Азаттыққа апарар азапты жол
Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогияның екінші кітабы «Серт» деп аталады.
Азаттық іздеген жолға аттанар алдындағы серт...
Басы: Кесек туындының кескіні
Ең алдымен әңгімені оның тоқетерінен бастаған орынды сияқты. Себебі, роман-трилогияның негізгі айтары, көтерер жүгінің бар ауыртпалығы және жауапкершілігі екінші кітапқа түскен. Жазушы осы шығармасын дүниеге әкелерде солай жоспарлаған да шығар деп ойлаймын. Сондықтан болар, барлық жиған-тергенін шашпай-төкпей оқырманның алдына бүкпесіз жайып салған.
Жиған-терген дегеннен шығады, жазушы ресми мұрағаттық құжаттарды және ел аузында сақталған аңыз-хикаяларды тігісін білдірмей, жүйелеп, бүтін, жұп-жұмыр, кесек туынды етіп жазған. Қазақ даласында осыдан мың жылдай бұрын басталған ұлт-азаттық қозғалыстың тарихы жігі бұзылмай жазылған десем, трилогияны оқып шыққан бірде-бір оқырман қарсы дау айта алмас. Шынымен де, тарихи тұлғалардың есімдері мен лауазымдары, ресми хат-хабарлардың, оқиғалардың басым көпшілігі тек құжаттар арқылы, солардың тілімен баяндалатынына көзі ашық оқырман міндетті түрде зер салады. Ұлт-азаттық күрестің тарихына арналған ғылыми сараптамадан өткен оқулық сияқты.
Роман-трилогияның тағы бір құндылығы бүгінгі және болашақ ұрпаққа азаттықтың, бостандықтың маңдай термен немесе найзаның ұшы, білектің күшімен ғана емес, еңіреген ерлердің қанымен келетінін санасына құнттап құйып тұрғандай әсер қалдырады. Баяғыда, келмеске кеткен кеңес (совет) кезеңінде «У революции есть начало, но у революции нет конца...» («Революцияның бастауы болғанымен, оның соңы болмайды») деген тіркес болатын. «Ұлт-азаттық қозғалыс» та сондай құбылыс екен. Оның да соңы жоқ. Роман-трилогияны оқып отырып, осы ойға еріксіз келесің. Тәуелсіздік алу бір күннің тірлігі емес. Оған қол жеткізу үшін мың жыл күресу қажет шығар, ал егемендікті аяғынан тік тұрғызып, қорғап қалу үшін де мың жылдан көп уақыт керек болар. Романды оқып отырып осы ойға жіпсіз байланғаныңды байқамай қаласың. Керей мен Жәнібек, Абылай мен Қасым, Кенесары мен Наурызбай заманынан бері алты ғасырға жуық уақыт өтсе де азаттық жолындағы күрес аяқталмай, жүріп жатқандай. Басты шайқас алдымызда сияқты. Майдан мылтықсыз да жалғасып, арандатушы арамыздағы арамзалар мен тыстағы дұшпан отқа май құяды.
Трилогияның тағы бір тартымды тұсын айтпай кетпеуге болмайды. Арамызды алты ғасыр бөліп тұрса да, сол кезеңнің оқиғаларын, заман ағымын бүгінгі, жиырма бірінші ғасырдағы қазақтың басындағы қым-қуыт қақтығыстарды, аумалы-төкпелі төңкерістерді тізбектеп, салыстырсаң уақыт бір сәтке тоқтап қалғандай болады. Жау сырттан да анталап тұр, іштен де аяқтан шалып жатыр. Біреу аламын деп аласұрады, енді біреу бермеймін деп белді бекем буады. Батыр да баршылық, сатқындар да жоқ емес. Қазақтың ұшы-қиырын ұшақпен ғана құшақтай алатын ұлы даласына қызығушылар Абылайдың заманында да, дәл қазір де көздері қанталап дайын тұр. Олардың біреуіне сеніп болмайды.
