Сенбі, 23 Қараша 2024
2525 3 пікір 13 Наурыз, 2024 сағат 17:46

Буллингке жол жоқ

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Бүгінгі таңда баланың оңтайлы әлеуметтенуі қоғам алдында тұрған ең үлкен міндеттердің бірі. Оны балабақшадан бастап қолға алып жатырмыз.

Дейтұрсақ та, қоғамда өзінің ұнамсыз қылықтарымен, өрескел әрекеттерімен көзге түсіп жататын жасөспірімдер жетерлік. Бұл тәрбие бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың жеткіліксіздігінен екені дау тудырмаса керек. Ықылым замандағы әл-Фарабиден бастап қаншама ғұлама-ойшылдар тәрбие мәселесінің адам тағдырын шешетінін жан-жақты, егжей-тегжейлі айтып, жазып кетті. Соның өзінде талай кемшіліктер кетіп жатыр. Сол кемшіліктер қайта-қайта алдымыздан шыға береді? Соның бірі мектептегі зорлық-зомбылық. Бұл қазіргі таңда тек Қазақстанда ғана емес бүкіл әлемде өте маңызды әлеуметтік мәселе ретінде қарастырылады. Балалар отбасында, балабақшада, мектепте, әскерде әртүрлі зорлық-зомбылыққа ұшырап жатады. Зорлыққа ұшыраған баланың да, ұшыратқан баланың да болашағы бұлыңғыр. Екеуіне де психологиялық көмек керек.

Баласын балабақшаға, мектепке, жоғары оқу орнына, әскерге жіберген ата-ана алаңсыз болуы үшін баланың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек. Осының ішінен мектепке қатысты айтар болсақ, сабаққа келген бала мұғалімдер немесе оқушылар тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырайтын болса, яғни өзін қауіпсіз сезінбесе, онда сапалы білім ала алмайды. Өзінің мүмкіндігін жан-жақты ашып көрсете алмайды. Тіпті орны толмайтын өкінішті жағдайларға дейін ұласуы мүмкін. Демек, мектеп тек білім беру мекемесі ғана емес, сонымен бірге баланың тұлғалық қасиеттері, мәдениеті қалыптасатын орын. Біздің елімізде орта білім алу міндетті. Яғни мектепке бармайтын, ұстаздың алдын көрмейтін бала жоқ. Ал мектепке барып, ұстаздың алдынан өткен бала мәдениетті, тәрбиелі болуға тиіс. Алайда бізде олай болмай жатқан жағдайлар баршылық. Жап-жақсы балалардың теріс жолға түсуі немесе зорлық-зомбылық көріп, томаға тұйық, өзімен-өзі қалып, әлеуметтік оқшаулануға ұшырайтын жағдайлары да кездесіп жатады. Осыған қарап, мектеп баланың психикалық денсаулығын, әлеуметтенуін бұзатын, кейбір баланың құқық бұзушылық әрекетін тудыратын,  психологиялық жарақат алатын орын болып та табылады дей аламыз. Әйтпесе, мектептегі зорлық-зомбылық мәселесі көтерілмейтін еді.

Мектептегі зорлық-зомбылық мәселесін нақтырақ түсіну үшін халықаралық зерттеулерге, шетелдік ғалымдардың еңбектеріне жүгінуіміз қажет. Өйткені бұл мәселені жан-жақты қаузап, терең зерттеп жүрген отандық ғалымдар жоқтың қасы. Екі-үш орталық жүргізген сауалнама қорытындысына, бірді-екілі оқиғаларға қарап толық картинаны көре алмаймыз. Алайда соңғы уақыттары балаларымыздың білімді болуына көбірек көңіл бөліп, тәрбие мәселесін ақсатып алғанымыз да рас. Кең етек жайып кетпесе де, мектептегі зорлық-зомбылық туралы ара-тұра естіп қалатынымыз бар. Соған орай «мектепте балаларға қатысты зорлық-зомбылық дәрежесі қандай»? «Балалар арасында зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктің қандай түрлері кездеседі»? «Мектептегі зорлық-зомбылықты кімдер жасайды, оның құрбаны кімдер»? «Басқа балаларға оның әсері қандай»? «Мектептегі зорлық-зомбылық пен суицид арасында байланыс бар ма»? - дегендей мыңдаған сұрақ алдымыздан шығады. Дәл қазір бұл сұрақтарға жауап беру қиын, оның бәрі арнайы зерттеуді қажет етеді.

