Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6058 0 пікір 26 Желтоқсан, 2013 сағат 06:30

Есенғали Раушанов. Жұмсақ

Үш өлең жаздым. Қызық болсын деп. Үшеуiнiң де аты –“Мысық”, яки үшеуi де мысық туралы. Әуелгiсiн Қа­дыр Мырзалиев “болып”, екiншiсiн Тұманбай Молдағалиевтiң, соңғысын Сағи Жиенбаевтың үлгiсiмен жаздым. Қадыр Мырзалиевтiң “авторлығымен” жазғаным мынадай болды:

Шатырға өрлеп тырмысып,

Көзiндегi от қандай!

Келе жатты бiр мысық.

Көздегенi көп торғай .

 

Тайып кетiп табаны

 Мысық кенет секiрдi,

Домаланып барады,

Бейне шарик секiлдi

 

Жорыған-ды ел өлдiге,

Қарай гөр сен мықтыңды,

Шыр айналып келдi де,

Аяғымен тiк тұрды.

 

Жаралған ба құрыштан,

Акробат нақ дерсiң.

Шыға келiп бұрыштан,

Бiр ит сол сәт тап берсiн.

 

Жымырылды қос құлақ,

Айқастың ба, бол ептi!

Тырнағымен осқылап,

Жолатпады ол төбеттi.

 

Айтам сөздiң турасын

Әлсiзге өмiр – зор қайғы.

Мысық болып туғасын,

Пысық болмай болмайды.

 

Ал мынау “Мысық” Тұмағаңның шек­пенiнiң етегiнде ұйықтаған мысық:

 

Өзiмдей жетiм едiң, сенгiш едiң,

Және де аңқау едiң, ергiш едiң.

Үш өлең жаздым. Қызық болсын деп. Үшеуiнiң де аты –“Мысық”, яки үшеуi де мысық туралы. Әуелгiсiн Қа­дыр Мырзалиев “болып”, екiншiсiн Тұманбай Молдағалиевтiң, соңғысын Сағи Жиенбаевтың үлгiсiмен жаздым. Қадыр Мырзалиевтiң “авторлығымен” жазғаным мынадай болды:

Шатырға өрлеп тырмысып,

Көзiндегi от қандай!

Келе жатты бiр мысық.

Көздегенi көп торғай .

 

Тайып кетiп табаны

 Мысық кенет секiрдi,

Домаланып барады,

Бейне шарик секiлдi

 

Жорыған-ды ел өлдiге,

Қарай гөр сен мықтыңды,

Шыр айналып келдi де,

Аяғымен тiк тұрды.

 

Жаралған ба құрыштан,

Акробат нақ дерсiң.

Шыға келiп бұрыштан,

Бiр ит сол сәт тап берсiн.

 

Жымырылды қос құлақ,

Айқастың ба, бол ептi!

Тырнағымен осқылап,

Жолатпады ол төбеттi.

 

Айтам сөздiң турасын

Әлсiзге өмiр – зор қайғы.

Мысық болып туғасын,

Пысық болмай болмайды.

 

Ал мынау “Мысық” Тұмағаңның шек­пенiнiң етегiнде ұйықтаған мысық:

 

Өзiмдей жетiм едiң, сенгiш едiң,

Және де аңқау едiң, ергiш едiң.

Жетiмдi жетiм ұғар, бала мысық,

Көргеннен досың

болғым келдi сенiң.

 

О, менiң, зарлы күнiм, жарлы күнiм,

Бар едi-ау кереметтей бал қылы­ғың.

Дәуреннiң пластмасса мысықтарын

Немерем менiкi деп алды бүгiн.

 

Көңiлдiң жығылмады бәйтерегi,

Апаршы сол күндерге қайта менi,

Сенi бiр сипай салса несi кеттi,

Менi бiр мақтай салса қайтер едi.

 

Жетiмдер жетiледi дедiң маған,

Жүрдiм ғой ақтаймын деп

сенiмдi әман.

Алатау оған куә мына тұрған,

Алматы бiледi оны менiң қалам.

 

Жылдар-ай, жылдар,

жылдар барады ұшып,

Өлең деп жан берiстiк, жан алысып.

Жетiмдер жетiледi деп келемiн,

Мен сенi ұмытқам жоқ, бала мысық.

 

Сағи ағайдың “Мысығын” былай жаздым:

 

Сонау бiр бала шағымда,

Жұп-жуас өзi әдемi,

Жемнiң бiр арғы жағында

Мысығым менiң бар едi.

