Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2342 14 пікір 15 Наурыз, 2024 сағат 13:34

Тексіздерге тектілікті үйрету айып емес!

Коллаж: Abai.kz

Қолымда «Жас Алаштың» 10 қыркүйек, 2002 жылы №108 (14524) саны, қайта-қайта оқығаным белгілі журналист Қали Сәрсенбайдың «Сіз қандай ұрысыз?» деген мақаласы.

Атүсті қараған (оқыған) адамға бұл мақала «...тақырыбымызға осы бір тосын, біртүрлі ой тұрғысынан келіп отырмыз» деп автор өзі айтқандай біртүрлі тосын, ыңғайсыз сезілетіні рас. Анығын айтқанда, ең бастысы, ұрының «ұлт жанды болу» қақындағы автор идеясы. Алайда, зерделі оқырманға бұл мақала көктен іздегені жерден табылғандай қуанатын әсер қалдырады.

Сол оқырманның бірі менмін. Бұл мақала тіпті оқырманын әжептәуір ойға жетелеп «расында біздің ұрылар өзгенікін емес, өзіміздікін ұрлап, тонап жатыр екен ғой...» деген өкініші өзегін өртеп кетері сөзсіз. Оның үстіне бұл мақала санасында саңылауы бар ұрыларды да қағыс қалдырмай «осы біз қандай ұрымыз?» деп өзіне-өзі сұрақ қойдырып ойландырары ақиқат.

Журналист аталған мақаласын Жамбыл облысына әкім болған біреудің әдеттегідей әр сала адамдарын жиып алып, жиналыс өткізгенде әлгі әкімнің, – Вы, все воры, жулики, – деп аузына келгенін көкіп дүрсе қоя бергенін мысал келтірген автор «бәлкім, коммерсанттар не бизнесмендер деп ойлаған болуы керек. Әрине, өзі ұры адам өзге туралы осылай ойлауы да заңдылық» деген тұжырымды ой түйіндейді. Дана халқымыз ондайларға «қорыққан бұрын жұдырықтайды», «ұрының арты қуыс» деп әлдеқашан қорытынды шығарып қойған. Байқап отырсақ, жалпақ шешенси, адамды кісі құрлы көрмей сөйлейтін тоғышар ұрылар көбейіп бара жатқандай...

Автор және өзі туып-өскен еліндегі Жақып деген атақты баукеспе ұрыны тілге тиек ете келіп, ел іші арып-ашқан 1930-шы жылдары ел ішіндегі тоқты-торымына тимей, алысты торуылдап бір ауылды асыраған текті ұры екенін тілге мақтаныш етеді. Әрі оқырманға «Ал енді осы кісі туралы қалай ойлауға болады, ұры ма, әлде елге пайдасы тиіп отырған адам ба?» деп сұрақ қоя отырып, өзі «бірақ, оның ел қойған аты – ұры», «ұрыда ұлт болмайды» деген сөз бар. Ұлтқа пайдасы тиіп отырған Жақыптың ұлты кім сонда? Жақып ұлтшыл, ұлтжанды ұры» деп нақты жауап береді. Бұл ақиқатқа мойынұсынбасқа қандай шара бар? Бұл автор алып отырған бір ғана мысал. Егер тарихымызға үңілер болсақ, басқаларға «ұры, қарақшы, барымташы» атанып, елін қорғап, халқын асыраған батыр-бабаларымыз қаншама? Осынымызға дәлел ретінде мына бір аңызды бірге оқып көрелік.

Бір байдың ынжықтау бір ұлы болыпты. Бір күні ол ауыл аралап келе жатса, үш атты желе жортып барады екен.

– Ей ағалар, мен де бірге тамашалайын, – депті бай баласы.

– Онда ере бер, – депті, әлгілердің ішіндегі жастау біреуі. Бай баласы әлгілердің желісіне шауып ілесе алмапты.

– Ілесе алмасаң ізімізден келерсің, біз алдымен барып тамақ әзірлей берейік, – депті әлгі жастау жігіт тағы да.

Із қуып жүре-жүре байдың баласы келсе, бір жерде әлгі үшеуі ұйықтап жатыпты. Қастарында бір саптаяқ қуырдақ тұрыпты. Ол аттан түсіп қуырдақты жепті. Оның жегеніне қуырдақтың мұрты да ойылмапты.

