Заманның динозаврлары
«Біздің кездегі динозаврлар қандай еді! Шіркін!»
Алғы сөз
Менің ешкімді (өнегелі) тәрбиелейін деген ойым жоқ. Күнделікті өмірде өзімнің көріп, сезініп жүрген дүниелерді, сипаттап беруші адаммын. Бұл әңгімеде қоғамда байқаған кейбір мәселелерді сипаттадым. Қорытындысын шығару, не шығармау өзіңіздің қолыңызда.
Адамзат баласы жазған әдебиет тарихын қарап отырсақ, Аристотель біздің заманымыздан бұрын өмір сүріп, қозғаған тақырыптың бәрін қазіргінің жазушылары әлі қозғап келе жатыр. Демек, адамзат баласының тастан жасалған құралдары нанотехнология дәрежесіне шейін дамып, қоғамның, әрқайсымыздың жеке дамуымыз технологияның дамуынан артта қалған.
Қаншама ғасырлық даму тарихы бар адамзат қауымы әлі де бірін-бірі көре алмай, бір-біріне қастық жасап, қасындағы адамды аяғынан шалуда.
Менің ішкі ғалымдарымның айтуы бойынша, бұның негізгі себебі – ол отбасы мәселесі. Әкесі өмір бойы тәжірибе жинап, білімін толықтырғанымен, баласы таза парақ күйінде дүниеге келеді. Демек, адамзат қоғамы, қазақ қоғамы даму үшін, отбасы тату болуы керек. Өйткені тәжірибені, білімді атадан балаға жеткізу – басты қиындық. Әрбір педагог ата-ана болмауы мүмкін, бірақ әрбір ата-ана педагог болуы тиіс.
Әрбір баланың білім, адамгершілік жағынан мықты болуы – ол мектептің, қоғамның міндеті емес, әрбір әкенің, ананың міндеті. Мықты бала өзі әке немесе ана болған кезде, келесі ұрпақты одан бетер мықты қылып тәрбиелей алады.
Кім біледі? Бәлкім, қазақ қоғамы сондай жақсы дәрежеге жетіп, қалған әлем қоғамдарына мейірімділік, әділеттілік, адамгершілік негізінде дамыған қоғамның үлгісіне айналар. Ол біздің қолымызда.
Жазылған әңгіменің сізге ұнауына, әрі пайдалы болуына тілектеспін.
Әңгіме соңында көріскенше!
Төрехан Усембаев – автор
«Егер балаң Барт Симпсон сияқты болмасың десең, өзің Гомер Симпсон секілді болма»
- Мэтт Грейнинг – «Симпсондар» мультхикаясының авторы
Заманның динозаврлары
Аңызақ ыстық, жаздың қапырық күндерінде табиғат өзін сергіту үшін, толассыз, бірнеше күн тоқтамай жауатын жаңбыр сыйлайтын кезеңдер болады. 2020 жылдағы маусым айының 4 жұлдызы сондай күндердің аяғына түскен екен. Нөсер жаңбыр құйып тұрмаған болса да, жаңбыр әлі де сіркіреп тұр. Бірақ ертеңгісін бұлттар сейіліп, көшенің ойлы жерлерінде, айна секілді жылтырап жататын, кішкене шалшықтар ғана қалып, болған 3-4 күнгі жаңбырдың ізі де қалмайтындай.
24 жас шамасындағы Ермек есімді жігіт атасымен бірге тұратын 4 бөлмелі пәтер орналасқан подъездің алдына кешкісін келіп, үйіне кірместен бұрын, петрикор иісін өкпесіне толтыра алмай, терең демалып тұрды.
Тағдырдың бар екендігіне кей адам сенеді, ал кей адамдар сенбейді. Дегенмен де, кейбір кездері триллиондаған болуы мүмкін оқиғалардың ішінен дәл сол жағдайдың бола қалуы, ғаламшарлық сиқыршының құйтырқы жоспарындай. Сондай жоспардың бір бөлігі ретінде, Ермек подъезд есігінің алдында тұрған сәтте, сіркіреп тұрған жаңбыр тамшыларының ерікті құрбаны болып, такси көлігі тоқтады. Ол таксидің ішінен кез-келген адам шығуы мүмкін еді: біреуге келген қонақ немесе таныс емес мыңдаған көршілердің бірі. Бірақ таксидің артқы есігі ашылғанда, ішінен өзінің басын аспаннан түсіп жатқан кішкене бомбылар секілді жаңбыр тамшыларынан джинсыдан жасалған күртесімен қорғап, Эмир түсіп келе жатты. Арғы жақтағы есіктен басын қолындағы кішкентай сөмкесімен жауып, Асаля подъезд есігінің алдында болатын шатырдың астына қарай жүгіріп келіп:
– О! Ермек, салем, - деп, үстіндегі жаңбыр тамшыларын қағып, амандасты.
Эмир де, Асаля да ешқандай арабтар емес еді. Оларды біз қазақ атеистері десек те жарасады. Есімдерінің Эмир және Асаля болуларының себебі, екеуінің ата-анасы қазақ есімдерінің арабтандырылуының құрбаны болғандықтары. Ермек осы кісілердің құрдасы болса да, бұндай толқын Ермектің ата-анасын айнала кетіп, Ермекке Ермек деген есім бұйырыпты.
