Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 2120 2 пікір 27 Мамыр, 2024 сағат 15:08

Арбаған бізді бір сиқыр...

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды

Жастар «ескі» оқырманмен қатар «жаңа» оқырманның да талғамын қанағаттандыруды қаперлерінен шығармайды. Камп балалары ҒТТ буыны көркем әдебиеттен гөрі деректі әдебиеттінемесе «таза фантазияны»хош көреді.

Сол себепті постмодернистік роман мен ғылыми фантастика қаздың балапанындай ұқсас. Қазақ жаңа романы жазылып жатыр, осы бағытты ұстанушылар шығармашылық тәжірибе жинау үстінде, біз бүгін оларды оқырман мен ғылыми ортаны дүрбелеңге түсірген шағын әңгімелерінен танысақ, ертең көлемді жанрдағы туындыларымен таныс боламыз, бірақ ол бұрынғы біздің көзіміз үйренген реалистік туындылармен сорпасы қосылмайтын соны дүние болып табылады.

Егер реализм дегеніміз – бұл «шындық туралы шындық», ал, сюрреализм дегеніміз – бұл «шындық турасындағы жалғандық» болса, онда көркем образдылықтың ақырын білдірушілікті біреулер заманалық назигөрлік енді біреулер постмодернизм атандырды. Бұл әдеби үрдіс өз кезегінде – «жалғандық турасындағы ақиқат» болып табылады.

Австрияның экспериментатор ақыны Эрнст Яндль (Ernst Jandl 1925-2000 жж.) өзінің 1966 жылғы «Laut und Luise» туындысында: «Бүгіндері кімде-кім заманалық әдебиеттің жоғын түгендесе оны алдын ала дәстүрге қарсы шығушы деп ағаш атқа мінгізсе, керісінше кім жан-тәнімен өткенді ұнатып, көбірек білетін болса, замана көшіне топырақ шашушы деп әпенділеу көрінетін ұрда-жық кесік айту бар» деп жазды.

Біз батыстық үрдіспен кейде тұлғаны өте-мөте дерексіз формаға айналдырып, тұлғатсызданып жіберетін сияқтымыз. Әлеуметтанушы Дж.Хоуменс «адамдарды теорияға оралуға» шақырады, бізде коммунистік идеологиядан бас тартқаннан кейін, өзіміздің тәңіршілдік реңктегі исламдық келбетімізге орайлас теорияларды қалыптастыруға, алашты оны танып-білуге үйретуге деген ғылыми талпыныс орныға бастады. Қазақ заманалық шығармашылық теориясындағы басты мәселе–жазушының индивидуалды шығармашылығы (ЖИШ). Жас прозашылар мен ақындарды осы аңыста қарастырған орынды. Ол үшін – ұлттық әдеби процеске жүгіну керек.

Осы ұлттық әдеби процестің 4 аспектісі (философия, эстетика, мәдениет және өнер) бар. Оны зердеушілердің Батыстағы ең көрнектілері Ж. Бодрийяр (Франция), Дж. Ваттимо (Италия), Х. Кюнг, Д. Кампер (Германия), Д. Барт, В.

Жастардың әдеби әлемі

Джеймс, Ф. Джеймсон, Ч. Дженкс, Р. Рорти, А. Хайсен, И. Хассан (США), А. Крокер, Д. Кук (Канада), М. Роз (Австралия).

Постмодернизмді 1917 жылы Р. Паннвица "Еуропа мәдениетінің дағдырысы" кітабында алғаш қолданса, ал, 1934 жылы әдебиеттанушы Ф. де Онис "Испан және латын америкасының поэзиясының антологиясы" кітабында модернизмге қатысты қолданды. Термин бірақ кең қолдау таппады. 1947 жылы А. Тойнби өзінің "Тарихты зерделеу" кітабында оған мәдениеттанушылық мән беріп, ендігі жерде термин дін мен мәдениеттегі батыс үстемдігінің өз соңына жетуін символдандырды. Америка дінтанушысы Х. Кокс 70-ші жылдардың басында Латын Америкасындағы дін проблемаларына арнаған еңбектерінде "постмодернистік дінтану" ұғымын кеңінен қолданды.

