Жексенбі, 8 Қыркүйек 2024
Не дейді?! 1255 2 пікір 17 Шілде, 2024 сағат 13:51

Сұңғатайдың даңғазасы мен Дайырбаевтың сұңқылы

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Кейде мақаланы жазайын деп жазбайсың. Баспасөзде жарияланып жатқан кейбір қисынсыз, кереғар пікірлердің өзі сұранып, сені соған мәжбірлеп отырған соң, еріксіз қолыңа қалам аласың. Үстелге жайғасып алып, енді жазуға кірісе бергенде, «Осыным дұрыс па? Дұрыс болған күннің өзінде, өзіңе-өзің жау тауып алмайсың ба?..» деген секілді сан сұрақ санаңды шымшылайды. Шынымен де, сау басыма сақина тілеп, қайтейін дейсің. Бірақ ішкі бұлқыныс, жаныңа шыдас бермейді. Содан нар тәуекелге мінесің де, додаға кіріп кетесің...

Жақында, дәлірек айтқанда, республикалық «Үш қоңыр» (№08, 02 наурыз 2011 ж.) газетінде Әбдеш Дайырбаевтың «Қытай жадыгерлері жанымызды жаулап жатыр» деген мақаласы жарияланыпты. Көп оқырманның бірі болып бұл мақаланы мен де оқып шықтым. Бірақ, мақала мені иландыра алмады. Кейбір келтірілген дәлелдер  шек баспайды, тіпті, кейбірі күлкімді келтірді.

Аталмыш мақала «Атақты Қаракерей Түбек ақын жады ауруынан өлген екен. Сол айтпақшы, қазір бүкіл қазақ халқын қытай жадыгерлерінің жәдігөйлік әрекеттері жаулап барады» деп басталады. Сонда Қаракерей Түбек ақынды кім жадылады? Ол қалай өлді? «Жадылау» бақсы-балгер, молданың ғана қолынан  келмеуші ме еді? Есіңізде болсын, рухани байлықтан адам баласы жадыланып өлмейді. Егер оның ниеті жаман, пиғылы басқа болса азғындатады. Сіздің: «Біз Мұхтархан Оразбайға өкпелеп жүргенде, оның соңынан іле-шала Зейнолла Сәнік деген шықты. Сөйтсек, қазақтан қытай, қытайдан қазақ жасайтын «сиқыршылар» көп екен» дегеніңізді қалай түсінеміз? Сіз сонда: «Қытай жадыгерлерінің жәдігөйлік әрекеттері қаптап кетті» деп Мұхтархан Оразбайдың Либайды «қазақ» деп баршаға жар салғанын, не болмаса Зейнолла Сәніктің М.Оразбаймен бір пікірде болып, сенатор Өмірбек Байгелдіге хат жазғаны, не болмаса Үрімжінің маңындағы Боғада көлінің жағасана қытаймен бірлесіп Қабанбай батырдың мүсінін орнатқаны үшін бе?! Жоқ, «Гоминдаңның өлкелік өкіметінде жұмыс атқарған Кәрім Әкірәми ағамыз: «Либай ақыны Елібай деп атау керек. Бүгінгі қазақ мемлекетінің ежелгі Үйсін хандығының жалғасы ретінде қабылдап, қазақ мемлекеттігінің 2500 жылдығын тойлау керек» деп жүріп, Алматыға келіп қайтыс болғандығы» үшін «қазақтан қытай, қытайдан қазақ жасайтын «сиқыршылар» көбейіп кеткен бе?! Егер сіз айтқандай шын мәнінде ұлт жасайтын  «сиқыршылық» қасиет оларда бар болса, Қазақстанның халқын түгел «қазақ жасап» алған болар едік-ау!? Олай болу мүмкін емес қой.

