Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3074 0 пікір 13 Қараша, 2013 сағат 05:33

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..». Сәбит Мұқанов: Ашық түрде, большевикше мойындаймын, бұл менің қателігім

4.

Сөйтіп, өңештеу науқанына өрт қойылды да лаулай жөнелді. Сәбит Мұқановтың өзі баяндамашыдан кейін іле сөз алды.

С.Мұқанов: «Түймедей болсын, түйедей болсын, бәрібір, күнәнің аты – күнә. Сондықтан: «Мен аз қателестім» немесе: «Оның қатесі көп» – деп, дәрменсіз дәлелдер іздеп жатудың керегі жоқ. Кінәлісің бе, мойныңа ал кінәңді!.. Аз ба, көп пе, әңгіме онда емес, әйтеуір мен де қателестім, онымды түп-түгел мойындаймын. Баяндамашы:«Кенесарыға көптен қарсы С.Мұқанов пен Х.Жұмалиев жолдастардың кенет өзгергені қалай?» – деді. Дұрыс сұрақ. Өз қатемді адалдықпен мойындай тұра, осы сұраққа жауап бере кеткім келеді. Себепсіз салдар жоқ, жолдастар! Турасын айтуға керек, Қазақстанда совет өкіметі орнағаннан бастап-ақ, Кенесарыға батыл қарсы шыққан кісі екеу болса, біреуі мен едім. Сол пікірім ұлы отан соғысының алғашқы жылдарына дейін өзгерместен келді. Ал, 1942 жылы қазір осында қайта-қайта аталып жатқан кітабымда бұрынғы дұрыс пікірімнен шұғыл бас тарттым. Ашық түрде, большевикше мойындаймын, бұл менің қателігім. Бірақ, сын ретінде, менің әлгі қателігіме сол кездегі жауапты қызметкердің бірі Әбдіқалықов жолдастың да мықтап ортақтасқандығын, тіпті, менің қателесуіме қолма-қол себепші болғандығын айтпай өте алмаймын» («Әдебиет және искусство», 1951, №8).

4.

Сөйтіп, өңештеу науқанына өрт қойылды да лаулай жөнелді. Сәбит Мұқановтың өзі баяндамашыдан кейін іле сөз алды.

С.Мұқанов: «Түймедей болсын, түйедей болсын, бәрібір, күнәнің аты – күнә. Сондықтан: «Мен аз қателестім» немесе: «Оның қатесі көп» – деп, дәрменсіз дәлелдер іздеп жатудың керегі жоқ. Кінәлісің бе, мойныңа ал кінәңді!.. Аз ба, көп пе, әңгіме онда емес, әйтеуір мен де қателестім, онымды түп-түгел мойындаймын. Баяндамашы:«Кенесарыға көптен қарсы С.Мұқанов пен Х.Жұмалиев жолдастардың кенет өзгергені қалай?» – деді. Дұрыс сұрақ. Өз қатемді адалдықпен мойындай тұра, осы сұраққа жауап бере кеткім келеді. Себепсіз салдар жоқ, жолдастар! Турасын айтуға керек, Қазақстанда совет өкіметі орнағаннан бастап-ақ, Кенесарыға батыл қарсы шыққан кісі екеу болса, біреуі мен едім. Сол пікірім ұлы отан соғысының алғашқы жылдарына дейін өзгерместен келді. Ал, 1942 жылы қазір осында қайта-қайта аталып жатқан кітабымда бұрынғы дұрыс пікірімнен шұғыл бас тарттым. Ашық түрде, большевикше мойындаймын, бұл менің қателігім. Бірақ, сын ретінде, менің әлгі қателігіме сол кездегі жауапты қызметкердің бірі Әбдіқалықов жолдастың да мықтап ортақтасқандығын, тіпті, менің қателесуіме қолма-қол себепші болғандығын айтпай өте алмаймын» («Әдебиет және искусство», 1951, №8).

«Тонна тарта ма, пұт келе ме, бірібір, күнәнің аты – күнә» дейтін С.Мұқанов та ақталу сөзінде жаласын жатқа жауып шыға берді. Орталық комитеттің хатшысы Әбдіхалықов жолдас шақырып алып, Корней Зелинскийдің Жамбыл туралы мақаласында Кенесарыны сынаған пікірі қате екенін ескертіп:

«Бұл қатені түзетіп, Кенесарыны халық қаһарманы етіп көрсету туралы тапсырма берді. Міне, осы нұсқауды жетекшілікке ала отырып қазір үзінді келтіріліп жүрген «атақты кітабімді» жаздым. Мен ертең сіздерге қолжазбамды әкеп көрсетемін, онда Кенесары халық жауы ретінде әшкереленген. Менің қолжазбам Орталық комитеттің қолына түсіп қалыпты да, мені сол кездегі үгіт-насихат бөлімінің бастығы Ахметов шақырып алып: «Кітаптың мына күйінде шығуына рұқста бермейміз»,– деді. Онда қандай бағыт беретінін сұрадым. Ол: «Әбдіхалықовпен сөйлестіңіз бе? Ол қандай нұсқау берсе, сол тұрғыда жазасыз»,– деді. Мен: «Бұл жеке адамның емес, партияның көзқарасы осындай шығар», деп ойладым. Республиканың үгіт-насихат жөніндегі хатшысына сенбеуіме бола ма, соның мәжбүрлеуімен менің кітабімнің ішіндегі пікірді жаздым. Мен түсінемін және қайталап айтамын, көп болсын, мейлі, аз болсын, жексұрындықтың аты – жексұрындық, мен өзімнің қателіктерім үшін өзімді кешірмеймін»,– деп жалтарды.

Сәбит Мұқановтың сол кездегі Орталық комитеттің хатшысы М.Әбдіқалықов жаздырды деп отырғаны «Қазақтың ХҮІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктері» атты 1942 жылы жарияланған монографиясындағы «Бостандық күресі» атты тарауындағы  пікірлері  еді. Соның ішінде Кенесары көтерілісі туралы С.Мұқанов:

«Ең алдымен, 1822 жылдың заңы шығып, қазақ халқын өзіне біржола бағындырып, қазақ феодалдарынан өзіне сенімді кісі тауып, ауыл арасына үкіметке сенімді мықты әкімшілік аппаратын құрғаннан кейін, патша үкіметі халықты ашықтан-ашық талау жолына түсті. Н.Тимофеев, Е.Федоров, «1837-1847 жылдары қазақ халқының өз тәуелсіздігі үшін күресуі» деген мақалаларында («Большевик Казахстана» №4, 1940 жыл) халықтың сол кездегі күйзелушілігіне мынадай мысалдар келтіреді: «қазақ халқын патша үкіметінің бүлдіруінде өте зор рөлі болған «репрессия» дейтін заң, екінші сөзбен айтқанда, қарулы орыс әскерінің қазақ ауылына шабуыл жасауы, талауы, малын айдап алуы, қазақтың балаларын тартып әкетуі т. т. Бұл зорлық пен талауда олар, қазақ халқы керуенді талапты-мыс, орыс қалаларына шабуыл жасапты-мыс деген өтірік жалаларды сылтау қылды. Бұл «репрециялар» көбінесе, хан мен сұлтандардың ұлықсатымен болды, олар өздеріне қарсы шыққандарды осылай талатып, ықтырып отырды...

«Қазақ халқының хәлі ауырлағандығы сондай, сол кездегі Россия патшасы І Александр, 1808 жылы, 25-майда Оренбург губернаторы Волконскийге былай деп жазады: «Оренбург төңірегіндегі көшіп жүрген қазақтардың хәлі ауырлағандығы сондай, олар бір жақтан, амалсыз талау жұмысына кіріссе, екінші жақтан Хиуаға апарып, балаларын сатады» .

«Орта жүз қазақтарының кедейленуі сондай,– деп жазды Тройцкий қаласындағы таможня 1802 жылы сауда министрі Румянцовқа, – олардың көбі осы маңда жалаңаш-жалпы, еркегі, әйелі, балалары қаңғырып қайыр сұрап жүреді. Бұлардың хәлі аянышты, көзге ерекше түседі» .

