Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Айбын 3372 0 пікір 24 Шілде, 2017 сағат 04:21

«Жалпыға бірдей әскери міндет» міндет болуы керек

 

 

 

 

 

Осыдан бірер жыл бұрын «Рейтинг kz» зерттеу агенттігі мен «Казпотребнадзор» қоғамдық бірлестігі қазақстандық армия мен жалпыға бірдей әскери міндет мәселелеріне қатысты интернет арқылы сауалнама жүргізіп, Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіне ұсыныс жасаған болатын.

Нақтырақ айтқанда аталған зерттеу агенттігі мен қоғамдық бірлестік: «Жалпыға бірдей әскери міндеттен бас тартып, еркін түрдегі (келісім-шарт қызметі) әскери қызметке көшу»... «Әскери қызметті насихаттау үшін қаржы көлемін ұлғайтып, АҚШ тәжірибесін жүзеге асыруға болады»... «Армия резервін даярлау үшін ақылы әскери курстарға азаматтарды тарту тәртібін оңтайландыру керек» деген тәрізді ұсыныстар жасаған еді.

Сол «ұсыныста» айтылған жайттарға еліміздің қарушы күштері 25 жылдығын атап өтіп жатқан тұста қайта оралуға тура келіп тұр.

Меніңше, ұсынып отырған бұл «үлгі » қазақ елінің, «мемлекет құрушы ұлттың»  азаматтарын тәрбиелеуде өрескел қателіктерге ұрындыруы мүмкін.

 «Кәрісі кімнің жоқ болса, жасы болар диуана» деп Махамбет айтқандай, үлкеннің, әкенің, әкімнің, ғалымның сөзі құлаққа ілінбейтін  заманда «мемлекет құрушы» ұлтты тәрбиелеу үшін тереңнен ойластырып, тезден өткен «Жалпыға бірдей әскери міндетті» өзгерту емес, оны одан әрі күшейтіп, тиімді пайдалану қажет.

Алдағы уақытта ден-қары сау, ақыл-есі бүтін, өмірге «қазақ» болып келген барлық баланы міндетті түрде 2 жылға әскер қатарына шақыруды жоспарлау керек. Себебі, олар еркек ретінде шынығып, шыңдалады әрі  қандай қарым-қабылеті бары, мінездемесі «Жеке іс парағына» жазылады. Сүйенері жоқ, «талағының биті бар» қазақ баласының болмысын танып, жетекке алудың жолы осы болмақ. Ауыл шаруашылығы мамандары, Темір жол, Құрылыс, Байланыс, Төтенше жағдай, Шекара, Ішкі әскерлер сияқты жауынгерлік құрамалар түрлерін көбейтіп, қазіргі кезде шәкіртақы төлеп, қайта мамандық беруге, керексіз той-жиындарға, қазақ тілін «оқытуға» кетіп жатқан қыруар қаржыларды сонда жіберген жөн.

Ата-анасының зейнетақысына ортақтасып жүрген арамтамақтың, қалада мақсатсыз сенделген қаңғыбастың, санасыз мемлекеттік қызметшінің, кәсіпкердің, білімі бардың да, білімі жоқтың да ұлттық-патриоттық сана-сезімін көтеру үшін «Жалпыға бірдей әскери міндеттілік» пен   «Әскери-мемлекеттік құпияны сақтау» жосындарын қалқан етіп, әсіресе, «мемлекет құрушы ұлттың» еркек кіндігін аудандардағы әскери комиссар арқылы тізімін жасап, Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК- нің, ІІМ-нің құзіреті аясында дабырлатпай «әскери-саяси тәрбие беруге» көшу керек.

«Әскери жаттығу жиындар»  – атыс-шабыс емес, ұлтжанды саясаткерлерден, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, тарихшылардан, қаламгерлерден дәріс алу, ұлтжандылық тағылымдарын бойға дарытып, ойға сіңіру мақсатында болуы қажет.  «Әскери жиында» болған запастағы офицер мен қатардағы жауынгер  «Отанға жан-тәніммен қызмет етемін», «Қазақстанның қауіпсіздігі үшін күресемін» деп, «Мемлекеттік-әскери құпияны сақтау» үшін дайындалса,  бұл – жеке адамның, басқа ұлт пен ұлыс өкілдерінің заңды мүдделері мен құқыларына нұсқан келтірмейтін заң шеңберіндегі «Нұсқаулық»  пен «Ережені» пайдаланып жұмыс істейтін бағдарлама болып шығады. «Әскери комиссардың» тізіміндегі әскери-саяси сабақтан өтіп, «тапсырма алатын», «дабыл» кезінде дайын болатын, жүрегінде «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», «Әр қазақ менің - жалғызым» дейтін намысты сезімі барлардың Армиясын жасақтау кез-келген істе, (тіпті, жемқорлық, сыбайластық, діни лаңкестік сияқты қылмыстармен күресте, барлауда) оң нәтиже беруі тиіс.

«АҚШ-тың тәжірибесі, ақылы әскер» деген сияқты «реформалар» ұлттық мүддені көгерте ме? Бұл түптеп келгенде «Ас ішіп, аяқ босатар», керегінде шетке қашар» болып шықпай ма?

Қазіргі кезде, ең алдымен, тұрғылықты жері бойынша әскери есепке тұруды күшейту – басты мәселе.

Учаскелік полицей, салық жүйесі, зейнетақы қоры арқылы бос жүргендерді анықтап, запастағы азаматтардың «әскери дайындығын» желеу етіп, жұмысқа тұрғанша «партизан» етіп  алып, «ерікті түрде мәжбүрлеп» жұмыс жасату, арамтамақтың өзін де атқарар іс  табуға итермелейді.

 

Ал, құқықтық реформа, әскердегі әлімжеттіке қарсы ұсыныстар бөлек әңгіме.

Бұл көрсетілгендер тек менің емес, талай жаны-тәні, жүрегі қазақ деп соққан еліміздің патриот азаматтарының жанын жеп, толғандырып жүрген жайлар.

Бұған дейін осындай толғандырған ойларды «дабырлатып», «институт құру немесе қалыптастыру», деп ел алдында жүрген азаматтарға жолдадым. Жауап болмады.

Мемлекеттік басқару бей-берекетсіздікке соқтыратын «реформаларға» жол бермей, қолда бардың қадірін түсіну қажет-ақ.

Серік Есенов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, заңгер.

Abai.kz

0 пікір