Сенбі, 23 Қараша 2024
Дат 2486 24 пікір 5 Наурыз, 2024 сағат 13:43

Президентке дат: 7 томдық өрескел бұрмаланған!

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сіздің тапсырмаңызбен жазылып жатқан, еліміздің тарихына қатысты 7 томдық еңбектің өрескел бұрмалаушылықтармен жарыққа шыққалы жатқанын айтқым келеді.

2022-ші жылдың маусым айында, өзіңіздің атыңызға жазған «Тарихты бұрмалау қылмыс» атты арнайы хатыма қанағаттанарлық жауап ала алмадым. Жауап хат 2023-ші жылдың 26 қаңтарында келген болатын.

Жауап хатта ҚР ҒжБМ-нің ғылым комитеті, осы министрлікке қарасты «Мемлекет тарихы» институты, А.Байтұрсынов атындағы «Тіл білімі институты», Алматы қаласындағы Ш.Уалиханов атындағы Тарих институттарының мамандарының жауаптары тігіліпті.

Білімдерін сын көтермейтін кейбір тарихшы мамандардың жауаптары мені мүлде қанағаттандырған жоқ. Олай дейтін себебім, біздің тарихшыларымыз түгелдей дерлік Батыс дайындап берген, Кеңестік методикамен дайындалған мамандар. Бірінің білетінін екіншісі білмейді. «Вакуумдық кеңістіктегі, аясы тар» кішкентай тақырыптар бойынша, кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғап алып, зейнетке кеткенше жаттанды лекцияларын оқып, дәріс беріп, жалақыларын алып жүре береді. Ізденімпаздық инъекциясы егілмеген. Орта ғасыр туралы пікірталасқа шақырсаң «ой мен, қазақ хандығы бойынша» немесе «мен, кеңес дәуірін зерттеушімін ғой», «мен, Алашорданы зерттеушімін» деген сияқты т.б. сылтаулар айта бастайды. Осы себептермен, 30 жылда тарихымыз одан әрі көмескіленді.

Ал хатпен тікелей өзіңіздің танысқандығыңызға күмәнім бар.

Арнайы барып ҒА-ның тарих институтының директоры З.Е.Қабылдиновқа, қазіргі жазылып жатқан 7 томдықтың 4-ші томын (Қазақ хандығы туралы) жетектеп жүрген М.Қ. Абусеитоваларға да ойымды жеткіздім. Ол мамандар, мен айтқан пікірлерге бас шайқап таңданыс білдіргенімен, оған байланысты ешқандай әрекет істеместен 7 томдықты бастап кетті.

Ол туынды жақында жарық көрмекші. Қоғамдық бақылаусыз істеліп жатқан еңбек Совет дәуірінде, арысы Патшалық Ресей кезіндегі бұрмаланған, бір қалыптан шыға алмаған, дәстүрлі тарихтың жалғасы болайын деп тұр. 2022-ші жылы ол ойымды, хат ретінде кеңесшіңіз Ерлан Каринге де, көмекшісі арқылы жеткізген болатынмын. Ол кісі тарапынан да, ел тарихына жанашырлық көре алмадым. 2023-ші жылы, тарих жөніндегі кеңесшіңіз Мәлік Отарбаевпен де телефон арқылы сөйлесіп, жағдайды түсіндірдім. Ол кісі мүлдем кәсіби тарихшы емес болып шықты. Жыл аяғында хабарымды жанұшыра Жазушылар Одағының басшысы Мереке Құлкеновке жеткізіп, қолдауына ие болып, осы жылы ақпанның 14-і күні ақын-жазушы, тарихшыларды шақырып, жиында «Тарихымыздың бұрмалануы жөніндегі» дәлелдер мен сілтемелерді көрсетіп, баяндамамды оқып бердім. Одақ атынан хат жазылып Ерлан Қариннің атына хат жолданды. Ол жиынға тарихшылардың 7 томдыққа қатыстылары арнайы шақырылса да келмей қойды.

7 томдық туындының 2-ші, 3-ші, 4-ші, 5-ші томдарын шығаруға асықпауымыз керек. Тарихымыздың сыртқы күштердің қолымен бұрмалану себептерін ашып алмай жатып, неге біз 7 томдықты шығаруға асығамыз? Ондай мағынасыз еңбек ұрпаққа не береді?

«Алтын орда» тарихына байланысты жинақталып жатқан 3-ші томы үшін 310 маман жұмылдырылып, олардың 60-сы шетелден жалданған.  Мемлекет қазынасы құлдырап тұрғанда қыруар қаржы тиісті жеріне жұмсалмай жатқанын өкінішпен айтып, жеткізгім келеді. Тарихымыздың құпияларын ашатын негізгі еңбектер қолжетімді жерде тұр. Тек тиімді әрекет істеуіміз керек. Сол 7 томдықтың жетекшілігінде жүрген мамандар арасында Батыстан үлкен гранттар алып жүрген, ел тарихына мүлде жаны ашымайтын адамдар да бар екенін айтқым келеді

Бұған дейін де еліміздің тарихы өте аянышты жағдайда болғаны белгілі. Соның ақыры Қаңтар оқиғасына алып келді. Сіз табандылық көрсетпегенде жағдайымыз мүлде қолдан кетер еді.

Қаңтар оқиғасының басты себебі – өткен тарихымыздан жаңылғандығымыз. Оның сіздер біле бермейтін кейбір, нақты себептерін мүмкіндік туғанда жіпке тізгендей етіп баяндап беремін. «Кез-келген халықты жою үшін, ол елдің тарихын құртады» деген естілерден қалған сөз бар.

Түркі өркениетін ыдыратып, жеткен жетістіктерінің жемісін жеп отырған «сиқыршылар», бұл жетістіктерін «Үлкен ойын» деп атайды.

Тарихымызды аршып алсақ, ұлттың рухы оянады. Рухсыз халық - өлген халықпен тең. Қаңтар оқиғасынан да сорақысы болуы ғажап емес. Дабыл қағып отырмын. Мейлінше дұрыс түсініңіз. Хатымды қоқыс жәшігіне лақтырмаңыз.

Құрметпен,

Мергенбаев Бахытжан Нұрсалбекұлы,

«Аманат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, тарихшы, өлкетанушы

Ескерту!

Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұндай ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның кез келген азаматы құқылы. Мақала авторының пікірі редакция ұстанымын білдірмейді және мақалада есімдері аталатын жекелеген азаматтар жауап беруге ниетті болса, олардың да материалдарын порталда жариялайтынымызды ескертеміз.

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371