1819 жылы, І Александр, қазақ балаларын сатып алуға, балаларды алып сатармен сауда жасауға рұқста етілген заң шығарды. 1832 жылы «Қырғыз-қазақ ордаларының тарихы» атты кітап жазған Алексей Левшин, «базарда қазақтың еркек баласының сатылатын құны 4, иә 5 қапшық арыш бидай еді, қыз баланың бағасы 3, иә 4 қап арыш еді»,– дейді және бір айда қазақтан жүз бала сатылғанын айтады. Халықты осылай талаған патша үкіметі, екінші жақтан, өзіне арқа тіреу болған қазақтың феодалдарын көтермелейді. Даланың қайдағы шұрайлы жерінен қазақ феодалдарына кең жер береді, оларға «дворян» деген атақ береді, сән-салтанат жасайды, қазақ феодалдарын орыс князьдары мен орыс дворяндарының дәрежесінде ұстайды.

Кенесары мен Наурызбайдың халық көтерілісін бастаудағы мақсаты туралы соңғы кезге шейін қата ұғым болып, оларды: «хандықты көксеушілер, қара басының пайдасы үшін, хан болу үшін көтеріліске қатынасушылар»,– деп бағалады. Бұндай қата пікірден, бір кезде, осы очеркті жазушы автор да сау болған жоқ. Кенесарыны демократтық идеядағы адам еді деушілер бар, ол, әрине, асыра бағалағандық. Кенесарының мақсаты − хандықты сақтау. Хандық − қанаушы таптың қолындағы құралы. Бірақ, осы хандықтың өзі адам баласының өркендеу дәуіріндегі белгілі бір сатыда халықтың елдігін сақтауға қажет және прогрестік құрал. Кенесары заманында қазақ ауылында, хандықтан басқа әлеумет билеу формасы болуы мүмкін емес, басқа форманы ол кездегі қазақ ауылының саяси-шаруашылық жағдайы көтермейтін еді. Сондықтан, егер, мемлекет басындағы хан патшаға сатылмай, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрессе, бұндай хан объективтік жағынан, халықшыл хан еді. Кенесары осындай хан, Кенесарыны одан артық көтермелеу − орынсыз идеалдау боп табылады.

Мәселе, Кенесарының хандық құрылысты қолдануда емес, отаршылық саясатқа, екі жақты талауға халық қарсы шығып көтеріліс жасағанда, Кенесарының халық жақта қалуында, халық көтерілісін бастап, қазақ халқының тәуелсіздігін қарулы көтеріліспен қорғауға тырысуында»,– деп жазып еді.

Ал редакциялық есепті мақалада бұл сөздер:

«Бұдан әрі «С.Мұқанов жолдас «Қазақ ССР тарихының» бірінші басылуындағы редакциясын басқарған Әбдіқалықовтың өрескел қателігін, дәлірек айтқанда, Кенесарыны халықтың жауы деп тауып, дұрыс жазылған пікірді өзгерттіріп, мадақтата жаздыртқанын айтты»,– деп («Әдебиет және искусство», 1951, №8) жазылды.

Осыған қарап академик Сәбит Мұқанов та дербес ғылыми көзқарас болды ма, жоқ па, соған күмәнданасың. Бірақ оған қысылып-қымтырылмастан «екінші мәселеге» – Әуезовке «жайлап қана ауысып» кетеді. Сол арадан қос тұлғаның шарпысуы басталады. Әңгімені М.Әуезовтің ең жанды жері – «Абай» романынан бастайды:

С.Мұқанов: «Мына бір жаңа көріністі қараңыздар: Кенесары туралы лап ете қалған өртті өшіріп үлгергеміз жоқ, Әуезовтің айналасынан тағы да өрт шықты. Ендігісі – Абай мектебі туралы мәселе. Мен бұл мәселе төңірегінде көп ойландым. «Ақын аға» атты тамаша романыңыздағы ең тамаша тұс Абайдың ақын шәкірттері суреттелетін кез. Сіз: бүркіт өзінің жұмыртқасын жылдың ең суық маусымында шайқайды, содан кейін тастүлек етіп құздан лақтырып жібереді. Сол тастүлек балапандар сияқты Абай да өзінің шәкірттерін қанаттандырып ұшыруға дайын,– деп жазасыз. Ал сіз ол балапандардың қалай қарай ұшатынын өз романыңызда көрсетпейсіз.

Әуезов: Пәлі, олар әлі балапан ғой (күлкі).

Мұқанов: Жоқ, олар онда ұшып жүр, бірақ Абай араласқан өмір тартысына белсенді қатыспайды, олардың әзірше халық өмірімен байланысы жоқ, заманынан оқшау тұр. Әуезов жолдас, менің ойымша, сіз оларды шәкірт болғандықтан ғана оқиғаға араластырмай отырған жоқсыз, сіз реалист жазушы есебінде жөндемі ештеңе ойлап табуға дәрменсіздік көрсеткенсіз.

Әуезов: Олардың өздері ойдан шығарылған кейіпкерлер емес пе.

Мұқанов: Жолдас Әуезов, сіз Абайдың шәкірттері деп көрсеткен адамдарыңыз сол атты ақтай алмайды-ау. Әй, сол күдігім шын боп шығатын сияқты. Өйткені, олар мұны іс-әрекетімен де, шығармашылығымен де, басқа да қасиеттерімен де өтей алмайтындай боп көрінеді маған, сондықтан да еріксіз сіз оларды Кенесарымен байланыстырғансыз, енді келіп оларды қорғамақ боласыз... Соның бір мысалы, Көкбайға Кенесары туралы дастан жаздыруға мәжбүр болғансыз.

Әуезов: Оның бұдан да басқа өлеңдері бар емес пе, (Әріп) төрт өлең (Ленинге) арнаған. Және мен Абайдың шәкірттерінің барлығы әулие деп айтып отырғамын жоқ қой».

Романдағы тастүлектерден Кенесарыны жырлаушылар шығатынын қиыннан қиыстырған бұл қисынын С.Мұқанов алдағы екі жылда одан әрі ұштай түсті.

Бұдан кейін мінбеге Мұхтар Әуезов көтеріліп, «өткендегі қателері мен ескі ойынан арыла» ұзақ сөйледі.

М.Әуезов: «Правда» газетіндегі мақалаға байланысты ҚК(б)П Орталық комитетінің қабылдаған шешімі республикамыздың идеологиялық майданындағы жаңа, кезеңді және маңызды оқиға. Біздің қателерімізді түзету арқылы партия бізге қайта-қайта көмек қолын созумен келеді және кеңестік ғылымды жалған антимаркстік, антилениндік жолға түсіп кетуден сақтандырды. Осы шешім арқылы біздің әрқайсысымыздың және осы уақытқа дейін адасып келген өзге де жолдастардың терең бойлап кеткен қателіктерін мойындап, түсінуді талап етуі заңды тілек.

Бұл қателік ауыр болды және ұзаққа созылды. Өйткені бұл қанатын кеңге жайған және өзінің шеңберіне тарих, әдебиет тарихымен қоса республикамыздың басқа да қоғамдық-саяси өміріне қатысты әр түрлі саларды қамтитын адамдардың басын қосты. ҚК(б)П  Орталық комитетінің шешімі мен баспасөздегі, соның ішінде «Правда» газетіндегі мақала арқылы тарихшылардың қателіктерін нақты көрсетті. Ал әдебиет пен әдебиеттану саласындағы кінәларіміз бен қателіктерімізді ашу біздің – әдебиет тарихшылары мен жазушылардың міндеті.

Мектеп оқушыларынан, студенттерден бастап көпшілік қауымның санасына дейін улаған зиянды тамырларға балта шабуға деген партиямыздың қарымды бастамасы мен ұмытылысына көмектесу – біздің парызымыз.

Мен сөзімді өзімнің қателерімнен бастаймын.

Менің «Хан Кене» деген пьесам болды. Қазақ Ғылым Академиясы ұжымындағы жиналыста да, ғылыми-зерттеуден тыс әдеби шығармашылық қызметімде де өзімнің бұл шығармама тиянақтап тоқталғам жоқ. «Хан Кене» пьесасы мен сол кездегі өзімнің саяси қателіктеріме бүгінгі өтіп жатқан әдебиетшілердің арасындағы осы мәжілісте кеңірек түсінік бере кетуді жөн көріп отырмын.

