Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4591 0 пікір 4 Желтоқсан, 2013 сағат 07:37

Сәдібек Түгел: «Бүкіл Қазақстан бойынша «жемқорлықты жою» атты сабақ өткізу қажет»

- Сәдібек аға,  Құлагер ескерткішін  тұрғызу үшін ломбардқа жүгінуіңізге Сізді кім  мәжбүрледі? Оқырмандарға түсінікті болу үшін , толығырақ айтып берсеңіз. 

- Сәдібек аға,  Құлагер ескерткішін  тұрғызу үшін ломбардқа жүгінуіңізге Сізді кім  мәжбүрледі? Оқырмандарға түсінікті болу үшін , толығырақ айтып берсеңіз. 

- Жағдай мәжбүрледі. Жігіттермен алдын- ала кеңескесін, олардың уәделеріне орай бұл жұмысты   2008 жылдың соңғы айларында бастап кеттім. Идея мақұлданды,   жоспар жасалынды,          ондаған  эскиздің нұсқалары  істелінді, оған танымал азаматтар қатысты. Белгілі  архитектор Сұлтан Ильяев жасаған вариантты ҚР  ақпарат министрі Мұхтар  Құл-Мұхаммед  басқарған мемлекеттік комиссия 2009жылдың  қаңтар айында бекітті. Бірнеше дөңгелек үстел басындағы бас қосулар, жиналыстар, экспедициялар өткізілді. Оған еліміздің  жақсылары мен жайсаңдары қатысты.  Берілген Алдымен әрбір құрылыс  нысандарына тән геодезия,  жобалау, жер  мәселелері қаралып, шешілді. Бішкекте  қырғыз елінің атақты  сәулетшісі, профессор  Болатбек Садықовтың шеберханасында  Құлагердің мүсінін жасаудамыз,  оған   үш елдің шеберлері  қатысуда, қазақстанда  құрылысшылар ескерткіштің фундаментіне   бетон құюда және тағы басқа  үлкенді-кішілі қаражат тілейтін  жұмыстар жүргізілуде.  Графикке сәйкес оларды қаржыландыру керек. Ақша жоқ.  Біз,  әлемдік  қаражат дағдарысына тап болдық. Уәделерін  үйіп-төгіп берген  жігіттер,  дағдарыстың салдарынан  суы тартылған өзендердегі балықтардай  қарбалаңдап қалды.   Енді қайттік. Дағдарысты тоссақ, ескерткіш салынбайды. Сондықтан, нартәуекелге баруға тура келді. Ар жағын өзіңіз білесіз.

- Аға,  кішкентай  машина туралы білгім келеді.

- Өзім  күндіз-түні мініп  жүрген  көлігімді ломбардқа салғаннан кейін, шарасыздан әйелімнің  титтей «Киа-пикантосын» пайдалануға тура келді. Сол машинаны теуіп  жүрген  кезде бір қызық оқиға орын алды. Абылайхан  даңғылынан Кенесары көшесіне   өтер сәтте,  мені  алдыңғы бағдар шамын  жыпылықтатып, пип-пип деп  бір машина тоқтатты. Не болып қалды –деп терезенің шынысын түсіріп қарасам ,маған қарай қабағы  түсіп кеткен  белгілі журналист, «Ел» республикалық газетінің бас редакторы Қойшыбай Есентаев  келеді.

«Сәке, Ассалаумағелейкум! Әдейі тоқтатып тұрмын.  Байқаймын, бірнеше күн  болды басқа  көлікпен жүрсіз. Не болып қалды?  Өзіңіздің қара Джипіңіз қайда?  Мына машина Сізге мүлдем жараспайды, келіспейді. Қысылып жүрсеңіз менің машинамды тебіңіз, міне кілтіңіз деп тұр».     

«Бүгін құлын, ертең тай, ұстараның жүзіндей аударылған  дүние ай»- демей ме,  өмірде      қандай  қатал болсам да ,  көңілім толқып кетті.

