Жұма, 22 Қараша 2024
Саңлақ 2240 8 пікір 16 Мамыр, 2024 сағат 18:38

І Чемпионат. 1960. Кеңес футболының алтын дәуiрi

Сурет: Яшин (архив)

Басы: Кешігіп туған керемет

Еуропа чемпионаттарының тарихы

1958 жылдың 6 маусымында Стокгольмнiң «Форест» мейманханасында әуелде «Еуропа ұлттарының кубогы» деп аталған турнирдiң жобасы бекiтiлдi. Турнир кубоктық немесе олимпиялық жүйе бойынша (яғни ұтылған команда жарыстан шыға бередi) өтедi және әр жұп екi матчтан (өз алаңында және сыртта) ойнайды деп шешiлдi. Тек жарыстың ақырғы сатысы (жартылай финалдар, 3-орын үшiн ойын және финал) бiр елде өтетiн болды. 1960 жылдың шiлдесiне белгiленген I Еуропа кубогының финалдық кезеңi Францияда немесе Испанияда (қайсысының жартылай финалға шығуына қарай, егер екеуi де шықса, басымдық Францияға берiледi) ұйымдастырылады деп ұйғарылған еді. Ал ақтық сынға екеуi де iлiкпей қалса, финалдық кезеңнiң қайда өтетiнiн Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) Атқару комитетi шешетiн болды. Алғашқы Еуропа кубогын ұйымдастыру туралы шешiм қабылданғанда, оны бейнетiнiң зейнетiн көре алмай кеткен идея авторының құрметiне «Анри Делонэ кубогы» деп атау ұйғарылды.

Тұңғыш гол Мәскеуде соғылды

Болашақ чемпионға ұсынылар кубокты жасау да тым ұзаққа созылды. Мүсiндердiң ешқайсысы көңiлден шығардай болмады. Ақыры әкесiнiң iсiн жалғастырған Пьер Делонэ өзiнiң отандасы, кезiнде Франция кубогын жасап берген Морис Шобийонға қолқа салды. Сан түрлi тапсырыстардан қолы тимей жатқан кәнiгi шебердiң жаңаша бiрдеңе ойластыруға мұршасы да болған жоқ. Сөйттi де, ол Афины мұражайында сақтаулы тұрған көне грек құмырасының бейнесiн 2657 грамм таза күмiстен көшiрiп құйып, оны шағын мәрмәр тақтаға тастай ғып бекiттi. Көзi қарақты көпшiлiктен «ұрлықшы» деген сөз естiп қалмас үшiн мүсiншi өз «туындысының» алдыңғы жағын доп теуiп жатқан бозбала бейнеленген барельефтiң репродукциясымен әшекейлеудi де ұмытпады.

Атағы алысқа кеткен iсмердiң даңқынан көздерi тұманданған УЕФА қайраткерлерi Шобийонның эклектикасын «керемет туынды» деп бағалады да, жарыстың басты жүлдесi ретiнде қабылдап жiбердi (содан берi құрлық кубогы үшiн таласатын еуропалық командаларды «Күмiс құмырадан үмiткерлер» деп те айта бередi). Оны сарапқа салуға Қарт құрлықтың 17 құрамасы белсенiп шықты. Өкiнiшке қарай, оның iшiнен сiз әлемдiк футболдың тәжiн екi рет киген Италияны да, дүниежүзiлiк доп додаларында үнемi көзге түсiп жүрген батыс немiстерiн де, соңғы әлем чемпионатының күмiс жүлдегерi Швецияны да, осы бiр ойын төресiн ойлап шығарған ағылшындарды да таба алмайсыз. Есесiне, Варшава шартына қатысушы социалистiк елдер турнирге түгел дерлiк қатысты. I Еуропа кубогының беташар ойынын өткiзу де солардың екеуiнiң еншiсiне бұйырды.