Постмодернизм терминінің аясы өте кең. Біз осы терминді әдебиетке қатысты ғана қарастырып отырмыз. 20 ғасыр соңындағы әдебиетке байланысты айтылған осы сөзді неміс тілінен сөзбе-сөз аударар болсақ «модерннен кейінгі» деген ұғымды білдіреді. Осы қазіргі қазақ әдебиеттануында қалыптасып отырған, әсіресе, жастар тарапынан кең қолға алынып зерттеле бастаған осы әдеби бағыт қосарлы: бірде – оны модернге қарсы қойсақ, келесіде – оның бойынан модерндік әдеби жалғастықты табамыз.

Амбивалентті пікір (қаққа жарылған ғылыми ой) постмодернизмді бағалауда осылайша ұлт әдебиеттанушылары мен сыншылары арасында орын алып отыр.

Негізінен ұлттық прозамызда Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» аяқталмаған романынан бастау алып, 1960 жылға дейін үзіліп қалған, ал, жалғастығын Р.Тоқтаров, Т.Әбдіков т.б. тарапынан тауып, қайыра жаңғырған модерндік қазақ әдебиетінің орын басқан ПОСТМОДЕРНИЗМДЕ өзіндік ерекшелік жетіп артылады. Қазіргі жастар прозасы мен поэзиясында дәйексөзділік, асқан күрделікке толы алаш және әлем мәдениетіне терең бойлау, хаостылық, замана келбетінің орталықсыздануы (не бірыңғай – Батыстың, не бірыңғай – Шығыстың жетегіне ілеспеу), ұлт әдебиетіндегі «мәдени-рухани» ҒТТ (ғылыми-техникалық төңкеріс) пен ақпараттық «жарылыстың» орын алуын ешкім жоққа шығара алмайды.

Енді осы саладағы зерттеулері бізден көш бойы алға кеткен елдердің ғалымдарының сөздеріне жүгінер болсақ: Р.Мерелмен постмодернизм мәдениетін «мәдениетпен әлсіз байланысқан» деп атайды. Міне, осы әлсіз байланыс кей кезде ескі түсініктегілерді жастар шығармашылығына қатысты байбалам салуға ұрындырып жүр. Т.Адорно болса, тап осыған қатысты «адамның ойлау қабілетін төмендетуші» деген ой айтады. И.Берлин өз кезегінде постмодернизмді – адамзаттың қарағайға қарсы өскен қисық бұтағына балайды. Америка жазушысы Джон Барт постмодернизмді бұрынғы өткен мәдениеттің нәрін құныға сорушы арық-тұрық әдебиет деген ойын алдымызға көлденеңдей тартады. Бұны қазіргі жастар поэзиясынан «соцреализмнің поэтикалық нәрін құныға сорушы арық-тұрық әдебиет» деген пиғылда Мұқағали мен Төлегенді іздегендер танытып отыр.

Ихаб Хассанға жүгінер болсақ, әдебиеттегі постмодернизмге арналған 1982 жылғы «Орфейдің жіліктенуі» еңбегінде осы бағытты бурлеск, гротеск, фантастика тағы да басқа әдеби форма мен жанрлардан құрылған антиформадан тұратын, бойын зорлық-зомбылық, ессіздік, ақырзамандық жайлаған антиәдебиет деп атайды. Қазақ модернизмінде Төлен Әбідіковтің «Тозақ оттары жылтыңдайды» хикаяты кеңестік дәуірдегі ұлт тірлігін фантастикалық гротескімен берген болатын. Бүгінгі ұлт тірлігін Талғат Кеңесбаев "Аққудың өлімі"минихикаятында ақырзамандық сарында кескіндеп отыр.

Маркстің азғынданған ілімімен уланбаған Кіші буын «Әлем дегеніміз –мәтін» деп таниды. Жазушы өзі жазып отырған жанрының заңдылығына сай, өткен мен бүгінді жалғап, ой қисындандыру, яғни, дискурс (латынша discurs – «логикалық// қисын») арқылы баяндалушы тарихтың төркінін түстеп тани алады.

