Қазақ поэзиясының тауда туып, тасында өскен құлагері
Биыл қазақ әдебиеті майданында түрлі жанрда қалам тербеп, өміршеңдігін өлмес туындыларымен байытқан талантты суреткер, қазақ поэзиясының құлагері – Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдық мерейтойы. Ақын өмірі мен шығармашылығының біз білмейтін қандай ақтаңдақ тұстары бар? Қалың жұртшылық арасында от ауызды, орақ тілді ақынның мерейтойы қалай тойлануда?
«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?», – деп өскелең ұрпаққа ұлағатты сөзін мұра етіп қалдырған Ілияс Жансүгіровтың ешқашан ескірмейтін, жылдар жылжыған сайын сан қырынан жарқырай беретін шығармашылығана терең бойлау, тұлғалық бейнесін жандандыру – ұлт үшін ұлы іс.
Талантты ақынның сан салалы, көп қырлы шығармаларының іргетасы сонау қазақ халқының фольклорлық мұрасы, Абай поэзиясы мен дүние жүзі әдебиетінің озық үлгілері арқылы қаланса керек. Жұрт тұрмысынан хабардар, қазақ тілінің бай мұрасын бойына жинақтаған бозбала әдебиет майданына ең алғаш 20-жылдардың басында ғана қадам басады. Небәрі 5-6 жылдың көлемінде қатарынан оза шапқан ақынның алғашқы жинағы 1928 жылы 34 жасында жарық көреді. «Күй», «Күйші», «Құлагер» атты классикалық шығармалары арқылы Ілияс поэзиясының ақылға – нұр, көңілге нәр берер, ешқашан «қартаймайтын» мәңгі жас поэзия екендігін аңғарамыз.
Ол туған даласын шексіз сүйді: әр өзенін, тау мен тасын, шөбін жатқа білді, аң-құстарының дауысын жазбай таныды. Шығармаларының басым көпшілігінде өзін қоршап тұрған әлемнің әдемілігін тілге тиек етті. Еркіндіктің соңғы сәттерінде басқа емес, қазақ даласының тауларын көріп үлгергені ақынның жанына жұбаныш болғандай. Бұлай дейтініміз, 1938 жылы Ілияс Жансүгіровпен бірге қазақ зиялыларының көрнекті тұлғалары Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин жазықсыз сотталып, кейіннен атылды. Әрине, бұл зиялылар өзінің жазықсыз айыпталғанына кінәлі емес еді. Ал Ілияс Жансүгіровтың өлеңдері, поэмалары мен фельетондары Кеңес үкіметіне қауіп төндіруі мүмкін бе? Шынымен солай болса, оның шығармашылығында жасырылған жалғыз құпия осы ғана ма? Бұл сұраққа бірден жауап беру қиын. Өйткені ақынның өмірі мен шығармашылығы айналасындағы ақпараттың аздығы сонша, әлі күнге дейін ғалымдардың зерттеуі бір арнаға тоғыспай отыр. Тіпті оның ақындығының бастау алған күні де өткір дау тудыруда. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазиновтің айтуынша, халық Ілияс ақынның поэзиясының бастау бұлағын 1917 жылы Семей қаласында шыққан «Сарыарқа» газетінде «Тілек», «Сарыарқа» атты екі өлеңінің жарық көруімен байланыстырған. Профессордың мәліметтеріне сүйенсек, Ілияс Жансүгіровтың поэзиясы 1912 жылдан басталғанын, ең алғаш 1958 жылы Қалижан Бекхожин Алматы қаласының Абай көшесінде орналасқан Ұлттық кітапханадан Ілиястың өз қолымен жазылған екі қолжазбалық кітабын тапқанын айтады. Бұл кітап бірінші кезекте «Қызыл жалау» және «Балдырған» деп аталса керек. Демек, Ілияс Жансүгіров 1912 жылдан бастап қолына дәптер ұстаған.