 

Жекiрiп кенет қуса кiм,

Қойныма оны тығар ем,

Жұп-жуас менiң жұмсағым,

Жұмсағым менiң бiр әлем.

 

Болмаса-дағы жырынды,

Алдынан құс та өтпедi.

Құс түгiл, ұшқан шыбынды,

Қағып-ақ түсер ептi едi.

 

Оймауыт бүгiн жырақта

Жабайы мысық көп дейдi.

Көп болса болсын, бiрақ та,

Бiрақ та саған жетпейдi.

 

Асығам ылғи ауылға,

Ауылдың жөнi бiр бөлек,

Жемнiң бiр арғы жағында,

Жұмсағым күтiп жүр ме деп.

 

Заман-ай десеңiзшi, ол кезде үшеуi де тiрi, үшеуiне де оқып бердiм. ”Әзiлiң жарасса ... ” дегенге жығып. Бiрақ әзiлiмiз жараспады, әсiресе Тұмағаңмен. Шалың шамданып қалды. “Сен, бала, менiмен қалжыңдаспа. Жасыңда қалжың болсаң, өскенде мылжың боларсың” деген бар. Сен менiң Құралайыммен қатарсың ғой. Онсыз да...” деп сөзiнiң аяғын жұтып қойды. Не айт­қысы келгенiн бiлемiн, алдында ғана Жарасханның Тұмағаңа арнаған ащылау эпиграммасы жарияланған. Жығылғанға жұдырық, менiң мынауым онсыз да құлазып қалған ағама ауыр тидi бiлем. Осы жерде айта кеткендi жөн санап отырмын, эпиграммаға келгенде менiң мұным да, басқалардың бұрынғы-соңғы әзiлдерi де, тiптi кешегi Есенбай Дүйсенбайдың жалаң ұйқасқа құрып жазып кеткендерi де Жарасхан жазған қалжың өлеңдердiң қасында жiп есе алмайды. Қазақта эпиграмманы Жарасхандай жақсы жаз­ған ешкiмдi көрмедiм. Жә, тақырыбымызға оралайық, жақсының ашуы шәйi орамал кепкенше деген, кешке Тұмағаңның өзi звандады. ”Сен, бала, енеңдi... неге маған жазасың-дағы, ала қойды бөле қырыққандай, Қадыр­ға жазбайсың?” деп бастап едi, “Жаздым, ойбай, Қадырға да, Сағиға да” деп шыр ете қалдым. “Ал кәне, Қадыр­ға жазғаныңды оқы!” дедi. Оқыдым. Тұмағаң көңiлденiп сала бердi. ” Жақсы екен. Ендi мұныңды ағаңның өзiне оқып бер, сосын не дегенiн маған айт” дедi. Қадекеңе бардым, ол тыңдап алды да “мұны сен Тұманбайға оқыдың ба?” деп сұрады. ”Оқыдым“ дедiм. “Не дедi ағаң?” “Жақсы екен” дедi. ”Е, оның әдетi, жақсы өлеңнiң бәрiн не Қадыр жазады, не Қадыр туралы жазылады деп ойлайды”.

Екi ағаммен солай тарастым. Үшiншi Сағи ағаға оқыдым. Жұмсақ жымиып күлдi. “И-и-и, тұқымың кө­бейсiн, тұқымың көбейгiр, әйтеуiр қарап жүрмейсiңдер ғой. Дегенмен, анау “шыбынды да жiбермейдi” деген жердi алып таста, оны сен емес, әуелi Қадыр айтқан, тұқымы көбейсiн...” дедi. Кейiн “Мысықты” Өтежан Нұрғалиев, Мұхтар Шаханов болып та жаздым. Көшiп-қонып жүргенде ол “дү­ниелерiмнiң” қайда қалғанын бiлмей­мiн, алда-жалда табылса, оқырманға ұсынсам ба деп те ойлап қоямын кейде... “Бабамыздың бабасының бабасы сонау көне қыпшақтар заманында, Таңғажайып Отырар алабында, Бiр керемет азулы мысық бопты, Азулысың десе жұрт iсiп-кептi. Iсiп-кеуiп жүр­генде қара басып, Байқаусызда құ­дыққа түсiп кеттi...” деп Мұхтар Шаханов “болып” бастағаным өзiме ұнап едi, таба алмай жүрмiн.

