Әдеби талдау: Кір шалған танымдар, тапталған үміттер
Шоқанхан Құттыбаевтың екі әңгімесі: «Мезгілсіз хабар» және «Жат болған перзент»
Адамдар өз сенімдері үшін әрдайым азап шексе, қаламгер жазғаны үшін азап шегетін дәуірді артқа тастағанымызға да 30 жылдан асыпты. Бұл жерде КСРО-дағы ұлттық республикалардағы әдебиетшілердің тағдырына оқырман назарын аударғымыз келеді.
Кеңес жазушылары одағы құрылғаннан кейін әдебиет мемлекеттік тетіктің маңызды бөлігіне айналды. Оның мақсаты халықты жаңа социалистік рухта тәрбиелеу болып табылып, қаламгерлерге зорлықпен өткенін жамандап, бүгінгіні асқақтап жазуды талап етті. Л. С. Соболев: «Партия мен үкімет кеңес жазушысына бәрін берді. Олар одан тек бір нәрсені - жазу құқығын ғана алып қойды», - деді КСРО жазушылардың бірінші съезінде.
Қызыл империя өзі дұрыс деп санаған әдебиетті жақсы деп атап, оған барлық артықшылықтар мен жеңілдіктер бере бастады.
Бір кездері Замятин айтқан еретиктер мен ақымақтардың орнына кеңес дәуірінде түрлі әлеуметтік тапсырыстарды тыңдап орындайтын көптеген «атқарушы сенімді шенеуніктер» келді (Ю.К.Олеша көптің қолынан алған «адам жан инженерлері» деген метафора ойлап тапты). «Қажетті» тақырыпқа жазған жазушылар қуатты мемлекеттік қолдауға ие болуда. Кеңес мемлекеті бұрын-соңды болмаған ауқымда әдеби меценаттардың атқарған рөлін өз мойына алды.
КСРО басшылығы сызып берген жолдан тайғандар әдебиет майданынан аластатылды.
Әдебиеттегі «Мәңгілік тақырыптар» біздің ұлттық әдебиетімізді де айналып өтпейді. «Мәңгілік тақырыптар» деп өз өзектілігін жоғалтпай, бір шығармадан екіншісіне ауысатын тақырыптар аталады. Өйткені олар жалпыадамзаттық маңызға ие. Олар оқырманды әрдайым қызықтырады, бірақ әр түрлі дәуірдегі адамдар бұл тақырыпқа басқа тарихи уақытқа қарағанда өз дәуірімен үндесетін өгеше мағынаны қосақтайды. Бұрыннан бар тақырып уақыттың мәдени ерекшеліктеріне байланысты қаламгерлер тарапынан жаңаша қырынан жұрт назарына ұсынылатын болады. Солай болса да, өзінің түпкі терең мағынасын сақтап қала береді. Неліктен «мәңгілік тақырыптар» бар? Бәлкім, кейбір сұрақтарға нақты жауап болмағандықтан және оларды әр жағынан ашуға болатындықтан шығар.
Әрине, бұл махаббат, жақсылық пен жамандықтың, өмірдің мағынасы мен сенімнің кең тақырыптары болады. Міне осының бәрі қойындасып, «Кір шалған танымдар, тапталған үміттердің» төл әдебиетімізде төбе көрсетуіне қатысты ой толғайтын болсақ, есімізге Шоқанхан Құттыбаев түседі.
Шоқанхан Құттыбаев ұлт руханиятының кемел келешегі үшін еңбектеніп жүрген азаматтардың бірі.
Қазір ұлттық прозамызда «кішкентай адамдар» трагедиясына арналған әңгімелер жастар тарапынан кең ауқымды шығармашылықпен игеріле бастады. Тап осы тақырыпты игеруде Қуат Қиықбай, Қанат Әбілқайыр, Есболат Айдабосын, Әлішер Рахат, Ерғали Бақаш, Қанат Тілеухан т.б. жастар прозадан өз бағын сынай бастады. Осыдан 23 жыл бұрын әдебиет абызы Дидахмет Әшімхан ойын одан әрі өрбітсек: «...Менің байқағаным, қазір жастарға газеттен орын тие бермейді. Анда-санда бір шығарма жарияланады, оның өзі есте қалмайды. Әділбек пен Дидар осы өнердің соңына түсті, сондықтан да өздерін мойындатты». Біздің әңгімемізде әдебиет айдында, проза аламанында өзін мойындатқан жас қаламгер турасында болып отыр.
Жақында қолымызға Шоқанхан Құттыбаевтың екі әңгімесін («Мезгілсіз хабар» және «Жат болған перзент») көзіміз шалып қалып, оқып шығып едік.
«Жат болған перзент» шығармасы туралы Е.Молдасановтың: «...Қоғамдағы ең өзекті ойды қозғап, жастарға, қоғамға ойтүрткі болардай ой қалдырыпсың...» деген пікірі Шоқанханның қалам қабілетіне берілген баға деп айтуға болады.
Аталған автордың екінші әңгімесі «Жат болған перзент» жоғарыда біз сөз еткен сауалға қаламгердің берген өзінше берген жауабы деп ұғынуымыз керек. Бас кейіпкерін жазушы оқырманына былайша таныстырады: «Зиягүлдің қызын қызғыштай қоритын жөні де бар. Өзінің отасқан өмірлік жарынан қапыда айырылғанда осы кішкентай бүлдіршіні соңғы үміті мен жалғыз көз қуанышы болды. Жастай жесір қалса да, кішкентай періштенің тәтті қылығы оны бұл азаптан лезде айықтырған еді». Алданған ана үміті өзбек болған шығарма бәрімізге ой салып, аралас некеге қатысты қазақи жынымызды ұстады.