«Қойшыбай бауырым,  осы айтқаныңның  өзі , мен үшін, қандай қолдау екенін білесің бе?! . Жүр кеттік, бильярдқа» дедім.

- Ал,  елден естуіміз ше , Сіздің жездеңіздің уайымдағаны сондай, жүрегі ұстап, ауруханадан бірақ шығыпты ғой.

- Ол  да рас.  «Әкенің жақсысы жездедей болады»- деген біздің  қазақ.Ертеңінде  жездемнің көңілін сұрауға ауруханаға бардым.  ---« Палатаға кірген бойда, жезде, ештеңе бүлінген жоқ, достарым бар емес пе, алған қарызды  уақытында қайтарып, залогтағы дүние-мүлікті аламын , бәрі  дұрыс болады, сен  оған бола  жүрегіңді ауыртпа»- деп тіл қаттым.  ---«Сәдібек, мен саған тілектес жанмын ғой.  Айтайын дегенім,  ең жаман түсімде көргім келмейтін, нар тәуекел іске  барып отырсың. Ұтылып қалма. Қазір ,  біздің қоғамда не-бір табалайтын ағайындар  бар. Оларға сенің өскенің , жеңіске жеткенің емес, жеңілгенің мен құлағаның  керек. Солардан  сақ бол! Қалай дегенмен,  жарайсың, ұлтқа керек батыл қадам жасап отырсың! Алла тағала қолдасын!»- деп  жездем ақ тілегін жеткізді.

Мына бір оқиғаның жанында жездемнің ауырып қалғаны әшейін ойыншық сияқты. Оқиға былай өрбіген: ....Құлагер ескерткішінің салынарында «Құлагер – Ұлы дала тұлпары» атты республикалық бастама көтерілді. Оған жүрегі елім, жерім, ұлттық құндылықтар деп соғатын азаматтар белсене араласып, ат салысты. Солардың бірі  арқа қазағы Тастемір  деген азамат. Ол Құлагер ескерткішін салуға демеушілік  жасайтын    адамдарды іздеу барысында Қазақ темір жолы бойынша өткізілетін тендрлерден    жыл сайын мол ақша  қарпып алатын, бір  құрылыс компаниясының   сақалы беліне түсетін, қолынан  тәспиығы  түспейтін директорымен кездеседі. Кездесуінің себебі, әлгі бизнесмен қазақ  жүрген жерінде кеудесін соғып, мен ұлтжандымын, мен  ұлттық мүддені сақтаймын, мен  ұлт үшін отқа түсемін деп аузы көбікке толып, сөз сөйлейтін адам еді.   Тастемір  оның  қандай азамат екенін   іс жүзінде тексеріп алайын деп жолыққан ғой.  Келген бойда  оған    жаңа  елордамыз-Астана қаласының  жанында  аты аңызға айналған , мың жылда бір рет туатын  атақты  Құлагер тұлпарға  ескерткіш салынатынын, оның қажеттілігін айтады. Бұл әңгімені естіген жаңағы екіжүзді  қырт   бұлқан-талқан  болады. Сонда оның айтқаны: «Астапыралла, астапыралла, хайуанға да ескерткіш салынады екен ғой. Мен барлық ескерткіштерге қарсы діндар  кісімін.  Маған салса, Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи, Арыстан баб,  Алматы, Көкшетаудағы  Абылайханның Астанадағы Кенесары  ескерткіштерін, Қабанбай кесенелерін құрту керек, алып тастау керек дейді».  Мұндай ұлтқа, ұлт руханиятына  қиянат  келтіретін  сөзге шыдамаған  Тастемір батыр  оған қарсылық білдіріп былай дейді: «Ал, жарайды делік,  сіз , о дүниелік болған ата-бабаларымыз   Яссавиге, Арыстан бабқа,Абылайға, Қабанбайға, Кенесарыға қарсысыз. Ал, Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевқа «Қазақ Елі » алаңының алдында  ескерткіш ашылған сәтте сонда ба тұрғаныңызды теледидардан көріп едім. Сіз сонда біз үшін аса  құрметті,  аса мәртебелі , тәуелсіз еліміздің негізін қалаушы Елбасының ескерткішіне де қарсы  болдыңыз ғой. . Соны айтыңызшы,-деп, қарсы сұрақ қояды. Сонда әлгі бейшара не айтарын білмеей, ааа...ааа...ааа деп есінен талып, ауызынан ақ көбік шығып  құлап түседі. Сөйтсе, оның  эпилепсия -талма ауруы бар екен. Әлгі жерде бәрі әбір-сәбір болады да қалады. Бастығының осылай ауыратынын білген көмекшісі мен хатшысы жүгіріп кеп,  біреуі аузына су құяды, екіншісі  таяқпен аузын керіп, есін жиғызады. Сөйтіп, қадалған жерінен қан алатын  Тастемір бауырымыздың  қасиетінің  нәтижесінде , сөз жүзіндегазет-  теледидардың  бетін бермей елге ақыл айтып  көсемситін, іс жүзінде былшыл қырт әрі екі жүзді,  ұлтқа қауіпті   өте арам пиғылды қазақтан айырылып қала жаздадық.