Шындық болмысқа түркі төркінді «поэтикалық ойлау» негізінде сана түкпіріндегі түйсік арқылы қол жеткізе алуға болатындығын ең алғаш жастар прозасы бізге таныта біліп, әлемді – хаос, ал, сол әлемді танушы адам санасын ретке келтірілмеген үзіктілік (фрагменттік) түрінде ұғындыратын «постмодернистік сезімталдық» анықтамасын қалыптастырды. Арамыздан ерте кеткен ағамыз Әмірхан Балқыбектің “Қасқыр Құдай болған кез” туындысы мен Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Қаз-сақаңқымасы» қазақ постмодернизмнің теориялық іргетасы саналады. Әрі осы бағытта – Әуезхан Қодар, Серікбол Қоңдыбай мен Таласбек Әсемқұловтар талай дүние тындырды.

Маркстің азғынданған ілімімен уланбаған Кіші буын «Әдебиет пен ғылым дегеніміз – Метамәтін» деп таниды. «Постмодернистік енші немесе жазмыш» дегеніміз постмодернизмдегі метаәңгімелерге күмәнмен қараушылық. «Метамәтін» (ал, сонымен бірге осы ұғым-түсініктен туындаған: «метахикаяттау», «метаәңгіме», «метадискурс») ұлтымыз үшін өзгеге кеткен есемізді ақтайтын өзгелердің жазғандарын жоққа шығаратын діндегі, тарихтағы, ғылымдағы, психология мен өнердегі кез келген алаши «түсіндірмелер жүйесі».

Бұрын қоғамдағы қазақ ақыл-ойында “тұрақты” Батыс пен Шығыс жазып-сызып берген үлгі салтанат құрып келсе, енді «заманақыртеориясына» негізделген «тұрақсыздықты іздеу»постмодернизмі жастар тарапынан өмірге келіп отыр. Бұл қазақ әдебиетінің өзіндік бір ерекшелігі болып табылады.
Жастардың осы «тұрақсыздықты іздестірулері» кейбіреулерді қатты састырады. Әдебиетіміздегі модернизм жастары (1960-1990 жж.) «кеңестік түркі дүниесіндегі хаос, нигилизмнен... аулақтап, шығармашылықта рухани-мәдени тыншу табу үшін» белгілі бір деңгейде орыстың отаршыл идеологиясы жылымық туғызып, түркілерге аярлықпен бүйрегі бұрғанситын «метахикаяттаудың беделіне жалғандығын біле тұра көбіне арқа сүйесе», азаттық дәуірінде әдебиет есігін ашқандардың постмодернистік метахикаяттаулары мүлдем бөлек. Көп қаламгеріміз орыс тілді, еуро ділді болуды билік қалаған қоғамның әлсіздігі мен мәнсіздігін пародия формасында дәлелдеп шығуды мақсат тұтады. Қазақ тарихының шынайы мәнісін танытуда қаламгерлер постмодерн үлгісін өз метамәтіндерінде түрлі қырынан деконструкциялап тұтынып жүр.

Орыстық және кеңестік эстетикалық өлшемдердің жастарда ұшыраспауын қазақ әдебиетінің басты құндылығы деп ұғынғанымыз жөн.

Маркстің азғынданған ілімімен уланбаған Кіші буын «Өнер дегеніміз – Поп-арт пен концептуализм» деп таниды. Бұрынғы өнерде 70 жыл билік құрған орыстық эстетикалық ұстанымдар мен қазаққа таңылған кеңес адамының этикалық тұжырымдамасын (оның бүгінгі қазақстандық ұлт түріндегі жаңғырған формасын) постмодернизмге бүйрегі бұратынбейнелеу өнері мен әдебиеттегі алаштық концептуализм келмеске кетіруде. Батыс – «өз өткеніне» топырақ шашса, бізде – «кеңестік кезеңге» топырақ шашу орын алуда. Қазақ рop art-ы өнер саласындағы – қазір ұлттық дәстүрді орыс тілділер тарапынан мансұқтау («Қайрат – чемпион» секілді фильмдер т.б.), ал, олар өкси армандайтын кеңестік дәуір (немесе бір саусағын бүгіп іске асыруды армандайтын алашты ұлты ретінде жоюды мақсұт тұтқан “орысәлемінің” қазақстандық үлгісі) – қазақ тілділер тарапынан мансұқталатын бұқаралық құбылысқа айналды. Бұның барлығы да қазақ әдеби постмодернизмінде көрініс тауып отыр. Постмодернизмдегі «Табылған ғаламзат» тәсілін қазақ әдеби процесіне жетектеген тазыдай аңға қосар болсақ, «ұрланған нысан» термині алдымызды кес-кестейді. Бұрын жазуға болмайтын, айтуға болмайтын алаштық тыйымдық табулар енді әдеби шығармаларда бой көрсете бастады.

