Жұма, 22 Қараша 2024
Абай мұрасы 2747 3 пікір 26 Сәуір, 2024 сағат 13:19

Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?..

Коллаж: Abai.kz

Бұл поэма адам болмысын ашып, жаман қасиеттерден арылу жолын көрсететін терең мағыналы, үлкен маңызы бар шығарма. Хакім Абай Ескендір Зұлқарнайын бейнесі арқылы жақсы мен жаманды айыруға үйретеді.  Ол поэмасын «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» деп бастайды. Ескендір есімі бүкіл әлемге кеңінен белгілі. Тіпті, қасиетті Құранда да көрсетілген. Бірақ, Құрандағы Ескендір басқа адам деген сөз бар. Қалай десе де, Ескендірдің есімі әлемге әйгілі. Ендеше Абай неге осындай әйгілі есімді жұрттың білетініне күмәнді сұрақ қояды? Мұның үлкен сыры болса керек.

Ескендір тұлғасына әлем бойынша ерте заманнан бері өте үлкен көңіл бөлініп келеді.  Шығыста -- Фирдауси, Жәми, Низами, Науаи, Батыста -- Ламберу, Ламрехт, Бернэ, Шамиссо тәрізді ойшылдардың еңбектері соның дәлелдері. Олардың шығармаларында Ескендір әділ патша, ақылды, әрі батыл жауынгер ретінде дәріптеліп келді. Бірақ, Абайдың суреттеуі мүлде басқаша. Оның шығармасында Ескендір бейнесі «мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам», қатыгез де, нәпсісі тойымсыз жаулап алушы ретінде көрсетілген. Себебі, Абайдың мақсаты жұрттың әдеттегі қалауы бойынша Ескендірді дәріптеу емес, керісінше, шапқыншының бойындағы жаман қасиеттері арқылы, олардың адамға тигізетін зиянын ашып, және одан арылу жолдарын көрсету болып табылады. Бұл шығарманың негізгі құндылығы да осында болса керек. Оның мақсаты -- Ескендір бейнесі арқылы адам өміріндегі негізгі кедергіні көрсетіп, оны жеңу жолын беру.

Поэмада Ескендір қарапайым адам емес. Ол көптеген соғыстарда жеңіске жетіп, бүкіл Евразияның көптеген жерлерін жаулап алған патша. Ол сыртқы жауларын жеңген сондай құдыретті әмірші болса да, өзінің ішкі жауы болып табылатын нәпсісін жеңе алмай жүрген бейшара, пенде. Яғни, ол нәпсінің құлы, нәпсіқұмарлықтың бейнесі деуге болады. Нәпсі адамның ішкі жауы, онымен күресе білудің үлкен маңызы бар. Егер осы тұрғыдан алатын болсақ, онда Абайдың сұрағының мағынасы «Осы жұрт Ескендірдің нәпсінің құлы болғанын біле ме екен?» деген ұғыммен сәйкес болып шығады. Әрине, жұрт білмейді, себебі Ескендір бейнесі бұл тұрғыда бұрын айтылмаған, жазылмаған.

Шығармада Ескендір мүлде жаңа қырынан суреттеледі. Осылай, Абай Ескендір бейнесі арқылы адамның негізгі жауы болып табылатын нәпсінің ықпалын көрсетіп, оны жеңу жолын береді. Хакім өзі көрсеткендей, «Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек» болатын Абай «жаман адам» емес, керісінше, «Түзетпек едім заманды, Өзімді-өзім зор тұтып» деп армандайтын рухани биік тұлға екенін көреміз.  Бұл нағыз хакімдік қасиет.

«Ескендір» поэмасынан қоғам өміріндегі, тіпті бүкіл жер бетіндегі қайшылық, қақтығыстардың себебін көруге болады. Абай Ескендір патшаның өмірі мен оның мінез-құлықтары арқылы фәни әлемнің негізгі заңдылығын көрсетеді. Ол заңдылық – жан құмары мен тән құмарының күресі. Абай осы күрестегі нәпсінің зиянды рөлін ашады. Нәпсінің үлкен зиянын біліп, онымен күресе білетін адамдар өте сирек кездеседі. Ұлы жауынгер Ескендір де осындай адам болған. Ол нәпсісімен күресе білмей, одан жеңіліс тапты.

Енді поэманың өзіне келейік.

Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары -- оған мекен.
Филипп патша баласы, ер көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.

Филипп өлді, Ескендір патша болды,
Жасы әрең жиырма бірге толды.
Өз жұрты аз көрініп, көршілерге
Көз алартып қарады оңды-солды.

