Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Көкжиек 1983 3 пікір 23 Сәуір, 2024 сағат 15:59

Ибн Синаның этика ілімі: Еркіндік пен әділеттілік

Көрнекілік сурет: ziyoratga.uz

Жылысбаев Жұман Дүйсебайұлы ‑ Еуразия технологиялық университеті, «Білім беру технологиялар» мектебінің философия пәнінің оқытушысы.

Әбдірашит Бәкірұлы ‑ философ‑публицист.


Өз заманының ұлы ойшылы Әбу Әли ибн Сина (980‑1037 жж) Орталық Азияның көне қаласы Бұқарадан шыққан тұлға.  Ол тек медицинада ғана емес, философияда да айшықты із қалдырған данышпан. Аты әлемдік философияның дамуына үлкен үлес қосқан ғұламалар қатарында тарихқа енген. Бұл мақалада  ойшылдың «Этика туралы» трактатына шолу жасадық. Мақалада Ибн Сина этикасына қазіргі заман бейнесімен салыстармалы түрде талдау мақсаты көзделді.

Біз неліктен тарихымыздан ойып орын алатын әл Фараби, ибн Сина еңбектеріне назар салып отыруымыз керек? Оның терең мәнісі мынада: «Ғалымның хаты өлмейді» деп Абай айтқандай, әр кездері заман түрленіп отырғанымен адамзаттың жүріп откен жолында өзгермейтін рухани-адамгершілік қағидалар болады. Бұл қағидалар адамзат дамуының күре тамыры бола отырып, замандар алмасып жатса да, адамның адами қалыптан тыс кетпеуін қадағалайтын, заманға жол көрсететін ақиқат ретінде қабылданады. Ал, ол «ақиқатты» тудырушы өз заманының алып тұлғалар екендігі түсінікті. Әрине, әр халықтарда «жол көрсетер» тұлғалар болуы заңды. Мысалы, Қытай елі Конфуцийдің салған жолымен, АҚШ – Дж.Вашингтон жолымен, Үнді елі Джавахарлал Неру жолымен келе жатса, Қазақ Елінің де бүгінде Әл Фараби мен Ибн Сина сынды және басқа даналарының даналық жолымен жүруі табиғи заңдылық. Бұрынғы дана ғұламалар салған жол ‑ ізгіліктің анық жолы десек қателеспейміз...

ИБН СИНАНЫҢ ІЗГІ ЖОЛЫ

1. Кімде-кім өзін тануға ұмтылса, өзіндегі ізгі қасиеттер мен оған жету жолдарын білгісі келсе, солардың көмегімен өз бойындағы қателіктер мен кемшіліктерден арылуға ұмтылар болса – ол, әуелі тек қана жақсы жүріс-тұрысты қалап алар еді (Әлемдік философиялық мұра. Әл Фараби мен Ибн Сина философиясы. «Этика туралы» трактат /1/. Алматы. «Жазушы» баспасы, 2005. 546-б.).

Байқасақ, Ибн Синаның Этика ілімі осы сөздерден басталады екен. Себебі, этика дегеніміз адам бойындағы ізгі қасиеттерді зерттейтін ілім болғандықтан ‑ оның басты мақсаты да адамгершілік пен ізгіліктің қалыптасу жолдарын көрсету. «Осы жолда - дейді ибн Сина: - Адамдар арнаулы ғылымдардың көмегімен өзінің теориялық күшін, яғни – білім күшін жетілдіруі керек. Сонымен бірге даналықтың және пәктілік пен батылдық (жігер) арқасында өзінің іс-әрекет күшін (практикалық) жетілдіруі қажет» (Сонда. 546-б.).

Бұл мәтінде біз мына нәрсеге назар аударамыз: Қазіргі заманда, әсіресе, қазақ қоғамында «жақсы мен жаман, мейірімділік пен зұлымдық тәрбиеден туады» деген түсінік орныққан.  Сондықтан, ұлттық тәрбиенің әлсіреуі, не болмаса, кері кетуі ‑ ұрпақтар арасындағы түсініспеушілікке, жақсы мен жаманның орын алмастыруына және т.т. алып келіп жатыр деген ой тудыруда. Бұл, әрине, ақиқат, шындық. Бірақ, Ибн Сина бұл мәселені біз ойлағаннан тереңірек қарайды. Ол, «түпкілікті нәтижеде жақсы мен жаман адамның өз еркінен туындайды» деген ойды басты орынға шығарады.