Бұл – 1958 жылдың 28 қыркүйегi едi. Мәскеудiң «Лужники» стадионында Кеңес Одағы құрамасы венгр футболшыларын қабылдап, 3:1 есебiмен жеңiске жеттi. Турнирдiң тұңғыш голын ойынның 4-минутында орыс шабуылшысы Анатолий Ильин соқты. Демек, Еуропа чемпионаттары тарихындағы алғашқы гол венгр Белла Баконың қақпасына ендi деген сөз. Ал матчқа австриялық төрешi Франц Грилль қазылық еттi. Стадионға 100 мыңнан астам адам жиналды. Яғни көрермендердiң көптiгi жөнiнен алғашқы ойын бiразға дейiн бiрiншi орында тұрды.

«Тұңғыш» анықтауышымен сипатталатын тарихи деректердi әрi қарай жалғастырсақ, Еуропа чемпионаттары тарихындағы алғашқы пенальтидiң 1959 жылдың 5 сәуiрiнде Дублинде өткен Ирландия – Чехословакия матчында белгiленгенiн атап өтуге болады. Ирланд қорғаушысы Ноэл Кантуэлл 11 метрлiк нүктеден мүлт кеткен жоқ. Әйтсе де, қарымта кездесуде чехословактар iрi есеппен жеңiске жетiп, келесi кезеңге жолдама алды. Бұл ойында да пенальти белгiленiп, оны... чех қақпашысы Имрих Стахо мүлтiксiз орындады. Бiр қызығы, Қарт құрлық бiрiншiлiктерiнде одан кейiн гол соққан қақпашы болған емес. Ал тұңғыш автогол 1958 жылдың 3 желтоқсанында Афинада тiркелдi: француз қорғаушысы Роже Марш күтпеген жерден өз қақпасына доп соғып алып, гректердiң есептi теңестiруiне ерiксiз «көмектестi» (1:1).

Франконың «автоголы»

Жалпы iрiктеу сындарында пәлендей оқыс оқиға бола қойған жоқ, мықтылардың бәрi қарсыластарының бiрiнен соң бiрiн алып жығумен болды. Тек ширек финалдағы КСРО – Испания текетiресi ғана мамандар мен жанкүйерлердiң назарын өзiне айрықша аударды. Өкiнiшке қарай, бұл жұпта алаңдағы ойын емес, саяси ойын жетекшi орынға шығып кеттi. Бiрiншi матч 1960 жылдың 29 мамырында Мәскеуде өтуге тиiс едi. Содан бiр апта бұрын кеңес футболшылары Польша құрамасымен жолдастық кездесу өткiзiп, оларды 7:1 есебiмен «жермен-жексен» еткен болатын. Бұл ойынды испандықтардың бас бапкерi Эленио Эррера өзi көзiмен көрген-дi. Оның қандай әсермен қайтқанын кiм бiлсiн, әйтеуiр 20 мамыр күнi испан үкiметi «Кеңес және испан футболшыларының халықаралық матчтарын өткiзудiң, сондай-ақ испан азаматтарының Мәскеуге, кеңес азаматтарының Мадридке баруының орындылығы» туралы мәселенi қарапты. Бұл жерде Испанияның диктатор басшысы Франконың Кеңес Одағына, жалпы коммунистерге үнемi қарсы саясат ұстанғанын, орыстардың да Франконы «фашист» деп атап, социалистiк жүйенiң «ата жауы» санағанын оқырманның есiне сала кеткенiмiз жөн болар.