Сұмдықпен ғаскер жиып қаруланды,
Жақын жерге жау болды, тұра аттанды.

Көп елді күтінбеген қырды, жойды,
Ханды өлтіріп, қаласын тартып алды.

Поэмада әуелі Ескендір (батыс елдерінде Александр Македонский) осылай қарапайым адам емес, Вилипп патшаның баласы екені айтылып, оның мінез-құлқы суреттеледі. Патшаның баласы (б.д.б. 356-323 ж.ж.) болған соң, әрине, оның көкірегі жоғары, эгосы үлкен болады. Басқа тарихи деректер бойынша, анасы -- Олимпия, Эпир патшасының қызы. Әкесінің көп әйел алуына байланысты Ескендірдің бірнеше әпкелері мен ағалары болған. Анасы Олимпия өркөкірек, атаққұмар қатыгез әйел болған. Ол Ескендірді жас кезінен бастап «Зевс Құдайдың баласысың, сондықтан бүкіл дүниені жаулап, бағындыратын ерекше рөлің бар» дегенді түйсігіне құйып, ойына бекітіп отырған. Күйеуі Филипп патшаны өлтіруге себеп болып, тақтың негізгі мұрагері болып табылатын Ескендірдің басқа әйелден туған ағасын өлтіріп, баласын ол таққа отырғызған. Осындай тәрбиеден кейін, әрине, Ескендір өскен соң өзін Амона Құдайдың баласымын, яғни қарапайым адам емеспін деп жариялаған. Ол кезде грецияда көпқұдайшылық болған, яғни тәңіршілдіктің рухани емес, материалдық бөлігіне табынған. Ал материяның негізгі белгісі нәпсі екені белгілі. Ұстазы атақты Аристотель болса да, ол тән құмарының ықпалымен осылай «Сұмдықпен ғаскер жиып қаруланды, Жақын жерге жау болды, тұра аттанды».

Сонымен, Ескендір жарты әлемді   жаулап алған тарихта үлкен  орын алған тұлға. Оған бұл дәрежеге жетуге тән құмарынан пайда болған фәни әлемдегі нәпсі қуаты ықпал етті.

Әрі қарай Ескендірдің әрекетінің нәтижесін ақын былай деп суреттейді:

Жазасыз жақын жердің бәрін шапты,
Дарияның суындай қандар ақты.
Шапқан елдің бәрін де бодам қылып,
Өкіметін қолына тартып апты.

Ескендір елде алмаған хан қоймады,
Алған сайын көңілі бір тоймады.
Араны барған сайын қатты ашылып,
Жердің жүзін алуға ой ойлады.

Қан ішер қаһарлы хан ашуы көп,
Атағынан қорқады жұрт қайғы жеп.
Сол күнде қошеметші айтады екен,
Ханның ханы, патшаның патшасы деп.

Атағы талай жерге оның жетті,
Жердің жүзін алуға талап етті.
Есепсіз әскер ертіп, жарақтанып,
Есіткен елдеріне жүріп кетті.

Алдынан шыға алмады ешкім мұның,
Бәрін де алды, қорқытты жолдағының.
Жан шықпады алдынан, тоқтауы жоқ,
Жер жүзін жеке билеп алмақшының.

Көп елді жаулап алып, енді бүкіл әлемге көз тіккен мұндай тойымсыздық оның     тән құмарын одан сайын қоздырып, нәпсінің құлына айналдырды. Бұл заңды құбылыс. «Алтын көрсе, періште жолдан таяр», -- дегендей, қылышы майырылмаған Ескендірдің құлқыны ашыла береді. Оның үстіне жантайша, қолшоқпарлары  «Сол күнде қошеметші айтады екен, Ханның ханы, патшаның патшасы деп». Маңындағы қошаметші жұрт дәріптеген адам өзі де соған сеніп, өзін құдыретті санай бастайды. Бұл өмір заңдылығы. Қоршаған ортасы патшаның өзін осылай Құдаймен теңеген жалған эгосын  өсіріп, оның ашкөздігін күшейте түседі. Патша өзін енді Құдаймен балай бастады. Жолында не кезіксе, соның барлығы ұлы жеңімпаз Ескендірге тиесілі болуы тиіс!

