Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 1898 0 пікір 18 Шілде, 2024 сағат 14:56

«Рух» – рухты көтереді

Коллаж: Abai.kz

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогияның үшінші кітабы «Рух» деп аталады...

Басы: Кесек туындының кескіні

Жалғасы: Азаттыққа апарар азапты жол

Трилогияның соңғы кітабындағы негізгі ой желісі екінші томның аяғында Кенесарының аузымен айтылады. Майтөбедегі шешуші шайқас алдында өлмей беріспейтінін сезіп, хан жұбайы Жаңылға: «Жапар мен Тайшық ержетті. Сендерге бас-көз болар. Мен олай-бұлай болып кетсем Наурызбай хандыққа ие болып, тізгінді қолына алса, сендерді жеке отау етіп ұстап отырар. Сыздықты ерекше күт. Бетінен қақпа. Менің ісімді жалғастырар сол болар. Күнімжан бәйбішені тыңдап, ажырамаңдар, бірге болыңдар. Алла жолдарыңды оңғарсын. Хош-сау болыңдар!» дейді. Бұл отбасымен ажырардағы қоштасуы әрі әрбір шаңырақ мүшесіне жүктеген міндеті еді. Ал, өлім алдында, ажалмен бетпе-бет келіп тұрған хан Кене ақырғы сөзінде: «Жанымды ауыртпай, басымды қолының дағдысы бар біреу дәті жетсе өз қылышыммен шапсын. Бірақ сендер астымдағы атымнан, қойнымдағы қатыннан, алдымдағы асымнан, мойнымдағы басымнан айырсаңдар да, бойымдағы қазақ деген рухтан айыра алмайсыңдар! Қылша мойным семсердің жүзінде тұрғанда серт етем, орындалмаған арманым – ұрпағыма аманат! Солар рухымды қайта тірілтеді, басқыншылыққа қарсы күресімді қайта жалғастырады! Қазақты осал жұрт демеңдер, жауын алмай қоймайды! Хан Кене құласа да, қазақтың туы жығылмайды! Қазақ түбі тәуелсіздігін алады!» дейді. Бұл – ақыреттік аманат сөзі еді.

Осыдан арада төрт жыл өткенде Сыздық қол бастап, ауылына қатер үйірген қоқан әскеріне қарсы аттанады. Қанағатша деген пансатбасшысын найзамен түйреп аттан аударып, қан майданда опат болған өзінің ту ұстаушысын өңгеріп әкетпек болып, ер үстінен жерге еңкейгенінде тура алқымынан сүңгі қадалады. Қадалады да әрі тұтамынан сынып кетеді, сойдиып-сойдиып ағаш саптың тұқылы көрініп тұрады. Бірден естен айрылып, аттан ауып жерге түседі. Қоқандықтар тұтқындап, Созаққа әкеледі. Уақыт озған сайын сұлтанның халі мүшкіл тартып барады. Шәрідегі ұстаның бірін сайманымен алдырып, екі иығынан екі жігіт басып тұрып, сүңгіні суырып алады. Бозбала есінен танып кетеді. Жентек-жентек ұйыған қан ақтарылған оқпандай орнына мақта тығып, таңып қояды. Сөйтіп шалажансар қалпы Құдияр ханның алдына алып барады. Қоқан ханы әскерін әдейі жіберіп, ниеті – хан әулетін әртүрлі айламен өзіне бейімдей түсу еді. Сыздықты емдетіп, күтіп, жазылғанда сый-сыяпатымен ат мінгізіп, беліне қылыш байлап, Қанағатшаның орнына пансатбасы деген сардарлық дәреже береді.

Кітаптың бірінші бетінен бастап, оқырман шығарманың қым-қуыт оқиғаларға, атыс-шабыс, тақталас пен бақталасқа толы екенін ә дегеннен ұғады. Сондықтан болар, жазушы оқырманын адастырмай және шатастырмай, тәптіштеп, оларды жік-жігімен өрбіте баяндауға барынша тырысады. Әрине, романның басты тақырыбы мен өзегі – ұлт-азаттық қозғалысы. Осы орайда қаламгердің негізгі ой-мақсатын дұрыс тұжырымдаған жөн. Сол кездегі қазақ даласындағы қоқандықтарға, өзбектерге, орыстарға қарсы жасалған кез келген дүрбелеңді ұлт-азаттыққа, еркіндік пен тәуелсіздікке ұмтылыс деп қабылдаған орынды. Ел ағалары бір рудың немесе аймақтың бостандығын көксеген жоқ. Бар қазақ даласының азаттығын армандаған.

Романның екінші бетіндегі мына сөздерге үңіліп, зерделесек, сол кездегі ахуалды анық аңғарасыз. «Ханның өлер алдындағы ең соңғы өсиетін орындап және Кененің балаларының ішіндегі ықыласы ерекше ауған он жасар Сыздықты Күнімжан бәйбішеден бастап қатын-қалаш, бала-шаға бастарына жыға қылып шаншып, айрықша қастерледі. Сондықтан қаршадай ұлға тізгінді беріп, бәрі соның ау-жайына қарады. Бірақ, әбден қасірет шеккен ел қарсақша жалтақтап, қоянша бұғып, Бетпақтың шөлінде, Жетіқоңырдың желінде жан сақтап, күнелтті» деп жазады.  Соңғы сөйлемін тағы бір оқып шықсаң, сол кездегі қазаққа жасалған әділетсіздік пен басқыншылық сенің де зығырданыңды қайнатады.

