Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Қоғам 4349 26 пікір 22 Сәуір, 2024 сағат 16:07

Өткенін мақтан тұтатын ұлт жер бетінен жоғалмайды!

Көрнекілік сурет: Википедиядан алынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзі жұртшылықтың үлкен қызығушылығын туғызды.

Бұл құрылтайда қоғамдық құндылықтарға қатысты маңызды мәлімдемелер жасалады. Президент жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыру қажеттілігіне назар аударды. Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық сияқты негізгі құндылықтар бөліп көрсетілді. Оның бәріне тоқталып жатпасақ та, бодандық құрсауынан босап шыққан Қазақстан үшін ұлттық бірегейлігімізді нығайту ең маңызды мәселе деп ойлаймыз. Қазіргі геосаяси текетірес жағдайында Қазақстанның өз егемендігін сақтау өзекті бола түсуде. Еліміздің аумақтық тұтастығына, ел тарихына ақпараттық шабуылдар кейбір көрші елдердің БАҚ беттерінде, қоғамдық саяси ток-шоуларында  жиі орын алуда. Жерімізге көз алартып оны бұрыңғы метрополияның сыйы ретінде көрсететіндер, шекарамыздың барлығына күмән келтіретін адамдар әлі де кездесіп қалады. Осыған орай президенттің төл тарихымыздың ауқымы айтарлықтай кең екеніне арнайы тоқталуын аса маңызды ұстаным деп есептейміз. Өйткені, ұлттық бірегейлікті жасауда тарихтың рөлі өте зор. Мемлекет басшысының Қазақстанды  Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері деп шегендеп айтуы бізді «тарихсыз халықтар» тізіміне қосқысы келетіндерге лайықты жауап. Әсіресе, Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған Жошы Ұлысына жеке том арнап, оның тарихын жазу ісі ұлттық Рухты көтеретін маңызды фактордың бірі. Біз өзімізді үш ғасыр Ресей империясының және оның тарихи мұрагері боп саналған    Кеңес Одағының қол астына қараған бағынышты халық ретінде санадық. Отаршылдықты мешеу халықтарға өркениет нұрын әкелу, ағарту миссиясы деп негіздеген концепциялар санамызға сіңірілді.

Француз психиатры, әлеуметтік философ Франц Фанон «Бақытсыз жерлер» (1961) атты соңғы кітабында отаршылдықтың бодан халықтар үшін зиянды қиратушы сипаты барын негіздеп береді. Оның ауыр салдарының бірі — құлдық отаршылдық бірегейлікті таңу.  Колонизатор жергілікті тұрғындарға құлдық менталитетті сіңіргісі келеді. Отарлануға ұшырап құлдықта болған байырғы халық өкілдерінің психикалық денсаулығына оның тигізген теріс зардабы ұзақ уақыт сезіледі. Отарлау бұл физикалық құл болу емес, ол мәдени бағыну. Отарлану жағдайында  бір тілден айырылып (көбінесе автохтон халықтың тілі шетке ығыстырылады), екіншісін (өктем метрополия тілін) сіңіру орын алады. Өз ана тілінде сөйлей алмаушылық құбылысы - ғасырлар бойғы отаршылдық үстемдіктің айқын нәтижесі. Бағынышты адам өздеріне таңылған бөтен тілді қабылдауға мәжбүр болған кезде, олар отарланушылар әлемін қабылдайды. Қазақстанды орыс әлемінің бір бөлшегі деп бағалау негізі осыдан шығып отыр.

Мемлект басшысының мына сөзі этнофор қазақтар тарапынан үлкен қолдау табатыны сөзсіз: «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады». Әрине, бұл салада атқаратын жұмыстар әлі жеткілікті. Ана тілін өз тұғырына қондыру оңай жұмыс емес.

Жалпы постколониялық теориялар 1980 жылдары постструктурализм идеяларының әсерінен пайда болғаны мәлім (Мишель Фуко, Жака Деррида, Жиля Делёза). Оның бастауында жоғарда айтылған Франц Фанон тұр. Зерттеушілер постколониялық теорияның негізгі өкілдеріне Эдвард Саид, Гаятри Спивак, Хоми Баба жатқызып жүр. Бұл жерде тегі үндістандық американдық философ, әдебиет теоретигі, мәдениет пен қоғамды отаршылдықтан кейінгі зерттеулермен айналысқан Гаятри Спивактың әйгілі «Бағыныштылар сөйлей ала ма?» атты еңбегіне тоқталмай өту мүмкін емес. Ол  «эпистемологиялық зорлық-зомбылық» терминін қолданысқа енгізді. Спивактың пікірінше, субалтерннің (бағынышты жанның) батыс тілдерін үйренуі және сонымен қатар бір мезгілде ана тілі контекстінде қалу мүмкіндігі нөлге тең. Сіз сөйлеуге толық қабілеті бар Бірінші әлем интеллектуалсыз немесе сіз үнсіз бағыныштысыз.

