басқа байлықтың ешқайсысы жоқ. Бірақ, бүгін арабтар жерге жұмақ орнатып қойды, берген уәдесінің бәрінің үдесінен шығып келеді, дербес Ғарыштық комитет құрды, Марсқа адам ұшыруға, мұнайды экспорт жасауды біржолата тоқтатуға дайындалып жатыр, ал, біз немеремізді Қытай тұрмақ Малайзияға оқытқанымызға мәз болатын, соны дәреже көретін деңгейге түстік. Намыстан айрылдық, өзімізден кейін тұрғандардың алдымызға шығып кеткенін, қатарымыздан арттан қалып жатқанымызды ар көрмейтін болдық...

Ненің кесірінен екені бәрімізге белгілі – билеуші элита Ұлттық мүддені ұмытты, алдыңғы орынға халықтың байығанын емес, өздерінің байығанын қойды. «Арабтар әр жаңа туған баланың есепшотына 20 мың доллар құйса, біз одан 20 есе көп құятын боламыз» деген уәде жайына қалды. Араб елдерінде корольдар, шейхтар мен әмірлер Алланың халқына берген несібесін сол халықпен бөліспеуге Құдайдан қорқады, ал, біздегі атеистер Құдайдан да қорықпайды. Қорықпайтыннан қорқуға тиіспіз... Астанада 10 миллион теңгеге автобус аялдамасын саламыз, Талдықорғанда 934 млн.теңгеге қала қақпасын қоямыз, Нұр-Сұлтандағы тұрғызылғанына 10 жыл болмаған Салтанат аркасын жөндеуге 400 млн.теңге сұраймыз. Су ресурстары комитетінің 2012 жылғы атқарар жұмысына бюджеттен 397 млрд.теңге бөлеміз, сол жылы наурызда төраға болып келген И.Әбішев оны 94 млрд.теңгеге орындап шығады-дағы, келесі жылы қызметсіз қалады...

Жалпы, бізге  биліктегілер мен бизнесмендердің бәрінің қанша байлығы адал жолмен келгенін анықтап алатын уақыт жеткен сияқты. Кіріс декларациясын толтырған соң оларға бір ғана талап қойылуы тиіс: «Жазғаныңыздың бәрі шындық десеңіз, дауыстап, «жазғанымның растығына Алла-Тағалаға жанымды беруге дайынмын» деңіз». Табыла қоюы өте қиын болар деп ойлаймын. Табыла қалса, тыныш қалдырып, ары қарай асықпай тексере беру керекз. Жасырғаны табылған кезде бәрін түгел тәркілеп, тағдырын сот арқылы шешу керек. Ал, туған-туысқандарының атына жазғанын табу одан да оңай – оларға да жаңағы сұрақты қоямыз. Сол кезде олар шынын айтуға мәжбүр болады – мал қанша қымбат болғанмен жан одан да қымбат қой!

Ал, мал-мүлкін жасырмай жариялаған:  а) бизнесмендердің байлығының 50 пайызын мемлекет меншігіне қайтару, 25 пайызын оған заем сату арқылы 25 жылға қарызға алып, 25 пайызын өзінде қалдыру қажет; б) биліктегілердің байлығының 50 пайызын мемлекет меншігіне қайтару, 40 пайызын оған заем сату арқылы 25 жылға қарызға алып, 10 пайызын өзінде қалдыру қажет.

Неге «жемқорлардың жегенін толық құстырып, өздерін тегіс атып тастаудың орнына 10 пайызын өзінде қалдыру, 40 пайызын қарызға алуымыз керек» деп отырмыз? Жемқор да болса өз қазағымыз, жыланның басына ақ құйып шығару секілді, шынын айтқаны үшін 10 пайызын өзіне қалдырып, бүгінгі жаңару көшіне қосылуға мүмкіндік берейік. Онсыз да жасырғаны табылса жазалаймыз ғой. Бұл әрі қалың бұқараға сабақ болады, соларды осы кезге дейін басымызға шығарып тайраңдатып, білгенін істетіп қойған өзіміз,  осы халқымыз ғой, ендеше біз де осылай өз жазамызды тартайық, сонда бұдан былай бұндай бассыздыққа жол бермейтін, заңсыздыққа төзбейтін боламыз.

«Бизнесмендердің байлығының 50 пайызын мемлекетке қайтару» - оларға жасалған қиянат емес. Өйткені, олардың ешқайсысы жаңалық ашып байыған, материалдық игілік құрып байыған жоқ, мемлекеттің байлығын иеленіп, дүние-мүлкін су тегінге сатып алып байыды.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте де, әскерде де, қысқасы, ант берілуі тиіс жердің бәрінде оның мына мәтінде берілгені дұрыс болар: ««...Мен қазақ халқына ақылым, білімім, қуатым жеткенінше адал қызмет етемін деп ант беремін. Антымды бұзып,  жемқорлық пен парақорлыққа барсам, қазақ мемлекетінің  заңына сай барынша қатал жазамды алуға, одан да бұрын Алла-Тағалаға жанымды беруге дайынмын».

