Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 2936 9 пікір 25 Маусым, 2024 сағат 15:47

Сенат емес, «Әшімбаевтың әкімдігі» деген дұрыс!

Коллаж суреттері Abai.kz және Егемен Қазақстан сайттарынан алынды

ҚР Президенті,
ҚР Қарулы күштерінің
Бас қолбасшысы Қ.К. Тоқаевқа!

Жұрттың есінде болса керек, 28 мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы М.С. Әшімбаев пен Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы С.Т. Алдашевтың атына «Қандастардың тағдырын токарьлар мен слесарьлар шешіп жатыр, Мәулен мырза!» атты хат жазып, аталған комитеттің мүшелерімен кездесу ұйымдастырып беруін сұраған едік.

Сол өтінішіміз орындалып, бүгін – 24 маусым, сағат 16:00-де Сенаттың ғимаратында  Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің Төрағасы және мүшелерімен кездесу өтті.

Кездесуге Комитеттің сегіз мүшесінің бесеуі – Алдашев Сүйіндік Тасеменұлы (Комитет төрағасы), Шайдаров Серік Жаманқұлұлы, Қаниев Бауыржан Нұралыұлы, Лұқпанов Сағындық Есенғалиұлы, Рысбекова Ләззат Тұяқбайқызы қатысты.

Сонымен бірге, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Сарбасов Ақмәди Әділұлы, осы министрліктің құзырындағы Көші-қон комитеті төрағасының екі орынбасары Абулхатин Ерболат Махамбетұлы деген зуылдақ пен Райғаниев Ерлан Тельманұлы, сондай-ақ арнайы ұсынысымызбен МТҚБ «Парламентаризм институты» ШЖҚ РМК директорының орынбасары Сүлеймен Ляззат Жаңылысқызы шарылды.

Ішкі және Сыртқы істер министрлігінен де бір-бірден өкіл келіпті...

Бұл сенаторлармен кездесудегі мақсатымыз – өткен жылы 19 сәуірде осы Комитет қарап, мақұлдаған, көшіп келушілерді қоныстандыру үшін Үкімет арнайы бекіткен сегіз облыстан басқа тоғыз облыс пен Астана, Алматы, Шымкент – үш қалаға өз еркімен көшіп келіп, қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарды қонысын таңдау еркінен айырып тастаған атышулы 20-баптың 5) тармағының ҚАНДАЙ ҚАЖЕТТІЛІКТЕН және НЕ МАҚСАТПЕН мақұлдағанын Көмитет мүшелерінің өз ауыздарынан есту болатын.

Әрине, басқосуға мүмкіндік тудырып бергені үшін Сенат төрағасы Мәулен Сағатханұлына алғысым шексіз!

Бірақ, шынын айтсам, бүгін мен Сенат емес, әкімшілікте болғандай әсерде қалдым. Сенат депутаттарымен емес, облыстық немесе аудандық әкімдікте әкімдермен кездескендей күй кештім.

Қысқасы, бүгінгі Сенатты – Сенат дегеннен гөрі, «ӘШІМБАЕВТЫҢ ӘКІМДІГІ» деген әлдеқайда дұрыс секілді.

Бәрін басынан бастайын.

Әшімбаев пен Алдашевтың атына жазған хатымда да, бүгінгі басқосу басталарда да шегелеп тұрып айттым, «Маған басқасы керек емес, Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті тек қана атышулы 20-баптың 5) тармағын ҚАНДАЙ ҚАЖЕТТІЛІКТЕН және НЕ МАҚСАТПЕН мақұлдағанын айтып берсе болғаны!» деп.

Тіпті, жиналыста бірінші болып сөз алып, өңірлік квотаның сегіз облыста ғана бар екенін, 2024 жылға арналған өңірлік квотасының саны 2 433 адам екенін, атышулы 20-баптың 5) тармағына сай, өзге он бір облыс пен үш қалаға өз бетімен көшіп келіп қоныстанғысы келетіндерге «Қандас» мәртебесінің берілмейтінін, бұл норманы өткен жылы 19 сәуірде Сенаттың осы комитеті – Сіздер мақұлдап жібердіңіздер деп, тәптештеп-ақ түсіндірдім және осы тақырыптан шықпауға шақырдым.

Қайдам, аталған өтініш жайына қалды. Қайран сөзім қор болды.

Жиналысты жүргізген Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев жиналысқа келген атқарушы билік басшыларынан Көші-қонның барысын, заңдардың қалай жұмыс істеп жатқаны туралы баяндауды сұрады.