Көптеген елдерде зорлық-зомбылық түрлеріне психологиялық және физикалық жәбірлеулер, қатарлас құрбылары тарапынан болатын қорқыту, жыныстық ерекшелігіне қарай жәбір көру, мектеп қызметкерлерінің «ақпақұлақ балаларды» тәртіпке шақырып, жазалау үшін ұрсып-жекіруі, шапалақпен тартып жіберуі сияқты мәселелер кіреді. Физикалық зорлық-зомбылық деуге келіңкіремейтін, тәртіпке шақыру мақсатында мұғалімдер қолданатын жазалау түрлері терең зерттелмегендіктен көбіне елеусіз қалып жатады. Бірақ бұл мәселеге салғырт қарауға болмайды. Қандай деңгейде екенін білмесек те, мектепте мазақ пен кемсітудің, қорқытып үркітудің болып жатқанын бәріміз білеміз.  Ондай келеңсіз оқиғалар мектеп аумағында, мектепке баратын, қайтатын жолда, дәретханада, мерекелік немесе басқа да іс-шаралар өтіп жатқанда орын алуы мүмкін.

Адамзат тарихында зорлық-зомбылық мәселесі ерте замандардан келе жатқан жағымсыз әрекет ретінде қарастырылады. Адам баласы қай кезде де мінсіз қоғам құра алмаған сияқты. Бір өкініштісі зорлық-зомбылыққа әлсіздер ұшырайды. Көбінесе әйелдер мен балалар соның зардабынан тағдырдың тәлкегіне ұшырап жатады. Бұл мәселені бетімен жіберуге болмайтынын кез келген адам түсінеді. Сонда «оны қалай тоқтатамыз, қалай алдын аламыз?» деген қиын сұраққа кезігеміз. Осы сұрақ төңірегінде ойланар алдында бұл мәселені байырғы қазақ қоғамы қалай шешкенін ойлануымыз керек. Иә, қазақ даласында буллинг болды ма, жоқ па? «Шұғаның белгісінде» Бейімбет Майлиннің: «Ол кезде заман қандай, жер әдемі, мал көп, орыстың исі де жоқ», - дейтіні бар ғой, мен сол уақыттарды айтып отырмын. Ол кезде қазақ даласында буллинг болған жоқ деп батыл айта аламын. Ел ауыл-ауыл боп отырады, ауылда келімді-кетімді қонақ болмаса, бөтен ешкім жоқ, бәрі бір атадан тараған туыстар. Ал бір атадан тараған туыстар әулеттің татулығын бірінші орынға қояды. Өйткені олар бірін-бірі жақсы көреді. Ағалы-інілі, апалы-сіңілі дегендей, сыйластықта бірге өседі. Мұндай туыстардың арасында орынсыз жанжал, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық сияқты жат істер болмайды. Тәртіп бойынша туыстар бір-біріне қиянат қылмайды, керісінше, сырттай қамқор, жанашыр боп жүреді. Ондай жерде зорлық-зомбылық, бопсалау, қорқыту деген қайдан болады?! Сонда, Құдай-ау, біздің аталарымыз бұл мәселенің де алдын алып, баяғыда шешіп тастаған екен ғой. Бүгінгі күні буллингті бұлай шеше алмайтынымыз белгілі. Туыстың бәрін бір ауылға жинау мүмкін емес. Әрине, бұл тұрғыда ешкім ештеңе істемей жатыр деуден аулақпыз. Ата Заңымыздың 17 бабында  «Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды», деп тайға басқандай жазылса да, осы мәселенің шешімін табу оңай болмай тұр. Елімізде білім беру мәселесіне қатысты құжаттардың бірде бірінде бұл мәселе сырт қалмайды. 2022-2023 оқу жылына арналған әдістемелік нұсқау хатта оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру кезіндегі басымдықтар білім алушылардың әл-ауқатын қамтамасыз ету, баланың жеке басына құрмет пен сенім, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, оларды кемсітушілікке жол бермеу болып табылатыны жазылған.  «Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы № 506 бұйрығы да шықты. Сонда да нәтиже аз.

Балалардың алаңсыз білім алуына толық жағдай жасай алмау мемлекеттің, қоғамның, сол білім беру ұйымында істейтін педагогтердің осалдығы деп ойлаймын.

