Қазақ сыны, қайдасың?
«Қайран сөзім қор болды...»
Абай.
Шындық шарайнасына қарап, қаншама тымпи ойнағанмен бұны өзімізден өзіміз қалай жасыра аламыз? Өткен жүзжылдықтың соңына таман, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақ сөзі қанатынан қайырылған қырандай сұмдық дағдарысқа ұшырап, кең өрісі пен биік өресі тарыла бастады. Сорына ма, әлде... ол жан-жағын жылан жалағандай етіп, жалмауыздай жалмап, жайпап келе жатқан жаһандану үрдісіне тап болып, рух оты өлеусіреп, қайрат-қуаты кетіп бара жатқандай. Бұрын-соңды естіп-білмеген жойқын сыбайлас жемқорлық, перуайсыз парақорлық, қайда барсаң да өркөкірек әлімжеттік етек алды. Табан ақы, маңдай термен табылатын қазақ ақшасы сұрауы жоқ судай ағып, шетелдерге асты. Көктен тілегені жерден табылып орқаздардың (орысша-қазақша шұбарлап шүлдірлейтіндер) құдайы беріп қалды. Намыс тапталды. Әрине, оның аянышты халге жетіп, құрдымға құлдым суына тек бір адамды ғана айыпкер ретінде санауға болар еді, бірақ, иі жұмсақ босбелбеу бәріміздің де ар алдындағы жауапкершіліктен қашқақтайтынымыз рас. Бұл апат пен дерттен оны түгел түркі халықтары тілдері ішіндегі қор байлығы да, көркемдік-бейнелілігі де басым басқа асыл қадір-қасиеттері де қорғай алмады. Қаңғып келген шүрегей қасқалдаққа жарымсақтанып сөз сеңі бұзылды. Әйтсе де теспей сорылған қауқарсыз қазақ не көрмеді? Басқыншылық пен отаршылық қамытын киіп, қасақана қолдан жасалған ашаршылықта ыңыршағы айналып сіңірі шығып, қынадай қырылып, шаңырағы ортаға түсті. Өсті. Өшті. Ұлының маңдайына құл болу, қызына күң болу жазылыпты. Тәуелсіздік тек түске енді. Аңқаулықтан алдарқатып, алданды. Ұшқан құсты тұзақ, жүгірген аңды қақпан құтқармады,
Заман желі құтырына ұйтқып құбыла соқса да ешқашан сөз туы жығылған жоқ. Түлкі бұлаң бұлдырап қанша бұра тартқаннан ақиқат пен әділдік әуселесі ұстатпай биік тұрды. Сонау Сыпыражыраудың Тоқтамысқа, Асанқайғының ыдырай бастаған Алтынорданың Жәнібегіне, бірігу бүлігінде булыққан Есімге Жиембеттің, Қаз дауыстьы Қазыбектің қалмақ қонтайшысына, Көмекей әулиенің (Бұқар) Абылайханға, Махамбеттің Жәңгірге, Жәңкісі бидің шамырқанып, жүрексінсе де қаймықпай Қоқан ханына:
Біз жыласақ ойнайды.
Ел ішінде ажарлы
Қыз, қатынды қоймайды.
Жақсыларды сөгеді,
Ат үстінен тебеді.
Жүрексініп отырмын,
Айтар сөзім көп еді, – деп халықты арқаланып, аруақты етіп, айбар танытып Сөз құдіретіне көлеңке түсірмейді. Сөз сүйектен өтеді деген – осы. Содан «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзелді» ме?