Ол кезде бiз ауылдан ендi келген баламыз, заман басқа, заң басқа, бiздiң жастығымыз шын мәнiндегi жас­тық болып өттi, қамсыз-қарекетсiз­дiгi­мен, қателiк-кемшiлiгiмен, аңқау­лық-албырттығымен, еркелiк, ерiн­шектiгi­мен... Ол кезде жастар арасында бүгiнгiдей сауда-саттықпен айналысу, амалдың жоқтығынан тамыр-таныс қуалау, ағайын-жекжат жағалау, өзiңдi өзiң насихаттау деген iлуде бiреу болмаса емге жоқ, есiл-дертiмiз – Өлең. Дүниеде Өлеңнен басқа қызық жоқ. Дүниеде Өлеңнен басқа азап та жоқ. Сол азапқа азат басыңды өзiң апарып құл ету неткен ғанибет едi десеңiзшi. Ағаларымызға қатты елiк­теймiз, олардың қай-қайсысы да өз алдына бiр төбе. Қай-қайсысының да бiз оқымаған өлеңi жоқ. Қай-қайсысын да бiз, әлбетте, өз отырыстарымызда жеке-жеке талдаймыз. Бiздiң отырыстар Жазушылар Одағынан гөрi сыраханаларда, қыздардың бөлмелерiнде, жеке пәтерлерде, аялдама, жатақханаларда... өтедi. Кейде оларды “Абай жолындағы ” кейiпкерлердiң атымен атаймыз, ал кейде өзiмiзше ат қоямыз. Мысалы, анау бiр “көке” Тәкежан, қасындағы тоқашқа тойып алып Одақта алшаңдап жүретiн семiз кедей Әзiмбай, анау сұрамсақ, Жұман қырт секiлдi, мынау Бөжей, анау болса Шұбар, ортаға пәлен деген жазушы ағамыз өткен ғасырда туса кiм болар едi деп сауал тастап, соған таласа-тармаса жауап тауып жатамыз немесе түген ақынды жеңгелерi бала кезiнде қалай атады екен деп өзiмiз ойдан шығарған сұраққа өзiмiз жауап iздеймiз және табамыз да. Лақап есiм дейсiз бе, псевдоним дейсiз бе, ол “аттардың” кейбiрi болмаса көбi бү­гiнде ұмытылды. Ал Сағи ағамызға бiр­ауыздан қойған атымызды ұмытқан емеспiн, ұмытпайтын да шығармын. Ол – “Жұмсақ ” деген ат. О баста бұл “атты” ойлап тапқан кiм екенi есiмде жоқ, өз басым “авторлыққа” таласпаймын. Менiң “авторлығымдағы” бiр-екi “есiм” болғаны рас, бiрақ олардың өте-мөте “бездарный” болып шыққаны сонша, араға бiр-екi күн салмай-ақ ұмытылды, содан бастап бұл “ойынның” менiң қолым емес екенiн түсiндiм де iргемдi аулақ салдым. Қалай десек те, Сағи марқұмның екiншi есiмi оның мiнезiне, болмысына, жүрiс-тұрыс, жұртпен қарым-қатынасына, ең бастысы өлеңде ол жасаған Мiнезге байланысты дәл қойылған ат едi. Бiрде қызып алған бiр жас ақынның оған «Сәке» не «Сағи аға» деудiң орнына шатасып «Жұмеке», «Жұмаға» деп қалғаны да бар. Ертесiне қатты ұялып, қалай кешiрiм сұрарын бiлмей “Баспалар үйiнiң” бесiншi қабатында қипақтап жүргенi әлi көз алдымда. “Мына тұқымың көбейгiр маған Жұмеке дейдi, Жұмағали Ысмағұловпен ша­тас­тырып жүрсе керек, жоқ Жұмекен деп ойлап қалды ма екен, қасқаның баласы” деп күледi ештеңеден хабары жоқ ағамыз.

Сағидың өлеңдерiн неге ұқсатуға болады? Бұның жауабы әрқилы болуы мүмкiн. Менiңше, оның өлеңдерi жаңбырдан соңғы жұпар иiсi бұрқырап шыққан далаға ұқсайды. Жеп-жеңiл, тап-таза бiр әлем. Оны азыңқырап, қажыңқырап жүрген кездерде қолға алатынымыз да содан болар. Қара көлеңкеден жарыққа, лайсаңнан көкорайға, ызғардан шуаққа асыққан адамның жансерiгi болатын поэзия.

