Жексенбі, 10 Қараша 2024
Әдебиет 2754 8 пікір 4 Маусым, 2024 сағат 13:48

«Ң» әріпі дұрыс дыбысталмай, қазақтың тілі түзелмейді!

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Қазақ ұлттық  қыздар педагогикалық университеті, Филология факультеті, Қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ақын, әнші, қазақтың дәстүрлі әндерін  шебер орындаушы Турсынбай Дәуітұлы биыл 60-тың қырқасына көтерілді.

Достары мен замандастары арасында «Түкем-Сал» деп аталып кеткен сегіз қырлы, бір сырлы азамат 1994 жылы 19-қазанда атажұрты Қазақстанға біржола қоныс аударады. Ол сол жылы қарашадан 1995 жылы қыркүйекке дейін республикалық «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының бөлім редакторы болып жұмыс істейді.

1995 жылдан бүгінге дейін 30  жыл Қазақ ҰҚПУ-нің Қазақ әдебиеті кафедрасында магистр аға оқытушы болып қызмет атқарып келеді. Өз кәсібінің білгірі, майталман маманы. Т.Дәуітұлы қазақтың әдебиеті мен мәдениетін, өнері мен ғылымын сәйкестіре, қабыстыра білген шебер ұстаз. Өн-бойына бірнеше өнер дарыған оның жандүниесі ұлттық құндылыққа бай, сал-дәстүрге тұнып тұр. Салмақты мінез, кісілік келбетімен өз ортасында сыйлы. Жұмысқа жауапкершілікпен қарап, қоғамдық, мәдени шараларға белсене араласады. Ол кәсіби маман ретіниеде «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Қазақ хандық дәуір әдебиеті», «Халық ауыз әдебиеті» т.б. пәндерден студенттерге сапалы білім берумен қатар, студенттерден де жауапкершілікті талап ете біледі. Сондай-ақ, Бүгінгі талаптарға сай студенттерге білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін де  жетік меңгерген.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастырған мәдени шараларға белсене араласып, Моңғолия, Ресей, Түркия, Өзбекстанғағы  қандастарға барып әуелете ән шырқап, шабытпен өлең оқып, айтыс додаларына түсіп жүлдемен оралады. Қазақ әдебиеті кафедрасы «Назқоңыр» үйірмесінің жетекшісі. Дәстүрлі «Мұқағали оқулары», «Таңжарық оқулары» сынды тағлымы мол шараларды әр жылы ұйымдастырып, өткізіп келеді. 2022 жылы желтоқсанда Тәуелсіздік мерекесіне орай әнші, сазгер, актер, ақын Ермұрат Зейіпханұлының шығармашылығына арналған «Көктудың желбірегені» атты әдеби-сазды кештің жобасын жасап өткізеді.

Т.Дәуітұлының «Бір мың бір жүз он бір жаңылтпаш» (2010 ж.) атты жаңылтпаштар жинағы,  «Шетелдегі қазақ әдебиеті» атты көмекші оқу құралы, «Бір елес» (2011 ж.) атты жыр жинағы, «Қытайдағы қазақ әдебиеті» (2015 ж.) атты көмекші оқу құралы жарық көреді. Сондайақ ол «Ежелгі дәуір және түркі халықтар әдебиеті» мен «Қытайдағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» (2017 ж.) атты бір жыр жинағын шығарып, екі көмекші оқу құралын құрастырды. Сондай-ақ, республикалық және шетелдік басылымдарда әртүрлі тақырыпта жазған 70-ке тарта ғылыми танымдық мақалалары жарық көрді.

Т.Дәуітұлы 2020-2023 жылдар аралығында Әл-Фарабий атындағы қазақ ұлттық университетінде PhD дәрежесін алу үшін доторантурада оқыйды.

Ә.Әшімұлы: Армысың, Тұрсынбай құрдас! Аман-есен, күйлі-қуатты жүрсің бе? Келіп жеткен алпысың, талтүсің құтты болсын!

Т.Дәуітұлы: Арлымыз, бармыз. Өзіңнің  де есік сығалап тұрған алпысың құтты болсын! Шүкір, бір Құдай деп ел қатарлы еңбектеніп, жер басып жүрген жайымыз бар.

Ә.Әшімұлы: Түке, екеуіміз бүгін кездескен жаңа таныстардан емеспіз, көне көз ескі танытарданбыз. Өзіңнің жерлес ағаң, әйгілі ақын, марқұм Әлзілбек Кінәзбекұлы «Әлем болып, әсем бояу май гүл ашқан шағында, Көрдім сені қалқатайым әсем Құлжа бағында» деп жырлағанындай, Қытайдағы қазақтардың астанасы әсем Құлжа қаласында сонау боз жігіт кезімізден танысып, сырлас достардан болып кетіп едік. Күні бүгінге дейін сол сыйластығымызға селкеу, сызат түсірмей келеміз деп ойлаймын. Сол себептен де бұл әңгімеміз ешқандай бүкпесіз еркін болатын шығар деп санаймын. Өйткені, «Әлем болып, әсем бояу май гүл ашқан шағында» деп ақын Ә.Кіназбекұлы ағамыз жырлағандай, мамыр айында шыр етіп жер бетіне түскен екенсің. Сұхбат беруге дайынсың ба?

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Т.Дәуітұлы: Әрине, дайынмын! Қойған сұрақтарыңа мүмкіндігінше жауап беруге тырысамын. «Құрдастық Тәңірі бір» дегендей, отыз жылдан аса уақыт бойы әзіл-қалжыңымыз жарасып келе жатқан жайымыз бар ғой.

Ә.Әшімұлы: Екеуіміздің сырымыз бір-бірімізге белгілі болғанымен, патша көңілді қалың оқырманға өзіңді таныстыра кеткенің орынды болар.

