Келешекте анық жететін сөз - Мұхтар Мағауиннің сөзі!
Күнделік беттерінен...
28.01.1993 жыл, бейсенбі. Күн шайдай ашық.
Ежелгі шығыстық есеп-тоғыстар бойынша бүгін жүгірген ит қатып өлетін төртінші тоғыстың біткен, бесінші тоғыстың алғашқы күні. Жылылық он екісі жетті. Ай шақырайып шалқақ жатыр. Әр нәрсе өз уақытында ғой. Мезгілсіз шақырған тауықтай ұнамсыз-ақ.
Мен әлі кітап оқу төңірегіндемін. Етек-жеңім жиналып, сана тұндырудан әлі өтпеген сияқтымын. Қысқасы жазуға әлі дайын емеспін. Ойыма келген жылт етпелерді осы дәптерге түртіп, көңіл аулағансыймын. Осылардың басы қосыла келе, байсалды зерттеуге айналар деген дәмем бар.
Бүгін Мұхтар Мағауинның «Көкбалақ» атты повестін оқып шықтым. Көлеміне қарай, роман деуге де болар. Желдірте, шалдырта баяндағанның өзінде қазақтың екі ғасырлық қиямет-қайым, тарихының қадау-қадау тұстарын, әсіресе рухани-мәдени психологиялық жалғастығы мен жаңғыруын, дамуы мен азғындап тозғындауын шебер аша біліпті. Саясат сан-саққа жүгірткен әлем-жәлем жамылғы мен алдамшы ұрандарды сыпырып тастап, істің мән-мағынасына жүгінер болсақ, қазақ деген халықтың, дербес этнос ретінде де, ұлт ретінде де басқалардан бөлектеп, даралап тұрған екі қасиетін ерекше атап, әрі дәлелдеп беру керек. Оның біріншісі - музыкалық фольклорі, яғни домбыра мен қобызға байланысты ән-күй мұрасы, оның ішінде желілі, оқиғалы шертпе күй он екі мүшеңді, алпыс екі тамырынды бойлап бүлкілдететін қоңыр әуен. Ал екіншісі, әрине поэзиясы, оның ішінде тек өзімізге ғана тән шешендік, жыраулық, айтыс және тұрмыстық жырларымыз.
Мұхтар Мағауин халқымыздың ешкімге ұқсамайтын дара қасиеттерін проза тілімен жеткізе айтқысы келіпті, айта алыпты да. Күйшілік, орындаушылықтың сан ғасырлық тарихи тәжірибесі қазақтың ұлан байтақ даласындай кең де, бай да, әсіресе, қиыр қонып шет жайлап, ұлы тауларға, сайын далаға шығандап кетіп, орыс пен қытайдың зұлым құрығына бертінге дейін ілінбей, асау-бұла тірлігінің шырқын бұзбай келген найман мен керейдің күйшілік, әншілік өнер мектебі ерекше назар аударуды талап етеді. Өкінішке орай біздің музыка зерттеушілеріміз осыншама мол байлықты, бұзылмаған тұмса мәдени мұраны назардан тыс қалдырып келді. Тіпті оны өгей баладай шетке қағып келгені де бұл күнде жасырын емес.
Мұқаң көркем прозада да, ғылыми зерттеуде де қағыс қалған сол жаңа өлкеге барлау жасайды. Иландыра, иіте, тоң, қатты жүректерді жібіте жазады.
Адамзаттың бірқанша бел-белесінен өткен екі ғасырлық аласапыран зіл-зала арасында Тоқсаба күйшімен Айтан салдың басынан кешкендері тұтас тарих. Бір ұлттың рухани салтанаты мен өшкіндеуінің аянышты мысалы. Шалқыған дарияның құрдымға кетіп, суалуы музыкалық мұраның ғана емес, адамдардың да азып тозуы. Ақыр заман белгілерінің молынан көрініс беруі. Тумаса да туғандай аға-қарындастың (Лазиза мен Айдаболдың) хайуанша жанасуы. Білімді, оқымысты ғалымсымақтың оқымаған данышпанды тани алмауы. Оқыған «дананың» қара түнек ой-сананың қасиетті күй атасын, оның қайталанбас мол мұрасын халық игілігіне жарата алмағаны қандай өкінішті. Ал ондайлар бізде қаншама еді?
Қара домалақ нәзік бала болмағанда,тақыр жерге отырып қалғандай болар едік. Оған да шүкіршілік. Ал, бұл жазушының тәтті қиялынан туған болар. Мен «Көкбалақ» арқылы Мұқаңды шын таныған сияқтымын. Рухани жақтан талғам, талап тұрғысынан, құдай біледі мінез-құлқымыз жөнінен де өте жақын туыстар сияқтымыз.
