Кітап оқитын ұрпақты өмірге қайта әкелу қажет!
Қазақстан халқы кеңестік замандарда «кітапты ең көп оқитын ел» қатарына жатушы еді. Елімізде ақын‑жазушылардың кітаптары жүздеген мың тираждармен басылып, ол түкпір‑түкпірде, шағын ауылдарда жұмыс істеп тұрған кітапханаларға таратылатын. Бұл, сол кездері, қазақты өз мәдениеті мен салт‑дәстүрін ажыраудан және экспансиялаушы орыс мәдениетіне түбегейлі жұтылып кетуден қорғаушы «рухани‑мәдени қамал» қызметін атқарғаны рас. Ұлттық әдебиет – ұлттық бірегейлікті сақтаудың бірден‑бір тетігіне айналған еді. Сондықтан, кітап осындай алып территорияны алып жатқан елдің салт‑дәстүрі мен тілін, мәдениетін бірыңғай етуге, қазақтарға «қазақпын» деуге жол ашып беріп отырды.
Алайда, тәуелсіздіктен кейін еліміздегі кітап өндірісі тоқырауға ұшырады. Баспадан шығатын кітаптардың тиражы ‑ мемлекеттік тапсырыспен болғанның өзінде ‑ екі‑үш мыңнан аспайтын күйге түсті. Осылайша, біріншіден, «кітап оқымайтын ұрпақ» өмірге келді. Екіншіден, ұлттың озық тұлғаларының ойлары, халықтық менталитет пен ұлттық мінезді қалыптастыратын ақын‑жазушылардың үні халыққа жетпей қалды. Оның зардабы да көп күттірген жоқ: халық өзінің ұлттық тұтастығы мен бірегейлігінен қарқынды түрде ажырай бастады, ұлттық тәрбие өзінің рухани өзегін жоғалтып алды. Нәтижесінде біз «отыз жылдық тоқыраудың» әсерінен «Бір ұлт – бір мемлекет» дейтін мемлекеттік даму деңгейіне жете алмадық. Ұлт ретнде ұйыса алмадық.
Есесіне, кітап нарығын кездейсоқ дүниелер басты. Қолы жеткеннің бәрі «кітап жазғыш» қаламгерлерге айналды. Тіптен, ақшамен кітапты тапсырыспен жазғызатын «авторлар» пайда бола бастады. Кітаптың рухани және мәдени салмағы арзандап кеткені соншалық, аракідік шығатын нағыз құнды кітаптар «төменгі сорттың» қалың шаңының астында қалып қоятын. Себебі, кітап құндылығын бағалайтын, оның оқырманға қандай азық берерін қадағалайтын орган жойылды. Тек «мемсилық бергенде» ғана комиссия жиналды. Оның өзінде комиссияда түкке тұрғысыз дүниелерді тамыр‑таныстықпен өткізіп жіберу сияқты келеңсіздіктер орын алып, ол мемсилықтың қадірін қашырды...