Бірақ, көп асқанға -- бір тосқан. Кім болса да, өзінің жасаған әрекетіне сай оның қарымын, яғни, нәтижесін алады. Бұл бүкіл әлемге ортақ, өзгермейтін тұрақты әділет заңдылығы. Бүкіл әлем үйлесімділігін осы заңдылық басқарады. Физикалық әлемде «Затқа қандай күшпен әсер етсең, сондай қарсы күш әсер етеді» деген И.Ньютонның ашқан табиғаттың екінші заңдылығы бұл. Бұл заңдылық адамзат қоғамында да бар: «не ексең – соны орасың», яғни, жасаған әрекетіңе байланысты оның бейнетін, не болмаса зейнетін аласың. Қиянаттың жазасын ешкім тоқтата алмайды. Ол жаза көп те емес, аз да емес, тек қиянаттың мөлшеріне байланысты.  Жасаған әрекетіңе сәйкес қарымын осы өмірде, не болмаса, Абай сөзімен айтқанда, «Қабірден әрі өткенде» аласың. Бұл ешкім өзгерте алмайтын, тұрақты табиғи заңдылық. Абайдың көрсетіп отырған бұл заңдылықты қоғам үйлесімділігін бұзып жүрген бүгінгі парақор, коррупционерлер жақсы біліп, ескерулері керек.

Өзін құдіреттімін деп жүрген Ескендір де өзінің әрекетіне байланысты қарымын алды.

Жүре-жүре бір елсіз шөлге түсті,
Алып жүрген суының бәрін ішті.
Адам, хайуан бәрі де бірдей шөлдеп,
Басына Құдай салды қиын істі.

Сандалды сар далада су таба алмай,
Шөлдеген жұрт қайтеді бос қамалмай?
Қызметкердің бәрін де өлтірмекші
Болыпты, шөлдегенге шыдай алмай.

Мысалы, астындыға ат о дағы ұшты,
Ескендір де атының жалын құшты.
Жалтырап сәуле берген бір нәрсеге
Патшаның ат үстінде көзі түсті.

Құдай тағала Өзінің шексіз мейірімділігімен мұндай адасқан пенделерге өзінің қателігін түсініп, күнәсін әрі қарай ауырлатпау үшін оған дұрыс жол көрсетіп, ғибратты сабақ береді. Ескендірге де осындай сабақ берілді. Жүгенсіз патшаға сабақ беріп, оны дұрыс жолға салу үшін «Басына Құдай салды қиын істі». Бұл сынақтың қиындығы сондай болған, тіпті, Ескендір «Қызметкердің бәрін де өлтірмекші, Болыпты, шөлдегенге шыдай алмай». Ол осылай өзінің қателігі үшін қызметкерлерді кінәлап, өлтірмекші болған.

Ол осылай, бұл қиын істен сабақ ала алмады. Соған қарамастан, мейірімді Құдай оған басқа сабақ береді.

Барса, бір сылдыр қаққан мөлдір бұлақ,
Таспадай бейне арықтан шыққан құлап.
Түсе сала Ескендір басты қойды,
Ішсе, суы өзгеше, тәтті тым-ақ.

Кепкен балық келтіртті сонда тұрып,
Сол суға балықты алды бір жудырып.
Исі, дәмі өзгеше болып кетті,
Таң қалды мұның бәрін суға жорып.

Ескендір қолына айтты: «Бұл неткен су?
Бәрің де ішіп, бұл суға бетіңді жу!
Бір бай елден осы су шыққан шығар,
Өрлеп барып, үстіне тігелік ту.

Бұл салқын, тәтті суға қаныңыздар,
Шақ келер маған жан жоқ наныңыздар.
Менен қалмай, бұл суды шапшаң өрлеп,
Талқан қылып шаһарын алыңыздар!»

Бірақ бұл сабақты да дұрыс қабылдай алмай, суға жуған балықтың «Исі, дәмі өзгеше болып кетті, Таң қалды мұның бәрін суға жорып». Имансыз патша осылай әлі де барлығы табиғат көрінісі деп, Құдайдың құдыретін мойындағысы келмейді. Өмір қиыншылықтары адамға сабақ алып, өзінің қателігін түсініп, өзін түзетуге мүмкіндік береді. Бірақ, Құдайдың берген бұл ғибратты сабағын әркім, әсіресе Ескендір тәрізді имансыз өрмінезділер, қабылдай алмайды. Себебі, баршаға ортақ әділет заңын білмейді, немесе, білсе де, оны мойындағысы келмейді. Осылай көп адамның аяғы шалынып, өзінің күнәсі үшін түрмеге түсіп, жазасын алып жатса да, одан сабақ алмай, қиянатты істерін тағы қайталайды. Жарым адам деңгейіне құлдырап, әрі қарай хайуан істемейтін істерге барады. Олар туралы Абайдың «Өздерің де ойлаңдар, Неше түрлі жан барсың. Ғылым да жоқ, ми да жоқ, Даладағы аңдарсың» дейтіні бар.  Ескендір де, менмендігі көтерілгені соншалықты, ол Құдайдың берген сабағын түсінбей, бұлақты иемдену үшін «Менен қалмай, бұл суды шапшаң өрлеп, Талқан қылып шаһарын алыңыздар!»  деп әскеріне бұйрық береді.