Егер, осы ойға байыппен назар салсақ, онда Ибн Сина айтып отырған  «адамның өз еркінен туындайды» деген түсінігі біздің қазақы ұғымда әбден орныққан «тектілік» түсінігімен тығыз байланысты екендігін көреміз. Себебі, біздің қазақы дүниетаным тектілікті «текті қоғам» түсінігі көлеңкесінде (проекциясында) қарастырады. Сонда ғана, адамның жеке қасиеттерін қоғамның (не заманның) талаптарымен ұштастыруға мүмкіндік пайда болады. Бұл ой Ибн Синаға өзінің жерлесі әрі ұстазы әл Фарабиден жалғасы кеген болар деп санауға болады. Себебі, Ибн Сина өзінің ұлы ұстазым деп әл‑Фарабиді атағаны белгілі. Мұнда осы фактіні ескеру қажет. Өйткені, жоғарыда Ибн Сина көрсеткен этикалық тұжырым әл Фарабидің еңбектеріндегі  «қайырымды қала», «бақытты ел», «ел билеудің ізгілікті жолдары»  сияқты этикалық ойларымен ұштасатыны анық көрінеді.

1. Ибн Сина да өз ұстазы секілді, ең алдымен, «Әділеттілік» категориясына тоқалып, оған анықтама беруден бастайды: «Әділеттілік – адамдық күштердің екеуімен де (теориялық білім және іс-әрекет) арақатынаста болады және ізгілікке қарсы әрекеттерден (жамандықтан) аулақ болады» деп тұжырымдайды.

Осы тұрғыдан алар болсақ, даналар ілімінен тәлім алу мақсатында: «Қазіргі Қазақ қоғамы бұған қаншалықты сәйкес?» деген сұрақты тудырады. Оның бірінші бөлігі − «теориялық білім» тұрғысынан туатын сұрақтар. Себебі, «теориялық білім» дегеніміз − әр адамның, (қоғамның) өз тарихын, салтын, дәстүрін, даналары мен даналығын жеткілікті дәрежеде меңгеруін білдіреді. Ал, біздің қазіргі қоғамда ол білім жеткілікті ме? Оған бір сөзбен жауап қатсақ – жеткіліксіз. Неге десеңіз, бізде тарихқа қатысты ғана емес, салт-дәстүрге қатысты бүтін көзқарас қалыптаспаған. Әсіресе, соңғы кезде қоғамдық сананы жаулаған дін тарихымызды «ислам діні келген уақытқа» тәуелді етуде. Нәтижесінде, тарихы одан да көне замандардан басталатын «салт‑дәстүрлердің» мән‑мағынасын қалайда ислам діні канондарымен үйлестірудің жасанды ой конструкциялары пайда болуда. Ал, енді,  қоғам өзінің салт‑дәстүрі негізінде өмірге келген табиғи дүниетанымынан ажырағанда, қоғам да аморфты күйге түсіп, өзге мәдениет шабуылына, сырттан төнетін рухани-мәдени экспансияға төтеп беретін күштен ажырай бастайды. Өзіндік рухани қорғаныс иммунитетін жоғалта бастайды. Енді осыған «Қазақ деген ұлт 15‑ғасырда Қазақ хандығының құрылуымен пайда болды» деген тарихи‑догма дем беріп,  ұлт тарихы Қазақ хандығы құрылуымен шектелетін болды. Сөйтіп, бағзы замандардан тағдыры бір, тілі бір, дүниетанымы бір, салт‑дәстүрі ортақ, сөйтіп, 15‑ғасырда Қазақ хандығы атты мемлекеттің іргетасын бірігіп қаласқан, бірақ әрқайсысы өз тегімен аталатын көшпенді тайпалардың  Қазақ хандығын құрғанға дейінгі «Елдік тарихының» да, оған дейінгі «Салт‑дәстүр тарихының» да тамыры шорт кесілетін «тарихи жағдай» пайда болды. Соның әсерінен қоғам санасында «Қазақ халқы бұрын‑соңды мемлекет құрмаған» деген ұлттығымызға қарсы догма пайда болды. Ол, әрине, империялық мүддесін көздеген сыртқы дұшпандарға да таптырмас айла‑амал бола кетті...

Ал, енді, осы жағдайды Ибн Синаның «өз еркінен туындайды» деген қалыбына салар болсақ, онда мұны «ұлттың мемлекет іргетасын қалаушы, мемлекет дамуына жауапкершілікті ұлт қалыбына жете алмағандығы» деп, яғни, «өз еркіне өзі ие болмағандығы» деп бағалауға болады.