- Құлагерге арналған «Құлагер құдыреті-Феномен Кулагера»- атты кітабыңыз неге аяқталмай қалды?

- Қазақша нұсқасы  бітпей тұр. Әзірге. Жағдай былай  болған.Құлагер ескерткішінің  салтанатты ашылуы қарсаңында «Фолиант» баспасының басшысы Нұрлан  Исабековтен екі тілде кітап шығарайық деген  ұсыныс болды. Келістік. Мен бірден жазуға  отырдым. Мерзім өте тығыз болатын.Орысша бөлімін   жылдам жазып шыққаныммен, қазақшасын жазарда қаламым жүрмей тұрдым да қалдым.Оған  Құлагер тұлпармен екеуара әңгімеміз себеп болды.Мен сұрақ қоямын. Ол жауап береді. Бір сәтте,мың жылда бір-ақ рет туатын асыл жануар тіл қатып былай деді: «Мені мақтайсындар, жүзден-жүйрік, мыңнан-тұлпар шыққан, алдына қара салмай 12 Ұлы Аламанды ұттқан, қазаққа қуаныш сыйлаған деп. Олай болса  айтыңыздаршы адамдар мені не үшін  ұрып өлтірдіңіздер?».Осы жерге келгенде қаламым жүрмей қалды. Себебі жауап жоқ. Аға, үлгере алмай қаламыз деп Нұрлан асықтырады. Бір күні ертесімен «Фолиантқа» келіп, Нұрекеге болған  жағдайды  баяндап бердім.Құлагердің сұрағына толық жауап бермегенше бұл кітап жазылмайды дедім. Ол түсінді. Содан бері тұлпардың  сауалына жауап іздеп   жүрмін. Тірі болсақ жауап табармыз деп ойлаймын. Сонда ол кітап жарыққа шығып, оқырмандарымен қауышады.

Ұлы Даланы насихаттап  жүргеніме 30 жылдың жүзі болды.

-  Сәдібек аға, бастығымның маған  жүктеген  тапсырмасын артығымен  орындадым деп есептеймін. Енді өзімнің дайындап келген сұрақтарыма көшейін: Қазір елімізде «Ұлы Дала» деген атаулар көбейіп кеткен сияқты. «Ұлы Дала» сөзіне неге әуессіздер? Сіздер 2011жылы құрған қозғалыстарыңыздың атын неге «Ұлы Дала қырандары» деп қойдыңыздар?

