Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4660 0 пікір 21 Қараша, 2013 сағат 15:48

Ауыт Мұқибек. АСТАНА – АРМАН ҚАЛА

Астана – болашақтың, жастардың қаласы!
Н.Назарбаев

АСТАНА

Көш түзеп замананың салтына ерген,
Таңырқап дүниенің халқы көрген,
Тағылған Қазақстан кеудесіне,
Астана – жарқыраған Алтын орден.

Бір шыңнан қадам бастық бір шыңға алып,
Бәрін де отыр бүгін жұртым бағып.
Ақорда ақ жүрегі қазағымның,
Тынымсыз соғып тұрған дүрсіл қағып.

Ашылды болашаққа Қақпа тыңнан,
Мұңы бар бабалардың жаста тұнған.
Ханшатыр – ақ қалпағы алшы киген,
Көп үйлер – көп сарбазы сапта тұрған.

Біз үшін Тәуелсіздік – сарқылмас ән,
Мен бүгін қадамымды жарқын басам.
Көтерген бостандықтың шаңырағын,
Бәйтерек – баға жетпес алтын бақан.

Төсінде ән мен күйге Арқаның бай,
Маған да жарасады салсам «Угәй...».
Жол біткен түйіседі осында кеп,
Тұс-тұстан тарамданған қан тамырдай...

Бетке алып тартып келем арман – белді,
Иіскеп бабам тері тамған жерді.
Асқар тау, ағынды өзен, мидай дала –
Бәрі де ескі күннен қалған белгі.

Алды азап болды өмірдің, арты бақыт,
Аспанға жатыр бөркін халқым атып.
Қарайды Қазақстан бар әлемге,
Нұр шашқан Күн кеудесін жарқыратып.

Өтті ғой қаһарлы қыс, долы көктем,
Заманның әр кезеңі болып өктем.
Бұл да бір дәурені ғой шалқитұғын,
Қазақтың еркіндікке қолы жеткен.

Қонақтар кеп жатады дүркін-дүркін,
Бар шығар тартатын бір тылсым, мүмкін!
Төсінде Сарыарқаның ойнақ салған,
Өтеді-ау біздің бастан, шіркін, бұл күн.


Астана – болашақтың, жастардың қаласы!
Н.Назарбаев

АСТАНА

Көш түзеп замананың салтына ерген,
Таңырқап дүниенің халқы көрген,
Тағылған Қазақстан кеудесіне,
Астана – жарқыраған Алтын орден.

Бір шыңнан қадам бастық бір шыңға алып,
Бәрін де отыр бүгін жұртым бағып.
Ақорда ақ жүрегі қазағымның,
Тынымсыз соғып тұрған дүрсіл қағып.

Ашылды болашаққа Қақпа тыңнан,
Мұңы бар бабалардың жаста тұнған.
Ханшатыр – ақ қалпағы алшы киген,
Көп үйлер – көп сарбазы сапта тұрған.

Біз үшін Тәуелсіздік – сарқылмас ән,
Мен бүгін қадамымды жарқын басам.
Көтерген бостандықтың шаңырағын,
Бәйтерек – баға жетпес алтын бақан.

Төсінде ән мен күйге Арқаның бай,
Маған да жарасады салсам «Угәй...».
Жол біткен түйіседі осында кеп,
Тұс-тұстан тарамданған қан тамырдай...

Бетке алып тартып келем арман – белді,
Иіскеп бабам тері тамған жерді.
Асқар тау, ағынды өзен, мидай дала –
Бәрі де ескі күннен қалған белгі.

Алды азап болды өмірдің, арты бақыт,
Аспанға жатыр бөркін халқым атып.
Қарайды Қазақстан бар әлемге,
Нұр шашқан Күн кеудесін жарқыратып.

Өтті ғой қаһарлы қыс, долы көктем,
Заманның әр кезеңі болып өктем.
Бұл да бір дәурені ғой шалқитұғын,
Қазақтың еркіндікке қолы жеткен.

Қонақтар кеп жатады дүркін-дүркін,
Бар шығар тартатын бір тылсым, мүмкін!
Төсінде Сарыарқаның ойнақ салған,
Өтеді-ау біздің бастан, шіркін, бұл күн.

Тамаша бір көрікті Есіл берді,
Күндіз деп айтқан дұрыс кешін де енді.
Күтеді одан халық жақсылықты,
Күтеді одан халық шешімдерді.