Т.Дәуітұлы: Мен Тұрсынбай Дәуітұлы 1964 жылы мамыр айының 31-нде Іле қазақ автономиялы облысы, Күнес ауданы, Қарабура ауылы, Жиек деген қыстағында дүниеге келіптім. 1972 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1982 жылы мектепті тамамдадық. Сол жылы мемлекет бойынша біртұтас алынатын емтиханға қатысып, 294 балл алсам да, метепке талдап қабылдаушылардың кейбір ағаттығынан жоғарылап оқи айлмай қалдым. Содан ауылда әке-шешемізге көмектесіп мал шаруашылығымен айналыстық. 1983 жылы Ақтоған деген қыстақта жалаңаяқ дәрігер болып, үш жыл жұмыс жасадым. Ауылдық емхана маған дәрігерлікті алтай үйретіп, Астыма бір ат пен дәрігерлік сөмке беріп аттандырып жіберді. Үш жыл бойы көшіп-қонып жүрген малшылардың тұмау-сұмауын, жеңіл-желпі ауруын емдеп, балалардың вакцинасын егіп жүріп, дәрігерлікті көп-көрім үйреніп қалған болатынмын. Бір күні «Күнес аудандық радиоға диктор керек» деген хабарламаны радиодан естіп қалып, оған бірнешеуіміз барып емтихан бердік. Соның ішінен мен талданып, 1986 жылы наурыз айында Күнес радиосына диктор болып қабылдандым.

Ә.Әшімұлы: Ол кезде мемлекеттік штатпен жұмысқа тұру өте қиын заман еді ғой

Т.Дәуітұлы: Иә, қиын болды. Уақытша қызметке алғандарды қытай тілінде «лиңсыгұң» деп атаушы еді ғой. Мен сол лиңсыгуң болып уақытша жұмысқа тұрдым. Айлық жалақым 50 юань болатын. Ауылдан аудан орталығына келіп, жұмыс істеп үлкен қоғамдық ортаға алғаш осылай араластым.

Ә.Әшімұлы: Егер Күнес радиосының «диктор керек» деген хабарландыруы болмағанда, «жалаңаяқ» дәрігер болып жүрер ме едің?

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Т.Дәуітұлы: Солай болатын шығар, не болмаса медициналық білімімді толықтырып, бүгін үлкен дәрігер болып отырар ма едім, кім білсін?!  Менің кәсібімнің аяқастынан өзгеруіне сол «диктор керек» деген хабарландыру себеп болды ғой. Бала күнімізде ауылда жүріп домбыра тартып, өлең айтатын азынаулақ өнеріміз бар болатын. Даусымыз да соған бейім болса керек, сонымен осылай аудандық радионың дикторы болып шыға келдік.

Ә.Әшімұлы: Бұл радио сол аудан көлеміне тарайды ғой, солай ма?

Т.Дәуітұлы: Күнес радиосы аудан көлемінде, оншақты ауылға тарайтын қысқа толқынды радио болатын. Мен әртүрлі жанрдағы бағдарламаларды, хабарларды жүргізіп 1986 жылдан 1990 жылға дейін 4 жыл тапжылмай жұмыс істедім.

Ә.Әшімұлы: Одан кейін қайда бардың?

Д.Дәуітұлы: 1990 жылы Іле аймақтық телеарнасы «қазақ тілінде бағдарлама жүргізетін диктор» керек деп жер-жерге хабарлама жіберпіті. Соны естіген соң көптің бірі болып мен де  емтихан беріп, бағымды сынап көрдім. Жолым болып, емтиханнан өтіп Құлжаға қарай жылжып кеттім.

Сол аралықта Іле аймақтық уәли мекемесі (әкімшілік) өткізген, «Іле салтанаты» (сценарийнін жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиев пен ақын Қасымқан Уатқанұлы жазған) деген телефильмді Шынжаң телеарнасы түсірді. Бұл фильмнің бірінші бөлімі – «Ұлыстың ұлы күні», екінші бөлімі – «Ақындар айтысын» жүргіздім және асабаның рөлін сомдадым. Арасында телеарнаға барып жаңалықтарды оқып, телебағдарламаларды жүргізіп, оған қоса телефильмдерге дубляж жасау орталығында барып дауыс беріп жүрдім. 1991 жылы Шынжаң радиосы ұйымдастырған дикторлардың «Бұлбұл сауыты» бәсекесіне қатысып, қазақ дикторларының арасында бас жүлдені жеңіп алдым. Оған қоса қысқа хабар, мақала, өлеңдер жазып, журналистикаға, әншілік өнерге қарай ден қойдым.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Тоғызтараудан сенің әкең Әшім қария бастаған, Есім, Сейтақын, Құрманжан деген інілері қостаған, арасында өзің бар 6 отбасы Қазақ еліне қоныс аударып кеткенін естідік. Сол дүмпу бізге де әсер етіп, 1994 жылы қазан айының 19-да атажұртқа қоныс аударып, сенің ізіңнен іле-шала біз де келдік қой.

Ә.Әшімұлы: Өзің білесің, біздің заманымызда жоғары оқу орнында оқып жатқан студенттер оқу бітіргенше (қыз-жігіттерді айтып отырмын) бір-біріне сезімін білдіріп махаббаттасуына жол берілмейтін еді .ой. Егер ондай жағдайлар сезіліп жатса, факультет не институттың оқушылар ұйымы қатаң шара қолданып, тәртіпке шақыратын. Біз осындай ортада оқып жүргенде, сен ауылда ерте отбасын құрып алыпсың. Солай ма?

Т.Дәуітұлы: Ол жағын жақсы білемін, махаббаттасу жағында студенттердің жағдайы қиын еді ғой. Мен 1986 жылы Күнес радиосына барғаннан кейін, оның алдында үкісін тағып, құдаласып, қалыңмалын беріп қойған Талды ауылының Сорбұлақ қыстағындағы руы әбікен Күлаш Әбдіраманқызымен сол жылдың жазында үйлендім. Қытайда жүргенде Ерзада, Мерей деген бір – ұл, бір – қызды болдық. Қазақстанға келерде ұллымызды қалдырып, қызымызды алып келген болатынбыз.

Ә.Әшімұлы: Ұлыңды өздеріңмен бірге алып келмей неге  қалдырып кеттің?