- Мен бұл сұраққа бұрындары да жауап бергенмін. Қазір де айтып өтейін... Біздің қазақ Ұлы далада жаратылып, Ұлы далада өсіп келеді. Ұлы дала бүкіл әлемдік өркениеттің бастау алған жері. Ол тұрғысында жер шарының ең беделді археолог ғалымдары сенсациялық жаңалықтар ашуда. Мысалы, Ботай, Берел, Тарбағатай қорымдарынан табылған қазбалар оған дәлел бола алады. Жалпы алғанда, Ұлы дала болмысы, тарихы, мәдениеті,салт-дәстүрі нағыз ұлттық идеологияның өзі. Біз қазір идеология жоқ деген сыңаржақ байбаламдарды естиміз. Ол бекер сөз. Идеология бар. Ол – ұлы даланың ұлттық құндылықтары. Жаңағы сіз айтқан қозғалыстың 1-құрылтай съезінде біз ұйымның « Ұлттық құндылықтарды ұлықтайық»- деген бағдарламасын қабылдадық. Қозғалыстың негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұлықтау, Ұлы дала мәдениетін жаңғырту болып табылады.

Екіншіден, мен осы Алла Тағала сыйлаған ғұмырымда отыз жылдай ұлттық «Ұлы Дала-Ұлттық Рух!»- деген атпен көптеген шараларды жүзеге асырып, Ұлы Даланың ат ойындарын  зерттеумен келемін. Ұлы Далаға арнап ондаған зерттеу мақалалар  мен  кітаптарды жазып, жарыққа шығардым. Сонымен қатар, Ұлы далаға арналған «Ұлы Дала Батырлары», «Ұлы Дала Тұлпарлары»- атты  игілікті іс-шаралардың басы-қасында, ұйымдастырушылардың бірі болып жүрмін. Мысалы, Ұлы Дала мәдениетінің темірқазығы болып саналатын ұлттық ат ойындары, жылқы шаруашылығы, «Қазанат» тақырыбы, көкпар, аламан, қыз қуу, аударыспақ, бүркітшілік т.б.

Үшіншіден, Ұлы деген сөзден қашпау керек.  Қазақ - Ұлы халық. Қазақ Ұлы болмаса, осынау жерді ұстап тұра алмаған болар еді.. Менің зерттеуімде, қазақтың тарихында болған барлық соғыстардың 93/3 пайызы осы Ұлы дала жері үшін болған. Біздің міндетіміз – ұлы даланы қастерлеу, құрметтеу, тарихын зерттеу, соны тек зерттеп қана қоймай болашақ ұрпақтың игілігіне жарату – қазіргі қазақ жастарын ерлікке, батылдыққа, батылдыққа, отансүйгіштікке, жерді сүюге тәрбиелеу. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы ата-бабаларындай ержүрек азаматтарды дайындау.

Төртіншіден, Ұлы далада бірлік болған. «Ел бірлігі ең асыл қасиет» деп өмір сүрген біздің ата-бабаларымыз. Біздің қозғалыс ата-бабалардың аманаттарын орындап, «Бірлігі мықты – ел озады» деген Ұранмен жұмыс жүргізуде.

- Аға, сіздердің  қозғалыстарыңыз  құрылғаннан бері қандай жұмыстар атқарды,  қандай шараларөткізді? Сол жөнінде толығырақ айтып берсеңіз.