Қолында шытырлайды көк теңгелер,
Ойнайды арпалысып отпен нелер.
Төсіне Сарыарқаның дамылдайтын,
Көші де тоқтамасын шеттен келер.

Алысқа ұша берсін арман құсы,
Пенденің таусылмайды жалғанда ісі.
Қазақтың жүрегінде сақталады,
Оны әкеп Сарыарқаға салған кісі.

Бойда бар құрыш қайрат, жасын жігер,
Жалғанды жалпағынан басып жүрер,
Кіргізіп сәні менен салтанатын,
Басқарған ұмытпайды әкімді де ел.

Отырмын ерік беріп тізгінге мен,
Бір түрлі көңілім шат, қызғын денем.
Шертеді шежіресін өткен күннің,
Бір күні, оқыса ұрпақ, біздің де өлең.

Сапарда сан қайтара көш түзедің,
Деп елді Ұжымаққа жеткіземін.
Тарихың тым арыдан басталады,
Соған сай келешегің шексіз, Елім!

ОҢ ЖАҒАЛАУ ТАҒЫ ДА СОЛ ЖАҒАЛАУ...

Мен емеспін Астана бөтен ұлы,
Тауға айналып ертең - ақ кетем ірі.
Оң жағалау тағы да Сол жағалау,
Есіл қыздың секілді екі өңірі.

Құяды күн ақ сәуле үй жағалап,
Шалқиды кеп біткендей күйге қанат.
Сол өңірге апталған алтынменен,
Кілең жаңа тастаған түйме қадап.

Қысы - жазы арытып қанша ат - көлік,
Жатады жұрт алыстан аңсап келіп.
Бұлғақтайды ақ түтін буға айналып,
Төбесінде Ханшатыр – камшат бөрік.

Күтері хақ ақ таңды кештің аңсап,
Мен де алыстан айғайлап жеттім ән сап.
Жаңа басып орынын, Оң өңірден
Бара жатыр ығысып ескі моншақ...

Бүгін менің өзгеден бөлек іргем,
Жатыр денем тазарып көне кірден.
Қонақ келсе қарайды сонда да Есіл,
Оң өңірін жасырып, Сол өңірмен.

***
Өзен емес, бұл Есіл құт арнасы,
Ол сарқылмай, белгілі жұт алмасы.
Қазақстан дейтұғын алып елдің,
Билігінің осында ұшар басы.

Ағады сол арнада су молдіреп,
Құшады кеп көбелек гүлді елжіреп.
Бар қазақтың басылып көзіне оттай,
Тұрады үлкен бәрінен Ту желбіреп.

Ашылады сорлының бағы осында,
Жыртылады жұлқыссаң, жаға осында.
Қыздың Жібек, жігіттің Төлегені,
Баукеспесі ұрының тағы осында.

Сарайдың да осында еңселісі,
Кірсе кісі шыққысыз көркем іші.
Ақынның да мықтысы жүр осында,
Түспейтұғын қой құсап серкеге ісі.

Келем десең, тосылмай кел осында,
Қарсы алады аңқылдап жел осында.
«Азат!» деген жазу бар маңдайында,
Қазақ деген бастысы ел осында!

***
Алыс кеткен төлдей боп енесінен,
келе жатып түнде әуе кемесімен –
Арқаны әжең аластап отырғандай,
шырақ жағып, қарасаң, төбесінен.

Бойын қайрат кернеген, ішін арман,
Қазақ деген салды оны кісі қолдан.
Сезіледі әлде Көк жұлдыздары,
Жерге түгел секілді түсіп алған...

Жұлдыздарға көк емес, жер төсі бай,
Келді-ау бақтың қазаққа мөрті осылай.
Түсіп кеткен жиа алмай моншақтарын,
Көкжиектің кіреді көрпесіне Ай.

Ұшып - қонып күнді - түн жатады ұшақ,
Ашады оған Сарыарқа – ата құшақ.
Келгендерді тәксилер ала ұшады,
Енесіне жүгірген бота құсап!

Кетпестей қып өмірі жұрт есінен,
Төгеді Арқа әр түні нұр төсінен.
Ай көрпесін жамылып үлгіргенше,
Күн шығады даланың бір шетінен,

АВТОБУСТА

Салды Астана қазақтың мәңгіге елі,
Соғып тұрған Ақорда жан жүрегі.
Бас қаланың дегендей көлігіміз,
Автобустар ырғалып паң жүреді.

Барар жерің тұрса да таяу ғана,
Сары аязда алмайсың жаяу бара.
Ақмоланың соққанда ақ бораны,
Кәдімгідей ықтасын – аялдама.

