Сейсенбі, 5 Қараша 2024
Саңлақ 2277 3 пікір 15 Мамыр, 2024 сағат 15:31

Кешігіп туған керемет

Коллаж: Abai.kz

Еуропа чемпионаттарының тарихы

Футболды ойлап тапқан құрлықтың өз жарысы өзгелерден көп кейін дүниеге келді.

Тура бір айдан соң – 14 маусымда Германияда футболдан кезекті Еуропа чемпионаты басталады. Осыған дейін Қарт құрлықтың он алты доп додасы өткізілген болатын. 1960 жылы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) құрамасы чемпион болса, 1964 жылы – Испания, 1968 жылы – Италия, 1972 жылы – Германия Федеративтік Республикасы (ГФР), 1976 жылы – Чехословакия (ол кезде екіге бөлінбеген, біртұтас ел еді), 1980 жылы – ГФР, 1984 жылы – Франция, 1988 жылы – Голландия, 1992 жылы – Дания, 1996 жылы – Германия, 2000 жылы – Франция, 2004 жылы – Грекия, 2008 және 2012 жылдары – Испания, 2016 жылы – Португалия, 2021 жылы (2020 жылы өтуге тиіс еді, бірақ бүкіл әлемді жайлаған ковид пандемиясының салдарынан бір жыл кейін ұйымдастырылды) – Италия алтыннан алқа тақты.

«Abai.kz» порталы алдағы бір ай ішінде осыған дейінгі 16 Еуропа чемпионатына шолу жасап шықпақ. Бүгін жалпы осы доп додасының пайда болу тарихын таразылаймыз.

Футболдың отаны – Ұлыбритания, оның ішінде Англия екенін бұл күнде екінің бірі біледі. Ағылшынның «foot» (аяқ) және «ball» (доп) деген екі сөзінің бірігуінен туған атауының өзі басты сипатынан хабар беретін бұл ойын ресми түрде 1863 жылы пайда болды деп саналады. Ал 1887 жылы бірнеше команданы біріктірген ағылшын футбол лигасы құрылды. Арада екі жыл өткенде тұңғыш рет ұлттық құрамалар (Англия мен Шотландия) өзара жолдастық кездесу өткізді. ХХ ғасырдың басына қарай футбол ойыны Еуропаның өзге өңірлеріне, сондай-ақ Ұлыбританияның Азиядағы, Африкадағы, Австралиядағы, Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы отарларына да тарап үлгерді.

1904 жылы Еуропаның жеті мемлекеті – Франция, Бельгия, Голландия, Дания, Швеция, Швейцария және Испания Халықаралық футбол федерациясын (ФИФА) құрды. Әр құрлықта да өз футбол ұйымдары дүниеге келе бастады. Олар құрылып қана қоймай, сол аймақтың төл жарыстарын ұйымдастыруға кірісті. Ұлттық құрамалар арасындағы Оңтүстік Америка чемпионаты (Copa Amerіca) тұңғыш рет 1916 жылы өтті. Солтүстік және Орталық Американың, Кариб теңізі маңындағы аралдардың құрамалары өз үздіктерін анықтауды 1941 жылы бастап кетсе, Азия кубогы 1956, ал Африка ұлттарының кубогы 1957 жылдан бері өткізіліп келеді.

«Бүгінде миллиондаған жанкүйердің сүйікті ойынына айналған спорт түрін дүниеге әкелген құрлықтың өкілдері өз чемпионатын ұйымдастыруға осылардың ең соңы болып кірісті» дегенге бүгін сенесіз бе? Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, расы сол. Әрине, бұл «сонша уақыт бойы еуропалықтар доп теппей, қарап отырды» деген сөз емес. «Балқан елдерінің кубогы», «Солтүстік кубогы», «Ұлыбритания біріншілігі» тәрізді өлкелік жарыстар аз болған жоқ, бірақ құрлық командаларының бәрін біріктіретін тұтас турнир Еуропада зор қиындықпен дүниеге әрең келді. Себебі, ФИФА-ның сол кездегі президенті француз Жюль Римэ: «Үздік командалардың көпшілігі топтасқан құрлық өзінің жеке жарысын өткізуге кіріссе, онда әлем чемпионатына бәсекелес болып, оның беделін түсіреді», – деп есептеді де, ұлттық құрамалар арасында Еуропа чемпионатын өткізу туралы отандасы Анри Делонэнің сонау 1927 жылы жасаған жобасына үзілді-кесілді қарсы болды.

