Әлемге үстемдік еткен қыпшақ тілі
Осыдан 7 ғасыр бұрын қыпшақтар нотамен ән салған
Осыдан 7 ғасыр бұрын қыпшақтар нотамен ән салған
Ірі ғалымдарға бағышталып айтылатын «Арамызда жүрген тірі энциклопедия» теңеуінің мәнін филология ғылымдарының докторы, бірегей ғылыми еңбектерімен әлем түркологтарын мойындатқан Александр Николаевич Гарковецті көргенде терең түсіндім. Александр Николайұлы қазір Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. «Қыпшақтардың мәдени мұрасын, фольклорын зерттей келе бұл халықтың соншалықты дарынды екендігін, рухани және мәдени құндылықтарының орасан зор екендігін терең түсіндім. Фольклоры қандай бай десеңізші!?», - дейді Александр Гарковец. Ол аттай 20 жыл бойы қыпшақтардың фольклорын алыс-жақын шетелдердің кітапханаларынан тірнектеп жинады, оларды аударды, ой елегінен өткізіп, ғылыми еңбектер жазды. Қандай еңбекорлық десеңізші... Мемлекет тарапынан қаржылай көмек алмастан барлығын өз күшімен атқарды. Ол 24 кітаптың және 150-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. Осыдан 500-700 жыл бұрын жазылған көне қыпшақ ескерткіштерін сөздіксіз оқып аудара беретіндігін көріп, таң қалдым. ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы қыпшақтардың жазба ескерткіштерін қандай ғалым қай жылы, қандай ғасырда зерттеді, не деп жазып кетті соның бәрін жатқа біледі. Көп ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолы саудамен қатар халықтардың өзара мәдени алмасуына зор ықпал етті. Ұлы Жібек жолының Енесейден Дунайға дейінгі бөлігі қыпшақтардың иелігінде болып, ол Дешті Қыпшақ деп аталды. Осы аралықтағы халықаралық қатынас тілі қыпшақ тілі еді. Александр Николаевич оған мынандай бір мысал келтіреді. ХІV ғасырдағы италияндық көпестің Қырымдағы Федосия қаласында ұлына арнап құрастырған сауда жөніндегі оқу құралында Ұлы Жібек жолымен керуенге ілеспес бұрын сақал өсіріп, шашты тақырлап ал, екі әйел, бір еркек малай жалдап, қыпшақ тілін үйрен деп өсиет қалдырыпты.
Александар Николаевичтің келесі еңбегі осыдан 700 жыл бұрын қыпшақ тілінде жазылған «Кодекс Куманикус» тарихи ескерткішімен тікелей байланысты. «Куманикус» сөзінің төркініне келсек, Еуропада қыпшақтарды куман деген. Италияндық әйгілі ақын Франческо Петрарка 164 беттік «Кодекс Куманикусты» Венеция қаласындағы Ұлттық кітапханаға сыйға тартқан. Петрарконың осындай игілікті ісінің арқасында бірегей қолжазба осы күнге жетіп отыр. Бір қызығы, атауына қарап көптеген зерттеушілер «Кодекс Куманикусты» қыпшақтардың заңы деп ойлаған екен. Ал оқи келе онда заңның бірде-бір бабы жоқ екенін көріп таң қалған. Сонда қолжазбада не жазылған дейсіз ғой, қыпшақ тілінде Аве Марияның 75 өлеңі және «Есіме түссе Исаның қасиетті қаны» деген өлең нотасымен берілген. Бұл қыпшақтардың сол дәуірде-ақ нотаны меңгергенін көрсетеді. Осыдан VІІ ғасыр бұрын біздің ата-бабаларымыз нотамен ән айтқан. «Кодекс Куманикусты» түрколог ғалымдар 1828 жылдан бері зерттеп келе жатқанына қарамастан оны ешкім қазақ, орыс тілдеріне, тіпті басқа түркі тілдеріне де аудармаған. Александр Гарковецтің айтуынша, «Кодекс Куманикус» бойынша 8 докторлық, 16 кандидаттық диссертация қорғалыпты, бірақ оның мәтіні орыс тіліне тек қазір ғана аударылып отыр. Басқа елде емес, Қазақстанда», - дейді түрколог ғалым. Сонымен бірге қолжазбада қазақ фольклорының бай қоры болып саналатын жұмбақтар жазылған. Атап айтсақ, «Ақ күйменің аузы иох», жауабы: «Жұмыртқа». «Сенде менде иох, Сеңгір тауда иох, Утлу ташта иох, Қыпшақта да иох», жауабы: «Құс сүті». «Ішер, жер, ініне кірер», ол- пышақ. «Көк лағым, көгенде семірер». Ол- лақ. Өздеріңіз көріп отырғандай олардың көпшілігі қазақ фольклорындағы жұмбақтарға өте ұқсайды. «Бұл жұмбақтардың үлкен жиынтығы, барлығы 60 жұмбақ. Оны францискандық монахтар Қырымда Кафа қаласында жазған. Бұл қазіргі заманға жазба күйінде жеткен әлемдегі алғашқы түркі жұмбақтары»,- дейді Александр Николаевич.
ХІ-ХVІІ ғасырларда үстемдік еткен қыпшақ тілін еуропалықтар да үйренуге мәжбүр болғандығы туралы ғалым мынадай қызық дерек келтіреді. Украинадағы қыпшақтардың ортасында және Алтын ордадан ары қарай Ватикан өкілдері мен саудагерлер жұмыс істеді, олар да қыпшақ тілін оқып-үйренген дейді.
