Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7389 0 пікір 11 Желтоқсан, 2013 сағат 04:26

Жолтай Жұмат. Талант туралы кермексөз

(әдеби эссе)

 

Келтеғұмыр

 

Тағдырдың ұзақ-қысқалығы (яки жұмыр басты пенденің аз-көп өмір сүруі) сіз бен біздің қолымызда емес, оны білсе, бір Алла ғана білуі керек. Басқаға беймәлім,  шын құпия, нағыз белгісіз әлем-осы тағдыр.

Кім болса да, мейлі ол қарапайым пенде, мейлі ол ғажайып жан, мейлі ол білімді де білікті адам, әйтеуір өмірі кездейсоқ қысқа қайырылса, оған аһ ұрып, бас шайқап, өкініш білдірмейтін кісі кемде-кем екені ашық ақиқат. Ерте үзілген тағдырға аяныш айту, шын өкініш білдіру-біз үшін ежелгі әдет.

Әсіресе, Жаратушы ерекше қабілет сыйлаған талант тағдыры... тым келте қайырылса оған өкіну былай тұрсын, кей-кейде жаның шырқырап, жүрегің езілетіні тағы бар.

Мына сіз бен біз өмір сүріп жатқан қызығы мен шыжығы аралас фәниден келтеғұмыр кешкен қаншама талантты ұрпақ ерте аттанып кете барды екен десейші!

Осындайда еске түседі.

Әттең, бар-жоғы 27 жыл өмір сүрген адуынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров ең болмағанда тағы да он-он бес жыл тірлік кешсе, енді қандай ғажайып дүниелер жазып қалдырар еді дейсің!

        - Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып, күн болам!

Қараңғылықтың көгіне

(әдеби эссе)

 

Келтеғұмыр

 

Тағдырдың ұзақ-қысқалығы (яки жұмыр басты пенденің аз-көп өмір сүруі) сіз бен біздің қолымызда емес, оны білсе, бір Алла ғана білуі керек. Басқаға беймәлім,  шын құпия, нағыз белгісіз әлем-осы тағдыр.

Кім болса да, мейлі ол қарапайым пенде, мейлі ол ғажайып жан, мейлі ол білімді де білікті адам, әйтеуір өмірі кездейсоқ қысқа қайырылса, оған аһ ұрып, бас шайқап, өкініш білдірмейтін кісі кемде-кем екені ашық ақиқат. Ерте үзілген тағдырға аяныш айту, шын өкініш білдіру-біз үшін ежелгі әдет.

Әсіресе, Жаратушы ерекше қабілет сыйлаған талант тағдыры... тым келте қайырылса оған өкіну былай тұрсын, кей-кейде жаның шырқырап, жүрегің езілетіні тағы бар.

Мына сіз бен біз өмір сүріп жатқан қызығы мен шыжығы аралас фәниден келтеғұмыр кешкен қаншама талантты ұрпақ ерте аттанып кете барды екен десейші!

Осындайда еске түседі.

Әттең, бар-жоғы 27 жыл өмір сүрген адуынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров ең болмағанда тағы да он-он бес жыл тірлік кешсе, енді қандай ғажайып дүниелер жазып қалдырар еді дейсің!

        - Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып, күн болам!

Қараңғылықтың көгіне

Күн болмағанда, кім болам?!-деп омырауын ашып тастап, ақ жүрегімен жырлапты-ау жап-жас жігіт!

Ақынның келте өмірі, жасын тағдыры өз кезінде де, одан кейінгі кезде де қалам ұстаған көптеген әдебиетші-ғалымдарды толғандырмай қоймапты. Бірі өкіне, екіншісі аһ ұра, ал үшіншісі-таң қала ой тербепті қыршын жас тағдыры жайлы жазбаларында!

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі-Жүсіпбек Аймауытов ақын туралы былай деп ой толғапты: «Сұлтанмахмұт жас ақындардың ішіндегі бір күшті ақын еді. Өнер-білім сәулесін аңсап, құлаш ұрып, кедейлік, жоқшылық зарын шегіп, жауыз тұрмыспен жанталасып, алысып, жеңе алмай, мерт болды. Тірі жүрсе, өзі айтқандай, қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болғандай, от-жалындай зулаған болат қайрат, құрыш жігердің, кекті жүректің ақыны еді.»