Бірнеше жылға созылған Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, футбол құрылымдарының жұмысы қайта жандана бастады. Міне, осы кезеңде Италия футбол федерациясы жетекшілерінің бірі, баяғы соғыс жылдары әлем чемпионатының алтын кубогын фашистерден шоланда жатқан ескі етігінің ішіне тығып сақтап қалған Отторино Барасси барынша белсенділік танытты. Ол 1950 жылы Бразилиядағы дүниежүзілік доп додасы қарсаңында өткен ФИФА-ның кезекті конгресінде: «Қаласаңыздар да, қаламасаңыздар да, Еуропаның өз чемпионын анықтар сәті әлі туады», – деп мәлімдеді. 1951 жылдың соңында ол тіпті өз жобасын жұртшылыққа жария етті – Еуропа чемпионаттары олимпиялық жүйе бойынша өтеді, яғни жеңілгендер бірден жарыстан шығып қалып отырады. Жұптар жеребе арқылы анықталады, әуелгі кезеңдерде олар екі ойыннан өткізеді (өз алаңында және сыртта). Жалғыз ойыннан ғана тұратын жартылай финалдар мен финал бір елдің аумағында өткізіледі... Алайда 1952 жылы ФИФА бұл жобаны қарауды белгісіз уақытқа кейінге қалдырды.

Ашық айқаста ешқашан жеңіске жетпейтінін түсінген Делонэ, Барасси және бұлардың пікірлесі – бельгиялық Жозе Край енді астыртын дайындық жұмыстарын жүргізе бастады. 1954 жылдың 27 мамырында Цюрихте бас қосқан үшеуі әрекеттері мен ұсыныстарының өтімді болуы үшін жақтастардың санын арттыру керек деп шешті. Көп ұзамай үштік жетілікке айналды: бұлардың қатарына жобаның болашағы барын аңдаған мамандар – шотландық Георг Грехэм, венгр Густав Шебеш, австриялық Йозеф Гере және даниялық Эббе Шварц қосылды.

«Үлкен жетілік» 1954 жылдың 15 маусымында Швейцарияда қайта тоқайласты. Кездесер жер де, уақыт та бекер таңдалмаған еді: 16 маусымда аталмыш елде кезекті дүниежүзілік доп додасы басталатын-ды, ал араға бес күн салып, Берндегі ФИФА конгресінде әлем футболын артық-кемі жоқ тура 33 жыл билеген Жюль Римэ қызметімен қош айтысты. Еуропа біріншілігін ұйымдастыруға қарсы күрескен тұлға тұғырынан тайған соң, Анри Делонэ мен оның серіктерінің жолы ашылып, тынысы кеңіді. «Үлкен жетілік» бұл мүмкіндікті жедел пайдаланып, сол күні-ақ, яғни 21 маусымда Еуропа футбол қауымдастықтары одағының – УЕФА-ның құрылғанын жария етті, ал ертеңіне өз арасынан ұйымның алғашқы президентін сайлады (Э.Шварц).

Өкінішке қарай, 1955 жылдың қарашасында өз бастамасының баянды болғанын көре алмаған күйі Делонэ қайтыс болды. Оның ісін баласы Пьер жалғастырды. Көп ұзамай 1956 жылдың маусымында құрлық біріншілігін өткізуді қолдаушылар Лиссабондағы Конгресте болашақ турнир регламентінің жобасын барлық федерацияларға жіберіп, қатысуға тіркеу басталғанын мәлімдеді. Бірақ өтініштерді қабылдаудың соңғы күні – 1958 жылдың 15 ақпанында ұйымдастыру комитетіне тек 14-ақ арыз келіп түсті. УЕФА-ға сол кезде 31 ел мүше еді, яғни оның тең жартысынан астамы қатысуға келіскенде ғана жарысты бастауға болатын-ды. Амал жоқ, өтініш қабылдау уақытын аталған жылдың жазына дейін созуға тура келді. Шамасы, бұл мерзімді ұйым басшылары өте тиімді пайдаланып, біраз федерацияны үгіттеп үлгерсе керек, жаз шыға чемпионатқа «қатысқысы келетін» тағы үш ел қосылды.

Сөйтіп, алғашқы Еуропа чемпионатына 31 құраманың тек 17-сі ғана қатысатын болды. 1958 жылдың 6 маусымында, VІ әлемдік доп додасының ашылуына екі күн қалғанда, Стокгольмнің «Форест» қонақүйінде әуелде «Еуропа ұлттарының кубогы» деп аталған турнирдің жобасы бекітілді. Әу бастағы Отторино Барассидің жобасы негізінен сақталды деуге болады. Турнир кубоктық немесе олимпиялық жүйе бойынша (яғни ұтылған команда жарыстан шыға береді) өтеді және әр жұп екі матчтан (өз алаңында және сыртта) ойнайды деп шешілді. Тек жарыстың ақырғы сатысы (жартылай финалдар, 3-орын үшін ойын және финал) бір елде өтетін болды. 1960 жылдың шілдесіне белгіленген І Еуропа кубогының финалдық кезеңі Францияда немесе Испанияда (қайсысының жартылай финалға шығуына қарай, егер екеуі де шықса, басымдық Францияға беріледі) ұйымдастырылады деп ұйғарылды. Ал ақтық сынға екеуі де ілікпей қалса, финалдық кезеңнің қайда өтетінін УЕФА-ның Атқару комитеті шешетін болды...

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1057
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 1650
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 1613