Роман-трилогияның бірінші кітабының соңында жазушы мынадай мысал келтіреді. Орынбордың губернаторы Василий Урусов Абылайдан: «Егерде Россиямен Қытай соғыса қалса, кімді қолдайсыздар?» деп сұрайды. «Ешкімді де, бізге бейбіт өмір қажет» деп жауап береді Абылай. Осы кеше ғана, мың желеу, жүз сылтаумен Украина – Ресей арасындағы соғыс басталғанда Қазақстан басшысына осындай сұрақ қойылды. Президент Қ.К. Тоқаев та: «Біз екі жақты да жақтамаймыз, біз бейбіт елміз» деп жауап қайырды.
Роман-трилогияның бағын ашып, даңғыл жолға салып берген бүгінгі заманның кеңдігі. Егерде, еркін ойға сор болып жабысқан социалистік реализм алға шығып, тынысыңды тарылтатын таптық көзқарастың айдарынан жел есіп тұрғанда, бұл дүние жазылар ма еді, жазылса да жарыққа шығар ма еді, оны болжау қиынның қиыны.
Біз роман-трилогияның екінші кітабының тарауларына тереңдей бастадық. Романның тақырыбы ұлт-азаттың қозғалысы, оның басты қаһарманы (кейіпкері) – Кенесары хан. Кенесарының тарихтағы орнына әрқилы көзқарастың болуы заңды да. Оны біреу мақтайды, енді біреу жақтайды, ал, үшінші даттайды. «Даттаушылар» аспаннан түскен жоқ. Олар да арамызда жүр, ортамыздан шыққан. Олар өзгенің айтақтауымен қалыптасқан қауым. Роман-трилогия осы қауымның іргесін ыдыратып, қатарын азайтады.
Кенесары хан мемлекет құруға ұмтылған ірі қайраткер. Жүрегінде түгі бар батыр. Көреген көсем. Орақ тілді шешен. Әскери қолбасшы. Ардақты әке. Бауырмал аға. Адал жар. Роман-трилогияда Кенесары ханның адами қасиеттерінің барлығын жазушы жеткізе сомдаған. Романдағы кез келген оқиға және кейіпкерлердің іс-әрекеттері Кенесары ханның өмірімен біте қайнасып және ұлт-азаттық қозғалысымен тығыз байланысты болып келеді. Жағымды кейіпкерлер арпалыстар мен атыс-шабыстың ортасында от кешіп жүрсе, жағымсыз кейіпкерлер етектен тартып, азаттық үшін жан беріп, жан алған күреске кедергі болып жатады. Романның екінші кітабы басталысымен-ақ, көп ұзамай Кенесарының бейнесі оқырманға айқындала көрінеді. «Шейіт болған табын руының жігіттерін жер қойнына беріп, Иман батыр Мұғалжарға жүрерде Жоламан (ел панасы болған би): «Бүйтіп ру-ру болып ақ патшаның әскеріне қарсы тұра алмаспыз. Басымызды құрағанымыз жөн, тыру-тыру жүріп, ит-құсқа жем боламыз. Абылай әулетінен қазақты біріктіре алатын арқада ешкім қалмады, тек Қасым сұлтанның балаларымен байланысқа шығу керек. «Құм жиылып – тас, құл жиылып – бас болуы» үшін, бір тегеурінді қолбасшы қажет» дейді. Осы сәлемді жеткізу үшін алыс жолға Құдаймендіні аттандырады.
Ол кезде Қасым сұлтан қаскөйлердің қолынан қаза тапқан Саржан және Есенкелді атты ұлдарынан айырылып, қабырғасы қайырылып, опық жеп отырған болатын. Сондай халдегі Қасым сұлтан: «... Кер баққыр, кесір шалды – хандықтан айрылдық, тәуелсіздіктің даңғыл жолынан адастық, билік тізгінін өзгеге бердік. Көмек дәмете әркімге бір жалтақтайтын кіріптарға ұшырадық...
... Хан Абылай тұқымының басын алдап апарып шапса да, менің өрендерім, алған бетінен қайтпайды. Ата-баба ұстанған жолдан ауытқи алмайды. Елдік мұрат үшін ат жалында арпалысып жүріп Саржан мен Есенкелді қыршынынан қиылса, келесі бір қыраным көк жүзіне саңқылдап шығады. Тек, міндет жүктеп, аманат арқалату керек. Ендігі алты алаштың алдына шығатын кезек – сенікі, Кенесары! Жай қолыңды, әкелік батамды беремін!» деп, ақ батасын береді.