Осы баға-өте зор баға! Нағыз әділ айтылған аса маңызды пікір!

С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы туралы қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары Б.Кенжебаев, Д.Әбілев, Р.Бердібай,т.б. кеңінен толғап, бірнеше көркем дүние, мақала, эсселер жазды.

Әсіресе, бұлардың арасында Д.Әбілевтың «Ақын арманы» деген роман-трилогиясының орны ерекше. Мұнда қаламгер талантты ақынның көркем бейнесін салмақты сомдаған, кеңінен толғап, құлашын жаза суреттеген. Бұл романның көркемдік көкжиегін, қанша талпынсақ та, әсем тілмен әсірелеп айтып жеткізу аз, оны жата-жастанып оқу керек. Көз тоқтата, көңілге тоқу керек.

Ғалым-әдебиетші Р.Бердібай: «Сұлтанмахмұт-қазақ әдебиетінің Абайдан кейінгі ең биік асқары. Ол қазақ өмірінің шындығын жырлаған нағыз ұлттық ақынымыз еді» деп жазыпты. Міне, нағыз талантты шын ардақ тұту деген осылай болады.

Дәл осы ойды талантты қаламгер Ә.Кекілбаев өз мақаласында жалғастыра келіп: «Өңшең қиынға салып, қияға ұмтылған өжет өлеңдер» деп бағалапты Сұлтанмахмұт жырларын. Ал, қазақ прозасының 70-жылдары жарқырап көрінген арынды өкілі О.Бөкейдің ең алғашқы көркем шығармасы-«Сарыарқаның жаңбыры» әңгімесі де осы Сұлтанмахмұт өмірінің бір кезеңіне арналғаны тағы да есте.

Бір сөзінде марқұм Оралхан ағам айтып еді:

- Мен көркем әдебиетке келмес бұрын, ең алдымен сол Сұлтанмахмұт ақынның әруағына бас иіп, батасын алған адаммын. Содан соң ғана қаламым жүрдек тартты, ойым ұшқырлана түсті...

Рас, Сұлтанмахмұт өзінің қамшының сабындай қысқа ғұмырында жалқаулықты білмеді, өнімді еңбек ете білді. Талантын тежеп қалған жоқ. «Адасқан өмір», «Кедей» секілді поэмалар жазды. Көптеген өте сәтті өлең-толғауларды дүниеге әкелді. Алайда... бары-жоғы 27 жаста кісі өз мүмкіндігін толық көрсете ала ма? Әй, қайдам... Демек, оның айтқанынан гөрі айта алмаған сырлары өз ішінде молынан кетті. Елге жетпей қалды. Халқымен қауышқан жоқ.

Ең өкініштісі-осы!

Ақынның өзі жазып кеткендей:

  • Мен өлік, мен суық тән, менде жан жоқ,

Жүрегімде өмір жоқ, ыстық қан жоқ.

Үміт жоқ, жек көру жоқ, махаббат жоқ,

        Сезім жоқ, кірпігімді қозғар хал жоқ!-деп тағдырының тым қысқа боларын да алдын-ала сезген сияқты.

        Осыдан бірер жыл бұрын іссапармен Павлодар қаласына барып қайтқан едім. Мен тоқтаған қонақүйдің дәл жанында үлкен аллея бар екен, соны бойлап қыдырыстап келе жатып еңселі ескерткіштің алдына тоқтадым. Ол кім дейсіз бе? Ол-Сұлтанмахмұт! Жап-жас жігіт ел-жұртына еркелегендей боп «мен бүгін де тірімін, мен сіздермен мәңгі біргемін ғой» деп асқақ қарап, әлдебір сыр айтып тұрғандай. Өмірден ерте кеткен қыршын жастың тастұғырының алдында оның тағдырын еске алып, өлмес өлеңдерін ойлап, ұзақ-қ тұрып қалғаным бар-ды.

         Қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасымен мәңгіге қалып қойған қаламгер-Саттар Ерубаев. Оның өзге көркем дүниелерін былай қойғанда, «Менің құрдастарым» атты асқақ пафосты, кең тынысты, сезіміңді селт еткізер ғажайып романы өз кезінде қаншама қалам ұстаған талантты жастарға ерекше ықпал еткені тағы да рас.

«Менің құрдастарым»-жастық туралы жыр. Жас өмірдің қуаты мен қайраты, жігері мен жалыны туралы толғаныс. Мұндағы кейіпкерлер де үнемі асығып, әлденеге ұмтылып, тек қана үлгеруге тырысып жататыны байқалады.

Сонда ойлайсың, С.Ерубаев та өзінің бар ғұмыры отызға да жете алмасын сезді ме екен,а?

Әттең, сол Саттар тағы да оншақты жыл өмір сүргенде мына парасаты мол жұрты сүйсіне, тамсана оқитын қаншама көркем дүниелерді өмірге әкелер ме еді!

Көне қала-Түркістанда Саттар Ерубаев атындағы көше бар. Қаланың қақ ортасында ескерткіш-белгісі де орнатылған. Саттар мұраларын жинастырып, шағын музей де ашқан болатын-ды.

Осының бәрі де оңды шаруа, талантты жазушыны ұмыттырмайтын ізгі істер атқара алдық деп айтуға Түркістан халқының толық хақы бар.

Жалынды жас қаламгердің жарқ ете қалған тағдырына арнап қаншама ақындар арынды жыр арнады, төгіле өлең жазды. Сөйтсе де, ерте қиылған жас ғұмыр әрдайым көңіліңе кермек ой ұялатып, әлдебір ауыр сезімге жетелейді де тұрады.

Қазақтың от-дауылдай ақыны-Төлеген Айбергенов бар-жоғы отыз жыл ғұмыр кешті. Тағдырының отызыншы жылында фәниден бақиға озды. Бірақ өзінің соңына қаншама асқақ жырлар қалдырып үлгеріпті.

Төлеген лирикасы тұтас сағыныштан тұрады. Оның жырларынан сағыныш пен сағынудың балауса исі аңқып тұрады.

- Сағынбай барсаң, таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап,

        Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап!...-деп жазуы да содан.

        Бұл-сағынышқа деген іңкәрлік! Сағыну деген бір құпия әлемнің құдіретіне ақын көңілімен табыну!

Үлкен қаламгер Ғ.Мүсірепов былай деп жазыпты: «Амал бар ма, біз, қазақ әдебиеті, екі-үш дарыннан ерте айрылдық. Олар-Абдолла, Баубек, Төлеген...»

Дәл осы ойды ақиық ақын Ә.Тәжібаев былай деп жалғастырады: «...Біз поэзиямыздың тағы бір алтын тұтқасын аштық. Аштық та, Төлеген дүниесін көрдік.»

Ә.Кекілбаев: «...Төлеген, сөз жоқ, талант! Дара талант, сара талант! Т.Айбергенов творчествосы-өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры...»-деп жазыпты.

Төлеген-даусыз талант. Оны біз мойындағымыз келмесе де, тарих мойындатты. Төлеген өмірден өткен соң да жарқын жырлары әлі күнге ауыздан-ауызға ауысып, мәңгі жасап келе жатыр.

  • Ақын болып өмір кешу оңай деймісің, қарағым,

Аузыңда болу бұл өзі сыздаған барлық жараның... - деп өзі жырлағандай, шын ақын болу, әрине, тек  таланттың ісі. Алла-тағала берген хас талант қана өлең өлкесінде ойқастай алады.

Ал, Төлеген поэзия әлемінде өзін еркін сезінген, өз үйіндей еркелеген һәм өлеңді көл-көсір сезіммен жаза алған шын ақын.

Т.Айбергенов жазған «Маңқыстау саздары» деп аталатын бір топ жыр топтамасы оның биік өресін бірден-ақ байқата алды.

Өлеңдерінің тағы бір парасы-көне Түркістанға арналады, қасиетті мекеннің қадір-қасиетін одан бетер асқақтата түседі.