- Бірден, Сіздің назарыңызды төрде ілулі тұрған баннерге аударайын. (Маған баннерді көрсетті).Одан біз қанатын кеңге жайып, биікте самғап келе жатқан Ұлы Дала Қыранын көреміз. Ол жәй құс емес. Ол Ұлы даламыздың төсін мекен еткен қажымас қайратты, қанаты талмайтын, жаужүрек  дала қыраны, еліміздің символы! Қараңыз біздің қыранымыз, көзін тік қадап, арайлы күнді өзімен бірге  әкеле жатыр. Бұдан шығатын қорытынды қырандардың позициясы – айдай анық. Ол халқымызды арайлы күнге бөлеу, шапағат-нұрын  ел-жұртқа шашу. Осы тұста айтарымыз, қозғалыстың негізгі мақсаты – ұлтқа адал қызмет істеу,ұлттық құндылықтарды ұлықтау, бай дәстүрлерімізді дәріптеп, салтымызды сақтау.Ұлы дала мәдениетін жаңғыртып, рухты ұрпақтар тәрбиелеу. Қоғамымызда болып жатқан кейбір келеңсіз жағдайлардан шет қалмай, өз үнімізді, өз ұстанымымызды жеткізіп отыру. Күнделікті өмірде қоғамның жұмысына белсене араласып, жақсы жұмыстардың жаршысы, игілікті іс-шаралардың ұйытқысы болып, халықтың сенімін ақтау.Біз  центристік  ұстанымдағы  қозғалыспыз. Бұл дегеніңіз барды-бар, жақсыны- жақсы деп  айта білу, жаман , жат  қылықтарға жол бермей, тойтарыс беру  болып табылады.

«Ұлы Дала Қырандары» республикалық мәдени-әлеуметтік қозғалысының екі съезд аралығында атқарған жұмыстарына, өткізген іс – шараларына қысқаша шолу жасап өтейін. Біз, қозғалыс деп аталғаннан кейін әрдайым қолдан келген шаруаларды жүзеге асыруға ұмтыламыз.

Біз қырандар қозғалысы күнделікті  жұмыста халыққа қажетті қайнаған іс-шаралардың басы-қасында жүруге тырысамыз. Сондықтан да, құдайға шүкір,  бізде нәтиже көп.

-  Одан шығудың жолы бар ма?

- Бар. Ол барлық ауылдарда ең бірінші кезекте ауыл өндірісін құру. Бізде Қазақстанда 7232 ауыл бар. Бірінші кезекте, ауыл адамдарын еңбекпен қамтамасыз ету қажет. Бұл өте көкейкесті мәселе. Біз осы жағдайды ескеріп, талдап, зерттеп, ауыл мәселесін 2-ші съездің күн тәртібіне шығарып,  талқыладық. Ондағы мақсатымыз - ауылға деген көзқарасты өзгертіп, бәріміз өсіп-өнген ауылымызды түлету, жаңарту. Біз ауылдағы адамдарды еңбекпен қамтамасыз ететін, ауылға жан бітіретін, жаңа бағдарлама жасап отырмыз. Жаңа құрылымның аты: «Жаңа ауыл өндірісі». Бұл құрылым іске асқан жағдайда ауылымыздың айы оңынан туып, жұлдызы жарқырайтын болады. Бұл жерде айтатынымыз, ауылға және ауыл шаруашылығына арналған барлық бағдарламаларды оның ішінде, шаруа қожалықтары, «Сыбаға», «Ауылдағы ауыз су» және тағы басқа шараларды қайта қарап, зерттеу жүргізіп, реттеп, бір жүйеге, бір арнаға тоғыстыру керек. Біздің қозғалыстың «Жаңа ауыл өндірісі» бағдарламасын ашудағы негізгі көздеп отырғанымыз, ауылды сақтап қалу; ауыл өркениетін қалыптастыру; ауылда жастарды тұрақтандыру. Шындығын айтайық, ауылымыз қартайып барады. Біздер, қырандар ауылға арналған демогогиялық ұран-сымақтарға қосылмаймыз. Мысалы, «Дипломмен ауылға» деген жастарға арналған акция өтуде. Бұл дегеніміз арбаны аттың алдына қою деген сөз. Ауыл өндірісі болмаса, жастар дипломдарын алып ауылға не үшін бармақ? Дипломды басына  жастап жата ма? Біз болашақта дамыған отыз елдің қатарында боламыз деп мақсат қойып отырмыз. Оған жетуде қазақ ауылдарының өсіп-өркендеуінің маңызы өте зор. Бұл мәселеге арналған Үндеуіміз «Ауыл-алтын бесігім» деп аталады. Ауылды алтын бесікке айналдыру үшін бәріміз жұмыла жұмыс істеп, қолдан келген жағдайымызды үкіметке көрсетейік. Бір сөзбен айтқанда халқымыздың жаны ауылымызды қуантайық! Сонда ауыл қуанса, бәріміз қуанамыз. Құдай сондай күнге жеткізсін!