Сағиды, қысқа қайырып айтсақ, тазару үшiн, арылу үшiн оқу керек.

Балалық шақтары соғысқа тұспа-тұс келген ақындардың бәрiне тән бiр ортақ қасиет бар. Олардың қай-қайсысы да жыл мезгiлдерiнен Көктемдi ерекше шабытпен жырлайды. Әсте, тумай жатып қара суыққа ұрынып, қиын-қыстау, аш-жалаңаш, тар жол, тайғақ кешулерге тап болғандықтан ба қайдам, әйтеуiр Жылылық маусымы олар үшiн ерекше қадiрлi. Көктем, әлбетте, бiрiншi кезекте Тұмағаңның маусымы, тiптi лирикадан гөрi салмақты ой айтуға машық Жұмекен мен Қадыр ағамыз да жазғытұрым десе сеңi бұзылған дариядай жiбiп сала бередi.

Сағи ағаның көктемi оның жанынан өмiрбақи кетпейтiн мәңгi бiрге маусымы едi.

Сағи ағаның көктемi нұрлы көктем, жылы көктем едi.

Әсте адам жасы ұлғайған сайын жылылықты ұнататын болуға керек:

 

Жап-жасыл...дүниенiң жасыл бәрi,

Жап-жасыл бұлттар да анау асудағы.

Осынау кереметтi көргiсi кеп,

Дертiп тұр жасыл бүршiк ашылғалы.

 

Немесе:

Көктем зулап өтiп жатыр төбемнен,

Көкшiл булар көшiп жатыр белеңнен.

Белдi буып бiр жұлдызды бетке алып,

Бiр сиқырлы жолға түсiп келем мен.

Осы жолда өтедi ендi өмiрiм,

Осы жолда қартаяды серiгiм.

Менен бұрын кеткендер көп бұ жолмен,

Мен бұ жолға түскендердiң

соңымын.

 

Немесе:

 

Көктемде бiр көк тоғай шуылдайтын,

Көктемде бiр тұла бой дуылдайтын

Бетке жұққан даланың ақ тозаңы

Ақ жаңбырмен жумаса жуылмайтын.

 

Көңiлдiң де, беттiң де кiрi кетiп,

Ағушы едiк даланы дүбiрлетiп,

Ақ найзағай секiлдi айқыш-ұйқыш,

Ақ жауынның арасын тiлiп өтiп.

 

Немесе:

 

Көктемдей нәзiк сезiммен,

Кеуденi күйлер тербейдi.

Қара бiр жердiң өзiн де,

Қаттырақ басқың келемейдi...

Сағи ағай, бәлкiм, алқын-жұлқын асау өлеңдер жазбаған болар, қолдан жасалған патриот ақын, ұлтшыл ақын деген анықтамалықтарда оның есiмiн кездестiрмесеңiз, таңғалудың керегi жоқ. Ондай қасиеттi атты бүгiнде екiнiң бiрi, егiздiң сыңарына тели салуды дағдыға, әдетке айналдырдық, сондай “тiзiмге» оның аты iлiкпеуi әбден мүмкiн, бiрақ “ұлтшылмын”деп айқайламай-ақ ұлы iстер тындыруға болатынын бiр үйренсек Сәкеңнен үйренуге болатын едi. Ертеректе оның Жем өзенi туралы бiр шағын өлеңi болды. Буырқанып, бусанбай-ақ, тасып-төгiлiп, орай шауып ойқастамай-ақ, тып-тыныш қана шымырлап ағып, талай мекенге нәр беретiн, әр беретiн дала өзенiн әдетте­гiдей әдемi суреттеген едi. Бүгiн қарап отырсақ, сол момақан өзен туралы жыр Сәкеңнiң өзi туралы өлең екен ғой.

Мен ұлтшылдық туралы сөз болғанда бүгiнгi екi иығын жұлып жеп, бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенiн алып қалардай аласұрып жүрген көзi тiрi “жанкештiлерден” гөрi өмiрден өтiп кеткен момын ағаларымды көбiрек ойлаймын. Адамды жас ұлғайған сайын сағыныш... иә, сағыныш деген бiр дерт дiңкелете түсетiнi рас екен, қайран көкелерiм­нiң қай-қайсысы да сағыныш туралы өлең оқысақ, неге ойланып қалатынын ендi түсiнiп жүрмiн. Ол кезде бiз кiмнiң қадiрiн бiлдiк, ненiң парқына жеттiк?!