Мұндай талант пен шығармашылыққа деген ұмтылыстың бастауы қайда жатыр? Қапал уезіндегі шағын ауылдан шыққан қарапайым бақташының бойына мұндай қасиеттер кімнен дарыды? Ілиястың дамуына араб тілінде оқып, хат таныған әкесі Жансүгір Берсүгіровтың де үлесі болуы мүмкін. Ауызша ақындық шығармалар, ертегілер, әндер мен айтыс шумақтарын жинаумен айналысқан әкесінің жазбалары арқылы Ілияс балалық шағында Жетісудың ең көрнекті ақындары Сүйінбай мен Күнбаланың, Әсет пен Рысжанның, Біржан мен Сараның арасындағы ақындық сайыстарды зерттей алды. Шын мәнінде, ол қазақтың ақындық өнерінің қазыналық қойнауына еніп, нәрімен сусындаған. Кейінірек Жансүгіровтің жазуға деген талабының Абай есімі арқылы оянғанын өзі жазып қалдырған естелігінен білеміз. Ақын бұл естелігінде 1914 жылдары ел ішінде иесіз қаңғырған «Қазақ» газетінің бір нөмірінің қолына түскенін, онда «Қазақтың бас ақыны» деген Абай туралы мақаладан ең алғаш Абайдың есімімен танысқанын айтады. Есімін есінде жаңғыртқан Ілияс Жансүгіров енді Абайдың кітабын қолына түсіруге құштарланып, әкесінің 1 сомға астық сатып берген ақшасынан 70 тиын алып, содан бір қапты 30 тиынға артық сатып, досынан кітап алып беруін өтінген. Ат үстінде жүрсе де, қолынан Абайдың кітабы түспеген ақынға хакім қатты әсер етіп, жазуға деген талабын оятқан көрінеді.
Қазақ поэзия әлемінде Ілияс Жансүгіровтің философиялық иірімдерге толы өлеңдері Абайдан кейін орын алатынын замандастары да мойындаған. Шынында, Ілиястың туындыларынын Абай салған соқпақ жолдар жиі кезедеседі. Мәселен, ақынның «Қорқамын» атты өлеңі Абайдың «Болыс болдым, мінеки» деген сатиралық өлеңінің ізімен жазылғанын анық байқаймыз.
Қаламын қолынан бір сәт тастамаған Ілияс Жансүгіров пен өзі көсіле жырлаған Ақан серінің Құлагерінің арасында ерекше ұқсастық бардай көрінеді. Зер салып қарасақ, екеуінің де бәйгенің алдын бергісіз дүлдүл екендігі рас. Тіпті жақсылық пен жамандық қатар жүретін тағдыр алаңында да, қасақана жасалған қайғылы өлімдерінде де әлі ашылмаған бір сыр жатқандай.
Ілияс Жансүгіровтың «Жолдастар» атты романы прозалық шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі болып есептеледі. Жазушы бұл романда азаттықты аңсаған адамдардың асқақ арманын, қазақ даласындағы еңбек адамдарының тіршілік ғұмырын, тарих сахнасында өшпестей із қалдырған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің көрінісін ашық бейнелейді. Шығарманың негізгі идеясы – ұлттық тарих пен бүгінгі қоғам өмірінің айрықша сәттерінің көрінісі, жеке тағдыр мен тарих тағдырының арасындағы үзілмейтін байланыс, характерлер мен сюжеттік құрылымдағы әлеуметтік-тарихи айғақтарды оқырманға ұсына отырып, халықтың теңдік пен бостандық жолындағы ұлы күресін бейнелеу.
