Ержан Өтембаевтың үкiмiн қайта қарау бойынша Қаскелеңде дүйсенбiде жалғасқан сот процесiнде сотталушының өзi жауап бердi. Ержан Өтембаев саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтiруге тапсырыс бермегенiн айтты. Сотқа куә ретiнде жауап беру үшiн түрмеден жеткiзiлген Рустам Ибрагимов негiзгi тапсырыс берушi ретiнде Әлнұр Мұсаев пен Рахат Әлиевтiң есiмдерiн атады.
Ержан Өтембаевтың үкiмiн қайта қарау бойынша Қаскелеңде дүйсенбiде жалғасқан сот процесiнде сотталушының өзi жауап бердi. Ержан Өтембаев саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтiруге тапсырыс бермегенiн айтты. Сотқа куә ретiнде жауап беру үшiн түрмеден жеткiзiлген Рустам Ибрагимов негiзгi тапсырыс берушi ретiнде Әлнұр Мұсаев пен Рахат Әлиевтiң есiмдерiн атады.
ӨТЕМБАЕВ ӘЛI ДЕ ТАПСЫРЫС БЕРУШI
Бұл сот процесiнiң өзi “қылмыстық iсте жаңа деректердiң ашылуына байланысты” басталғаны белгiлi. Ибрагимовтiң мәлiмдемесi бойынша саясаткердiң қазасына Әлнұр Мұсаев пен Рахат Әлиев тапсырыс берген. Бiрақ кеше өткен сот отырысында мемлекеттiк айыптаудың қорытындысын оқыған прокурор Ғалымжан Тiлеубаев Е.Өтембаевты кiсi өлiмiне тапсырыс берушi ретiнде айыпталып отырғанын жеткiздi. Iс жүзiнде прокуратураның бұл айыптауының 2006 жылғы айыптаудан айырмасы шамалы. Онда “Өтембаев адамды арандату арқылы кiсi өлiмiне әкеп соқтырған тапсырыс бердi” делiнген.
Прокуратураның 2006 жылғы айыптауға болмашы өзгерiстер ғана енгiзiп, негiзгi бөлiгiн айна-қатесiз қайталайтынын күтпеген айыпталушы да, жәбiрленушi тарап та аң-таң болды.
“Мен бұл айыптауды алғаш естiп тұрмын. Жоғарғы соттың қадағалау алқасының қаулысымен таныстым. Бас прокуратураның мәлiмдемесiн оқыдым. Бiрақ алдыңғы айыптауды қайталап отырсыздар. Сонда бұл сот та 2006 жылғы айыптау бойынша өте ме? Мен мұнымен келiспеймiн”, – дедi Е.Өтембаев.
“Прокуратураның жаңа iс бойынша тұжырымы алдыңғы айыптаумен бiрдей. Онда не үшiн жиналып отырмыз? Прокурор айыптауды дұрыс жасамаған сияқты. Өтембаев та, бiз де оның мәнiн түсiнген жоқпыз”, – дедi жәбiрленушiлердiң өкiлi, саясаткер Төлеген Жүкеев.
“Бұл айыптауға бiз де таңғалып отырмыз. Бұл ескi айыптау ма, жаңа айыптау ма, түсiнiксiз. Бұл сотқа Ибрагимовтiң мәлiмдемесi түрткi болды. Оның өзi осында жоқ әрi мәлiмдемесi де оқылмады. Сондықтан Ибрагимовты осында шақыртып, жауап алуды сұраймыз”, – дедi жәбiрленушi Рысбек Сәрсенбай.
Мұны естiген судья Асқарбек Бейiмбетов: “Бұл жерде Өтембаевтың iсi ғана қаралып жатыр. Ибрагимовтiң жасаған қылмысы қаралып бiткен, ол жазаға кесiлдi”, – деп шорт кестi.
“Сонда мұнда неткен құпия бар?” – деп сұрады Р.Сәрсенбай.
СУДЬЯ: “ЕШҚАНДАЙ ҚҰПИЯ ЖОҚ”.
Р.Сәрсенбай: “Онда Ибрагимов неге жоқ? Бұлай жалғаса беретiн болса, Мұсаев пен Әлиевтен де жауап алмассыз”.
