Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2413 26 пікір 20 Мамыр, 2024 сағат 12:54

Узурпация және Президенттің тарихи орны

Коллаж: Abai.kz

ҚАЗАҚСТАННЫҢ УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН МЕМЛЕКЕТ ЕКЕНІН ТҰРАҚТАНДЫРУ – БІР ЖАҒЫНАН ҚАЗІРГІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТАРИХИ ОРНЫН АЙҚЫНДАУ ҮШІН ДЕ КЕРЕК

Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының
Төрағасы М.С. Әшімбаевқа!

Құрметті Мәулен Сағатханұлы!

Бүгін (16 мамыр) маған Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінен ҚАДЫРБЕК МҰРАТ БОЛАТҰЛЫ телефон соғып, Сіздің атыңызға жіберген хатыммен, «ҚАЗАҚСТАН – УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН МЕМЛЕКЕТ» атты көлемді мақаламмен, оған қоса тіркелген екі хатпен Сіздің танысқаныңызды, ары қарай ол мақала мен хаттарды аталған комитеттің Төрағасына жібергеніңізді хабарлады.    

Шыны керек, қатты қуандым.

Иә, бұл нағыз Сіз оқитын мақала және Сіздер ойланатын мәселе!

Жұма күні сенатор Мұрат ҚАДЫРБЕК інімізбен кездесіп, «ҚАЗАҚСТАН – УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН МЕМЛЕКЕТ» атты мақаланың төңірегінде пікірлестік.

Кеше (15 мамыр) аталған мақалам мен хаттарымның Премьер-Министріміз Олжас Бектенов мырзаға жеткені туралы да, «Құрметті Мұқибек Ауыт! Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты Сіздің көтеріп отырған Узурпация мәселесі бойынша ағымдағы жылдың 11 мамырдағы №ЖТ-2024-03991543 сұрауыңызды қарастырып, Премьер-Министр О.А. Бектеновтың хатшылығына жеткізілгенін хабарлайды…» деген, жауап хат келген болатын.

Президенттің Өзіне жіберген хатым мен мақаламның Айбек Дәдебаев мырзаның атына тіркелгенін «Е-ӨТІНІШТЕН» көріп отырмын...

Құрметті Мәулен Сағатханұлы!

Өмірбаяныңызға қарап отырсам, Қазақстанды толығымен УЗУРПАЦИЯҒА алу үшін Кәрім Мәсімов пен Тимур Құлыбаевтың ықпалымен «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заң қабылданған кезде, Сіз бесінші және алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы екенсіз.

Демек, Қазақстанды УЗУРПАЦИЯЛАУҒА тікелей қатысты Заңды қабылдаған ырықты және ырықсыз күйдегі топтың жуан ортасында Сіз де болыпсыз!

Құрметті Мәулен Сағатханұлы!

Қазақстан Республикасының Конституциясының 48-бабына сай, қазір Сіз мемлекетіміздегі ЕКІНШІ адамсыз.

Демек, Сіздің аталған «ҚАЗАҚСТАН – УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН МЕМЛЕКЕТ» атты көлемді мақаламмен, оған қоса тіркелген екі хатпен Сіздің танысқаныңыз, оқығаныңыз мен үшін өте маңызды.

Бұл жерде, Ерлан Қарин мен Берік Уәлидің атына жазған хаттарымды қоса жібергенімнің Сіз ескеретін және бір себебі бар, ол – аталған екі хаттың, тағы бір жағынан, «ҚАЗАҚСТАН – УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН МЕМЛЕКЕТ» атты мақалама қосымша толықтырулар ретінде жазылғаны.

Әрине, «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңы қабылданған кезде, оны қолдап дауыс бергеніңіз үшін Сіз заңдық жауапқа тартылмайсыз.

Бірақ, аталған заң арқылы Қазақстанның УЗУРПАЦИЯЛАНҒАНЫ шындық.

Осы жағынан алғанда, Сіз де белгілі дәрежеде моральдық жауапкершілік арқалауға тиіссіз!

Ал, Қазақстанның УЗУРПАЦИЯЛАНҒАНЫ туралы мәселе көтеріліп, ол мәселе Өзіңіздің алдыңызға барған соң, батыл қадамдар жасап, белгілі дәрежеде одан қортынды шығаруға ықпал етпесеңіз, онда Сіздің мойныңыздағы манағы МОРАЛДЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ салмағы батпандап ауырлай түсері хақ.