Батыста француз «жаңа романистері» өз туындалары бойына жоқтан өзгені енгізсе, біздің неороманшылар басқа мәдениетке тән түрлі ұғым-түсініктерді қазақиландырып қолданудың ретін тауып, жөнін келтіріп отыр.

Өткенді аңсау, ескі мәнерде жаңаша ой толғаушы кері құбылыс –постмодернистік ТМД-лық коллаждаудан тұратын (қазақстандық ұлт идеясын көкке көтеретін) Соц-арт билік ұстанған күмәнді бағыттың орыс тілді қазақ әдебиетіндегі орыс әлемі мәдениетін хоштаудың концептуализмдік ұстаным болып табылады.

Қазақ тілді қоғам мен орыс тілді қоғамды жақындастырамын деудің бос тірлік екенін қазақ постмодернистері өз туындыларына арқау етіп отыр. Толеранттық ұғымы олар тарапынан пародияға айналды.

Осы тұрғыда аға, орта және іні буын арасында постструктуралистік сыни пафос орын алып, орыс үстемдігі қалыптастырған "метафизикалыққа" түбегейлі оппозициядағы «себептілік», «ақиқаттық» және «өзіндік келбеттік» қағидаттарынан тұратын рационалдылық кіші буын өкілдері үшін бүгінгі қазақ қоғамында ұлтты шетқақпайлап, өзгенің шашбауын көтерген биліктің тірлігі қазақ ділді парасат кеңістігінің адымын аштырмайтын "догматизм пәренжесі" түріліп, милети "ақыл-ой империализмі" оқырман тарапынан қолдауға ие болуда.

Осы рационалдылық бұрынғыдай әр ғалым әрқилы ұғындыратын әдеби терминдердің жетегінде кетпей, кез келген туынды бойынан «себептілік», «ақиқаттық» және «өзіндік келбеттік» қағидаттары басшылыққа алынатын «мәдени кодты» іздестіру процесін тудырды. Алаштың "ақыл-ой империализмі" ендігі жерде өзімен санасуды билікке де, өзге ділді, өзге тілді қазақ қоғамның өкілдеріне таңа білді. Оған әдеби-мәдени «Қа-йырхан» мен «Шыңғысхан» концепциялары арасындағы "догматизм пәренжесі" куә.
Екі ұстанымды ұстанушы топ өзінің "догматизм пәренжесіне" тас қымтай бүркеніп алған. Әлем тарихындағы ерек тұлғалар (Ғұмар, Гілгемеш және Қорқыт) алаштандырылуда. Біз бұған мәдени-рухани кеңістігіміздегі Алаштың "ақыл-ой империализмі" арқылы қол жеткізіп отырмыз.

Қазақ жастар поэзиясы «қасқырға – шылым шеккізіп», «түлкіге – шарап ішкізіп» жаңа постмодернистік сөз саптамды өмірге әкелді. Өйткені, жастардың көбісі демесек те, біраз бөлігі өзіне дейін қазақта ешкім жазбағанды жазып, жаңаны өмірге әкелудің жолында есі кетіп, автоматты хат формасына жүгініп, «шизоанализ» рухындағы «кеңестік дүниетанымды тасталқан ету» мен «жаппай әшкерлеуді» қолға ала бастады. Бұлай дейтініміз – реализмнің абақтысына жабылған сөз тұтқын, оның рухы солғын, егер оны аға буын мен орта буынның кей бөлігі қамап ұстап отырған шығармашылық қамақтан шығарар болсақ, ұлттық дисурс өз басына бостандық алып, өзінің жаңа формасын айшықтай алады.

