Амандық Көмекұлы. «Ауылға Сүгір келді деп» Сүгірдікі, «Әләумет келдің алқалай» Елбайдікі, ал әуен Омардікі!
Редакциядан:
6-ншы қаңтар күні журналист Жәнібек Қожықтың «Сүгір жырауға жасалған қиянат» атты мақаласы жарық көрген болатын (www.abai.kz/content/zhenibek-kozhyk-s-gir-zhyrauga-zhasalgan-kiyanat).
Мақалада «Ауылға Сүгір келді деп» толғауы туралы «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Телқоңыр» бағдарламасында айтылған ой-пікірлерге қарсы және Амандық Көмекұлына қарата дау айтылған еді.
Жәнібек Қожықтың жария болған материалына қарсы өзінің дәлел-дәйектерін алға тарта отырып жазған Амандық Көмекұлының мақаласы кешек қолымызға тиді.
Қандай мәселеде болсын екі жақтың пікірін, сөзін қатар беру порталымыздың басты міндеті болғандықтан А.Көмекұлының материалын өзгеріссіз, сол қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Abai.kz
Редакциядан:
6-ншы қаңтар күні журналист Жәнібек Қожықтың «Сүгір жырауға жасалған қиянат» атты мақаласы жарық көрген болатын (www.abai.kz/content/zhenibek-kozhyk-s-gir-zhyrauga-zhasalgan-kiyanat).
Мақалада «Ауылға Сүгір келді деп» толғауы туралы «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Телқоңыр» бағдарламасында айтылған ой-пікірлерге қарсы және Амандық Көмекұлына қарата дау айтылған еді.
Жәнібек Қожықтың жария болған материалына қарсы өзінің дәлел-дәйектерін алға тарта отырып жазған Амандық Көмекұлының мақаласы кешек қолымызға тиді.
Қандай мәселеде болсын екі жақтың пікірін, сөзін қатар беру порталымыздың басты міндеті болғандықтан А.Көмекұлының материалын өзгеріссіз, сол қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Abai.kz
Аталарын ардақтап, атына кір келтірмеу үшін атсалысатын ағайындардың бар екендігі көңілді марқайтқанымен «жаптым жала – жақтым күйе» күлкіңді де келтіреді екен. Өйткені «Құлды құл десең өлгісі келеді, бекті құл десең күлкісі келеді» демекші әр адамның парасат пайымы әртүрлі ғой. «Не хабар?!» газетінің 18.12.2013 жылғы № 14 санында жарияланған «Сүгір жырауға жасалған қиянат емей немене?» атты мақалаға хал-қадерімше жауап жазсам деген ниет еді.
Мені бейне бір өзіме «қара пияр» жасатушы «мафия» басшысындай суреттеген мақалада 2013 жылдың басында «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілген «Телқоңыр» хабарын, «...Бұл бағдарлама бір жақты, бір мақсатта, біреудің тапсырысымен дайындалғаны көзге көрініп тұрды. Олай дейтініміз әншілер бір бірінің аузына түкіріп қойғандай, бірін бірі қоштап отыруы, қарсы пікір айтылмауы осыған дәлел. Бәрінің мақсаты: талқыға түскен термені Сүгірден алып, Бәубек ЕЛІБАЙға, Көшке ОМАРға Амандық КӨМЕКОВтің аттарына жаздыру екені белгілі болды. Ал Амандық Көмеков ағамыз артынан болса да «Әріптестерім, менің атақ-даңқым өз басыма жетерлік, орынсыз жерге қыстыра бермеңдер! Ұят болады» деген сөзді айта алмады»,-деп кінәлайды. Бұл хабарға мен бір ай бұрын шақырылғаныммен қатысуға мүмкіндігім болмады. Сондықтан алдын ала, Ақтаудан жазып алып кеткен менің бұл шығарма туралы ойларымды үзіп-жұлып, қиып тастап көрсетті. Ал одан көшіріп басқан «Айқын» газетінің 2013 жылғы №15 санында жарияланған «Сүгірдің термесі емес, Елібайдың жыры» деген тақырыптың атының өзі араға от салып арандату сияқты көрінген. Ал, шындығында хабардың мақсаты Маңғыстау жыраулық дәстүрінің абыройын төгіп, ақылы аздарды айтақтау болуы мүмкін емес. «Кісіні кінәлап, тіпті айыпты қылып, азапқа салу үшін оның сөйлеміндегі бір сөзді немесе үтір, нүктені алып тастасаңыз жетіп жатыр» деген екен бір ғұлама. Сол айтқан білмеген у ішеді дегендей, Ж.Қожық та «Телқоңыр» мен «Айқынның» айтқандарын алға ұстап, Амандық Көмекұлын жардан бір ұшырайын деді ме, жерден жеті қоян тапқандай, мені Сүгірді жер қылып, Елбайды ер қылып көрсетті деп байыбына бармай, байбалам салады. Мақалаға атсалысқан ағаларымыздың бірі Ақмұрат Сүйеуовпен де осыдан 4-5 ай бұрын телефон арқылы тілдескенмін. Көп ұзамай Омардың немересі Дәулетті, Көшке Ұзақбайды, Бүркітбайдың немере шәкірті Ахмет Байекешовты шақырып, облыстық Қазақстан-Ақтау телеарнасынан «60 минут» тікелей эфир хабары арқылы халық алдына шыққанбыз. Егер Жәнібек інім шын мәнінде өнерге жанашыр адам болатын болса, журналистік зерттеуін мақаланың басты кейіпкері ретінде менен бастап, бірауыз тілдесіп, себебін сұрауға болмас па еді?! Мені қауіпті қылмыскердің қылмысын ашатындай Қызылсай асып, сырттан бақылап, елге сұрау салуынан – «Өсер елдің жігіті мен өшер елдің жігітінің» өресі қылаң бергендей.