Асаля есік алдындағы кішкене шатырға жүгіріп келген болса, Эмир таксидің артынан үлкен-үлкен шамодандарды алып шығып жатты. Ермек тек қана атасымен тұрғандықтан, оған үнемі көмектесіп жүретін. Содан Ермекте біреу бірнәрсе істеп жатса, жедел барып көмектесу рефлексі, әдеті қалыптасқан. Басқа бір адам болса, біреу көмек сұраса да, бірден бармайтын. Ермек еш ойланбастан, есік алдындағы шатыршаның құрғақтық аралынан, жаңбыр мұхитына жүгіре сүңгіп, Эмир шығарып қойған шомандардарды бірге тасыса кетті. Барлық шамодандарды шатырша астына тасып бітіргеннен кейін, Ермек адамдарды подъезд есігіне кіргізіп, өзі кішкене тұра-тұрамын ба деген еді, бірақ Асаля:
– Ермек, а ты что здесь стоишь? – деп, Эмир подъезд есігін ашып жатқанда, сұрақ қойды.
– Жәй тұрғаным ғой. Жаңбырдың иісі тамаша екен. Соны демалып, - деген Ермектің жауабы естілді.
Арғы жағында Эмир не шамодандарды ұстарын білмей, не подъезд есігін ұстарын білмей, көзін алартып, не көмектеспейсің дегендей, Асаляға қарап тұрды. Оны көрген Ермектің, Эмирге көмектеспестен басқа амалы қалмады. Солай бойында күші тасып тұрған екі жас жігіт, бірге шамодандарды лифттен Эмир мен Асаля тұратын пәтердің есігінің алдына апарып қойып, қоштасайын деп тұрған сәтінде Эмир:
– Ермек, коп рахмет саган! Пойдем чай попьем, - деді.
Ермек біреудің үйінде қонақтатуды мүлдем ұнатпайтын. Бірақ Асаля жалынып қоймағандықтан, үшеуі Эмир мен Асаля мекен ететін пәтерге кірді. Пәтерге кірген бетте Эмир бар дауысымен:
– Ата! Вы дома? – деп пәтерде жаңғыртып айқайлады, - Биз келдик.
Түпкілеу бөлмеден аяғын ақсаңдатып, бір қолымен қымбат ағаштан жасалған таяғына сүйеніп, қарт кісі келе жатты. Немересі мен келінін көріп қуанған ата, ойша балаларын құшақтап, беттерін сүйіп жатса да, жасы тоқсаннан асқандықтан, денесі ол ойын сәл кешірек жүзеге асырды. Атасы Ермекті көріп:
– Ә, Ермек! Халің қалай, шырағым? Атаңның күш-қуаты қалай?
– Жақсы, ата. Өзіңіз қалайсыз? Денсаулығыңыз жақсы ма? – деп жауап қайтарды.
– Шүкір деп, өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Кіріңдер үйге. Шәй ішіңдер. Мен де сендермен кішкене отырып шәй ішейін. Үйде өзім жалғыз отырып, зерігіп кеттім. Келгендерің жақсы болды.
Эмир - 1990 жылдардағы болып жатқан ала сапыранды, елдегі хаосты орынды пайдаланып, рэкеттердің апанына түспей, кәсіппен айналыса кеткен жұбайылардың ең кіші баласы. Содан кейін жас жігіттің ата-анасы пайданы қуалап, мұнай кәсібімен айналысуға ниеттенді. Бірақ мұнай кәсібіндегі алпауыт күштердің қарқынына төтеп бере алмайтындықтарын түсінгендіктен, бар жиған-тергендерін әртүрлі шағын кәсіпте салып, қазір соның пайдасын көріп отырған, орташа байлар қатарынан.
Кеңес үкіметі кезеңінде бай адамдар болмаған, молшылық та болмаған: ешкім бай да емес, кедей де емес. Эмирдің ата-анасының алдында байлықтың не екендігін білетін буын болмағандықтар, ол кісілер сол уақыттағы ең алғашқы байлардың әдетімен үйлерін ортағасырлық патшалардың сарайындай әрлеген: алтын жалатылған ыдыстар, тұтқалар, Барокко стиліндегі жиһаз, түсқағаздар, көзге қатты ілінетін киіну үлгісі.
Ауқатты ата-ана соңғы кездері шет елге көп шығып, ол жақтағы капитализмді бірнеше ғасырлар бойы басынан өткеріп келе жатқан, шынайы байлардың қалай өмір сүретінін көріп, сәл де болсын, өздерінің қылықтарын, әдеттерін өзгерте бастағандай. Ол әрине пәтердің келбетіне де әсер етті. Пәтерлері 4 бөлмелі, өте жақсы өңделген, түсқағаздары артық өрнексіз бірақ сапалы, жиһаздары қымбат ағаштан жасалған, қабырғада суретшілер салған суреттері бар, электронды құралдардың бәрі соңғы нұсқадағы тамаша мекен. Жиһаздары ескі стильде болғанымен, үйлерінде робот шаңсорғыштары және тағы да басқа электронды құралдары әртүрлі қызметті атқарып, пәтерлері тарих пен болашақ ұштасатын орын секілді.