Александр Гарковецтің ғылымға қосқан келесі бір сүбелі еңбегі Армян-Қыпшақ тарихи ескерткіштері. Ертедегі жаугершілік заманда монғол шапқыншылығынан қашқан қыпшақтар мен армяндар Қырымға және қазіргі Украина аумағына жер ауып барған. Олар Подолиядағы Каменц қаласында және Галициядағы Львов қаласында өмір сүріп, армян қарпімен жазылған қыпшақ тіліндегі тарихи ескерткіштерді қалдырып кеткен. Сол кездегі армяндар қыпшақ тілін өте жетік білген. Сол армяндарды қыпшақ тілін жоғары деңгейде меңгеруге «Жібек Жолынан» басқа не себеп болғаны белгісіз. Қыпшақ тіліндегі бұл тарихи және діни ескерткіштер күні бүгінге дейін тексерілмеген, зерттелмеген, бағаланбаған күйі жатыр. Бұл жазба ескерткіштер ХІІ-ХІІІ ғасырларға тиесілі. Александр Николаевичтің айтуынша, Украинаның Львов және Каменце-Подольск қалаларында, Польша мен Румынияның қалаларында 30 мың беттік Армян-қыпшақ ескерткіштері құрастырылған. «Төре бітігі». Бұл - төрелер мен Шыңғыс тұқымының кітабы емес. Бұл - заң кітабы. Сот процесі жүргізілген Азаматтық Кодекс.
«Төре бітігін» армян тілінде құрастырып, жазып шыққан Мхитар Гош. Ол діни заңдар және азаматтық заңдар деген екі бөлімнен тұрады. 1519 жылы армян-қыпшақтар «Төре бітігінің» азаматтық заңдар бөлігін қыпшақ тіліне аударды. «Төре бітігінің» жазылу тарихын түрколог ғалым былайша түсіндіреді. Бұл заңды армяндар Польша королі Сигизмундқа бекіттіру үшін алғашқыда оны латын тілінде жазып тапсырады. Алайда, аудармашыдан басқа ешкім латын тілін білмейді екен, сондықтан да оны қайтадан поляк және қыпшақ тіліне аударып, екінші қайтара табыс етеді. Тағы бір таң қаларлығы, Польша королі тікелей тапсырма бермесе де олар заңды қыпшақ тіліне аударған. Неге деген үлкен сауал туады. Енді осы сауалға жауап беріп көрелік, қыпшақ тілі сол дәуірде халықаралық қатынас тілі болғандықтан армяндар ақылдаса келе «Төре бітігін» бүкіл халыққа түсінікті тілге аудауды ұйғарған. «Төре бітігінің» бір-екі бабын мысалға келтірелік. Заңның 43-49 бабында жеміс ағашын кескен адамға мынадай жаза тағайындаған, сол ағашты кескен адам тура сондай жеміс ағашын егіп, ол жеміс бергенше ағаштың иесіне шығынын өтеп тұрады. Табиғатты қорғау мәселесі ерте заманда-ақ осылайша заңмен бекітілген. Ол заманда жылқы малына ерекше мән бергендіктен, заңда жылқыны сатқанда 3 куәгер болсын және де атты сатып алғаннан кейін бір жұма аралығында оның сырқат екені белгілі болса, ат сатқан адамға кері қайтарылады делінген. «Қазақстанда «Жер туралы» заңды қабылдаған кезде «Төре бітігінің» кейбір баптары басшылыққа алынды. «Төре бітігі» бүгінгі күні қазақ тілінің сөздік қорында жоқ құқықтық терминдерді сақтағандығымен құнды. Жоғалған құқықтық терминдерді «Төре бітігі» арқылы қалпына келтіруге болар еді», - дейді Александр Гарковец.
Қыпшақ тіліндегі көне жазбалардың бай қоры әртүрлі мемлекеттердің кітапханаларында сақталған. Атап айтсақ, Украинада, Ресейде, Арменияда, Италияда, Голландияда, Австрияда, Польшада, Румынияда және Францияда. Осы орайда Армения елшілігі әр түрлі кітапханаларда сақталған Армян-қыпшақ қолжазба мәтіндерінің микро-фильмдерін алуда маңызды роль атқарды. Эдуард Хуршудян 2000-2004 жылдары Арменияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі болып тұрған кезде Италиядан, яғни Венециядағы «қасиетті Лазарь» аралындағы армян котоликтерінің конгрегациясынан бірегей құжаттардың микро-фильмдерін зерттеу мақсатында алуға көмектесті. 20 шақты қолжазбалардың көшірмесі қолға түсті. Нәтижесінде Александр Николаевич пен Эдуард Шагенович екеуі бірлесіп, «Армян-қыпшақ псалтыры» деген ғылыми еңбекті жазып шықты.
Александар Николавич, сондай-ақ, Украинада тұратын қыпшақ тілді гректердің де тілін зерттеді. Қыпшақ тілді гректер өздерін урум деп атайды. Украинаның Донецк облысы Светлый Луч ауылында дүниеге келген Александр Гарковец урум балаларымен ойнап өскен екен. Қыпшақ тіліне деген қызығушылығымды осы урум балалары оятқан шығар деп ойлайды түрколог ғалым. Қыпшақ тілінің халықаралық қатынас тілі болғандығын осылайша ғылыми жүзінде дәлелдеген Александар Николаевичтің орасан зор еңбегін бағалап, көзіміздің қарашығындай сақтай білсек болғаны.
Сандуғаш Серікқали
«Қазақстан-Заман» газеті 05 мамыр 2009 жыл