Шын мәнінде, Сүгірдің Хорезм жұртымен қоштасу туралы толғауының толық нұсқасын 1979 жылы Ақтауға мен алып келдім. Түпнұсқасы үйімде сақтаулы. Тіпті, 2000 жылдары жыр жинаумен айналысқан Е.Еміл көптеген көшірмені Қазақ Радиосының алтын қорына өткізіп, көшірілген жүздеген үнтаспаларды түгелдей жыршы Ақылбек Тасқараұлына табыс еткен.
1982-85 жылдар аралығында жыр айтқанға жиіркене қараған жерлестеріміз жеткілікті болатын. Сондықтан толықтай орындауға мүмкіндік болмағандықтан кішігірім мерекелі дастархандарда әртүрлі әуенге ауыстырып салып жүрдім. Бұл өнеріме қатты сүйсінген Ақылбек Жеменейдің (Оңдасыновтың) әкесі Аязбай жалғыз ешкісін сойып, маған Ақылбектің аузына түкірту рәсімін жасатқан. Ақылбек онда 3-4 жас шамасында еді. Кейін Маңғыстау аудандық кәсіподақтары комитетінің төрағасы Кемел Тұманбаев ағамыз баласы Бауыржанның сүндет тойына шақырып, сонда эстраданың сүйемелдеуімен алғаш рет сол үйдің ауызғы бөлмесінде орындағанмын. Мақсат - жырды түсінбейтін жастардың санасына сіңіру болғандықтан әуенді құбылтып, тіпті түрки үн қосып айту керек болды. Ол кезде Омарды бір де бір Маңғыстаулық танымайтын болғандықтан, Омардың әуен-сазымен айтып тұрсам да, сөзі Сүгірдікі болғандықтан Сүгір жыраудың термесі деп аталып кетті. Ж.Қожықтың «зерттеуіндегі» Марат Ордабаев журналист сұрақтарына берген жауабы былай тұрсын, «Мен әкелген дүниені сен қайдан алдың?» деген сұраққа жауап таппай, «Адай» тобын алға салып, ат-тонын ала қашты. 1987 жылы Алматыда жазылып, Ташкентте басылған күйтабағымда да Сүгірдің даңқын арттыра түсу үшін Омардың сазын пайдаланғанмын. Осынау ұзақ толғаудың мен айтқан Омардың сазымен салынған бөлшегі бүкіл елге тарады. 1988 жылы «Маңғыстау» тобының құрамында Нұрболат Құдысов, Ұлықпан Жолдасов, Құдайберген Ахметовтердің өңдеуімен Алматыда өткен «Жас қанат» байқауында осы термені шығаруды ойладық. Ал сөзін философиялық тұрғыдан мағыналы және жыраулардың жазба дәстүріне сәйкес, ынтымақ пен бірлікті жырлайтын саяси астары бар Елбайдың сөзін Омардың сазына салып, «Сүгірдің термесі» деп орындадым. Өйткені басты мақсат - Мұрын жыраудан кейін алаштың арасында аты аталмаған аталарымыздың бірінің сөзі, бірінің әуені, бірінің аты атала берсін деген жершілдік жеткіншек көңіл еді. Сол жылдары Секен Тұрысбеков пен Қыдырәлі Болманов менің үйімде қонақ болған-ды. Сөз арасында Қыдырәлі Сүгір жыраудың бұл термесін Маңғыстаулықтар шектен тыс түркілендіріп жіберген екен деп, өзі өңдеп айтып көруге рұқсат сұрады. Біздің аяғымыз жете бермейтін алыстарға мүмкіндігі болып тұрған өнер тарландарына тағы да сол ниетпен осы нұсқаны жан-жақты орындап көрсеттім. Қазіргі таңда Қыдырәліден басқа ешкім де Елбайдың сөзін салып «Сүгірдің термесі» деп орындап жүрген жоқ. Сондықтан да «Қыдырәлінің орындап жүрген термесінің сөзі Сүгірдікі емес, Елбайдікі!» деп тағы қайталап айтамын. «Кesh you», Айгүл Елшібаева, Ақылбек Жеменей, Өмірқұл Айниязов, т.б. топтар мен жекелеген орындаушылардың барлығы Сүгірдің сөзін, мен салған Омардың сазымен айтып жүр. Қайткенде де бабаларымыздың атағы барған жерінде бас жүлде алмай келген жері тағы жоқ.