        «Әттең» деп өкініш білдіреміз-ау, алайда бұл ақын да өмірді ерте аяқтады, өте ерте бақиға аттанып кете барды. Сосын да кеудесіндегі күмбірлеген асыл жырлар түп-түгел өз еліне жете алмады. Халқының шын мейірін қандырған жоқ.

Төлеген ақынның рухтас інісі, ақын Мұхтар Шаханов былай деп жазды:

-...Ұлтына тым жақын-алыс айқындайтын ел ғана.

Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала!

Бірақ шағын он өлеңмен он миллион қазақты,

Толғандырған, таңғалдырған Махамбет пен сен ғана!...-деп ақын бейнесін барынша асқақтатты.

Фәниді ерте тастап кетіп, бақиға озған боздақ жастың бірі-жазушы Ақан Нұрманов еді. Өзі алғашқы әңгімелерімен-ақ жарқ етіп көрініп, қатарластарынан оқ бойы алда келе жатқан-ды. Отыздың ар жақ, бер жағында кенеттен көз жұмды. Бастаған кесек туындысы-«Құланның ажалы» деген романы толық аяқталмай қалды.

Қазақтың белгілі жазушысы Қалихан Ысқақов бір сөзінде:

        - Біз қатар оқып едік, сол соңғы нүктесі қойылмай қалған романын алақанға салып аялап, кітап етіп шығаруға барынша күш салдық,-деп сыр айтқаны бар.

        Ақан Нұрманов өте қабілетті жазушы болатынын сол кезде-ақ байқата алғанын Қызылордалық қаламгер, бірге оқыған досы Қомшабай аға Сүйенішевтің аузынан да талай рет естігенбіз. Ол кісі Ақан-қаламгер жайлы тебіренбей сөйлемеуші еді, сағына еске алып отыратын.

        Айтатыны жоқ, «Құланның ажалы» өте сәтті жазылған, көркемдік деңгейі жоғары, бір деммен оқылатын кесек дүние. Осы роман өз кезінде қаншама прозашылардың жастанып оқыған кітабы болды десеңізші!

        Амал қанша, кең тыныспен жаза алар талантты жазушы да ерте өмірмен қоштасты, сөйтіп асыл армандар орта жолда кілт үзілді.

Абдолла Жұмағалиев, Баубек Бұлқышев тәрізді өлең сөздің, көркем сөздің сардарлары да қысқа ғана өмір кешті. Бергенінен берері көп-ақ еді. Бірақ, Алланың ісіне дауа бар ма!

Тек бұл ғана емес, айталық, бүгінгі күні ауыздан-ауызға алынып жүрген ақиық ақындар мен жазушылар Қ.Аманжолов, М.Мақатаев, Ж.Қыдыров, О. Бөкей, М.Қабанбаев, Ж.Әбдірашев, Т.Рақымов, К.Мырзабеков, Ж.Жақыпбаев, Д.Стамбеков, С.Мұқтарұлы, т.б. да қырықтан сәл-ақ асты. Не болмаса елуге жетер-жетпесте үзілді. Тағдыр талантты жандарға келгенде өте сараңдық байқатты.

Өкінішті-ақ!

Кеудеңді кермек сезім әрдайым мазалай береді.

Осынау келтеғұмыр кешкен ақын-жазушыларды (бәлкім, бірқатарының есімін атамаған болармын) қайтадан еске алып, осылай сөз қозғауымыздың себебі біреу-ақ: өмірден өткен соң, көп ауызға алынбай, кейбірінің аты тіпті естен шығып бара жатқанына өкініш білдіре отырып, тірілерге ой сала кету; оларды әрдайым сөз етіп, шығармаларына оқтын-оқтын оралып отыру, сірә, енді басқаға емес, бізге керек болар; көркем дүние ұлт қазынасы екені рас болса, сол асыл қазынаға ие болып отырған бүгінгі ұрпаққа тым салғырт болу жараса ма?!

Ойланғанымыз жөн-ау!

