Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2272 14 пікір 6 Ақпан, 2024 сағат 12:53

Премьер пешенесі – саяси камикадзе

Тақырыпқа тұздық:

Бүгін Парламенттегі доминант партия – «Аманат» Президентке ұсыныс жасады. Олар Үкімет басшысы қызметіне Олжас Бектеновті ұсынды.

Бектенов биыл 44-ке толады. Былтыр сәуірден бастап ҚР Президенті әкімшілігін басқарып келген. 2018 жылдан 2023-ке дейін ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінде бірнеше лауазымды қызметтер атқарды. Агенттіктің тізгінін ұстады.

Сурет: qaz365.kz сайтынан алынды

Кешелі-бері қазақ қоғамы келесі премьер-министр кім болады деген сұрақтың төңірегінде қызу талқы жасап жатты. Түрлі долбарлар жасалды. Потенциалды үміткерлердің арасында Алматы әкімі Ерболат Досаев пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтардың есімдері аталды.

Ал бүгін билікті партия Бектеновтің кандидатурасын Президентке ұсынғаны белгілі болды.

Ендігі сұрақтар: Келер Премьер қандай болуы керек? Оның алдында тұрған міндеттер қандай? Смайыловтың қолынан келмегені не?

Біз сарапшы, саясаткер Әміржан Қосан мырзаға арнайы хабарласып, келесі Премьердің міндеттері туралы шолу жасатқан едік. Бұл шолу үміткердің есімі белгілі болғанға дейін жазылғанын ескертеміз!


Суретті спикердің өзі ұсынды

Әміржан Қосан, саясаткер:

- Мойындайықшы, Қазақстанның саяси және мемлекеттік басқару жүйесінде үкімет секілді атқарушы биліктің басты құрылымының және оның басшысының орны... біртүрлі.

Бір жағынан, әрине, үкіметтің аты - үкімет, ал оның басшысына келсек, мұндай мансапқа қол жеткізу екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ десе де болады. Сөзсіз, тарихта қаласың. Саясат – экономиканың шоғырланған көрінісі екенін ескерсек, премьердің мемлекеттік мансап иерархиясындағы ойып алар орны мен саяси перспективалары да алабөтен екені түсінікті.

Алайда, екінші жағынан, президенттік мемлекетте өмір сүріп жатқан біз үкіметтің нақты өкілеттіктері жағынан президент әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық бөлімінен асып кете алмайтыны да әмбеге аян.

Меніңше, осы жолғы үкімет отставкасының, кем дегенде, үш себебі бар.

Біріншіден, бұл үкіметтің тұсында елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал тым ушығып кетті. Әрине, объективті түрдегі сыртқы және ішкі себептер де жоқ емес: әлемдік дағдарыс, мұнай мен газ бағаларының құбылмалылығы, Ресей секілді іргелі көршінің батыс санкцияларының астында қалуы, Назарбаевтан қалған олигархтық экономикалық модель мен іріп-шіріген, әбден тозығы жеткен инфрақұрылым дегендей. Мұның бәріне үкіметтің біліксіздігі мен мінезсіздігі қосылып, теріс нәтиже тым көбейіп кетті.

Ел ішінде күшейіп келе жатқан наразылықтың қоғам қазанына сыймай жатқан буын бір шығарып алу да саяси технология тұрғысынан түсіндіріп беруге болар. Бірақ қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен қосынды өзгермейтіні және жағдай бір күнде күрт жақсара қоймайтыны да айтпаса да түсінікті...

Екіншіден, президенттік каденциясы бес жылға тақап қалған Тоқаев әлі де шашыраңқы биліктің бас тізгінін өз қолына шоғырландырып, кезінде Назарбаев еріксіз таңған кадрлардан біржолата құтылғысы келетін сияқты. Үкімет құрамын бір сілкіп алу сол үшін қажет болған шығар.

Әрине, бір нәрсе түсініксіздеу: неліктен үкіметтің осы құрамы екі күннен кейін болатын үкімет отырысынан бұрын отставкаға кетті? Неліктен олар, соның ішінде, үкіметті екі жыл басқарған премьер халық, президент, парламент алдында тиісті есеп беріп кетпеді?!

Үшіншіден, Жаңа Қазақстанның кадр саясатында бір кілтипан пайда болды. Оның мәнісі мынада: өзі дипломат шинелінен шыққан президент дипломаттарды экономика мен басқа да салалық министрліктерді, аймақтарды басқаруға белсенді түрде алып келді. Алайда, жақсы елші жақсы министр не әкім болмайтынын соңғы кадрлық дағдарыс ап-анық көрсетіп отыр.

Енді «жаңа премьер кім болуы ықтимал және оның алдында қандай міндеттер тұр?» деген заңды сұрақ туып отыр.

Иә, Конституцияға сай премьердің кандидатурасын сайлауда жеңген партия ұсынады да, сосын оны президент бекітуі тиіс.

Бірақ, өз-өзімізді алдамай-ақ қоялық: бізде толыққанды әрі өкілетті партиялық жүйе қалыптаспаған, бәрі президенттің қолында.

Сол себепті келесі премьер Тоқаев жақсы танитын және президент толық сенетін тұлғалар қатарынан болатыны сөзсіз.

Жаңа премьердің алдында өте-мөте қиын міндеттер тұр. Атап айтсақ, әлі де олигархтардың сойылын соғып келе жатқан экономикалық модельді түбегейлі өзгерту, мұнай мен газдың бағасына тәуелділіктен құтыла алмай жатқан экономиканы диверсификациялау, қожырап кеткен қаржы саласына қатаң тәртіп орнату. Сонымен бірге, экономиканың етек-жеңін жинап, тығырықтан шығару үшін жалпақшешейлік пен популизм емес, көп жағдайда қалың көпшілікке жаға бермейтін шешімдер қабылдауға тура келеді. Онсыз да қиналып отырған жұрттың наразылығын одан сайын арттыруы әбден мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда болашақ премьерді «саяси камикадзе» деп те атауға болады.

Егер де ол өзінің имиджін, саяси болашағын ойлап, ондай батыл шешімдерге бара алмаса, экономика одан сайын құлдырай түсетіні анық.

Мұндай шешуші қадамдар, сөз жоқ, әр түрлі мүдделер мен топаралық қақтығыстарға, ақпараттық соғыстарға әкеп соғатыны хақ. Осындайда туындайтын сыртқы қысымдарға, саяси қауіп-қатерлерге екінің бір төтеп бере алмайды. Ол үшін еркектік мінез бен батылдық керек. Үкімет те әлі де алуан-түрлі кландардың өкілдерінен құралған құрама команда екенін ескерсек, ондай премьер нақты кланның өкілі емес, тікелей президенттің қолынан карт-бланш алған, жауапкершілікті өз мойнына ала алатын тәуелсіз тұлға болғаны дұрыс болар еді.

Әрине, өркениеттті елдердегідей ашық та бәсекелі сайлауда жеңген партия өзінің сайлауалды бағдарламасын нақты кезеңде орындауды міндеттеніп, тек қана президент емес, халық пен парламент алдында тұрақты түрде есеп беріп тұратын үкіметіміз болғанда, яғни, оның тағдырын жеке басшы емес, әділетті сайлау нәтижелері шешкенде, жағдай басқаша болар еді.

Үкімет секілді аса маңызды құрылымды құруда осындай өркениетті механизм қалыптасқанда, бәлкім, дәл бүгінгідей түк бермейтін талқылаулар мен баянсыз болжаулар болмас па еді...

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371