Субалтерн ( ағылш. Subaltern) – бұл сыни және постколониялық зерттеулерде кең таралған термин. Термин бағынышты топтардың көрінбеуін, езгісін білдіру үшін қолданылады. Постколониялық теорияның сөздігіне көшкен «субалтерн» ұғымы бүгінде субалтерн зерттеулері (subaltern studies) атты жеке пәнаралық саласының негізгі түсінігіне айналып отыр. Бұл өзара терминалмасымды  негізінен үнді тектес ғалымдардан тұратын Оңтүстік Азияны зерттеу тобының (Subaltern Studies Group) өкілдері шығарды. Зерттеушілер тобы отарланған аймақтардың бағынышты топтарына қатысты ресми тарихнамалардың соқырлығын көрсетуге бағытталған. Бұл топтың идеологтарының бірі Ранаджит Гуха боп табылады. Ол тарихқа үстем топтың тұрғысынан қарау біржақты боп келетініне назар аударады. Өйткені, тарих - идеологияның ең басты құралы. Кез келген отарлаушы ел абориген халықтарды өзінің табиғи менталитетінен, ана тілі мен салт-дәстүрінен және ұлттық санасынан айыруды көздейді.

Постколониялық теориялар отаршылдық қамыттан босағаннан кейінгі ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, еуроцентристік көзқарастарды деконструкциялау сияқты тақырыптармен айналысады. Субалтерн зерттеулер Батыстың интеллектуалдық гегемониясының салдарын нақты ашып көрсетеді. Импортталаған парадигмалар (әдіснамалар үлгісі) бағынышты халықтың өзін-өзі көрсетуін шектеуге, олардың әралуандығын азайтуға және Солтүстік-Оңтүстік қарым-қатынастағы теңсіздікті күшейтуге әкеледі деп санайды. Интеллектуалдық егемендік, төлтума өнімдер мәселелеріне ерекше назар аударады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде ғылыми қауымдастыққа постколониялық парадигма қандай болу керектігін  көрсетті. Отарланған халықтардың «құл болу комплексінен» азат болу үшін қазір Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихы жазылып жатқанын атап өтті. Тарихты жазған адам болашақты қалыптастырады. Кім оны қалай жазып түсіндіреді, көпшілік солай қабылдайды. Әсіресе, оқулыққа      кім қалай кірді, кейінгі ұрпақ сол түсінікті алады. Егер тарихты басқалар жазатын болсақ, өмірге солардың көзімен қараймыз. Тарих - ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастыруда таптырмас құрал. Бұл жерде біз қазірдің өзінде өзге елдердің тарихшылары жазған кітаптардың қазақстандық студенттердің санасына енгізетін көзқарастар мен құндылықтар туралы айтып отырмыз. Бізге көрші Ресейден келген оқулықтардың ықпалы өте зор. Ол кітаптың авторлары кейде өз көзқарастарын саяси құралға         айналдырып отыр. Көрші мемлекеттің тарихшылары қазақ ұлты өкілдерінің кез келген салаға, соның ішінде ғылымға қосқан үлесі мен маңызына күмән келтіре отырып, тарихи фактілерді өз бетінше бұрмалап түсіндіріп қана қоймай, сонымен қатар оқу орындарының білім беру бағдарламаларына да ықпал етіп отыр. Бұдан біз төл тарихымызды өзіміз жазудың қажеттілігін байқаймыз. Мәңгүрттіктің тұлға бойында ұлттық нигилизм, өзгеге соқыр еліктеу сияқты жағымсыз қасиеттер тудыратыны мамандарға белгілі болды.

Тарихи санасы бар халық тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп  бағалай білетіні айдан анық дүние. Сондықтан, өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптасыру – маңызды мемлекеттік міндет.

Жарас Сейітнұр,

психология ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің жалпы және қолданбалы психология кафедрасының аға оқытушысы

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320