Маркстің азғынданған ілімімен уланбаған Кіші буын көбіне «Әдебиет дегеніміз – «Автор өлімі» және интермәтін» деп ұғынады. Реализмнен аулақтаған сайын Әдебиет «дәйексөздік әдебиетке» айналады. Авторлар «өзгенің сөзін»: дәйек сөз, аллюзия, реминисценция арқылы
ойынға айналдыратын интермәтіндемеліктің алаңына айналдырады. Біз оның белгілі бір жас қаламгердің туындысында барлығын бірде аңғарсақ, енді бірде аңғармай қаламыз. Басқаша айтар болсақ, авторларға өз тарапынан бұрын болмағанды болдырған сияқты көрінгенімен, оқырман оның мәдени кодты өзгертіп, жаңа қырынан қаламгерлік кәдесіне жаратқанын сезіп отырады. Центондық (дәйекшелі сөз айшығы) белгілі бір сөз саптам өз бойына әдеби, философиялық, фольклорлық және тағыда басқа туындылардағы үзіктерді сіңіреді.

Автор өзінің торын құрып, өрмекшідей тығылып қалады да, шыбын кейіп оқырман ол құрған тордан құтылуға жанталасып, қосар авторлық өмірге келеді.

Қоғамды мөлдір тіл және таза тарихнамалықтың синтезінің иерархиясы арқылы пародия, сатира, юмор, ирония формасында белгілі бір мәдени цикл аясында тән мен жанныңарасын, өмірлікпентілдіктіршіліктіңарасын, мәтін мен ойдың арасын бөліп тұрған мәдениеттің пәренжесін керек қылмай тастайды.

Бұрын біз (оқырман) реалистік әдебиеттің авторларының айтқан ойын қапысыз ұғынып, қаламгер ойын қайталап шығатын «әдеби тоты» болсақ, енді «қосар авторға» айналып отырмыз. Бұндай әдебиетке өту – «автор өлімін» тудырды (постмодернизм теориясында Р.Барт енгізген терминді өз әдебиетінің мәнісін ашу үшін қазақ та қолдана бастады). Бұл ұғымның біз үшін білдіретіні ұлттың оқыған-тоқығаны мол білікті де, зиялы әр оқырманы автор дәрегейіне дейін көтеріле алып, жетпеген жерін жеткізу стилистикалық амал-тәсілінің пырағына мініп, ешкімге жалтақтамай, туындыгердің ойына келмеген идеялардың жалауын желбіретіп, мәтінге кез келген ойды қосақтап,
қайыра жазып, өз ойын шектеусіз айта білудің заңды құқығына ие бола алады. Милорад Павич өзінің «Хазар сөздігі» (әйелдік нұсқасы) мәдени-танымдық романында мынандай дәйексөзді келтіреді: «Біздің әрқайсымыз өз ойымызды бұғауланған маймылдай алдымызға салып серуендетеміз. Егер кітап оқитын болсаң тап осындай бірі – өзіңдікі, екіншісі – өзгенікі болып табылатын екі мешінмен істес боласың. Немесе істің бұданда сорақысы бір маймыл мен бір қорқау шие бөрінің қыспағында қалар болсаң. Көзің тас төбеңе шығып, қайсысының қарнын қалай жұбатудың жолын іздеп басың дал болады. Өйткені, олардың әрқайсының талғамы әрқилы…».

Біз қазақ оқырманы – қалмагерді де өзімізді де: бірде мешінге, бірде қасқырға айналдыра алатын дәрегейге жеттік. Бұнымыз көп жағдайда қаламгерге ұнамайды. Әрине өзін арыстан санайтындардың әлдебір оқырман тарапынан не мешінге, не болмаса, шибөріге айналғысы келмейді. Бұл дегеніңіз енді қазақ әдебиетінің есігін қаққан шақырусыз қонақ – «автор өлімі» терминіне деген қарсылық. Қазақ әдебиетіндегі туынды дегеніміз жеке шығармашылық тұлғаның ісі емес, оның өміріге келуіне жұрттың бәрі ат салысатын «жалпыға ортақ хат». Тіпті біз бір ауыздан реалистік туынды деп мойындаған «Абай жолына» ұлттың түрлінше пікір айтуы оны «алаши» мәңгілік туындыға айналдырды. Абайдың сүйікті жары – әмеңгершілікпен алған – інісі Оспанның жесірі Еркежан, ал, Қодардың өз туған келіні – Қамқамен көңіл қосқан тарихи шындықтың орнын көркем шындықпен өрілген Әйгерім мен Құнанбайдың зұлымдығының «авторлық маскасының догматизмі» басты.