Сіз және «Қазір Қытайдың қылдай саясатына жадыланып жабысып, басы айналып, аузы ашылып қалғандар Қазақстанда қаптап жүр» дейсіз. Қаптап жүргендер кім? М.Оразбай, З.Сәнік және Д.Мәсімханұлы ма дейін десек, бірақ сіз оларды «сиқыршылардың» қатарына қосып жіберіпсіз. Жоқ, осы сиқыршыларға сеніп, басы айналып, аузы ашылып жүргендер Әбдімәлік Нысанбаев, Тұрсынбек Кәкішев пен Өмірбек Байгелдиін бе? Бар болғаны З.Сәніктің: «Мен 1980 жылдары жаңа Қытайда «Батыс өңірі ақындары» деп аталатын 70-тен артық ақынның жырын қазақшаға аударған едім. Бұлардың арасында қаңлы ақыны Бұқтым, қыпшақ ақыны Сарын, қарлұқ ақыны Нэйжан, т.б. бар еді» деп сенатор Ө.Байгелдінге хат жазғандығы үшін, не болмаса: «Мұралар нені айтады» жинағымнан Тұрсынбек Кәкішев ағамыз төте жазудан кириллицияға түсіріп, өзінің жоғары оқу орындарына арналған «Қазақ әдебиетінің ежелгі тарихы» атты екі томдық оқулығына енгізген екен» дегені үшін «басы айналып», «аузы ашылғандар» болып кеткен бе? Сол себептен бе, сіздің: «Мәссаған, безгелдек! Мұқхтарханды жалғыз Либай – Елібайынан шошынып шуласып жүрсек, Зейнолла Сәнік пен Тұрсынбек Кәкішов он неше Либайді – қытай ақынынан қазақ етіп, жоғары оқу орындарының оқулықтарына енгізіп те тастапты. Ал мұнымен қаншама қазақ студенттерінің миы уланды – қытайланды десеңізші?!» – деп сұңқылдайсыз. Одан сіз қорықпаңыз, тәуелсіз елдің саналы ұландары ешқашан ханзу болып кетпейді. Либай бастаған он неше қытай ақынның қазақшаланған өлеңдерін оқығаны үшін студентердің «миы уланды – қытайланады» десеңіз ақылға симайды.

Егер Қытайтанушылар жаңағы сіз айтқан он неше ақынды шын мәнінде «қытай ақындары арасынан тегі қазақ болған ақындарды дәл танып» өзімізге қайтарып «оралман» жасай алса, онда нұр үстіне нұр болмай ма? Бірақ болары болып, бояуы сіңіп кеткендерді қайтару мүмкін емес шығар... Алайда З.Сәніктің: «Либай ақын туралы таласты зерттеу 1960 жылдары Шаңхайда шығатын «Уынхұйбау» әдебиет газетінде көтерілген болатын. Ақыры олар «Либай – батыс өңір адамы, Орта Азиялық түркі әулетінен» дегенге тиянақтады» дегенін қалай біз жоққа шығарамыз.

Ә.Дайырбаев ағамыз: «Зейнолла Сәнік деген кім?» деп сұрақ қояды да, оған «Зейнолла – Қытай Халық Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, қытай тілі мен әдебметінің маманы, аудармашы, Қабанбай танушы. Қабдеш Жұмаділовтың бауыры», – деп өзі жауап береді. З.Сәнік Қытай Жазушылар одағының мүшесі, Қабанбай таныушы, тіпті Қамдеш Жұмаділовтің бауыры болса, онда тұрған не бар? Қабдештің кәсібін, атағын сіз таныстырып жатпасаңыз да, былайғы жүрт ол кісіні жақсы біледі емеспе. Ал, қайта айналып кеп: «Зинолла – ханзу танушы, Қабанбай танушы» дегеніңіз қай саққаныңыз. Осының алдында ғана Зинолла туралы толық қанды анықтама бердіңіз ғой. Оны қайталаудың қажеті қанша? «Мұхтархан – Либай танушы, ханзу қайраткері» дегеніңіз де негізсіз айта салған сөз секілді. Мұхтархан Либай танушы болса болған шығар, Бірақ «ханзу қайраткері» деген атақты оған кім бере салды екен?!