Қан жұтып, қайғыға батып отырған Қасым сұлтан сол кезде нағыз әкеге тән ерекше әрекет жасайды. Осы үзіндіні толық келтірейін: «Төрде малдас құрған кәрлі төре орнынан түрегеліп, кісе белдігін шеше бастады. Алдындағы жиналғандарда үн жоқ, бәрі Қасым сұлтанның ендігі әрекетіне сауалды кепте қарайды. Кісесі мен күміс қынды сапысын ұлының алдына тастады. Сосын ту сыртында керегеде сүйеулі тұрған білтелі құлдыр мамай түрке мылтықты алып, дүмін Кенесарының дізесінің тұсына қойды да, ұңғысын иығына сүйеді.
– Міне, мынау, атаң Абылай ханнан қалған киелі мұраның біреуі. Бес жүз қадамнан жаңылмай тиетін берен. Ие бол, өзге балаларымның ешқайсысына бермей жүр едім» – деді.
Беренді алған Кенесарының әрекеті де әкесінің әрекетінен кем түспеді. Оны жазушы былайша суреттейді: «... Кенесары хан атасының мылтығына әлдебір тебіренген халде қарады да, жанына жайғасқан Наурызбайға «ұстай тұр» деген ишара танытты. Сосын молдасоқынған орнына атып тұрып, бір тізерлеп қайта шөкті де, қылпылдаған сапыны күміс қынынан суырып ап маңдайына тигізіп, жүзінен сүйді.
– Осы от пен суға суарылған алмастың жүзіндей қас-жауларымды аямай бауыздауға ант етемін! – Қос жанары кек пен өшпенділікке тұнып, семсердің жүзімен серттесті».
Міне, Кенесары осылайша ел азаттығы жолында жан пида деп атқа қонды. Бел шешіп аттан түспей, атысты, шабысты, шайқасты, жеңді, жеңілді, ұтты, ұтылды, көнді, көндірді, айла жасады, алданды. Азаттық үшін күрес азапты жол екенін өзі де ұқты, өзгені де ұқтырды.
Роман-трилогияны оқып отырып, Кенесарының ұйымдастырушылық және қолбасшылық қабілеттеріне таң қаласың. Тіпті жан-жағына серіктестерін іріктеп топтастыруында, оларды басты мақсатқа жұмылдыра білуінде де мін жоқ. Дала төсінде соңына ерген ел-жұртымен, сарбаздарымен көшіп-қонып жүріп, орыстың оқыған, жоғарғы әскери білімі бар, екі генерал-губернаторының (Орынбор және Батыс Сібір) апшысын қуырып, жандарын шүберекке түйгізген. Орынбордың генерал-губернаторы Перовскийге және Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаковке хат жазып, өз ұсыныс-талаптарын қойып, айтқанын орындатқан. Тіпті Петербордағы әскери министрдің өзі де үрейленіп отырған. Соған қарағанда Кенесарының ақыл-ойы, парасаты, пәрмені, қабілеті, күш-қайраты әлдеқайда биік деңгейде болғаны ғой. Кенесары хан қар жастанып, мұз төсеніп жүрсе де Орынбор мен Омбыда оның жансыздары мен тыңшылары тынбай жұмыс жасап, генерал-губернаторлардың кеңселерінің ішіндегі барлық жағдайлардан хабардар болып отырған. Тіпті, кейбір әскери шенділердің беттерін өзіне қаратып алған.
Екі генерал-губернатордың Кенесарыға және оның көтерілісін тоқтатуға бағытталған көзқарасы екі түрлі. Перовский Кенесарымен ымыраға келудің бейбіт жолын таңдаса, ал Горчаков болса «ұр да жықты» қалаған. Осыны білген Кенесары екеуіне хат жазып, оларды «қырылыстырып» қояды. Екі генерал-губернатордың кикілжіңі Петербордағы әскери министрге (Чернышев), ақ патшаға мәлімденеді. Жазушының сөзімен айтар болсақ «Күллі орыс империясын алаңдатып отырған көтерілісшілер көсемі» Кенесарының жеңіл шағылатын жаңғақ емес екенін ақ патшаның өзі білсе, қалғандарына жол болсын?! Алты ай бойы жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша Кенесары рақымшылық алып, қамаудағы туыстары босатылып, Орынбор өңіріндегі қарулы қақтығыстар тоқтатылды. Кенесары осал болса орыс осыған барар ма еді? Жоқ, әрине.