Енді осы мәселелер қолға алынатын болды:
- Біріншіден, кітап басу ісі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан бұл саланы дамыту үшін жаңа ереже қабылданады. Соған сәйкес кітаптар бірнеше сараптамалық сатыдан өтіп, тек үздіктері ғана жарық көреді. Жаңа ереже бойынша өтінімдер жылына екі рет қабылданып, түскен құжаттарды тексеруге 10 күн, қоғамдық талқылауға 15 күн, арнайы құрылған тәуелсіз комиссия қарауына 15 күн, сарапшылардың қорытындысын дайындауға екі ай беріледі;
- Екіншіден, егер бұрын қолжазбаға гонорар төленсе, енді оның орнына жаңа әдеби туындыларға грант берілмек. Яғни, биылдан бастап қаламгерлердің бір парақ жаңа туындысына 6 ең төменгі жалақы мөлшерінде грант төленеді. Мәселен, орташа есеппен алғанда, 160 беттік кітапқа 4 млн теңгеден астам қаламақы беріледі. Грант министрліктің жанынан құрылған сараптамалық комиссияның шешімімен бекітіледі. Ал кітапты басып шығару және сатылымға шығару құқығы автордың өзінде болады. Егер ол кітап бір жыл ішінде жарыққа шығып, кітап дүкендері арқылы сатылымда жақсы көрсеткіштер болса, оның кезекті басылымы мен таралымын мемлекет өз мойнына алады;
- Үшіншіден, аударма әдебиеті бойынша «Мәдениет туралы» Заңына бірқатар өзгеріс енгізілмек. Мемлекеттік тапсырыспен басылып шығатын әдебиеттердің электронды нұсқасы Ұлттық электронды кітапханада жарияланады. Бұл өз кезегінде электронды нұсқаларын жариялаудағы авторлық құқықтық шектеулерге сәйкес, әлемдік танымал туындыларды басып шығаруға мүмкіндік бермей отыр. Кітап басып шығаруға берілетін өтінімдер аясын кеңейту мақсатында бұл тармақшаны толығымен алып тастау ұсынылды;
- Төртіншіден, бестселлерге айналған әлемдік әдебиеттің классикалық әрі заманауи туындыларын қазақ тіліне аудару қазір жеке баспалар арқылы реттеліп жатыр. Енді баспагерлер авторлық құқығын алып, қазақ тіліне аударған белгілі шетелдік туындыларды мемлекеттік тапсырыспен басып шығара алады;
- Бесіншіден, жаңа ережеде сараптама комиссиясының әдебиеттерді оқып, қорытынды пікір жазу уақыты екі айға қысқарғандықтан, жұмыстың күрделілігіне қарай өтемақы көлемін екі есеге ұлғайту қарастырылмақ;
- Алтыншыдан, «Мәдениет туралы» Заңда жазушының мәртебесін айқындау ұсынылды. Бұл заңның толық жұмыс істеуіне септігін тигізеді.
Иә, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тым тәп‑тәуір кітап шығару Ережесін ұсынып отыр.
Дегенмен, біріншіден, Ережеде кітаптың тиражы оның мазмұны мен көркемдігіне және мағыналық жағымен байланыстырлмаған деуге болады. Мысалы, кей кітаптардың мәні ұлттық деңгейдегі мәселелерді қамтиды (мысалы, мемлекеттік‑ұлттық маңызды мәселелерді қозғайтын, не болмаса, көрнекті тарихи оқиғалар туралы кітаптар). Міне, осы сипаттағы кітаптарға ерекше категория беріліп, оның көркемдік түстары мұқият талқыланып (қайта‑қайта шығармас үшін), тек содан кейін ғана ол кітап қажетті тиражбен шығуы керек. Соған сай, автордың қаламақысы да қайта қаралуы керек.
Екіншіден, сонымен бірге, кейбір кітаптар «отбасылық шежіре» функциясын ғана атқаруы мүмкін. Ондай кітаптар «қоғамдық талқылау» не «тәуелсіз комиссия» деңгейінде кейін қайтарылып, баспалар үшін «отбасылық кітап» деген анықтама берілуі керек сияқты.
Үшіншіден, шытырман оқиғалы кітаптар толығымен «сатылымға тәуелді» болғаны ‑ дұрыс шешім. Ол үшін ешкім дауласа қоймас деп ойлаймын.
Төртіншіден, Ережеде көбіне кітаптың мағыналық жағы қамтылған. Бірақ оның дизайндік шешімі туралы сөз айтылмапты. Сондықтан, Ережеге кітапты әрлеуші дизайнерлердің жауапкершілігі мен оларға тиесілі гонарар мәселесін де айқындап беруі тиіс деп ойлаймын.
Қазір қоғамға үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Оның ең бастысы – білімді, жан‑жақты интеллектуалды дамыған қоғамды, яғни мемлекеттің толыққанды азаматтарын (Абайда «Толық адам») қалыптастыру. Олай болса, осы мақсатқа жету үшін біз қоғамда «білім құндылығын» бастапқы орынға шығаруымыз керек. Ендеше, ол үшін бізге «кітап оқитын ұрпақты» қайта өмірге әкелу міндет.
Әбдірашит Бәкірұлы, философ
Abai.kz