Сол-ақ екен, Ерболат Абулхатин деген зуылдақ баяғы әдетімен Тәуелсіздіктен бері қанша этникалық қазақтың Атажұртына оралғаны, соңғы жылдары, тіпті биыл қанша қандасымыздың көшіп келгені, олардың қаншасы қайда қоныстанғаны, нешесі өңірлік квотаға ие болғаны туралы зуылдай жөнелді.

Ол зуылдақты бетіне су шашқандай болып жүріп, зорға тоқтаттық.

«Құрметті Сенаторлар, мен Үкіметтің көшіп келушілерді Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандыру саясатын Сіздер 100 пайыз қолдасаңыздар, мен 200 пайыз қолдаймын! Мен Сіздерден САЯСАТ туралы сұрап отырған жоқпын ғой, Ағатайлар! Мен Сіздерден ҚҰҚЫҚ туралы сұрағалы келдім ғой! Атышулы 20-баптың 5) тармағы жайлы айтыңыздаршы, садағаң кетейіндер!» - деп, мен жалынам.

Жоқ, бұл сұраққа атқарушы биліктің жауапты тұлғалары да, заң шығарушы органның өкілдері де жоламайды. Ат тондарын ала қашады. Тіпті, «ЗАҢ», «КОНСТИТУЦИЯ», «АДАМ ҚҰҚЫҒЫ» деген сөздерді ауыздарына алмайды.

Сүйіндік Алдашев тағы осы бағытта сұрақ қояды.

Ерболат Махамбетұлы тағы зуылдай жөнеледі...

***

Атышулы 20-баптың 5) тармағының кесірінен, көшіп келушілерді қоныстандыру үшін Үкімет арнайы бекіткен сегіз облыстан басқа тоғыз облыс пен Астана, Алматы, Шымкент – үш қалаға өз еркімен көшіп келіп, қоныстанғысы келетін этникалық қазақтар «Қандас» мәртебесін ала алмай, шуылдай бастады.

Соған байланысты, өткен жылдың 22 қыркүйегінде «Тамараның талтайып тұрып қабылдатқан заңының сиқы…» - деген мақала жазып, аталған норманың көшіп келушілерді қоныстану орнын таңдау құқығынан айырып тастағанын айтып, бұл мәселені жалпақ әлемге жайып салдық.

Сол-ақ екен, БАҚ бұрқыратып жаза бастады.

Сөйтіп, Еңбек министрлігі биыл 10 қаңтарда «Қандас» мәртебесін беру немесе ұзарту ережесіне өзгеріс енгізгенін жариялады.

Сол Еңбек министрлігі енгізген «өзгерісіне» сай, жергілікті атқарушы билік «Қандас» мәртебесін Атажұртына көшіп келген этникалық қазақтарға заңды белден басып бере бастады.

«Заңды белден басып» дейтін себебіміз, осыған дейін де айтып келеміз, құзырлы министрлік пен заң шығарушы орган атышулы 20-баптың 5) тармағы арқылы көшіп келушілерді қоныстандыру үшін Үкімет арнайы бекіткен сегіз облыстан басқа тоғыз облыс пен Астана, Алматы, Шымкент – үш қалаға өз еркімен көшіп келіп, қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесін мүлде берілмейтін етіп шегелеп тастаған.

Бұл норманы қолданыстағы заңнан алып тастамай немесе осы нормаға қатысты «Қандас» мәртебесін шектеусіз беру туралы Президенттің Жарлығы шықпай, этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесін беруге мүлде болмайды.

Өйткені, Заңның аты – Заң!

Президентіміз кеше ғана: «Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын.» -деген жоқ па!

Ендеше, қолданыстағы Заңда не жазылды, ол сол күйі орындалуы керек!

«Ереже», «Қағидат» «Алгоритім» дегендердің бәрі Президент қол қойған Заңның негізінде жасалады.

Жоғарыда айтылған, Еңбек министрлігінің  «Қандас» мәртебесін беру немесе ұзарту ережесіне  енгізген өзгерісі – далбаса! Әшейін, заңды белден басып, өз қалталарынан шығара салған сандырақ!

Енді «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі №329-ө-м бұйрығына енгізген Еңбек министрлігінің биылғы қаңтардағы сол «Қандас» мәртебесін беру немесе ұзарту ережесіне енгізген «ӨЗГЕРІСІНЕ» тоқталайық.

Мұнда, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 112 - бабы 3-тармағының «ерікті түрде қоныс аударуды көздейтін Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасына сәйкес қоныс аударушыларды және қандастарды қабылдаудың өңірлік квоталары шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуына жәрдемдеседі» деген 2) тармақшасына сәйкес, БІРІНШІ, демографиялық дамуға қажеттілігі бар даму әлеуеті бар агломерация аумақтарында және ауылдық елді мекендерде, шағын және моноқалаларда, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда қоныстандыру үшін, «Қандас» мәртебесін беру немесе беруден бас тарту туралы ұсынымды комиссия қабылдайды және хаттамамен ресімделеді екен.