Өзін «мен» деп қабылдайтын адам қоршаған ортаны «менікі» болсын деп ұмтылып, өзіне меншіктегісі келеді. Осылай, қиянат жасайды. Қиянат күнә тудырып, адам құлдырау жолына түседі. Қарапайым адам қолына шексіз билік тиген осылай қатігез тиранға айналып кетеді. Бұл барлық диктаторларға тән қасиет. Сондықтан, қандай қоғам болса да, мұндай диктатордың пайда болмауы үшін демократия керек.  Даңғой Ескендір де, Тәңірдің берген сабағынан дұрыс нәтиже алмай, керісінше қорытынды жасайды. Тән құмарымен нәпсінің ықпалына толық түскен адамның қылығы осындай. Шексіз билігі бар адамды ешкім де тоқтата алмайды!

Жарлық шашты, қол жүрді суды өрлей,
Шаһарына жеткенше дамыл көрмей.
Көкпеңбек темір киген өңкей батыр
Тарттырып жөнеледі сырнай-керней.

Сол әскер суды өрлеп талай жүрді,
Судың басы бір құзар шатқа кірді.
Шаттың аузын бекіткен алтын қорған,
Қақпасы бекітулі, көзі көрді.

Қақпаны ашайын деп хан ұмтылды,
Тұтқасын олай-бұлай қатты жұлды.
Аша алмады қақпаны, үміт үзді,
Ақылдасып тәуір-ақ амал қылды.

Ескендір тоқтау көрмей өскен жан ғой,
Келмей ме тоқтаусыздың бәрі даңғой?
Дел-сал болып бәрі де қайта шықты,
Алысып әл келмесін байқаған ғой.

Долдықпен хан Ескендір ашуланды,
Ашуланып қақпаға жетіп барды.
Қақпаны дүбірлетіп қағып-қағып:
- Қақпаны аш! - деп барынша айғай салды.

«Ескендір тоқтау көрмей өскен жан ғой, Келмей ме тоқтаусыздың бәрі даңғой?» болса да, Құдайдың билігінен ешкім де аса алмайды. Болмыстың материалдық бөлігін билеп үйренген атеистер рухани дүниеде өздерінің әлсіздігін білдіреді. Бірақ, олар бұл әлсіздіктің себебін білмей, өзінің мақсатына дөрекі күшпен жетуге ұмтылады. Осылай көптеген қиыншылықтарға кездессе де, одан сабақ алмай,  ақыры жеңіліске ұшырайды. Құдайдың құдыретті қуатын жеңетін бұл дүнинде күш жоқ. Себебі, бұл әлемнің өзі Құдайдың бір көрінісі, яғни Абай көрсеткендей, Оның Өзі болып табылады. Тойымсыздық, ашкөздік, қанағатсыздық, қатыгездік, өзінен басқаны көрмеу, өзгені мойындамау, қырып-жою арқылы Құдайды жеңуге болмайды. Бұл жетістік пе? Жоқ, бұл рухани надандық, қасиетсіздік, осалдық, патшаның өзі байқамаған сорақы әлсіздігі! Осылай құдыретті патша жеңіліске ұшырайды.

Қақпаның ар жағынан біреу келді,
Күзетшісі сол екен, дыбыс берді.
- Қақпаны саған ашар рұқсат жоқ,
Бұл - Құдайға бастайтын қақпа, - деді.

- Білмесең, мен Ескендір патша деген,
Жер жүзінің соғыста бәрін жеңген.
Қақпаңды аш, хабарыңды айт, білдір маған,
Қорлығым өзім тауып, көз көрмеген.