Сол автобус күндегі көлігіміз,
Жол үстінде өтеді өміріміз.
Ерте тұрып, ентелеп жүгіреміз,
Жел қолында кетеді бөрігіміз.

Мініп - түсу дегенге ең ептіміз,
Ата - әжеге жасы үлкен көмекшіміз.
Басын изеп қояды жүргізуші,
Бірден танып тұрады белетші қыз.

Күнде белет сол қыздар тексереді,
Шырқалады қазақтың ескі өлеңі.
Өткен іске қыдырып қиял кетіп,
Кептелісте көп ойлар кептеледі.

Кіші тұрып, береді үлкенге орын,
Жылы ұстауға тырысады жұрт өңдерін.
Аздан кейін арқасынан домалап тер,
Ұмтылады тоңғаның, бүрсеңдеуің.

Атажұрттың ыстық қой топырағы,
Шеттен келіп әлі де ел қосылады.
Қуыршағын «жылаған» әлдилеумен,
Әже алдында немере отырады.

Тұрғанымен түйіп ап күнім қабақ,
Сезіледі бұл қала шынында абат.
Отырады шұқылап телефонын,
Құлақтарын арулар тығындап ап.

Бара жатқан көңілің шалқып ары,
Жанса қызыл бағдаршам сәл тынады.
Шұлғиды бас түн бойы ұйықтамаған,
Қалғып кетіп бозбала әлсін - әлі.

Кейде зырлап ақ тұлпар ала ұшады,
Жүйрік ойым қалыспай жарысады.
Біреу ұрсып түсерде хоштасады,
Біреу жайлап біреумен танысады.

Тәртібіне жолдардың қала қатаң,
Келсең, осы көлікпен аралатам.
Алыс қалған арттағы елімді ойлап,
Өлең жазып ал өзім бара жатам...

***
Секілді жүрген көкте жүзіп қайық,
Тағамыз жаумай кетсе бұлтқа айып.
Жаңбыры Сарыарқаның Астананы,
Кетеді өзі - ақ жазда жуып - шайып.

Күз бітті, жамылады енді қала ақ,
Жөнелді жылы жаққа көп дуадақ.
Жүреді түнде жауған ұлпа қарды,
Көшеде бұрқыратып жел қуалап.

Деме сен бұл қаладан мүлтік табам,
Сақтайды ұшқан тозаң кірпікте жан.
Үйлердің қабырғасын жарқыратып,
Тұрады жиі - жиі сүртіп боран.

Ұлы Күн шыққан сайын таңды ағартып,
Барады үміт үдеп, арман артып.
Күзеткен есік алдын түні бойы,
Тұрады ел машинасын қардан аршып.

Көше көп, сол көшеде қиылыс көп,
Құрлыс мол біткен жаңа биыл істеп.
Көліктер жөңкіледі тізбектеліп,
Түтінін біреуінің бірі иіскеп.

Жұмыстан алам десең тыным, аға,
Қырға шық аттың басын бұрып ана.
Сені жол әкетеді бастап ары,
Қойнына сүңгітем деп Ұлы дала.

Құйғытсаң шана жегіп қос атпенен,
Бұлдырап қалады артта шошақ төбең!
Ақ боран аңырап кеп ұрғыласа,
Тұрады ағаш біткен жасап сәлем.

Ауа ма сол далаға аңсарың сан,
Жел өзі желпіп жазар талса қылтаң.
Тізгінін ақ тұлпардың сен жіберіп,
Көкжиек жеткізбейді қанша қусаң.

Игердік қаланың да сырын қанық,
Сол қала отыр бүгін нұрын жағып.
Шетіне қайта ілінсең Астананың,,
Тұрады сүрі иісі мұрын жарып...

***
Астананың Мұратын..., Кәмиласын...
Бәрі - бәрін шетінен таниды әкім.
Аулаларды аралап жүреді ылғи,
Байлайды кеп әр күні әр үйге атын.

Пәтерлерге кіреді қадам басып,
Үлкендерге шығады амандасып.
Бос жүргенін ешкімнің қаламайды,
Оған жұмыс береді, саған кәсіп...

Күнде Астана көркейіп, көгереді,
Ата ойнатып жүреді немерені.
Әшекейлеп әйнектен үй салады,
Айналаға қайың мен шөп егеді.

Тұлпар болар құлынды желідегі,
Бірден танып тұрады сері көзі.
Шемішкенің шашылған қабығын да,
Бізбен бірге кетеді теріп өзі.