Бұдан біраз бұрын бір жанашыр қазақ баспа сөзінің үстіне қара бұлт үйіріліп тұр деп дер кезінде дұрыс дабыл қақты. Бейсауат кетіп жатқан Атасөз таралымының күрт қысқаруы, жалған үнжариялардың шектен тыс бейберекет көбейіп кетіп, жалған айдынында жиі қайырлап қалуы мазалауы керек еді. Бірақ, оған ешкім ләм-мим үн қатқан жоқ. Өкінішті. Қашанға дейін біз «сен тимесең, мен тимен, бадыраң көз» деп отыра береміз. Өстіп мимырт мылқаулық жалғаса бере ме? Шаласауат, рабайсыз сүлесоқ жарымжан тіркестерден көз сүрінеді. «Қабан – доңыздың айғыры» (шошқаның еркегі, аталығы емес пе?), «...көш шөкті!» (шөгетін түе ме?), «тарының қабығы» (қауызы шығар), «күшік шиқылдады» (балапан болғаны ма?!), ауыл әтештері «кукареку» деп шақырып жүр (орысша білгені ме?), «заман зары аңқиды» (аңқитын әтір ме, жұпар иіс пе?), ат соғып, есіміз кіресілі-шығасылы (жол соқпай ма?), «доңыз жымы» (қасқырда апан, ұсақ мақұлық аңдарда ін, қоянда жым болады), «жылқы құмалағы» (сиыр жапа, садыра; қой-ешкі құмалақ, жылқы, тезек тастайды), тағы тағылар алдан андыздайды. Астапыралла, бұлар шөп-шаламы көп қызыл судың, бергі беті.
Жылайсың ба, күлесің бе? Ана тілінің үлкен қамқоры Ғабит Махмұдұлы егер тірі болса міндетті түрде ескерту жасап ақылмандық сөзін айтып, жазу мен ойлаудағы осындай оғаш олқылықтарды көзге шұқып көрсетіп отыратынына еш күмәнданбаймын. Ет пен терінің арасындағы тітіркендіргіш желікпе қолына қалам ұстаған нанталап жазбагерлер қашан азаматтық жауапкершілікті сезініп, жөнге көшеді? Төртінші биліктегілер халық мүддесіне қылаусыз қызмет ететінін ұмытпағаны ғанибет.
Тосыннан жерден жік шыққандай. Әуелі «Қазақ елі», содан соң «Жұмадағы жүздесу», «Жүздесу» болып жарық көріп жатқан басылым бәрін пәткарда етіп біткендей. Ол ешқандай айқындамасыз, үлкен жолдағы бағыт-бағдарсыз, мақсат-мұратсыз аңырып қалған жолаушыдай әсер қалдырады. Бас мақала, суреттеме, серкесөз (публицистика) береді. (Қойды серке, ойды серкесөз бастаса деген ниет). Анаған да, мынаған да тиіседі. Алайда терең талдау, байыпты баяндау, зерделі зерттеу жетіспейді. Тайыз таным, ауыл-аймақтың өсек-аяңын тыңдағандай жартыкеш сезім билейді. Туған-туысқандары, жекжат-жұрағаттары мен таныстарына мадақтама арнайды. Өлеңге обал. Ұйқас, буын, ырғақтары әр қалан. (Сүйген, түйген, үйден, немесе, керекті, күндер өтті, мыңға жетті!) Бүйтіп жыр қасиетіне қиянат жасау – ұят. Алқа ойына келгенін істейтін «Жұмадағы жүздесу», (Жүздесудің) №32 (21 тамыз) саны Алматыдағы дүңгіршектерге бір күн бұрын, яғни 20 тамызда сатылуға түсті. Тәртіп не жүйе жоқ. Сонда «Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмағаны ма? Алдымен қазақтың мұң-мұқтаж, жоқ жітігін қозғайтын «Айқап», «Қазақ», «Серке» сияқты газет-журналдар болғанын мәңгүрттікпен ұмыту өнегелі өткенге мүлде топырақ шашу емес пе?
