Интернет-конференция: Жүрсін Ерман (3-жауап)
Жүрсін Ерман мырза оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап беруін жалғастырып отыр.
Қазіргі айтыскер ақындар туралы сауалдарға жауап бере келіп, Жүрсін Ерман: «қазіргі сахнада жүрген ақындардың көбін тек сахнадан көру керек. Өмірде көруге ынтығудың қажеті жоқ. Өйткені, пендешіліктен аса алмаған ақындар көп. Сахнадан көсемсіп сөйлеп, өмірде өз позициясын ұстай алмай, кісілікке жарамаған ақындардан не күтуге болады?! Бұрынғының ақындар кесек болатын. Сөзге тоқтайтын. Мен жеңілдім деп орнынан тұрып кететін Баянғали сияқты ақындар қазір жоқ. Астында жығылып жатса да жағадан жармасып, жүлдеге жету үшін жанын қиятын ақындар бар. Осыдан шошимын», деп бүгінгі айтыскерлердің кейбір мінездерінен қауіп ететін айтады.
- Дүниеден кеше ғана өткен Есенқұл туралы бір жылы естелік айтып беріңізші. Есенқұл ақын сізді несімен баурады?
Жүрсін Ерман мырза оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап беруін жалғастырып отыр.
Қазіргі айтыскер ақындар туралы сауалдарға жауап бере келіп, Жүрсін Ерман: «қазіргі сахнада жүрген ақындардың көбін тек сахнадан көру керек. Өмірде көруге ынтығудың қажеті жоқ. Өйткені, пендешіліктен аса алмаған ақындар көп. Сахнадан көсемсіп сөйлеп, өмірде өз позициясын ұстай алмай, кісілікке жарамаған ақындардан не күтуге болады?! Бұрынғының ақындар кесек болатын. Сөзге тоқтайтын. Мен жеңілдім деп орнынан тұрып кететін Баянғали сияқты ақындар қазір жоқ. Астында жығылып жатса да жағадан жармасып, жүлдеге жету үшін жанын қиятын ақындар бар. Осыдан шошимын», деп бүгінгі айтыскерлердің кейбір мінездерінен қауіп ететін айтады.
- Дүниеден кеше ғана өткен Есенқұл туралы бір жылы естелік айтып беріңізші. Есенқұл ақын сізді несімен баурады?
- Есенқұлдан бастайық. Есенқұл – кешегі 80-90 жылдары айтыстың телевизиялық нұсқасын жасап, айтыс өнерінің еңсесін көтеріп жатқан кезде өлшеусіз үлес қосқан адам. Өте талантты адам болды. Есенқұлдың айтыста айтқан иірім-қайырымдары әлі күнге дейін халықтың аузында жүр. Талай ақын оны өзіне ұстаз санады. Есенқұл айтыстағы өзінің тарихи миссиясын орындағаннан кейін жазба поэзияға ауысып кетті де, керемет биіктерге шықты. Есенқұлдың поэзиясы – халықтың поэзияға айналды. Ақын ретінде көркемдік құралдары мол болатын.
Ақкөңіл адам еді. Сондай мінездері үшін, әдемі сөздері үшін жақсы көрдік.
Есенқұл сияқты сонымен қатарлас ақындар болды: Әселхан, Әсия, Мұқаш Қожахметов. Осылардың барлығы шама-шарқы келгенше халықтың алдындағы парызын өнерімен орындаған адамдар. Оларды ешкім біздің руханияттың тарихынан сызып тастай алмайды. Біреуге жағар, біреуге жақпас. Жаңағы Аманжолды күстаналаған сияқты, бұлардың да артынан ит қосып жіберуге дайын отырған қазақтар көп.
Айтыстан кетіп қалған ақындар болды. Осыдан он шақты жл бұрын Талант Арғынғали деген ақын болды. Айтысқа тамаша талантымен келіп қосылды. Сөйтіп жүріп, ол біраз уақыттан соң, той басқаруға – асабалыққа ауысып кетті. Әрине, той, той бизнес дегенде керек. Бірақ, өлеңдерін арзандатып, айтыстан шеттеп қалды. Мен оған талайдан бері айтым жүрмін: «әй, шырағым, той басқаруды қойып, өнерге келсейші. Өзің айтыстың бел баласысың. Өлеңің де, сазың да, даусың да жақсы». Жақында келіп, менің бір кітабымды алып кетіп еді, соған мынандай қолтаңба жазып бердім:
Талассыз Талант Арғынғали інім,
Дарылдай беру дарынға қиын.
