Екеуге хат ескерусіз қалды...
Құрметті редакция!
Өткен жылы «Ертең Амандық Баталовтың аяғын құшпайық десеңіздер...» деген осы хатты ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов мырзаның атына жазып, мемлекеттік қызметкерлерге зейнетақы тағайындау мәселесін қайта қарап, экс-Президенттің зейнетақысы секілді, оларға да лауазымдық жалақысының сексен процентi мөлшерiнде зейнетақы тағайындау тәртібін енгізуді ұсынған болатынмын.
Сондай-ақ, бұл хатты Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин мырзаға да жолдадым.
«Е-ӨТІНІШ» жүйесі арқылы көріп отырдым, екі хатым да иесіне жетті.
Екі мырза бұл ұсынысымды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеткізді ме, жоқ па, ол жағынан хабарсызбын.
Егер, бұл хат Президенттің қолына тисе, Ол кісі бұл мәселеге бей-жай қарамайтын еді деп ойлаймын.
Себебі, Қасым-Жомарт Кемелұлы Өзінің «Беласу» атты кітабында Ли Куан Ю туралы толғай келіп, «Сингапурлықтар Ли Куан Юға тіпті де сол кездің өзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізгені үшін үшін де дән риза. Қазір бұл ел аса жоғары рейтингке ие, ны Азия құрлығындағы ең «таза» ел ретінде таниды. Сингапур шенеунігін сыбайлас жемқорлықпен әшкерелеу оның өзіне де, туысқандары үшін де өліммен тең. Ол қоғамның жеккөрінішті адамына айналады. Сонымен қатар, мұнда шенуніктердің материалдық қамтамасыз етілуіне көңіл бөлінген. Мұнда 70–ші жылдардың орта шенінің өзінде-ақ Ли Куан Ю-дың ықпал етуімен олар әлемдегі ең жоғары жалақы алатын дәрежеге жетті» - деп, жазады.
Ал, біздің шенуніктердің жалақысы жаман емес болғанымен, ертеңгі алатын зейнетақысы тым аз, өте мардымсыз. Тіпті, обал, жаның ашиды...
Сондықтан да біздің шенділер ертеңін бүгін қамдап қалуға барын салады. Тіпті, көп шенеунік билікке мол табыс табу үшін келеді...
Мені осы мемлекеттік қызметкерлердің зейнетақысы туралы біле тұра, бір шенеуніктің тырс етіп, бір ауыз сөз айтпайтыны таң қалдырады.
Міне, осы тұрғыдан алғанда, кешегі Ли Куан Ю-дың алдын көрген біздің Президент бұл ұсынысты кері қақпас еді деген ойдамын.
Қысқасы, екеуге жазған хатым ескерусіз қалды.
Олар да өздерінің ертеңі туралы онша алаңдап кетпейтін көрінеді.
Соңы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру департаменті жаттанды жауабын берумен тынды.
Сол хатымды біраз үзілістен кейін «Abai.kz» ұлттық порталына жолдап отырмын.
Ауыт МҰҚИБЕК
Ертең Амандық Баталовтың аяғын құшпайық десеңіздер...
Қазақстан Республикасы
Президент Әкімшілігінің төрғасы
О.А. Бектенов мырзаға!
Құрметті Олжас Абайұлы!
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында «Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын», - деді.
Енді Президенттің осы тапсырмасына байланысты, қатысты Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Осы орайда, мен мемлекеттік қызметкерлерге зейнетақы тағайындау мәселесін қайта қарап, экс-Президенттің зейнетақысы секілді, оларға да лауазымдық жалақысының сексен процентi мөлшерiнде зейнетақы тағайындау тәртібін енгізуді ұсынамын.
Құрметті Олжас Абайұлы!
Өткен жылы бұрынғы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ағамыздың «Aman Tasygan LIVE» ютуб каналына берген сұхбатын тыңдаған болатынмын.
1981 жылдан бері мемлекеттік қызметте болған, облыс әкімі болып тұрғанда 2 миллион 400 мың теңге айлық алып келген экс-әкім 130 мың теңге ғана зейнетақымен зейнетке шығыпты.
Журналист жігіттің: «Зейнетақыңыз Өзіңізге жете ме?», - деген сұрағына Амандық Ғаббасұлы: «130 мың теңге алам, айтудың өзі ұят!», - деп жауап берді. Соңына: «Балам бар...», - деген сөзді қосып қойды Әбекең.
Бүкіл саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған экс-әкімнің 130 мың-ақ теңгемен зейнетке шыққанын көріп, оны аяп кеттім. Қандай әділетсіздік бұл?!