Абайдың «Және Оған (Түп Иеге) қайтпақсың, оны ойламай, Өзге мақсат ақылға тола ма екен?» деген ғибратты сөзі бар ғой. Егер адам Түп Иеге қайтуды ойлап, рухани даму жолына түсіп, өзін таный білсе, онда ол өлген соң Түп Иеге қайтуға мүмкіндік алады. Бұл «толық адам» жолы. Ондай адам Құдайға бастайтын қақпадан аман өтіп, Түп Иеге қайта алады. Бірақ мұндай жолға әркім түсе бермейді. Көпшілік жұрт пендешілікпен тіршілік күйбеңінен шыға алмай, нәпсінің ықпалымен «адам» деңгейінде өмір сүреді. Ондай адамдар өзінің жан екенін де білмей, өзін тәнмен балап, «өмір бір-ақ рет беріледі» деген оймен Құдайға қайта алмай, шынында да өліп, өлген соң топыраққа айналып кетеді. Ондай адамдарға бұл шынында да өлім болып табылады. Ондай адамдарға өмір «Қақпаны саған ашар рұқсат жоқ» деп хабар береді. Бірақ, Ескендір болса, өзінің ашкөздігімен әлемді жаулап алмақ болып, қанша адамның қанын судай ағызып, Болмыс бірлігіне орасан зиян келтіріп жүрген адам. Әрине, мұндай адамдарға Құдайға бастайтын қақпа әрқашан да жабық. Бірақ, Ескендір рухани надандығынан мұны түсінбейді, өзінің бейшаралығын да білмейді. Ол әлі де өзін   «Жер жүзінің соғыста бәрін жеңген» патшамын деп сезінеді. Сондықтан Құдайдан алған хабардың өзін «Қорлығым өзім тауып, көз көрмеген» деп, өзіне қорлық санайды. Міне, рухани надандықтан шығатын өркөкіректің шыңы осындай.

Бірақ, Құдай қақпасының күзетшісі, оны елеп, өзінің мейірімділігін тағы көрсетіп, қателігін түсіндіріп, дұрыс жолға түсуді үйретеді. Ол былай дейді:

- Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең,
Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең!
Іші тар, көре алмастың біреуі - сен,
Ондай кісі бұл жерге келмейді тең.

Рухани әлемнің күзетшісі Ескендір арқылы осылай бүкіл адамзаттың негізгі жауын көрсетіп отыр. Ол - нәпсі. Өткендегі барлық ұлы адамдар нәпсінің адамға келтіретін бұл қасіреті туралы айтып кеткен. Исламдағы нәпсімен күресті «Үлкен жиһад», ал сыртқы жаулармен күресті «Кіші жиһад» атап, нәпсіні сыртқы жаулардан жоғары қоюы тегін емес. Ескендір қанша сыртқы жауларын жеңіп, өзін мықтымын деп жүрсе де, ол өзінің негізгі ішкі жауын білмейді де, жеңе де алмайды. Сондықтан, ол Құдайдың қақпасына кіре алмайды. Рухани әлем мен материалдық әлемнің қасиеттері мен заңдылықтары бөлек, тіпті біріне бірі қарсы. Бірақ Ескендір бұл заңдылықты білмей, өзінің жеңілісін қабылай алмай, әдеттегідей ашу шақырады. Рухани әлем күзетшісі оның ашуын басып, жеңілістің себебін «Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең!» деп түсіндіреді. Бірақ, нәпсі билеген патша өзінің кемшілігін түсінер емес.

- Талпынған талаппенен мен де бір ер,
Көп жүрдім, кездей келді көрмеген жер.
Ең болмаса, халқыма көрсетейін,
Сый қылып, белгі болар бір нәрсе бер.

Рухани әлемнің қақпа күзетшісі патшаға жеңілу себебін көрсетіп, ол қателіктен құтылу жолын беріп отырса да, ол өзін әлі де ер сезінеді. Еліне барғанда сол ерлігіне дәлел болатындай  «Сый қылып, белгі болар бір нәрсе бер» дейді. Осылай ол тіпті рухани әлемнің хабарының өзінен ғибрат ала алмай отыр.

Көпшілік жұрт бұл өмірде түрлі қиыншылықтар көреді. Бірақ, олар бұл қиыншылықтардан сабақ ала білмейді. Жүрек көзі жабық, сондықтан, өмір құбылыстарының себебі мен келешектегі салдарын түсіне алмайды. Сана деңгейіне байланысты өмірден ғибрат алу дәрежесі әртүрлі болады. Бұл туралы бұрынғы даналардың әйгілі тұжырымы бар: ақылсыз адам өзінің қателігінен ғибрат ала алмай, оны тағы да қайталайды. Бұлар «жарым адамдар». Ал ақылды адам өзінің қателігінен ғибрат алып, оны енді қайталамайды. Бұл -- «адам». Одан да жоғары, «толық адам» бар. Ол басқаның қателігінен ғибрат алып, оны өзі қайталамайды. Хакім Абай патша Ескендір арқылы өзінің қателігінен ғибрат алмайтын ақылсыз, жарым адам бейнесін береді. Оған қарапайым өмір ғана емес, рухани әлемнің өзінен хабар келіп, бірнеше рет түсіндірсе де, ол өзінің қателігін сезіне алмай отыр. Нәпсі билеген адамның қасиеті осындай болады. Жүрек көзі жабылған адам қанша айтып, ақиқатты көрсетіп отырса да, ол оны қабылдай алмайды. Бұл -- өмірдің бейберекет көрінісінің негізгі себебі. Бүгінгі күндердегі адамзат қоғамының құлдырау себебін Абай осылай көрсеткендей болады.

