Нәзір жанашыр болған журнал - «Темірқазық»
Қазақ баспасөзінің пайда болуы мен қалыптасуы Ресей империясының қазақ даласын отарлаудың аяқталуы кезеңіне сәйкес келеді.
Қазақ тілінде алғашқы мерзімді басылымдар ХІХ ғасырдың соңында Патша үкіметінің жергілікті атқарушы органдары жағынан жарық көре бастады. Қазақтың алғашқы ұлттық басылымдарының бірі және өзінен кейінгі баспасөз құралдарына үлгі бола білген Троцк қаласынан шыққан қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» (1911-1915) және Орынбор қаласында басылып тараған «Қазақ» газеті (1913-1918) деп айтуға болады. Аталған екі басылым құрылы халықты ғылым мен өнерге, оқу ағарту жұмыстарына жұмылдыруға күш салды. Басылымда жарық көрген кейбір материялдар Ресей құрамындағы қазақтар қоныстанған 6 облыстан өзге териториялардағы қазақтар туралы да құнды мәліметтер жариялап тұрған. 1923 жылы ақпан айында Мәскеу қаласында КСРО халықтарының кіндік баспасынан «Темірқазық» атты журнал жарыққа шықты. «Темірқазықтың» алғашқы нөмірі шыққанда ауыл қазағы өзінің тілегін өлең шумақтарымен жолдаған. Міне, сондай ел қазағының бірі Ескендір Шынтасұлының жүрекжарды өлеңі журналға арналғаны – соның айғағы. Өлең жолдарында ауыл азаматы:
«Қайырлы, құтты болсын, «Темірқазық»,
Саналы аңсағанға бұл бір азық.
Етеді жолбасшылық, жөн көрсетіп,
Адассақ бағыт ауып, жолдан азып.
Қазақтың кемдікте өскен айнасы бұл,
Өзімнен өзіңе айтар тергеп-қазып.
Аз сөзбен елден көңіл білдіремін
Сүйелді қолдарыммен өлең жазып», – деп қуана жолдаған өлеңі ауыл қазағының журналға тілекші екенін көрсетеді. Бірақ, бұл журналдың ғұмыры ұзақ болған жоқ. Бар болғаны үш саны ғана жарық көрді. Бірақ қазақ руханиятының тарихынан өзінің орнын ойып алды. Елден жырақта болғанына қарамастан, «Темірқазықтың» редакциясына Ташкенттен, Омбыдан, сондай-ақ Қазақстанның түкпіртүкпірінен: Орынбордан, Қызылжардан, Көкшетаудан, Керекуден, Қарқаралыдан, Қостанайдан, Ордадан тілектестікке толы хаттар легі толассыз келіп жатқан. Әлихан Бөкейханның төңірегіне қазақтың нағыз қайраткер әрі қаламгер азаматтары топтасты. Олардың ішінде, әлбетте, қызмет бабына орай сол тұста КСРО Ұлт комиссариаты жанындағы Шығыс халықтары орталық баспа басқармасының төрағасы болған Нәзір Төреқұлов алдымен көзге шалынады. Ол газеттің шығарушысы (бас редакторы) болды.
Нәзір – тура пікірлі, қаламы өткір публицист. Қазақ тілін кеңсе тіліне айналдыру мәселесі оны қатты толғандырған. Осылайша «темірқазықтықтар» сол дәуірдің өзінде-ақ әлі күнге дейін бір ізге түспей келе жатқан мәселенің түйінін тарқатты. Әрі оны жай декларация күйінде қалдырмай, журнал бетіндегі мақалаларының астына атыжөндерін «ов» емес, тек қана «ұлы» деген үлгімен жазып, өзгелерге өнеге көрсетті. «Темірқазық» халық әдебиетінің бай қазынасынан алынған жұмбақ, жоқтау, айтыс, т.б. фольклорлық мұра материалдарын ел ішінен жиыстырып, жариялап отырды.
«Темірқазық» халық әдебиетінің бай қазынасынан алынған жұмбақ, жоқтау, айтыс, т.б. фольклорлық мұра материалдарын ел ішінен жиыстырып, жариялап отырды. Бұл – ел руханиятына журнал тарапынан шын жанашырлықтың бір белгісі. Сөйтіп, Мәскеудің төрінен елге тараған «Темірқазық» журналы қазақ баспасөзінің тарихында ғана емес, оның қоғамдық сана соқпағының дамуында да өзгеше із қалдырды.
«Темірқазық» журналының бар жоғы үш саны шығып жабылғаны туралы отандық зерттеушілер айтты. «Темірқазық» журналының 2-3 сандары, бүгінде Алматы қаласында Құжаттану және мұрағат ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығы сирек кездесетін кітаптар мен материялдар қорында сақтаулы.
Жалпы алғанда, Нәзір Төреқұлов қазақ баспа ісі тарихында өзіндік із қалдырған тұлға.
Бағлан Ташимов
Abai.kz