Әйтпесе, тек әскери антта ғана антын бұзса не болатыны жазылған, басқа анттың ешқайсысында ондай жауапкершілікті мойнына алған сөз жоқ. Жауапкершілік жайлы ешнәрсе айтылмаған ант әшейін бос сөз болып қалады ғой!.

Кім «мықтымын» десе, осы антты бұзып көрсін!.. Бұзған адамды біз пенделікке салынып соттаймыз ба, жоқ па деп жүргенімізде, Алланың әділ соты оның бір жылға жеткізбей-ақ желкесін үзеді!.. Біз сондықтан жемқорлармен бұдан былай ұзақ жырғасып, айлап-жылдап соттасып жатпаймыз. Оған шығын қылатын артық уақыт жоқ бізде.

Дағдарыстың тағы бір жақсы жағы – ол біздің қай жерге келіп тұрғанымызды, Үкіметіміздің бүгінгі қауқары қандай екенін, дәлірегі Сергей Есиннің кейіпкері секілді,  «Имитатор» екеніні айдан анық көрсетіп берді. Көп балалы аналарға беретін 21 мың теңге былтыр жырға айналып еді, биыл дағдарыста берген 42500 теңгенің жыры одан он есе асып кетті. Айта берсек әңгіме көп, бірақ, одан пайда жоқ,  сондықтан алдағыны айталық.

Біз кореялық Пак Чон Хидің елін 16 жылда, кеңестік Иосиф Сталиннің елін 11 жылда индустриялы елге айналдырған үлгісімен елімізді 3 жылда жоғары технология елдер қатарына қосуымыз керек. 30 жылымыз желге ұшты, 30 жылда біз ғылым мен техникадан 60 жыл артқа кеттік! Енді соның бәрін 3 жылда істеуден басқа амалымыз жоқ. «Біртіндеп қалыпқа келтірерміз, асықпай жүріп анық басайықты» бүгінгі заман талабы көтермейді, Қасеке! Біз әлі орыстың ескі-құсқы автомобилін құрастырумен жүрміз, словендер ұшатын автомобиль, жапондар жүргізушісі жоқ автобустар шығарып, электр қуатын сыммен бермей, оптикалық талшықтармен жеткізіп жатыр.

«Үш жыл деген мыйға сыймайтын әңгіме!» демеңіз. Сталин экономикалық блокада заманында 11 жылда іске асырған жобаны бүгін 3 жылда асыруға қазақтың ақылы да, білімі де, күш-қуаты да жетеді. Тек сіздер, биліктегілер соған мүмкіндік бермей келдіңіздер, енді беріңіздер. Сіздің маңдайыңызға әр азаматқа өз ғұмырында бір-ақ рет кездесетін ерекше сәтте қызмет ету бақыты бұйырып тұр, кеше сатқын Қосанов біз айтып тұрсақ та пайдаланбады, енді, сіз пайдаланыңыз. «Кеше ерте еді, ертең кеш болады!».

Алдағы бір жылды «Жаңа қоғам құруға дайындық мерзімі» деп жариялаңыз. Осы бір жылда: 1) Референдум жарияланып, 1990 жылғы 25-қазанда қабылданған Қазақ ССр-нің Мемлекеттік егемендігі  туралы декларация мен 1993 жылы қабылданған Конституция негізінде жаңа Конституция қабылдансын, Конституциялық Сот құрылсын; 2) Жаңа Конституцияда Парламент бір палаталы болатынын көрсетіліп, бір мандаттық округтардан тікелей сайлау арқылы оның жаңа құрамы құрылсын; 3)Конституцияда атқарушы билік Президент пен вице-президент, ешқандай «Самұрық-Қазынасыз», Министрлер кабинетінсіз, 20 министрліктен, 20 әкімдіктен  тұратыны, елдің Президенті бүгінгідей «...өзінің міндеттерін атқару кезіндегі іс-әрекеті үшін тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап беретін» емес, керісінше «мен бүгін халифа болдым, енді екі жылдан кейін елде біреудің малы көтерем болса, соған да ең бірінші кінәлі мен боламын» деген Хазіреті Омар секілді, Президенттің жарлығы мен заңдары қоғамға түгел тарайтындықтан, елдегі жауапкершілігі ең күшті тұлға да сол екендігі атап көрсетілсін. Келесі, 2021-жылдың 1-шілдесі бүкілхалықтық Президент пен Парламент  сайлау күні, сайлауалды мерзімі үш ай болып белгіленсін. Қоғамда қанша саяси партия болуы жайлы мәселе жаңа Парламентте қаралып, шешілсін.