Асаля болатын болса, өте сұлу, әрдайым әтір сеуіп жүретін, өзінің ыңғайын(комфорт) өте қатты бағалайтын қыздардың бірі. Эмирмен осы оқиғадан үш-төрт жыл бұрын шет елде танысқан. Шет елге бір жігітпен барып, сосын сол жақта жігітімен ұрыссып, өзі жалғыз қалып қойған сәтте, Эмир шыға келіп, әңгімелері жарасып, содан бері жұптары жазылмаған.
Асаляның өмір баянына тереңірек үңілетін болсақ, ол – тек қана анасының тәрбиесімен өскен жас қыз. Әкесі, Асаля туылмай тұрып, отбасын тастап кеткен.
Бала кезінен бастап анасы бар жиған тергенін тек қана Асаляға жұмсап, қымбат заттарды ғана алып беріп өсірген. Жағдайлары мәз болмаса да, қарыз алып, Асаляға барын аямаған. Содан Асаля, өзі оған лайықты болмаса да, жағдайы жетпесе де, адамзат баласының барлық ең озық жетістіктерін пайдалануға дағдыланған.
Төрт адам болып, бәрі ас үйге өтті. Ермекті қонақ ретінде төрге шығарды, оның жанына қарт кісі отырды, атаға қарама-қарсы Эмир отырды. Асаля болса шәйдің қамын жасап жүріп, тоқтаусыз әңгімесін айтып жатты:
– На этот раз мы съездили в Турцию. По-моему мы там уже были около семи-восьми раз. На этот раз нам так там не понравилось. В гостинице в соседнем номере расместились какие-то ванючие люди. Попросили переселить нас. Номеров свободных не оказалось. Пришлось со всеми вещами в другую гостиницу переть. Лучше в следующий раз съездить на Бали. Скажи же, жан? - өзінің жұбайын «жан» деп атау осындай қыздардың әдеті, - Лучше бы мы куда-то в Европу съездили. Такая растроенная приехала. Еще погода плохая была. Ни покупаться, ни позагарать. Думала, поскорее бы этот ад закончился. А ты что не путешествуешь, Ермек? Съездил бы хотя бы в Дубай.
Ермек ішінен, мынаның менде несі бар деп:
– Жұмыс көп қой. Атаға қарайласу керек, - Асаля «қарайласу» деген сөзді түсінбегендіктен, - надо за дедушкой присматривать, - деп қысқа жауап берді.
– А почему ты дедушку с собой не возьмешь?
– Атада давление. Самолетте отыра алмайды. Поездбен Дубайға бару қиындау.
– Это все оправдания. Так жизнь пролетит. Жизнь у нас одна. Надо максимально наслаждаться. Второй раз ты не родишься. А то все ходят – работа, да работа. А что работа? Кто все время работает, у того нет возможности заработать нормальные деньги. Надо работать мозгами, и тогда сможешь жить в свое удовольствие. Скажи же, жан?
Эмир естімегендей отыра берді.
Ермек пен Асаля бір-бірін ешқашан түсіне алмаушы еді. Екеуі әртүрлі планетадан емес, әртүрлі ғаламшардан келгендей. Ермек атасымен ешқайда бармай-ақ, ешнәрсені алмай-ақ, пәтерлерінде өз бақыттары өздерінің ішінде болып, ешқандай артық затты керек етпей, өмір сүретін болса, Асаляға әрдайым бірнәрсе жетіспей тұрады.
– Қамыстыөзекті көрген адамға, Лондон деген, Париж деген немене! - деп, Ермек әзілмен жауап берді.
Қамыстыөзек деген – Ермектің атасы туып-өскен ауыл. Жылына бір-екі рет атасын алып барып тұрады. Бірақ соңғы кездері сол ауылдың қарт адамдары бірінен соң бірі қайтыс болып, ауылға жиі баратын болып кетті.
– Камысты там что? Это ауыл, да? Как я поняла?
– Иә, иә. Атамның ауылы ғой. Лондон, Париждеріңе барып не қыламын. Әдемі көшелерін көргеннен не пайда, оны бәрібір өзіңмен алып кете алмайсың. Адамдары – адам, инопланетян емес. Одан қайта олар бізге келсін, - деді Ермек.
Эмирдің атасы, алдында кірісе алмай отырған әңгіме барысына, өзіне таныс жердің атын естіп:
– Ееее, бұрындары сол Қамыстыөзекке барып тұратын едік, жарықтық. Өзені қандай! Балықтары қандай еді сол заманның! Мен Қамыстыөзекке көрші собхозда тұрғанмын жас кезімде. Бұрын бәрі жақсы еді ғой. Таза ауа, құрт, сүт, айран. Шешей, марқұмның, құрттарын жеп, жүгіріп жүруші едік, - деді.
Асаляның жауабы өзін ұзақ күттірмеді. Тіпті, атамыздың айтқан сөзін еш елемей:
– Почему ты так говоришь? Там цивилизация, - Ермек ішінен «Мынау маған неге атыла шапты? Мен бұның анасын балағаттағандай. Жәй ғана қазір шет елге шығуды жоспарлап жүрген жоқпын деген сияқты едім» деп, - Там все для людей сделано. Дороги хорошие. Мест очень много, где можно получить очень яркие впечатления. Какая там кухня разнообразная, у нас один только беш, запарилас уже кушать его. Мы же ради ярких моментов живем! Иначе для чего жить? А тут что? Везде мамбеты. Дороги, как будто метеориты падают сюда вечно. Один только негатив. Варуют, убивают, крадут. Это, что за колхоз, когда девушку крадут и замуж выдают? Мы в каком веке живем? Везде токсики, абьюзеры. Мы с Эмиром планируем переехать отсюда как можно скорее, потому что тут нормально жить не-воз-мож-но! Да, жан? – Эмир басын изеді, - Наверное юг Франции, Италии или Испании. Я хочу, где море, где солнце. Надо родителей убедить, чтобы мы поскорее переехали.