Зерттеулерге сүйенсек, зорлық-зомбылықтың барлық жағдайын, себептерін жан-жақты талдап түсіндіретін теория жоқ. Алайда оның аяқ астынан туындамайтыны да белгілі. Ешкім ата-анадан зорлықшыл болып тумайды. Олай болса, кейбір балалар неге айналасындағыларға, туысқандарына қатыгездік жасайды деген сұрақ туады. Оның әртүрлі себептері бар. Атап айтқанда:

  • тәрбиеде кеткен қателік
  • нашақорлық және мaскүнемдік
  • отбaсындaғы түсініспеушілік
  • бала психикaсының бұзылуы
  • әлеуметтік және қaржылық жaғдaй (жұмыссыздық, кедейлік, төмен кірістер)
  • рухaнилық пен aдaмгершіліктің төмен деңгейі
  • жaзaсыздық
  • БАҚ-тың әсері, т.б. жағдайлар болуы мүмкін.

Сол себепті үйде отбасы мүшелері, балабақшада тәрбиеші, мектепте мұғалім тәрбие мәселесінде қателік жібермеуі керек. Отбасында ата-ана мен бала арасында түсіністік болса, ата-ана бала бойындағы ең жақсы қабіллеттерді дамытуға күш салса, баланың психикасы қалыпты дамиды, есірткі, ішімдік дегеннен аулақ болады. Ал енді әр отбасының әлеуметтік, қаржылық жағдайына, бұқаралық ақпарат құралдарындағы сорақылықтарға мемлекет назар аудармай болмайды. Ұлы Абай «... қандай адам баласы болсын, ол кішкене күнінде ауыз әдебиетімен сусындаса, онда ол адам өз тілін, елін, жерін сүйеді», - дейді. Егер Абай дұрыс айтады десек, онда біз мектеп бағдарламасындағы бір-екілі ертегі, бірді-екілі батырлар жырымен баланың рухани сұранысын қанағаттандыра алмайтынымызды түсінуіміз керек. Аударма мультфильмдер, аударма фильмдер, аударылған әдебиеттер арқылы балаларымызды рухани бодандыққа алып бара жатқан жоқпыз ба деген мәселені де ойлануымсыз керек сияқты. Өйткені баланың бойына рухани-адамгершіліктің дәнін себетін, рухани уыз болатын ауыз әдебиеті десек, оны жарытып бере алмай жүргенімізді мойындауымыз керек сияқты. Рухани жұтаң, рухани бодан адамдардың ештеңеден тайынбайтыны бәрімізге белгілі., Отбасындағы, мектептегі, қоғамдағы зорлық-зомбылықтың, буллингтің астарында осы мәселенің жатпағанына кім кепілдік береді?! Баламыз зорлықшыл болмасын, обал-сауапты біліп өссін десек, тегінде осыдан бастауымыз керек шығар. Жалпы бұл мәселемен күреске ел болып жұмылмай, оң нәтиже шығару оңай болмайды. Ұлттық құндылықтарға құрметпен қарап, баяғыдан жібі үзілмей келе жатқан тәрбие дәстүрін берік ұстанатын елдердің қарыштай дамып жатқанын бұқаралық ақпарат көздерінен оқып жүрміз. Тағы бір ескеретін жағдай, ұлттық құндылық, дәстүр дегенді шапан-тақия, кимешек, құрақ көрпе, киіз үй, ою-өрнек, ұршық, қамшы, қазы-қарта, табақ-табақ бауырсақ, қымыз, қымыранмен елестетендер көбейіп кетті. Әрине, оны да ұмытуға болмайды, бірақ біз неге неге сыртқы формаға назар аударамыз?! Неге рухани құндылықтарды тірілтпеске?! Даналық деген шапан, кимешек, саптама етік кию емес қой, баламызға, немеремізге: «Біреудің ала жібін аттама, ұят болады, үлкеннің жолын кеспе, әдепсіздік болады, ешкімге қиянат жасама, алдыңнан шығады» деп отырсақ, даналық деген осы емес пе?! Сонда өскелең буын әдепті, мәдениетті болмай ма?! Осы тәрбиені мектепте мұғалім жалғастырса... Отбасы мүшелерінің бойынан, мұғалімнің бойынан осы қасиеттің бәрі көрініп тұрса, бала қайда кетеді?! Сөзіміз бен ісіміз бір жерден шықпаса, өзіміз біреудің ала жібін аттап, біреудің обалына қалып жүрсек, біздің ақылымыз кімге дәрі?! Қазір тәрбие деген қыздырманың қызыл тілі боп кетті. Мұғаліммен соттасқан директор, сағатқа таласқан мұғалімдер... Алдымен, үлкендер, өзіміз санамызда сілкініс жасауымыз керек. Ең үлкен мәселе осы деп ойлаймын.

