Қазақ елін сүйемін!
Қайран өлең
Қайран өлең тау едің асқақ төбең,
Кеткені-ай еңсеңнің пәстеп төмен.
Шаршадың-ау шатпақбай шайырлардан,
Дарын санап өзді-өзін әспеттеген.
Хан тағына қимайтын қиындыңды,
Жәдігер ең алтыннан сиың құнды.
Қасиетін өнердің құндамайтын,
Бақыр бастар бағаңды тыйын қылды.
Тұнып аққан тұма едің тас лақтырды,
Бассап кірді, кешті де ластап тынды.
Аппақ сүт ең кіршіксіз, пісіре алмай
Қапқарағып күйдіріп қаспақ қылды.
Қайран өлең жеттің-ау жан кешерге,
Қолжаулық боп көрінген әумесерге.
Өстіп жүріп қадірің мәңгі өшерме,
Соны ойласам тұнады зәр кесемде.
Қармағынан айырып әр наданның,
Қайтіп сені қорғармын, далдалармын
Барады үдеп қарқыны қарқылыда,
Қалам ұстап шулаған қарағалардың.
Еш нәрсені екшемей ақылға сап,
Уақыт кейде қадамын қапыл басып.
Зардабы бұл заты азған замананың,
Қарғалардан шығарса ақын жасап.
Тәуелді етіп көкірегі соқырларға,
Өшірмесін ей өлең отыңды Алла.
Тағдырыңды тапсырдым аманаттап,
Өресі өр,ойы зор оқырманға.
Қайырлы бол, адамдар!
Уа адамдар армысың фәнидегі,
Құмырысқаның секілді дәл илеуі.
Жер бетінде жыбырлап жүрсіңдер ме,
Күнің үшін тырбанып дән үйгелі.
Алатаңнан шапқылап тыным көрмей,
Қу тірліктің қазасың түбін көрдей.
Байлық үшін түстіңдер бәсекеге,
Бірің асып, біріңнен біріңді өрлей.
Дүниені әрине, жиған пайда,
Байығанның қорасы қиланбай ма.
Тапқаныңда дауым жоқ, таласым жоқ,
Қанағат пен бірақта иман қайда.
Сауап істен санасы қайырылған,
Қайбіреуің шынында байыдың нән.
Құлқыныңның құдығын толтыра алмай,
Қалып бара жатырсың қайырымнан.
Ниетіңде болса егер шөкім кесір,
Қияметте қиналып жаның шошыр.
Бір сәт көз сап қарашы жан-жағыңа,
Не күн көріп жүр екен жетім-жесір.
Талқаныңды басқадан қорып анық,
Тоғұшарлық шырмалдың торына нық.
Бес күн жалған дүниеде, жиғаныңды,
Кетемін деп жүрсіңбе көріңе алып.
Кім арамнан дүние жиады екен,
Артық бақты депті,-Алла зиан етем.
Бар тапқаның көшкенде бақи жаққа,
Екі метір көріңе сияма екен?.
Құлақ түргін сөзіме, әй, Адамдар!
Жаратқаннан жеткен бұл аянды аңғар.
"Шаян болып шағады қабіріңде,
Тірліктегі мал-мүлкің таянған бар"
Адалдап іш асыңды, шәйіңді ішкен,
Нәпсі боқтан араңды айыр, күштен.
Ақыретте бар күнәң жуылады,
Фәнидегі қылған әр қайырлы іспен.
Қар ғұмыр
Алдамшы сәттік уақытқа сеніп,
Биіктен сонау қалықтап өріп.
Аңқау қар жерге қонақтап жатыр,
Қонғанын білмей табытқа келіп .
Еркінің тартпай іркіп тізгінін,
Қалдырып көктегі қырсық сыз күнін.
Келуіме әлде дәлелдемек боп,
Жердегі жұртқа кіршіксіздігін.
Бұлттардан қауызын ашқанда түлеп,
Пәктігіне оның аспан ғашық еді.
Тағдыры енді табанға түсіп,
Жалынып жатыр "баспаңдаршы" деп.
Көркіне көрген құлатып жанды,
Тұрамын деді-ау гүл атып мәңгі .
Пенделер оның пәктігін қайтсін,
Өтеді таптап жылатып қарды.
Тәлкекке басы түскен бейшара ,
Таппайды ау енді істерге шара.
Гұмыры қардың ғажайып екен ғой,
Қалықтап жерге түскенше ғана.
Қазақ елін сүйемін!
Мен туыппын Ұйғырменнен Қазақтан,
Маусымдағы атқан шақта ғажап таң.
Тегім ұйғыр болғанымен шындығы
Тілім қазақ, бұлақ сынды таза аққан.
Міне осылай жаратылған адаммын,
Екі жұртты туыс қылған балаңмын.
Тәртібінде ер жетсемде әкемнің,
Бал тілінде өлең жаздым анамның.
Ала жібін аттамайтын бөтеннің,
Егіз ұлттың құлыншағы екенмін.