Эмирдің ата-анасы балаларын Түркияға жүберіп, өздері Тайландқа кеткен болатын. Ұшақтары кешігіп, бір күн сол жақта кідіріп қалған.
Ермек жауап бермегендіктен, бұл тақырып төңірегінде әңгіме әрі қарай өрбімей, енді жанып келе жатқан отқа су сепкен секілді, басылып қалды.
Эмир, Ермек және қарт кісі өздерінің әңгімелерін айта бастады. Асаля ас үйде әрі-бері жүріп, бірнәрселерін істеп жатты. Көп жағдайда адамдардың ортасында әңгіме қыза алмай тұрады. Қатысушы адамдар бірінен соң бірі әртүрлі сұрақтар қойып, ортаға әртүрлі тақырыптар тастап, жіпті инеге сабақтай алмай жатқандай, ортақ бір тақырып табылмайынша, әрекет етеді. Әртүрлі буындар өкілі болып табылатын, үш ер кісі енді-енді ортақ бір тақырып таба бастайын деп жатқан кезде, Асаля өзіне тән мәнермен:
– Туууу, ата, вы опять готовили эти макароны?! Мы же вам говорим, не готовьте так! Лучше сходите куда-то покушать. Мы вам деньги оставляем же! Не надо питаться как бомж, ата. Я это выбрасываю, - деп бір қазан ата пісірген макаронды, қоқыс жәшігіне қарай апарды.
– Өй, оны лақтырма, жүгермек, - он бес-жиырма жылға жасырақ болса, ата сәл басқа балағаттау сөздерін пайдаланатын еді. Бірақ жасы келіп, бойындағы күші кетіп, енді қазір жұмсақ сөйлеуге мәжбүр болып отырғандықтан, - обал болады. Алдыңда не тұрса да, шүкіршілік ету керек, - деп, шарасыз көздерімен қарап, келініне сөзін айтты.
– Ата, вы все время говорите «Шукиршилик, шукиршилик». Куда приведет это шукиршилик? Мы теперь должны жить как бомжи что-ли из-за вашего «шукиршилик»?
– Әй, жүгермек, аштықты көрмегенсің ғой. Тоқтықта өсіп, енді қазір тойғандарыңнан есіріп отырсыңдар.
Мен өзім отызыншы жылдары дүниеге келдім. Әкей мен шешей мені сәби кезімде аштықтан аман есен шығарды. Сосын әкейді репрессияға ұшырата жаздады. Енді репрессиядан аман қалдық па деген сәтте, әкені соғысқа алып кетті. Соғыста 43-ші жылы қайтыс болды. Содан біз шешеймен, бауырларымызбен жалғыз қалдық. Екі-үш күндеп тамақ жемей жүретін кездер болатын еді. Соғыстан аман есен шықтық па деген кезде, шешей сырқаттанып қалып, мен бармын, інілерім бар, бала кезден сабхозда жұмысқа шықтық. Не киім жоқ, не дұрыс тамақ жоқ. Солай өмір бақи сабхозда жұмыс істеп шықтым. Үйленіп, балалы болып. Құдайға шүкір, сендердің әкелеріңді қалаға оқуға жібердік. Әкең қалада оқып, қалада қалды. Қаншама қиыншылықты көрсек те, балаларымызды оқыттық, жетілдірдік, ел қатарлы қылдық. Әжелерің де ерте кетті.
Е, құдай, нені менен алып, нені маған бермедің! Алынбаған жалғыз жаным ғана қалды. Ол сәт те алыс емес. Аштықты да көрдік, тоқтықты да көрдік. Баршылықты да көрдік, жоқшылықты да көрдік. Айдай сұлу, жаны нәзік әжелеріңді сыйлады құдай, сосын орыны толмастай қылып, алып қойды. Жалғыз қалдым. Мына қу басымыздан жалғанда не өтпеді десеңші!
Сендердің буындарың бақытты ғой. Біз көргеннің бірін де көрмедіңдер. Енді қазір, тоқтықта отырып, жылы жерде айтып отырғанын қара мыналардың. Құдай сенен аламын десе, айтпай, бір мезетте бәрін алып қояды. Сол үшін шүкіршілік ету керек. Әйтпесе мына лақтырайын деп жатқан макаронға зар болып қаласың. Қазір шалқып жүргендерің ең әуелі құдайдың арқасы, содан кейін әке-шешелеріңнің арқасы, - деп, жанындағы бар айқайды жеткізе алмай айтты.
