«Ескі Қазақстанды» қайтару - Кеңес одағын қайтарғысы келумен бірдей мүмкін емес!
2024 жылы 22 сәуірде өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Иса ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа депутаттық сауал жасады. Ол «Ескі Қазақстанды» қайтарғысы келіп, ел бірлігіне тас лақтырып жатқандарға тыйым салуды талап етті.
Біз Қазыбек Исаның депутаттық сауалының толық жазбаша нұсқасын жариялап отырмыз.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке,
ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа!
Әлемде 9-шы орын алатын кеңбайтақ жеріміздің жартысынан астамын су басып, ел үйсіз-күйсіз, мал-мүліксіз қалып жатыр.
Бұл ойына келгенін істеген ескі отыз жылдық биліктің «Мен кеткен соң дүниені топан су қаптасын» деген теріс пиғылды іс-әрекетінің айқын белгісі екені анық.
Сондықтан да тасқын су апатын тек «Жаңа Қазақстанға» теліп, ақпарат беттерінде қитұрқы саясатын жүргізіп, бұл жағдайды қазіргі биліктің кінәсі етіп көрсетуге ұмтылу – ұрының «Ұрыны ұстаңдар» деп айқайлағанындай әсер етуде.
Иә, екпіні орасан су тасқыны «Ескі Қазақстанның» сойылын соғушылардың да жабуын шайып кетіп жатыр.
Бұл әлем елдерін де шарпып жатқан тасқын суды табиғи апат дегенмен, отыз жылдық биліктің кезіндегі жемқорлықтың кесірі де алапат болғаны айқын көрінуде.
Елімізде Кеңес империясы кезінде екінші дүниежүзілік соғыстан кейін салынған ескі су қоймаларынан басқа отыз жылда бір де бір су қоймасы салынбаған. Тозығы жеткен тоғандар мен гидроқұрылыстарға, тасқыннан қорғануға бөлінген қыруар миллиардтар қайда? Халық қажетіне емес, жемқорлықтың жемсауында кеткені белгілі болуда.
Жалғыз гидромелиоративты институтты жауып тастаған елде судың жайын кімнен сұрайсың? Мұрабы жоқ ескі биліктің мұрасы осы бізге қалдырған...
Тілсіз жауды пайдаланған ділсіз жаулардың желіде есіп жүрген жел сөздері басылар емес. Ағынсудың арынынан ақпараттық ағын асып түсіп жатыр. Қараны - аппақ, ақты - қара ете алатын ақпараттың күші таңнан кешке дейін талмай «жер төртбұрышты» дей берсе, бірте-бірте ел соған сене бастайтыны туралы тәжірибені еске түсіреді. Әрине, бұл мысал өз ұстанымы жоқ, дабыра мен дақпыртқа ере кететін ерме жұртқа қарата айтылғаны анық.
Елге іріткі салып жатқан ескі биліктің бұл қарекеттері талай жыл негізгі тірліктері болған – «Халықты алдай саламыз» деген ұстанымдарынан әлі айнымағанын көрсетеді.
Отыз жыл жабылып жатқан жаралардың енді жарылып жатқанын қазіргі жаңа билікке жаба салуға жанталасудың артында саяси реванштық пиғылдың құлағы қылтиып тұр...
Ел басына күн туғанда халық қайғысынан хайп жасау кімдерге керек болғаны белгілі болып тұр.
Арыс апаты, Жамбыл жарылысы, Қостанай мен Семейдегі оншақты адамды құрбан еткен алапат өрт, қазіргі қызылсудан басталып, топансуға ұласқан тасқынның бәрі талай жылдан бері жарылуын күтіп жатқан миналар екені анық.
-Қызылсу отыз жыл айтылған қызылсөздің бәрін суға батырып жіберді...
- «Әлемдегі елу елдің қатарына кіріп қойдық, отыз елге омыраулап келеміз» деген отыз жылғы өтірікті тасқынсу тас-талқанын шығарды!
- Ауылды қанап, жерді талап, бір де бір өндіріс орнын ашпай, өтірік зауыттардың тұсауын кесіп шерулету - шерлі халықтың маңдайына жазылған сор болды.
- Халықтың мұнай мұхитынан қазаққа тамшы ғана тамызып, кен-қазына мен газдың үстіндегі елге тезек жаққызып, елдің соңында тезек теріп қалып отырмыз.