Жаманат хабар жерде жата ма, «матчтың өтпеуi де мүмкiн» деген сөз от тиген қамыстың үпелегiндей лаулап, жан-жаққа тез тарады. Мәскеудiң «қалыптасқан ахуалға баға беру» туралы өтiнiшiне УЕФА: «Испан жағы матчқа қатыспайтыны хақында ешқандай ресми мәлiмет берген жоқ», – деп жауап қайтарумен болды. Испания футбол федерациясының президентi Альфонсо де ла Фуэнте өз елiнiң басшылығынан ойынға қатысуға рұқсат беруiн сұрап, жалынып-жалбарынса да, ФИФА мен УЕФА қаншама қыспаққа алса да, генерал Франко еш жiбiмедi. Кейбiр шетелдiк басылымдарда оның өз елiнiң құрамасына: «Жеңiспен оралуға кепiлдiк берсеңдер ғана орыс астанасына жiберемiн», – деп шарт қойғаны жөнiнде де жазылды. Соңына дейiн Мәскеуге ұшудан күдерiн үзбеген Эррера мен оның шәкiрттерi ақыры Мадрид әуежайында бiр күн жатып, керi қайтты. УЕФА болса, өзiнiң 31 мамырдағы басқосуында Испанияға техникалық жеңiлiс жариялады. Сөйтiп, КСРО құрамасы оп-оңай жартылай финалға шықты.

Жоғалып-табылған кепка

Әу баста келiсiлген ереже бойынша, турнир осы кезеңнен бастап, белгiлi бiр елде ұйымдастырылуға тиiс-тiн. Алдын ала жоспарланғанындай, Франция құрамасы үздiк төрттiкке енген соң, финалдық сынның ойындары сол елде өтетiн болды. Шыны керек, 1958 жылғы әлем бiрiншiлiгiнде әсем ойын көрсетiп, 3-орынға табан тiреген алаң иелерi бұл жолы алтын алмай тынбайтын сыңай танытқан болатын. Алайда олардың ойы жартылай финалда-ақ быт-шыт болды. Ойын бастала сала югославтар есеп ашты. Әбүйiр болғанда, Венсан тез арада таразы басын теңестiрiп үлгердi. Осы гол жiгерлендiрген француздар тайлы-таяғымен шабуылға шығып, қарсы қақпаның алдын аласапыран қылды. Матч бiтуге 15 минут қалғанда, олар 4:2 есебiмен ұтып жатқан едi. Мұндай нәтиженi ойын соңына дейiн кез келген мықты команда ұстап тұра алар едi. Өз қарқынына өздерi қызығып, алға ұмтылғанда, арт жаққа қарайлауды ұмытып кете беретiн қызба француздар өйте алмады. Бұлардың тылды тасқамалға айналдырып, айлакерлiкке көшкенi күнi кешегi 90-жылдары ғана ғой, ал ол кездегi ұраны «тек қана алға!» болатын. Осы ұран ақыры қателiкке ұрындырды: 75-78-минуттар аралығында, яғни айналдырған 180 секундтың iшiнде югославтар қатарынан үш доп соғып, жеңiске жеттi! Бұл жерде француз қақпашысы Жорж Ламияның да жиі қателескенін айту керек. Сондай-ақ жарақатына байланысты жарыстың ақтық сынына француздардың қос үздiк ойыншысы – Раймон Копа мен Жюст Фонтэн қатыса алмаған-ды.

Екiншi жартылай финалда КСРО футболшылары айқын басымдық танытты. Бас бапкер Гавриил Качалиннiң басында пiсiп-жетiлген ойды оның алаңдағы шәкiрттерi – Валентин Иванов пен Виктор Понедельник асқан ыждағаттылықпен iске асырды. Чехословактардың да гол соғуға талай мүмкiндiгi болды, бiрақ Лев Яшин еш қателескен жоқ. Орыс қақпашысының тамаша ойнағаны соншалық, матч бiте бере марсельдiк жанкүйерлер жасыл алаңға жүгiрiп шығып, кездесу қаһарманын көтерiп алып, аспанға атты.