Осындай тыныш өмірдің ұзаққа бармайтынын Кенесары да, оның қандыкөйлек қаруластары ды білді. Мысалы, Кенесарының тапсырмасымен Орынбормен екі ортада елшілік жұмыстармен жүрген Әбілғазы сұлтан: «... Жан-жағымыздан анталаған жаудың тырнағынан аман қалу жолы, меніңше, осы озбыр болса да орыспен достасып, қоян-қолтық араласуда ма деп ойлаймын» – дейді. Оған Кенесары: «Солайы солай ғой, дос болайық деген орыс жоқ. Байлаулы боданым, құлақ кесті құлым бол деп отыр емес пе? Достық қарым-қатынасқа қолымыз жетсе қанеки? Дос болу үшін неге тәуелсіздігімізден айырылуымыз керек?» деп жауап береді.
Әрине, роман-трилогиядағы Кенесары ханның елінің азаттығы жолында басынан кешкен барлық қилы кезеңдерге тоқталып өту мүмкін емес. Бірақ, Кенесары ханның «байлаулы боданым, құлақ кесті құлым бол деп отыр емес пе?» деген сөзіне романнан мысал ретінде бір үзінді келтіре кетейін.
Кенесары хан әскерімен Ақмола бекінісіне шабуыл жасайды. Сол кезде бекіністің ішінде Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин болады. Үзіндіні кітаптан айна-қатесіз келтірейін. «... Сапырылыс, айқай-ұйқай, қайшалыс басталды да жөнелді. Қылыштары тобығын қаққан жасақ атқораларға жүгіріп, жалма-жан ерге қонды.
Тоқішектей күржиген Қоңырқұлжа да Чириковтың жанында еді, осы күнге дейін жәреукеленіп шауып жүрсе де оған сенбей:
– Кудаймендина в камеру, живо, закройте! – деді сұқ саусағымен нұсқай көрсетіп. Заматында аға сұлтанды екі жендет екі жағынан алып, казармаға қарай дедектете жөнелді.
– Ұлық мырза, мынауыңыз не? – Ештеме ұқпай семіз ісектей барқырады.
– Сізге қатер төнбесін деп... – Жетелеген жендеттің біреуі жуып-шайды».
Қоңырқұлжа Құдаймендин округтің аға сұлтаны. Ал Чириков болса бар-жоғы сол бекіністегі отрядтың бастығы. Әскери шені есаул. Чириков «в камеру!» деді, «в казарму» деген жоқ. Демек, «қамап қой!» деген бұйрық. Көтерілісшілер жағына өтіп кетер деп қауіптенді ғой сарқылшықты! Міне, «аға сұлтан» кім, «есаул» кім? Билігі мен қаһары қар жаудыратын аға сұлтан, есерсоқ есаулдың алдында бейшара болды да қалды. Керісінше, аға сұлтанның алдында есауыл дегендерің құрдай жорғалауы керек еді ғой. Темекі сасыған сарықылшықты қазақтың баласына билігін жүргізіп, даласын таптауға кірісті. Осыны Кенесары білді. Атқа қонды. Басын қатерге тікті. Өз руы, өз ауылы, өз жайлауы үшін емес. Қазақ үшін! Ұлы даланың Тәуелсіздігі үшін басын қатерге тікті!
Кенесары кемеліне жеткен қолбасшы бола білді. Стратегиялық тұрғыдан алғанда ой-өрісі кең, тактикасы табан астында жаудың ұрымтал тұсын таба алатын ұтқыр шешімге негізделіп отырды.