«Билікте тұрғанда ұрлық қылсаң, ұрпағыңның тағдырымен төлейсің?» - дейді әлемді билеген әйгілі Шыңғыс хан.
Біз отыз жылғы биліктің тонауын ел тағдырымен төлеп келе жатырмыз әлі күнге дейін...
«Ескі Қазақстан» есті болса, қазір халықтың 30 жылда тоналған триллиондаған байлығын халыққа қайтару үшін арнайы заң қабылданып, бүтін бір комитет құрылар ма еді…
Яғни, «Ескі Қазақстан» архивінің сықырлаған есігін ашсаң, үстіңе қаптаған саудыраған скелеттер құлап түсетіні анық…
Саяси тапсырыспен болған қастандықтардың бәрін айтпай-ақ, биыл 80 жылдығында ел еске алған заманның ері Заманбекті шындықты айтқаны үшін ғана өзін-өзі өлгенше үш рет «аттырып», осыған біздің халық сенуі тиіс дегеннен артық ер өлімімен елді қорлау бола ма?!.
Сол кезде 2005 жылы «Қазақ үні» газетінде біз бұл ауыр қылмысқа қарсы «Атқызған кім?!- Атқан кім?» деп мақала жазған едік...
Бүгінгі президенттің бұрынғы президентке айтқан: «Кеттің бе -Қайрылма?» - деген қағидалы сөзін қалың елдің: «Кеттің бе? - Қараңды батыр» – деп, жаппай жалғастырып алып кетуі көкірегі ояу, көзі ашық елдің ескі билікке деген қатты қарсылығын көрсетеді.
Яғни, «Ескі Қазақстанды» қайтарғысы кеп жүргендердің есекдәмесі - әлемдегі елді ұзақ жыл билеп, кейін екінші рет билікке қайтып келген Малайзия нұсқасы бұл жерге жүрмейді. Екеуінің арасы аспан мен жердей!
Малайзияда 22 жыл билікте отырған Махатхир Мохаммад елін Азия жолбарысына айналдырып, әлемдегі экономикалық ғажайыптың авторы болды. Яғни, ол малай халқын маңдайалды марғасқа елге айналдырса, ал Назарбаев Қазақстанды басқарған отыз жылда, керісінше қазақ халқын малайға айналдырды... Экс-президент айтқандай, кез келгенін сотқа сүйреп апаруға болатын 162 олигарх бастаған санаулы қалталылар ғана халық қазынасы арқасында есепсіз байып алды...
«Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі!» - дейді қазақ даналығы. Сондықтан, бүгінгі өзгерген «Жаңа Қазақстан» саясатына араласқысы келіп, қитұрқы лас ойын көрсетуді көксегендерді бос жіберіп, тайраңдатып қоюға болмас, қатаң тыйым керек!
Өйткені тағы да өздері бастап, тағы да тас лақтыруда. Тасқа таспен жауап беру керек. Бұл елдік үшін, егемендік үшін керек!
Біз билік үшін емес, елдің өзгеруі, ұлттың жарқын болашағы жолында топтаса білуіміз қажет. Елді 30 жыл басқарған ескі билікке енді жол жоқ, мәңгі жабық! Бұл аксиома!
«Ескі Қазақстан» билігін қайтарғысы келіп, «Шал, кет!» деген басты ұранды «Шал, кел!» деп басқа ұранға өзгерту, 1991 жылы құлаған, келмеске кеткен Кеңес одағын қайтарғысы келумен бірдей!
«Ескі Қазақстанды» қайтарғысы келетіндердің жүрегі де, басы да жоқ, себебі бұл ешқандай мүмкін емес!
Тізе қосқан ел тізерлеп қалмайды! Қазақ біріккенде, қай кезде де, қандай қамалды да ала білген! Қазіргі топансудың толқынын да, теріс саясаттың солқылын да тек елдің бірлігі мен тірлігі қайтара алады. Бұған ағынсумен алысқан жеті жасар бала мен жетпіс жасар дананың қатар тұрып қайрат көрсетіп жатқаны айқын дәлел!
Ендеше, біз қандай ауыр сынақты да тек Ел бірлігі арқылы жеңеміз!
Құрметпен, Қазыбек Иса және
«Ақ жол» фракциясы мүшелері
Abai.kz