Сыздық 14 жасында атқа қонып, қол бастайды: қоқанның бес жүз сыпайына пансатбасшы болады. Бүгінгі тілмен айтқанда батальон командирі.  «Сол-ақ екен, қазақ жігіттері ағылып әскер сабына келіп қосылды. Олардың арасында Кенесары хан әулетіне қарасты рулардың азаматтары да бой көрсетті. Көп ұзамай Тайшық пен Ахмет те сахара сардарларына айналды».

Тайшық «көкірегі ояу, көңілі сергек...» жан ретінде суреттеледі. Ол патша билігінің Сыр өңіріне назары түскенін о бастан байқаған. Оны Ташкентке кетіп бара жатқан орыс көпесімен екеуара әңгімеде автор жақсы келтіреді. Ел кезген бедекші тек саудасын ғана күйттеген кісі болып көрінгісі келгенін Тайшық сұлтан бірден аңғарады. «Патшаға сауда ғана керек болса, неге елді қырғынға ұшыратады? – дейді де, төре ары қарай ойын былайша жалғастырады, – Сауданы дамыту керек деп отырғаның, сол арқылы мешеу қалған далалықтарды кіріптарлыққа түсіріп, теспей сорудың амалы емес пе?» Көпес оңбай ұсталғанын сезе қойып, азар да безер болып, «Жо-оқ, о не дегеніңіз, сұлтан? Саудагерлер патша әскерінен алыс жүреді. Олардың бұл жаққа тұмсығын сұға түсуі, менің білуімше, «өңірге ағылшындардың ықпалы бұрын жүріп кете ме?» деп қорқатын сыңайлы».

«А-а, ағылшындардан бұрын дамымаған мешеу өңірді бауырына басып, қарпып қалғысы келген екен ғой».

Бұндай дәл жорамал естимін деп ойламаған саудагер сасып қалып, Үндістанды отар елге айналдырып, Пәкістанның бетін бұрып, Ауғанстанға көзі түсіп отырған ағылшындар «ерік берсе, Түркістанға да тарпа бас сап, ұмтылмақ. Содан кейін ғой орыстар дала адамдарын қауіптен қорғап, ара түсуге келе жатыр» дейді беті бүлк етпей.

«Ойпырым-ай, отардағы қойды сырттағы қасқырдан бұрын бақташы көбірек жейтінін ел білмейді дейсің бе?».

Тайшық сұлтан көпеспен орыс тілінде пікірлескенін айта кетсек артық емес шығар. Себебі хан әулеті дұшпан жұрттың тілін білу үшін патшалық есірей тұтқындарын қолдарында ұстайтын әрі өзінің бала кезінде Орынборда оқығаны бар.

Орысия Сыр өңірін баяғыда-ақ жаулап алар еді, оған Кенесары ханның қаһарлы айбыны мен патша басқыншылығына қарсы жүргізген жеңіліссіз шайқасы мұршаларын келтірмеді. Русыздарды Ордан бері (Орск қаласы) асырмады. Естеріңізде болса осы сәтсіздіктерден кейін генерал-губернатор Перовский өз қызметінен кеткен болатын. Сол ескі «таныс» Василий Алексеевич Перовский Орынбор мен Самара губернияларын біріктірген соң, аталған губернияның генерал-губернаторы болып, араға сегіз жыл салып қайта оралды. Орынбор губерниясын алғашқы басқарған жылдары, оның қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтерілісті өршітпеудің, Кенесары ханмен мәмілеге келудің бірден-бір жолы бейбіт келіссөздер жүргізіп, халықты өзіне қарату саясатын ұстанған. Ал, екінші рет генерал-губернаторлыққа тағайындалғанда «соңғы сегіз жыл ішкі Ресейде жүрген кезінде оның жабайыларға деген көзқарасы мүлде өзгеріп кеткен еді».  Ендігі бар көксегені Сырдың орта тұсына дейінгі қазақ жерін картаға түсіріп, түбінде Ақмешітті жаулап алу болды. Осы мақсатты іске асыру үшін бірнеше жоспарлар құрып, жорыққа дайындалды.

Генерал-губернатор Перовский бір кеңесінде қол астындағыларға нақты тапсырмалар  беріп тұрып: «... Бұл ретте Ақмешіт бекінісіне зор мән берілуі тиіс. Егер Ақмешітке барып тоқтасақ, қайсақ жұртын отарлау саясатында патшалық әкімшілікке зор мүмкіндіктер туады. Ол – Түркістен елінің (Ол кезде қазақ елінің түстігі мен Орта Азия хандықтарының аумағы Түркістан деп аталған) кіндігі болып есептеледі. Орта Азия хандықтарына жақындай түсеміз» – дейді. Алайда, олар қанша тыраштанғанымен екі мәрте жасаған шабуылынан түк өнбейді, Сыздық пен Тайшық тарапынан жүргізген майданда сәтсіздікке ұшырайды. Сондықтан, қатарынан екі дүркін аузы күйген Перовский ақтық жорыққа аттанбас бұрын, қазақтардың тойтарысынан қорқып, бір жылға жуық тыңғылықты дайындалады. Жорықты Перовскийдің өзі бастап шығып, ай жарым мезет жол жүріп, шілденің басында Ақмешіттің іргесіне таянды. Жалпы, бұл майданға губернатордан бөлек 1 генерал, 6 штаб офицері, 34  обер-офицер, 16 шенеунік, 113 унтер-офицер, 9 кернейші, 1561 қатардағы жауынгер, 424 саптан тыс жауынгерлер, мың атты казактар және сегіз жүзге тарта ерікті қазақтар қатысты. Оларға қосымша Сырдария өзенінің ағысымен «Перовский» атты кеме мен «Обручев» баржасы бірге ілесе жүзіп келді. Баржаға қосымша азық-түлік, қару-жарақ, оқ-дәрі тиелген. Бір ротадай теңізшілер де шабуылға дайын тұрды. 1853-ші жылы 8-ші шілдеде Ақмешіт бекінісіне оқ жаудырыла бастады. Соғыс үш аптаға созылды. Бекіністі қорғаушылар ерлік пен батырлықтың, жанқиярлықтың теңдессіз үлгілерін көрсетіп жатты. Осы күндері атыс-шабыстан әбден қажыған генерал-губернатор өзінің жақын досы Булгаков дегенге жағдайын сипаттап: «Шағын ғана бекіністегі шайқасымыз жарты айдан асты, қамалды алатын түріміз жоқ. Әрі, бекіністегі 300 адамды өз еркімен берілуге мәжбүр ете алар емеспіз» деп жазады.