Бұл пьеса 1928 жылы жазылды және онда автордың ұлтшылдық ұстанымына баса көңіл бөлінді. Алғашқы нұсқасы сахнада қойылған жоқ, жарияланған да емес,  сол қолжазба күйінде қалды. Тек бес жыл өткеннен соң, 1933 жылы менің «Еңлік-Кебек» деген пьесам сахналық қалыпқа түскеннен кейін ғана театр қызметкерлері «Хан Кене» пьесасын қою туралы әңгіме қозғай бастады. Әртүрлі деңгейдегі мекемелермен кеңестім, олар бірқатар өзгерістер мен өңдеулер жасауымды ұсынды. Мен бұл талапты орындадым, сөйтіп, 1934 жылдың басында оның премьерасы өтті, сол премьерадан кейін тоқтатылды. Оған екі түрлі сыни пікір білдірілді. Қатты сынаушылар да және жағымды баға берушілер де оны репертуардан алып тастау туралы емес, қойылымды уақытша тоқтата тұрып, ішінара өзгерістер енгізіп, содан кейін қойылымды сахнада қайта жалғастыру туралы ұсыныс айтты. Пьесаның ішкі құрылымы қойылымнан соң сыншылардың сол кезде көрсеткен саяси қателіктеріне сай өңдеуге келмейтінін түсіндім. Пьеса сол саяси қате күйінде және кеңестік көрермендерге керексіз дүние болып жабық қалды. Сыншылардың ауызша және баспасөз бетінде айтылған тілектеріне қарамастан, оған қайтып оралудан бас тарттым».

Бұл сол кезде жарияланған С.Сейфуллиннің, Ғ.Мүсіреповтің «Хан Кенені» сақнадан аластату, І.Жансүгіровтің ішінара өзгертулер енгізу туралы «Социалистік Қазақстанда» жарияланған мақалалары болатын. Ол екеуінің атын атауға болмайтындықтан да Ғ.Мүсіреповті ғана көрсеткен.

М.Әуезов (жалғасы): «Осыған орай айта кетерім – менің пьесама және ондағы рөльдер мен Кенесарының жеке басына қатысты ең әділ сынды ж.Мүсірепов айтты. Мысалы, өзге сыншылар маған пьесаның мазмұнын Патшалық Ресейдің режиміне қарсы күрес бағытында өрістетуді ұсынды. Ал Ғабит Мүсірепов: қазақ еңбекшілерінің патшаға қарсы күресін Кенесары қозғалысына қатысты емес, 1916 жылдың оқиғалары негізінде көрсету керек – деп дұрыс бағыт берді. Ал Кенесарыға: халықтың тілегі мен іс-әрекетіне қарсы реакционер хан – деген қатулы баға берді. Сөйтіп, ол пьесаны былай ысырып қойдым, қайтып оған оралғамын жоқ.

Пьесаны тастап, енді оған қайырылып соқпау туралы шешім қабылдағаннан кейін, сол 1934 жылы Оқу ағарту комиссариатының тапсырмасы бойынша «ХІХ және ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихы» атты ұжымдық оқулыққа қатыстым және сол оқулық бойынша «Хрестоматия» құрастырдым. Соңғы екі еңбектегі: Бұқар жырау, Махамбет, Нысамбай, Шортанбай, Мұрат және Абай туралы тараулардың авторы – мен болдым және (олардың шығармаларын хрестоматияға) мен енгіздім.

Бұл мағлұматтарды, яғни, аталаған тараулардың авторы мен екенімді біле тұрып, Жұмалиев жолдас өзінің еңбектерінде, ХІХ ғасыр әдебиеті туралы оқулықтары мен ол жасаған оқу бағдарламаларында менің авторлығымды ескертпестен, Махамбетті бағалау жөніндегі менің пікірлерімді қате деп көрсетіп, жүйелі түрде сынаумен келді. Ал ол кітаптарда Бұқардың, Шортанбайдың, Мұраттың, соның ішінде ең бастысы Нысамбайдың (Кенесарының жыршысы) шығармаларына дәріптеуші тұрғыда емес, әшкерелеуші бағытта, таптық-саяси ұстаныммен, барынша дұрыс түсінік берілген. Бұл туралы кейінірек барынша толық тоқталамын.

Өзімнің 1934 жылғы сол еңбегімді естеріңізге сала отырып, қазіргі күнде Кенесары мен оның мадақшылары және осы кітаптар туралы әдебиеттермен тиянақты түрде айналысып жатқан тарихшылардың, әдебиет тарихшыларының назарын аудара  кеткім келді. Сондай-ақ, бұл жолдастар менің «Хан Кенедегі» қателігімді жою үшін 1916 жылғы оқиға туралы «Түнгі сарын» пьесасын жазғанымды да ескерер деп ойлаймын, ол 1935 жылдан бері жақсы бағаланып келеді. Мұны айтып отырған себебім, осы жағдайлардың барлығы, яғни, қателіктер мен оны жою жолындағы күрестің өзіндік ішкі тарихи және табиғи байланысы болғандығын көрсете кету».

Көркемдік талап деңгейінің тым қарабайырланып, әдебиеттің саясаттанып кеткені сондай, Т.Жароков та кейіпкердің өміріне араласып, тумаған сиырдың уызын қорғаштап:

«Бұған қосымша мен Әуезов пен Мұқанов жолдастардың тоғыз томдық басылымдары туралы айта кетпекпін. Әрине жақсы шығармалардың болғаны және олардың көп томдық басылымын шығарғаны жақсы, алайда олардың қалтарысында қатерлердің бұғып жатпауын қадағалау қажет. Әуезов пен Мұқанов жолдастар  көптеген қателер, ұлтшылдық қателер жіберді, сондықтан да ең алдымен олардың өзі сақ болғаны жөн. Олар өздерінің шығармаларын өздері тиянақты қарап шығуы тиіс. Онсыз болмайды. Мынадай мысал келтірейін: а/ Осы уақытқа дейін жақсы пьесалардың қатарына жатқызылып келген Әуезов жолдастың «Түнгі сарынды» қайтадан қарап шығуы тиіс. Себебі, оның басты кейіпкері,  1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі Мұғалім – ұлтшыл «Қазақ» газетінің оқырманы ретінде көрсетілген. Дәл қазір пьесаны мұндай күйде жіберуге болмайды. б/ Сондай жағымсыз шығармалардың бірі Мұқанов жолдастың «Балуан Шолағы». Онда Кенесарыға байланысты жіберген қатесін Мұқанов жолдастың өзі де мойындады. Бұл туындыны шығармалар жинағына қосу дұрыс емес»,– деп кейіпкерлерден де марксиз-ленинизм ілімі бойынша өмір сүруді талап етті

Соның нәтижесінде «Түнгі сарын» пьесасы да тиым салынған 30 шығарманың қатарына ілінді. Театрдың сахнасында ойналатын да спектакль қалмады.

М.Әуезов (жалғасы): «Жоғарыда айтып өткенімдей, әдебиет тарихшысы және жазушы ретінде де 1934 бастап  1947 жылдар аралығында Кенесары тақырыбына қайтып оралғаным жоқ. 1934 жылдан кейінгі өзімнің жеке еңбектерімде Кенесары тақырыбына жолағамын жоқ, алайда, соңғы жылдары ұжымдық еңбектің редакторы ретінде үлкен, аса үлкен қателік жібердім. Әңгіме – 1948 жылы жарияланған «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы туралы болып отыр. Мұндағы лиро-эпостар тарауына – «Наурызбай-Ханшайым» және тарихи жырлар тарауына – Кенесары, Наурызбай, Саржан, Ағыбай туралы мақалалар енгізілді. Біріншісін институттың сол кездегі қызметкері Қоңыратбаев, екіншісін – институттың сол кездегі директоры Исмаилов жолдас жазды.

Ондағы басты қателік – мақалалар тек мадақтауға ғана құрылды. Феодалдық, хандық құрылымның және Кенесары Қасымов пен Наурызбайдың қозғалысын жырлаған бұл жырауларды әспеттей мадақтады, әрине, бұл  мақала авторлары Исмаилов пен Қоңыратбаевтың қателіктерін ақтай алмайды. Сол қателіктің үлкен салмағы, әрине, маған тиесілі. Сондай-ақ, оны қолдап рецензия жазған Бәйішев, Дүйсенбаев, Сағындықов жолдастар, құрастыруға қатысқан Сауранбаев пен Мәлік Ғабдуллин де жауапкершілікті бізбен бірге көтеруге тиісті.