Екінші, бүкіл әлем бойынша мектептегі буллинг жағдайын төмендету, алдын алу үшін мынандай шараларға назар аударады:

  • бағдарламалар енгізу
  • ата-аналарды тарту
  • тәртіптік әдістерді қолдану
  • мектептегі әлеуметтік ахуалды жақсарту
  • балаларды қадағалау.

Буллинг мәселесін шешуде оң нәтиже көрсетіп жүрген бағдарламалар көп, мысалы KiWa (Финляндия), ОВРР (Норвеги) т.б. Әрине, бұл бағдарламаларды сол күйінде көшіріп алмай, өз еліміздің дәстүріне, діліне, ғұрпына ыңғайлап жасайтын болсақ, бірақ нәтижеге қол жеткізеріміз сөзсіз. Биылғы оқу жылынан бастап мектептерде ашылған АПҚО (Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы) арқылы ата-аналармен жүргізілетін сабақтарда осы мәселені кеңірек қозғауымыз керек. Тәрбие, тәртіп мәселесіне салғырт қарауға болмайтынын түсінетін уақыт жетті. «Сен тимесең мен тимен, бадыран көз» деген ұстаным жақсылыққа апармайды. Буллинг дегенді үшінші адам батыл араласып қана тоқтата алады. Мұны естен шығармауымыз керек. Егер салғырттық танытатын болсақ, буллер мен көмекшілері:

  • бұл әрекетімізді жалғастыра беруге болады
  • мықты болсақ мұғалімдер де, ата-аналар да, директор де бізден қорқады деп ойлайды. Ал жәбірленуші:
  • маған ешкім сенбейді
  • қорықпайтын, тыңдамайтындар ғана мықты
  • агрессорға ешкім қарсы тұра алмайды деп өмірден түңіле бастайды. Ал буллингке куә болғандарға:
  • агрессорлармен байланысуға болмайды
  • жәбірленушіні қолдау, аяу қаіпті, одан аулақ жүру керек
  • агрессор мұғалімнен де мықты
  • тәртіп, әділдік деген атымен жоқ деген ой келеді. Ал ата-ананың:
  • директор әлсіз, өз жұмысын білмейді
  • директор буллердің ата-анасына тәуелді
  • мектеп баланың жағдайына алаңдамайды
  • мына мектеп баланың психикасын бұзады
  • басқа мектепке ауысу баласы үшін стресс
  • не істеу керек? - деп басы қатады.

Жағдай осылай ушығып кетпеу үшін зорлық-зомбылыққа көз жұмбай, міндетті түрде араласуымыз керек. KiVa бағдарламасында араласу әрекеттері қорқытуға қатысқан балалар мен жасөспірімдерді тоқтату мақсатында іске асады. Оның артықшылығы да осында деп ойлаймын. Тіпті агрессорға табандап қарсы тұра алмағанның өзінде мұғалімге, ата-анасына т.б. адамдарға айтып, мәселенің тезірек шешілуіне үлес қосуға міндеттімін деп санасын.   Біз қандай жұмыс атқарсақ та, ең алдымен балалардың бойында «өзім қорғануым керек, әлсізді қорғауым керек» деген ұстаным қалыптастыруымыз керек.

Тек сынып жетекшісі ғана емес, пән мұғалімдері де балалардың барлығын жіті бақылауда ұстағаны жөн. Кімнің көңіл күйі жоқ, кім сабаққа кеш келіп, кеш қайтады, кім томаға тұйық... мұқият қараған ересек адамға ондай бала бірден көрінеді. Ондай бала ә дегенде ештеңе айтпайды. Мұғалім «сөйлестім, бәрі жақсы деді» демей, мәселені егжей-тегжейлі анықтауға күш салсын. Бала мінезіндегі өзгеріске ата-ана да назар аударуы керек. «Мына бала өзгеріп бара жатыр» деп қоя салуға болмайды.

Аманғали Хамидоллаұлы Мұхтаров,

«ӨРКЕН» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435