Түгел тізіп келтіре беруге мүмкін емес. Ол ол ма, ай мен күн аманда, ел-жұрт тынышта ақты қара, қызылды сары бояу деу ненің нышаны? Өзі шатасқанына қоймай басқаны да жаңылыстыру жақсылыққа апармайды. Адасқанның айтуынша, әр басылымды мұқият оқитын оқырман деп таныстыратын білімпаздан О.Сүлейменовтың зерттеу ғылыми кітабы «Аз и Я-ны» поэма десе, І.Есенберлиннің «Көлеңкеңмен қорғай жүр» романын қиналмай Т.Ахтановқа тели салады. Бұндай да болады екен-ау. Өзі ғана емес, өзгені жалған жолға итермелейді. Ең сорақысы, адамзат алдындағы ақиқатты аттап, әлем әдебиетін біледі-ау деген қарт қаламгер қателескеніне қарамай (көпшіліктен кешірім сұрасын) ежелгі парсы шайырлары Рудакиді тәжік, Фердуасиді өзбек ақыны деп шатастырады. Апырым-ау, ол кезде тәжік, өзбек, халықтары болды ма екен? Бұның бәрі сенің көз алдыңда болып жатқан жайлар. Оңтайына келген шығарманың көркемдік келісімін, тағы басқа да ерекшеліктерін талдап, жіліктеп, тәптіштеп жатпай-ақ, бұндай ауажайылушылықты қағып тастамайсың ба? Сен қайдасың, қазақ сыны? Манаураған ұйқыңнан оян! Сілкін! Сөйлемдер, тіркестер, ұғымдар, сөз саптаулар осылай бей-берекет жайылып кете бере ме? Олардың қабырғасын қақыратып, көзін шығарып, аузын опырайтқандар жүгенсіздікпен жазасыз қалса не болғаны? Қашан сабақ аламыз? (Тек өтініш) Сын сойылын солақай сілтеме! «Тура биде туған жоқ» емес пе? Өйтпесең, арамшөп қаулап, халтура көбейіп келеді!
Ұлттық мәдениетте (қанша кеуде қаққанмен), оның ішінде әдебиетте мемлекеттік, жалпақшешейлік, жауырды жаба тоқу қара құрттай қаптай бастады.
Неге біз әсіренауқаншылмыз? Абай күндерінің бірінде филология ғылымының докторы Қ.Алпысбаев сарабдал үлкен суреткер, Социалистік Еңбек Ері Ғ.Мүсіреповтың хакім туралы ой толғамдарына тоқталады. Ықшам мақалада орыс әдебиетінің классиктеріне 7 рет, қазақ әдебиетінің классиктерін 3 мәрте тілге тиек етеді. Кімдер олар? Қалай үйренді? Қайтіп үйретті? Ұнжырғасы түсіп, ыждағаты жетпегендей. Бір сақа сазгер: «Қазіргі көзбен қарасақ, Қалихан да классик, Сайын да классик, Қабдеш те классик, Ақан да классик, Рамазан да классик. Бірақ, сол кісілердің еңбегі уақытында бағаланбады» деп көңілшектік білдіреді. Қаптап жүрген классиктер байқалмаған екен. Онда қазақ әдебиеті қалай қоңыр төбел күй кешіп келеді? Өңкей классиктер еңбек етсе, не ғып біздің назарымыздан тыс қалған? Оқырманды бала көре ме, классик сөзімен ойыншық қуыршақтай ойнайтын сықылды. Кездейсоқ өтіп бара жатқан көк аттыға да есекдәмемен жапсыра салғысы келетіндей.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде оған мынандай сыпаттама береді: «Ғылымның, өнердің, әдебиеттің, т.б. жұрт таныған ең көрнекті, үлгілі қайраткері». Сонда қалай? Келешек көкжиегіне тартқан көркемдік керуенінің жүгі неге жеңіл? Ылғи классиктер еңбек ететін қазақ әдебиетінің еңсесі неге төмен? Батыста француздар, Шығыс та жапондар атақ, лауазым, сыйлық, марапат деп жанталаспай-ақ ұлы шығармашылық жұмысты тып-тыныш тындырып жатқан жоқ па? Шіркін, сын түренін терең салып, талант табиғатын барынша ашып көрсететініне не жетсін! Классик сөзін қосақтамай-ақ ой-пікірді білдіруге болмай ма?
