Жексенбі, 8 Қыркүйек 2024
Ақиқатқа қиянат 1802 1 пікір 22 Шілде, 2024 сағат 13:52

Үш мақала – үш болжам: Тоқаевтың жанашыры кім?

Коллаж суреттері автордың жеке мұрағатынан алынды

Үш мақала – үш болжам. Тоқаевтың шын жанашыры кім?

Байқайсыздар ма, менің «Қазақстан – узурпацияланған мемлекет» (28 наурыз 2024 жыл) атты көлемді мақаламның жарық көргені сол-ақ екен, Президенттің ең сенімді адамдары саналатын тұлғалар арт-артынан мақала жазатынды шығарды.

5 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің: «Бірлік пен даму: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері» атты мақаласы «Егмен Қазақстан» және «Время» газеттерінде екі тілде қатар жарық көрді.

12 маусым күні Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәлидің: «Реформаның үштағаны: жасампаздық пен жаңғыру жолы» деген мақаласы «Егемен Қазақстанда басылды.

Ал, 15 шілдеде «Время» газеті Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың: «Логика реформ» деген тақырыппен жариялапты...

Қарап отырсақ, үш мақала да 2022 жылғы Ерлан Қарин бас болып, жобасын жасаған «Конституциялық реформа» және оның негізінде қалыптасқан жүйенің жемістері туралы сөз қозғапты.

Басын ашып, тағы бір мәрте қайталап айтайын, осы үш мақалада айтылған сөздердің ешқайсысын мен жоққа шығармақ емеспін.

Неге екені белгісіз, Маулен Әшімбаев мақаласын орыс тілінде ғана шығарды. Мүмкін, Ауыт Мұқибек оқи алмай қалсын деген болуы керек. Бұл енді әзіл.

БАҚ-тар жарияланып жатқан ақпараттардағы мәліметтерге сүйеніп, Мәулен Әшімбаевтың мақаласында не айтылғанын шамалап түсінгендей болдым.

Мысалы: «Билігі бар элита өкілдерінің көбі инерция бойынша бұрынғы шешім қабылдау орталығына жалтақтауды жалғастырды. Шын мәнінде, ол кезде қос билік болды», - депті.

Мәулен Сағатханұлының бұл айтқаны да айдай ақиқат.

Сол жалтақтағандардың ішінде Өзі де болған болуы мүмкін.

Нұрсұлтан Назарбаев: «Егер Президент Асқар Ұзақбайұлы Маминді ұсынса, онда мен фракциядан оның кандидатурасын қолдауды сұраймын...», - дегенде, еш қарсылықсыз, бірден қолдап бергендердің басында осы Мәулен Әшімбаев та болды.

Егер, шынымен Қасым-Жомарт Тоқаевқа жандары ашыса, Маулен Ашимбаев пен Ерлан Кошанов Асқар Маминнің кандидатурасын өткізбей тастауына болатын еді. Масқара болғанда, Асқар Ұзақбайұлына бір депутат шығып, бір сұрақ қоюға жараған жоқ! Енді келіп, бүгін «КӨКТЕН ТҮСКЕН АДАМ» құсап, сайрап отыр…

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылдың қыркүйегінде жариялаған жаңа экономикалық моделі үш негізгі қағидатқа негізделген: әділдік, инклюзивтілік және прагматизм. Сонымен қатар, прагматизм бұрынғыдай кешіктірілген марапатты емес, белгілі бір уақыт шеңберіндегі нақты нәтижелерді - абстрактылы жетістіктерді емес, азаматтардың өмірінің нақты жақсаруын білдіреді», - депті, Мәулен Әшімбаев мырза.

Бір өтірігі жоқ, бәрі рас!

«Елде астан-кестен болып жатқан кезде Президентке ең қиын шешім қабылдауға және жауапкершіліктің бәрін өз мойнына алуға тура келді», - депті.

Бұл сөзіне де алып-қосарымыз жоқ, Мәулен мырза ақиқатын айтып отыр...

Бірақ, бәрібір, «Қазақстан – узурпацияланған мемлекет»!

Қазақстанды узурпациялаған топтың басында Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов тұр.

Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов 2013 жылғы 4 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңы арқылы Қазақстанды басы бүтін узурпациялап алғанын ешкім жоққа шығара алмайды!

Мәулен Әшімбаев 2012 жылғы қаңтар – 2018 жылғы ақпан аралығында бесінші, алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болатын.

Қайта, Маулен Әшімбаев сол «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңын қос қолдап қолдап берген депутаттардың алдыңғы шебінде тұрды.

Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев ол кезде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры қызметтерінде жүрген болатын. «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңы қабылданып кеткеннен кейін, нақтылап айтсақ, 2013 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы болып қайта сайланды.

Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқаев – президенттік тағдыры әбден узурпациялаған мемлекеттің үстіне дөп келіп қалған Президент!

Бір-екі мысал келтірейін.

Кеше Қанат Шарлапаев бақандай елу мың адам қол қойған петиция талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданғанын жариялады.

Нарық заңы бойынша, есі дұрыс адам отандық өндірісті өз халқының қалтасын қағу арқылы қорғамайды, сол өндіріс өндіретін өнімді шеттен импорт етушілерден алынатын салықты еселеп көбейту арқылы қорғайды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бұл шешімі – мен айтып келе жатқан узурпациялаған жүйенің әлі де өмір сүріп отырғанын, тіпті баяғыдай ықпалды екенін анық көрсетті;

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс», - деді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының сол 2019 жылы берген тапсырмасы 2022 жылы зорға орындалып, «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» 2022 жылғы 30 желтоқсанда зорға бекітілді.

Аталған тұжырымдамада ішкі көші-қон мәселесі де қарастырылған болатын.

Ал, биыл 20 ақпанда Сенатта өткен Үкімет сағатында Сенат Төрағасы «Бұл ретте оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы күтілген нәтижені бермегенін мойындауымыз керек»-деді.

Демек, 2022 жылғы Ерлан Қарин бас болып жобасын жасаған «Конституциялық реформа» Қазақстанды құлыбаевтардың узурпациясынан алып шыға алған жоқ!

Ең құрығанда, Оңтүстіктен Солтүстікке шеру тартқан көшті дұрыстап жүргізуге жарамады ғой Ерекең бас болып жобасын жасаған бұл «Саяси реформа»!

Көріп отырсыздар, бірінен соң бірі жарысып мақала жазып отырған осы үш тұлғаның үшеуі де Президентіміздің айналасында жүрген ең сенімді адамдары. Ірі лауазым иелері. Өте ақылды жігіттер!

Ал, мен болсам қатардағы қарапайым, белсенді азаматпын. Бар арманым, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Өзі жолға қойған «ЖАҢА, ӘДІЛЕТТІ ЖӘНЕ ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» құру жобасын өз деңгейінде абыроймен орындап шықса екен деймін. Сол жолда өзімді Қасым-Жомарт Кемелұлын шамамның жеткенінше қолдап келемін.

Соның бір дәлелі – осы «ҚАЗАҚСТАН – УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН МЕМЛЕКЕТ» атты мақалам.

Аталған мақаладан осы үш тұлғаның үшеуі де хабардар, үшеуі де оқыды.

Мәулен Сағатханұлына жолдаған хатыма жақында Сенат депутаты, Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Мұрат Қадырбек: «Құрметті Ауыт Мұқибекұлы! Сіздің өтінішіңізбен Сенат басшылығы танысып өтті. Алдағы уақытта жұмыс барысында ескерілетін болады», - деп жауап берген болатын.

Бақандай үш жоғары лауазымдағы тұлғаның арт-артынан мақала жазып жариялауы – тегін емес.

Мен үш шенеуніктің бұл ҮШ МАҚАЛАСЫ туралы өзімнің ҮШ БОЛЖАМЫМДЫ ортаға салғанды жөн көрдім.