Алаңға гүл өсірді, баққа жиде,
Отырады ел күніге мақтап үйде.
Көрінеді сау тұрмақ, соқырдың да,
Анадайдан көзіне жатқан ине.

Дерсің анау алаңды айна бірден,
Әсем гүлмен тұрады жайнап іргем.
Кір аяқпен басуға қимай жерді,
Бәтеңкені шығамыз майлап үйден...

Тұрады елге үнемі беріп есеп,
Аптыққанды қойған жөн теріп өсек.
Үлгі өзгеге бұл қала көп жағынан,
Басқарған соң қазақтың ері кесек!

***
Ақылды ұрпақ туады өсер елден,
Бойға сіңіп өнеге шеше берген.
Ұл мен қыздың еліне қайтқысы жоқ,
Оқу іздеп ауылдан кеше келген.

Қала еді бұл қазақ пен тілге зәру,
Көрік берді Арқаға кіл жаңару.
Отырады күзетіп телефонды,
Бір бастықтың алдында бірден ару.

Жаз айында жайнайды гүлдер күліп,
Оты жанып арман мен іргеңде үміт.
Есік ашып жүреді қалбырақтап,
Бір басшының соңында бірден жігіт.

Қысы тарпаң ауылдың, бұлты ұшқалақ.
Сонда да ел қой бағып, жылқы ұстамақ.
Жұмыс таппай тарығып келген қолдар,
Үй салады жыл бойы, кірпіш қалап.

Көңіл сеніп шаруаға, қол үйренді,
Қала іргесі күн санап кеңиді енді.
Құшағында жігіттің қыз тұрады,
Көзі тесіп жайнаған сол үйлерді.

Балапанын ұядан ұшырса аға,
Барып қонар тұғырын – құтың сана!
Астанада келеді қалғысы елдің,
Қарын қүреп, көшесін сыпырса да.

Бөліп жесін қызың мен бір нанды ұлың,
Отан үшін жанымыз құрбан бүгін.
Ауылдағы қалайды бар ата - ана,
Бір отаудың осында тұрғандығын.

Балтыр сыздап, шақтарда жан ауырған,
Сараң келін, сақтасын қарау ұлдан.
Күз болғанда бетке алып Елорданы,
Соғым келе жатады бар ауылдан...

Қарамастан күйіне мына жүдеу,
Боларына сенеді ел, бірақ, үдеу.
Ауыл үшін әзіргі зор мақтаныш,
«Астанада баламыз тұрады!» деу.

МАХАББАТТЫҢ ҚАЛАСЫ БҰЛ АСТАНА

Аты мәлім жақынға, жыраққа да,
Махаббаттың қаласы бұл Астана.
Алып ұшқан жүрегі нар жігіттің,
Қыз көңілінен бастайды тұрақ таба.

Туды, бақты, ата - атана мәпеледі,
Аямайды жақсыдан батаны елі.
Ұл мен қызды ескі жол адастырмай,
Астанаға жетелеп әкеледі.

Қара лашық қалбиып үй қалады,
Жоспарлардың жазылған миға бәрі.
Тұрақ таппай түнейтін кеш болғанда,
Келген бетте біраз күн қиналады.

Шалбар киіп «жыртылған» тізелері,
Жігіт жыры бітпейді, қыз өлеңі.
Бір кемпірдің бөлмесін жалдап алып,
Көп өтпей - ақ тұрмысы түзеледі.

Сарайлар мен шақырып той алаңы,
Жаңа сезім бүр жарып оянады.
Тез ағарып қол мен бет Күнге күйген,
Қас сызылып, тырнақтар боялады.

Сыпырылған құлындай ноқта бастан,
Табандар түк күймейді отқа басқан.
Көбейеді кафеде бас қосулар,
Телефондар шырылдап тоқтамастан.

Жүрген жолда әкесі шешесімен,
Кетіп бара жатады екі - екіден.
Самалына Сарыарқа жүзді жуып,
Шықпақ болып махаббат бекетінен.

Жерің осы ең биік ірге тебер,
Арадайын құжынап гүлге төнер.
Өрмекшінің торындай шиленіскен,
Сезімдердің көшесі – бұл көшелер.

Ерттеп мініп жас - кәрі намыс атын,
Жақсылықтың күтеді бәрі сәтін.
Саябақтар – шымылдық ұлан жазға,
Өліп-өшіп еріндер жабысатын.