Мұхтардың қаламгерлік ерлігі ұлтын данышпаннан жоғары қоя отырып, әлем әдебиетінде болмаған жеке тұлғаға арналған эпопея жазуы. Маркстің азғынданған ілімімен уланбаған Кіші буын «біздің тіршілік кешіп жатқан қоғамдағы өмірді әдеби тұрғыдан – ирония, “пастиш”(итал. pasticcio – өзге туындылардан құрылған стильденген попурри)» деп ұғынады. Жастар үшін ұлттық өмір дегеніміз жекетұлғаның ғұмырындағы метамәтіннің тасталқандану жағдаяты. Олар ұстанған эстетикалық әдіс реалистік боямасыз – «өмірді қалай болса, солай беру». Бірақ осы ретте посмодернистік пародия «қосар кодтылықты» иеленеді. Қазақ әдебиетіне пародиялаудың өздік ерекшелігі пастишті біз бірауыздан реалистік қаламгер деп танитын Дулат Исабеков «Ескерткіш», «Социализм заңғары» әңгімелерімен енгізіп, Бейімбет Майлиннің модерндік метаәңгімелеуін ұлттық аңыста жаңғырта білді, кейін осы бағытта көлемді жанрда Жүсіпбек Қорғасбек «Премьер-министр» хикаятымен толықтырды. Дулат Исабеков пен Жүсіпбек Қорғасбектер қазақ постмодерндегі шағын және орта жанрдағы
«пастиштің» аталары. Осы қос қаламгерден бастау алған классикалық үрдіс жастар арасында кең қолдау тауып отыр. Умберто Эко және Эдоардо Сангвинетилермен бірге «63 тобын» (“Gruppo 63”) құрған италилік филолог Анджело Гульельми (Angelo Guglielmi): пастиш – бір мезетте әрі фантазия, әрі пародия, не болмаса автопародия деген ой айтады. Біз классикалық Бейімбет туындыларынан қай жерде автор байыпты ой айтып тұр, қай кезде өмірді келеке етіп тұрғандығын ұғына алсақ, кейбірде жастарда пародия қайда шынайы мәтін қайда кеткенін айыра алмай дал болып қалатынымыз да жасырын емес. Бұл кемшілік емес, қазақ постмодерніндегі авторлардың өз оқырманымен «тышқан мен мысық» ойнаған қаламгерлік қаламының қуаты.

Постмодернде басты орында әлемге, яғни, ағылшын, испан және француз тілді ортаға танылу басты орында тұрады. Қазіргі жастар өз туындысын аға және орта буын өкілдеріндей орыс тіліне аударылуына құлшынысты емес.

Бұрынғы таптауырын сюжеттер мен амал-тәсілдерді ирониялық аңыста қолдануда жас қаламгерлер алдарына жан салмауда. Хаттың көпдеңгейлігі дегеніміз – ары оқысаң – реализм, кері оқысаң – модернизм төбе көрсететін постмодерндік оқырмандық оқу типі. Бұлайша әдебиетті мәдени дәйексөзге мүшелей, жіліктей оқу, әрі оның бойынан белгілі бір әдеби бағытты іздестіру жастар тарапынан өмірге келді. Бұған қуануымыз керек.

Қазақ негізінен еркекті еуропаша абыройын ашып жалаңаштандырмай: сыпайгершілікпен бойына бөрік кигендердің барлық қасиеті сыйып кететін бір ғана – «қамшы» мәдени кодының бойына бәрін сыйдырған. “Әйелдер хаты” ұғымы қазақ әдебиетінде даулы дүние. Оны бар деп те айтуға болады, жоқ деп кесікті жауап беруге болады. Осы екеуінің бірін айтуға ешкімнің жүрегі даулап бара қоймайды. Кімнің артында талай аруларымыз тұрған өнер өлкесінен бір терминнің мәнін ашам деп өзіне жау тауып алғысы келеді дейсің!?