«Бұл үшеуі де Найманның баласы, Қытайдың Тарбағатай аймағы, Дөрбілжін дейтін ауданнан. Біреулері қытайларды ашық мақтайды, енді біреулері өтірік даттайды» депсіз. Қабдеш, Зейнолла, Мұхтархан үшеуі де Найманның баласы болса – олар бір рулас туыс, қазақтың баласы болса – олар қандас бауыр, адамның баласы болса – олар таныс-біліс, жоро-жолдас болғаны ғой. Егер жерлес болса, тіптен жақын болған екен. Қытайды «ашық мақтаса» да, «өтірік даттаса да» одан бірдеме өзгере ме?!

«Бір кезде қырғыздарды қынадай қырған батыр атамыз Қаракерей Қабанбай  Абылайдың бас саудагері болып, Үрімжіге жылқысын айдап барып, қытайға өткізіп, олардың берген торғын-торқасын Абылайға әкеліп беріп отырған ғой» дегеніңізді қалай түсінсек екен? Сонда, Қабанбай қырғыздарды қынадай қырғаны үшін кінәлі ме? Ал қырғыздар қазақтың соңғы ханы Кенесарының басын кесіп алғанын мақтанышпен айтып, жазып та жүрген жоқ па?! Біз Қабанбайды бұрын қол басшы, халық батыры ретінде жақсы білсек те, оның еларалық үлкен саудагер, депломат екенін қалай білмей қалғанбыз? Бұл біз үшін үлкен мақтаныш қой. Ал «Әне, сол Үрімжіде, Боғда тауы, Боғда көлінің жағасында Зейнолла мен қытайлар батырдың мүсінін орнатыпты» дегеніңіз жағымды жаңалық екен. Егер З.Сәнік ағамыз ханзуларды Қабанбайдың мүсінін тұрғызуға көндіргені үшін, біз  ол кісіні мақтан тұтуымыз керек қой. Қытай жерінде Қабанбай бабамыздың мүсіні тұрудан артық не бар.

«Ал Қабдеш Қазақстанда Қабанбайдың алып мүсіндерін жеті жерге орнатыпты» дегеніңіз жол болсын! Қазақстанның 14 облысы мен 5 қаласына батырдың мүсінін тұрғызса да көптік етпейді. Не үшін оны Наймандар ғана ардақтап, хан көтеріуі керек?! Сондықтан біз Қабанбай ғана емес, тарихта өткен барлық батыр бабаларымызды бүкіл ел болып, халық болып ардақтауға міндеттіміз.

Сіз және: «Қабекең бүкіл Қазақстан бойынша «Қабанбай қорының» президенті, Қаракерей кәсіпкерлерінің төрағасы, Қаракерей тарихшыларының көсемі... Бірақ осының бәрін ол үндемей отырып «басқарады» дейсіз. Қазір Қазақстанда не көп – қоғамдық қор көп. Қ.Жұмаділовтің қоғамдық қордың президенті бола ма, көсемі бола ма, төрағасы бола ма, онда елдің не шаруасы бар?! Қазақта «үндемеген, үйдей пәледен құтылады» деген сөз бар. Қ.Жұмаділовтің бірнеше қорды «үйінде үндемей отырып» басқаруы, оның ақсақалдығын білдірсе керек. Ақсақалын құрметтеген, ардақтаған, қариясына бағынған текті халықтың ұрпағымыз ғой.