Т.Дәуітұлы: Ерзада мектеп жасындағы бала болғандықтан, Сақшы мекемесі оған төлқұжат жасап бермей қойды. Өйткені, жергілікті билік сол кезде оқу жасындағы балаларға төлқұжат жасамау туралы қызылбасты құжат түсірген екен. Содан амалсыз баланы ата-әжесінің қасына қалдырып кетуге тура келді. Кейін біраз есіке кіріп жүріп, үш жылдан кейін әрең алып келдім. Олар мектепті осында оқып, жоғары оқу орындарын бітіріп, қазір өз алдыларына үйлі-баранды болып кетті. Күлаш екеуіміз қазір немере мен жиен сүйіп отырмыз.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Ә.Әшімұлы: Елге оралған соң қайдай жұмыспен айналыстың? 

Т.Дәуітұлы: 1994 жылы қазан айында оралғаннан кейін, 1995 жылы қараша айының 4-күні Алматыда шығатын респуликалық «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналына бөлім редакторы болып жұмысқа тұрдым. Бұл басылымда бір жылдай жұмыс істегеннен кейін, 1995 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық институтының (ҚазҰҚПИ) Қазақ әдебиеті кафедрасына Серік Негимов деген ағамыздың көмегімен ауысып келіп оқытушы болдым. Алғашында қазақ әдебиеті тарихынан сабақ бердім. Одан кейін «Қазақ хандық дәуір әдебиеті», «Халық ауыз әдебиеті» т.б. пәндерден сабақ беріп келемін.

Ә.Әшімұлы: Әдебиет мамандығын Қытайда жүргенде оқыған болдың ғой?

Т.Дәуітұлы: Өзің білесің, Қытайда сыртай оқу орындары жолға қойылған кезде, соның алғашқы шәкірттерінің қатарында емтихан беріп Шынжаң универсиетенің Әдебиет факультетіне қабылданған болатынмын. 1993 жылы оның орта білімін аяқтағанмын, кейін оны жалғастырып  1995 жылы қазақ әдебиетінің толық курсының диполамын алдым.

Ә.Әшімұлы: Қазақстанға келіп алғаннан кейін оқуды бітірген екенсің ғой?

Т.Дәуітұлы: Иә, солай болды. Қазақ ҰҚПУ-нің студеттеріне сабақ бере жүріп, 2011жылы Қайнар университетінің магистрлігіне түсіп, 2013 жылы педагогика ғылымының магистрі деген дипломын алдым. 2020-2023 жылдар аралығында Әл-Фарабий атындағы Қазақ ұлттық университетінде PhD дәрежесін алу үшін докторантурада оқыдым. Мақалам кешігіп шықпай жатыр, әйтпесе басқаның бәрі дайын PhD докторантураны қорғауға.

2003 жылы №101 бұйрықпен білім беру саласындағы елеулі еңбегім үшін «Жылдың ең үздік тәлімгері» номинациясымен марапатталдым.      2003 жылы №101 бұйрығымен білім беру саласындағы елеулі еңбегім үшін «Жылдың ең үздік тәлімгері» номинациясымен марапатталдым. 2004 жылы оқу орнының 60 жылдық мерей тойына байланысты №74 бұйрықпен әкімшілік тарапынан маған алғыс жарияланды.

2007 жылы желтоқсанда Алматы қалалық әкімшілігі мен халқаралық «Жанашыр» қайырымдылық қоры бірлесіп өткізген «Өнегелі отбасы» атты сайысқа отбасымен қатысып бас жүлдені жеңіп алдық. 2008 жылы №137 бұйрықпен «Шығармашылық белсенділігі үшін» номинациясы бойынша алғыс хатпен марапатталдым.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

2013 жылы университеттің 70 жылдығына байланысты білім берудегі жетістігі үшін алғыс хатпен және  2014 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 70 жылдық мерей тойына орай (02,09.2014ж. №337) ректордың бұйрығымен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дамуына қосқан үлесім үшін мерейтойлық «Құрмет» медальымен марапатталдым.

«Бір мың бір жүз он бір жаңылтпаш» (2010 ж.) атты жаңылтпаштар жинағын,  «Шетелдегі қазақ әдебиеті» атты көмекші оқу құралын, «Бір елес» (2011 ж.) атты жыр жинағын, «Қытайдағы қазақ әдебиеті» (2015 ж.) атты көмекші оқу құралын және «Ежелгі дәуір және түркі халықтар әдебиеті»,  «Қытайдағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» (2017 ж.) атты бір жыр жинағын шығарып, екі көмекші оқу құралын құрастырдым. Сондай-ақ, республикалық және шетелдік басылымдарда әртүрлі тақырыпта,  70 ке тарта ғылыми танымдық мақалаларым жарық көрді.

Ә.Әшімұлы: Сенің ұстаздық және ғылым саласындағы жолың болған екен. Ал өнер саласындағы таланттың қалай болды?

Т.Дәуітұлы: Бұл жаққа келген соң Дүниежүзі қазақтары қауымдасытығымен тығыз байланыста болдым. Олардың өнер орталығы болды, сол жерде бір кісідей қызмет істедік. Таңжарық Жолдыұлының 100 жылдығы Қазақстанда және Қытайда тойланғанын білесің. Сол барыста «Қойдым мен Таңжарықтың» айтысын Нұргүл Әлқожақызы деген ақын екеуіміз үнтаспасына түсірдік. Біріміз Таңжарық, енді біріміз Қойдым болып.

Қазақ қауымдастығымен бірге Моңғолия, Түркия. Ресей және Өзбекстанға гастрольдық сапармен барып, сол елде тұратын қандастарымызға өнер көрсетіп келдік. Моңғолияда өткен ақындар айтысында бас жүлдені алып келдім. Өзбекстандағы бір айтыста бірінші жүлдені қанжығаға байлағаным бар.

Ә.Әшімұлы: Домбыра тартып ән салатын Түкең айтыскерліктің де тізгін-шылбырын қолына ұстаған дейсің ғой.

Т.Дәуітұлы: Енді айтыскерлік, бала жастан ауылдағы той-томалаққа қатыса жүріп бойымызға жұқтырған азынаулақ өнер болатын. Әншілік пен ақындықтың бағы ашылмай, арада диктор болып кеттік қой. Алматыға келгеннен кейін 1994 жылы радио мен телеарнаны жағалап, дағдыланған кәсіпті жалғатырып кетем бе деп ойлағам, бірақ ол ойым іске аспады. Ол заман өте қиын кезең еді ғой, радио, телеарналар мені жатырқады. Біріншіден, ол кезде мен Қытай азаматы едім, екіншіден Алматыда тұрақты тіркеуім  болмағандықтан оның өзі бұған кедергі болды.