Аңыз ақиқатқа айналды. Біздің ұлттық әдебиет тез есейіп, етек-жеңін тез жинады. Алғашқы романы ХХ ғасырдың басында, қазақ сахнасы сол қарсаңда шымылдық түрді дегенге кім сенеді? Соған лайық сыны да қалыптасып, уақытқа үн қатты. Ұрдажықтықтан, ұрыншақтан, салбөкселіктен жылдам айықты. Барған сайын естияр, елгезек бола түсті. Оның өткен «тар жол, тайғақ кешуіне» көз жұма қарау мүмкін емес. Түбі табиғаты таза жанр айдалада лағып қалмайды. Ол құлдырады, ширықты, шарықтады.
Бірінші дүниежүзілік соғыс алдында әлі қазақ сыны талбесігінде тербеліп, темір қанатын қағып оянып жатқанда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жөргегіндегі жанрдың тұсаукесер бағдарламасын жасап бергендей. «Қазақтың Бас ақыны Абай (шын аты Ибрагим) Құнанбаев. Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын жоқ, – деді Алаш ардагері Абайтанудың елең-алаңын да жалтақтамай. – Жалғыз-ақ мін бар: ол мін – өлең бунақтары тексеріліп орнына қойылмағандықтан. Мысалы, төселіп келе жатып шоқытып кеткен сияқты, тайпалып келе жатып текіректеп кеткен сияқты...». Әділ сыннан тиісті қорытынды шығарса, ешкімнің талағы тарс кетпейді. Абайға ауыз салып, сонша пір тұтқан поэзия падишасынан кемшілік іздегені несі? Неге үйтеді десек, сөзінің жаны бар екен. Бұл орайда хакімнің кез келген туындысына тіл бітірсек, өзі бүкпесіз баяндап беретіндей. Мәселен, қазақ жылқыжанды болған соң «Аттың сынын» алғанның өзінде ол ақау бадырайып көрініп тұр. Әсіресе тұтас бір туындыда 1, 6, 8 шумақтар әлтек-тәлтек. (3+4+4, 4+3+4, 5+3+4, 3+4+4, 4+3+4, 3+6+4, 4+3+4, 3+4+4, 3+5+4, 3+4+4, 4+3+4, 4+3+4). Бірақ, мағынасы мен мазмұны қандай! Кедір-бұдырлығы онша байқалмайды. Жіптіктей жұтынып тұр. Бүгінгі өлеңнің базбіреуін қарастырсақ бұндайды айта аламыз ба? Ұлы ұстын ұйқас (құлақ, қабақ, сағақ), буын, ырғақ санын не үшін құрбан етіп отыр? Тағы да мағына мен мазмұнға баса мән бергендіктен дәстүрлі өлең құрылысына пысқырып та қарамайды. Тырнақ астынан кір іздемесек, міне, жаңашылдықтың бір ұштығы қайда жатыр.
Бұл ешқандай дәлелдемені (аксиома) қажет етпейді. Журналистика мен әдебиет егіз. Үлкен өмір ағзасындағы домбыраның қос ішегі іспеттес. Жаратылым. Оны хас шебер ғана шерте алады. Рухи әлемі кең, шекарасы шексіз әдебиеті мәңгі мылтықсыз майдан. Онда азаматтық аса биік ұстанымды бетперде етіп, өлім мен өмір, жақсылық пен жамандық, күн мен түннің үнемі астыртын ағатын асау ағыстай қиян-кескі күресі жүріп жатады. Құдіретті қалам иесі сол шарпысқан аяусыз айқасты ешкімге бүйрегі бұрмай көрсетіп қылыштың өткір жүзіндей қиямет көпірінен өтіп, ұлы шығармашылық мақсат-мұратқа жетеді. Құдайлығын айтайышы, ойы оғаш, сөзі жартыкеш, шалажансар, шаласауат, қалай болса солай жарымжан етіп қолданылатын сөйлемдер, тіркестер, орамдар шамадан тыс көбейіп кетті. Обал-ай! Оларды солай сүмірейтіп, пайдалануға кімнің қақысы бар? Әлде қазақ сөзінен қасиет кетті ме?