2. Екіншісі – іс-әрекет тұрғысынан туатын сұрақтар. Бұл – адамның өзі өмір сүріп отырған ортаға, дүниетанымына, мәдениетіне сай жасайтын іс-әрекетін, не, қызметін бағалау.

Әдетте, адамның не қоғамның іс-әрекеті білімге тәуелді болуы тиіс. Бірақ, қоршаған ортамен қарым‑қатынаста адамның не қоғамның іс-әрекеті көбіне білімнің алдына шығып кететіндіктен, ол іс‑әрекет «өз еркімен» дегенге келмейді. Білімсіз, соқырлықпен жасаған іс‑әрекет (еріксіз іс-әрекет) көбіне кездейсоқ жағдайлардың ықпалына тәуелді болады. Сондықтан да одай іс-әрекет қоғамдағы қалыптасқан моральдік-адамгершілік қалыптарға сай келе бермейді. Ең алдымен, ол Ибн Синаның «адамгершіліктің бастауы» деп санаған «Әділеттілік» принципіне қарама‑қарсы әрекет түрінде орын алады. Қазіргі біздің қоғамда осындай жағдайлар белең алып тұр десек – шындықтан алыс кетпейміз. Өйткені, біздің қоғамда «Теориялық білім» және «Әділетті қоғам» арасындағы тепе-теңдік сақталмаған. Кейде, «теориялық білім» ізгілікке қызмет етудің орнына, «әділетсіздікке» қызмет ететін жағдайлар жеткілікті. Ондайда – жалпылық тұрғыда ‑ адамгершілік туралы айтудың өзі артық. Бұл қайшылықты жою үшін қоғам «әділетті қоғам» орнатуға күресіп, коррупция, жалғандық, сатқындық, қорқаулық, немқұрайлылық, қатыгездік және т.с.с. әділетсіздік бастауларын жойып, олардан түбегейлі арылуы қажет. Қыс шілдесіндегі су сияқты тазаруы керек. Қазір біз осы жолдың алғашқы баспалдағына ғана аяқ бастық десек – сол сөзіміз дұрыс сияқты...

ИБН СИНА: ӘДІЛЕТТІЛІКТІҢ ҮШ БАСТАУЫ ТУРАЛЫ

Әділет үш күштен тұрады: тазалық – сезім күші, батылдық – ашу күші,  даналық – айыра білу күші.

Қазіргі тілмен аййтсақ:

  • «Тазалық» - қоғам мінезі, өмір сүру дағдысы,
  • «Батылдық» − қоғамның өзін-өзі қорғау дағдысы,
  • «Даналық» – ақыл-ой мен дүниетанымы.

Сөйтіп, мұндағы «тазалық» – ар-ождан мен намыстың іргетасын қалайды. Ар-намыс – «ашуды», яғни батылдықты (жігерді) тудырады. Осы екеуінің әрекетін реттеуші – даналық (ақыл-ой мен білім) болып шығады.

Осы үшеуі дамыған қоғамды «тұрақты дамушы қоғам» деуге болады екен. Егер осының біреуі ақсап жатса – толық тұрақтылық туралы айту ерте дейді ғұлама.

Сонымен бірге, Ибн Сина ілімінде Әділет «жетілген күштердің» жиынтығы ретінде көрінеді.

Олар: мырзалық, сабырлылық, төзімділік, бекзаттық, пәктік,  даналық, айқындық, көрегендік, естілік, шешімшілдік, шыншылдық, достыққа адалдық, махаббат, аяушылық, тұйықтық, ұяттылық, кеңпейілділік, сөзге беріктілік, кішіпейілділік.

Байқап қарасақ, белгілі бір тарихи кезеңдерде осы қасиеттердің бәрі де біздің халқымыздың болмысына тән болған екен. Мысалы, қазақтың ұлттық тәрбиесінің, даналығының, мақал-мәтелдерінің мазмұны әлі де осы қасиеттерден құралады. Бұл − қазақ халқының тұтастығы мен этикалық бірлігін бейнелейтін үшбұрыш. Ол ‑ Байлық+Ақыл+Батырлық символдарына сәйкес келеді.

Бүгінде бізге осы қасиеттерді реанимациялау, жаңғырту олқы болып тұр. Бұл қоғам мен мемлекеттің күшеюімен және ұлт қалыптасуымен қатарласа жүретін құбылыс болғандықтан – үмітті үзбейміз. Оған да уақыт керек.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6021