Жазушы бекіністегі шайқасқа дейінгі өмірді Жағыпар имам, оның әйелі Қатша және асырап алған қыздары Дариға арқылы суреттейді. Бейбіт, тыныш және мамыражай тіршілік кешкен халық. Ешкімге зияны жоқ, көрші-қолаң, саудасы қызып, күйбең тірлігі үйреншікті әдетпен таңы атып, күні батып жатқан қазақы қалашық.

Өкінішке орай, үздіксіз атыс-шабыстың салдарынан Ақмешіттің хакімі Әбдіуәли оққа ұшады, сарбаздардың қатары сиреп, оқ-дәрілері таусылып, қамал құлайды. Қала мен қамалды бермеген 74 қаһарман қолға түсіп, тұтқындалады. Соғыс қайнап жатқан кездегі бекіністің ішіндегі хал-ахуал да осы үш кейіпкердің басынан өткендері арқылы жазылады.

Орыс империясы «мейірман патшасының» жымысқы, зимиян отарлау саясатының түп мақсаты аталған қиямет-қайым соғыстан тірі қалған Дариғаның  және 74 қаһарманның  тағдырлары арқылы тасқа таңба басқандай айқындалады.

Ресей патшасы тамыздың 31-інде генерал-губернаторға арнайы хат жазады. Ол хатында: «Ақмешіт бекінісін империяға қарату ісінде айрықша қажырлылық пен табандылық көрсеткені үшін генерал-губернатор В.А. Перовскийдің құрметіне бұл бекініс «Перовский айлағы» деп аталсын» деген жарлығы қоса жіберіпті. (Перовскі қаласы  1922-ші жылы Ақмешіт болып өзгертілді. 1925-ші жылғы шілдеден Қызыл-Орда аталып келеді. Ә.О.)

Алайда, Ақмешітті патша әскерлері басып алса да, соғыс аяқталған жоқ. Ташкенттегі және Хиуа хандығының қарауындағы қазақтар Ақмешітті атжалмандарға талатып қойып, қарап отыра алмады. Сыр елінің бір бөлігін иелігінде ұстайтын Кенесарының ұлдары үлкен қайраткерлік танытты. Осы орайда жазушы Сыздық сұлтанның азаттық жолындағы күрестегі алар орнын, оның өз сөзімен айшықтайды.

«– Тұс-тұстан анталаған қансорғыш қандаладай елді буып, отарлық езгісіне салған сарқылшық сүндетсіздердің сазайын тартқызып, халықты басқыншы жұрттың қанауынан құтқару керек. –Тақымындағы Сандалкөгін ойнатып, қалың нөпірдің алдында Сыздық сұлтан алмас қылышын сермей, рух шақыра сөйледі. – Олардың отты қаруына қарамастан халқымыздың тәуелсіздігін әперу үшін, еңсесін жатқа бастырмау үшін қазақтың атпал азаматтары атқа қоныңдар! Жаудан өлсек – шейітпіз, өлтірсек – қазы. Құлдық қамытты мойынға киіп, тірі жүргеннен азап ештеме жоқ!».

Төрелер орысқа қарсы күреске жеті мың жігітпен келіп қосылды. Аталған әскердің қолбасшысы Тайшық, әрі ол Созақ бекінісінің хакімі болатын. «Ақмешіт аймағы алаш баласы үшін үздіксіз майдан даласына ұласып бара жатты» деп түйіндейді автор.

Жазушы майдан даласындағы шайқастармен қатар, Қоқан хандығындағы оқиғаларды қоса баяндайды. Өйткені оңтүстік өңір ол кезде қоқанның ықпалында еді. Кенесарының әулеті Қаратауды айнала Созаққа дейін мекендейді. Әрі ұлдары бірер жылдар қоқан әскерінің ықпалды қолбасшылары болған. Әлгі мезетте импершіл патша басқыншылығымен қатар Қоқан хандығындағы тақталастық қанды оқиғаларға жалғасып жатты.

Төрелер әулеті жан-жақтан қыспаққа ұшырап, «қайтсек елімізді, қатын-баланы тажалдың аузынан аман алып қаламыз» деген сауалға душар болды. Сүйекті кісілер бас қосып, орысқа елшілік жібермекке келісті. Ол елшілікті жасы 24-25-ке келген ханның кенже ұлы Жегей бастап барады. Жегей келіссөзден оралып, патша билігінің тарту-таралғымен ықыласты қабылдағанын жеткізеді. Алайда орыстың қол астына баруға түпкілікті шешім қабылданбайды. Бірақ, Сыздық өз ойын білдіріп: «Ел-жұрт түгел қалмай барыңдар. Мен әлі де болса мұсылманның қылышын шауып көрейін, сендер түгел барсаңдыр бір мені жоқтай қоймас. ...Қоқан қолымен қосылып, орысқа қарсы шабамын» дейді. Сөйтіп, Сыздық қасына өз еркімен ілескен қырық жігітті және қос жұбайын ертіп, Түркістандағы қоқан әскеріне қайыра барып қосылады. Кенесарының өзге балалары әлі де байқастай тұруды жөн көреді.