Ал енді Дүкен Мәсімханұлы Әбдімәлік Нысанбаевтың «Екі мың жылдың дала жыры» атты кітапқа Кегменер үлге ұлы деген ақынның өлеңін қазақшалаған үшін айыпты ма?!  Археолог, тарихшы Сағынтай Сұңғатай:  «Түркі тарихында Кеменер үлгі ұлы деген ақын болған емес. Бұл – түрік деп (шындығы көне ұйғыр деп) қолдан жасалған ақын. Қытай ғалымдары саясат үшін ойлап тапқан. Осы өтіріктің антологияға еніп кетуі – сүйекке таңба» деп гәпіріпті. Қытай ғалымдары қандай айламен ойлап тапса да, оны (Кегменер үлгі ұлын) кезінде Қытай тарихына «түркі ақыны» деп жазып қалдырған болса, онда оны Д.Мәсімханұлы «Екі мың жылдың дала жырына»  кіргізіп азаматтық танытыпты. Дүкеннен басқа біреу болса да, осылай істеген болар еді. Оған бола «сүйекке таңба түсірді» деп аспан айналып жерге түскендей аттандаудың қажеті шамалы. Мен Ә.Дайырбаев көлденең тартқан С.Сұңғатайдың республикалық «Қазақстан» газетінде жаряланған «Біздің Қытай танушылар ғылымды неге былғайды» деген мақаласын көрген де, оқыған да емеспін. Автордың өзі: «Біздің Қытай танушылар ғылымды неге былғайды», – деп өзі айтқандай, бірінші болып ғылымды былғап жүргендер Қытай ғалымдары емес пе? Мұны С.Сұңғатайдың өзі де: «1971 жылы Пекиндегі мемлекеттік Гугың мұражайында... Шыңжаңның Чарқылық ауданындағы көне Миран қаласының жұртынан (Лобнор маңайы) қытай археологтары (Шыңжаң тарих мүзейінің қызметкерлері) 1959 жылы тауып алған деген дақпыртпен екі парақ қытайша «қолжазба» тұңғыш рет елге көрсетіледі» деп мойындап отырған жоқ па?! Қазақта «Су басынан тұныйды» деген нақыл сөз бар. Содықтан мұны алдымен (қолдан келсе) Қытайдың тарихынан бастап тұнытуымыз керек. Білгір тарихшы, археолог С.Сұңғатай Қытайда жүргенде осы мақаласын ханзу тілінде жазып жарялау керек еді. Сонда Қытай ғалымдары мен зерттерттеушілері оған қандай уәж айтқан болар еді?.. Енді келіп, «жерден алты қоян тапқандай» ғылымды сүзгіден өткізгісі келген С.Сұңғатай қалай түсінуге болады?! 1971 жылы Бейжіңдегі Гугың мұражайында «1959 жылы тауып алған деген дақпыртпен екі парақ қытайша «қол жазба» тұңғыш рет елге көрсетілді» деген секілді, бұл да Сағынтайдың бізге жасап жүрген «даңғазасы емес пе?» деген ойға қаласың.

Ә.Дайырбаев мақаласында С.Сұңғатайдың: «Сонымен 70-80 жылдары бұл «ақынның» өлеңдері мен ол туралы зерттеулер Қытайда ұйғыр тіліне аударылады. Онда қытай иеролифіндегі Кан-ман-эр ақынның аты Кәкменер, Кәмәр, Құмар деп әртүрлі көрсетіледі» дегенін көлденең тартады. Демек, Кегменер үлгі ұлын ұйғырлар «біздің ата-бабамыз» деп өз тіліне тәржімалағаны айдан анық. Өйтекені ол ақынға қазіргі түркі тілдес халықтың кез келгенінің таласуына әбден хақысы бар. Ал С.Сұңғатайдың: «Бұл ақын Қытайдағы саяси науқанның таптырмас құралы болды. Ұлттардың «Тарихи ынтымақтастығын» дәріптеу, шағын ұлттарды ассимиляцияға, советтік шовинизмге қарысы тұрудың идеологиялық қаруы болды» дегені қай сасқаны. Егер мен бірдеме білсем, ешқашан «бұл ақын Қытайдағы саяси науқанның таптырмас құралы» немесе «советтік шовинизмге қарысы тұрудың идеологиялық қаруы» болған емес. Бұл С.Сұңғатайдың «тисе терекке, тимесе бұтаққа деп айта салған болжамы ғана. Егер Қытай ғалымдары түркілерден шыққан ақын Кегменер үлгі ұлының өлеңдері арқылы ұлттардың «тарихи ынтымақтастығын» дәріптеп», «шағын ұлттарды ассимиляцилауды» мақсат еткен болса мүлдем қателескен екен. Өйткені «ассимиляцияға» түскен ұлттарды (Шыңжаңдағы ұлттарды айтып отырмын) бүгінге дейін өз басым көрген емеспін. Ассимиляцияға түсу дәуірі міне, енді басталды. Бұған мысал ретінде бігінгі Қытайдың жаппай аз санды ұлт мектептерін жабып, «қостілді оқу-ағартуға»  шындап кірісіп, мемлекеттік тілдің үстемдігін күшейтіп жатқанын айтуға болады...