Алғаш көшіп келгенде мұндағы ағайындар бізді жақсы қарсы алды. Жақсы азаматтар шықты алдымыздан, жаңағы «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналындағы Зердебек Шілдебайұлы, Қыздар институтының баспасында істейтін Оразбай Қасенов, физика-математика кафедрасының меңгерушісі Тілеулес Жумабаевна, филология факультетінің деканы Болатжан Әбілқасымов, филология ғылымының докторы, профессор Серік Ныгимов секілді ағаларым мен Ханын Сейтовна деген апайымыз жақыннан көмектесті. Алматы облысы Көші-қон басқармасынның солкездегі басшысы Ғазез Жиенбаев Алматы облысындағы тіркеуімді қалаға ауыстырып, 2000 жылы қаладан (Төлеби мен Момышұлының қиылысынан Ақсай 1А деген шағын ауданнан) квотамен үш бөлмелі пәтер алуыма қол ұшын берді.

Қазақстанға келгеннен кейін Елназар, Ұлпан деген бір ұл, бір қызды болдық. Ерназар қазір университетті бітіріп жұмыс істеп жүр, ал Ұлпанымыз мектептің 8 сыныбын биыл аяқтайды. Жұбайым Күләш Әбдіраманқызы Қазақ ҰҚПУ-де 30 жылдан бері менімен бірге жұмыс істеп келеді.

Ә.Әшімұлы: Жұбайың Күләш қандай пәннен сабақ беріп жүр?

Т.Дәуітұлы: Күләш қолөнер, киім-кешек, кесте тігу бойынша қыздар институтына 1994 жылы жұмысқа тұрған болатын. 1995 жылы осы мамандық бойынша институтқа оқуға түсіп, кәсіптің білім деген мамандығын бітірді. Ұлттық қолөнермен айналысады. Сызу, ою, кесте, киім-кешек тігу, жүннен ұлттық дәстүрлі бұйымдарын жасау деген секілді...

Ә.Әшімұлы: «Мектеп бітіргеннен кейін ауылда «жалаңаяқ дәрігер болдым» дегеннен есіме түсіп тұр. Менде  мемлекеттік емтиханға қатысып, жоғары оқу орнына қабылдау шегіне шамалы балл жетпей қалып, 7 сыныпқа дейін оқыған Шынар мектебіне барып мұғалім болдым. Онда 6 сыныптың сынып жетекшісі болып, оқушыларға «Алгебра», «Қытай ерте заман тарихы» және «Ботаника» пәндерінен сабақ бердім. Жұмыстан босағаннан кейін, өз сабағымды пысықтай жүріп келесі жылы жоғары мектепке емтихан бердім. Мұны неге айтып отырмын, ол кезде мемлекеттік грант деген өте аз болды ғой, қазіргідей ақша төлеп оқу деген мүлде болмаған. Болған күннің өзінде, балаларын ақшамен оқыта алатындай халықтың әлеуметтік жағдайы бүгінгідей керемет емес-тұғын. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар күтетін заман еді. Бір сыныптан 2-3 бала жоғары мектепке ілінсе соның өзін үлкен жетістік санайтын. Қаншама жақсы оқыған әр өңірдегі біздің замандастар оқуын жалғастыра алмай, жол ортада қалып қойып, қара жұмысқа жегіліп кетті. Бұл жерде мен олар диқан немесе малшы болмау керек еді дегім келіп тұрған жоқ. Қайта сол саланың мамандығын оқып келіп жұмыс істтесе бұдан да керемет болмас па еді деген ойдан туып отыр. Қазір заман басқа, белгілі бір мамандық алмайтындар аз болар. Сенің де «жалаңаяқ дәрігер» болып шыға келгенің, сол кездегі қоғамның қажетінен туындағаны анық. Өйткені, аулдарда арнаулы оқу бітіріп келген дәрігер мен мұғалім жетіспейтін. Сенің жалаңаяқ дәрігерліктен, дикторлыққа көтеріліп, радиодан, көгілдір экраннан жағымды даусыңды естіртудің өзі бір бақыт болған екен.

Т.Дәуітұлы: Иә, Әлеке! Қарабурада мектеп бітірненнен кейін жоғары оқу орнынан осылай қалып қойдым. Одан кейін көркемөнерге емтихан бердім, әншілік мамандыққа. Күнес ауданынан Құлжаға емтихан тапсыру үшін Манапқан Мұсақанұлы, Ермұрат Зейіпханұлы, Зүпәр Жұмасейіт және мен бар сегіз әнші келіп бақ сынадық. Одан басқа Іле аймағының 8 аудан, бір қаласынан келген әнші талапкерлер болды. Сенің Тоғызтарауыңнан Ораш Тұрсынбекұлы келді. Сол жылы алғашқы іріктеуден Ораш екуіміз өттік. Төмен дауыс менікі, жоғары (баритон) дауыс Ораштыкі болды. Екеуіміз денсаулығымызды медициналық тексеруден өткізіп, күзде қарай шақырту келсе оқуға аттанамыз деп ауылға аттандық. Сол кеткеннен мол кеттім, маған шақырту келмеді. Көркемөнер мектебі Күйтіңде ашылған екен, оған Ораш барып оқыпты. Менің орныма Зүпәр барып оқып жүріпті, оны кейін естідім. Зүпәрдің әкесі Күнес ауданындағы Іле аймақтық №1-педагогикалық техникумның ректрі болатын.  Сөйсет, көз қысты, бармақ басты болып Зүпәр үй айланып өтіп кетіп, қарапайым малшының баласы болған мен аузымды аңқайып ашып қала беріптім.

Алғаш «жалаңаяқ» дәрігерліктен басталған жұмысым, радио мен телеарнаның дикторлығына дейін көтеріліп,  соңында тарихи отанымыз тәуелсіз Қазақстанның қасиетті жерінде отырмыз ғой. Қытайда болсақ мұндай әңгіме айта алмас едік. Бұл да болса тәуелсіз еліміздің Ата заңының бізге берген сөз бостандығы ғой.