Сондықтан да, бірінші томның қайта басылымында бұл қателіктерді жою – менің басты парызым екенін мойындаймын. Ал сіздерден: тиісті кеңестеріңіз бен ұсыныстарыңыз, орынды сындарыңыз арқылы бізге көмектесулеріңізді өтінемін».

«Жаздым, жаңылдым» дегізіп алып, дегеніне көндіретін не сөндіретін сталиндік идеологиялық тәсілдің айла-амалын Мұхтар Әуезов өзгелерден көрі жақсы білетін. Мұндайда С.Мұқанов айтқандай, «құйрығы буырыл тартқан түлкінің бұлаңына» салу да өзін-өзі ақтайтын. Бұл жолы да солай етті.

М.Әуезов (жалғасы): «Сөйтіп, өзімнің соңғы уақыттағы қателіктерімді мойындай отырып, ойлана отырып, Кенесары жөніндегі және Кенесарының идеологі, алғашқы насихаттаушылары, тамсана табынушылары болған ХІХ ғасырдағы ақындар – Досқожа мен Нысамбай туралы әдебиеттерді ақтарып шықтым. Ол ақындар – Кенесарының қозғалысын қостаушылар Кенесары жөніндегі мадақтаулар мен жоқтаулардан басқа ештеңе жазған жоқ, демек, олар туралы жағымды сөз айту – Кенесары туралы да жақсы пікір білдіру деген сөз. Қазақ авторларының тұтас бір кітап шоғырын қайталап оқығанымда мынаны байқадым: 1939-жылдан бастап 41, 42, 43, 46, 47, 48 және 49-жылдарға дейін шыққан және қазір де пайдаланып жүрген қазақ әдебиетінің тарихы туралы оқулықтардағы көптеген еңбектерде, очерктерде, зерттеулерде, мақалаларда, ең аяғы жыл сайын шығып тұратын Жоғары оқу орындарына арналған бағдарламалардан бір бағытта, шырматыла тізбектеліп, табанды түрде жалғасып келе жатқан жағымсыз бағалар мен қателіктерді аңғардым. Әрине, солардың арасында буржуазиялық-ұлтшыл ұстанымдағы Бекмахановтың кітабі ерекше дара көрінеді.

ҚК(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы Тіл және әдебиет институтындағы идеологиялық қателіктер туралы тарихи шешімі Кенесарының жеке басы мен оның орыны және оның нөкерлері Досқожа мен Нысамбай ақынның мұралары туралы пайымдауларға өзгеріс әкелмеді. Үнсіз келісімнің негізі бойынша: айтылған сын тек «зар заман» ақындарына ғана тиесілі сияқты көрініп, Кенесары мен оны жырлаушылар сын көзінен қағыс қалды. Сондықтан да, бұл зұлымдықтың тамырын анықтап, зиянын анықтап, оны тамырынан отап тастау үшін жоғарыда аталған еңбектердің барлығын талқыға салуымыз керек. Одан да әрі көз салып, Абайдың және оның шәкірттерінің қателіктерін олардың қайшылығы ретінде қарастыру керек.

Мен, 1939-жылғы еңбектерді атап өттім. Мұның қатарына жоғарыда мен атап өткен бірінші томнан басқа (менің редакторлығыммен шыққан): Исмаиылов жолдастың оқулықтары, мақалалары, баяндамалары, профессор Жұмалиевтің 1941 жылдан бастап 42, 43, 46, 48, 50-жылдары басылған оқулықтары, Марғұлан жолдастың мақалалары, Мұқанов жолдастың «Очерктер» кітабы, Мұқановтың , Ғабдуллиннің, Кәрібаевтің және Оқу министрінің орынбасары Ә.Шәріповтің қатысуымен жасалған профессор Жұмалиевтің ХІХ ғасыр әдебиетінің жоғары оқу орындарына арналға бағдарламалары жатады.

Жұмалиевтің 1941-жылдан бері шығып келе жатқан ХІХ ғасыр әдебиеті бойынша жоғары оқу орындарына арналған бағдарламаларында тек қана Кенесарыны шексіз мақтаған, дәріптеген, жоқтаған пайымдаулар орын алған. Досқожа мен Нысамбайды дәріптеген жоғары бағалар берілген, бұл ақындар туралы жоғарыда: Кенесары жөніндегі мадақтаулар мен жоқтаулардан басқа ештеңе жазған жоқ, демек, олар туралы жағымды сөз айту – Кенесары туралы да жақсы пікір білдіру екендігін  айтып өткен болатынмын. Жоғары педагогикалық оқу орындарына және мүғалімдер институтына арналған ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихының бағдарламасының 1948 жылғы басылымында тура оның 1941-42 жылғы оқулығында айтылғанындай:

«Соңғы ақынның дастанында (әңгіме Нысамбайдың «Кенесары – Наурызбай» дастаны туралы болып отыр) – Кенесары, Наурызбай бастаған көтерілісі дұрыс, өмірлік шындыққа сәйкес жан-жақты көрсетілген. Наурызбай, Бұқарбай, Бұғыбай, Ағыбай, Ораз сияқты  т.б. батырлардың образын эпостық деңгейде ақындық шеберлікпен сомдаған»,– деп баға береді. Міне, Нысамбайды дәл осылай сөзсіз біржақты, жағымды, әрі жоқтаушы  жыршы ретінде суреттейді, демек, ол арқылы Кенесарының да әрекетін әспеттеп отыр. 1949 жылы басылған «Қазақ әдебиеті» атты оқулығының І бөлімінде де автор өзінің осы ұстанымын қостайды. Ол осында 144-бетте Ломоносов, Карамзин және Пушкин жөніндегі Белинскийдің пікіріне сүйене отырып: «Біз Бұқар жырауды жазба әдебиетіміздің басы дегенде, Бұқар жыраудан бастап Абайға дейін үзілмейтін алтын өзек, байланыс бар – деген тұжырымды қуаттаймыз. Егерде Бұқар ең алғашқы атақты ақын болса, солардан кейін Дулат, Махамбет, Шернияз, Нысамбай, Шортамбай, Мұрат, т.б.  жалғасын табады»,– деген ақылға симайтын тұжырым айтады. Демек, Абай мен Махамбет феодалдық хандықтың жыршысы Бұқармен, Нысамбаймен, Шортамбаймен, Мұратпен бір қатарға қойылған, зерттеуші үшін бұдан да сорақылығы, бұл пікірлер бұл ақындарды сөзсіз реакционер, халық мүддесіне жау ретінде бағалаған ҚК(б)П Орталық комитетінің шешімінен кейін жазылып отырғаны.

Бұдан артық барынша шектен шыққан, барынша ғылымға қарсы, маркстік танымға қарсы деп сыналған буржуазиялық бірыңғай сана ағымы теориясымен жазылған пікірдің болуы мүмкін емес.

Кенесары мен Нысамбай және басқа да ақындар туралы ең үлкен, ең өрескел қателікті Исмаиылов жолдас жіберді. Турасын айтайын, 30-жылдардың соңынан бастап таяу уақытқа дейін Исмаиылов жолдас өзінің мақалаларында, кітаптарында, баяндамаларында Кенесарының ең белсенді насихаттаушысы, әспеттеушісі және жоқтаушысы болып келді. Ол аздай, Кенесарыны әспеттеуде ол халық ақындарына, жазушыларға өте зор ықпалын тигізді.

Мұқанов жолдастың «ХҮІІІ және ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің очерктері» атты кітабында да өте өрескел қателер көп. Жиырмасыншы жылдары Кенесарыға дұрыс баға беруден бастаған Мұқанов жолдас сондай таңқаларлық әрі түсініксіз себептермен құбылып түсті де, Кенесарының нағыз қарсыластарының жағынан оның нағыз қолдаушыларының жағына өтіп кетті.