Ә.Дайырбаев одан ары қарай тағы да Сәукетайды былай сөйлетеді: «1976 жылы Мао Цзедұң қайтыс болды. 1978 жылы өткен 3-ші пленумнан кейін Қытайда экономикалық реформа, бірер жылдан соң саяси идеологиялық жаңарулар басталды. Мәдени төңкерістің қателіктері сарапқа салынады. Сол тұста Қытай ғалымдары Кан-ман-эр өлеңдерін де талқылап, оның шикілігі туралы пікір айта бастады». Міне, қызық енді басталғандай. Сонда Қытай ғалымдары Кегменер үлгі ұлын түркілерге теліп жіберген саясатқа нәлет айтып, өздеріне қайтарып, «оралман» жасамақшы болды ғой, сірә. Себебі, Қытай ғалымдары «мәдениет зор төңкерісі» кезінде Кегменер үлгі ұлы емес, «байтал түгіл бас қайғысымен болып», «балапан басына, тұрымтай тұсына» тентіреп кеткен болатын. Әсіресе, әдебиетшілер мен тарихшылардың көбі саяси науқанның жазықсыз құрбаны болды. Бұған дәлел ретінде Ә.Дайырбаевтың мына сөзін мысалға алсақ та жетіп жатыр. Ол: «Ал Го Мороға келсек, оны сол мәдени революция кезінде Хувибиңдер (қызыл қорғаушылар) аузы-мұрнын қан жалатып ұрып, кітаптарын тау-тау етіп үйіп, өз кітаптарын өзіне өртеткен. Маошылардың айтқанын істеуге мәжбір болған ұлы адам. Осы қасіретті оқиғаны естігенде мен айдалаға барып алып, әкем өлгендей ағыл-тегіл жылағанмын», – деп күңіренеді.

