Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 2493 34 пікір 20 Наурыз, 2024 сағат 13:28

Алтын орда мұрагері - Ақордалы Қазақ мемлекеті!

Бүгін, 2024 жылы 20 наурызда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Үкімет басшысы Олжас Бектеновке Жошы хан негізін қалаған Ұлық ұлыстың 800 жылдығы мен Алтын Орда бренді туралы «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын жариялады.

Әлемдегі жер көлемі жағынан ең үлкен, қуаты жағынан ең күшті және ең ұзақ жасаған алып империя Алтын Орданың нағыз мұрагері - Ақордалы Қазақ Елі!

Алтын Орда астанасы Сарайшық жатқан Атыраудағы құрылтайда Президент Тоқаев айтқандай, Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алатын, 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етіп, ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құрып, жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған ең қуатты мемлекет Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толуы тойланатынын ел қуана қолдауда.

Қазақ халқы әлемді билеген қаһанның құрметіне ұлдарына Шыңғыс деп ат қойып, Алтын Орданың атасы, Қазақ хандарының бабасы -Жошы хан кесенесіне зиярат етіп, алыптар жайлы аңыздар мен күйлерді тыңдап өскен ел.

Алтын Орданың 750 жылдығы Қазақ Елі тарихында тұңғыш рет 2019 жылы мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен тойланды. Бұған дейін Алтын Орданың да, Алаш Орданың да атын билік аузына алмайтын...

2019 жылы Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында біз Алтын Орданың 750 жылдық тойын 2024 жылы Жошы ұлысының 800 жылдығымен жалғастыру жайлы ұсыныс жасаған едік. Енді міне, мемлекет басшысы Жошы ұлысының мерейлі белесін лайықты атап өтіп, елімізді әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін толық пайдалану қажеттігіне баса назар аударды.

Иә, еліміздің әлемдік имиджін нығайту үшін Алтын Орда бренді кез келген ел қызығар таптырмас алтын қазына.

Қазақ жерінде жатқан Ұлық ұлыстың негізін қалаған ұлы хан Жошыға да, алып империяның астаналары болған Ұлытау мен Сарайшыққа да әлем назарын аударар кезең басталды.

1. Осындай әлем тарихындағы салмағы орасан саңлақ тұлғалар мен маңызы зор тарихи қалалар өзге бір елдің еншісінде болса, не болар еді... Шағын ғана Моңғолия Шыңғыс хан арқылы дүние жүзіне дүбірін танытып жатыр... Біз де Шыңғыс ханның алып ескерткішінен кем емес кемел ескерткіш кешенін тұрғызармыз. Ол кешенде Жошы ханның да, әкесі Шыңғыс ханның да, ұлы Бату ханның да, шешесі, Шыңғыс ханның ең жақын кеңесшісі бола білген, төрткүл дүниені билеген төрт ұлын туған қазақ қызы Бөрте ананың да ескерткіші тұруы керек. Ұлыстың ұлы билеушілерінің, батырлардың, билердің, ақындардың, асылдардың мүсіндерін қою керек.

Алтын Ордаға арналған мұндай алып мемориалдық кешен тұрғызып жатсақ, ұлт рухы дүр сілкінер дүбірлі дүние болар еді...

2. Жошы ұлысының 800 жылдығын мерекелеу - елдік маңызы ерекше зор рухани серпіліс болуы тиіс. Алаш рухын көтерер алып империя Алтын Ордамыздың тарихын күнделікті нәр берер рухани айналымға қосу үшін мемлекеттік ұлттық саясат керек. Алтын Ордадан Алаш Ордаға дейінгі отаншылдық өр рух Азаттығық алғанымызға отыз жылдан асса да, әлі жолға қойылмаған Ұлттық идеологиямыздың алтын өзегіне айналуы тиіс!

Алтын Орданың атасы Жошы хан құрған Ұлық Ұлыстың 800 жылдық тойына мемлекет болуына «осы ортағасырлық державаның геосаяси мұрасы негіз болған», кезінде Алтын Ордаға салық төлеген бірқатар Еуразия мемлекеттері басшыларын шақыру керек.  Сонда «Қазақ елі болмаған» деп жүргендердің тарихи сауатын ашар тағылымды сабақ болар еді...

Алтын Орда империясы жаһанды қылышпен жауласа, мұрагері - Қазақ Мемлекеті әлемді білім-ғылымымен, әдебиеті мен өнерімен жаулауы тиіс!

Ұсыныстарымыз:

1. Алтын Орда тарихы, Жошы ханның ерекше тұлғасы туралы деректі және көркем фильмдер, сериалдар мен анимациялық туындылар түсіру керек.

2. Алтын Орда дәуірінің тарихи ескерткіштері Жошы хан кесенесі, Сарайшық қалашығы және «Қызыл оба» қорымын туристтік орталықтарға айналдыру керек. Туристік инфрақұрылымды заман талабына лайықтау қажет.

3. Астанада Алтын Орда дәуірінің ұлы мұрасын айшықтайтын асқақтаған алып монумент тұрғызу керек.

4. Әдебиетіміз бен мәдениетімізде, бейнелеу өнерінде де Жошы хан мен Алтын Орда тарихы Тәуелсіз елдің ұстанымымен бейнеленуі керек.

5. Мектеп пен жоғары оқу орындарында Алтын Орда дәуірі бүгінгі күн талабымен оқылуы тиіс.

Біз бұл ұсыныстарымызды 2019 жылы да айтқан едік, тағы да қайталап отырмыз.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясы мүшелері

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377