Мен оның Әже туралы шағын ғана өлеңдерiн басқалардың   арыстандай ақырған, өлi аруақтарды шақырған “ұлтшыл” дастандарының ешқайсысына да бермес едiм. Ол қазақ поэзиясында Әже бейнесiн қайталанбастай ғып сомдай бiлдi. Оның әжесi сенiң де, менiң де, оның да әжесi секiлдi әсер қалдырады. Ескi мақал “аспанда ай ортақ, көкте күн ортақ ”дейдi. Жерде жақсы адамдар ортақ.

Әдебиетiмiзде дүниеге келер уа­қытын күтiп жатқан нешеме нышандар бар. Зерттелмей жатқан образдар қаншама,мына кезең өткен соң (бұл кезең ерте ме, кеш пе, өтерi анық) айтылатын сөздер қаншама?! Бiз сол кезде “тоқырау кезеңi ақындарына” қайта ораламыз. Неге жазды,не жазды, неге жазбай кеттi – бәрi қайтадан сараланатын болады.Сондай зерттелмей келе жатқан нысанның бiрi – қазақ жырындағы Әже образы. Әлсiн-әлсiн қайталап оқып тұратын өлеңдерiң болады емес пе, мен үшiн сондай жырлардың бiрi Сәкеңнiң “Ауылға барғанда ” атты Әже туралы балладасы. Таныс образ.

 

Өзiмнiң ғана балам деп,

Өсiрген менi бауырында,

Бетiмнен туған анам кеп,

Бiр сүйген емес алдында.

 

Бар-жоғы бiр-ақ шумақ. Осы төрт жолда қазақ деген ұлтта ғана болатын Әже бейнесi бар. Көп сөз, артық бояу жоқ. Әжесiнiң бауырында өскен бала оқудан ауылға қайтып келедi. ”Жет­кiзер емес жол да әлi, Жүрiсi шабан нардың да, Ақ қайың құсап жондағы, Ақ әжем отыр алдымда. Билiк жоқ бала-шағаға, Болады соның айтқаны. Барыпты сонау қалаға, Өзi алып менi қайтқалы” дейдi. Кенет   түтiнi шұбап ауыл көрiнедi. Етегiне сүрiне-қабына бiр әйел бұларға қарай жүгi­редi. Жолсерiк пошташы шал “Құдай бiледi, шыдамай жүгiрiп келе жатқан мынаның шешесi шығар” дейдi. Айтса айтқандай, алқынып жеткен ана нардан домалап түскен ұлын құшағына қысып “құлыным” деп жылап қоя бе­редi. Ана жүрегi деген осы. Ол керек де­сең тау бұзады, тас қопарады. Бiрақ... Сол сәт түйе үстiнен түйiле қараған кемпiр:

 

– Болды ғой, дедi соншама,

Қамкөңiл жандай зарыққан,

Күлмей ме мынау ел саған,

Ұялсаң неттi халықтан?!

 

Алқынып сонша ұшпай-ақ,

Ауылда күтсең не етедi.

Белгiлi сүйiп құшпай-ақ,

Баланың сенiкi екенi.

 

Бiледi бүкiл қауым да,

Ашуы жоқ-ты мұншалық.

Қарамай, тартты ол ауылға,

Қамшымен нарды бiр салып

 

Осындағы “белгiлi сүйiп құшпай-ақ баланың сенiкi екенi” деген сөздiң қаншалықты салмақты екенiн сезу үшiн Қазақ боп туу керек. Әйтпесе, “онда тұрған не бар, шыны сол емес пе?” деп желе жортып, сыдыртып өте шығуға болады. «Ұлт ерекшелiгi» деген осы сынды өте нәзiк иiрiмдерден құралатын болуға керек. Қазақ деген кiм десеңiз, қазақ деген осы Әже. Оның осы бiр сырт қарағанда зiлсiз ашуында дүниенi теңселтер күш бар. Оған қарсы тұру мүмкiн емес. Ұлтымыздың ұят-иман, обал-сауап дейтұғын рухани институттарын қалыптастырған да, оны ғасырлар бойы өзгерту, құ­былту, модернизациялау сүргiлерiнен аман сақтап келе жатқан да сол күш. Сол күштi сезiнбеген­дердi, сезбей өскен­дердi аяу керек. Түптеп келгенде, әңгiме ұлтты сақтап қалу туралы болып отыр.