Ілияс Жансүгіров ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары тәржімалық іспен шұғылданып, қалың қазақты өз шығармашылығымен ғана емес, дүние жүзі классиктерінің туындыларымен де таныстырып, рухани көкжиегін кеңейтті. Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Маяковский, Гюго, Уткин, Тихонов сынды орыстың көптеген көрнекті ақындарының шығармаларын қазақ тіліне аудара бастайды. Бұл жөнінде қазақстандық аудармашы, прозашы, публицист және әдебиеттанушы Герольд Бельгер 2001 жылы ақын қайтыс болғаннан кейін, 63 жылдан соң Ілияс Жансүгіровтің түпнқасқаның әрбір сөзін қазақ тіліне сіңімді сөзбен алмастырғанын, Пушкиннің бірде-бір сөзі тасада қалмағанын, керісінше, өлеңнің таңдалған өлшемінің арқасында үзінді ретінде толықтырылып, нақтылағанғанын айтады. Ілияс Жансүгіровтің Пушкин шығармашылығын қазақ тіліне аударуды алғаш қолға алғандардың бірі ретінде оны ешкім басып оза алмағанын да баса айтып, өз деңгейінде бағасын берді. 1937 жылы 10 ақпанда «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде жарық көрген «Пушкин аудармасы қазақ әдебиетіне не берді?» атты мақалада Ілияс Жансүгіров Пушкиннің негізгі шығармаларын жүз жылдыққа арнап қазақ тілінде шығарғандарын, мұның ішінде «Евгений Онегинінен» бастап түрлі пьеса, сатираларына дейін елу шақты ұсақ өлеңдерінің бар екенін жазған. Қазақ әдебиетінің олжасын Пушкин шығармаларын аудару арқылы байытқанын, Пушкиннің қазақ ақынына айналғандығын жеткізеді.
«Жастардың қаруы – оқу, білім» деген Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның поэзия мен драмалық шығармалары насихатталып, шығармашылық мұралары зерделенуде. Ақпан айының 24 жұлдызында Астана қаласында Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» орталығының ұйымдаструымен «Хақ сөйле, қызыл тілім, адал сайрап» атты мәнерлеп оқудан қалалық сайыс өтті. Ұйымдастырушылар Ілияс Жансүгіровтың шығармаларын насихатту арқылы талантты жастарды қолдап, халыққа танытуды да мақсат еткендерін айтады. Сондай-ақ, 28 ақпанда Қызылжар ауданының мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімдерінің ұйымдастыруымен «Ілияс Жансүгіров оқуларын» өткізу жоспарланды.
1984 жылы ақынның 90 жылдық мерейтойына орай ашылған музей үй 40 жылдан бері дамылсыз қызмет көрсетіп келе жатыр. Биылғы жылы да музей үлкен дайындықпен ауқымды жоспарлар құрды. Анығырақ айтқанда, жер жәннаты Жетісу өңірін шексіз сүйген жампоздың шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында ақынның пейзаждық лирикасына жататын «қазақ поэзиясындағы ұлы жаңалық» болған «Жетісу суреттері» өлеңіне диорама жасау, «Ақиық ақын – Ілияс» атты облыстық ғылыми конференция мен Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназиясына «Ілияс ақынның мұрасы» атты жылжымалы көрме ұйымдастыру, Саят Ілиясұлының әкесі туралы жазылған естеліктерінен жинақталған кітап шығару, Болат Ғабитовтың «Асылдың сынығы» атты жаңа экспозициясын ашу жоспарланған. Жуырда музейге Қытай Халық Республикасы, Шәуешек қаласының тұрғыны, Шыңжаң композиторлар одағының беделді композиторы Думангүл Мұратжанқызы келіпті. Ілияс Жансүгіровтың Қытайда газет мұқабасында жарияланған «Бөбек бөлеу» өлеңін тебірене оқыған композитор қайран қалған көрінеді. Ерекше әсер алғаны соншалық, бұл өлеңге арнап әуезді әуен шығарыпты. «Құлақтан кіріп, бойды алған» композиция қытайлықтардың ықыласына бөленіп, марапатқа да ие болған екен. Бұл шығарған туындысын атамекен құшағындағы музей қорына тапсырды.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 26 сәуірінде Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті дәстүрлі түрде құлагер ақынның шығармашылығын насихаттау, жастардың поэзияға деген құштарлығын арттыру мақсатында «Ілияс әлемі» атты студент-жастарға арналған фестиваль өткізеді.
Уақыт ағыны жылжып, замана шежіресінің қилы парақтары ашылған сайын қазақтың небір көлеңкелі кезеңдерінде жарық болуға тырысқан жандардың әрекетін бірітіндеп қана біліп келе жатқанымыз өтірік емес. Бұл Ілияс Жансүгіровке де қатысты. Жоғарыда аталған игі шараларды жүзеге асыру – есімі ұлт санасынан жоғалмайтын Ілиястың рухы мен бүгінгі жастар үшін ұлттық парыздың айрықша үлгісі.
Дана Садырқан
Abai.kz