Енді, тағы бір тарихи шындық пен әділетті қалпына келтіру үшін өзімнің 1934 жылғы жоғарыда аталған «Оқулық» пен «Хрестоматияға» кірген Нысамбай мен Кенесары туралы авторы мен болып табылатын сыни мақалама оралайын. «Хан Кене» пьесамдағы қателіктен кейін сол кездегі талапқа сай кеңес ғалымының ұстанымына көштім. 1934 жылғы ХІХ және ХХ ғасыр «Хрестоматиясында»:

«Нысамбай сол жолды таңдап алды және өзінің жырын жоқтауға айналдырды. Бұл жоқтау Нысамбайдың таптық сыпаты мен бағытын көрсетеді. Ол өз билігін ханмен бөліскен адам емес. Алайда ол ханның билігінен табылатын ақын. Ол – жұбатушы, көңіл көтеруші, әміршіні халық алдында мадақтап өлең шығарушы ақын. Ол ханның көңілін табуға ұмтылды, үстем таптың жақтаушысы, жыршысы болды»,– деп жаздым (11-бет). Ал сол 1934 жылғы Кенесары туралы очеркте: «Айналып келгенде, барлық байлам – Кенесарының жеке хандығын қамтамасыз етуге, таққа отыруға, даңққа жетуге әкеліп  тіреді, міне, қандай сәттер болған. Мұны Кенеге жақын батырлар тобы қостаған. Олардың мақсаты – Кенені хан сайлау, сөйтіп өздерінің билігін жүргізу (31-бет).

Міне, менің осы пікірім кейін Жұмалиевтің оқулығында бірнеше қайталанып сыналды. Жұмалиевтің сол оқулығының 22-бетіне назар аударуларыңызды сұраймын. Онда ол кітаптың авторының атын атамастан бағдарлама мен хрестоматиядағы пікірді сынап: «Ол материалдарда көтерілістің халықтық мәні, халықтың тәуелсіздік үшін күресі, халықтың басын қосып, осы көтерілісті ұйымдастырған, бастаған Кенесарының орыны көрсетілмеген, керісінше, қозғалыстың прогрессивті маңызы көмескіленген»,– деп жазған. Мұны өзге де авторлар қайталап пайдаланды».

Арасында Абайдың ақын шәкірттеріне тоқтала кетіп, содан кейін негізгі тақырыпқа – Кенесарыға қайтып оралған бұл пікірлердің де өз астары болатын. Алдағы «аламан науқанның» ұзақ талқысы тұсында әркім бір бетіне баса бермес үшін «өзін өзі әшкерелеген». Сонымен қатар «идеологиялық майдандағы» жалғыз «жау» болып көрінгісі де келмеген. «Көппен көрген ұлы той» болсын деген пиғыл да қылаң беруі мүмкін.

М.Әуезов (жалғасы): «Міне, мен Кенесары мен Нысамбай туралы 1934 жылы жазған соңғы мақаламнан соң 1947-1948 жылдарға шейін, қашан «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томына редактор болғанша үндемей жүрген кезде осындай да оқиғалар болды.

Ал жолдас Жұмалиев Нысанбай туралы ғана емес, сонымен қатар Бұқар, Шортанбай, әсіресе, Мұрат туралы бұрынғы өрескел қателіктерін ҚК(б)П  Орталық комитетінің шешімінен кейін де жалғастырып келеді. Бұл қателіктер мынадан көрінеді, жолдас Жұмалиев жолдас ҚК(б)П  Орталық комитетінің  шешіміне орай оларды феодализмнің ақындары, қанаушы таптың идеологтары ретінде атай келіп, тікелей әдеби талдауға көшкенде оларды шебер ақын ретінде жоғары бағалап, шығармаларын бір ыңғай мақтай жөнеледі. Соңғы оқулығында ол Бұқарды шектен тыс әспеттеп, жыраулардың атасы, жазба әдебиеттің басы деуге дейін барды. Хандықтың бас идеологы, феодалдық сарай ақыны жөнінде осындай пікір білдірген.

Әрине, Ж.Жұмалиев оқулықтарды құрастырушы ретінде белгілі және онымен бұрыннан айналысып келеді. Осы арада оның өте елеулі кемшілігін айтпасқа болмайды. Оның саяси қателіктеріне әділ сын айтсаң, Ж.Жұмалиев сол арада өзгенің қателіктерін термелей жөнеледі. Өзінің қатесін өзгелердің өткендегі қатесімен бүркемелегісі келеді. Басқасын былай қойғанда, осы арада ең бір заңды және түйінді сұрақ туындайды: өзінің кешегі қатерлерін осылай жуғысы келген, өткендегі қателерін мойындаған сол автордың кітабына сілтеме жасадыңыз ба? Ол сілтеме жасаған жоқ. Оны өзінің пікірі ретінде көрсетті. Ендеше сол пікірлер мен қателерді, өзінің кінәсін ашық мойнына алсын.

Осы айтылғандардың барлығын – біздің әрқайсымыздың қатеміз бен кемшілігімізді обьктивті түрде көрсетіп, партия көрсеткен саяси қателерімізді жоюға көмек қолын ұсынып, бағыттап отыратын көпшілік қауым да ескеруі тиіс.

Сонымен қатар, партия мен ауқымды да әділ көпшілік қауым кейбір сөйлеушілердің (Мен Тіл және әдебиет институтының қызметкерлері арасындағы пікір таласын айтып отырмын): жеке адамның мұқым еңбек жолын жалаң сөзбен келеке етіп, өткендегі жіберген жекелеген қатерлері мен сілтемелерді бетіне шіркеу ете отырып, соңғы жылдардағы қол жеткізген нақты табыстарды мүлдем өшіріп тастағысы келген жойымпаздардың, қайталап айтамын, БК(б)П Орталық комитеті мен «Правда» газеті, Кеңес одағының жалпы көпшілігі қатал сынаған, ниглист Белик сияқты айқайшыл, раппшыл жаңа жойымпаздардың сөздерін байыппен талдап, тиісті шешім шығарады деп ойлаймын.

Осы арада өзімнің және ж.Жұмалиевтің, әсіресе, оның көпшілікке кең тараған оқулықтарындағы қателерін сынай отырып: Жұмалиевке қарсы ешқандай қызғанышым да, арам ойым да жоқ, өйткені онымен бөлісе алмай жүрген ештеңем жоқ, ол – менің, мен – оның қателіктерін көрсету – міндетіміз – дегім келеді. Пікір таласы болсын, пікір таластыра жүріп, партия, Сталин үйреткендей, шындықтың жолын табайық. Тек принципті, обьективті-партиялық, әділ сын, өзара сын болсын. Соны жетекшілікке ала отырып, көпшілік партия-кеңес қауымының күнделікті көмегіне сүйене отырып, біз – зерттеушілер мен жазушылар жас кеңес ғылымы, оның ішінде Қазақстан тарихы мен мәдениет тарихын зерттеу барысында тұйыққа тірелген әдебиеттану саласы осы ауқымды да ауыр жағдайды бұзып шығады және оған міндеттіміз деп есептеймін».

Сөзінің соңында Қ.Жұмалиевтің Бұқар жырау туралы пікіріне айтылған сын, екі үлкен ғалымның арасындағы Абайдың ақындық мектебі туралы айтыстары олардың аражігін мүлдем ашып тынды. Тіпті бір-бірін жеккөрінішті етіп көрсетуге дейін барды.

Қ.Жұмалиев: «...Кенесарыны, Наурызбайды және басқаларды Алашордашы ақындардың қалай мақтағаны қазақ зиялыларының көпшілігінің есінде шығар. Мұны жоққа шығарудың өзі, ақиқатты бұрмалау болып табылады. Автордың (Е.Бекмахановты айтып отыр – Т.Ж.) мұндай көзқарас ұстанған өзге де әдеби нұсқалар туралы пікірін айтуға болады. Мысалы, «Наурызбай – Қаншайым» мен «Жасауыл қырғыны» дастандары: Қасымовтың ерліктерін паш ету үшін, оның есімін ел есінде мәңгілік қалдыру үшін шығарылған (44-бет) – деп пайымдайды автор. Онда бұл дастандардағы Қасымовтардың бейбіт тұрғындарды қырғынға ұшыратқан, малдарын тартып алған, қорғансыз адамдарды өлтірген заңсыз қылықтары қалай әшкереленбек. Автордың Абай сияқты өзге де аса көрнекті адамдарды өз жағына тарту ниеті байқалады. 49-бетте Бекмаханов: «Кенесарының қазақтың тәуелсіз мемлекетін құруға ұмтылысын жоғары бағалаған Абайдың кеңесімен Көкбай өзінің «Абылай мен Кенесары» дастанын жазды»,– дейді. Профессор Әуезовтің: Абай Кенесары туралы дастан жазуға тапсырма берді-міс, – деп таратқан аңызын қазіргі уақытта жалған мәлімет деп есептеймін, бұрынырақта мен өзімнің кейбір жұмыстарымда мұны дерек ретінде пайдалансам да, қазір оны ешқандай дерекпен расталмаған қауесет деп есептеймін. Алайда бұған Бекмаханов өз жанынан: Абай да жоғары бағалаған – деген аңызды қосып қойды.