Арада жылдар өттi. Бала есейiп ер жеттi. Әже о дүниелiк болды. Кешегi келiншек – бүгiнде Әже. Кезектi сапардан ауылға оралған баланы тағы да ауыл қыр басынан қарсы алады.

 

Аймалап жатқан көппенен

Апам да бiрге ұмтылды.

 

Қинады-ау сол шақ өзiн де.

Құшаққа менi ала алмай.

Аймалап жатқан кезiнде

Ақ әжем көрiп қалардай.

Оның Әже туралы тамаша өлеңдерi тек мұнымен шектелмейдi. Әже туралы әрбiр өлеңi ескi тақырыпқа арнал­ғанмен шын мәнiндегi жаңа дүниелер едi:

Әженiң жайлы арқасы,

Секiлдi мамық құстөсек.

Жабысып қолдар,айқасып,

Ертеден кешке түспес ек.

Шешеге бiр сәт ұнамай,

Түнере қалса бұлт келiп,

Әженiң бауыры ұядай,

Кетушi ек оған зып берiп.

Сәнi едi ауыл үйдiң де,

Жүрушi ек оны пiр тұтып.

Жеткiзген бiздi бұл күнге

Жабағы жұлып, жүн түтiп.

Шынында, соғыс жылдары есейген ақындар үшiн Әже – ерекше тақырып. Мұқағали айтады:

Жетер ендi, жел сөздi желпiдi iнiң,

Жолаушы аға, барсың ба, мен тiрiмiн,

Атын былғап аман-сау жүрсiң бе сен,

Қазақтың қасиеттi кемпiрiнiң.

Жұмекен ағамыздың әжесi әуелi өлеңдерi­нен көрiнсе, кейiн келе прозасына көшiп оқыған адамның жадында мәңгi қалатын образға айналды.Қадыр ағамыздың Әже туралы өлеңiне Нұрғиса Тiлендиев ән жазды.

Күнделiктi өмiрде ыңғайға көнгiш, момындау, қақ-соқпен iсi жоқ, дау-дамайға араласпай тыныш өмiр сүретiн жұмсақ ағамыздың қайыңның безiндей қатты, қара емендей қайсар мiнез танытатын тұстары болды. Ол кезде былайғы жұрт Сағи ағаны тани алмай қалатын. Әңгiме қазақ өлеңiнiң тазалығы туралы болып отыр. Ол “Жазушы” баспасының поэзия редакциясын басқарып отырғанда қаптаған қалың халтурамен аяусыз күресе бiлдi. Бұл айтуға оңай сөз. Принциптi басшы болу деген қай кезде де жау көбейту дегенмен бiрдей. Сол заманда әдебиеттiң маңында жүретiн кiсiлердiң бәрi бiлетiн бiр ақын болды. Ешкiмге залал-зияны жоқ жақсы кiсi едi марқұм. Әттең, өлеңi өте нашар болатын. Соған қарамастан қалай да кiтап шығаруды мақсат тұтып, түрлi айла-шарғылар жасайтын. Оның қай қылығына да төтеп берген Сағи аға болды. Сағи аға бастаған поэзия редакциясының әдiлдiгi арқасында ол кiсi “заманның ұлы халтурщигi” атанды. Бiрақ ол бұл атаққа намыстанбайтын, күлiп қойып, ”шедеврларын” әрi қарай туындата бердi.

Сондай бiр “ұлы шығарманы ” тал­қылауға қатысып отырсыз делiк. Мынадай қойылымды көзiңiзге елестетiңiз. 1980 жылдар... “Жазушы” баспасы. Поэ­зия редакциясы. Кезектi арыздан соң арнаулы комиссия құрылып, “ұлы ақынның жаңа шығармаларын ” талқылауға жиналған жұрттың арасынан, әлбетте, бiрiншi боп Ғафекең, Ғафу Қайырбеков сөйлейдi. Сөйлегенде не дейдi?

– Сен, Сағи қарағым, қандай жiгiт­сiң өзiң, сенi бiреулер қой аузынан шөп алмайтын жуас деушi едi, бiреулер жуас қашаған дедi, екеуi де емес, қолынан iс келмейтiн бозбас бiреу боп шықтың ғой. Егер поэзия редакциясын басқару қиын боп жүргенiн өзiң айтуға ұялсаң, бiз айталық Есағаңа (Есағаң – Есет Әукебаев, “Жазушы” баспасының сол кездегi бас редакторы), ертең-ақ приказ шығартады,– деп қаһарлана бастайды сөзiн. Кең бөлме құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Сағи ағамыз сыр берер емес, төмен қарап жымиған қалпы мiз бақпайды. Аға буын даудың арты не болар екен деп аңы­сын аңдып үндемесе, бiз сияқты жастар бiр бұрышқа тығылып, демiмiздi iштен алып үргедектенiп отырмыз.