Тәуекел мен халқының мұрат-мақсатын байрақ етіп көтерген Сыздық сұлтан, еліне төнген бодандыққа қарсы бес қаруын асынып, майданға бел шешіп кіріседі. «Ұзынағаш шайқасына» да ат өксітіп жетеді. Ол Ташкент құшбегі Қанағат шаһтың тапсыруымен Ұзынағашты айналып өтіп, әбден машықтанған азын-аулақ қолмен Алматыдағы тұрғызылған бекініске шабуыл жасап, басып алады. Кенесары ұлдары екі ротадай жауды жер жастандырып, бірнешеуін тұтқындайды. Қазанның 20-сында бекіністегі тірі қалғандардың барлығын «казарманың маңындағы алаңқайға отар қойдай иіреді».  Солардың алдында Сыздық сұлтан сөз сөйлейді. Бұл ашуға мінген ызалы адамның сөзі емес. Басқыншылыққа және отаршылдыққа қарсы айтылған нағыз памфлет дерсіз! Оның бәрін қайтадан қағазға түсіру мүмкін болмағанымен мына бір кішігірім бөлігін мысал ретінде келтіре кетейін. «Менің бұған дейінгі өмірімнің бәрі ата-бабаларымның қас жауларымен кездесуге әзірлікпен өтті. Момын халықты қинап, озбырлық танытасыңдар, түбі қатыгездікке ұшырайсыңдар! Шырақ – сөнер алдында түтіндейді. Орыстың артындағы шаласы, қазірдің өзінде бықси бастады. Алла бәрін білуші, екі жүз жыл өтер, үш жүз жыл өтер, сары далада сандалған сарқылшықтар осы сахарада өлгені өліп, өлмегені жұт алдындағы ыққан бақа-шаяндай келген жағына қайтатын болады» – дейді Сыздық сұлтан.

Романның үшінші бөлімі орыстардың Ұзынағаш бойындағы жеңісімен және отарлау саясатының үдеуімен аяқталады. «Орыспен шайқастың жалпы ауанын сүзгіден өткізіп, бағамдаған Кенесары балалары өзара ойларын ортаға салды. Тайшық сұлтан: «Қоқан әскері Ақмешіт маңында жеңіліп еді, осы жолы да орыстардан тізе бүкті. Бұл хандық ендігі жерде өзін қорғай алатын түрі жоқ. Сондықтан орыс жағына шығайық» деді.

Мына байлам Сыздық сұлтанға ұнамады, бірақ, қарсылығын ашық айтпады. Тек, өз ұстанымын ғана аңғартты.

– Ата-бабамыз ұстаған жолдан тайып, орыс жағына шықпаймын! Олар Қоқанды алса, Бұхарға барамын. Егер Бұхарды алса, басқа да мемлекеттер бар ғой, кез-келген бір мұсылман еліне өтемін. Қалайда ата-баба жолынан аумаймын! Менің бағытым – басқа. Ата-бабам мен бауырларымның, халқымның кегін қуып көремін... өзгелерің араласпаңдар» – дейді.

Тайшық елді сақтап қалудың бірден-бір амалы орыс жағына өтуді ұйғарады. Бұл тұста Перовский өз өтінішімен генерал-губернаторлықтан босап, оның орнына Катенин деген генерал-адьютант тағайындалады. Жаңа губернатор сақтық жасап, белсенді әскери қимылдарға бармай, әлеуметтік мәселелерді шешумен шұғылданды. Шекара аймағындағы жұмыстарды жандандыруға мән беріп, оған бұқарамен шайқас тәсілін меңгерген адамды лайық көрді. Сырдария әскери шебінің бастығы болып, таулықтармен шайқасып тәжірибе жинаған генерал-лейтенант Дебу тағайындалған еді.

Хан әулетінің ұйғарымына Сырдария әскери шебінің басшысы генерал-лейтенант Дебу есі шыға қуанды. Тайшыққа зауряд-хорунжий обер-офицерлік шен беріп, қазаққа қарсы салады. Патшалық империя билігіне қарау жөніндегі насихат ел арасында түсінбеушілік тудырады. Ақыры оқиға төренің қазасымен жалғасады. Тайшық Телқожаның қылышынан жан кешеді. Сыздық ағасы Тайшықты өз қолымен Қызылкөлге жеткізіп, жер қойнына тапсырды. Осында ол қартайып қалған қос анасына (Күнімжан және Жаңыл) жолығып, қайғы-шердің қасіретіне көмілген кейпін көргенде қабырғасы қайысады.

Тайшық ағасының өліміне тікелей себепкер болған патша билігінің басты өкілі Дебуді Сыздық Жөлек бекінісінің басында атып өлтіреді. Сұлтан оны бекініс маңындағы қамыстың арасында екі тәулік бойы жасырынып жатып, ақыры, алыстан қалпақтай түсіреді. «Генералдың ажал құшуы – мың солдатты қырып салғанмен тең» деген емес пе?

Стратегиялық жоспарға айналған басқыншылық бәрібір тиылмайды. Орынбордан арнайы тапсырмамен шыққан полковник Веревкин бастаған қол Перовскі айлағынан аттанып, бейқам жатқан қазақ даласына зеңбірегін сүйретіп жетеді. Ендігі ойлары, Тұран жұртының жүрегіне айналған Түркістан мединесін алу. Көп ұзамай Түркістанға таласқан шайқас басталады. Алайда, Сыздық сұлтан Түркістан бекінісінің басшылығымен бір пікірге келе алмайды, оған қосымша қала тұрғындарының арасында опасыз, сатқындар да болған. Сондайдың бірі Жантай есімді қария таңға жуық Түркістанның төрт қақпасын жауға ашып береді.