Көше ыңғайлы көлікке, жаяуға да,
Уәденің тұрағы – аялдама.
Өз бақытын табады таңдап жүріп,
Көзі ашық, көңілі ояу бала.

Алыстарға көңілің ала ұшады,
Сен алатын көп мұнда дәріс әлі.
Білім қуып келген қыз Өскеменнен,
Жігітімен Атырау табысады.

Қазақ кімнен бұл күнде именеді,
«Қаражорға» тайпалтып билегені.
Жұмыс іздеп Оралдан келген бала,
Аруымен Торғайдың үйленеді.

Алмағанмен әліге біз ұлықтай,
Ата салтты шеттегі ел жүр ұмытпай.
Қиналады Құлжадан келген жігіт,
Керекудің қызының тілін ұқпай...

Бір - біріне жандардай сай табысқан,
Жақындасып кетеді ел жай таныстан.
Құдалардың сапары басталады,
Даласында қазақтың қайшалысқан.

Бойға біткен халықпыз кие дарып,
Қонақ келсе тастаймыз бие жарып.
Атыраудан шығады бір топ құда,
Отарбаға киітін тиеп алып.

Кісі көңлін баспасын бұзар тұман,
Біз айтатын тоқтамай, ұзарсын ән.
Арқалықтан тартады Оралға ана,
Жабдып алып жасауын қыз артынан.

Бар жоғыңды табасың жерден мына,
Шығып алсаң, бермейсің төрден де ыға.
Тіркеле алмай түседі әбігерге,
Оралман боп Құлжадан келген құда.

Бір шетіне даланың өзге шетін,
Жалғап, елміз тез қонып, тез көшетін.
Орталығы – Астана тұс - тұстан кеп,
Құдағи мен құданың кездесетін.

Көңіліңді ән менен күй көтермек,
Той қызғанда түсесің биге терлеп.
Сар қымызды сапырып желпінеді ел,
Бас құдамыз Имаш деп, Имекең деп...

Өсті елімнің бұл күнде өресі кіл,
Алды тұрмақ, үйлердің төбесі гүл.
Естіледі әр үйден сәби даусы,
Айлар өтіп, жеткенде келесі жыл.

Қазысын жеп, Есілдің суын ішсең,
Балтыр сыздап, болмайды буын іскен.
Егіздетіп Имекең келіндері,
Жөні келсе, тастайды туып үштен.

Кеше туған сәбиге, жас балаға,
Құлақ кесіп береді бастан аға.
Тапсырады отауын сол құдалар,
Бір Құдайға, сонан соң Астанаға...

Махаббаттың мекені нұрлы Астана –
Тіршілігі қайнаған тынбас қала.
Отағаның арманы – жайлы жұмыс,
Келіншектің арманы – бір баспана!

«АҚБҰЛАҚ», ОЙМАНБҰЛАҚ, БҰЛАҚ - БҰЛАҚ...

Сұрасаң, біздің ауыл – Ойманбұлақ,
Жағасы жазды күні толған құрақ.
Жайылып сайларында мал жатады,
Қойшылар жүгіреді қойға абдырап...
Ауыт Мұқибек

Жеңге қайда атайтын «Кекілді» деп,
Бұл күндері көңіл пәс, жетім жүрек.
Көрінеді «Ақбұлақ» деген кешен,
Менің Ойманбұлағым секілді боп.

Орап қойып жайнаған гүлге етегін,
Мен жүретін бойында тұр көшенің.
«...Бұлақ» аты құлаққа жылы естіліп,
Ары-бері тұсынан күнде өтемін.

Жатады ғой тау суы серпінді ағып,
Әкетердей кісінің бөркін қағып.
Көкқамырдан басталған Ойманбұлақ,
Құятұғын Ілеге еркін барып.

Алты қырдан бері аттап асты - ау арман,
Шаң көрінді бұрқырап қасқа жолдан.
Ойманбұлақ қайнары ақ тұмадан,
Менің мына жырым да бастау алған.

Ұрпағымын ән - жырға халықтың бай,
Өлең мені келеді жалықтырмай.
Қалам алып, қолыма жыр жазғалы,
Сол бұлақша келемін ағып тынбай.

Зерін күнде төгеді тіл кестенің,
Мен өлеңсіз өмірде күн кешпедім.
Сол бұлақпен жүрегім егіз менің,
Сол бұлақпен жырларым үндес менің.

Жақындығы жақсы ғой көлге іргенің,
Жараспайды су іздеп жол жүргенің.
Сол бұлақтай жүрегім таза менің,
Сол бұлақтай жырларым мөлдір менің...