«Тұтқын жолаушымды» өте жақсы көруші едім. Күйшілік және күй табиғатын ашудағы әжептәуір талпыныс деп марқаятынмын. «Көкбалақтан» кейін ол ойдың күпірлік екенін ұғындым. Баяғы Ілияс Жансүгіровтен кейін Хамит Ерғалиев өлең тілімен күй, күйші жөнінде біраз толғады. Әбіш пен Тәкен де өздерінше қара сөзбен толғап бақты. Бәрі де жарасымды, әрқайсысының өз орны, үлесі бар. Бірақ дәл мына Мұқаңдай жеріне жеткізе сауатты, жүйелі, ғылыми әрі көркем туындыны бүгінге дейін ешкім де бере алмағанын мойындауымыз керек. Күйдің қалай шыққаны, күйшінің сол кездегі жан құбылысы, шабыт-шарпысы, орындаушылық ерекшеліктері туралы біраз дүние жазылды да. Ал, бірақ қазақтың тұтас күйшілік мектебі, салдық дағуасы, өнер адамдарының қым-қиғаш тағдыр тәлейі, жан, рух сілкінісі, қасірет-қайғысы, асқақ та өр қадір-қасиеті, мұрагерлік жалғастығы жөнінен күй табиғатын танып, таныта білу жағынан Мұхтар Мағауин күллі қазақ қаламгерлерінен мойны озып шығандап кеткен екен.
Жазушы Мұхтарға бұл тұста ғалым Мұхтар ерекше есқатса керек. Тегінде ақын болсын, жазушы болсын алдымен ғалым болуы, яғни, ғалымдық білім білігі болуын шарт ету керек сияқты. Әлемдік тәжірибе, ұлылар, классиктер ұлағаты бізге сол шындықты меңзейді. Мұхтар Мағауин жазу практикасы да соны нақтылайды. Сондықтан Мұқаң творчествосымен шындап айналысу керек.
31.01.1993.
Кеше кешкілі ауа-райы жөнінде ақпарда 6-8 градустық жылулық уәде етіліп еді, кереғар заманның кер хабарының бірі болып бүгін кәдімгідей қырбақ қар жауып сырғақ жүрді.
Кеше кеште менің отбасымда есте қаларлық бір бас қосу болды. Талайдан ойлап, жоспарлап жүрген іс еді. Қазақтың белгілі ғалымы, жазушы Мұхтар Мағауинді бәйбішесімен, өзіммен тағдырлас достарым Айтан, Жәркендер және қиыр қонып, шет жайлаған көшпенді қазақтың соңғы тұяғының бірі Моңғолиядан көшіп келген Сейтқан Ақпаев ағамыз қонақ болды. Басқосудың екі мақсаты бар еді: көршілік қақымды өтеп, ерулік әрі соғым сыбағасын беру, егер сөзіміз жарасып тіл табысып жатсақ, әдебиет, өнер тіпті саясат жөнінде пікір алысып, сырласу. Жазушы Мұқаңның пенделік сипатын да танып қою, қысқасы танысу, білісу, сырласу еді. Кешкі сағат 3:30-дан 9:30-ға дейін қызу, ынталы, жан-жақтылы, байсалды әңгіме болды. Ұғыстық, білістік, таныдық бір-бірімізді. Бір кеш үшін ол аз олжа емес. Мен осының алдында, 28 қаңтарда «Көкбалақты» оқи отырып, жазған күнделігімде «тіпті жеке мінез-құлқымызда да көп ұқсастық бар шығар» деп жазған едім, қателеспеген екенмін, шынында өзіміз екен. Әдебиет туралы, оның белгілі делінген өкілдері туралы, жазушылық мақсат-мұрат туралы, керек десеңіз, тұрмыстық-пенделік ұсақ-түйектер жөнінде де ұқсастығымыз баршылық екен. «Ғажап, ә!» деймін өзіме-өзім. Біз әлі айтпаған айтылатын сөздеріміздің де ешбір алшақтықсыз дәлме-дәл бір жерден шығатынын күмәнсіз шамалаймын. Мына өмірде, мына бықсық пасық тірлікте өзіңмен пікірлес, мақсаттас, тұрғылас адамыңмен кездесіп, дастархандас болу қандай бақыт. Жан дүниең ішкі-сыртқы құбылысыңды тұмшалап, кірлеткен, өрісіңді тарылтқан оңбағандықтардан бір кеш болса да тазарып, жуынысу, өзіңнің қалауыңша, өз табиғатыңның, рухыңның, талғам-талабыңның ұғындыруымен шын сөйлеп, ашылу, ақтарыла жәрмеңкелесу деген бір ғанибет екен ғой! Мұхтардың қарапайымдылығы, көп білетіндігі, батыл кейде қыңыр-қисық өзімшіл болып көрінетін қисын-қиюының бұлтартпас дәлдігі, бетке, көзге ашық айтылатын өжеттігі көп жазушылардан оқшау, дара қасиет болып көрінді.