Жат болған Жанар тағдыры санамызға өз сәулесін түсіреді. «Оқуының бір жарым жылын артқа тастағанда Жанар кітапханада Ливия ұлтының азаматымен танысты. Басында бұл таныстықтан жүрексінсе де, араға уақыт сала Хасан атты жігіт Жанарға ұнай бастады. Ол өте кішпейіл, тіпті оның бойындағы парасаттылық қазақ жігіттерінде кездеспегендей, Жанардың тәкаппар көңілі әп-сәтте оған иіп сала берді. Күндегісін сағыныштан тоят алатын ана мен бала арасындағы жиі қоңырау сұхбатын тартымды жігіттің таныстығы сирете түсті. Оны Зиягүлдің ана жүрегі байқаса да, қызым қалаға үйренейін деген шығар деген үміт нұры дүдамал көңілді сейлткендей еді.
Жанар мен Хасанның алғашқы таныстығы лаулаған махаббатқа ұласты. Ал-қызыл гүлдер, көздің жауын аларлық қымбат сыйлықтар мен тәттіге толы дастархан Жанардың өмірін басқа арнаға бұрып жібергендей. Тіпті басында өзі жасқанып, жатырқай қарайтын қаланың әр-бір ғимаратының өзі бұған ғашықтық көзқараспен қарайтындай сезімде болды. Жанардың санасында еріксіз шомылған бақыт күннен-күнге оны өз әлеміне жетелей берді. Бірінен-бірі өзгеше басталатын әсерлі кештер Жанарды Хасанға ынтықтыра түсті. Оған жан-тәнімен арбалғаны сонша онсыз бір минутта тұра алмайтын халге жетті. Кезінде Алматының жігіттеріне арман болған оның әппақ саусақтары мен талдырмаш белі өзін арбаған жыланның тұрақты мекеніне айналды».
Қаламгер өзінің стилінің қалыптасқанын «Кезінде Алматының жігіттеріне арман болған оның әппақ саусақтары мен талдырмаш белі өзін арбаған жыланның тұрақты мекеніне айналды» деген емеуірінімен ұқтырып, қазақ сұлуларының жаттың қойнын жылтып, өзге ұлттың санын көбейтуге қосып жатқан үлесімен жүрегімізді ауыртып, санамызға ауыр жүк артады.
Қазақ еліне алатайдай бүлік салудың бір пәлекеті өз дәстүрімен қадымдай дамып, тыныш жатқан ұлтты тоқырау ұшыратып жіберудің бір әдісі діни ағымдар арқылы қоғам ішінде іріткі тудыру. Сондықтан да сыртқы күш түрлі діни ағымдардың ықпалымен қоғамға бүлік салып, отбасын ойрандатып, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің қауіпсіздігіне зиян тигізуге барын салатын эмиссарлардың бейнесі Хасан арқылы тамаша суреттеледі.
Жанардың дін жолында адасуын автор былайша суреттейді: «Әуелде ислам дінінің таралуына бар ғұмырын арнаған әулие-сахабалардың ілім-білімдерімен Жанардың жүрегіне жол тапқан Хасан оны бірте-бірте басқа арнаға бұра бастады. Жанар ғашығының ұсынған кітаптарын оқи-оқи бұл өмірдің алдамшы, шын өмір басқа жақта деген насихат сөздерге арбалып қалды. Санаулы айлар өтпей жатып өзімен бірге оқитын құрбыларына да жиркене қарап, бөлектеніп, тұйықталып кетті. Тіпті оқу жылы аяқталмай жатып, бұл оқуының өзі мәнсіз деген көзқарасқа тоқтады. Хасаннан басқаның айтқаны құлағына түрпідей тиген ол айналасы 2-3 айдың ішінде бөтен адамға айналып кетті. Ендігі жерде Хасанға ол сүйген жігіті емес, өзінің қожайыны ретінде қарайтын болды. Өйткені оның рұқсатынсыз жалғыз анасымен де сөйлесуді қойды».
Және осы шағын әңгіме «– Мама, өзіңнің адасқаныңмен қоймай, мені де шатыстырмашы. Ата-бабамыз білімсіздігінен шығар солай жасағаны.
– Сонда мына істегенің оқығандығың ғой. Көргенсіз. Анаңды құрметтемеген адам саған жар болып та оңбас, – деп анасы қаттырақ сөйлеп қызын жөнге салмаққа бекіді. Сол-ақ екен:
– Болды, жетер. Қысқартыңыз. Хасан дұрыс айтқан екен, адасқан адаммен тіл табысудың қажеті жоқ деп. Ол мені шынайы өмірге баулыған өмірлік жолдасым. Ал Сіз мен үшін ешкім емессіз, – деп анасына ауыр сөздермен тіл тигізген Жанар есікті тарс еткізіп жапты» деп трагедиялық қалыпта аяқталады. Ұлттық дүниетанымыздың есікті тарс жабушы қазақ аруларының қарабет образы осылайша асқан шеберлікпен суреттеледі.
Автор өз әңгімелерінде отбасылық және діни азғындану проблемаларын шеберлікпен ұлт оқырманына ұсына білуімен қуантады.
Abai.kz