Ә.Әшімұлы: «Ауылдағы қарапайым малшының баласы болғандықтан елеусіз қалып қойып отырдым» дегеніңнен-ақ, Қытай қазағында да таныс-білістік, руға бөліну сияқтылардың болғаны анық қой. Есіңде болар, ол кезде үкімет тауар (ханзулар шаңпин деп атайтын) астық, диқан астық деп халықты екі түрлі қамдайтын. Тауар астық тұтынатындар мемлекеттен айлық алып жұмыс істейтіндер (арасында жұмысшылар бар) болатын. «Диқан астыққа» егіншілер мен малшылар жататын. Тауар астық жейтіндердің балалары мектеп бітіргеннен кейін жоғары өрлеп оқи алмай қалса, жергіліті үкімет оларға көңіл бөліп (банкке, бажы (салық) пен сақшы мекемесіне, сауда-сатық дүкен т.б.) орналастыратын. Ал диқан мен малшының балалары оқуға түсе алмай қалса ата-анасының дәстүрлі кәсібін жалғастырып диқан, малшы болып шыға келетін.

Менің әкем осының бәрін алдын ала ойластырған болу керек, менің тіркеуімді ауылдық әкімшілікте істейтін, туған бауыры Сейтақынның отбасына тіркеп қойыпты. Мен 1982 жылы мектеп бітірген жылы Тоғызтарау аудандық Салық мекемесі кадр қабылдаймыз деп, тауар астық жейтіндердің балаларынан емтихан алды. Емтиханға барған 38 баланың қатарында мен де болдым. Емтихан нәтижем ең жоғары болыпты.  Аудандық Салықтың басшысы (аты-жөнін жақсы білемін, бірақ қазір  айтпайақ қояйын, ол кісі зейнетке шыққаннан кейін Қазақстанға көшіп келіп, осында қайтыс болды) үш дөңгелекті жасыл мотоциклмен ауылға мені іздеп келіпті. Ол кісі менен әкем мен Сейтақын ағамды сұрады. Мен олардың жұмыстан әлі келмегенін айттым. «Олай болса, сенің әкең мен ағаңды күтіп отыратын менде уақыт жоқ, кеш түсіп барады. Келген бұйымтайыңымды саған айтайын, сен емтиханнан жоғары нөмірмен (балл) өттің, бірақ сенің тіркеуіңді тексеріп көріп едік, сен ағаңның тіркеуінде екенсің. Сен Сейтақынның өз баласы болмағаның себепті, сені Салық мекемесіне жұмысқа алмаймыз деп шештік», – деді де мотоциклінің үзенгісін теуіп, теуіп жіберіп дырылдатып оталдырып алды да қайқайып кете берді. Мен болсам мотоциклдің дөңгелегінен көтерілген ақ шаңға көміліп қала бердім. Кейін естідім, менің орныма менен көп төмен балл алған, өзім оқыған Тікарық орта мектебінің ғылыми мүдірі, өзінің руласының ұл балдызын жұмысқа алыпты.

Он шақты жылдың алдынада баяғы Салықтың басшысы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының алдындағы орындықта біреулермен әңгімелесіп отыр екен, арнайы бұрылып барып сәлем беріп, – Аға, мені таныдыңыз ба? – дедім. Ол ыңғайсызданып, «Шырамытып тұрмын, бірақ дәл үстінен басып таны алмай тұрмын», – деді. Танымасаңыз, таныстарайын. Қытайда сіз басқарған мекемеге емтихан тапсырып, жоғары нөмірмен өтсем де, түрлі сылтау айтып жұмысқа алмай қойған, мойынгізерлік ұзын сары бала Әлімжанмын ғой, – деп едім, бірден есіне түскен болар, өзі қара адам еді, түрі бұзылып одан ары қарайып кетіп еді.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Содан барып, – Аға, мен сізді кінәлайын деп келіп тұрғаным жоқ, қайта сізге рақметімді айтайын деп келдім. Сіздің жұмысқа алмағанныңыздың арқасында «Шынар» мектебіне бір жыл мұғалім болдым, одан кейін жоғары мектепке емтихан беріп Іле педагогика институтының филология факультетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиетінің толық курсын оқып шықтым. Іле облыстық партия комитетінде 5 жыл қызмет ітедім. Кейін қызметім мен штатымды біржолата тастап атамекенгі қоныс аударып келіп, біраз баспасөзде қызмет еттім. Қазір Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанынан шығатын еларалық «Қазақ елі» газетінде журлалистпін. Осының бәрі сіздің сол кезде мотоцикилмен мені іздеп келіп, ауылға қалдырып кеткеніңіздің жемісі. Егер сіз олай істемеген де мен сіз басқарған Салық мекемесінде істеп, халықтан салық жинап, табанымнан тозып жүрер ме едім?! –  дедім. Сонда барып, өз-өзіне келген ол: «Айналайын, менен бір қателік кетті. Сол кездегі жағдай солай болып  қалды ғой», – деп, қинала езу тартып еді. Осындай кездейсоқ әділетсіздіктер қарапайым адамдар өмірінде жиі болып тұрады екен. Бұл бір есептен маған үлкен сабақ болды. Оған бола сынып кетпей, алға ұмтылудың арқасында өз әлімше қазақ журналистикасына, руханиятына тамшыдай болса да өз үлесімді қосып келемін деп ойлаймын.

Т.Дәуітұлы: Иә, Әлеке, оның қайсы бірін айтамыз. Бұл біздің маңдайымызға жазылған болар. Үкіметтің сауда-сатық саласында істейтіндердің 7-8 баласы менімен бірге оқыды. Әлгілердің сабақ үлгірімі нашар болатын, сүйретіліп жүріп мектепті зорға бітірді ғой. Солар мектеп бітіре салып, шетінен дүкенші болып шыға келді. Олар жұмысқа тұрып, жайнап шыға келгенде менің көзіміз жаудырап, мойнымды қысып қалып едім. Емтиханнан өтіп тұрып жоғары мектептен бір қалдық, өнер саласынан өтіп тұрып тағы қалдық дегендей. Қолымда қара домбырам бар, ән мен өлеңге бейім болғандығымнан соған алданып өзімді өзім жақсы сақтап қалдым. Болмаса құсадан не боларымды бір Құдай білер еді... Өйткені, мектепті жақсы бітіріп, жоғары өрлеп оқи алмай қалу маған оңай түспегені өзіме белгілі еді.