Ал, сонда сол этникалық қазақтар мұндай өңірлерге барғысы келмесе, бармаса, не істемек?! Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адамның еркін жүріп-тұруы және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуы -  олардың конституциялық құқығы ғой. Бұл – бір!

Екіншіден, Әлеуметтік кодекстің аталған бабында «Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасына сәйкес» деп, жазулы тұр.

Демек, бұл жерде де «Қандас» мәртебесін беру немесе беруден бас тарту тағы да атышулы 20-баптың 5) тармағына барып тіреледі...

Ары қарай кеттік.

Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 112 - бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, ЕКІНШІ, өтініш беру өңірінің аумағында тұрақты тұратын және тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігімен Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын өтініш берушінің отбасымен және/немесе жақын туыстарымен қайта қосылу үшін және егер өтініш беруші тұрғын үйдің меншік иесі болып табылмаса, өтініш берушінің тұруына нотариалды куәландырылған келісім бойынша, «Қандас» мәртебесін беру немесе беруден бас тарту туралы ұсынымды комиссия қабылдайды және хаттамамен ресімделеді екен.

Енді қараңыз, Атажұртқа оралған этникалық қазақтардың басым көп бөлігі – өз бетімен көшіп келушілер.

Сонда, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жақын туыстары жоқ көшіп келушілер не істейді?! «Қандас» мәртебесін ала алмай, келген еліне кері көшуі керек пе?!

Ары қарай кеттік.

Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 112 - бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, ҮШІНШІ, алдын ала еңбек шартын қоса бере отырып, тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігімен жұмыс берушілердің шақыруы бойынша бос жұмыс орнына жұмысқа орналасу үшін не этникалық қазақтар қатарындағы дара кәсіпкерлер үшін де «Қандас» мәртебесін беру немесе беруден бас тарту туралы ұсынымды комиссия қабылдайды және хаттамамен ресімделеді екен.

Осы жерде «жұмыс берушілердің шақыруы бойынша» дегенді қалай түсінеміз?!

Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың арасынан туыстарын Қазақстан Республикасына отбасын біріктіру мақсатында қоныстандыру үшін шақырулары «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 15-бабының екі бірдей нормасымен 2015 жылы реттелген.

Ал, жұмысқа шақыру тетігі «Халықтың көші-қоны туралы» заңында қарастырылмаған, мүлде жоқ!

Сонда, арғы беттегі қазақтарды бергі беттегі жұмыс берушілер қалай шақырып жүр?!

Өңірлік квотасы жоқ өңірлерге қоныстанғысы келетін байқұс ағайындар бергі бетке келген соң, осындағы ЖШС-ларға ақша төлеп, уақытша жұмысқа тұруда. «Қандас» мәртебесін алып, азаматтыққа қолы жеткен соң ол ЖШС-дан шығып кетуде. Өздері жұмыс бастауда...

Сенаттағы кездесуде Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин зуылдақ, топас, арамтамақ Еңбек министрлігінің  «Қандас» мәртебесін беру немесе ұзарту ережесіне биылғы қаңтар айында енгізген осы «өзгерісі» бойынша, «Қандас» мәртебесінің жаппай беріліп жатқанын айтып, зуылдайды...

Біз оған қарсы осы сұрақтарды қойып, осы уәжді айтамыз.

Зуылдақтың тілі буылып, аузына құм құйылады. Жауап бере алмай, отырып қалады. Бірақ, бетбақ неме шімірікпейді. Тағы сұрасаң, тағы осы жаттап алған жарапазанын айтып, тағы зуылдайды...

Ал, біздің дәлелімізді Әшімбаевтың анау токарь мен слесары, ветеринарлық дәрігері мен инженері, зоотехнигі мен санитары түсініп отырған жоқ. Міңгірлеп бірдемелер айтқан болды. Мысалы, зоотехник – сенатор Қаниев Бауыржан Нұралыұлы сонау бір жылдары Ақтөбе облысының төрт ауданының әкімі болып қызмет істеген кезіндегі сол өңірге көшіп келген оралмандарға қалай жұмыс бергенін айтып, алысқа кетеді.

Өз басым зоотехник – сенатор Қаниев Бауыржан Нұралыұлы айтқандай өңір әкімдерінің оралмандарға жұмыс тауып бергенін естіген де, көргенде емеспін. Олардың 90-95 пайызы өз бетімен өмір сүріп келеді. Бұл жерде  зоотехник – сенатор Бауыржан Нұралыұлы сол жылдары «Оралмандарға» берілетін квотаны айтып отырған болса керек. Квота беру – жұмыспен қамту емес, Квота – бір жолғы берілетін көмек ақша мен баспана ғана. Оның өзі барлық көшіп келушілерге берілмейтін. Себебі, оның да саны шектеулі болатын.