Отыз жасында 1931 жылы орыстың оғынан опат болған Елбай «Ауылға Сүгір келді деп...» деп айтуы есі дұрыс адамның санасына сияр ма? Яғни бұл менің екі атамыздың екі түрлі жырын бір әуенге (сазға, мақамға, әнге) салғандығымның кепілі. «Кез келген жырды кез келген әуенге салып айтуға ешкім тыйым салған жоқ,» деп айта отырып, Елбай шығармаларын менің қолыма 1980 жылы ұстатқан ұстазым – Ізбасар Шыртанов болатын.
Біз айтып жүрген, ел арасына кең тараған «Ауылға Сүгір келді деп» деген кішкене бөлшектің әуен-сазы (мақамы) Сүгірдің жиені Омардың Ноғайлық жырларын орындайтын әуені еді. Бұл әуенге мен білетін жерде Сүгірдің төл шәкірттері Қырықмылтық Бүркітбай, Құнанорыс Рейім, Бегей Жақсылық, Қосқұлақ Таңатарлар салған жоқ. Сөзіміздің дәлелі ретінде осы жыраулардың қай-қайсысының үнтаспаларда сақталған жазбаларын тыңдап талқыға салып қарайтын болсақ та, Омардың Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын келіні Алмаш апайда сақтаулы тұрған атасының жыр саздарымен сәйкес келмейтініне көз жеткізуге әбден болады. Бұл сазға Қобылаш салған. Қазіргі кезде оның шәкірті Ұзақбай Сахиевте салып жүр. Абыл, Нұрымды айтпағанда, Қарғабойлы Қазтуған, Сыпыра жыраулардан бастап, Қарасақал Ерімбет, Балқыбазар, Майлықожа, тіпті жақында ғана Солтүстікте 350 жылдығы аталған Қожаберген жыраулардың да бірде сөзі, бірде саз сарыны бірін бірі қайталап жатады.
Ендеше, «Ауылға Сүгір келді деп» Сүгірдікі, «Әләумет келдің алқалай» Елбайдікі, ал әуен Омардікі! Елбайдан саз қалған жоқ, сөз қалды. Мұны Сәттіғұл да мойындаған. Елбайдың сөздері біз тумай тұрып тасқа басылған.
Бұл туралы Аманқос Садықов пен Әділбай Жаниязовтардың бәлендей білігі бар деп айта алмаймын. Ал, Маңғыстау мақам саздарын мен арқылы ғана естіп білген Ақан Әбдуәліден бастап, сол хабарға қатысушы түгел өнерпаздардарға Елбай мен Сүгірдің қайсысы ақын, қайсысы жырау екендігі беймағлұм. Ал, Жәнібек Өтелгенұлы атасы Сүгірдің төл шәкірті Жақсылық жыраудың орындауында жыр әлемінің қалай «құбылғанын» естіп-білмей жүрген жоқ шығар. Елбайдан кейін 40 жылдан астам өмір сүрген Сүкем Елекемнің соңында қалмай, одан бұрын опат болған жоқ қой. Сүгірді Елбайға ерді деген ешкім жоқ.
Түрлі себептерге байланысты қысқарып қалған менің сөздерімді «Телқоңыр» мен «Айқынның» қателігі деп түсінбей, мені халыққа қарсы қойып, тырнақ астынан кір іздеген Ж.Қожық бауырымның түпкі мақсаты не екендігін түсінбедім және онымен арпалысып жатуды азаматтық арыма сын деп білемін.
Сүгірдің атын Америка аспанында қалықтатқаным үшін қай жерде де өзімді айыпты санай алмаймын!
Етектен тартып, ерсі қылық көрсету ерлердің ісі болмаса керек-ті... Өнбейтін даудың соңынан, өспейтін жігіт қуалар...
ҚР Мәдениет қайраткері
Амандық Көмекұлы
Abai.kz