Біз әсіресе қазақ әдебиетінін қадау-қадау тарихи белестері және белгілі қалам қайраткерлері жөнінде баға беруде бір жерден табылдық, өмір бойы келісіп, ұғысып, уәделесіп алғандай сөйлестік. 70 жылдық совет әдебиетінде мен осы дәптеріме және басқа да қағаздарға жазғандарым өзіме аян. Тек оларды Мұхтармен болған әнгімемен салыстырсақ жетіп жатыр. 1929 жылдан кейін күйреген, азып тозған қазақ ақыл-ойының, әдебиет мәдениетінін аянышты хәлін мойындап, танып, бағалау уақыттың қатал сынын (он жылдап) күтпей-ақ саналы ақыл оймен, таза ұлттық, мемлекеттік жауапкершілік сезіммен, батыл бағамен қайта бағамдап таразылау арқылы жас ұрпақтың миын шатастыратын, көржерден, алдамшы, жалған беделдерден арылу. Дарақылықты, жалпақ шешейлікті, жершілдік, рушылдық, партиялас, мансапты қосақтаушылықты аулаққа лақтырып тастауымыз керек. Бұл тұста әрине көптеген көне көз жасамыстарымыз өзі отырған бұтағын өзі кескісі келмейді. Бірақ уақыт, тарих, тағдыр деген бір бет қаратпас, бұлтартпас, дегбір-тағатсыз қатал да қатігез күш бар екенін ақылы дұрыс адамдар пендешілікпен ұмытып жүрмесін. Сіз бен біз көлгірсіп көпшік қоя бергеннен 50-ден 100-ге дейінгі нөлдік ондықтарды қалт жібермей марапат мерекелерді топырлата өткізе бергеннен, үйір-үйір ақбоз, көкбоз аттар мінгізіп кілем мен шапандарға қабат-қабат көміп тастағанымен, нешемың жаңа маркалы ақ-көк, қызыл-қара машиналарды көлденен тартып, құлдық ұрғанымызбен, таудай ет, көлдей сорпа ішкізгенімен ол шіркіндердің әдебиет сарайының алтын босағасындағы пақыр басын төрге шыгара алмасымыз Құдайға да, адамға да аян. Соны біле тұра мысықтан арыстан жасағысы, қарғадан бүркіт жасағысы, жабағыдан тұлпар жасағысы келіп өзеуреп өңмендейтін ұятсыздықты алты алаштың көз алдында жарнамалаудан бір тынар емеспіз. Осыдан жүз жыл бұрын қандай болсақ бүгін де дәл сондаймыз.
Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып.
Тағы Абай атамызға жаутандап мұң шағамыз.
Ол кісі:
Сүйенер ұлың болса сен сүй,
Сүйенерге жарар ол.
Сүйкімі жоқ құрмасыл би ,
Сүйретіліп өтер сол.
Табылмас қайла,
Ойбайла,
Не пайда? – деп өзіңе қосыла ах ұрады.
Іле-шала, ақыр-тақыр күдер де үзгізбей: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек табылса адамдық қасиетке оралуға болады» деп жұбатады мені. Мен осыларды ой таразысынан өткізіп жан-жағыма, өткен-кеткеніме көз жіберсем көңілім марқайып та қалады.
Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішінде қулық сақтап
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, - дейді ұлы бабам.
Айтылмай қалған не бар дейсің? Тек істелмей жатқан қыруар іс бар. Өзгені қайтем, өз басымды айтам. Өкінемін, бармақ шайнаймын. Айға жуық уақытым текке өте шығыпты. Көздеген мақсат алыс, жоспар көп. Құр қыжыл, кіжінуден аса алмай келе жатқаным өкінішті-ақ. Не істеймін, қырсықпын ба, кесірмін бе? Әлде шығымым, қарымым осы ақ па? Әлде уақытты, орайлы сәтті өткізіп алып, құр күшеніп жүрмін бе? Мінеки, мұндай қуаңшылық тақыр көңіл күй жанды қинайды, шабыттың қыран құсы қолға пыштақтап келіп, қонар шағы қашан болар екен? Болама өзі сол, сондай бір бақыт? Өткенде автобус іщінде Жаркентке кетіп бара жатып, төрт жол оралып еді:
Дүние кезек, жер дөңгелек,
Cоны білмей, әттең дүние ай.
Ғапыл пенде жүр ентелеп.