Құдай тағала шексіз мейірімді, және қамқор, сондықтан, қандай жауыз адам болса да, оны дұрыс жолға салып, көмектесуге ұмтылады. Сондықтан, тән құмары билеген даңғой Ескендірге тағы бір ғибратты белгі берілді.

Қақпадан лақтырды бір орамал,
Сыйым --  осы, падиша, мынаны ал!
Ішінде бір нәрсе бар ақыл берер,
Апар дағы ойланып, көзіңді сал!

Орамалды қуанып қолына алды,
Сый алдым деп халқына қайта салды.
Қараса, ішінде бір қу сүйек,
Бұл не еткен мазағы деп аң-таң қалды.

Ашуланып, сыйына болды кекті,
-  Ең болмаса білмеді сый бермекті.
-  Осы менің теңім бе? -  деп ақырып,
Лақтырып жіберді сол сүйекті.

Рухани жолда ғана емес, қарапайым өмір  көріністерінен де сабақ ала білу керек. Ал рухани жолда әрбір қадам үлкен сабақ болып табылады. Нәпсі ықпалында жүрген адам «Ішінде бір нәрсе бар ақыл берер,
Апар дағы ойланып, көзіңді сал!»
деп ескерту алса да,
бұл ақиқатты түсінбейді. Ескендір де, тіпті, бұл қақпа туралы «Бұл –Құдайға бастайтын қақпа» деген хабар алса да, оны түсінбей, алған сыйын   «Осы менің теңім бе? --  деп ақырып, Лақтырып жіберді сол сүйекті». Осылай, жүрек көзі жабылғандықтан, Құдайдың берген сыйы болып табылатын өмір көріністерінен сабақ алмай, тіпті, кейде наразылық білдіріп, көп уақытымызды босқа өткізіп, берілген мүмкіншіліктерді қолдан шығарып аламыз. Абай осындай өмірдің үлгісін көрсетіп отыр. Әрі қарай мұндай пайдасыз өмірден шығу жолын көрсетеді.

Жолдасы Аристотель ақылы мол,
Лақтырған сүйекті алады сол.
Ханға айтты: «Қасиет бар бұл сүйекте,
Көзіңе көрсетейін, хабардар бол».

Сол күнде Аристотель жеке дара,
Ақыл сөзін тыңдамай бар ма шара:
-  Таразыны әпкел де, сүйекті сал,
Бір жағына алтын сап, өлшеп қара!

Тарихи дерек бойынша гректің атақты ғалымы Аристотель Ескендірдің ұстазы болған. Бұл шығармада Абай «Жолдасы Аристотель ақылы мол» деп оны Ескендірдің жолдасы ретінде көрсетеді. Ұстаз өзінің шәкіртінің жаугершілік соғысына қатыспайды. Абайдың оны ұстаз емес, жолдас ретінде көрсетуі сондықтан болса керек. Өмір сырларын ақылды адамның, ал рухани болмысты тек қана рухани ұстаздың көмегімен түсінуге болады. Рухани ұстаздың Болмыс туралы толық білімі бар, сонымен бірге, ол жетілу жолын өзі толық өткен. Мұндай ұстазбен жолығу адамның жетілу жолында Құдайдың оған берген үлкен  сыйы болып табылады. Ал ақымақ адамның дұрыс жолға түсуіне бір ғана жол бар. Ол жол -- ақылды адамның сөзін тыңдау. Ескендір осы жолға түсіп, ақылды жолдасының сөзіне құлақ салады.

Бұл сөзге Ескендір де қарай қалды,
Таразыны құрдыртып, ортаға алды.
Қанша алтынды күміс пен салса дағы,
Бір кішкентай сүйекті аудармады.

Мұны көріп Ескендір аң-таң қалды,
Бар қаруын алтынға қоса салды.
Енді қайтер екен деп қарап еді,
Бұрынғыдан қу сүйек ауырланды.