Өлеңге орал, өнерге қайырыл,
Басыңда әзір барында миың.
Әр ақынға қазына деп қарауымыз керек. Өйткені күнде ақын туып жатқан жоқ. Қазір Қазақстанда белсенді айтысып жүрген ақындар жүздің о жақ, бұ жағында ғана. Оның ішінде ақындардың талант, қарымы әртүрлі. Іріктеп жіберсе, 25-30 ақын болар. Бұл да аз емес. Солардың әрқайсысына жанашырлықпен, бауырмалдықпен қарасақ, соңынан ит қосып қумай-ақ. Біздің қазақтың ең жаман мінезі сәл артылып бара жатса, күндегіміз келіп тұрады.
Адамға жанашырлықпен қарауға бір-ақ мысал айтайыншы. Осыдан бір ай шамасы бұрын ба, Сауытбек Әбдірахманов деген менің құрдасымның «Егемен Қазақстанға» Асанәлі Әшімов туралы екі бет материалы басылды. Асанәлімен мен де отбасыммен араласамын. Жақсы көрем. Қазақтың абызы. Сыйлаймыз. Енді оның да пендешіліктері бар. Бірақ, Сауытбектің екі беттік материалын оқып отырсаң, Асанәліні асқар биікке шығарған. Қазақ рухниятының абызы деңгейіне көтеріп, жіптіктей ғып, оның өнерін, білімдарлығын, мінезін, қасиетін бәрін келтірген. Оқып, қатты қуанып, Сауытбекке телефон шалдым: «Айналайын, Асекеңді мен де білуші едім. Сен тіпті биікке көтерген екенсің, енді осы биіктен түсірмейік» дедім. Ал, біз сөйтіп бір-бірімізді құрметтеудің орнына қайтсек құлатамыз деп жанталасамыз. Бекболат деген тақырыпқа оралмаймын дедім, амалсыз айтасың тағы да, оның аяғын шалушылардың қаншамасы шығып жатыр, қандай ауыр-ауыр сөздер айтып жатыр. Ұят қой. Ұят шаруа көп қазақта.
- Қазіргі айтыскер ақындар ащы шындықты қаншалықты айта алады?
- Осы ащы шындық, ащы шындық деген не? Аспаннан шындық келмейді. Қоғамда не болып жатыр, не нәрседен кемшілік көріп жатырмыз, сол ғой айтайық дегеніміз. Оны айту ақынның біліміне байланысты. Біздің көп ақындар ізденбейді. Дайындалмайды. Материал жинамайды. Баяғы кеңестің кезінде ақындар бірінің облысын бірі аралап, мақтау да, сынау да сол бойынша айтылатын еді ғой. Қазір шапанын жамылып, домбырасын арқалап айтысқа барады да, бірдеңе ғып жүлде алу үшін өлең айту басталады. Өмірді, өмірдің бояусыз шындықтарын білмегеннен кейін көп нәрсе айтылмай қалып жатады.
Ауызға жиі түсе береді, кешегі желтоқсандағы айтыста айтылған үш-төрт-ақ нәрсе болды ғой. Соны бәрі шиырлап айта береді. Ол – ақынның білімсіздігі. Әрине, биліктің айтысында ананы айтпа, мынаны айтпа дегендей цензура болады. Біз өткізіп жүрген дербес айтыстарда ешкімнің аузына қақпақ қоймаймыз. Керісінше, сахнаға шығар да қомдап жібереміз. Сен айтарыңды айтуға серт, біз соны тыңдауға серт. Жапа шексек, содан шегейік.
«Айтып өткен ақын да арман бар ма,
Жүрегінің түбіне кір жасырмай» деп Мұқағали айтпақшы, еркін айтыстарда ақындар айта алса, аузына ешкім қақпақ қойып жатқан жоқ деп ойлаймын. Бәрі ақынның деңгейіне байланысты.