Мұндай деректік және методологиялық сыпаттағы қателіктер Бекмахановтың кітабында өте көп және бұл Қазақ ССР тарихын жазуда аса принципті мәселе болып табылады. «Правда» газетінің Кенесары Қасымов қозғалысы жөніндегі бағасын мен дұрыс деп есептеймін, онда: «Барлық тарихи деректер Кенесары қозғалысы революцияшыл да, прогресшіл де болмағанын баяндайды. Бұл қазақ халқын кері, патриархалдық-феодалдық тіректің бекуіне, ортағасырлық хандық өкіметтің қайта орнауына, Қазақстанның Ресейден және ұлы орыс халқынан қол үзуіне әкелген реакцияшыл қозғалыс болды»,– делінген.

Ал біздің әдебиеттанушыларға келетін болсақ, онда оған тарихи тұрғыдан кейбір анықтамалар бере кетуді өзімнің парызым деп есептеймін.

Кенесары Қасымов бастаған қозғалыс туралы алғашқы мәселе 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетіндегі жазушы Сәбит Мұқановтың: бұл – феодалдық-хандық, демек, халыққа қарсы және реакциялық көтеріліс,– деген мақаласында көтерілді. Кенесарының көтерілісі туралы пікірді жазушы Әуезов 1933 жылы 7-сыныпқа арналған әдебиет оқулығында көтерді, бұл көтерілістің феодалдық мәнін жоққа шығармаса да, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов бастаған көтерілісті Кенесарының қозғалысымен қатар тақтаға қойып, олардың арасынан ешқандай айырмашылық көрмеді. Оның үстіне Әуезов 1935 жылы Кенесары жөнінде өте жоғары баға берді. Өзінің теріс көзқарастарын бекіту мақсатында «Хан Кене» пьесасын жазды. Ол Қазақтың академиялық драма театрының сахнасында қойылып, бірінші қойылымнан кейін идеологиялық тұрғыдан зиянды шығарма ретінде сахнадан алынып тасталды. Бұл пьеса туралы жазушы Мүсірепов 1935 жылы мамыр айында («Соц.Қазақстан» газетінің бетінде) мақала жариялап, қате және зиянды пьеса деп сынады. Ғ.Мүсірепов: «Ал, бұл хан Кене (яки Кенесары) пьесенің басынан аяғына дейін күшті, қайратты «қиырға көз салған» ер болып суреттелген дедік. Және «қиырға көз салған» ер болып суреттелгенде, ұлтшыл, «қазақшыл», «халықшыл», «отаншыл» ер болып суреттелген. Бұл пьесасында да, бұрынғы пьесалары «Еңлік-Кебек», «Қаракөздердің» сарынымен қазақ елінің ескілігін арман қып, ескі хандардың жұрнағы – «елім» деген ұлдарын, Кене хандардың өлімін, қаһармандығын мұраттаған, жоқтаған пьесесі»,– деп (үзінді Ғ.Мүсіреповтің мақаласының қазақша мәтінінен алынды – Т.Ж.) жазды. Міне, Кенесарының бейнесі арқылы автордың неге шақырғаны және оның неге арналғаны, міне, осыдан-ақ аңғарылады...

... Дулаттар қырғыздармен келісіп алып Қасымның ұлдарын қалдырып кетеді. Бұл, кейбіреулер айтып жүргеніндей,  олардың қырғыздарға сатылып кеткендігінде емес, Кенесары қырғыздарды жеңіп кеткен жағдайда Абылайдың тұқымдары өздерін қырғыздың манаптарынан кем ұстамаған болар еді. Міне, ең қиын сәтте дулаттықтардың Қасымның ұлдарын тастап кетуінің себебі осында.

Кенесары мен Наурызбайдың өзінің «жақтастарының» көбейтуінің басты сыры – олардың жасағының бағынбағандарға қарсы көрсеткен зорлығы мен қатыгездігінде. Кенесары мен Наурызбай бастаған көтерілістің беделін Исатай мен Махамбеттің көтерілісімен еш салыстыруға келмейді. Халық Кенесарыға өзінің қорғаушысы деп емес:

Баласы Абылайдың Қасым туған,

Туғаннан-ақ өзгеден асып туған.

Туғанда анасынан қан шеңгелдеп,

Қызартып екі көзін ашып туған, –

қанішер деп қарады.

Міне, мен Кенесары Қасымов пен оның серіктерінің қозғалысын 1937–38 жылдары осылай бағалағамын және бұл қозғалыс жөніндегі бүгінгі бағамен қайшы келмейді.

Бұл мәселе жөніндегі талас 1940 жылы қайта қозғалды. Газет, журналдардың бетінде Қасымовтың қозғалысы жөніндегі менің пікіріме қарсы Төлешев, Бекхожин, Исмаиылов, Бекмаханов т.б. жолдастар сын пікірлер білдірді. Жұмалиев пен Мұқановқа қарсы өткір сындар айтылды. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1940 жылғы 16-қаңтар күнгі санында жоғарыда көрсетілген «Махамбеттің өлеңдері» атты жинақ туралы Төлешев жолдастың мақаласы жарияланып, менің Кенесары туралы пікірлерімді сынға алды. «Жұмалиев Кенесарының көтерілісі туралы мүлдем теріс пікір білдірген. Жұмалиев: «Кенесары еңбекші тапты қанаушылардың бірі»,– деп есептейді, ал Шестаков оны: «Бұқараның бақыты үшін күрескен...»,– дей келіп Төлешев Шестаковтың беделіне сүйеніп: «Өзінің халқының бақыты үшін және азаттығы үшін күрескен адамды қанішер деуге Жұмалиевтің қандай қақысы бар еді»,– деп ашуланды. Төлешевтен кейін іле «Әдебиет және искусство» журналының 1941 жылғы № 5 санында ақын Бекхожиннің мақаласы шықты, оның өзі де Наурызбай мен Кенесарының ерліктерін мадақтаған «Сабалақ» және «Батыр Науан» дастандарының авторы болып табылады. Ол да менің Кенесарыға берген бағамды сынап: «Қажым Жұмалиевтің басты қателігі сол, ол: Исатай мен Кенесары қозғалысының қозғаушы күштері мүлдем басқа. Исатайдың қозғалысы халық мүддесінен туды, ал Кенесарының қозғалысы халыққа жат еді,– деп пайымдауында» – дейді де, бұдан әрі: Кенесары мен Наурызбай және басқа батырлар халықтың адал ұлдары болды, олар өз отанының патриоты еді,– деп баяндайды.

Кенесарының барып тұрған қорғаушысы Исмаиыловтың, содан кейін Кенжебаевтің және басқалардың көптеген пікірлеріне бұл арада тоқталып жатпаймын. Исмаиыловтың Кенесары үшін жан алып, жан беретін күрескер екенін, оның меншікті қорғаушысы, хан тұқымдарының тұрақты дәріптеушісі екенін қазақстандық барлық қауым біледі. Сондықтан да ол туралы артық өре жайылғым келмейді.

