Барайын десем бара алмай, жүрген жоқпын ба...
жанармай мәселесі туралы шағын сараптама
Қазақстандықтар үшін бензиннің бағасының тұрақты болуы аса маңызды – ағайын‑туыспен аралас‑құраласымыз көп әрі жеріміз үлкен. Әрі‑бері сапарлау үшін әрбір отбасы бензинге деп арнайы «бюджет» қарастырмаса, жолға шығудың өзі қиын боп қалады...
Иә, еліміз жеткілікті көлемде мұнай өндіреді. Соңғы кезде, оны шет елге шығарудың өзі өткір мәселе болып барады: Ресей‑Украина соғысында Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарын, мұнай терминалдарын атқылай бастады. Бұл Қазақстанның Новороссийск порты арқылы өтетін мұнайына қауіп төндіруде. Ал, сарапшылар Украина әуе шабуылынан осы уақытқа дейін Ресейдегі мұнай өңдеу 15 пайызға қысқарды деп дабыл қағуда. Ендеше, жақын арада барлық ресурсын соғысқа жұмсап жатқан Ресейде мұнай тапшылығы пайда болатыны анық. Қазірдің өзінде оның ірі қалаларында кезектер пайда болып, жанармай бағасы артып барады...
Осыдан хабар алған Ресей президенті В.Путин өз одақтастары Белоруссия мен Қазақстаннан қосымша жанармай сұрады. Әрқайсысынан кемінде 100 тонна беруді нығыздап «өтінді». Оны Қазақстан тарабы мақұлдап, қажет болғанда жанар‑жағармай береміз деген келісімге келді деп жазды КазТАГ (7 мамыр).
Осыған байланысты премьер‑министр орынбасары Роман Склярь «Ішкі нарықта жанармай тапшылығын болдырмаймыз» деп тапсырмалар берді. Бірақ, осы жылдың басынан бастап, жанармайды сыртқа заңсыз шығарудың 13 фактісі тіркеліп, бағасы 1,6 млрд теңге тұратын 6 мың тонна өнімді сырғытып жіберіпті... Яғни, «көлеңкелі экономика» қарап жатпай, көрші елдегі соғыстан өз пайдасын тауып қалудан кетәрі еместігін білдіруде.ҰҚК шегара қызметі директоры орынбасары Бауыржан Абсаматов «көлеңкелі жанармай ағынын тоқтатуға кірісіп жатырмыз» депті. Комитет жыл басынан бері 900 факті бойынша 130 мың литрды ұстапты... (алты мың литрі өтіп кеткен болса керек...).
Өткенде Белорусь президенті өзіне шамадан тыс көп салмақ түсерін болжаған болуы керек, Қазақстанның Атырау мұнай өңдеу зауытын Лукойлға беруі керек деп, аспанға айды бір‑ақ шығарды. (Ол өз заводтары туралы олай деген жоқ). Соған қарағанда, Белоруссия президенті Қазақстанда стратегиялық нысандарды бұрыннан бері «оңды‑солды сату тәжірибесі» мол екенін жақсы білетін болса керек... Бірақ, осы жолы Қазақстан оған бара қояр ма екен?
Себебі, Қазақстан 17 майдан бастап ішкі нарықта шет елдіктер үшін сатылатын бензин бағасына өзге тариф енгізуді жаспарлап отыр. Енді қазақстандықтар 100 литрге дейін өз құжаттарын көрсетіп бензин сатып ала алады. Ал, шетелдіктер оны басқа бағамен сатып алмақ. Олай болса, өзіне бензин жете жатқан Қазақстан өз зауытын Ресейге берсе – өзі бензин үшін Өзбекстан мен Қырғызстанға тәуелді болып қалуы да әбден мүмкін. Шетелдік азаматтар үшін өзге баға тағайындау елімізде сәуір айының соңында қабылданған. Олай болса, Қазақстан өз зауыттары Ресейге сатумен емес, қайта керісінше, олардың мүмкіндігін арттырып, қатарын кеңейтіп, жыл сайын ішкі нарыта өңделетін мұнай көлемін өсіруі қажет. Себебі, қазақстандықтар үшін бензиннің бағасы қолжетімді болғаны аса маңызды – жер шалғай!
Abai.kz