Бірақ Батыста осы бағытта аты айғайлап, атағы әлемге жайылған бұрымдылар Ю.Кристева, Л.Иригарэй, Э.Сиксу тарапынан жазылған еуропалық дәрегейдегі классикалық еңбектер бар. Орыс тілді қазақтар славяндық рухтағы Т.Толстая, Н.Габриэлян, М.Голованиевская, Л.Улицкая, В.Токарева, Н.Искренко, В.Нарбикова және тағы басқа ТМД «әйелдік хаттың» егелерінің туындыларымен жақсы таныс. Орыстілді қарындастарымыз немесе отандастарымыздың бірі: «мен орыс тілді қазақ әдебиетіндегі “әйелдер хатының” негізін салушымын» деп айды аспанға шығарса оған еш таңдануға болмайды. Бірақ біз үшін ұлттық постмодернизміздегі әйел мен еркек қаламгердегі стильдік бір айырмашылық: алғашқыларында – сентименталды-пародиялық басым болса, соңғыларында – бәрін терістеуші пародиялық басты орында тұрады. Біз – жыныстық бөлінушілікті ала қойды бөле қырқу деп танимыз. Әлемдік әдеби процесте Мәдени және Діни бөлінушілік орын алғанымен, жыныстық бөлінушілікке орын жоқ.

Асылзат Арыстанбек пен Индира Керей туындыларын қолға алған кезде оқырман бойында от сезім ойнақтап, «мәтін тояты» салтанат құрады. Тек тәннің ғана емес, жанның да «мәтін тояты» бар екенін естен шығармауымыз керек. Қазақ – қай кезде болмасын басты орынға «мәтін тоятын» емес, «эстетикалық ләззатты» қойған ұлт. Осы «эстетикалық ләззатты» жастардың оқырманмен санасын сандалтатын интеллектуалды ойынынан табамыз.
Қазір жастар прозасында бой көрсетіп жүрген әдеби кейіпкер характерінің әдеби кеңістік пен уақыттың бойына сіңісіп жоғалып кетуін оның орнын авторлық әлеуметтік және психологиялық аңыстағы авторлық персонаждың басуы тосын сипат екені дау тудырмайды. Ағылшын жазушысы әм әдебиеттанушысы Кристина Брук-Роуз «дәстүрлі характердің» күйреуге ұшырауының басты-басты бес себебін алдымызға тартады: 1) «ішкі монолог» пен персонаждың «ойын оқу» және басқа амал-тәсілдердің дағдарысы; 2) буржуазиялық қоғам мен ол тудырған романның келмеске кете бастауы; 3) тарих сахнасына БАҚ әсер етуімен «жасанды фольклордың» шығуы; 4) эстетикалық жалаңаштықтың өмірге дендеп енуі «клиптік ойлау» типіндегі «танымал жанрлардың» беделін өсіреді; 5) реализмнің ХХ ғасырдың ессіздік пен зорлық-зомбылыққа толы барша амалятын барлық қырынан бере алмауы.

Олар қазақ қоғамындағы «кішкентай адамдардың» трагедиясын кең ауқымда «әлдебір азаматтық мәртебеге ие, әлеуметтік және психологиялық күрделі тарихы бар» қайталанбас жеке тұлға арқылы емес, өзінің қоғам туралы жеке бастық түсінігін персонаждары бойына сыйдырып беруге талпыныс жасайды.
Қазақ жаңа романы бойына барша жанрлардың синтезін, ұлттық мәдениетіміздің барлық құндылықтарын сыйдырған жаңа типтегі әдебиет ретінде реализмнен бойын аулаққа салған технологиялық жаңғырған алаш әлемін басқа қырынан танытатын соны дүние. Біз қазір жаңаның өмірге келуі жақындай түскен «өліара әдеби дәуірде» тіршілік кешіп жатырмыз.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5305