Осы арада қоқан хандығында да қым-қуыт оқиғалар орын алып жатқан еді. Қоқан хандығы мен Бұқар әмірлігінің арасындағы көнеден келе жатқан өшпенділік пен дау өрбіп, отаршыл орыс билігі осы қолайлы жағдайды құр жібермей Қоқан хандығын екіге бөлуді мақсат етеді. Бұқар әмірі Мұзаффарға Қоқанның оңтүстігін иемденуге Черняев астыртын адамы арқылы келісімін береді. Әрине, бұл алдамшы уәде еді. Бір қызығы, хандықтар мен биліктер арасындағы кез-келген текетірес пен атыс-шабыс соңында Сыздық сұлтанға келіп тіреледі де, оған дейін болған оқиғалар Сыздық сұлтанның көлеңкесінде қалып қояды.

Осы аралықта Сыздық сұлтан өз жасағымен Шым шәріне (Шымкент) жетіп, аялдайды. Бірер күннен соң Қоқан хандығының аталығы әрі әмірләшкері Әлімқұл молда Шым шаһарына орысқа қарсы қол бастап келеді. Сыздықты көргеннен аталық іштартып, мұртынан жымияды. Ол кезде Сыздық сұлтанның генерал-лейтенант Дебуды атып өлтіргені елге мәлім болып, атағы жер жарып тұрады. Сондықтан аталық оны қоқан әскерінің «мыңбасы» етіп тағайындайды.

Бұған іле-шала Түркістаннан полковник Веревкиннің де жасағы Шымкентке жетіп, Әлімқұл молданың қолы орыстармен соғысты бастап кеткен еді. Екінші күні басқыншыларды бұқтырып, жанды алқымнан алғанда Омбыдан аттанған ақ патша полковнигі Чернявтің «ауыр зеңбіректер сүйреткен, іштесер винтовка асынған ұбақ-шұбақ отряды» үстілеріне түсті. Бел алып кеткен орыстар қазақтарды тағы тықсырды. Ақыры патша әскері Шымкентке бес шақырымдай жерге келіп тоқтайды.

Бұл жерде де Шым қаланы қорғаушылар екіге бөлінеді: бір жақ қаланы өліспей беріспейміз десе, екінші жағы орыстармен келісімге келейік деген ұсыныс жасайды. Басқыншылардың да осындай мәмілегерлікке ниеті бар екен, ол полковниктен келіп түскен хат арқылы мәлім болады да, ақырында Чернявпен келіссөздер жүргізу Сыздық сұлтанға жүктеледі. Сыздық сұлтан басқыншы орыстың көпті көрген полковнигімен иық тірестіріп, тең дәрежеде пікір алысты. Полковник сұлтанды сырттай біледі екен. Ұзынағашты айналып барып Алматыны басып алғанына, екі рота солдатты қырып кеткеніне басын шайқады. Осы жерде Черняевтің Сыздық сұлтанның қолбасшылық қабілетіне қатысты айтқан сөзіне сұлтан былай деп жауап береді: «Ел сенікі, жер сенікі болған соң, ажалдан қаймықпайсың. Жүректілерден ажал айналып өтеді» – деп жауап береді.

Оқырманды келесі бір бей-жай қалдырмайтын сюжет – Черняевтің отрядындағы тілмәш болып жүрген Шоқан Уәлиханов пен Батырбек датқаның кездесуі. Бұл жай ғана жүздесу болмады, бұл тарихи беттесу болды. Олар өздерінің көзқарасын, танымын, мақсатын сынға, таразыға салды. Мәселе, кімнің биік, кімнің төмен болуында емес. Әңгіме, ащы шындық пен аяусыз ақиқатта. Әрине, екеуі талай әңгіменің қазанын қайнатты. Солардың тоқетеріне келетін болсақ, ол Батырбек датқаның Шоқанды шығарып салғандағы айтқан мына сөзінде жатыр-ау деймін. «Жұмақтың кілті – Алланың қолында. Алла ата-бабасын іздегендерді сүйеді. Қанша асып-тасып кетсең де Құдайыңды, қазағыңды ұмытпа» дейді Батырбек датқа. Датқа неге осыншама қатты кетті дейсіз ғой? Оның сыры – Әулиеатаның қан кешкенін датқа көз алдынан өткерген еді. Батырбек датқа Шоқаннан: «Сен бауырың Сыздық сұлтанды көрмеген шығарсың?» деп сұрайды. «Жоқ» деп жауап береді Шоқан. Батырбек: «Кездесуің керек. Ол – қазақ үшін жаралған жігіт, тамаша азамат. Батыр, қолбасшы, халқына қайырымды. Сыздықтан бөлек Ахметпен сөйлес. Олармен ғана емес, хан әулетін іздіп барып бір күн бауырларыңның ортасында қонақ болып сырлассаң, өмірге басқаша реңмен қарайтын боласың. ...Ар жағында бабаң Абылай хан жатыр. Әзірет сұлтанға барып, мінәжат ет, бабаңның басына құран оқы» дейді. Жазушы «Мұхаммед-Қанафияның жүрегі шым етті» деп қорытындылайды осы әңгіменің соңын.