Бекмахановқа келетін болсақ, ол нағыз кенесарышыл ретінде, маған үнемі қарсы шығып, үнемі нақты дәлелі жоқ, қисынға қиыспайтын, тек бос сөзге құрылған, ешқандай айғақсыз ақылдымсыған сын айтумен болды. Ақылға симаса да бұл шындық. 1940-жылдан бастап менің атыма бағытталған сыни пікірлерінің кейбіреулері тіпті мына кітапта да жүр. Тағы бір мақаласында менің: Кенесары мен Наурызбай туралы халық дастандарында басты кейіпкер ретінде суреттелсе де, үнемі жағымсыз жағынан көрсетіледі,– деген пікіріме Бекмаханов өре түрегеліп, бастырмалата жөнеліпті...

Кейбір әдебиеттанушылардың осы уақытқа дейін Кенесарыны мақтаумен айналысып келе жатқанын айтуға тиіспін. Оған мысал ретінде, 1948 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының атынан тікелей М.Әуезовтің жетекшілігімен жарық көрген «Қазақ әдебиеті тарихының» І томын алуға болады, методологиялық жағынан зиянды бұл еңбекте Маррдың маркстік танымға қарсы көзқарасы, Радлов, Диваев т.б. буржуазияшыд ғалымдардың қате тұжырымдары орын алған, сондай-ақ Кенесары мен оның серіктестері дәріптеледі,  Кенесары туралы дастанды халықтық дастан деп жалған көрсетеді. Мәселен, 311-бетте: «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ұлттық тәуелсіздік үшін күрескен қазақ халқының аса үлкен күресі – Кенесары Қасымов бастаған халықтық көтеріліс»,– деп жазылған. Сондықтан да Әуезовтің редакциясымен жарық көрген бұл том – Бекмахановтың саяси зиянкес кітабімен қатар тұрады. Орталық комитеттің шешімімен бұл кітап шұғыл түрде талқыға салынып, қайта қарауды қажет етеді. Өйткені бұл том нағында кеңес студенттерінің  оқулығы болып саналатындықтан да, іс жүзінде оларды бізге жат рухта тәрбиелейтін болады.

Кенесарыны әспеттеудің және әдебиеттанудағы одан да басқа ұлтшыл идеялардың тұпнұсқалық қазығы – М.Әуезов болып табылады. Оның 1932 жылға дейінгі әрекетін айтпағанның өзінде, ол бұл идеяны 1933 жылдан қазіргі күнге дейін   жүргізіп келеді. Жолдастар, «Правдадағы» мақаладан кейін Кенесары туралы өзінің зиянды ұстанымын жалғастырып келе жатқан М.Әуезовтің әрекетін аса өрескел саяси қателік деп есептеймін. Таяуда ғана, 1951 жылы 7-көкек күні Қазақ ССР ғылым академиясының  қоғамтану ғылымдары институттарының біріккен ғылыми Кеңесінде Мұхамедхановтың қорғауы болды, онда Абайдың ақындық мектебі және Кенесарыға қатысты көптеген мәселелер талқыланды. «Кімді Абайдың шәкірті деп танимыз?»,– деген мәселе кеңінен қозғалды...

Әуезов сонда Көкбайдың «Кенесары – Наурызбай» дастанын Абай мектебінің үздік өкілінің шығармасы ретінде атап өтті... Дастанда Наурызбай кімді өлтіреді? Орыстарды. Кімнің қаласын өртке орайды? Орыстардың. Көкбай Кенесарыны неге мадақтайды? Бір жолда 99 өзбекті өлтіргені үшін. Қасымовтарды ақын не үшін мақтайды? Қырғыз бен қазақ елінің бейбіт тұрғындарын қатыгездікпен, аяусыз қырғаны үшін. Міне, Әуезов кімді Абайдың шәкірті, халық ақыны деп есептейді. Әуезовтің бұл пікірімен келісеміз бе, Әрине, жоқ...».

Бұл ретте осыдан төрт жыл бұрын М.Әуезовтің Қ.Жұмалиевке қарата:

«Өзінің таңдап алған саласындағы пайымды, табанды ғылыми-зерттеу бағытындағы ізденістерінің нәтижесінде  Қ.Ж.Жұмалиев қазақ орта мектептеріне арнап бірқатар оқулықтар жазды. Солардың ішіндегі әдебиет теориясы туралы, ХІХ ғасырдағы әдебиет тарихы туралы оқулықтары толық орта мектептерге арналған негізгі оқу құралы болып табылады. Жұмалиев жолдас 1943 жылдан бастап жоғары оқу орындарына арналған  «Қазақ әдебиеті тарихының» көп томдығының аса жауапты тарауын («Қазақтың батырлық эпостары» туралы) жазуға табанды түрде атсалысып келеді. Қ.Жұмалиев жолдас жазған «Эпос туралы» тарау аталған «Тарихтың» фольклор жөніндегі І томына енді. Сонымен қатар соңғы жылдары Жұмалиев жолдас «Абай поэзиясының тілі» атты диссертациялық тақырыбын игерумен жүйелі түрде айналысты. Ғылым үшін аса маңызды осындай қиын да игілікті істі ұзақ жылдар бойы жүйелі зерттеудің нәтижесінде тақырыпты сәтті игеріп шыққан автор өзінің толысқан ғалым екенін танытты»,–деген сөзі еске түседі.

Сондағы шынайы пікір, шын тілек, тілеген ақ жол қайда қалды? Осыдан бір жыл бұрын ғана сондай жылылықпен жазылған:

«... Жолдас Қажым! Қазақәдебиет тарихының екінші томына арнап жазған Махамбет, Шернияз, Ыбырай турасындағы еңбектеріңіз, жалпы алғанда, жаңа томның көрнекті, ірі бөлімдерінің бірі боп бағаланады. Көлем жағынан да, сапа жағынан да томға елеулі еңбек қосқан автордың алдыңғы қатардағы бірі деп бағалаймыз. Еткен еңбегіңізді  осылай өз салмағымен, орнымен атаудың үстіне, енді осы бөлімдер және де армансыз бола түсу үшін әр тақырып туралы бірнеше тілек-талаптар айтпақшымыз»,–деген «өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» қазақы ағайындықты Қ.Жұмалиевтің төмендегі сөзінен аңғару қиын.

Қ.Жұмалиев: «Осы мәжілістегі М.О.Әуезовтің сөзіне келетін болсақ, ол мені де, қатысып отырғандарды да қанағаттандырған жоқ. Турасын айтайын, Кенесарыға байланысты мәселеде  өрескел саяси қате жібергендерге екі-ақ жол қалды: біріншісі – большевиктік турашылдықпен өзінің қателіктерін мойындап, оны түзету, ал екінші жол – өзінің сорлы менмендігінің тұтқынында қалып, жеккөрінішті қорқау кейпінде қалу» (сонда).

Бұдан басқа, үшінші жол бар болатын. Осы тартыстың нәтижесі бойынша: М.Әуезов – Қ.Жұмалиев емеуірін еткен «сорлы менмендігінің тұтқынында, жеккөрінішті қорқау кейпінде қалып» қоймай, оның өзі сияқты жиырма бес жылға жер аударылып кете баруы да мүмкін еді.

Қ.Жұмалиев те «қарызданып қалмай» «Абай жолы» романы арқылы М.Әуезовтің «ұлтшылдығын әшкерелегені» редакция алқасына ұнап қалса керек:

«Шығып сөйлеген профессор X. Жұмалиев жолдастың сөзі әрі мазмұнды, әрі ғылыми дәлелді болды. Ол Кенесары-Наурызбай қозғалысына байланысты әдебиет зерттеу еңбектеріндегі қателіктердің туу себептерін айта келіп, Бекмаханов, Әуезов, Исмаилов жолдастарды батыл сынады. – Профессор Әуезовтің Абай мектебінің көрнекті өкілі деп жүрген Көкбайы қазақ халқының зұлым жауы Кенесары мен Наурызбайды мадақтап поэма жазған. Сондай-ақ Әуезовтің Абай шәкірттері деп жүрген кейбір ақындары қазақ халқының дана ақыны Абайдың шәкірті деп айтуға татымайды,– деді Х. Жұмалиев жолдас»,– деп іштарта көрсетті.