Осы орайда Президенттің ТАРИХИ ОРНЫ жөнінде де баса айта кетуге тура келіп тұр.

Өзіңіз жақсы білесіз, 1975 жылғы КСРО-ның Сыртқы істер министрлігінде басталған дипломатиялық қызметтен бастап есептесек, Қасым-Жомарт Кемелұлының қызметтік өтілі 49 жылды құрайды екен.

Осынау жарты ғасырлық аса жауапты қызметтерде жүріп, өзін САФ АЛТЫНДАЙ тап-таза ұстаған Қасекеңнің ертеңгі ТАРИХИ ОРНЫ жөнінде оның айналасында жүрген, сенім артқан ІНІЛЕРІ мен ҚАРЫНДАСТАРЫ бүгіннен бастап ойлануы, бүгіннен бастап батыл шешімдер жасауға ықпал етулері керек!

Қасым-Жомарт Кемелұлы 2011 жылғы наурызда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, сондай-ақ Қарусыздану жөніндегі конференцияда БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі болып тағайындалды. Сонымен қатар Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымын атқарды. ТМД-ның және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Ал, 2013 жылғы 16 қазанда Қасекең Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы болып қайта сайланғанда, «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңы әлдеқашан қабылданып кеткен болатын.

Өзің сайлаған, өзің қол астында аса жауапты және жоғары лауазымды орында қызмет еткен Президенттің ертеңгі ТАРИХИ ОРНЫ туралы бүгіннен бастап ойлану, әрекеттер жасау керектігін Тұңғыш Президенттің ТАҒДЫРЫ анық көрсеткен жоқ па?!

«Урааааа!!!»-лап жүріп орнатқан ЕСКЕРТКІШТЕР еш ес қатпайды екен. Бір жыл өтпей жатып, құлап қалды.

«Урааааа!!!»-лап жүріп берген ҚАЛА мен басқа да НЫСАН атаулары да сеп болмайды екен. Өз қолдарыңызбен беріп, келесі жылы Өз қолдарыңызбен қайтарып алдыңыздар.

Сөйтіп, «Урааааа!!!»-лаған топ Тұңғыш Президенттің абыройын одан ары төкті...

Дау жоқ, Қазақстанды тұралатып келген және қазір де тұралатып тұрған – осы УЗУРПАЦИЯ!

Ерлан Қарин бас болып жобасын жасаған 2022 жылғы Саяси реформа Қасым-Жомарт Кемелұлының ТАРИХИ ОРНЫН сақтай алмайтыны анық белгілі болды.

Егер, мемлекетіміздегі ЕКІНШІ адам – Сіз бастап, Ерлан Қошанов пен Олжас Бектенов қоштап, Қазақстанның УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН мемлекет екенін тұрақтандыру жөнінде бастама көтеріп, ол бастамаларыңыз оң шешімін тауып жатса, онда бұл тарихи шешім тағы бір жағынан қазіргі Президенттің ТАРИХИ ОРЫН тұрақтандыру үшін де маңызды рол атқаратын да ескерген жөн.

Егер, Қазақстанның узурпацияланған мемлекет екені мойындалса, онда Қазақстанның шын мәніндегі ЖАҢА ДӘУІРІ басталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ТАРИХИ ОРНЫ өздігінен айқындала бастайды...

Құрметті Мәулен Сағатханұлы!

Өзіңіз жақсы білесіз, қазақта «Қолыңмен істегеңді, мойныңмен көтер!» және «Түйенің үлкені көпірде таяқ жейді!» деген киелі сөздер бар.

Әрине, мен бұл мақалдарды Сізге бір жағы әзіл ретінде айтып жатырмын. Өйткені, мен Сіздің замандасыңызбын ғой...

Бірақ, қалай десек те, бұл жерде сөзсіз Сіздің БАСТАМАҢЫЗДЫҢ керек екені белгілі. Енді шегінерге жол жоқ, мемлекеттің тығырыққа тіреліп тұрғанын Өзіңіз де іштей сезіп, біліп отырсыз деп ойлаймын.

Оның үстіне, екі президентті бір шыбықпен айдау — барып тұрған, әділетсіздік болады!

Сол үшін, Сізден менің «ҚАЗАҚСТАН – УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН МЕМЛЕКЕТ» атты мақалам мен оған қоса тіркелген екі хатта көтерілген УЗУРПАЦИЯ мәселесін алғашқы адымда Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқылауға ықпал етуіңізді өтінемін.

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері    

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5393