Ермек осы көрініске еріксіз көрермен болғандықтан, қайсыбір жаққа болыса алмады. Ішінен ойлағаны: «Мына менің құрдастарым не жеп, қай жерде болмаса да, көңілдері толмай отырады. Ата болса қиыншылықтарды басынан өткеріп, әрбір тамшы су, әрбір қиқым нанның қадірін қан мен тердің құнымен ұғынған адам. Мыналар әлемнің ең ғажап тамағын жесе де, беттері тыжырайып, бір ілік іздеп отырады. Атамыз бір ұрттам су және қайнатылған мокороннан мыналар сезіне алмайтын рахатты алуды үйренген. Үйренген деп айтуға келмес. Өмір өзі үйреткен десек дұрыс болар. Мыналарға өмір сабақ бермея қойсын. Оның үстіне, атаның айтатыны дұрыс. Бұлар мынандай тамаша пәтері бар отбасында емес, бір африкадағы шалғай ауылдың бірінде туылуы әбден мүмкін еді. Демек мына өмірге келеміз, сосын кетеміз. Қай жерде келетініміз, қай жерде, қашан кететініміз бір құдайға ғана мәлім. Келу мен кетудің ортасында шүкіршілік етуден басқа амал жоқ екен, өйткені бізде бар зат – ол біздікі емес екен. Өзіңнің жарың, балаң деп отырған адамдардың өзі саған тиесілі емес. Байлық, атақты айтпая қояйын. Керек десе, тек қана менікі деп жүрген жаныңнан айырылып қаласың. Оның үстіне, өмірде соншама не тындырып осындай жақсылыққа, молшылыққа лайық болып отырсың. Сенің бар істегенің - ол туылғаның. Жақсы, әдепті отбасында дүниеге келсең, жолың болғаны. Ал егер маскүнем адамдардың отбасында дүниеге келсең ше? Олар сені оқытып, қыдыртпақ түгіл, тамағыңды да бермейді. Неменесіне өзіңді басқа адамнан жоғары санайсың? Ол адам сондай отбасында туылуды таңдаған ба? Таңдауға мүмкіндігі болса да, ол адам маскүнемдер отбасында дүниеге келуді таңдар ма еді? Маңдайына жазылғаны сол болып тұр. Өзің жақсы жерде туылсаң, өзіңді жоғары сезінбей, басқаларға көмектескен дұрыс әрі әділетті емес пе?
Өзім-өзім дейсіңдер. Өзім дегеннің өзі – ғажап сәтті оқиғалардың жиыны. Мектепте саған жақсы әсер ететін ұстаз, сыныптастарыңның болуы. Мектептен кейін жақсы курстас балалардың болуы. Университет бітірген шағыңда, алдыңнан министірлікте не басқа жерде лауазымды көкеңнің, тәтеңнің шыға қалуы. Олар шықпаса да, сәтті біреумен кездесе қалып, өмірде орналасып кетуің. Осының бәрі ғажап сәттілік болмай немене? Жанған бағың үшін кімге қарыздарсың? Оны әр адам өзі шешер».
Осы ойдың бәрі қонақтың ішінен сыртқа шыққысы келіп жатқан дүлей өрт секілді, лаулап жатты. Ол өртті шығармай ұстап тұрған жалғыз күш – бала кездегі әжесінің Ермектің анасына айтқан ақылы еді.
Кешке отбасымен тамақ ішіп отырған кезде, Ермектің анасы бір құрбысының күйеуімен ұрыссып қалғанын айтқан болатын. Сол ұрысты тоқтату үшін, тәтеміз ортаға түскен, құрбысына кеңестер айтқан. Соны естіген қарт әже: «Ешқашан біреудің отбасылық шаруаларына араласпаңдар. Егер ол адамдар өздері сендерден кеңес сұраса ғана, бар ақылдарыңды айтыңдар. Ол кісілер бүгін ұрыссады, ертең татуласады, ал сендер жақсылық істеймін деп, екі ортада кінәлі болып қаласыңдар».
Асаля болса атасымен тартысты тоқтатпады:
– Ой, ата, перестаньте! Опять вы за свое. Кудай, Алла, что еще у вас? Не надо навязывать ваши взгляды нам! Я же не виновата, что вы родились в такое время. Если вы родились в такое время, все мы должны страдать что-ли? И вообще, почему я должна о ком-то еще думать?! Кто-то обо мне думает? Нет, конечно. Всего я достигла сама. Никакой кудай мне не помагал. Если есть кудай, как вы говорите, то почему по миру идут войны? Почему есть болезни? Почему люди умирают? Почему есть воры? Почему есть убийцы? Почему все время должно быть шукир? Вы видели, как люди живут заграницей. Они так живут, потому что у них нет вашего «шукир». От жизни надо брать все. Сколько раз можно повторять, ЖИВЕМ ОДИН РАЗ. Не надо, пожалуйста, на нас делать проекцию вашей парадигмы, - ашулы дауысымен шарп берді.
«Мықты болсаң, өзіңді жең» дейді. Асаля атасы айтқанының кейбірін түсініп, келісіп тұрса да, іштей өзінің бұрыннан қалыптасқан ұстанымын жеңе алмады. Алдында өзі айтқан сөздерге қарсы шыға алмады. Олай істесе, өз-өзіне опасыздық жасаған секілді болушы еді.
Бұған шейін Асаля мен атаның арасында елемеуге болатын пікір таластар болып тұратын. Оның көбіне себепші әртүрлі буынның көз-қарастарының келіспеушілігі еді. Алдыңғы буын өмірінде басын ойға да, қырға да соққан. Олар енді барынша тұрақтылықты қалайды. Барынша абай болғылары келеді. Осы сәтке шейін жиған-тергенін жоғалтып алғысы келмейді. Сол үшін, келер буынға өзінің ақыл кеңесін айтады. Келер буын оларды тыңдамайды, өйткені олардың ойлы-қырлы жолы әлі алда. Олардың басы әлі бір де бір рет соғылмаған. Сол себепті өзін тым сенімді ұстайды, көрегенділікті аз танытады.