Жаман адам болмайтыным ақиқат,
Тәрбиесін тел емген соң екі елдің.
Ұйғыр елім кінәламас өз ұлын,
Өзге тілде өрдіғой деп сезімін.
Мені өзіне ғашық етті о бастан,
Қазағымның нәрлі нәрлі тілі-сөзінің.
Сіңген асыл анашымның сүтімен,
Қара өлеңнің қуаттанып құтымен.
Қайыралмай көңілімнің қалауын,
Ақындықтың шыбырқысын тұтып ем.
Дүбіріне ендімдағы жыр көштің,
Қазағымның шайыры боп үн қостым.
Деп-жұртым ау қайдан келіп мінгестің,
Ала қойды бөле қырқып жүрмессің.
Мейлі жарып бұл дүрмекте ту алман,
Тек болса екен шындығымды ұғар жан.
Қазақылық қайнап жатыр қанымда,
Тамырымды қара өлеңмен суарған.
Тәлім алып өнегеңнен жүз өрім,
Тағдырымның қисық жолын түзедім.
Махаббата; жабырқаған жанымның,
Тағы тапты сеннен туған қыз емін.
Домбырадай анам салған тиегін,
Бесігімнен мені баптап сүйедің.
Сондықтанда сені шексіз сүйемін,
Қасиетті қазақ елі-киелім.
Жаркент жайлы жыр
Арқас тауға шалқайған беріп жонын,
Өр өсекті марқайған еміп тегін.
Ұлы жібек жолында гүлге оранған,
Жаркентімді бауырым көріппе едің?
Өрнектелген кілемдей жүз оюмен,
Келбетіне көзімді сүзейін мен.
Сомдау үшін бейнесін қиялыңа,
Сөз маржанын өлең ғып тізейін мен.
Туған жері әркімнің мекке білсе,
Асығатын мінәжат етсе білсе.
Жырлап саған көрейін Жаркентімді,
Құдіреті тілімнің жеткенінше.
Берекелі,бейілді,пешенелі
Жерұйығы болады деседі оны.
Әр елде жоқ, мен білсем әлемде жоқ,
Тақтайдай тең, түп түзу көшелері.
Мұны айтуым әуелі керектегі,
Самал желмен желбіреп желектері.
Қатар-қатар тізілген көше бойлап,
Сапқа қойған сарбаздай теректері.
Көк бояуға малынған тегіс төрі,
Бау-бағынан сарқылмас жеміс кені.
Уылжып бір піскенде алма-өрігі,
Адам түгіл тапсантар періштені.
Тәнті қылар тарихы, даралығы,
Заманға сай түрленіп,жанаруы.
Шексіз-шетсіз шалқыған көк теңіздей,
Іргесінде жайқалған дала аруы.
Көрмеген де,білмеген бұрын кісі,
Таңдай қағар өнердің тың үлгісі.
Ғасыр жасап келеді құшағында,
Хасшебердің қалдырған туындысы.
Секілді бір көзіңе жарқ еткен от,
Жәдігерлер жауһардай әр кентте жоқ
Жазған еді тамсанып ақын досым,
Мешіттердің мешіті Жаркентте деп.
Шуақ төккен жып-жылы жанарлары,
Адамдары ғажайып,адамдары.
Батыл халық шетінен,ақын халық,
Сөйлегенде тілінің тамар нәрі.
Жатырқау жоқ,жаттық жоқ назарында,
Жүректерін бөлеген таза нұрға.
Қатар ұстап тіршілік, құлшылығын,
Қаза етпейді бес уақыт намазында.
Иманды да,ибалы осы жұрттың,
Көңілінің қашанда хошын ұққын.
Бірін-бірі құдадай құрметтейтін,
Бесігі бұл бауырлас отыз ұлттың.
Сансыз ойды сапырып санамдағы,
Мақтай беріп қайтемін қаламды әрі.
Кереметін,шалқыған берекетін,
Өзің келіп көрсеңші одандағы.
Жеткізе алмас кейіпін құрғақ тілім,
Түсірмейін бос былғап құнын.
Жаркент менің жүрегім,
Ал жүректің білесің ғой бәрінен қымбаттығын.
Бұлақ
Жүз жылма әлде болар бәлкім жүз ғасыр,
Бұл бұлақтың аққалы.
Толқындары тулап салып күнді асыр,
Қоңырауын қаққалы.
Дәуір өтті дауыл өтті сан түрлі,
Қара жерді соққылап.
Арқыраған талай өзен сарқылды,
Ол тартылған жоқ бірақ.
Суын ішті бабалары бабамның
Мейір шөлін қандырып.
Келеді әлі қаншама мың адамның,
Тірлік отын жандырып.
Сыңғырлатып бұзбай үнін ырғағын,
Сол бұлақтың даусындай.
Ақса шіркін меніңдағы жырларым,
Ғұмыр бойы таусылмай.
Тұрдақын Садыр
Abai.kz