– Шырағым Сағи, – деп жалғайды сөзiн Ғафекең, – бiз сенi бұл араға халтурамен күреседi деп отырғыздық, ал сен болсаң құлыннан сақау, құнаннан тiсеу қалдырмай ойдан-қырдан, Едiл, Жайық, Сырдан, тiптi, пони­маешь, жерден-көктен бүкiл халтураны жиып әкелiп бiздiң алтын уақытымызды алып талқылауға саласың. Алтай-Атырауда “Жазушыны” жағаламайтын халтөршiк қалды ма өзi? Неменеге алыстан iздейсiң ондайды? «Алыс­тан арбалағанша, жақыннан дорбала» де­гендi айтқан ата-бабаң сен екеумiзден гөрi ақылды кiсiлер едi десем, бұған да дау айтатындар бар ма, со принциппен келгенде мына ортамызды толтырып отырған қадiрлi Әбекең, Әбулақап Райымбеков ағаң кiмнен кем, жоқ сен айт, сен айт қане, айтқанда дар алдында тұрғандай төмен қарап мiңгiрлемей, ар алдында тұрғандай басыңды көтерiп тұрып айт, естиiк бәрiмiз, естiсiн Алаштың азаматтары, қайсысынан кем солардың мына отырған есiл Әбең? “Азаулының Стамбұлдан несi кем”, безобразие, арғы- бергiңде қырық мың жол жазған кiмiң бар, көлем жөнiнен Гомерiңнiң де енесiн ұрып жiбермей ме Әбулақап ағаң. Жоқ, шырағым Сағи, сенде аға сыйлау деген болмау­шы ма едi, а? – деп бiр қайырғанда, зал толы жұрт не күлерiн, не күлмесiн бiлмей аңырып отырып қалады. Әбекең марқұм қожанасырлау кiсi “Ғафеке, мен туралы Сағиға Хамаң да (Хамит Ерғалиев) айтқан, бұлар Хамаңа да құлақ аспай отыр ғой!” деп арқалана бастап едi, жұртқа iлесе Сағи ағай да күлiп жiбердi. Ғафекең болса, ”Әне, Әбулақап, көрдiң ғой, күлгенi келiскенi, басылады кiтабың, басылмаса Хамаңды қоттап-қоттап қайта cаламыз, қорықпа” деп тағы күлдiрдi. Кейiн Сәкең осы тақылеттес ситуациялар туралы: «Бар екен ғой қызық-қызық тiршiлiк, Тұр екен ғой сәуле шашып, күн шығып. Өмiр бойы жүрiппiн ғой, обал-ай, Әбулақап арызына тұншығып»,– деп жазды. Өмiрiнде кiсiнiң бетiне жел боп тимеген момын ақынды осындай қатқыл шумақтар жазуға мәжбүрлеген нендей жағдайлар едi? Осыдан-ақ ахуалдың қаншалықты күрделi болғанын аңғару қиын емес.