Сағынтай дұрыс айтып отыр, 1978 жылы Дың Шаупиң билікке келе бастағаннан кейін Қытай ғалымдары есін жиып, қайта түлеп, ғылыммен айналысу мүмкіндігін алды. Бірақ, «Өтіріктің түбіне жеткен – профессор Ян Яань. Кан-мен-эр өлеңдеріне бұрыннан күманмен қарап келген ол 1982 жылдан 1991 жылға дейінгі бақандай сегіз жылын сарып етіп, оның шылғи фальсификация екенін дәлелдейді... Бүкіл Қытайды дүр сілкіндіреді» дейді С.Сұңғатай. Сонда қалай? Жаңа ғана «Қытай ғалымдары» деп жалпылама айтып отырған Сағынтай мырзамыз: «Ян Яань сегіз жыл бойы асқан табандылықпен зерттеп, осы мәселемен Үрімжі қаласына 4-5 рет келіп, үлкен тексеру жүргізді». «Кан-ман-эр өлеңінің шын авторы мен көшіруші каллиографты тауып, фальсификация жасаған қызметкерлерді мойындаттырып тынады... Қолдарынан қағаз алады» дегені адамды екі ұшты ойға қалдырады. Егер С.Сұңғатайдың айтқаны шын болса, онда Кегменер үлге ұлы осы жолы шынымен-ақ саясаттың құрбаны болған екен. Ян Яань өлеңнің «шын мәніндегі авторын тауып, фальсификация жасаған қызметкерлерді  мойындатып, қолдарынан қағаз алса» Әбдеш Дайырбаев айтқан «сиқыршының» дәл өзі Ян Яань болып шықпай ма?! Оның үстіне бәрін мойындататындай құдыретті оған кім беріп отыр? Әңгіме осында... Ол тарих үшін емес, өз ұлты үшін, өз елі мен халқы үшін жанын салған жанкешті адам екен. Ол Кегменер үлгі ұлын түркілерге басы бүтін бере салғысы келмепті. Болмаса бәрін біржерден тауып «мойындату» деген қандай таңғаларлық сәйкестік десеңізші?! Бұл әлі зерттелетін тақырып, өйткені, жалғыз Ян Яаньның зерттеуімен бұл мәселе осымен тамам болмаса керек... Бұған нүкте қоюға асығып, шыр-пыр болып араша түсіп жүрген тек Сағынтай Сұңғатай ғана.

С.Сұңғатайға Құдайдай сенген Ә.Дайырбаев:  «Міне, енді жалған ақын, өтірік өлең, өшкен дауды 20 жылдан кейін Қазақстанға әкеп таратып тұрған кімдер? Ол не үшін керек болды?» деп сұрақ қояды да, оған өзі: «Қытай жағынан бұл әрине, өте түсінікті. Оны олар жасырып та отырған жоқ. Анау арғы заманнан бері айтып, картаға да түсіріп қойған. Ауық-ауық еске де салып қояды. Ашық даулаудан әдейі қасшып, әр түрлі жымысқы, өтімді әдістер қолдануда. Аңқау академиктерімізді, ашық ауыз сенаторларымызды пайдалануда» деп жауап береді. Көріп отырсыздар. Бұдан менің түсінгенім қытайлар «әртүрлі жымысқы, өтімді әдістерін қолдану» үшін М.Оразбай, З.Сәнік, Д.Мәсімханұлы, тағы басқаларды арнайы тәрбиелеп, Қазақстанға «руханияттың жансызы» етіп жіберген болып шықпай ма?  Сондықтан олар жанын салып «аңқау академиктер» мен «ашық ауыз сенаторларды» сыйқырлап әлек болған секілді, мыс. Олай болу мүмкін бе, әй қайдам?!

Мен М.Оразбайдың Бейжіңнен Түркияға барып, онда 4-5 жыл аялдап Қазақстанға келгенін шет жағалап білемін. Зинолла Сәнік ағамыз зинеткер адам, Қытайда тұрамын десе де, Қазақстанда тұрамын десе де ерік өзінде. Ал Дүкен Мәсімхан Қазақ Еліне қалай келгені туралы ризасыз көңіл күйін: «...Бір күні әдеттегідей «Азаттық» радиосына құлақ төсеп отыр едім, беріліп тұрған хабар аяқталмай, ортан белден үзілді де: «Сүйінші, Алаш жұрты! Сүйінші, қазақ баласы! Қазақстан тәуелсіздігін жариялады!» деп әрі қарай хабарды оқи алмай, әлгі дауыс өксік атып, жылап жіберді. Дауыс – марқұм Хасан Оралтайдың даусы. Ол кісі: «Кешіріңіздер!» деп сөзді қайта жалғады. Әрі қарай не айтқаны есімде жоқ. Себебі, жаңағы сөзден кейін мен ес-ақылымнан адасып қалдым. Күлемін. Жылаймын. Қайтадан күлемін. Қайтадан жылаймын... Төрге шалқамнан құлай кетіп домалаймын, қарғып тұрып секіремін. Ысқырамын. Айғайлаймын. Егер сол кезде қасымда біреу қарап тұрса, еш күмансыз жынданды деп ойлаған болар еді... Бірақ есімді тез жиып, достарыма тартып кеттім. Ол заманда ұялы телефон жоқ, тіпті жай телефонның өзі бастықтардың үйінде ғана болады. Қаланың о жақ, бұ жағындағы достар жиналдық. Кешке қарай қолдан бір «туған күн» жасап, қала шетіндегі бір жолдас жігіттің үйінде тойладық. Кеш барысында сонда отырған бәріміз «Ертеңнен бастап төсек-орнымызды буып, Қазақстанға кетудің қамына кірісеміз. Паспорт жасата алмасақ, шекара бұзып қашып өтеміз» деген уәжге тоқталдық. Уәде осы болды да ертеңінде түске таман тарастық. «Жаман уәдеге берік» дегендей, қашпай-ақ, шекара бұзбай-ақ, солардың ішінде мен бірінші болып, 1992 жылдың соңында Қазақстанға оралдым» («Қазақ әдебиеті», №1-2, 14.01.2011 ж. «Елден елдің несі артық») деп жазыпты.