Бір кезде ұйықтап оянған соң олар тағы да жүріпті. Жүріп отырып бір асты терең шат, қабаққа келіпті. Үшеуі аттарын байдың баласына ұстатып:

– Атты ұстай тұр, қазір мына сайдан, «Қабанбай», «Бердіқожа», «Жәнібек» деген айғай естілсе атты жетектеп бар. Егер басқадай сөз естілсе, көк атқа мініп қашсаң құтыласың, – депті де шатқа түсіп кетіпті.

Бір кезде «Жәнібек, Жәнібек!» деген дауыс естілген соң, байдың ұлы аттарды алып барса, әлгі жастау жігіт түрулі екі білегі қып-қызыл қан, екі иығынан демалып сандықтай тас үстінде отыр екен де ана екеуі:

– «Жәнібек! Жәнібек!» деп жұбату айтып жатыр екен. Аржағында басы кесілген еңгезердей бір адам сұлап жатыпты. Әсілі адам өлтіргенде қаны қызып еліріп кететін батырлардың әдеті екен.

Өліп жатқан моңғолдың атақты батыры екен. Ол қазақтарға күн көрсетпей, жылқыларын шауып әкеліп, осы шатқа қамай береді екен. Ал ана үшеуі онымен айқасқалы шығыпты.

Жас жігіт есін жиған соң олар шаттан қалың жылқыны айдап шығып елге қайтыпты. Байдың ауылының тұсына келгенде, байдың баласына бір айғырдың үйірін бөліп береді.

Өзіне тиген жылқыны айдап бара жатқан байдың баласы: «мұны алып барсам басқалар ұрлап әкелдің деп пәле салмасын, аналардың аты-жөнін сұрайыншы» деп артына бұрылса, қылыш жалаңдатып әлгі жас жігіт артынан келе жатыпты.

– Неге қайырылдың? – депті ол байдың баласына.

– Жөндеріңізді сұрап алып қалайын, жылқыны кімнен алдың десе не деймін, – депті байдың баласы.

– Менің атым Жәнібек, анау Қабанбай дейтін батыр, анау Бердіқожа деген батыр. Жөн сұрауды білмейтін жетесіз екен, өлтіре салайын деп келе жатыр едім, қайырылып сұрадың, сондықтан кешірдім. «Жылқы Қабанбай батырдан сауға» десең елдің бәрі біледі, – депті де, Жәнібек батыр жолына жүре беріпті.

Міне, көріп отырсыздар, қазақтың текті ұлдары осындай болған, нағыз еркек, нағыз ұғлан деп осыларды айт.

Ал, енді бұрынғы байларды айтар болсақ, бұрынғының текті байлары өз байлығымен бір рулы елдің шырқын бұзбай, берекесін кетірмей асыраған. Тіпті еті тірі жалшысы мен жарлысы сол текті байлардың шапағатымен өздері де байып кетіп отырған. Бұған мысал келтірудің өзі артық. «Жақсының шапағаты тейеді, жаманның кесапаты тиеді»  деген мәтел осындай да айтылса керек. Жаллы қазақ – жесірін қаңғырпаған, жетімін жылатпаған текті халық болған.

Ал, қазіргінің байлары байлығын шетелге тықпалап әуре, бұрынғының байлары сықылды жомарттық таныта алмай отыр. Өйткені бұрынғының байлары өздерінің ақыл-парасаты, адал еңбегімен байыған, құдайға қараған текті байлар...

Енді ат басын аталған мақалаға бұрар болсақ, Қалекең ата-бабаларымыздағы осы бір тектілікті Жақаң арқылы айта келіп: «Қазір Қазақстанда қаптап кеткен шетелдік фирмалар мен корпорациялардан көз ашпаймыз. Солардың бәрі де өз елінің мүддесі үшін қызмет істейді. Алдымен өз халқының пайдасын ойлайды. Тапқан-таянғанын еліне тасып жатыр, бәрі біздің Жақып сияқты «текті ұры» деп үш теңге тапса бір теңгесін бізге беріп, екі теңгесін өз еліне ала жөнелетін шетелдік пысықтарға қызғана, қызыға қарайды. Ал біздің пысықтар елдің балалары сияқты шетелден елге тасудың орнына керісінше өз елінің байлығын ұрлап, тонап бара жатқанын: «Біздің жоғарыда оқып-тоқыған, мәдениетті шенеунік ұрылар, өз елінің байлығын сыртқа миллиондаған тоннамен жіберіп, көкқағазға айналдырып жатыр. Қайсыбір жылы әлгі біздің жоғарыдағы ұлық ұрылардың Қытайға жіберген тонналаған мысының арасынан Құрманғазының мүсіні табылып, елді сағынып жүргендер еңкілдеп жылапты. Міне біздің көзі тұнып кеткен ұрылар атасының басын да сатып жібереді» деп ащына жазады. Бұл көзі қанға толып талтүсте жортуылдаған тойымсыз, ашкөз қасқырдың бейнесін көз алдымызға елестетеді.