Көп жыл болды маған бой түзегенге,
Саламын деп өзімше із өлеңге.
Ақын біткен өмірде армандайды,
Абай атты құйсақ деп Ұлы өзенге!

Келеді ойға таныс сөз, таныс елес,
Бергендей бір әрі ақыл, әрі кеңес.
Ойманбұлақ Іледен шалғайда еді,
Ал, «Ақбұлақ» Есілден алыс емес...

***
Сенімімнен аз емес уайымым,
Құбылуда дүние шырайы мың.
Мұнай иісі аңқиды Астанадан,
Маңғыстаудың кәдімгі мұнайының.

Арымай ағам келеді, қыңбай інім,
Айта берген жөн емес күнде «айыбын».
Бидай иісі аңқиды Астанадан,
Қостанайдың кәдімгі бидайының.

Елім мына біреуі ең ірінің,
Тиісті емес өшуге менің үнім.

Темір иісі аңқиды Астанадан,
Теміртаудың кәдімгі темірінің.

Көрдік елдің текпісін, қысымын да,
Енді ешкімнің хақы жоқ ысыруға.
Мыс иісі аңқиды Астанадан,
Жезқазғанның кәдімгі мысының да...

Кейде барып күн қасын мекендеймін,
Кейде Кенен атамша тепеңдеймін.
Бәрінен де осының асып түсіп,
Қазақ иісі аңқыса екен деймін!

***
Қалаңызға ақын келді, Имеке,
Астанасын келер ме еді ол сүймесе?!
Азабына төзіп еді ғасырдың,
Қазағыңа бүгін, міне, тиді есе.

Қалаңызға келді Сіздің бір ақын,
Аламанға ерттеп мінген жыр атын.
Ақынмын деп жүргендердің біразын,
Қайраты бар қалпағымен ұратын.

Жақын емес, келген сонау алыстан,
Сорлы да емес басындағы бағы ұшқан.
Арғы бетте жүрген бала кезінде-ақ,
Атажұрттың өлеңімен танысқан.

Жазғаны да жаман емес, көп-көрім,
Жыр етеді бүгіні мен өткенін.
Дипломын сұрасаңыз, бітірген,
Қадыр менен Тұманбайдың мектебін.

Алты Алаштың азаматы аса игі,
Сіз тұрғанда неменеден жасиды.
Сарыарқаның самалы боп аңқылдап,
Күні-түні Есіл болып тасиды.

Құшырлана жұтады да самалын,
Қасиетіне бас ұрады даланың.
Көшесінде теңселеді жыр ойлап,
Астана атты мынау әсем қаланың.

Елге әйгілі ер Махамбет арғы әкең,
Жүк көтердің өзіңдағы нарға тең.
Атырау мен Алматыны құлпырттың,
Сіз басқарған қалада арман бар ма екен?!

Қазақпыз ғой жалын құмар, от құмар,
Алысты да туыс етер, дос қылар.
Мұз жастанған батыр елдің баласы,
Сіз басқарған елде де арман жоқ шығар!?

Қазағым деп күндіз-түні шапқылау,
Самайыңа іледі екен ақ қырау.
Маңдай терің, жүрек қаның тамбаса,
Қайдан ғана келе қойсын бақ мынау!

Астана емес, Бейіш сынды бұл шаһар,
Бұл шаһардан басталады тың сапар.
Көрген жерден көздің жауын алатын,
Алып үйлер көк тіреген тұр қатар.

Астана емес, Бейіш сынды бұл қала,
Жеткізеді шын бағасын жыр ғана.
Бақыт тапты мұнда келіп жетімдер,
Бақыт тапты мұнда келіп мұңлы ана.

Аман болсын ұлы елімнің іргесі,
Тоқтамасын алға тартқан жыр көші.
Арналады Сізге де ертең, жан аға,
Тарих атты дәу кітаптың бір беті...

Астанаға ат байлаған сол ақын,
Мұқибектен қалған Ауыт болатын.
Тайлақ едім кешегі ұлы көшке ерген,
Артқа тастап ата-баба моласын.

Жүр көңілім бір құтайып, бір жұтап,
Туарына сенем ертең нұрлы шақ.
Ақындықта аламын өз орнымды,
Басын бұлтқа бүркетпеген шың құсап.

Осы жұртпен осындағы тұратын,
Бірдей менің мұңым менен мұратым.
Жақсы ағама жел сыбырлап айтса екен,
Астанаға келіпті деп бір ақын!

17.11.2013
Астана
Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5381