Ә.Әшімұлы: Жаңа бір сөзіңде ақын да болдық деп қалдың. Ақындық та, әншілік те қанмен келетін нәрсе ғой. Арғы аталарыңда мұндай өнер болған ба еді?

Т.Дәуітұлы: Ақындық деген әңгіме сол 5 сыныптан басталған ғой. Ол кезде Мау төраға (1976 жылы) қайтыс болып, 1978 жылы Дыңшаупиң билікке келген кез болатын. Осы мезгілде өнерге, өлең-жырға еркіндік беріліп, той-томалақтарда әндер айтылып (партия мен көсемді жырлаған қызыл ән емес, кезінде сары ән деп шектетілген халық әндері), айтыстар ұйымдастырыла бастады ғой. Соған еліктеп жүріп алғаш айтысқа барғаным бар. Менің Әлібай деген бір туысқан ағам болды, менен бір сынып жоғара оқитын. Сол бір ауыз өлең біледі екен, оны әкесінен үйреніп алған екен. Соны жаттап алып, соның әуеніне салып өлең айтып жүрдік. Кейін өзіміз жанымыздан шығарып, өлең құрайтын жағдайға жеттік қой.

Біздің ауылда ақын, өнерпаздар жоқ емес бар. Зейелқабыл, Арғынбай, Сәрсенбай деген аталарымыз өлеңші болған. Ал өзімнің Дәуіт атам өлеңші болған, даусы әдемі еді. Оның аржағында менің нағашыларым Андас деген ру бар. «Андасқа өлең қонған» деген тәмсіл бар ел арасында, сол жағынан да маған жұқса керек. Содан соң біздің ауылдан, өзің білетін Тоқтаубай Әлімқұлұлы деген әнші шықты. 1980 жылдары Шынжаң радиосында әндері әуе толқыны арқылы шырқалып тұрды. Бұл да бізге бағыт-бағдар болды, өнерге деген жігерімізді жаныды. Біздің ауылдан да әнші шығады екен ғой, әнші болуға болады екен ғой деген сенім, үміт қалыптасты.

Мен Күнес ауданына барып радиоға орналасқанда штатқа кіре алмай жүрдім ғой. Жаңағы тауар астықпен тәміндеудің мүмкіндігі болмады. Содан Күнес аудандық Сақшы мекемесінің басшысы Айтқазы деген ағамыз болды. Нұрсара Әтейбекқызы деген термешіні білесің, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді, сол кісілер маған жақсы көмектесті. Нұрсара апай менің өнерімді бағалап, Сақшы бастығы, күйеуі Айтқазыға айтып, өгіздің мұрнын жұдырықпен тескедей қып жүріп тауар астық жейтін напосқа тіркетіп берді. Осылай бірте-бірте алдымыздан жанашыр, тілекші адамдардың демеуімен бүгінгі жағдайға келген жайымыз бар. Бәрін дұрыс айтып отырсың, ауылдағы жағдай солай еді ғой. Қытай қазақтарының көтеріліп, тұрмысы жақсарып, жақсы жағдайға келуі, балаларының оқуға түсуі 2000 жылдан кейін басталды ғой.

Ә.Әшімұлы: Құдай берген бойдағы талантқа ешқандай кедергі бөгет бола алмайды екен. Сол бойымызда бар жылт еткен таланттың ұшқыны екеуімізді әлі сүйреп келе жатыр десем артық айтқан болмаспын. Құдайға шүкір, біреудің артында болсақ, біреудің алдында қарайып келе жытырмыз. Сол өгіз аяңмен алпыстық қырқасына көтеріліптік. Тас қопарып, тау көшірмесек те шама-шарқымызша, қолымыздың келгенінше қазақ өнеріне, қазақ руханиятына тамшыдай болса да өз еңбегімізді сіңіре алдық деп ойлаймын. 

Ә.Әшімұлы: Докторлық диссертацияны қай тақырыпта жазып жатырсың?

Т.Дәуітұлы: Иә, Әлеке! Өзің айтқандай, Құдайдың береген денсаулығы, ата-ананың тәлім тәрбиесі мен ұстаздардан алған білімнің арқасында осыған дейінгі өміріміздің жартысын Қытайда, жартысын қазақстанда өткізіп, мінеки алпыстың табалдырығын аттап бара жатырмыз. Осы барыста көп нәрсені көрдік, сездік, білдік, көкейге түйдік дегендей...

Докторлық диссертациямның тақырыбы «Қазақ жаңылтпаштарының жиналу, жариялану және зерттелу тарихнамасы». Менің жетекшім Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, белгілі фольклорист ғалым Кенжехан Матыжанов. Шетелдік жетекшім, Түркияның Еге университетінің профессері Метін Екежи. Әңгіменің басында да айтып кеткем, 2020 жылы докторантураға түсіп, 2023 жылы докторантураны тамамдадым. 2022 жылы Түркиядағы Еге университетінде екі жарым ай ғылыми тағылымнамадан өтіп келдім.

Ә.Әшімұлы: Өзің жұмыс істеп кеткен Іле аймақтық телеарнаның сол кездегі жалпы жағдайы қандай еді?

Т.Дәуітұлы: Алғашында 1987 жылы қаңтарда Іле аймағықтық телевизиясын зертеу орталығы болып  құрылған екен. 1987 жылы қыркүйектен бастап қазақ тілінде ақпарат дайындау бөлімі жұмыс істейді. 1993 жылдан бастап телеарна қытай, ұйғыр, қазақ тілінде ақпарат, бағдарлама тарата бастайды. Мұның студиясы Құлжа қаласында болды. Ал енді 8 аудан бір қалаға дайындалған ақпарат жазылған  кассетаны әр ауданға жіберіп отыратын, олар соны тарататын. Ал біздің тарату орталығымыз Құлжа ауданында болды. Мұнда тараған теле бағдарлама Құлжа ауданы мен Құлжа қаласының халқы көре алатын. Күнделікті жаңалықтар, арнаулы репортаждар, құжатты фильмдер аударылып беріліп тұратын.