Орыстардың Шымкентті «азат» етуді көздеген шайқасы оңай-оспақ болған жоқ. Олардың басып кіруіне халық табан тіресе қарсылық танытты. Шымкент үшін шайқас аяқталған соң полковник Черняев соғыс министріне мынадай баянхат жолдады. Оның соңында: «Батырбек датқа жөнінде барлық ақпаратты замандастары Байзақ, Шоқай, Сапақтардан біліп алған соң, екінші рет ол кісіні өзіме тағы да шақыртып сөйлестім. Бірінші кездесуімізде әңгімеге ротмистр Ш. Уәлиханов қатысқан болатын. Екінші кездесуімізде ротмистр қатысқан жоқ, ол экспедициядан кетіп қалды. Ротмистрдің кетуіне, естуімше, Батырбек датқаның тікелей қатысы бар. Себебі, екеуі оңаша кездескенде, ол ротмистрді «жатдінділерге көмектесіп, өз халқыңа қарсы соғысып жүрсің» деп кінәлап, айыптаған көрінеді. Осыларға шыдамаған ротмистр Ш. Уәлиханов экспедициядан кетті» деп жазылған жолдар бар.

Жалпы алғанда, роман-трилогияның соңғы оныншы тарауына дейін тек соғыстар, шайқастар туралы баяндалады. Черняев Ташкентті басып алу үшін бір жылда екі рет шабуыл жасайды. Түркістан, Қазалы маңында қиян-кескі соғыс болады.  Шардара төңірегінде де орыс басқыншыларымен қоян-қолтық атыс-шабыстар өрбіді. Жызақтағы, Бұхардағы, Нұратадағы, Қышкөпірдегі, Хиуадағы соғыс та оңайға түспейді. Соңғы Қашғариядағы соғыстар да жорыққа шыққан жасақтарға мол қиыншылықтар әкелді. Осы майдандардың барлығына Сыздық сұлтан аянбай атсалысты. Бір шайқаста ол мыңбасы, бір соғыста қолбасы-әмірләшкер, үлкен шайқаста бас қолбасылық сеніп тапсырылды. Ол өз міндетін мінсіз атқарды. Оны жұрт «сахара сардары» десе ақ патша бандылары «сахара баскесері» деді.

Сыздық сұлтан бірде-бір соғыста ойсырай жеңілген жоқ, алайда, шегінді. Шегіну жеңіліс емес қой. Сыздық сұлтан өзі қатысқан соғыстың барлығына мұқият және жан-жақты дайындалды. Ол міндетті түрде жаудың осал да ұрымтал тұсын анықтауға тырысты. Шайқастың қайнаған ортасында өзі жүрді. Жүріп қана қойған жоқ, қылыш та сілтеді, найза да лақтырды. Сарбаздарына рух берді, қолдады, зіл батпандарға иығын тосты. Бірақ, соғыс пен шайқастың барлығында адамның миына кіріп-шықпайтын сатқындық пен опасыздыққа тап болды. Мысалы, Хиуа ханы Мұхаммед Рахим ІІ-ші онымен бірге соғысуға келісіп, өзінің бектері басқарған жасақ бөледі. Алайда, Хиуа әскері шайқастың ең шешуші шағында, жауды ығыстыра бастағанда, үн-түнсіз ұрыс даласын тастап кетіп қалады. Опасыздықтың сорақы түрі! Осындай жағдай Қашғарияда да қайталанды.

1874-ші жылы Сыздық сұлтан Қашғария ханы Жақыпбектің тікелей бас қолбасшылыққа шақыруымен Ахал мен Текелердің елінен Ауғанстан арқылы Шығыс Түркістанға келеді. Ол Сыздық сұлтанды: «Бізге сіз сияқты сардарлар керек! Жетішарының бас қолбасшысы қызметіне бекітемін» деп, құрмет пен қошемет көрсетті. Сұлтан бірден майдан даласына аттанып, қалың қолдың ортасына барады. Әскердің ахуалымен танысып, Жетішәрі аймағын ентелеген қытайлардан тазартады. Сыздық сұлтанның Қашғардың бас қолбасшысы болып тағайындалғаны туралы хабар Ресейде де, Қытайда да нағыз үрей туғызды. Олар Сыздық басқарған қолға қарсы әрекеттер мен амал-айлалар жоспарлап, жанталасып жатты. Алайда, қытай тарабынан қарымта жорық шабуылдар басталар алдында Сыздықтың беделінен, қолбасшылық қабілетінен, дарыны мен қарқынынан қорыққан Жақыпбек оны бас қолбасшылықтан ығыстырып, шайқасқа қолды өзі бастап барады. Сорақы опасыздықтың тағы бір түрі!

Әрине, аталған роман-трилогияны оқып шығу оңай емес. Мыңдаған адамның аты аталады. Көптеген ауыл-аймақ, көлдер мен өзендер, шаһарлар сөзге арқау болады. Қантөгіс шайқастар, адам қазасы көп болған соғыстар, хандықтар мен биліктердің ішіндегі баққа және таққа таласып, соның салдарынан бірін-бірі аямай өлтіріп, бауыры мен туысын құрбандыққа шалу, сатқындықтар мен опасыздықтардың тізбегі, мемлекеттердің қитұрқы, арамза саяси ойындары оқырманның жадында сақтала бермейді және шыны керек, шаршатуы әбден мүмкін. Сондықтан жазушы оқырманның жүйкесіне салмақ түсірмеу үшін оның өте орынды амалын тапқан. Бес қаруын асынып, қылышынан қан тамған, жауына қанша қатыгез әрі қаһарлы қолбасшы  болғанымен, қар жастанып, мұз төсеніп жүрсе де Сыздық сұлтан да ет пен сүйектен жаралған кәдімгі қарапайым адам. Оған адами қуаныш, туыстық мейірім, туған жерге деген сүйіспеншілік, бауырмалдық және туған-туыстарына деген ыстық ықылас жат емес. Осы сезімдер оны ерекше елжіретеді, бойына жылулық қондырады.