Ал, «Балам бар...» деген сөзін естіп, күдіктене бастадым.
Себебі, мемлекеттік тапсырыстар мен ірі бағдарламаларды осындай ірі шенуніктердің жақын адамдары алып, орындап келгені жасырын емес. Оның көбі жемқорлыққа апарып соқтыратыны тағы белгілі жағдай...
Елімізде 82-мың мемлекеттік қызметкер бар екен. Ертең олардың бәрі осы Амандық Баталов құсап, түкке тұрғысыз зейнетақымен зейнетке шығады. Мен солардың бәрі болмаса да, түгелге жуығы жақындарының баюына жол ашып береді деп есептеймін.
Құрметті Олжас Абайұлы!
Осы ұсыныс-хатты жазу барысында, Сіздің де өмірбаяныңызды мұқият оқып шықтым.
Жасыңыз 43-те екен. Еңбек жолыныңызды 2002 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы болып бастаған екенсіз. Содан берігі 21 жылда кілең жоғары мемлекеттік қызметте болыпсыз. Міне, қазір Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып, тағы да өте жоғары және аса жауапты қызметтерде отырсыз.
Бір сөзбен айтқанда, Сіз де бүкіл ғұмырыңызды мемлекеттік қызметке арнаған тұлғасыз.
Құдай оның бетін ары қылсын, оқыс бір жағдайлар болып кетпесе, Сіздің енді барып базарда сауда жасамасыңыз анық. Зейнетке шыққанға дейін, Алла амандығын берсе, әлі талай биіктерді бағындырып, Еліміз үшін жауапты, нәтижелі қызметтер атқаратыныңызға сенімдімін.
Бірақ, ертең зейнетке шыққанда, Амандық Баталов құсап, күніңіздің 130 мың теңгеге қарап қалғанын мен қаламаймын!
«Құдай ондай күйді Сіздің және Сіздің әріптестеріңіздің басыңызға бермесін!» - деп, тілеймін!
Құрметті Олжас Абайұлы!
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев мырза Өзінің «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «...жоғары оқу орындары мен колледждерде мемлекет есебінен білім алып, оқу үлгерімінің орташа балы (GPA) жоғары көрсеткіштегі маман иесі атанған жастарымызды аудандық және ауылдық деңгейлердегі ең төменгі лауазымдық мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз қабылдау ұсынылып отыр», - депті.
Агенттік төрағасы бұл бастаманы: «Біріншіден, бұл жас мамандардың ел өңірлеріне оралып, оның дамуына үлес қосуға жол ашса, екіншіден, аймақтарда кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді деп күтілуде», - деп түсіндіріпті.
Демек, елімізде кадр тапшылығы қатты білінуде. Бұл туралы Президенттің өзі де айтып келеді.
Бұл – мемлекет үшін аса қауіпті жағдай!
Екіншіден, қазір жастардың мемлекеттік қызметке зауқы жоқ, барғысы келмейді. Оның себебі, ертең зейнетке шыққанда Амандық Баталовтың аяғын құшудан қашады деп ойлаймын...
Құрметті Олжас Абайұлы!
Мемлекеттік қызметкерлердің бүкіл ғұмырын Отаны мен туған халқының жарқын болашағына арнап келіп, зейнетке шыққанда мүсәпірлік үйге түсіп қалуы – Қазақстан секілді өте бай мемлекет үшін өте ұят және масқара жағдай!
Оны былай қойғанда, экс-президентке Республика Президентi лауазымдық жалақысының сексен процентi мөлшерiнде зейнетақы тағайындау, ал оның қол астында қызмет еткен мемлекеттік қызметкерлерді Амандық Баталов құсатып 130 мың теңгемен зейнетке шығару – Қазақстан Республикасының Конституциясының 14-бабының 2 бөлігіне қайшы деп есептеймін.
Құрметті Олжас Абайұлы!
Қасым-Жомарт Кемелұлы соңғы Жолдауында Еліміздің экономикалық әлеуетіне тоқталып, «Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсті. Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз», - деді.
Құдайға шүкір, жағдайымыз жаман емес екен...
Құрметті Олжас Абайұлы!
Ендеше, осы жағдайларды ескере отырып, Сізден мемлекеттік қызметкерлерге зейнетақы тағайындау мәселесін қайта қарап, экс-Президенттің зейнетақысы секілді, оларға да лауазымдық жалақысының сексен процентi мөлшерiнде зейнетақы тағайындау тәртібін енгізуге ықпал етуіңізді сұраймын.
Құрметпен,
Ауыт Мұқибек,
«Құрмет» орденінің иегері
Abai.kz