Оған дейін барлық күшті бұған дейін тек сөз жүзінде айтылып келген экономикаға жұмсайық. Жапон императоры ең құрметті шетелдік қонақтарымен дастархандас болуға ғалымдар мен өнертапқыштарды шақырады. Міне, олардың мәртебесі қандай биік! Біз де осы жолмен жүрсек адаспаймыз. «Жаңалық ойлап табу» - бүкілхалықтық қозғалысқа айналуы тиіс. Дамыған елдер венчурлық компаниялардан ақшаны аямайды, себебі, 10 жаңа жобаның 1-еуі ғана шын мәнінде жаңалық болып шықса, соның өзі қалған 9-ына кеткен шығынды еселеп жабады. Өнеркәсіп, өнеркәсіп, тағы да өнеркәсіп!

Ендеше, білімді, білікті, іскер, ең бастысы шын мәнінде «Ұлтым!» деген 20 дара тұлға Министрлер үйінде отырса, 20 дара тұлға аймақтық әкімдіктерде отырса, сөйтіп, Манастың 40 шорасындай, «сен тұр, мен атайын!» жігіттер  «әлемнің алдына шығамыз!» деген Ұлы мақсаттың жолында бір кісідей қимылдаса, біз аршындап дамымаймыз ба? Ұранымыз: «Қазақтың жасайтыны  – ең жақсысы!» болса, Сапа белгіміздің бір бетінде ұрпақтар сабақтастығының символы ретінде сақ дәуірінен жеткен «Алтын адамның сауытының» суреті, екінші бетінде «Ұят» деген сөз тұрса, кәрістер озған жапонның алдына шыға алмайтындай біздің ауруымыз бар ма?..

(Әділін айту керек, Тәуелсіздіктің бас жағында Елбасы Н.Назарбаев: «Біз әлемдегі ең жақсы заттарды шығаратын ел болуымыз керек!» дейтін. Бірақ, кейінірек Терещенко секілді «аузы дуалы» кеңесшілерінің айтуымен «біз бәрібір автокөлікті немістің «Мерседесінен» артық етіп жасай алмаймыз, телевизорды жапоннан жақсы ете алмаймыз, сондықтан біз әлімізді білейік, мұнай саласына қажетті агрегат, қондырғы, т.с.с. шығарайық» дейтін болды. Оның осы сөзі әкім-қаралар үшін таптырмайтын олжаға айналды, олар оны индустардың мантрасы секілді қайталаумен келеді).

Бұл жерде тағы да «мен елдегі ең ақылды жігіт емеспін, бірақ, ақылдыларды командама жинап ала аламын» деген және айтқанын істеген, командасына сыймағандар мен билікке ынтасы жоқ ғалымдардан, ірі жетекшілерден «ақылмандар трестін» («мозговой трест») құрған әйгілі Ф.Рузвельттен үлгі алсақ артық болмас. Біз ақылдының бірнешеуін атадық. Зарымыз – бар, зорымыз – жоқ. Ал, сіз «40 шораны» өздерінің 1 жылдан 5 жылға дейінгі жұмысының жоспар-бағдарламасын ұсынған көп үміткердің арасынан іріктеп, қарттықтың даналығы мен жастықтың жалыны әдемі синтез құрған команда құрып алыңыз. Кейін олардың қызметінің барысын өзіңіз де, халық та қадағалап, бақылап отырын. Осы жағын қамтамасыз ету сіздің міндетіңіз деп білемін. Билікте жүргендеріне 18 жылдан 29 жылға жеткен бүгінгі министрлеріміздің жеткізген жерін көріп отырмыз. Бір жағынан оған өндірістің мектебін өткендерді емес, жалаң теорияшыларды көтермелейтін, мамандарды дұрыс таңдамайтын жүйеміз де кінәлі.

Жаңа, жас буынға кезек беру керек! Сонда Лениннің наркомдары, ақша реформасын жасаған Г.Сокольников пен әлемнің алпауыт елдерін революциялық жаңа Ресейді тануға мәжбүр еткен Г.Чичерин секілді, Қытайдың біздің елдегі шолжаңдаған елшісін сабасына түсіретін азулы өз азаматтарымыз – азусыз білім мен ақылдан пайда жоқ! - ел ішінен табылары сөзсіз.

Артық кеткен, кем соққан жеріміз болса, алдын ала кешірім сұраймыз, құрметті Президент! Бәріміз илейтін терінің пұшпағы ғой. Сізді халық таза адам деп біледі. Ал, таза адам әдетте батыр келеді. Сіз де ешнәрседен қаймықпаңыз. «Қазақстан - 2030», «Қазақстан – 2050» секілді «сағымдардың» орнына 1 жылдан 5 жылға дейін орындалар мерзімі, кімдер жауапты екендігі, қандай нәтижеге жететініміз әр жылда кезең-кезеңімен анық көрсетілген, ел көптен күткен нақты жоспарлы қадамдарды ешкімнен жасқанбай неғұрлым батыл да жылдам жасасаңыз, халық та соғұрлым сізді қос қолдап қолдайтын болады. Ондай істің нәтижесі де тез көрінеді.

Алла Тағала жар болсын өзіңізге!

Құрметпен Өмірзақ Ақжігіт,

инженер-механик, тәуелсіз журналист.

Abai.kz

51 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340