Бұған дәлел ретінде роман-трилогияның тарауларынан бірнеше мысал келтіре кетейін. Жазушы роман-трилогияның сегізінші бөлімінің І-ші тарауында: «Тұранның тастүлегі ел қамы үшін тоқтаусыз жортқан жорықтардан Шудың сағасында отырған қараорманның орыны – жұртына оралды. Сонадайдан көзіне «хан әулеті» деп аталатын ауыл оттай басылды. Ано-оу оқшау тұрған сегіз қанат ақ орда Күнімжан шешесінікі, оның қасында әдеттегідей әкесінің «ереуіл кеңес-үйі» тұр» деп жазады.

Жазушының мына жолдары тіпті әсерлі емес пе! «...Сыздық киіз үйлерге қарай беттеді. Көздеп келе жатқаны Күнімжан шешесінің ордасы». Алдымен өз туған анасына бармай, әкесінің үлкен жұбайы Күнімжанның құшағына тура тартып келе жатыр. Әке тәрбиесін, әкенің аруағын қастерлеудің теңдессіз үлгісі емес пе?! Ары қарай оқиық кітаптағы жазуларды: «Жақсы жаңалық құлағына тиген үлкен үйдегі анасы мәсісінің сыртынан кебісін киіп, сыртқа шығып үлгерді. «Ой, құлынымдап» құшағын ашып, өзіне беттеді. Мұны көрген Сыздық тұра жүгірді. Кішкентай кезінен туған аналарынан гөрі осы Күнімжан бәйбішенің тәрбиесінде, орданың төңірегінде көбірек жүріп еді» делінген.

«– Балапаным-ау, мұншама сағындырып, ат ізін салмай кеткенің қалай? – Ішіндегі базынасын да бүркей алмай ана баласын бауырына басты. – Амансың ба, құлыным! – Бетінен сүйіп, маңдайынан иіскеді» – деп жалғасады.

«Ал, құлыным, Жаңылдың да қайбір жаны жүр дейсің, барып шешеңнің мауқын басып кел. Көзіне бір көрінсең, аспандағы айды алып бергендей боласың».

Сыздық сұлтанның ауылға оралғанын естіп, жан-жақтан амандасуға адамдар келе бастады. Солардың бірі болып Қаратаудың арғы бетінен жиырма жастағы жалындаған Жамбыл жетті. Шүу дегеннен сөздері жарасып, ертеден етене адамдардай шешіле сөйлесті.

Осындай ұзаққа созылған әңгіме дүкен барысында Сыздық сұлтан Жамбылға көптен бері көкейінде жүрген ойын былай деп жеткізеді: «Қырғыздағы батырлардың қорымы жатқан жерге барып, аруақтарға бағыштап мал шалғым келеді. Әкемнің қабірі табылса, сүйегін елге әкелсем... Қолды болған бұйымдарын қайтарсам деймін». Сыздық сұлтан ойындағы арманын іске асырып, ұлы жүздің Сарыбай биін ертіп, қырғыз еліне барады. Қырғыз еліндегі сұлтанның уәжі, жұртпен жүздесулері, Кенесары мен Наурызбай туралы қырғыз халқының естеліктері жан сүйіндіреді. Ақ қалпақты ағайын Сыздықтың жолына бір ақбозды шалып, иығына шекпен жауып, басына бөрік кигізіп, ақ батасымен шығарып салады. Әкесі Кенесарының ерін және жүзігін Күнімжан шешесіне әкеліп береді.

Айтпақшы, роман-трилогияның тоғызыншы бөлімінің IV-ші тарауының 459-шы бетінде «Жездесі Мәделіқожа да ердің ері: бір жағы – ақын, бір жағы – батыр. Нағыз іске мәттақам» деген жолдар бар. Демек, әңгіме қожалар туралы болмақ. Аталған тарауда қожалардың хан әулетімен құда болуының жайы қысқа түрде баяндалады. Оның тарихы арыда, тереңде жатыр екен. «Абылай ханның бір әйелі – Сарғалдақ қожаның қарындасы да, үлкен ұлы Уәлидің әйелі Айғаным – қызы. Бұлар – әбибі қожалар еді» деген жолдар бар. Жоғарыда сөз болған Мәделіқожа сегіз жыл бойы соңынан қалмай жүріп, Қасымның ұлы Есенкелдінің кіші қызы Халипаға үйленеді. Қожалар еліндегі хан әулетінен шыққан «қиқар» қыздың еркелігі де тартымды суреттелген.Тағы бір қызық дерек келтіріледі. «Әмір Темір жарлығымен Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне арнайы жеті түрлі металдан құйылған киелі тайқазан кім-кімге де қымбат бұйым. Ескінің көзі, әрі-беріден кейін қазақ жұртының ырыс-несібесі сонда тұрғандай. Сонда да болса қоқан билігі алып кетуге бекінді» деген жолдар бар. Міне, осы тайқазанды бермей, қазақтың иелігінде қалдыруға арналған бас көтеруде Мәделі қожа және құлшығаш Жаманқара қол бастап, қоқандықтарға қарсы шығып, тайқазанды алып қалады.

Роман-трилогияның үшінші томын оқып отырып, оқырманның ойға шомары анық. «Уақыттың илеуінен темір де тозады, жел мен дауылдан тау-тас та үгітіледі, екі адамның құшағына сыймайтын қарағай да құлайды. Ал, Сыздық сұлтанның төзімінің, шыдамының шегі бар ма? Осыншама атыс-шабысты, соғыс-шайқасты, опасыздықты, сатқындықты басынан кешті. Неге қайыспайды? Неге түңілмейді? Оның қайсарлығының қайнар көзі қайда? Кеудесін сауыттан босатып, аттан түсіп, жат жерден еліне неге қайтпайды? Неге тыныш ұйықтамайды?» деген сауалдар келетініне дау жоқ. Осындай сауалдардың болатынын жазушы да сезеді. Кітаптың оныншы бөлімі осы сұрақтарға түбегейлі жауап береді.