Алдыңғы буынның уақыты өтеді. Келер буынның артынан тағы да бір буын пайда болады. Әрбір келер буын алдындағы буынның пікірін, ұстанымын жоққа шығарады. Солай әрбір буын өзінің алдындағы буынды, не артындағы буынды түсіне алмай өтеді. Осыған мойынсына алмайтындары бар өмірін алдындағы және артындағы буынмен күрес жүргізуге арнайды. Ешкім ешқашан жеңбейтін күрес.
Осы жолы Эмир үшін Асаля тым артық кетіп бара жатқандай көрініп:
– Асаля, все! Успокойся! – деп дауысын көтере бастады.
Эмирдің сөздерінен кейін Асаля одан бетер өзінің қарқынын арттырып:
– Эмир, ты почему повышаешь на меня голос?!
– Не надо так выражаться в сторону дедушки, - деп, Эмир ренжігендей, тура сондай дауыспен жауап берді.
Асаля үшін өте ауыр соққы болғаны, ішінен өз-өзін, өзінің ішкі жауларын жеңе алмай тұрғанда, кенеттен сырттан жаудың пайда бола қалғаны:
– Эмир, мне иногда кажется, что ты превращаешься в какого-то абюзера. В последнее время начал все чаще и чаще голос повышать на меня. Может ты еще начнешь меня контролировать? Бить? Правильно мне мама говорила, ты станешь таким же собственником, как и твой отец.
Ермек көзін жұмып жатқанда, әуеде Эмирдің қолы пайда болды. Ашып қалған сәтінде, шапалақтың дыбысы естіліп, Асаля бетін ұстап, оның бетіне біреудің қолы шынымен тигеніне сене алмай отырды. Бірер сәттен кейін:
– Все! Мама была права, - деп, жылаған Асаля, жатын бөмеге қарай жүгіріп кетті.
Кештің шырқы толықтай бұзылған сәт осындай болатын шығар. Қалған үшеуі үндемей отырды. Дәл сол бір сәтте әлем тоқтап қалып, осы бөлмедегі біреу қозғалып қалса, атом жарылысы болатындай.
Ғаламшар жойылып кетсе де, тәуекелге бел буып, атамыз ақырындап орнынан тұрып, өзінің бөлмесіне қарай кете бастады. Ермек ыңғайсыз жағдайларда бұрын соңды болып көрген, бірақ дәл осындай сәтте болып көрмепті. Эмирді не жұбатарын, не айыптарын білмей қалды. Өзін кінәлі сезінгендей де болды. Ішіне алып қайық келіп, зәкір тастағандай. Эмир еш ұялған да жоқ, болған жағдай үшін өзін ыңғайсыз сезінген де жоқ. Қонақ не ойлап қалады деп те ойламаған, өйткені Ермектің ойы ол үшін ешнәрсені өзгертпеуші еді. Эмирдің іші сол мезетте вакумға айналғандай болды да, қайтадан өмірге тола бастады:
– Я тебя провожу, Ермек. Давай на балконе подъезда постоим, я покурю, - деп, ақырын дауысымен айтты.
Ер жігіттер бір-бірін сөзсіз түсінді. Үндемей ғана аяқ киімдерін киіп, подъездің балконына шықты. Балконға шығып, Эмир ернімен темекіні қысып алып, шақпақты тұтатып қалған сәтте, алыста аспан сіріңкесін тұтатындырғандай, найзағай жарқ ете қалды.
– Знаешь, брат, я тебе посоветую, никогда не женись на девушке, которая разбирается в марках машин. Самое лучшее, когда для нее нет никакой разницы между Ролс Ройсом и Жигули.
За ней же ходили столько хороших парней, даже когда мы не были женаты. Одному она отказала, потому что у него не было машины, другого нос не понравился, у третьего квартира маленькая. Она в конечном итоге выбрала меня, и я выбрал ее. Значит, мы с ней одинаковые, раз уж смогли до этого момента вместе прожить. Извини, что так произошло. При родителях этот разговор не завели бы даже, - Эмир басына келген ойларды, дыбыстап, ретсіз айтып жатқанда, тартып жатқан темекінің жартысынан көбі күл болып әуеге ұшып та кетті, - Вот такие дела, брат. Главное, все есть, но всегда чего-то не хватает. Ходим в этой вечной погоне за неизвестным. Иногда хочется просто взять, вскрыть себе вены, чтобы все это закончилось.
– Қой, Әмір! Жаман айтпа. Өмірің әлі алда ғой сенің. Әлі талай қызық күтіп тұр. Қолыңда бар күш-қуат, байлықты басқалары үшін пайдамен жұмсасаң, өміріңде жаңа мән пайда болады, - деп Ермек, жұбаныш сөздерін шын жүрегімен айтты.
Ермекте ешкімге ешқандай қызғаныш сезімі болмаған. Атасының даналығын бойына жасынан ерте сіңірген болуы керек.
– Остальным помогать, говоришь? Например, кому? Всем не поможешь в этом мире. Полумер я не приемлю, - деп, Эмир күліп жіберді, - Каждый должен самого себя спасать. Так устроена человеческая природа. Поможешь один раз – всегда будут надеятся на твою помощь. Потом ходи с паразитами на спине.