Шындап келгенде роман-трилогияның екінші кітабын кәсіби әскерилер оқыса құба-құб болар еді. Командир-офицерлер бұл кітапты қол астындағы жауынгерлерге арнайы оқытып, кітапта айтылатын Кенесары бастаған сарбаздардың ұрыс даласындағы ерлігі мен елінің еркіндігі үшін, жағадан алған жаумен арпалысып жүріп, жан пида етуге дайын екенін үлгі ретінде паш етсе, жас сарбаздың санасында Отанға деген сүйіспеншілік сәулесінің ізі қалар ма еді? Кенесарының Созақты, Меркіні азат етудегі шайқастары, Алатаудың бөктеріндегі қақтығысы соғыс амал-тәсілдерін қолданудың хрестоматиясы деуге әбден болады. Әсіресе, Кенесарының 1843-ші жылы Торғай даласындағы өзі тікелей майдан ортасында жүріп басқарған шайқасы, нағыз қолбасшының қолынан келетін әскери әрекет еді. Айтпақшы, осы шайқасты бастауға 1843-ші жылы маусымның 27-сі күні бірінші Николайдың өзі рұқсат берді. Кенесары хан қарсы алдындағы жаудың барлық жағдайын барлап, саралап барып сарбаздарына пәрмен түсірді.
Тамыз айындағы Торғай даласындағы ұрысқа келейік. Шекара бастығы Ладыженский Кенесарыны кеңінен орағыта кеп қоршап алып, тып-типыл етіп жойып жіберу үшін қол астындағы жасақ пен әскерді бес құрамға бөліп, дайындыққа кіріседі. Кенесарының қарсы қимыл-қозғалысын жазушы былайша суреттейді: «Бұл әрекеттің ұзын-ырғасын тыңшылар мен ел арасындағы ұзынқұлақтар арқылы білген хан Кене өзінің соғыс әдісін бұрынғыдан мүлдем басқаша құрды. Алдында бес түрлі құрам тұрғандықтан қарауындағы әскерді беске бөлді. ...Хан Кене Жоламан екеуі «соғыс даласының дәл ортасы осы болар-ау» деп, Ырғыз өзенінің жағасында қалды.
Кенесары әскерінің майданға бұлай дайындалуының бірнеше себептері бар еді. Бастысы – патша әскерінің басын Ырғыз бойында қосуға мүмкіндік бермей, жекелеп паршалау. Сонымен қатар, қарауындағы әскердің мөлшерін жау көзіне тым көп етіп көрсету, үшінші өзінің қай қосында соғысып жүргенін білдірмеу.
...Ханның сыпайларын беске бөліп тастауының және бір басты сыры – күллі әскерімен тұтастай қоршауға түсіп, бар күшін бір сәтте жазым етіп алмау. Ал мына көкейіне түйген әдісі ұшы-қиыры жоқ қазақтың кең даласына ең лайықты амал. Бір тұста соққыға ұшырап, адам шығынына жол берген күнде де өзге жердегі әскері аман қалады.
Сондай-ақ күші басым, зеңбірек сүйреткен жаумен бетпе-бет келіп ұрыспай, тиіп-қашып, соңынан қудыра қалжыратып, бетпаққа қамап, жер соқтыру – мыңбасылар кеңесінде қадап айтылған». Міне, осылайша тактикалық жағынан пысықталған, стратегиялық жағынан шыңдалған хан Кененің жоспары іске асып, жанарал Ладыженский ұйымдастырған Орынбор әскери губернаторының 1843-ші жылғы шабуылы нәтижесіз аяқталды.
Кенесары хан тұрақты әскер құруды, қару-жарақты өздері жасап, зеңбіректерді өздері құюды армандаған. Мақсат еткен. (Осы орайда, мен өзімнің мына пікірімді қоса кетуді жөн санадым. Менің ойымша, Бауыржан Момышұлы Кенесары ханның соғыста іске асырған әскери амалдарынан толық хабардар болған. Біліп қана қоймай жадында сақтаған. Олай дейтінім, Баукең Москва түбіндегі шайқастарда жеке өзі Кенесары ханның әдіс-айлаларын айна-қатесіз қолданып, жеңіске жетіп отырған. Кенесары ханның соғысы мен Баукеңнің шайқастарының арасында бір ғасыр (!), жүз жыл жатыр. Сайып келгенде екеуі де тәуелсіздік үшін қан төкті емес пе? Тәуелсіздіктің тағдыры батырлардың қолында болғаны ғой! Ә.О.).