 

Уақытзая

 

Бір жолы жазушы Оралхан Бөкей сөз арасында маған:

        - Таланты кемшіндеу қаламгерлер дереу жылы орын іздеп, лауазымды қызметке ерекше құмар болып алады. Сөйтіп, бойына жарасса да, жараспаса да- шенеуніктің оқалы шекпенін киюге барынша өте асығады,-деп еді. Сөздің бір ұшы өзіме де тиіп кетіп жатқан соң:

        - Мемқызметке шығармашылық қабілеті мол кісілер барып жатса, несі айып екен, одан ұтыламыз ба!-дедім.

        - Жоқ!-деді Орағам. – Қаламгерлік талант тек талантты шығарма жазу үшін...

Ол кезде жастау едік, бұл сөзге аса мән бермегенмін. Ал, қазір ойласам...

Қазақтың көрнекті көркемсөз шеберлері-Б.Кенжебаев, С.Қирабаев, З.Қабдолов, Ә.Сығай, т.б. бір кездері жауапты қызметінде қызметінде болып, алайда көп тұрақтамай, шығармашылық жұмысқа ауысып кетті. Таңнан кешке дейін қағазбасты болып отырғанды ауырсынып, қызметке құлқы төмендеп кетті ме? Әсте жоқ. Керісінше, олар өз орны-таза шығармашылық екенін дер кезінде ұғынды-ау деймін. Қазақтың үлкен қаламгері Әбіш Кекілбаев  та мемқызметте ұзақ отырды. Әртүрлі деңгейдегі лауазымдарда да болды. Оны өзіміз де көрдік. Қандай басшы болды, не істей алды, не бітірді- ол тарих таразылар өз алдына бөлек әңгіме. Ал, енді талантты жазушы үшін... уақыттың зая кетуі  дегеніміз-шығармаға өзін-өзі толық арнай алмаған жылдары!

Әдебиетіміздің көзі тірі хас шебері-Ә.Нұрпейісов кезекті бір сөзінде «Әбіш әсіресе көркем әдебиетке көбірек керек еді, ал оның кешегі атқарып келген қызметін кез-келген білімі бар, тәртібі түзу кісі алып жүре алатыны жасырын ба!» деген-ді.

Өз кезінде «Дала балладалары» деген хикаяттар топтамасын, «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» іспетті өте ғажайып романдар жазған Әбекең соңғы жиырма жылда сүйекті дүние жаза алмады. Неге? Таланты түгесілді ме? Жоқ! Жазғысы келмеді ме? Әй, қайдам. Бәрі де, біздің ойымызша, уақыттың тапшылығына келіп тіреледі.

Тіпті бір сөз арасында (қызметтегі кезі) Әбіш ағам айтып еді:

- Осы «Үркер» мен «Елең-алаң» романдарының жалғасы бар еді, соған қол босатып, кеңірек отыратын кезді күтумен келемін.

        Ұлт әдебиеті алдында қолымызда кеудемізге қойып тұрып, әділін айтар болсақ, Ә.Кекілбаев жазған «Аңыздың ақыры» романы-классика! Осы шығарманы кез-келген әлемдік шедеврлермен тайталастыра сөз етуге әбден-ақ болады. Әрине, ол үшін білімді де білікті сыншы керек. Әлемнің көркемсөз маржандарын молынан оқып, кеңінен таныса алған өрелі жас қажет.

        Мұндай жағдай тек Әбіш ағамның ғана басындағы хал емес, айталық, қазақ прозасының елеулі өкілі Төлен Әбдіков те соны бастан кешірді. Нағыз жаза алатын шағында мемқызметте жүрді. Тіпті өзі бастаған кесек дүниесі-«Өліара» романының (бастапқы жоспары үш кітап болатын) бірінші томын ғана жазып үлгерді. Одан бері де, міне, отыз жыл уақыт өтіп барады.

        Таланты кемшін болса өкініш емес, ал «Ақиқат», «Оң қол», «Тозақ оттары жымыңдайды», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт», «Әке»,т.б. секілді ғажайып әңгіме-хикаяттар тудырған жазушыға қызметтік қолбайлау, әрине, еш пайда берген жоқ.