Тістескен тамырлар бір-бірін улап барып, ажырасты. Олардың бұл шарпысуларынан ғылыми таластан көрі пенделік салғыласу басым түсіп жатты. Оны тарихшы Т.Т.Шойынбаев айтқан мына дерек те растайды. Сол бір арбасқан күндері қызметтен қуылған Қ.Жұмалиев қаражаттан қысылып, үйіндегі әппақ жиһазын несие дүкеніне өткізеді. Дүкеннің терезесінен соны көзі шалып қалған қаламгер: «Ә, солай ма екен?»,– деп еркін тыныс алыпты. Т.Т.Шойынбаев таңдана: «Сіздердің дұшпандықтарыңыз осындай ма еді?»,– деген сұрағына: «Қайдан білейін, қыртыңдап қоймаушы еді»,– депті де бұрылып кетіпті.

Осы дикуссияның жай-жапсарын «Ленинші жас» газетінің 1951 жылғы 4 көкектегі редакциялық мақаласы халыққа былай жеткізді:

«Е.Бекмахановтың кітабындағы ең елеулі кемшіліктердің бірі сол деді сөйлеушілер, – Бекмаханов мәселені ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Орта азия мен Қазақстанда қалыптасқан саяси жағдайға байланыстырмай, бөлек алып қарайды. Бұл мынадан көрінеді: кітапта Кенесарының Россияға қарсы күресіне ортаазиялық хандардың (Қоқанның, Бұқараның, Хиваның) ерекше мүдделі екендігі, ортаазиялық хандардың саясаты өз алдына Қазақстанның Россияға қосылуын кідірту сияқты негізгі міндет қойғаны, мұның өзі ағылшын отаршыларының мүдделеріне толық сәйкес келгендігі мүлдем айтылмайды.

В.И.Ленин өзінің бірқатар еңбектерінде ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында, бұдан кейінгі уақытта да, Англияның «бүкіл дүниежүзінің мастерскойының шикі материалдарымен айырбас ретінде оны жабдықтап отыруға тиісті барлық елдерге фабрикаттар жеткізушінің ролін дәмеленіп талап етіп келгенін» көрсеткен болатын. Ағылшын отаршыларының дүниежүзілік үстемдікке, шығыс халықтарын құл етуге осылай ұмтылуы Орта Азия мен Қазақстанды және оларға жапсарлас аудандарды барлаудың саяси сыпаты бар сансыз көп экспедицияларында айқын көрінді. Мәселен, 1825 жылы ағылшын шпиондары Муркрофт және Требек Бұхарада болған, 1833 жылы Бернс, 1836 жылы – Бернс, Вуд және Лич Амударияға дейін жеткен, 1842 жылы – Стоддарт және Конноли Бұхараға еніп кеткен. Осы жылдарда ағылшын агентері Хива мен Қоқанда аз болған жоқ.

Ағылшындар Кабулда, Ғиратта және Кандағарда резиденттер (өкілдер) ұстаған, олардың Орта Азия мен Қазақстанда толып жатқан шпиондық орындары болған. Ортаазиялық хандар шын мәнісінде ағылшын отаршыларының тура агенттері болды. Ағылшын отаршылары Россияға қарсы күресу үшін хандарды қару-жарақпен, оқ-дәрімен және ақшамен жабдықтап отырды. Хиваның ханы өзін «Хорезмнің ұлы шахы» деп жариялап, Орта Азия мен Қазақстанның халықтарын бағындыруға тырысты, мұның өзі оның тасасындағы Англияның пайдасы үшін істелген еді.

Бұл кезде Кенесары не істеді? Ол Хивадан қару-жарақ алды. Қару-жарақ, әрине, ағылшындікі. Ол Хиваға сыйлық ретінде орыс тұтқындарын жіберіп отырды. Хиваның базарларында оларды құлдыққа, қазақ қыздарын күңдікке сатты, еңбекші қазақ халқына тартып алған малдарды сатты. Бұл фактілер Кенесарының Хива ханы жөнінде және оны жақтаушы ағылшындар жөнінде көзқарасының қандай екендігін жеткілікті мөлшерде айқын көрсетеді.

Ортаазиялық хандар арқылы буржуазиялық саясатын жүзеге асырмақшы болған ағылшын отаршыларына қазақ халқының көзқарасы мүлдем басқаша болды. Бұл жөнінде мынандай мысалдарға ғана сүйену де жеткілікті. 1840 жылы ағылшын резиденті Аббот қарулы отрядымен Адай уезінде пайда болған кезде, оның қолындағы Хива ханынан алған бұйрықта хан: адайлық қазақтар оның өз өкілі – Абботқа бағынсын,– деп көрсеткен кезде, адайлық қазақтар Абботқа шабуыл жасап, оның отрядын талқандап жіберген. Бұл факті еңбекші қазақ бұқарасының Қазақстанды Россияға қосу мәселесіне, ағылшындардың Қазақстанды басып алу әрекеттеріне қалай қарағандығын ыспаттамай ма? Адал ниетпен зерттеген кісілер мұндай фактілердің талайын таба алады.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстандағы экономикалық және саяси жағдайды талдағанда ағылшындардың және олардың агенттері – ортаазиялық хандардың нағыз реакциялық және басқыншылық өрескел жоспарлары қандай екендігі, ағылшын капитализмінің саясаты Орта Азия мен Қазақстанның халықтарына не әкелетіндігі айқын көрінеді. Бұл талдау сол уақыттың өзінде-ақ Россия мен Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени байланыстары қаншалықты күшті және баянды екендігін, Қазақстанды Россияға қосудың тарихи маңызы қаншалықты терең прогресшіл екендігін көрсетеді. Әрине, мынадай факті тегін емес. 1846 жылы, Кенесары тонаушылық, зорлық істерін жүргізе беру үшін ұлы жүзге көшіп барып, қырғыз халқына шабуыл даярлаған кездің өзінде, ұлы жүздің қазақтары Россияның қол астында болуды ықтиярымен қабылдаған болатын.

Сөйлеушілердің кейбіреулері көптеген нақты материалдарға сүйене отырып, Бекмахановтың тарихты бұрмалағанын, біржақты қортынды шығару үшін фактілер мен тарихи документтерді әдейі (бұрмалап) келтіргенін көрсетті. Профессор Покровский өзінің сөзінде мынадай орынды мысал келтірді: Е.Бекмаханов өз кітабының 179-бетінде  Кенесарының Орынбор губернаторына жазған хатын келтірген. Осы үлкен хаттан ол мындай жалғыз сөйлемді алған: «Қазіргі бастықтар, ұлықтың күш-қуатын таратуды ойлап, жерді өлшеуде, бекіністер салуда, сөйтіп, халықтың мазасын кетіруде». «Халықтың мазасын кетіруде» – деген сөзді сылтауратып Бекмаханов Кенесары бейне бір халықтың қамын жеді,– деп дәлелдейді. Ол әлгі хаттың басқа сөздерін қалдырып қойған. Бұл тегін емес, өйткені, документте онан әрі қарай мүлде басқаша сөздер айтылады. «Бастықтарға қарсы келе алмаймын, қарсы тұрғым келмейді,– деп жазады онан әрі Кенесары, –  және қазірдің өзінде бекіністер салынған жерлерді сұрамаймын. Егер сіз ұлықтан – императордан біздің атамыздан қалған мұра бойынша маған тиісті Торғай, Ұлытау, Сарытау сияқты жерлерді, Есіл-Нұраның ар жағын сұрап алған болсаңыз, онда ұлық-император туралы дұға оқуға көндірген болар едіңіз. Бұл жөнінде жоғары бастықтардан қаншалықты сұрасам да, бірақ олар ешуақытта тыңдаған жоқ. Сіз осы уақытқа дейін маған қайрымды жақсы ниетте болып келгендіктен, ендігі жерде маған осы қайрымдылықты өзіңіз ара түсу арқылы әперерсіз деп сенемін». Сонымен, хаттың келтірілген тексті Бекмаханов үзіп алған сөйлемді, дәлел ретінде келтірген Кенесарының «халық сүйгіштігін» жоққа шығарып отыр. Архив материалдарын біржақты пайдаланудың осындай фактілері жалғыз-жарым емес».

Күнделікті баспасөздердегі даурықпаны былай қойғанда ой қорытып жазуға мүмкіндігі бар журналдық мақалалардың өзінде жоғарыдағы мазмұндағы сөздер қайталанып, астарланып, жұмырланып, саяси-идеологиялық жақтан салмақтанып үзбей жарияланып жатты.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522