Яшиннiң басына үнемi кепка киiп ойнайтыны жұрттың бәрiне мәлiм. Қызық болғанда, әлгiндей арпалыс кезiнде бiреу қақпашының бас киiмiн жымқырып кетiптi. Бәлкiм, баласына тәбәрiк қылайын деген болар. Ал алаңға жалаңбас шыққысы келмейтiн қақпашы ендi қайтпек? Бұлай болады деп ойламаған соң, кiм өзiмен бiрге екi кепка алып жүредi дейсiз? Яшин дереу стадиондағы француз полицейлерiнiң бiрiнен бас киiмiн тауып беруiн өтiнедi. Киiм ауыстыратын бөлмеде жыларман халде отырған қақпашы бiр кезде әбден мыж-мыж болған кепканы алып кiрiп келе жатқан полицейдi көрiп, қуанып кетедi!

Осы қуаныштың әсерi ме екен, әлде, расында да, әлгi кепка сәттiлiк шақыратын бойтұмар ма, әйтеуiр Лев Яшин финалдық кездесуде де керемет ойнайды. Әуелде Югославияның басым болғаны рас-ты. Балқандықтардың бiрiншi таймда бiр-ақ гол соғуы тiкелей орыс қақпашысының жанкештi еңбегiне байланысты болса керек. Үзiлiс кезiнде Качалиннiң: «Жiгiттер, жауын кезiнде доптың сусымалы келетiнiн ұмыттыңдар ма? Қақпаға қарай кез келген жерден соқсаңдаршы, титтей мүмкiндiк болса бiттi, алыстан болса да тебе берiңдер!» – деген кеңесiн Валентин Бубукин 49-минутта-ақ iске асырады. Қақпашы Благое Видинич оның соққысын дәл болжағанымен, сынаптай сусыған допты ұстай алмай, керi қайтарады. Иесiз қалған ала допқа түлкiге түскен бүркiттей тұра ұмтылған Слава Метревели оны бос қақпаға домалата салады.

Осы сәттен бастап ойынның тең дәрежеде өткенiн мынадай көрсеткiштерден аңғара аламыз: мәселен, югославтар қақпаға 34, орыстар 32 соққы бағыттаған; югославтар 9, орыстар 7 бұрыштама берген; Яшин ойынға 69 рет, ал Видинич 60 рет араласқан... Тек футболдың шешушi компонентiнде – гол соғуда ғана орыстар сәл басымдық байқатқан. Қосымша уақыттағы жеңiс голына жеткiзген ойын өрнегiне Бубукин, Юрий Войнов және Михаил Месхи қатысты, соңғысының әуелетiп тастаған добын орталық шабуылшы Понедельник баспен тура торға бағыттады – 2:1!

Мына қызықты қараңыз: 10 шiлде, жексенбi күнi Мәскеу уақытымен 22.00-де басталған матч сағат түнгi 12-ден асып кеткенде аяқталған, яғни жеңiс добы дүйсенбiде қақпаға енген. Бұл аз десеңiз, голдың авторының ата-тегi де сол күнге сәйкес (Понедельник). Осыдан соң, орыстардың «дүйсенбi – ауыр күн» дейтiндей жөнi бар ма?..

I ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫ

(1960 жыл, Франция)

Финалдық турнирде 4 матч өткiзiлiп, 15 доп соғылған. Мергендер: В.Иванов, Понедельник (екеуi де – КСРО), Галич, Еркович (екеуi де – Югославия), Этт (Франция) – 2 доптан.

Жартылай финал

КСРО – Чехословакия – 3:0, Франция – Югославия – 4:5

3-орын үшiн матч

Франция – Чехословакия – 0:2

ФИНАЛ

КСРО ЮГОСЛАВИЯ 2:1 (қосымша уақытта)

10 шiлде. Париж. «Парк де Пренс» стадионы. 17 966 көрермен. Төрешi Эллис (Англия).

КСРО: Яшин, Чохели, Масленкин, Крутиков, Войнов, Нетто, Метревели, В.Иванов, Понедельник, Бубукин, Месхи.

Югославия: Видинич, Дуркович, Юсуфи, Жанетич, Миладинович, Перушич, Матуш, Еркович, Галич, Шекуларац, Костич.

Голдар: Галич, 41 (0:1), Метревели, 49 (1:1), Понедельник, 112 (2:1).

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5257