Табиғаты таза құнарлы топырақта (өкпе, наз болмайды). Сыңаржақ пікір дәурені өтті. Сауатты жанашыр сын – қаламгер қайрағы. Сан қырлы асыл тасты қырнап-жона берсе, жарқырай түсетіндей ой нысанасындағы туынды да бәсі артып, жан-жақты талданса бабымен суытылған бәйге торыдай (қысастықпен Құлагердей мәреде жығылмаса) топ жаруға жұтынып дайын тұрады. Шын кәсіби талқыға ұшыраған шығарма шаң қауып қалмайды.
Қазақ баспасөзінің бірсыпырасы Нобель сырқатына ұшырағандай. Кейде өнбейтін дау қуып тызақтайды. Мысалы, «Дударай» мен «Самалтау» кімнің әні? «Біржан – Сара» айтысы болды ма? «Төлегенді өлтірген Кескентерек, айдап салған Бекежан», «Шыңғыс хан қазақ па, жоқ па?» деп қызылөңеш болып даурығады. Оның үстіне ес кіргендей жолбикелер «Қазақ қашан Нобель сыйлығын алады?», «Ол Алашқа бұйыра ма?» сияқты жарияланымдар босқа арамтер етеді.
Әдебиет қандай өлшеммен бағаланады? Оны ешкім таразылап, безбенден бере алмайды. Құлаштау, қарыстау да мүмкін емес. Ендеше онда көркемдік пен шеберлік ұласып, сөз сиқыры оқырманды баурап, жанына ізгілік нұрын сеуіп, зор талғам мен талабына жауап беріп, діттеген тұстан қол бұлғайды. Ол үшін талмай іңкәр ізденіп, ащы тер төгіп, жанқиярлықпен еңбек ету керек емес пе? Әлбетте, езіп айта бергеннен мән шықпайды. Александр Солженицын (1970 жыл) мен Иосиф Бродскойдың (1987 жыл) сол атышулы сыйлықтың алуының астарында сайқал саясаттың салқыны жат... жоғын кім кесіп-пішіп айта алады? КСРО-ны құлатып ыдыратуға, жасырын жан-тәнін салғаны болмаса оны М.С.Горбачев қандай аса асып бара жатқан қайраткерлігі үшін алды?
Бес рет ұсынылғанда «Соғыс пен Бейбітшілік» эпопеясын бір сыншысымақ «Тарихты түсінуден мақұрым» деп сылтауратқанда орыс ойының асқан алыбы Лев Николаевич Толстой 1906 жылы Швед Академиясына: «Я был очень доволен, что Нобельская премия не было мне присуждена... Это избавило меня от большого затруднения распорядиться этими деньгами, которые, как и всякие деньги, могут приносить только зло...», – деп хат жазды. Кісілік пен кішіліктің мысалындай бұл. Нобель алуға кімдердің иегі қышымайды. 1945 және 1948 жылдары И.В.Сталин де ұсынылды. Бізде де оны алуға әжептәуір әрекет етілді. Бос далақтау болмаса, құр аяққа бата жүре ме? Ел азып, жер тозып, күйзеліп жатқанда қар жамылып, мұз жастанып, қан төгілгенде тағы да бұған көз жеткізді. Өркениетті жұрт ақымақ емес.
Биылғы барыс жылының басында «Комсомольская правда в Казахстане» басылымының тілшісі біраздың бас ауруына айналған тақырыпты қозғайды. Қалай? Қайтіп? Астамшылық пен өзімшілдіктің шылауынан шыға алмаған ол «Нобельдер орыс мұнайынан байыды» дейді тоқетерін айтып. Шындық шырағы оқиғаға солай жарық түсіре ме? Тықпалағаны болмаса ол кезде енді ғана барланып жатқаны орыс мұнайы болды ма? 1870 жылы ағайынды Альфард, Роберт пен Людовиг Маңғыстауға келіп, мойынсерік ашып, қара алтынның сұраусыз көл-көсір байлығының қызық-шыжығын қалауынша көрмеді ме? Қазақ журналисі міне осыны қазып жазса, арағұрлым ұтымды болар еді. Қалам қуатты қару емес пе? Бұл жолы сәл мүмкіндік пайдаланылмай қалды. Біздің есеміз талай жерде кетіп жүр. Әттең. Бүгежектемей ақиқат айнасына тура қарасақ, аузымызды қу шөппен сүртпесек, қызғаныштың қызыл итін абалатпай-ақ, ұялмай сол тараптан жұртқа жамау болатын қай шығарманы атай аламыз?..