Әрине, роман-трилогияны сыдыртып оқып шығу мүмкін емес. Себебі жазушы оқырманын оқиғаларға тікелей қатыстырып жіберіп, оны баурап алады. Сондықтан хан Кенемен, оның батырларымен және жанкешті сарбаздарымен бірге соғысып кетіп, солардың көрген азабын, өзек өртейтін өкініштерін басынан кешіріп жатады. Ол жеңіске жеткенде оқырман да шаттыққа бөленгендей болады.
Өкінішке орай Кенесары хан соңғы шайқаста сәтсіздікке ұшырап, қапыда тұтқынға түседі. Сәтсіздікке өзінің осалдығынан емес, опасыз сатқындықтың (Сыпатай мен Рустем әскерін ертіп, Кенеге айтпай ұрыс даласынан кетіп қалады) салдарынан ілінеді. Тұтқында жатып, оның көрмеген азабы жоқ. Сонда да алған бетінен қайтпайды. Айтпақшы, Майтөбенің басындағы шайқаста басына қауіптің шындап төнгенін сезген хан Кененің кіші жұбайы Жаңылға айтқан сөздері жүрегіңді елжіретіп жібереді. «Хан үрейден томсарып отырған Жаңылды сабырға шақыра құшағына қысып, үстіндегі жеңіл сауытын шешіп кигізді.
– Жапар мен Тайшық ержетті. Сендерге бас-көз болар. Мен олай-бұлай болып кетсем Наурызбай хандыққа ие болып, тізгінді қолына алса, сендерді жеке отау етіп ұстап отырар. Сыздықты ерекше күт. Бетінен қақпа. Менің ісімді жалғастырар сол болар. Күнімжан бәйбішені тыңдап, ажырамаңдар, бірге болыңдар. Алла жолдарыңды оңғарсын. Хош, сау болыңдар!» – деп шығарып салды».
Кененің тұтқынға түскенін білген Наурызбай жанын қоярға жер таппай, қалайда оны құтқаруға тәуекел етеді. Қасындағы қандыкөйлек серіктері, Ағыбай батыр Наурызбайды сабырға, ақылға шақырады. Көзсіз ерліктің өте қауіпті екенін, жаудың қақпанына қапыда қапылуын ескертеді. Сонда Наурызбай: «Ей, Ағеке! «Екі қатынның баласы – екі рулы ел деген», бірақ менің Кене ағатайыммен шығарға жаным бір. Атаңа нәлет қу қырғызды қақ жарып барып, Кене ағатайымды не жаудан арашалап алайын, не бірге өлейін! – деді көзі шатынап. – «Кенесары өліп, Наурызбай қашып кетіпті» деген сөз өлімнен бетер...жаман атақ. Ондай атпен үйге тірі барғаннан да, өлгенім артық! Жиырма беске жеткенім жоқ, бірақ жүз жасаған кісінің сүретұғын дәуренін сүрдім. Тіршілік пен бұл жалғанға менің арманым жоқ» – дейді. Өкінішке орай Наруызбай да көптің қамалауымен тұтқындалып, оны әбден азаптап, Кенеден бұрын басын шауып алады.
Көзіне қан толған, қанішер де қатігез жау Кенесарыны да аяған жоқ. Оның да басын шауып алды. Өлім алдында, ажалмен бетпе-бет келіп тұрып, хан Кене: «Жанымды ауыртпай, басымды қолының дағдысы бар біреу дәті жетсе өз қылышыммен шапсын. Бірақ сендер қойнымдағы қатынымнан, астымдағы атымнан, мойнымдағы басымнан айырсаңдар да, бойымдағы қазақ деген рухтан айыра алмайсыңдар! Қылша мойным семсердің жүзінде тұрғанда серт етем, орындалмаған арманым – ұрпағыма аманат! Солар рухымды қайта тірілтеді, басқыншылыққа қарсы күресімді қайта жалғастырады! Қазақты осал жұрт демеңдер, жауын алмай қоймайды! Хан Кене құласа да, қазақтың туы жығылмайды! Қазақ түбі тәуелсіздігін алады!» дейді. Расында да пенденің жанын алғанмен, халықтың азаттықты аңсаған асыл мұратын өлтіре алмайтыны мәлім. Наруызбайдың және Кенесары ханның өмірінің соңғы сәттері роман-трилогияда жаныңды ауыртып, қабырғаңды қайыстыра суреттелген.