Мен телеарнаға 1994 жылы телеарнаға келгенде мекеменің басшысы Туңнаншин деген қытай азаматы екен. Қазақ бөлімінің басшысы Бірлік, ал ұйғыр бөлімінің басшысы Ібидолла деген ұйғыр жігіт болатын. Мұнда қытай, ұйғыр, қазақ редакциясылары жұмыс істеді.

Ә.Әшімұлы: Қазақ редакциясының редекторы кім болды?

Т.Дәуітұлы: Қазақ редакциясының редакторы, аудармашы Тұрғанбай Қасамбайұлы болды. Телеарнаның жаңалықтары мен бағдарламасы алдымен қытайша  дайындылады, одан кейін аудармашылар аударып, редакторлар қараған соң қазақ, ұйғыр тілінде жүргіземіз. Бұл бағдарлама алдын ала студияда жазылып алынады да, содан барып аудандық телеарналарға таратылады. Мұның жалпы барысы осындай болатын. Қазақ редекциясында Тұрғанбай Қасамбайұлынан басқа Рақым Айыпұлы, Жанат Әсенқазықызы, Гүлнұр, Сұлтан Жыңсаұлы, Серік және мен Тұрсынбай Дәуітұлы болдық.  Анда бар, мында бар дегенге жүгіретін жалғыз қазақ тілді журналст Сұлтан ғана болатын. Ұйғыр бөлімінде де біз шамалас  5-6 адам бар болатын.

Ә.Әшімұлы: Қазіргідей жүрген, тұрған жерінен тікелей эфер тарататын деңгей жоқ дейсің ғой.

Т.Дәуітұлы: Ол кезде қазіргедей техлология,  жаңа типтегі аппараттар болмады ғой. Бұл телеарна Іле аймағына қарайтын сегіз аудан бір қаланың радио-телевизия филиалдарын басқаратын орын болды. Сол себептенде бұл телеарна Іле аймағының әрқайсы аудан, ауыл халқының өмірі мен әлеуметтік жағдайымен танысып, биліктің саясатын жергілікті жерге жеткізетін орталық болатын. Сонымен бірге әр аудандағы филиалға жаңа қызметкерлер қабылдау мен әр жылы ақпарт курстарын ұйымдастыру, журналистердің кәсіби біліктілігін арттырумен айналысатын. Одан кейін әр жылы ШҰАР-да өтетін теле-радио бағдарламалар бәсекесіне маман дайындап жіберетін. Мамандарды алдымен аудандағы филиалдар дайындайды. Олар аймақтың телеарнада тағы іріктелетін. Бұлар ең соңында Үрімжідегі «Бұлбұл сауыты» конкурсіне жіберіледі. Осындай бағдарламаларды жыл сайын ұйымдастырып тұратын.

Ә.Әшімұлы: Бұл телеарнаны қазақ басшылардан сендерге кім қолдау көрсетіп еді?

Т.Дәуітұлы: Іле аймағының сол кездегі уәлиі (әкімі) Ахметбек Әнуарбекұлы ықпал етуімен құрылған сияқты. Өйткені бұл телеарна А.Әнуарбекұлының пәрменімен, өз жұмысын жүргізіп тұрды. Күнес радиосы мені бермейміз дегенде, күштеп алып келген осы Ахметбек болатын. Сол кезде біздің мекеме басшысы: «Сенің әйеліңді де жұмысқа орналатырамыз» деп уәде берген еді, бірақ кейін әйелімді жұмысқа орналастыру қиындап, сағыздай созылып кетті. Бұл шаруа шешілмеген соң барып, соңында осылай ауып кетуге түрткі болды ғой.

Ә.Әшімұлы: Бұл телеарна қазір бар ма екен?

Т.Дәуітұлы: Біз Қазақстанға кеткеннен кейін Іле аймағын Іле облысына қосып жүберді ғой. Сол кезде аймақтық телеарна Іле облыстық телеарнаға қосылып кеткен болар.

Ә.Әшімұлы: Енді қазір айналысып отырған тірлігіңе, оқу-ағарту саласына оралайық.  Өзің зерттеп жүрген «жаңылпаш» балалар әдебиетіне жата ма, әлде олай емес пе? Осы туралы теориялық тұрғыда талдаулар жасай кетсең?

Т.Дәуітұлы: Жаңылтпаш деген қазақ фольклорындағы ұсақ жанрлардың бірі. Жаңылтпаш қай халықтың фольклорында болсын кең тараған, көне жанрлық түрлердің бірі екені белгілі. Жаңылтпаштың шығыу тегі, көркемдік сыр-сипаты жағынан да ұрпақтан, ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани өнеріміздің ерекше бір саласы. Жаңылтпаш фольклорлық шағын жанрлар ішіндегі айырықша түр. Бұл бала тілін ұштатып, дүниетанымын дамытуда жаңылтпаштардың педагогикалық, тәрбиелік маңызы ерекше. Сол сенбептен де халқымыз ерте заманнан бастап жаңылтпашаққа мән беріп, баланың тілін ұштаудың, дамытудың бірден бір жаттығу құралы ретінде пайдаланған. Сан мыңдаған жылдар бойы жас ұрпақтың тіл ұштатуына, дыбыстарды анық айтуына дағдыландыратын (есте сақтау қабілетін артыруына, мидың дамуына) ойын түрі деп саналып келген. Қазақ фольклор тарихында жаңылтпаштар әр кезде мүмкіндігінше жинақталып, зерттеліп келді. Алайда жаңылпаштар түгелімен ғылыми айналымға түсіп, оның өзіне тән бітік, бедері әлі күнге дейін жан-жақтылы арнайы қарастырыла қойған жоқ.