Енді қашан еңсемізді тіктемейміз. Әлдекімге кіжінумен ширек ғасырдан астам өткен, зая уақыт. Еліміздегі ірілі-ұсақты оқиғалардың бәрі көз алдында өтіп жатқан ақын Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтың да төзімі таусылғандай. Ол кеш болса да ащы ақиқатты ақтарып, өзекті өртейтіндей: «Кейінгі 30 жыл ішіне Қазақстанда кем дегенде бір ұлы ғалым, кем дегенде ұлы жазушы пайда болды ма? Жоқ, әрине. Біртуар инженер бар ма? Инженер өзін көрсете алатын өндіріс те жоқ. Бұл құлдырау кітаптың, хаттың, гуманитарлық және басқа ғылымдардың беделінің төмендеуіне байланысты пайда болды. Өкінішке қарай, бұл күрделі тақырып. Кітап оқитын жаңа ұрпақ пайда болуы үшін қанша жыл керек. Біз жазбаша әдебиетте ХХ ғасыр да ғана келдік және оны тез жоғалтып алдық, жоғалтып жатырмыз. Егер орыс әдебиеті күшті дейтін болсақ, ол осы кезеңнен аман шығады. Ал, біз тағы да фольклорға, халық ауыз әдебиетіне қайта ораламыз».
Олар әр толқында болса да бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай болып сөйлеуі қалай? Жас жазушы Ж.Әбдішева оны қостайды: «Иә, отыз жыл толды ақын-жазушылардың ұмтылғанына, отыз жыл толды ел-жұрттың кітап оқымағанына. Отыз жыл болды нағыз сирағы сидиған кедейлер пайда болғанына. Отыз жыл болды қарын қамын ойлап, жарқыл-жұрқылға әуес, еліктейтін қарынбайлардың көбейгеніне... Отыз жыл болды тапқаны тақыл-тұқыл тамақтан артылмайды, уайымы көп, ақшасы аз көпшіліктің көбейгеніне...
Қазір сол жазушыларды жалдап, кітап жаздырып, басыбайлы құлындай ұстайтын байшыкештер пайда болғанын естіп жүрміз...
Күнкөрістің қамымен бір үйге тығылып сөйлеуге уақыты жоқ, шаршаған, кітап оқымаған, топтың арасынан көп нәрсені жете түсінбейтін, сөйлеуге шорқақ, әр ағымға еріп кете беретін, ана тілінің байлығын, шұрайлылығын сезіне алмаған, тілі шорқақ, ойы тайыз, надандығы басым, отансүйгіштігі нашар жастарымыз өсіп келе жатыр».
Бәрі тамырына балта шабылғандай тып-типыл. Әлдекімнің мысы басып тұрғандай әлі. Жығылғанға жұдырық демей, бұл айтқыштар бұрын қайда жүрген өзі? «Ештен кеш жақсы» деген шығар тегі. Мейлі де. Олар ашынғандардың ахуалын, кірбің көңілін білдіріп отыр. Кімді кінәлайды.