– Ех, Әмір, Әмір! Ауру балаларға көмектес. Ол боздақтар, - «боздақ» деген сөзді естігенде, Эмирдің қабағы өзгеріп кеткенін көріп, орысша нұсқасын айтты, - эти создания, солай туылуды таңдамайды. Сен де осылай денің сау, молшылықта туылуды таңдаған жоқсың. Саған, құдай дейсің бе, тағдыр дейсің бе, кездейсоқтық дейсің бе, өзің білесің, біреу немесе бірнәрсе осыншама зор мәртебе, - Эмирдің қабағы қайтадан өзгеріп кеткендіктен, орысша нұсқасын айтуға тура келді, - привилегия берген екен. Сол мәртебені, саған берілген привилегия, дұрыс пайдалансаң, өзіңе де жақсы, басқаларға да пайда. Маған ондай мәртебе берілмепті. Ондай мәртебеге ие болу үшін, мен қара терге түсіп еңбектену керекпін, в поте лица должен буду трудиться.
Эмир қолындағы темекінің соңғы тартымдарын жасап:
– Брат, там уже звезды виднеются, походу, завтра дождя уже не будет. Ладно, брат, спасибо, что постоял. Пойду я домой. Перед Асалей и дедушкой извинюсь. Давай! Увидимся, - деп, Эмир бүрсеңдеп, балконның есігін ашып, жылдам пәтер жаққа қарай суылып кетті.
Ермек болса, жаңбырдың иісімен терең демалып тұра тұрды. Осы сәтті пайдала отырып, біздің әңгімеміздің кейіпкерінің өмірбаянын сәл ашып кетейік.
Ермектің әкесі мен ансы бір заводта қызмет еткен. Атасы ауыл мектебінде мұғалім болған. Ауыл құлдырай бастағанда, баласы оны қалаға көшіріп алған. Әжесі болса үйде отырған. Бірақ кітап оқып, кей кездері өзі өлең шумақтарын жазатын, әсіресе, біреудің тойына тілек айтуға барғанда. Тіпті, атаға оқушылардың үй жұмыс дәптерлерін тексеруге көмектесетін. Қазір Ермек пен атасы тұрып жатқан пәтер әкесіне завод тарапынан тегін берілген. Жалпы, оның әкесі жұмысқа өте тиянақты қарайтын адам болған. Берілген тапсырманы бір адым шетке баспай істейтін. Директордың орынбасары қызметіне әбден лайықты болушы еді.
Бірақ 1990 жылдардың аяусыз желі, елдегі барлық өндірісті қиратып, Ермектің әкесі де, анасы да жұмыссыз қалған. Әйел адамы көңілшек, эмоционалды, нәзік болып келгенімен, ер адамдармен салыстырғанда, өзгерістерге оңай бейімделіп, күйзеліс сәттерін жеңіл өткізеді.
Әкесі жұмысын жоғалтқанда, басар тауын білмей, ішімдікке әуес болып кеткен. Анасы болса, жаны шырылдап, үйдегі барын сатып, сәті түсіп жатқан жерлерде азын аулақ тиынын тауып, үйге бір қиқым нан болса да, әкеліп, отбасын қиын кезеңнен сүйреп алып шыққан. 2000 жылдарға таман, елдің жағдайы жақсарып, содан адамдардың да жағдайы ақырындап оңала бастады. Ермектің әкесі ішімдікті қойып, жұмыс тауып, жылдың бір-екі күні болса да, отбасы арқаны кеңінен жаятын сәттерге де жетті.
Бір күні, атаның ауылында той болатын болып, соған біз айтып отырған отбасы шақырылған. Бірақ тағдырдың жазғаны болуы керек, дәл той күні Ермек ауырып қалып, барлығы үйде қалайын деп жатқан. Бірақ қазақ халқында «Шақырмаған жерге барма, шақырылған жерден қалма» деген нақыл сөз бар, сол ұстанымға сәйкес, бәрі тойға кетіп, үйде Ермек пен атасы қалатын болды. Қалған отбасы мүшелері көлікпен ауылға аттанды. Бара жатқан кезде, көлік апатқа ұшырап, тек қана Ермектің әкесі тірі қалды. Бірақ, осы жолы қасында сүйікті жары болмай, жалғыз қалғандай сезініп, қайғыға батып, тағы да ішімдікке әуестеніп, бірнеше жылдаң соң ол да бауыр ауруынан қаза тапты. Солай мына қатыгез заманда, немересі пен атасы бір біріне түреу болатын жалғыз сүйенішке айналды. Жақын адамдарынан айырылған Ермек, атасының қадірін, достарының қадірін, туыстарының қадірін, адамзаттың қадірін ешкім сезінбегендей, сезіне алған. Содан оның атасына деген ықыласы бөлек. Атасы да сауатты адам болғандықтан, оны осы уақытқа шейін дұрыс насихаттап, түзу жолдан тайдырмаған.