Сүйекті әуелде қарапайым зат ретінде қабылдаған патша, енді ақылды жолдасының айтқанын жасап, бұл сүйектің қарапайым емес екеніне көзі жете бастайды. Руханиды ешқандай зат баса алмайды. Барлық заттың негізі, оның шыққан көзі рух болғандықтан, ешқандай зат рухтан артық бола алмайды. Бүкіл әлем рухтан пайда болатындықтан, оның ешқандай  байлығы рухты баса алмайды. Рух пен материяның қасиеттері қарама-қарсы, сондықтан Ескендір «Бар қаруын алтынға қоса салды», бірақ «Бұрынғыдан қу сүйек ауырланды». Фәни әлемде заттық байлық көбейген сайын, өмірдің мәні, яғни оның салмағы төмендей береді. Рухани болмыстың маңызы өсіп, заттық болмысты басып кетеді. Абай осыны көрсетіп отыр: материяға байланған сайын оның маңызы жеңілдеп, рухани болмыстың әсері ауырлай береді. Бұған таңырқаған патша құпияның сырын ашу үшін өзінің ұстазына жүгінеді.

Аристотель хәкімге патша келді:
-  Мына сүйек қазынаның бәрін жеңді.
Бұл сүйекті басарлық, нәрсе бар ма?
Ақылыңмен
тапшы! -  деді.

Абай Аристотельді хакім деп атап отыр. Отыз сегізінші сөзінде ол хакімдер мен әулиелер бүкіл адамзаттың рухани ұстазы екенін жазады. Хакім рухани білімнің аясында бүкіл болмыстың материалдық және рухани бөліктерін зерттеп, толық таныған адам, сондықтан оған бұл әлемде құпия жоқ. Соны білген патша  «Бұл сүйекті басарлық, нәрсе бар ма? Ақылыңмен тапшы! -  деді». Бұрынғы заманда хакімдер патшалардың ақылшы, кеңесшісі болып, ел басқаруда негізгі көмекшісі болған. Осылай әркім өзінің табиғи қасиетіне байланысты қоғамда орын алып, бейбіт өмір сүрді.

Хәкім жерден топырақ алып барды,
Бір уыстап сүйекке шаша салды.
Ана басы сылқ етіп жерге түсіп,
Сүйек басы жоғары шығып қалды.

Хакім Аристотель сүйектің рухани болмысын жақсы түсініп тұр. Сондықтан ол топырақты  «Бір уыстап сүйекке шаша салды». Осылай рухани сүйекті материямен жапты. Рухани көзі материямен жабылған сүйек өзінің рухани қасиетінен айырылып, заттық қасиет алды. Осылай материямен жабылған рухани құндылықты заттық құндылық  басып кетті. Бұл бүкіл адамзат үшін үлкен ғибрат болып табылады. Адамның жаны сараңдық, ашкөздік, атаққұмарлық, көре алмаушылық, нәпсіқұмарлық тәрізді материалдық болмыс қасиеттерімен былғанып, жүрек көзі жабылып, адам өмірі толық заттық қасиет алады. Жарым адам деңгейіне түскен мұндай пенделердің хайуанаттардан айырмашылығы көп болмайды. Ондайларды таза материямен балап, Абай «Ана басы сылқ етіп жерге түсіп, Сүйек басы жоғары шығып қалды» деп білдіріп отыр. Бірақ көпшілік қауым мұндай ғибратты түсінбейді де, қабылдай да алмайды.

Ескендір де солардың қатарында:

Ескендір мұны көріп аз тұрады,
Хәкімді аулақ жерге шақырады.
- Таң қаларлық іс болды мұның өзі,
Мәнісін айтып берші, - деп сұрады.

Әрі қарай патшаның ұстазы бұл құбылыстың сырын түсіндіреді.

- Бұл - адам көз сүйегі, -  деді ханға.
Тоя ма адам көзі мың мен санға?
Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,
Өлсе тояр, көзіне құм құйғанда.

Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,
Алған сайын дүниеге тоя ма екен?
Қанша тірі жүрсе де, өлген күні
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен.

Ашуланба, ей, патшам, айтайын дат:
Алтын қақпа бермеді сізге рұқсат.
Сый сұрадың, бергені -  бір қу сүйек,
Мұны көріп, алыңыз сіз де ғибрат!

Адамның фәни дүниені қабылдайтын негізгі құралы көз болып табылады. Нәпсімен жабылған көз жақсы мен жаманды айырмай, көргеннің бәрін ала бергісі келеді. Бірақ, Абайдың өз сөзі бойынша «Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ».