Мұны оқыған кез келген адам «Қытайдың алғашқы көшін Қ.Жұмалілов «мен бастадым» деуші еді, осы жолғы көшті Д.Мәсімханұлы бастаған екен ғой» деген ойға қалары сөзсіз. Бірақ Д.Мәсімханұлы достарымен Қазақстанға қашудың қам-харекетін ойласып жүргенде, Іле өңірінен алғашқы көштің басы Қазақстанға бет алған болатын. Бұл маған Вольтердің: «Ақыл-ойы  төмен адамдардың мәртебесі – үнемі өзін-өзі мадақтау да, ал өресі биік адамдардың мәртебесі – өзі туралы ләм деп жақ ашпау» деген сөзін еріксіз есіме салды.

Қ.Жұмаділовке қайта оралған Ә.Дайырбаев: «Ерте заманда Қабекеңнің ата-бабалары қытай шанжаңдарымен (аудан әкімімен) дос болып, жер-су марапаттар алған екен» (Ж.Д). Адам баласы бір-біріне дос болуға міндетті. Ал жер шарының қай жерінде жүрсе де, елі үшін, халықы үшін, тіпті, отбасы үшін еңбектенсе, ол адамзат өркениеті үшін еңбек сіңірген болып есептеледі. Бұл шариғат заңына да томпақ емес. Сондықтан Қабекеңнің ата-бабалары Қытай әкімдерімен дос болып, жер су алып марапатталса оның іскерлігін, еңбегінің еш кетпегенін көрсетсе керек. «Ал өзі 1952 жылы белсенді демсомол (бізше комсомол) болып, жер роформасына, байларды конфескелеуге қатысып, көзге түскен» (Ә.Д). Қ.Жұмаділов Қытайдың белсенді комсомолы болса, оған ол кінәлі емес. Соған баруға мәжбірлеп отырған Қытайдың СССР-дан үйренген байларды конфескелеу саясаты. Тоталитарлық жүйе мен саясат адамға не істетпеді? Қазірдің өзінде тәуелсіз Қазақ елінде Кеңестік дәуірден қалған белсенді комсомалдар қаптап жүрген жоқ па? Ал Қытайдан елге оралып келіп жатқан, сол елде тұрып жатқан қандастарымыздың арасында да ондай белсенділер көп. Сол үшін олар кінәлі болуы керек пе?!.