Бірінші болжамым:

Үш мақаланың үшеуі де менің «ҚАЗАҚСТАН – УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН МЕМЛЕКЕТ» атты мақалама берілген жауап деп ойлаймын;

Екінші болжамым:

Бақандай үш тұлғаның екі айдың ішінде жарысып етектей-етектей үш мақала жазып, 2022 жылғы Ерлан Қарин бас болып жобасын жасаған «Конституциялық реформа» негізінде қалыптасқан қазіргі жүйені жаппай мақтауларына қарағанда, үшеуі де келесі президенттік тақтың МҰРАГЕРЛІГІНЕН үмітті секілді. Әсіресе, Мәулен Әшімбаев пен Ерлан Қарин. Бір-біремен бесекеге түскен сыңайлы;

Үшінші болжамым:

Жалпы, мен Қазақстанның Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтың УЗУРПАЦИЯЛАҒАН жүйеде қалғанын және Қасым-Жомарт Кемелұлының Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аяғын құшқанын ешқашан қаламаймын!

Есесіне, Мемлекет басқару жүйесін түбегейлі өзгертіп, биліктің үш бұтағының дербес жұмыс істеуіне жол ашатын, кім президент болып келсін мейлі, тек ЗАҢ ҮСТЕМДІК ететін жүйе орнағанын қалаймын!

Ол – бір палаталы, кемінде 300-350 депутаттан тұратын ПАРЛАМЕНТТІК БАСҚАРУ жүйесі!

Ал, мына үш түлғаның үшеуі де ҚАЗАҚСТАННЫҢ УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН МЕМЛЕКЕТ екенін жақсы біледі. Өте жақсы біледі. Әсіресе, Маулен Әшімбаев пен Ерлан Қарин. Тіпті, сол УЗУРПАЦИЯЛАУҒА өз қолдарымен, жоғарыда айттым ғой, атсалысқан кісілер бұлар.

Бірақ, сол Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов жағынан УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН жүйеден кеткісі жоқ секілді. Мына мақалаларына қарағанда, ескі жүйеге тіпті бүйректері әлі бұратын сияқты. Менің «Сізден осы мақаламды Қасым-Жомарт Кемелұлының назарына ұсынуыңызды сұраймын!» деген өтінішімді, байқаймын, үшеуі де орындамаған көрінеді.

Кеше академик Оразалы Сабден ағамыз Құралай Пионерге берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев туралы тоқталып, «Екінші Назарбаев болады деп ойламаймын, бұл кісі еш уақытта [ондай] болмайды, бұл демократ кісі…», - депті.

Мен Орекеңнің бұл сөзіне имандай сенемін!

Егер, менің «ҚАЗАҚСТАН – УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН МЕМЛЕКЕТ» атты мақалам Қасым-Жомарт Кемелұлына жетіп, Президент қалған бес жыл ішінде мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертіп, МҰРАКЕРЛІК тәртіпті жойып, «Сайлау туралы» заңға сайлау бюллетеньдерін сайланушылардың өзінің сенімді өкілдері санайтын норма енгізу арқылы еркін бәсекелестікке жол ашса, ренжімесін, мына ҮШЕУДІҢ үшеуінің де ЖАҒДАЙЛАРЫ қиындап қалары сөзсіз!

Атам қазақтың «Көк ит бір жақ, көп ит бір жақ» деген сөзін осы жерде қалдансам, анау ҮШ БАУЫРЫМ маған ренжулері мүмкін. Оны айтпай-ақ қояйын.

Дау жоқ, «ҚАЗАҚСТАН – УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН МЕМЛЕКЕТ»;

Қазақстанды УЗУРПАЦИЯЛАҒАН топтың басында Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов тұр;

Қасым-Жомарт Тоқаев – президенттік тағдыры әбден УЗУРПАЦИЯЛАҒАН МЕМЛЕКЕТТІҢ үстіне дөп келіп қалған президент!

Енді келесі айда Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов, одан арғы айда Үкіметбасы Жолжас Бектенов мақала жазуы мүмкін. Жаза берсін!

Мен бұл ұстанымымнан ешқашан айнымаймын!

Бұл мәселенің шешімін айтып, нүктесін қоятын – Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Соған дейін бұл күрес тоқтаусыз жалғасатын болады!

Иә, шешімді Президент айтса екен деймін. Халық «ШЕШІМ ШЫҒАРСА», өте қиын болады тағы…

Ал, Тоқаевтың ШЫН ЖАҮАШЫРЫ кім екенін ДАНА ХАЛЫҚ өзі анықтай жатар...

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

1 пікір