Осылай өмірдің жарқылына алданған жан алған сайын дүниеге тоя алмай, Ескендір тәрізді бүкіл әлемге қол созады. Себебі -  имансыздық. Имансыз «Кәпір көздің дүниеде араны үлкен, Алған сайын дүниеге тоя ма екен?» Жалған эгоның ықпалымен көргеннің барлығы менікі болсын деп жүрген көз «Қанша тірі жүрсе де, өлген күні, Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен». Бірақ бұл ақиқатты кәпір патша білмейді. Ескендір өзін Құдайдың баласымын деп ойлап, Құдаймен теңестіріп жүрсе де, осындай білместікке ұрынады. Болмыстың бірлігін ұмытып, көпқұдайшылыққа құлдыраған Тәңіршілдікті кәпір, яғни, имансыз деп атап, Абай руханилықтың құлдырауын осылай көрсетеді. Тәңіршілдіктің өзінің рухани тірегінен айырылғанда көңілі тек қана материалдық бөлікке ауып, «кәпір» болып кетеді екен! Бұған дәлел – кәпір болған Ескендір бейнесі. Патшаның құлдырау деңгейін көрген ұстазы Аристотель «Сый сұрадың, бергені -  бір қу сүйек, Мұны көріп, алыңыз сіз де ғибрат!» деп кеңес береді.

Ойлап-ойлап патшаның мойны түсті,
Құдайым көрсетті деп бұл бір істі.
Бекерлік екен менің бұл ісім деп,
Қолын алып жұртына қайта көшті.

Шәкірт ұстазының сөздерін толық қабылдап, мүлтіксіз орындауы керек. Сонда ғана оған рухани жетілуге жол ашылады. Ескендір қанша тоңмойын, өркөкірек болса да, ол ұстазының сөзіне көңіл бөліп, дұрыс шешім қабылдайды. Бұл шешім поэмадағы Ескендірдің ең дұрыс шешімі еді. Осылай ол ұстазының көмегімен өзінің қателігін түсініп, «Бекерлік екен менің бұл ісім деп, Қолын алып жұртына қайта көшті». Өмір бойы дұрыс тәрбие алмай, нәпсінің ықпалына түсіп, көптеген жұртты зарлатқан Ескендір осылай өзінің рухани ұстазы Аритотельдің көмегімен тағдырдың берген сынағынан ғибрат алып, дұрыс жолға қайта көшті. Ескендір Аристотель тәрізді данышпанның көмегімен өмірден сабақ алып, өзінің қателігін түсініп, дұрыс жолға түсе білді.

Қазіргі заманда мұндай ақылды адамдар сирек кездеседі. Адамзат тарихында бұған мысалдар көп. Орыс патшалығы Ресейде, оның жалғасы болған Кеңес Одағы басқа халықтарды бодандықта ұстап, елді «халықтар түрмесіне» айналдырып жіберді. Ал бүгінгі күндердегі Ресей президенті В.В.Путинның Украинаға шабуылы сол ашкөздіктің жалғасы болып отыр. Абай өзінің поэмасында Ескендір образы арқылы осындай ашкөз басшылардың көзін ашып, оларға үлгі көрсетеді. «Ескендір» поэмасының негізгі құндылығы да осында жатса керек.

Абай әрі қарай сөзін бүгінгі жұртқа арнап, Ескендір тәрізді нәпсінің құлына айналып кетпеудің жолын көрсетеді. Ол сөзін былай деп жалғастырады:

Аз-ақ сөз айттым, бітті бұл әңгіме,
Мұны бір өзге сөздің бірі деме.
Қарның тойса, қайғырма мақтан үшін,
Тоймас кезің толар деп қайғы жеме.

Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер,
Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер!
Ұятың мен арыңды малға сатып,
Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер.

Мақтанасың біреуге мақтасын деп,
Шаужайымнан еш адам қақпасын деп,
Сен кеткен соң артыңнан күліп қалар,
Антұрғаннан Құдайым сақтасын деп.

Ақылсыз өзін мақтап былжырайды,
Бойыңа өлшеп сөйлесең, нең құрайды?
Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді,
Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!

Абай «Мұны бір өзге сөздің бірі деме» деп бұл сөздердің маңызы үлкен екенін түсіндіреді. Себебі, бұлардың ғибраты мол: «Қарның тойса, қайғырма мақтан үшін, Тоймас кезің толар деп қайғы жеме». Өмірді өкінбейтіндей болып, босқа өткізбеуге үйретеді. Көкірегіңді көтеріп, құр мақтанға салынғанмен, жұртты алдай алмайсың. Сондықтан, «Сен кеткен соң артыңнан күліп қалар, Антұрғаннан Құдайым сақтасын деп», ондай қылығыңды ел күлкі қылады. Ал жақсы адамға өзінің қылығын мақтап керегі жоқ, себебі оның жақсылығы жарық тәрізді көрініп тұрады.

Ескендір өмірдің көптеген шырғалаңынан өтіп, ақыры өзіне ғибрат алып, дұрыс жолға  түсе білді. Абай Ескендірден үлгі алып, дұрыс жолға түсуге бүкіл адамзатты шақырғандай болады.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329