- Сәдібек аға, рухани-адамгершілік тәрбие туралы не айтасыз? 

- Жақсы сұрақ. Біз жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Соның бірден бірі ар-намысты жоғары қою. Біздің ата - бабаларымыздың: “Малсыз болсаң да арсыз болма; әрлі болғанша - арлы бол; арыңды жеме, барыңды же; ар жазасы бар жазадан ауыр; ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы” деген өсиетін неге біз орындамай, аяқсыз қалдырып келеміз? Кейінгі жылдарда адамның жанын түршіктіретін, қанын қайнаттыратын сорақылықтар, жастардың азғындықтары белең алуда. Былтыр Тараз қаласында, биыл Қарағанды қалаларында тіркелген бір жыныстылардың некесі, Алматыдағы 20 гей клубтардың ашылуы,  қазақ  әйелдерінің арасындағы жезөкшеліктің белең алуы барып тұрған азғындық емей немене? Осы азғындықты тоқтатпасақ, күлкімізді жия алмай қаламыз. Болашақ ұрпақтарымыздың, немере, шөберелеріміздің жағдайын ойласақ осындай намысқа кір келтіретін, ұлттың арына дақ түсіретін сорақылықтарды болдырмайық, күресейік дер едім. Мына мәселеге  ерекше көңіл аудармақпын. Қазір біз ,  Қазақстанды туризм еліне айналдырамыз деп  жар салып, алашапқын болып жүрміз ғой. Ол қандай туризм??? Біздің ата-баба салтымызды  құрметтейтін, ұрпақ тәрбиесіне  зиян  тигізбейтін болса әңгіме басқаша. Ал, жоғарыда айтқанымдай, біздің қасиетті жерімізге азғындық лас  дүниелерді әкелетін  болса оған  біз  төзбеуіміз керек,  тосқауыл қойуымыз керек. Сақ болайық!

- Жалпы, Сәдібек аға, қазақ халқының тәуелсіздікке  ие болғаннан бері жеткен  жетістіктерінің ең көрнектісі деп, нені  айта аласыз?

- Сөзсіз6 Астана  қаласының салынуы. Бұл -  қазақтың жеңісі! Елбасының ерен ерлігі! Мың жылда бір-ақ рет болатын жарқын оқиға.

-Біздің қоғамымыздағы ең жаман кесел не?

- Жемқорлық, тағыда жемқорлық.Жемқорлық қарапайым халықтың желкесіне  талтайып тұрып мініп алып,  өкпесін қысып, есінен тандырып барады. Елбасы   «Нұр-Отанның» 15 сьезінде корупционерлермен аяусыз күрес жүргізу туралы жақсы айтты. Менің ұсынысым:  «Жемқорлықты жою» -атты бүкілқазақстандық науқан өткізу керек.Шараның мерзімі 5 жыл  болуы қажет. Совет Одағы кезіндегі «Сауатсыздықты жою»- науқаны  1919 -1939 жылдары аралығында 20 жыл  бойы жүргізілді.Соның арқасында сауатсыздық жойылды.Осындай бүкілхалықтық Акцияны  ұйымдастыруымыз керек.Халықтың көзін ашып, оларды жемқорлықтан біржолата жиіркендіруіміз дұрыс болар еді.