Көрерменнің деңгейі ақынның деңгейінен де төмен болып отырған уақыттар да көркем өлең де қадірсіз болады екен. Ақынның аузынан алтын төгіліп жатса да, «сыйлықты кім алады?» деп пендешілікпен отырған көрермен сөздің де қадіріне жетпейді. Сөздің қадірі кетеді. Айтысты көру үшін өзің де дайын болуың керек, ішкі дайындығың, ішкі парасат-пайымың болуы тиіс. Қазақтың арғы-бергі дәстүрін, қалжың сөзді түсінетін деңгей болуы керек. Соған жетпеген көп көрермендер бәлелі сұрақтарын қойып жатыр ғой деп түсінемін.
- Айтыс ақындарынан кімдерді сағынасыз?
- Бір ақынды айтайын. Әбдікәрім Манап деген ақын болды. Кешегі Манап Көкеновтың баласы ғой, баяғыда әкесімен айтыстырғанбыз. Сол Әбдікәрім қандай көркем ақын еді. Айтыстан кетіп қалды. Қайтып қайырылта алмай қойдық.
Өмірден өтіп кеткен ақындар бар. Кешегі Ерік Асқаров қандай ақын еді! 90-ншы жылдары бір ауыз сөзімен елді үйіріп алып, отырғызып, тұрғызатын. Шынболаттың шындықтары қандай еді!
Сағынғанда – шошынатыным, қазіргі сахнада жүрген ақындардың көбін тек сахнадан көру керек. Өмірде көруге ынтығудың қажеті жоқ. Өйткені, пендешіліктен аса алмаған ақындар көп. Сахнадан көсемсіп сөйлеп, өмірде өз позициясын ұстай алмай, кісілікке жарамаған ақындардан не күтуге болады?!
Бұрынғының ақындар кесек болатын. Сөзге тоқтайтын. Мен жеңілдім деп орнынан тұрып кететін Баянғали сияқты ақындар қазір жоқ. Астында жығылып жатса да жағадан жармасып, жүлдеге жету үшін жанын қиятын ақындар бар. Осыдан шошимын. Қазақтың кісілік болмысы, дәстүрі қайда?
Наурыз айында «Қазақ, қайда барасың?» деген айтыс жасайтынымды айттым ғой. Сол айтыста жаңағы айтқан дүниелер қозғалса деймін. Бізге саяси мәселелерді көтере бердуің онша қажеті де жоқ. Ұйиын деп отырған қазақ деген ұлттың негізгі қасиеттерін саралап беруіміз керек. Біз неге ұмтылуымыз керек, неден жиренуіміз керек? Осының бәрі айтыстың үстінде айтылуға тиісті. Айтыстың сөзі өтімді. Сондықтан қазақтың қалпын сақтайтын дүниелер айтыста айтылғаны жөн. Айтыстың құралдары, тәсілдері көп. Соның бәрін пайдалана отырып, әр қазақтың жүрегіне жетуге жанталасуымыз керек.
- Жұлдыздай жанып жарқ еткен Жандарбек Бегімбетов туралы айтып беріңізші, аға? Дауысы қандай, әні қандай, сәні қандай еді шіркіннің...
- Жандарбек Бегімбетов айтыстың алаңында көп жүрген жоқ. Мен ұмытқан жоқпын. Оны айтысқа жетектеп әкеліп, қосқан Жүсіпбек Қорғасбек болатын. Оның әні де, сәні де сол кездің көрермендерінің жадында. Талантты ақындардың бірі еді. Сол төңіректен Айтақын, Жандарбек Бұлғақовтар шықты. Сол Бегімбетовтың үлгісімен шыққан ақындар. Бір ақын шыққан жерден соның әсерімен, ықпалымен талай ақын шығады.
Мысалы, мына Қарағанды облысының ақындары туралы сұрақ бар. Аманжол сахнадан кетті. Енді кім қалды дегендей. Бір Дидар Хамиевтің өзі неге тұрады! Дидар - Алпамыс, Қобыландыны жырлай алатын, таңды таңға ұрып жырлайтын жырау. Болмаса Мақсат Ақанов дейтін ақын бар. Оны шеттетпей-ақ, кез келген айтысқа ұялмай қосуға болады. Мақсаттың сазы, сөзі, сәні, қалжыңы қандай! Осындай ақындар әр жерден шығып келе жатыр.
(жалғасы бар)
Abai.kz