Әлбетте, қысыр сөз күлмекке жақсы, анығында сiз бен бiз тоқырау кезеңi деп есекке терiс мiнгiзiп қой­ған сол заманда әдебиеттегi халтурамен күрес аяусыз жүрдi. Бармақ басты, көз қысты, басқаны бiлмеймiн, әдебиетте жоқ едi. Бәлкiм, қызметтен өсуде, ақша табуда, орден, атақ, шен-шекпен, қаламақы, пәтер, саяжай, машина алуда заңсыздықтар болса болған шығар, бiрақ Әдебиеттi бағалауда халтураға жол берiлмедi, поэзия ағайыншылық, жерлестiк, жiкшiлдiк деген дерттерден таза болды. Нәтижеде, қазақ әдебиетi осындай биiк дәрежеге көтерiлдi, әсiресе поэзия жанры қатты өстi. Образ жасауда, көркемдiк көкжиектерiн кеңейтуде, техникалық, формалық iзденiстерде бұрын-соңды болмаған табыстарға жеттi. Сол екпiнмен өткен 90-жылдардың орта шенiне дейiн келдiк, одан бергi жерде өз басым iлгерiлеудi көрiп отырғам жоқ, баяғы шалдар салып берген ескi сүрлеудi шиырлап келемiз. Қатал сын, әдiл таразы жоқтың қасы. Есесiне, бұрын-соңды болмаған, көз көрмек түгiлi, құлақ естi­меген асыра мақтау, артық бағалау, бiржақтылық, одашылдық, ұраншылдық басым. Бұрын мұның бәрi ұят саналатын. Қазiр осы тақылеттес өлең жазбасаң ұят. Шаруаң iлгерi баспайды. Ұрыға ермеймiн деп,ұят iске бармаймын деп тегiс жолмен жүрiп келе жатсаң да, кенет табан астың тайғанақ болып шалқаңнан түскенiңдi аңғармай қаласың. Ең жаманы, осындай моральдағы тұтас жас буындар қалыптасты. Олар арнау өлең, сыпыра мақтау дегеннiң ұят iс екенiн тiптi сезiнбейдi де. Алу керек! Ала беру керек! Ұяда көргенi сол, ұшқанда iлгенi де сол. Ол кезде қазақ әдебиетiнде жалғыз Әбулақап болды, бүгiнде әр облыс, әр аудан, әр ауылдың өз Әбулақабы өсiп жетiлдi. Бiздiң Әбулақап жасамыс кiсi едi, бүгiнгi әбулақаптар жасарып келедi. Ол кезде әдебиетке байланысты әрбiр сыйлықтың өз салмағы болды, бүгiнгiдей балық үлес­тiрген сықылды қарбалас ол кезде болған емес. Әдебиет Әдебиет едi. Зекең марқұм (академик-жазушы Зейнолла Қабдолов) айтпақшы, ол расында да Ардың iсi болатын.

Қалай десек те, Сағи ағамдар бақытты ғұмыр сүрдi. Мәндi, мағыналы Өмiр кештi. Ол жаман өлең жазуға алдындағы Қуан ағаң Шаңғытбаевтан ұялды. Себебi Қуан ағаң қазақ жырына адал боп өттi. Оның кiтабына “АР” деп ат қоюына моральдық та, шығармашылық та толық құқы болды. Ол туралы кезiнде Ұлы Мұхаң, Мұхтар Омарханұлы Әуезов айтты. “Сағиларға жүрмей-ақ аға болып, Өле өлгенше өтсем ғой бала болып”. (Қ.Шаңғыт­баев).

Мұқағали халтураға бармады. Алдында “ашулы Грозный патшаға ұқсап” Әбекем, Әбдiлда Тәжiбаев тұрды: “Жа­ман жыр жазған күнi ақ таяғың, Арқамда ойнар ма деп қауiптенем” (Мұқағали).

Иә, олар бақытты адамдар едi. Мен суретшi емеспiн, суретшi болсам таңғы таза ауамен тыныстап, жаңбырдан соңғы шықты кешiп келе жатқан, ақ көйлек киген бiр топ адамның бейнелерiн салар едiм.

Сол кезеңнiң ақындарының қай-қайсысы да өзiнен үлкен ағаларын кереметтей сыйлай бiлдi. Сәкең Сырбай ағаға арнаған өлеңiнде   аға сыйлаудың қандай болуға керегiн көрсетiп, жырдағы Аға бейнесiн жасады. Ал Досхан Жолжақсынов әнге қосып айтып жүрген “Ауыл қарттары” бүгiнде классикалық туындыға айналғанын бәрiмiз де көрiп отырмыз: «Дүниеге келер бiр рет, Дария – кеуде, тау мүсiн. Құрыштан құйған құдiрет, Қарттарым, есен-саумысың? Өздерiң болсаң жанымда, Ел iшi – жомарт, еңселi. Дән исi жүрген бұрқырап, Даламның бiр-бiр бөлшегi. Арада жылдар жөңкiлiп, Алыс­тап кеттiм бiртiндеп. Айта алмай ауыз толтырып, “Ассалаумағалейкүм!” деп...».

Мен Сағи ағамен көзi тiрiсiнде көп араласпадым. Таныс-бiлiстiгiмiз аман-саулық сұрасудан әрi асқан жоқ. Бi­рақ, неге-дүр, жыл өткен сайын, ағам алыстаған сайын мен оған жақындап келе жатқан секiлдiмiн. Неге бұлай екен, ә?

"Жас Алаш" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377