Алдымен  қарапайым халықты жемқорлықпен  күресуге  оқыту дұрыс  болар еді. Мекемелерде,  цехтарда,  ұйымдарда, мектептерде,  барлық жоғарғы оқу орындарында, кәсіпорындарда, КСК-ларда, үйлерде, бірсөзбен айтқанда  бүкіл республикада  «Жемқорлықты жою»- сабағын өткізбесек  болмайды. Тек осылай ғана  коррупцияны ауыздықтықтай аламыз. Сосын  бюджеттің ақшасын жегендерді, мемлекеттің қаржысын  қымқырып, қарапайым  халықтың несібесіне арам  қолдарын салғандарды    қатаң жазаға тартып, елдің алдында  атып-асу , итжеккенге аудару  керек.Бір сөзбен түйіндесем, жүгенсіз кеткендерді тәубелеріне келтіріп, аяқтарына тұсау салып, шідер тағу қажет. Жемқорлықтың аты - САТҚЫНДЫҚ!     Өйткені, Отанды сату-жемқорлықтан басталады.    

-  Жастарға үлгі болатын ел ағаларынан кімдерді атар едіңіз?

- Жоғарыда жігіттік мәрттік туралы сөз қозғадым. Біздің қоғамға оның ішінде «Ұлы Дала Қырандары»қозғалысының дамуына ерекше үлес қосып отырған азамат бар. Ол осы қозғалыстың тең төрағасы, менің досым Марат Нәбиев. Марат Нәбиев бала  жасынан өршіл мінезді, ұлтын шексіз құрметтейтін, елге ерен еңбек сіңіріп келе  жатқан,халқымыздың асылдарының бірі де біреуі.  Ақиқатын айтсам, -« Жердің иесі  бізбіз, сондықтан туған жерге алдымен өзіміз иелік етеміз. Сендер адал жұмыс істемей, қазақты алдап отырсыңдар»- деп, шетел алпауыттарына ұлт азаматтарының  ішінен суырылып, алға шығып  қарсылық  көрсеткен осы Марат бауырымыз қана. Ол ұлттық өнердің, ұлттық мәдениеттің шынайы жанашыры әрі атымтай жомарт меценаты. Марат Кеңес Одағы тұсында Балуан Шолаққа ескерткіш тұрғызды. Ұлы палуанымыз  Қажымұқан Мұңайтпасов ауылының өркендеуіне белсене атсалысты. Дәрмен Садуақасовты әлемдік шахмат аренасына шығарған осы Марат болатын. 1979 жылы  Ерейментауда неміс автономиясы құрылады дегенде қазақ жастарын бастап, қарсылық митинг ұйымдастырған да біздің Мәкең еді. 2013жылы 10 мамыр күні  Мәкең «Ұлы Дала Даңқы» мұражайы құрылысын өзім бастаймын деп айды аспанға бірақ шығарды.  Бұл да батырлықтың белгісі.

Жастарға үлгі болатын басқада азаматтар бар.Мысалы: Қайрат Лама Шариф.Ол дін саласын реттеуде табандылық танытты. Арман Шураевты алайық. Ол Қазақ күресін биікке көтерді.  Лондон олимпиадасында қазақтар бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Біз  7 алтын алдық.Бұған  спорттың сол кездегі басшысы Талғат Ермегияев зор  үлес қосты.

- Қазақ жұртшылығына айтар ойыңыз, тілегіңіз....

- Сөз соңында оқырмандарға  айтарым, «Ұлы Дала Қырандары»қозғалысының дамуы, өсіп-өркендеуі сіздердің азаматтық белсенділіктеріңізге, ықылас-ниеттеріңізге, атқарылатын қызмет-жұмыстарыңызға тікелей байланысты.  

Біз елді бірлікке, ынтымаққа шақырамыз. Бірлік болмай-тірлік болмайды.Төртеу түгел болса, төбедегі келеді! Қозғалысымыздың мәртебесі артып, абройы асқақтай берсін! Қырандардың қанаты талмасын! Ұлтқа қызмет етуден шаршамайық!

- Сұхбатыңызға рахмет!!!  Сізге мерейлі жетістіктер, шығармашылық толағай табыстар тілеймін!!! Сіз сияқты ұлтжанды азаматтарымыз аман болғай!

 

Сұхбаттасқан - Күнайым Сәкен

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377