Жалпы қазақ фольклерлерінің үлгілері, нұсқалары жүйелі түрде  ХХ ғасырдың басынан бастап зерттеле бастады. Қазақтың фольклортанушылары мен әдебиет тарихшылары Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұханов, Қажым Жұмалиев,  Бейсенбай Кенжебаев, Мәлік Ғабдуллин сияқты  ғалымдар фольклордың басты жанрлары ертегілер, мақал-мәтелдер, тұрмыс-салт жырлары, батырлық, ғашықтық дастандар, аңыз әңгімелер мен айтыстар, жаңылтпаштар мен жұмбақтарды жинақтап жариялауға көңіл бөлді. Соның нәтижесінде фольклорлық жанрлар мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылатын арнайы пәнге айналды.

Қазақ фольклортануында жаңылтпаштар там-тұмдап жиналғаны болмаса, ғылыми зертеу жағы нысанадан тыс қалып келе жатқан жанр. Баспасөз беттерінде, оқулықтарда басылған кейбір мақалаларды айтпағанда жаңылтпаштың табиғатын, өзіндік ерекшеліктерін ашып көрсететіндей арнайы ғылыми зерттеулер жазылған жоқ. Оның себебі, соңғы жылдарға дейін фольклор жанрларына қатысты түрлі себептерге лайықты мән берілмей келеді. Жаңылтпаштардың ойын-сауықтарда, жеңіл күлкі үшін айтылғаны болмаса, оның бала тілін дамытудағы, тіл ұштатудағы тәрбиелік мәні мен шығу тегі, жанрлық ерекшелігі, жасалу жолдары, этикасы ескерілмеді. Қазақ фольклорының басқа түрлеріне қарағанда жаңылпаш аз жиналғаны, жиналғандарының кезінде реттеліп, іріктеліп жарияланбағандығы, оларды зерттеуді қиындата түсуде. Жаңылтпаштардың бір-біріне өте ұқсас, жеңіл ұйқасқа құрылған ішкі ерекшеліктері де, олар жөнінде жүйелі пікір айтуға белгілі дәрежеде қиындық келтіргені жасырын емес. Әйтсе де көп жылдық іздену, жинау, зерттеу, жұмыстардың нәтижесінде ғалымдар мен ақын-жазушылардың санаулы ғана жинақ кітапшылары құрастырылды. Мысалы, Қыдырәлі Саттаров құрастырған «Ғажайып бау» деген кітабына шамалы жаңылтпаштар енгізілген. Мұзафар Әлімбаевтың «Екі тақтай, бір көпір», Кірішбаевтың 1998 жылы шыққан жаңылтпаштар жинағы, Қажым Жұмалиевтың «Әріптер әлемі» (1997 ж.), сонымен бірге Қытайдағы Жүнісқан Бақаевтың Шынжаң жастар, өрендер баспасынан шыққан «Жақсылық пен жамандық» (1998 ж.) деген жинағына өзінің авторлық жаңылтпаштары енгізілген. Төлепберен Мешпетұлының зерттеп, жинақтау арқылы Қытайдағы орта мектеп оқулығына кіргізіп. Жаңылтпаштардың жанрлық түрі, ерекшелігі туралы жақсы дүйелер айтқан. Сонымен бірге Әбуова Сатаев дегендер құрастырған «Жаңылпаштар» (2002 ж.) деген жинақ. Оның ішінде де, фолклорлық және авторлық жаңылтпаштар бар.

Кірішбаевтың «Ықылық» деген жинағы. Одан кейін жаңылтпашты докторлық диссертацияның тақырыбын алғаннан бері біраз жаңылтпаштарды жинап,  2004 жылы «1111 жаңылтпаш» деген жинағын құрастырғанмын. Осы секілді дүниелер, сонымен қоса фольклордың теориялық мәселелері мен жанрлық түрлерін саралайтын оқулықтар мен ғылыми еңбектерде жаңылтпаштарға арналған шолу мақалар болды. Кенжахан Матыжановтың «Рухани уыз» деген балаларға арналған фольклорлық еңбегінде де жаңылпаштар беріліп, сол жаңылтпаштарға талдаулар, зерттеулер жасалған. Сонымен бірге 2020 жылы шыққан «Ұлы дала антологиясы» деген еңбегінде де осы жаңылтпаштар беріліп, жаңылтпаштар туралы бірер беттік анықтама берілген.

Осыларды жинақтай келгенде қазақ жаңылтпаштарының шығу тегі, жанрлық ерекшеліктері мен сипаты, мазмұндық, көркемдік ерекшеліктері, құрылы мен педогикалық қызметі әлі күнге дейін толық сараланған жоқ деп айтуға толық негіз бар. Сондықатан да біз осы қазақ фолклорындағы аса маңызды жанрлық түрлердің бірі жаңылтпаштардың жанрлық табиғаты мен шығу тегін, типологиялық байланыстарын жан-жақты жаңаша саралау, бүгінгі қазақ фольклортану ғылымындағы өзекті тақырып деп санаймыз.

Ә.Әшімұлы: Қазақтың «Ә», «Ө», «Қ», «Ң» дыбыстарын айта алмай, айтса тілі келмейтін журналистер мен шенеуниктерге жаңылтпаш үйретіп тілін сындыру керек екен ғой.

Т.Дәуітұлы: Жаңылтпаштарды негізінен бала бақша, мектептер де, тіпті отбсында, баланың тілін ұштау үшін қолданысқа енгізу керек. Қазірігі біздің қоғамдағы «Р» мен «Ң»-ды айта алмайтындар көп. Кейбір мектеп мұғалімдері мен радио-телеарана журналистердің сөйлеген сөзінде, жүргізген бағдарламасында «Ң» жоқ, түсіп қалады. Олар оған қымсынбай, ұялмай сөйлейтінді шығарды. Бұл біздің тілімізге, біздің сөйлеу мәдениетімізге, біздің руханиятымызға келтіріп отырған үлкен нұқсан. Қазір осы «Ң»-ы жоқтар қоғамға өте кең жайылып, қалыптасып бара жатыр. Бұл барлық салада бар, Парламентте, билікте отырғандар бар. Университет пен мектепте мұғалім болып, бала бақшада тәрбиеші болып отырғандар бар. Соның алдын алатын бірден бір тәсіл осы жаңылпашты отбасыннан, бала бақшадан, мектептен бастап үйрету мәселесі қолға алынуы керек.

Демек, «Ң» әріпі дұрыс дыбысталмай, қазақтың тілі түзелмейді.

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1156
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2612
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2640