Сыздық сұлтан Қашқарда орын алған соңғы бір шайқаста қолынан жараланды. Сондағы Сыздық сұлтанның мына сөздері оқырманды бей-жай қалдырмайды. «Мен қаншама жыл орыс патшасына қарсы соғысып келемін. Орыстармен шайқасу үшін әртүрлі елдерде болдым. Талай мәрте жеңіске жеттім, талай генералдардың аяғын көктен келтірдім. Бірақ барлық жерде табансыздық пен сатқындықтан түпкілікті табысқа жете алмадым. Енді міне, қолым жараланып, әлсіреген халдемін. Жаралы көкжал – ашынған көкжал. Ашынған арлан ажалдан тайынбайды. Еш маңнан әділдікке, адалдыққа, ақиқатқа қиянатын тигізбейтін хауіпсіз жер таба алмадым. Ресей – аяр да қу әрі қуатты мемлекет. «Иілген басты қылыш кеспейді» деген аталар сөзіне жүгініп, ақырында, орыстың ықпалында қалған туған жеріме өтуге мәжбүр болып отырмын. Өлтірсе – өлтірсін, сүйегім туған жерде қалар. Бәлкім, орыс менің кінәмді кешер, бірақ мен кешірім сұрамаймын. Мен елге барып орнығып, Ахмет сұлтан және өзге де бауырларыммен бірге өмір кешемін. Басқа амал да, жол да жоқ. Енді алда құдайдың басқа салғанын көремін» дейді.

Сыздық сұлтанның 14 жылдан соң 42 жасында елге оралуы жақсы баяндалған. Елге оралып, бауыры Ахметпен кездесу сәті аса бір жылылықпен суреттеліп, тұла-бойыңды ерітіп жібергендей болады.

Кенесары ханның өлер алдында айтылған «Қылша мойным семсердің жүзінде тұрғанда серт етем, орындалмаған арманым – ұрпағыма аманат! Солар рухымды қайта тірілтеді, басқыншылыққа қарсы күресімді қайта жалғастырады!» дегені – сөз күйінде қалмады. Оның өрелі ісін ұрпағы жалғастырды, халқы қолдады. Кезінде көзқарасы үйлеспегені үшін ауылын шауып, ұлы Алтынсарыны өлтірген Балғожа бидің немересі Ыбырай ұлтын, елін сүйген ұландарды тәрбиелеп шығарды. Ол әкесін ажалға байласа да жасырын түрде Кенесары ханның асыл мұратын, елінің тәуелсіз дербес жұрт болғанын ұғындыра алды. Алаш қайраткерлері асықтай кезінен Алтынсариннің алдын көрген азаматтар еді. Кейін кемеліне енген кеңес уақытында сарайы ашық ұландардың көкейінде бұратаналықтан тұтанған намыстың шоғы алау болып жанып жатты. Сол алау әрбір жастың санасына еркіндіктің ұшқынын таратты. Ақыры жарты әлемді құрсаулаған пролетариат диктатурасын тас-талқан еткен 1986-шы жыл туды. Не бары 17 жастағы қаршадай Ләззат Асанова қызыл империяның қызылкөз жендетінің алдында «Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!» дегенді ұрандатып айта алды.

Сот алдында Қайрат Рысқұлбеков:

... – Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар,

Алам десең, алыңдар!

 

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

«Еркек тоқты – құрбандық»,

Атам десең, атыңдар! – деді тайынбай.

Арада бес жыл өткенде темір шынжырға таңылған 15 республика бұғауын бұзды. Қазақтың соңғы ханы ұрпағына аманат еткен Азаттық салтанат құрды.  «Қазақты осал жұрт демеңдер, жауын алмай қоймайды! Хан Кене құласа да, қазақтың туы жығылмайды! Қазақ түбі тәуелсіздігін алады!» дегені ақиқатқа айналды. 1991-ші жылы қазақ даласында үш ғасырдан соң Тәуелсіздік орнады.

Романның «Рух» аталуы да азаттықты аңсаған ата-баба рухының өлмейтінін, түптің түбінде тау қопарып, жерді жарып шығатынын нақты айғақтаған.

Қазақ үшін, қазақтың азаттығы мен тәуелсіздігі үшін қасық қаны қалғанша, жан алысып, жан берісіп, талай жаудың омыртқасын опырған, атын естісе жауыз елдердің патшалары шошып оянған Сыздық сұлтан туралы бүтіндей бір роман осылай аяқталады. Бір қызығы ол өмірден озған 1910-шы жылы екінші дүниежүзілік соғыста аты аңызға айналған дивизия командирі Бауыржан Момышұлы өмірге келген еді...

Екінші бір өзім үшін жаңалық – «бұратана» деген сөзді білетін едік, сөйтсек оның ел арасында «бұратара» деп қолданылатын қарама-қарсы мағынадағы антоним сөзі бар екен. «Бұратана» езілуші ел болса, «бұратара» езуші үстем ел, «бұратана» – бодан жұрт болса, «бұратара» – басқыншы жұрт деген мән береді екен.

«Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы – Азаттықтың ақ туын аспандатқан төл әдебиетіміздің ұлттық шығармасы деп айтуға әбден лайық туынды. Сондай-ақ, оның мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуын қызу қолдаймыз. Еліміздің ең жоғарғы марапаты дәл осындай халықтық тарихымызды ақиқатпен жазған асқақ руқты шығармаға берілуі тиіс.

Әлихан Омарбеков,

отставкідегі полиция полковнигі

Семей қаласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383