«1955 жылы орта мектепті үздік бітіріп, Қытай студенті ретінде СССР-ға, Алматыға, Қаз ГУ-ге оқуға жіберілген. 1956 жылы Қытай студентері атынан Масквадағы Қытай елшілігінің ұйғаруымен «Бүкіл дүниежүзілік жастар мен студенттер фестиваліне» қатысқан» (Ә.Д). Мектепті үздік бітірген оқушыларды шетелге оқуға жіберу әлемнің барлық елінде бұрын да, қазір де бар. Қ.Жұмаділовтің қайта сол тізімге ілініп, Алматыға келіп оқуының өзі неге тұрады. Ал оның Қытай елшілігінің ұйғаруымен Мәскеудегі «Бүкіл дүниежүзілік жастар мен студенттер фестиваліне» қатысуы да заңды. Біріншіден, ол – Қытай азаматы, екіншіден, ол – озат студент. Соның арқасыда болса керек, қазір Қабдеш Жұмаділов ірі жазушыға айналды. Көптеген кесек шығармаларын халқына тарту етті. Қазақстан мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық жазушысы атанды.

Қ.Жұмалілов туралы сіз және: «Қазір Алматыдағы «China touwn» – Қытай кварталындағы мейрамханада той болса барып қатысып тұрады. Мысалы, өткен жылы Қажытай Ілиястың тоқалынан туған үлкен ұлын үйлендіріп, сонда той жасады. Оған Қабдеш те, Алматы қаласы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бастығы Кенжехан Матыжанов та, мен де қатыстым» дейсіз. Қ.Жұмаділов «China touwn» – Қытай кварталындағы мейрамханаға барса жерлесі, ақын досы Қажытай Ілиястың келін түсіру тойына барыпты ғой. Оның ішінде өзіңіз де бар екенсіз. Егер одан бұрын, не кейін Қабдеш  «China touwn»-ге таныс-білісі, туыс-туғаны, жегжат-жұратының тойына барған шақыр. Болмаса қайсы ханзу Қ.Жұмаділовті қонақасына, тойға шақырды екен? Сонда «China touwn»-ге тойға барғанның бәрі қытайшыл болғаны ма?

Күлкілі жағдайға енді келген сияқтымыз. Ә.Дайырбаев мынандай бір аңыздың шетін шығарады. Ол шімірікпестен: «Баяғыда Жұмаділ ақсақал бір қытай баласын асырап алыпты. Сол осы Қабдеш екен дейді. 1930 нешінші жылдары Маоның туған інісі, революционер Мао Зеймиң Үрімжіде тұрған ғой. Оны 37 жылдары Чын Сысәй дейтін Гоминдаң губернаторы атқызып жіберсе керек. Бұл – әне сол реводюционер Мао Зеймиңның баласы Хао Зеймиң екен деседі», – деп соғады.  Мао Зеймин қайда, Жұмаділ ақсақал қайда? Мұнда ешқандай қисын жоқ. Мао Зеймиңнің памиласы «Мао», өз аты «Зеймиң». Сондықтан ол баласының атын «Хао Зеймиң» деп қоймайды. Бұл ханзудың ат қою логикасына мүлде келмейді. Сол себепті, мұны Әбдеш Дайырбаевтің әншейін жердес замандасына айта салған қалжыңы болар деп түсінген дұрыс сияқты.

Аталмыш Мақаласын Ә.Дайырбаев: «Сөз соңында қойылатын жалғыз сұрағым бар: «Зейнолла кезінде қытай болып кеткен 70-тен артық ақын бар екен» дейді. Мың жылдан бері олардың ұрпағы кемінде 70 мың болады. Ертеңгі күні, сол 70 мың қытай: «Біз сол ақын аталарыңыздың ұрпағы едік, қабылдаңыздар!» – деп жетіп келіп, қиғылық салса не істейміз?», – деп қатты алаңдайды. Егер олар ата-тегін біліп, қазақ екендерін мойындап: «Біз сол ақын аталарыңыздың ұрпағы едік, қабылдаңыздар!» десе құшақ жая қарысы алуымыз керек. Қазақтың саны 70 мың «шыт жаңа жаңа оралманмен» көбейіп жатса неге қуанбасқа!?

Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

2 пікір