«Құрметті Бауыржан Нұралыұлы! Біз әкімнің кеңсесінде емес, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында отырмыз. Әкімдермен емес, заң шығарушы органның мүшелерімен бас қосып отырмыз ғой! Ағатай-ау, біз САЯСМАТТЫ емес, ҚҰҚЫҚТЫ талқылауға келдік қой!! «Заң» деген нәрсе болады... Кішкене, сол заңдарға сілтеме жасап, заң шығарушы орган қызметкерінің тілімен сөйлесеңізші!!!»-деп, тағы жалынамыз.

Зоотехник – сенатор Бауыржан Қаниев шамдана бастайды...

Сосын, қарабайыр мысалмен сұрақ қоюымызға, бұл мәселені сол арқылы түсіндіруімізге тура келді.

– Алматы облысының Шелек ауылына бес отбасы көшіп келді дейік. Олар «Бізге Үкімет айқындаған өңіріңнің де, квотаңның да керегі жоқ! Бізге тек қана  Қазақстан азаматтығын тезірек берсең болды. Сенен жұмыс сұрамаймыз, өз жанымызды өзіміз бағамыз. Жұмыс тауып бер деп, қинамаймыз. Өзімізді өзіміз жұмыспен қамдай аламыз!»-десе, не істейсің?! Ана «Қандас» мәртебесін беру немесе ұзарту ережесіне  енгізген жаңа өзгерісіңе сыймай тұр бұлар. Ерболат Махамбетұлы, айтшы, бұлардың «Қандас» мәртебесін алу мәселесін қалай шешпексің?!

Бұл сұраққа келгенде, ана зуылдақтың көмейіне құм емес, қорғасын құйылғандай болды. Қызараңдап, үнсіз қалды...

Келесі сұрақты Сенаторларға қойдық.

Құрметті сенаторлар, енді көздеріңіз жетті ме?! Ағатайлар, айтыңыздаршы, атышулы 20-баптың 5) тармағын ҚАНДАЙ ҚАЖЕТТІЛІКПЕН және НЕ МАҚСАТПЕН мақұлдадыңыздар?!

Жоғарыда айттым ғой, Сенаттың Төрағасына хат жазғалы бір ай болды. Кездесу өткізетін болған соң, сенаторлар: «Расымен, бұл норманы не үшін, қалай мақұлдадық? Бұл өзі Ауыт Мұқибек айтқандай, адам құқығын шектей ме, жоқ па?!!»-деп, сенаторлар кішкене дайындалулары керек қой.

Жоқ!

Бес сенатордың үшеуі сөйледі. Екеуі үнсіз қалды. Ондай дайындықтың жұрнағын да көрмедік.

Қойшы, заң шығарушы органның өкілдерін де, құзырлы министрліктің жауапты тұлғаларын да атышулы 20-баптың 5) тармағына бір жуыта алмаған күйі тарадық. Діттеген сұрауыма жауап ала алған жоқпын. Бәрі көші-қонның САЯСАТЫна желіп тұр. ҚҰҚЫҚ жағына жоламайды.

Құдай біледі-ау, дәл олсы атышулы 20-баптың 5) тармағының адам құқығын шектейтіні немесе шектемейтіні жайлы сұрақты Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелерімен отырып талдасақ та дәл осылай болары анық.

Себебі, онда да бірде-бір КӘСІБИ ЗАҢГЕР жоқ. Ылғи қаптаған журналист, мұғалім және инженер-механиктер отыр...

Шынымды айтсам, мен мына СЕНАТТАН түңіліп кеттім!

Иә, бүгінгі Сенатты – Сенат дегеннен гөрі, «ӘШІМБАЕВТЫҢ ӘКІМШІЛІГІ» деген дұрыс!

Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сіздің жанашыр бауырыңыз әрі қолдаушыңыз ретінде өтінемін, мына Сенатты таратып, көзін құртыңызшы.

Есесіне, екі палатаны қосып, 300 не 350 депутаттан тұратын бір палаталы парламент жасақтаңыз...

Өңкей заңнан хабары жоқ токарьлар мен слесарларды, ветеринарлық дәрігерлер мен инженерлерді, зоотехниктер мен санитарларды, сөз қуған журналистерді жиып алып қайтесіз, бұлармен ешқашан әділетті, жаңа Қазақстан құра алмайсыз! Бұл түлкі алуға жарамайды...

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5299