Рас, әлемдік әдебиетте жауапты мемлекеттік қызметтер атқара жүріп, көркем дүние жазумен жүйелі түрде айналысқан қаламгерлер аз болмаған. Алайда, солардың бәрі бірдей шедевр туғызды десек, ол өтірік. Бірақ, өздерінің саналы ғұмырының көп жылдарын (әсіресе тәуелсіздік жылдарында) еліміздегі мемлекеттік құрылымды нығайтуға барынша арнай жүріп, роман-повесть жазған екі ағам-Ә.Кекілбаев пен Т.Әбдіков өздері о баста қалап алған көркемсөз әлеміне барынша адал болуға тырысты. Адал болып та келеді.

        Тағы бір ағамыз-өте талантты аудармашы Кеңес Юсупов та көп уақытын мемқызметке арнады. Өзі бір кезде Габриэл  Гарсия Меркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын қазақшаға шебер аудара білгенін атап айтуға тиіспіз. Енді осы бағытта бел шеше еңбек ете бергенде, кім біледі, қаншама әлем классиктері ана тілімізде шеберлікпен сөйлеген болар еді.

       Тек ол ғана емес, К.Юсупов қаламы төселген, жазуы жатық, өте шебер прозашы бола алатынын да дәлелдей бастаған-ды. Оған «Қарашадағы көктем» деп аталатын повесі толық куә! Жазушының осы шығармасы өз кезінде республикалық әдеби бәйгеде жүлде алғанын да көзіқарақты оқырман ұмыта қоймаған болар.

       Прозаның талантты өкілі Алдан  Смайыл халық қалаулысы болғанға дейін шығармашылықта өнімді еңбек етті. «Тамұқтан келген адам» деген тұңғыш романы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Ал, одан өзге «Тайга», «Арқаның бетпақ деген даласы бар», т.б. секілді қаншама хикаят-әңгімелері бар. Міне, қызметке қалай араласты, оның да қаламы кібіртіктеді. Соңғы он-он бес жылда кесек көркем дүние (мақала, ойтолғамдарын айтпағанда) жазды-ау деуге аузың бармайды. Өйткені, көзіміз көрмей отыр.

        Сөз ретінде айта кетейік, «Тамұқтан келген адам» - өте талантты роман. Айтары бар астарлы шығарма. Тілі шұрайлы, идеясы терең, қуаты мол көркем туынды.

        Қызметтің бабын қалай табам деп күндіз-түні бас қатыра жүріп, бойындағы құдай берген талантты тұмшалаған қаламгерлер мен аудармашылар қатарына Ә.Асқаровты, Қ.Әбілді, Т.Тұяқбайды, С.Досжанованы, К.Әлпейісованы т.б. атауға болатындай. Әртүрлі деңгейде біраздан бері қызмет атқарып жүрген өзімнен кейінгі ізбасар інілер-Ә.Алпысбай, Б.Омаров, Қ.Бораш, Н.Қалқа, Б.Қабош,т.б. А.Сейтақ, көңілдегі теңіздей толқыған көркем ойды тұзақтап тастамаса екен деп те іштей тілеп жүретінім бар. Алла берген талантты амалсыз күрмеп ұстап, өзге іспен айналысып жүргендер ммеелкеттік органдарда да баршылық-ақ.

        Бір кездері республикалық басылымдарда өте жатық жырларымен оқырмандарын тәнті еткен ақын Өтеген Оралбаев аппарат жұмысына ауысып, көп уақыт жазбай қойды. Сәті түскен күні оған «өлеңдеріңіз өте шынайы болып келетін еді, неге жазбайсыз?» деп сұрағанымызда «мені де іздейтіндер бар екен ғой» деп жас балаша қуанғаны бар. Жалпы, Өтеген-туабітті ақын. Оның жырлары өте сыршыл, өте нәзік. Оқығанда жүрегіңе жылылық құяды.

         Ақынның өзі де тазалыққа құштар көңілін жырларында мөлдіретіп көрсете алды.

        - Арды сүйдім. Сүйем арды бәрібір,

Жарды сүйдім. Жар  дегенім-арымдай.

Ал бойымда тазалықтың қаны жүр,

Қасқалдақтың қанындай!...-деп, ағынан жарыла жырлайды Өтеген ақын.