Сол ғапыл пенденің бірі мен шығармын. Бірақ ер кезегі үшке дейін деуші еді ғой. Менің үшінші - соңғы кезегім ғапылдықпен өтіп кетсе амал жоқ. Әйтпесе «соңғы түйін қолдан шықпаса екен деп», Байронша өмір арқанының жасампаздық, қаламгерлік өмір арқанының соңғы түйініне жармасып отырғаным тәңірге аян. Мұқтарларша орда бұзар отызда омыраулап, алға шыға алмадық. Тағдыр бізге бұйырған қисық, қыңыр өмір соқпағы оған жол бермеді. Ол түгілі қырқа асар дәмелі қырықты да итшілеп өткізіп алыппыз. Ендігі қыртылда мән-мағына болар-болмасын білмей, көз жеткізбей тұрып, тәуекелге бел буыппын. Ақырын оңғарсын әйтеуір. Құр алақан емесім, үмітсіз емесім анық. Парадокс болса да, бұл бір тәуекел. Тәуекелге не ақымақ ардың-күрдің барады, не ержүрек батыл адамдар барады.
***
Құрметті Алаш азаматтары, әдебиет пен өнер жанашырлары, бұл күнделіктің жазылғанына да 31 жыл болыпты содан бергі Тәуелсіз Қазақстанның рухани, мәдени өмірінде алуан түрлі үнамды-ұнамсыз өзгерістер мен жаңалықтардың қандай болғанына қарамай менің «Қазақ Совет әдебиеті» мен Назарбаевтық «көне Қазақстанның» және Тоқаевтық «жаңа Қазақстанның» қазақ халқының руханияты әлеміне не әкелгенін сараптай келе жазушы Мұхтар Әуезовше өнер мен ғылымға адалдығын, айнымаған ұстанымын жалғастырған Мұхтардың атын айрықша атап, ерекше мәртебелеудің қажет екендігіне көзім жетті. Ол басқалар сияқты саясатқа күйлеп, жасанды көсемдерге жалтақтап, оңға-солға ауытқымаған азаматтық – қаламгерлік майданының серкесі бола білді.
Солай бола тұра соңғы күндері баспасөзде әлеуметтік желілерде классик жазушымыз Мұхтар Мағауиннің бір сұхбатында айтқандары жөнінде әртүрлі сөздер айтылып жатыр. Мейлі кім не десе, о дей берсін, мен білетін, мен кәміл сенетін бір ақиқат бар: Мұхтар Мағауин өзі аттас Мұхтар Әуезовтен кейін дүниеге келіп қолына қалам алған барлық қазақ жазушылары қолы жетпеген әрі қанша тыраштанғанымен оны маңайлай алмайтын аса заңғар биікке әлдеқашан көтерілген нағыз классик жазушы, өзі сеніммен айтқандай, ол Кеңестік дәуірдің адамы болған емес. М.Әуезовше Кеңестік дәуірді жырлап, социалистік реализм бойынша жалған шығарма жазбаған, бар талантын ұлтының тарихы мен тарихи тұлғаларына, бай ауыз әдебиетін зерттеп, қазақ әдебиеті тарихын үш ғасырға бір өзі апарып «ХҮ-ХҮІІІ ғ.ғ) берген ғұлама ғалым ретінде-ақ өз атын алтын әріппен жазып қойған ұлы тұлға. Оның қаламынан туған көптеген әңгіме, повест, романдар қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған жауһарлар. Сондықтан Мұхтар Мағауиннің «Мен» деп өзін асқақтата сөйлеуге қақысы бар. Уақыт өтер, Мұхаң да, оның замандастары да өтер бұл пәниден бірақ келешекте анық жететін сөз Мұхтар Мағауиннің сөзі екеніне сенетін қазақтың бірімін.
Соңғы түйін сөзімді орыстың ұлы сыншысы В:Г.Белинскийдің мына сөзімен аяқтағым келді: «Данышпандық дегеніміз – жеке адамның творчестволық дамуының ең биік сатысы. Талант – данышпандыққа қарағанда творчестволық кемірек дарындылық. Біріншілер – мезгілінде түсінілмей, танылмай, бағаланбай, көбінесе өз замандастарынан қуғын мен көреалмаушылыққа ұшырайды. Олардың даңқы келешекте, өздерінің сүйектері қурап қалғанда мәлімденеді. Екіншілері – өз дәуірінің сүйетін, беделін жүргізетін адамдары болады. Бірақ тірісінде құрметтеліп, мақтау мен бақытты болып өтсе де, өлген соң бұл маңызды ала бермейді. Ал, кейде көзі тірісінде де олар өз даңқының сөнгеніне куә болады».
Әлімғазы Дәулетхан,
Қазақстан Жазушылар одағының құрметті жазушысы
Abai.kz