Бес қаруын асынып, ат үстінде күнді күнге, түнді түнге жалғастырып, жорықтан жорыққа ізін суытпай шапқылап жүрсе де, хан Кене бір күн де болса, қарапайым қазақы тіршілікке уақыт тапқан. Ол да ет пен сүйектен жаралған. Қыр қазағының салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан, тұрмыс-тіршілігінен, жөн-жоралғысынан аттап кетпеген. Керісінше, олардың салтанат құруына, бір сәт болса да, ұйытқы болған. Осы сөзімізге роман-трилогиядағы кеңінен баяндалған Кенесары хан мен Балғожа бидің арасындағы қарым-қатынасы толық дәлел бола алады. Кенесарының жас бала Ыбырайға:
«Нұрына шом батамның,
Сырын аңда жаһанның.
Саналыға жолығып,
Шырағы бол жапанның» – деп басталатын батасы қандай ғажап!
Кенесарының хан сайланған жылы естен шығып барады екен. Үш жүздің баласынан жиналған халық 1841-ші жылы күзде Кенесарыны ақ киізге көтеріп, бүкіл қазақ халқының ханы етіп сайлады.
Жалпы алғанда жазушы оқиғаларға, кейіпкерлерге, тіпті суреттелген затқа да өте адал екенін білдіріп жазады. Бір рет жазылған оқиға, зат немесе кейіпкер біржолата ұмытылып кетпейді. Міндетті түрде амалын тауып, қайта еске салады. Айдалып кеткен жылқылар, ұрланған жүйрік ат ойламаған жерден табылып, оқырманды қуантып отырады. Мысалы, мақаланың жоғарғы жағындағы кәрлі төре Қасымның ұлына: «Міне, мынау, атаң Абылай ханнан қалған киелі мұраның біреуі. Бес жүз қадамнан жаңылмай тиетін берен. Ие бол, өзге балаларымның ешқайсысына бермей жүр едім» деген жолдар естеріңізде болар.
Ақмола бекінісіне жасалатын шабуылдың алдында «Кене Тайтөбенің жотасына көтерілгенде төменнен бір сарқылшықты аңдап қалды. Дереу сұлтан әкесі Қасым төренің табыстаған әкесі Абылай ханның құлдыр мамай түрке мылтығын тақымынан суырып ап, қарауылшыны атып өлтірді» – деп сол аталған мылтықты қайтара еске салады.
Романның басында өрімдей жас Нысанбайдың және Баубектің есімі аталады. Олар романның ағысымен бірге есейіп, алғашқысы Кенесары әскерінің дауылпазы болса, екіншісі ханның сенімді жаужүрек батырына айналады. Бұндай мысалдар баршылық.
Осы шағын пікірдің соңын роман-трилогиядағы екі кейіпкердің сөзімен қорытындыласа орынды болар деп ойлаймын. Біріншісі, Мұңайтпас ақсақалдың: «Кенесарының аты келешекті де тамсантады. Аласы сыртынан білінбей аузынан білінген алаштың алаңғасарлары әлі бармағын шайнар...» деген сөзі. Екіншісі, Шоқанның Тәнеке батырға айтқан мына сөздері. «Ертең елдің еншісіне тиетін, тарихына өшпестей таңбаланатын нәрселер – азаттық үшін күрескендер ісі екен. Кенесары мен Наурызбай көкелерімді жоғары қоям, қадір тұтам. Халыққа араша түскен олар билік дәуренін сақтап қалуды мақсат тұтпады. Менің ұғынуымша елін арам ниеттілердің аранына тастап, қор еткісі келмеді. Келешекке ешкімге құл болмай барсын деп ойлады» дейді Шоқан.
Орыстар дегеніне Кенесары хан өлген соң жетті. Кенесары қаза тапқан кейін оншақты жылдың айналасында патшалық империя Орта Азияны құрсауына алып, уысында ұстады. Басқыншылық импершіл пиғыл асқындай, қазақ халқы темір тордың ішінде қалды.
Ол кезде, әрине, шын Тәуелсіздікке апаратын тар да тайғақ жол бір жарым ғасырға созылатынын ешкім білген жоқ еді.
Әлихан Омарбеков,
отставкідегі полиция полковнигі
Семей қаласы
Abai.kz