Рас, бұл аянышты жай-күй әдебиетке де тікелей қатысты екеніне ешкімнің дауы болмайтыны түсінікті. Жауынгер жанр болып есептелетін қазақ сыны да ұзақ дем алып, жайлы, жылы орын тапқандай тымырайып ұзақ жатып алды. Марқұм Ә.Құрманғалиева белсене білек сыбана кіріскендей болып еді, көз тиді ме, жұлдызды әлемге аттанып кетті. Саналы санаткерлер сапындағы А.Кеңшілікұлына қазақ прозасы мен поэзиясының күрделі мәселелері аз болғандай тиіп-қашып француз, жапон, неміс әдебиеттеріне барғансып жағалап жүр. Олар бұны қажет ететіндей. Бәрі бір сын сеңі бұзылғандай көрінеді маған. Сарыауыз сыншы А.Нұрғазы алғашқыда дәмелендіріп, қазақ жас поэзиясындағы модернистік ағымды зерттеп, соған баратын ниет білдірген болатын: «Бүгінгі жастардың жазып жүргені алғадайлық (?) әдебиетке тән дүние. Дәстүрлік, кеңестік поэзиямен салыстырғанда жаңашылдық бағытпен көзге түседі. Бірақ, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Тоқтарәлі Таңжарықтардың шығармаларында алғадайлық әлі де өзін көрсете алмаған жағдайда сияқтанады. Образдап айтсақ, қорадан былай, үйдің қасындағы дөңге шығып, айналаға көз салып қарап тұрып, қораға қайтып келген сияқты сезіледі». Қайда сол есімдер?
Айтудай-ақ айтылып келе жатыр. Оған құлақ қоятын билік пен тиісті орындар неге жайбарақат? Еліміз өмірінің бар саласы әлі кегежесінен кейін тартып тұр. Жалғыз тұралаған экономика ғана емес, мәдениет, оның ішінде әдебиет пен өнер түрлері тұрақты қамқорлық күтеді. Алсақ, қазақ спортының көсегесі қашан көгереді? Хоккей, велоспорт (шайтанарба), зілтемір, теннис, т.б. салаларын жайлап майшелпек қылып жүрген ілінгірлер (легионерлер) шамадан тыс көп. (Ұлтшылдық намысымыз қозып отырған жоқ). Неге жаны ашитын мамандар тапшы? Бокс, шахматтан (әсіресе қыз-келіншектер) қазақстандық мектеп қалыптасып, атағы айдай әлемге қанат жайып жүрген жоқ па? Соңғы Токио мен Бежинде өткен олимпиада шама-шарқымызды көрсетпеді ме? Өзгені қойшы, Орта Азиядағы республикалар соңында қалғанымыз не сор? Сонда бәріне жауапты кімдер? Неге жөнді талап етіп, жауаптылар қатаң жауап бермейді.
Дүниежүзі шахматының жұлдызды шаһзадасы гроссмейстр Б.Асаубаева ұлт спортындағы әттеген-ай ащы ақиқатты айтып, онда болып жатқан былық пен шылыққа жұртшылық назарын аударды. Шаршы тақтадағы күрескерлік рухы шалқиды. Қуаттаймын, Бибісара! Жарайсың, қаһарман қарындас! Енді аласапыраннан кейін спортымыз қалай дамиды?
Мылтықсыз майданда дақпырт дабырасыз жалаңтөстеніп шығып шындықты шыңғырып жеткізетін кез келді.
Самарқаулық салқыны руханиятқа да тие бастағандай. Енді тек жалдамаларды асты-үстіне түсіп шақыру қалғандай. Тез ес жиып, бұдан жалпылдаған етең-жеңімізді жинап, тиісті қорытынды шығармасақ, бүкіл ісіміз нараду. Айналып келгенде спортты мәдениетке қосақтамай-ақ жеке министрлік құрудың кезі жеткендей.
Уақытша алдарқатып, бірде олай, енді бірде бұлай бұлталақтайтын әлемжелі мен басқа да құралдар онша опа бермейді. Оқу, оқу және оқу қайта – күн тәртібіне қойылып келеді. Ең басты мәселе сіз болып, біз болып, бәріміз болып ұйпадарлы, ұлағатты мәдениет мәйегі қайнарынан сусындап, өміріне өнегелі серік ететін ойлы оқырманды қайтару болып табылады. Қазақ сынының оларды қуана қарсы алып, күтіп, діттеген нысанасына меңзеп, рухани көкжиек ашып, жан-жақты тәлім-тәрбие беретініне қауқары жетеді. Сондай ақ түйенің қарны жарылып, аспаннан шұға жауатын күн туатынына имандай сенгім келеді. Ойлан, оқырман! Әлі уақыт біздікі.
Аян-Сейітхан Нысаналин,
Қазақстанның құрметті жазушысы
Abai.kz