        Оның өлеңдерінде шынайылық пен өмірге деген іңкәрлік бірден көзге ұрып тұр.

        Тағы бір өлеңінде:

        - Олжа көрсе орға түсіп құлаған,

        Отаныңды пысқырмайды бұл Адам.

        Сырты бұлаң, іші тұман көбейді,

        Көлеңкенің өзінен құн сұраған!-деп қазіргі пасық, екіжүзді, сатқын адамдарды өлең-найзаның  ұшына алады.

        Өтеген өлеңдері осындай өткір, осындай терең, осындай астарлы болып келетін-ді. Бірақ  аяқ астынан қалам ұстауды ұмытып, жырды өгейсітті. Біз бұнысын мүлде құп көрмеп едік.

        Жақын жылдарда талантты ақын қайта түледі. Кітап артынан кітап шығарды. Бұрынғы шын ақын бейнесіне қайтадан оралған Өтегенді көріп қатты қуандық.

        Осы жерде тағы бір талантты бауырым туралы айтудың сәті түсіп тұр. Өйткені, мен оны сонау балаң жастық кезден білемін.

        Студенттік кезде өзіммен қатарласа шыққан екі талантты ақын болушы еді. Оның бірі-Ш.Әбдікәрімов те, ал екіншісі-М.Қайыңбаев.

        Талантты ақын Мәди Қайыңбаев та қазір мемқызметте. Өзі бұрын да көп жазбаушы еді, енді біраз уақыттан бері мүлде көрінбей барады. Өлеңді ұмыта бастағандай.

         Кезінде ақын ағасы Қ.Әлімқұлов (бұл ағамыз да ұзақ жыл мемқызметте) екеуі «Сүзге сұлу» деген драмалық дастан жазып, Мәдениет министрлігі жариялаған бәйгеде жүлделі екінші орынды жеңіп алған-ды. Осы поэтикалық шығарма театр сахнасына әбден-ақ сұранып тұр.

М.Қайыңбаевтың жас кезінен-ақ өлең өлкесінде жарқырап көрінгені рас.

        Әлі есімде, өткен ғасырдың 70-жылдары қазіргі Әл-Фараби атындағы университеттің журналистика факультетінде оқып жүргенде, М.Сералин атындағы әдеби бірлестік құрдық. Оның басы-қасында жүрген қазір марқұм болып кеткен досым, сыншы Ж.Әбілұлы екеуміз едік. Бұл М.Әуезов атындағы әдеби бірлестікке (оны С.Садырбаев ағамыз басқаратын) алтернативті болса екен деп ойдағанбыз. Сол бірлестік мүшелерінің ұйымдастыруымен университеттің акт залында кезекті әдеби кеш өтті. Кеште Мәди ақын бір өлең оқыды. Енді-енді көрініп жүрген кезі ғой. Өлеңнің  аяғы:

- Жаным-ау, менің, сен айтшы осы сапарым,

        Ертектегідей бақытпен аяқтала ма?-деп бітетін-ді. Соны тыңдап отырған бір топ қонақтар арасынан ақын Қ.Жұмағалиев өзінің қуаныш сезімін жасыра алмай, шаттана қол шапалақтап жібергені бар еді. Сол сәтті көзіміз көрді. Іштей өзіміз де осы сәтті жырға қуанып тұрған едік.

Осы ақынның:

             - Өмірді мынау аңғарып терең,

             Ішіп-жеп көзбен таңқалып келем!

        Тіршілік әйтеуір тоқтап қалмасын деп,

        Қозғалып келем, қозғалып келем!-деп басталатын әдемі жыры да болушы еді. Сол өлеңін ең алғаш маған оқып беріп,  пікір сұрағаны да есімде.

       Таяуда бір әңгіме үстінде маған М.Қайыңбаев былай деп сыр ашты:

       - Мен поэзияны қойып кетті дейсің бе! Жоқ, әлі де жазып келемін. Тек еш жерге жариялауға бермейтінім болмаса...-деп, аз-кем тоқтады да, сосын: - Қазір атақты Қожа Ахмет Иассауи туралы тарихи поэма жазудамын,-деді.