***
Ермектің атасының, барлық қарт адамдар секілді, күн көкжиектен аспай, оянып алатын әдеті бар. Адамның ағзасы қартайған шағында, өмірінің соңы келе жатқанын сезіп, барынша ұйқыны азайтып, мына жалғанмен тамсануға берілген мүмкіндіктердің бәрін толықпай пайдаланғысы келетін секілді. Атасы оянғандықтан, сыбдырдан, сылдырдан Ермек те ерте оянып алатын болды. Терезенің шымылдығын ашып қараса, аспандағы бұлттар сейіліп, көкжиектен енді-енді күннің домалағы көрініп келе жатыр. Немересі мен атасы дәстүрді өзгертпей, таңғы шәйларын ішіп, соңғы оқыған кітаптарын талқылап, бұрыңғыны еске алып, жақындары тірі болғанда, қазір қалай болатыны жайында қиялдап, сәл уақыттан кейін далаға шығып, отыра тұруды жоспарлады. Қарт жаңбырлы күндері мүлдем далаға шықпаған еді.
Бір-екі сағаттан кейін, күн сәулелері даланы өзің әміріне алғанда, Ермек пен атасы есік алдындағы, талдың көлеңкесі қорған болып тұратын, орындықтарға отырды. Болған жаңбырдан кішкене шалшықтар ғана қалып, планетаны біреу полиэтилен қаптың ішіне салып, күннің астына қойып қойғандай, ауадағы ылғалдылық артып, кеудені басатын қапырық тұрды. Не десек те, үйдің ауасынан даланың ауасы жақсырақ сергітеді.
Ермек атасымен болашақты талқылап, кеңестер сұрап отырды. Ол өмірінде кездескен үлкен-кіші адамның бәрінен кеңес сұрайтын әдеті бар еді. Мектепті бітірсе де, басқалары тәжірибесі, кеңестері арқылы үйрете алатын өмір сабақтарын оқуды тоқтатпаған. Кейіпкеріміз жас болса да, бірнеше адамның өмірін сүріп тастағандай, қоржынында ақылы бар.
(Кей-кездері ересек адам қарбалас өмірдің ағынымен кетіп, өзінің бала болғанын ұмытады. Кішкене баламен бір сағат сөйлессең, өзіңді бала шағыңда еске алып, өміріңде мән қайтадан пайда болғандай, кейдеңе жаңа леп еніп, марқайып қаласың. Кішкентай бала ересек адамға нені үйретеді дейсің? – Адамға ең керегін – өмірді таза сүруді үйретеді).
Бірде әжесі Ермекке: «Мұнараң құламасын десең, шет жақтан келіп жатқан кеңестерге құлақ асып отыр. Тәкаппарлық танытпа! Тәкаппарлық сенің көзіңді тұман секілді тұмшалайды да, мына өмірде адасып қаласың. Адасқан адам бақытсыз келеді. Бақытсыз адам басқаларға қайғы, қасірет сыйлап, оларды да бақытсыз қылады. Мына өмірде өзің іштей бақытты болуға тырыс, балам. Бақытың ішіңде болсын, сырттан іздеме. Сонда арың да, көңілің де, ниетің де таза болып, өлер шағыңда өкінішсіз кетесің. Құдай сендей таза жанға адал жар кездестірсін», - деп өсиетімен бірге батасын берген болатын.
Қарт кісі Эмирдің атасын еске алып жатқан сәтінде, подъездің есігі ашылып, қолына кішкене сөмке ұстаған Асаля көрінді:
– Салеметсизбе, ата! Привет, Ермек! Сегодня хорошая погода. Да?
Артынан Эмир ауыр сөмкені көтеріп келе жатып, оны Ермек пен атасының жанына қойып, екі қолдап орындықта отырған атамен үндемей амандасты. Артынан, беттері күнге күйіп кеткен, Эмирдің әке шешесі түсіп келе жатып, олар да қарт кісіге сәлем берді. Ең соңында аяңдаған Эмирдің атасын көріп, орындықта отырған қарт, орнынан тұрып, екеуі төс қағысып, ұзақ бірінің қолын бірі ұстап амандасты.
Эмирдің анасы:
– Ата, Ермек, вы что здесь сидите? Пойдемте с нами на пикник. Мы в парк собираемся.
Бірнеше күн жауып тұрған жаңбырдың ізі жоғалғандай, Эмирдің отбасындағы болған кешегі дауыл да жоқ болып кетті. Бәрі мәз-мейрам, шат-шадыман. Ермек ішінен, тағы бір дауылдың куәгері болмайын деп, өзі барғысы келмей, атасынан жауап күтті. Атасы ешкімді ренжітпей, ақырын ғана бармайтындықтарын айтты. Эмир үйінен сөмке-сөмке заттар тасып жүргенде, екі қарт кісі орындыққа отырып, өткенді еске алып, әңгіме айтуға кірісті. Эмир заттарды тасып бітіріп, бәрі көлікке отырып жатқанда, анасы атаны шақырды. Эмирдің атасы болса, өзінің замандасымен әңгіме айтқысы келіп, бармайтындығын айтып, балаларына ақ жол тіледі. Солай Ермек және екі қарт кісі есік алдында отырып әңгімелерін жалғастырды. Пикник сүйгіш отбасы көлікке отырып, көшенің соңында бұрылып, көзден жоқ болып кетті. Осылай әңгімеміз де аяқталды.
2024 жылдың ортасы
*Автор білімнің күшіне сенгендіктен, қоғамдағы оң өзгерістерге үлес қосу үшін, арзан, қолжетімді бағамен онлайн курстар жасауда. www.tussem.kz сайтында шығатын курстарымды қараңыздар.
Abai.kz