Содан да болар, қазақ салтында ата-аналар: «Құдай-ау, маған адал бала берегөр!» деп Тәңірге жалбарынып, тілеу тілегені. Осы арқылы отбасының, ру ішінің тату-тәтті, қарым-қатынасын сақтауды армайдайды. Аталған «адал бала» дегені баласының ата-анасын адалдықпен бағып-қағуын, халқына мейірімді, отанына адал болуын меңзейді.

Ал бала дүниеге келгеннен кейін талбесікке жатып, анасының әлдиі арқылы бесік жырымен ауызданып, бесік жырына бөленіп, бесік жырына тербетіліп өседі. Бесік жыры – қазақ баласының өміріне мән береді, жүрегіне адамдық қасиетті ұялатып, білегіне қуат береді, бойына жігер береді.

Қалекең айтқан жоғарыдағы «оқыған-тоқыған мәдениетті шенеунік ұрылар» осы бесік жырымен өсті деп айтып Құдай алдында күнәһар болу қиын. Егер бесік жырын естімесе естіртіп көрелік:

«Әлди, әлди бөпешім,
Қозы жүнді көкешім,
Жұрт сүймесе сүймесін
Өзім сүйген бөпешім.
Жылама, балам, жылама,
Ата-анаңды қинама.
Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Қызмет қылар ма екенсің?!
Қолымыздан іс алып,
Мойнымызға күш алып,
Бақытымызға жан балам
Бізді бағар ма екенсің?
Жылама, балам, жылама,
Айырқалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?!
Бармақтарың майысып,
Ою-өрнек ойысып
Ұста болар ма екенсің?!
Таңдайларың тақылдап,
Сөйлегенде сөз бермей,
Шешен болар ма екенсің?!
Кең балақты түрісіп,
Ойға-тауға жүрісіп,
Балуан болар ма екенсің?!
Қылған ісің оң болып,
Кигенің жақсы тон болып,
Момын болар ма екенсің?!
Жылама, балам, жылама,
Әлди, бөпем, ақ бөпем
Алтынмен шоқтап бөрікті
Берсек пе екен осыған?
Біз садаға, біз зекет
Кетсек пе екен осыдан?
Бал қайнатып шәй ішкен,
Қазы кертіп, жал жеген,
Асты болар ма екенсің?
Ұзақ жасап, көбірек
Басты болар ма екенсің?
Әлди бөпем, әлди-ай...

Жоғарыдағы бесік жырда ата-аналардың шешен де шебер, батыр да балуан, бай, адал, еңбекшіл, қайырымды да қарапайым, ұзақ ғұмырлы болуын тілейтін ақ еділ тілеген жыры арқылы сәбидің жүрегіне нұр болып құйылып жатады. Сөйтіп өз ұрпағының сапалы білім, саналы тәрбие алып, парасатты, қабілетті, ар-намысты, ұжданды, ержүрек, еліне пайласы тиетін ашық-жарқын болуын тілейді.

Бұл өлеңде дарқан даланың жуасы мен жусанының исі бұрқырайды, тау бұлағының үні сыңғырлайды, тектіліктің самалы еседі. Дала мәдениетіне тән дарқандық пен жомарттық мен мұндалайды.

Әдебиетіміздің алыбы Абай Құнанбайұлы өзінің жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады, бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ бола алмайды, һәм өзі өспейді қуат таппайды...» деп айтқандай сәби баланың ұйықтасам, рахат көрсем, ішсем, жесем деген тән құмары Қалекең айтқандай, біздің шенеунік «ұлық ұрыларда» басым екені айдан анық. Иә, ол балалар сияқты тойып алып ұйқыға басып, басқаға зиян тигізбесе онда оның жөні бөлек еді ғой. Бірақ, «ұрыда ұлт болмайды» деген мәтелдің мәнісіне енді үңіліп көрейікші. Жақып кім, бұлар кім? Демек, «бұларда ұлт жоқ, болмаса өз анасын, ұлтын тонай ма? Ол бас пайдасы үшін барлық ұлтпен ауыз жаласады, орыс та, ойрат та бола кетеді» деп автордың айтқанындай олар тексіз, намыссыз, ұлтсыз ұрылар. Бұлар ұлттымыздың түбіне жетпесе, ұшпаққа шығармайтыны анық.

Шынымен де сіз қандай ұрысыз?..

Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5367