        Өз кезінде талантты ағаларымыз З.Серікқалиев те, Б.Бодаубай да, М.Айымбетов те қызмет құрсауында қалып,, шығармашылығын амалсыз ақсатты. Талай-талай ұлтқа аса қажет көркем дүниелер жарыққа шықпай қалды.

        Бұдан кім ұтты? Кім ұтылды? Сіз айтыңызшы, қане?...

        Біз бұл жерде таланты тас жаратын, Жаратқан ие берген қабілеті мол кісілердің мемқызметке келуі мүлде дұрыс емес, жаңылыс қадам деген ойды айтқымыз жоқ. Кім біледі, ұлт үшін ондай ойлы ағалар мен іні-қарындастар барлық істе керек те болар.

       Мемлекеттік қызметтің де өз кілті, өз қиыншылығы, өз жауапкершілігі бар. Оны кез-келген кісі өз деңгейінде алып жүріп, атқарып кете алмасы тағы да рас. Әсіресе, еліміз өз тәуелсіздігін алып, еркін дем ала бастаған тұста ұлттың ең қабілетті азаматтары бір жұдырық болып, жұмыла жұмыс істесе, ол зор мәртебе емес пе!

       Біздің бұл мақалада ой сала айтпағымыз-Алла берген талантты барынша ұтымды пайдаланып, ұлтына аса қажет ұлағаты мол көркем дүниелер жазып қалдырса деген ізгі ниет еді. Тіпті жоғарыда аты аталған қазақтың саусақпен санарлық өте талантты ұл-қыздарының көркем дүниелерін талдап, баға беріп, оң-солын айқындауды да мақсат еткен жоқпыз, біздікі-бүгінгі замандасқа ой салу болатын-ды.

       Осындайда еске түседі, өз заманында ел алдына шығып сөйлеген бір сөзінде түріктің адал перзенті Мұстафа Кемал Ататүрік былай депті: «Біз бәріміз де парламент депутаты бола аламыз, министр бола аламыз, тіпті республика президенті де бола аламыз.      Бірақ, өнер адамы бола алмаймыз. Сондықтан өнер адамы біздің (биліктегілердің)  емес, біз өнер адамының қолынан сүюге тиіспіз...»

       Бұдан шығатын түйін-өнерлі, ойлы, талантты азаматтар ұлт үшін ұлы байлық, рухани байлық. Жаратушы жомарттық жасап, сондай ғажайып талант сыйлаған екен, ендеше оған неге өзіміз қанат бітірмейміз?

       Осы ретте айтпасқа болмайтын тағы бір кермек сөз бар. Қазіргі кезде жап-жақсы таланты бар кейбір әріптестер өз талантын өздері тұсап, рухты жырлар жазу орнына, той-томалаққа арналған һәм жеке кісілердің мерейтойына шашу етіп арзанқол дүниелер жаза салуды (лауазымды кісілердің алдына түсіп алып, томпаңдап жүгіретінін былай қойғанда) ар санамайтын болып бара жатқандай. Бұл-өнерге жасалған қиянат, тіпті қаттырақ айтар болсақ, өнерді қорлау, мазақ ету! Бұған тосқауыл қою ешкімнің де емес, өзіміздің қолымызда. Демек, тау суындай өте мөлдір, саф таза көркем әдебиетті ылайламау да-ардың ісі!

       Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында өнерге, руханиятқа да баса назар аударып, ана тілін қадірлеп, ұлттың әдет-ғұрпы мен дәстүріне аса ыждағаттылықпен қарауды баса айтпады ма!

       Ендеше, әрбір қазақ азаматы өзінің бойындағы қадір-қасиетін мейлінше бағалап, оны ел болашағына бағыттаса-бұл өте асыл іс болмақ.

       Әсіресе, ел мен жерді сүю парыз! Ұлтты ұлықтау парыз. Жекелеген кісілерге өкпелей отырып, бүкіл елді мансұқтау- барынша қате іс.

       Кез-келген қазақтың ұлтына деген іңкәр сезімі мен таза ниеті ғана елімізді асқақ биікке бастай алады. Әлемдік өркениетке алып шыға алмақшы!

       Осыны ұмытпайық!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415