Жәбiрленушiлер мен олардың адвокаттары “бұл сот отырысына ең алдымен Ибрагимовтiң мәлiмдемесi түрткi болды. Сондықтан процестi куәларды сұраудан бастайық. Әуелi сотқа Ибрагимов жеткiзiлуi керек” дедi.
Жәбiрленушi тараптың сотқа Ибрагимовтi жеткiзу туралы өтiнiшiн сотталушы Е.Өтембаев пен оның адвокаты Анжелика Әжiғұлова да құптады.
Бұдан бөлек жәбiрленушiлер ҰҚК-нiң бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев пен оның орынбасары Рахат Әлиев тапсырыс берушi деп танылғандықтан және қастандыққа ҰҚК-нiң “Арыстан” арнайы жасағы қатысқандықтан, iстi әскери сотта қарау жөнiнде өтiнiш түсiрдi. “Әрi қылмыс Алматы қаласының аумағында жасалды. Сондықтан бұл iстi қаладағы әскери сот қарауы тиiс”, – дедi жәбiрленушiлердiң өкiлi Маржан Аспандиярова.
Жәбiрленушi тарап келесi өтiнiшiнде бұрынғы iшкi iстер министрi Бауыржан Мұхамеджановты, президенттiң бұрынғы дiн iстер жөнiндегi кеңесшiсi Кекшаевты және Мақашевтi сотқа куә ретiнде шақырып, олардан жауап алуды сұрады.
Бұл өтiнiштердi тыңдаған судья А.Бейiмбетов он бес минуттық үзiлiс жариялады. Үзiлiстен қайтып оралған соң судья өтiнiштер жартылай қанағаттандырылатынын жеткiздi. Атап айтқанда, iстi әскери сотта қарау жөнiндегi өтiнiш пен сотқа Мұхамеджанов пен Кекшаевты шақыртып жауап алу жөнiндегi өтiнiш қанағаттандырылмады. Мұны судья негiзгi iстi қарау 2006 жылы бiткенiн, қазiр тек Өтембаевқа қатысты iс қаралып жатқанымен түсiндiрдi. Сосын Ибрагимов сотқа жеткiзiлiп, жауап беретiнiн мәлiм еттi. Мұнысын оқып бiткен соң, судья “кiргiзiңдер” деп ымдады. Залда бiрнеше минуттық үнсiздiк орнады. “Әлi әкелмедi ме?” дедi бiр кезде судья. “Онда қарсы болмасаңыздар, Өтембаевтан жауап алуды бастайық. Ал Ибрагимов түстен кейiн сұралады” деп қайырды. Процеске қатысушылар бұған қарсы болмады. Өтембаев сөйлей басталғаны сол едi, бес минут өтер-өтпестен арнайы мәшинемен қиқулатып жеттi.
Сонда бағанадан берi жәбiрленушiлер мен олардың өкiлдерiне, сотталушыға осы талапты қайта-қайта не үшiн айтқызды? Ибрагимовты сотқа әкелу күнi бұрын шешiлген мәселе екенi әйгiленiп қалды.
“МЕН ИБРАГИМОВТЕН СӘРСЕНБАЙҰЛЫМЕН “ӘҢГIМЕЛЕСУДI” ҒАНА СҰРАДЫМ”
Бiр сағаттан астам уақыт бойы жауап берген сотталушы Ержан Өтембаев Ибрагимовпен қалай танысқанын, оған кiмдер мұрындық болғанын баяндады. “Прокуратураның айыптауын мойындамаймын. Себебi жаңа деректер пайда болды. Бұл деректер менiң тапсырыс берушi емес екенiмдi көрсетедi.
Өтембаевтың айтуынша, оны Ибрагимовпен таныстырған – президенттiң бүрынғы дiн iстер жөнiндегi кеңесшiсi Алексей Кекшаев. “Алексей Сергейұлы Ибрагимовке бизнес бойынша көмектесудi сұрады. Онымен кездескенде ол неткен бизнес, оған қалай көмектесуге болатынын түсiнбек болдым. Бұл кездесу көктемнiң соңы, жаздың басында болған. Бизнес жоспарға келсек, ол Алматы қаласы мен оның маңынан жер алып, оны сату. Маған бұл жоспар онша ұнаған жоқ. Ибрагимов бизнестен түскен табысты теңдей бөлемiз дедi. Бiрақ өзiм бұл бизнеске айтарлықтай қызыққаным жоқ. Алексей Сергейұлы көмектесшi деп өтiнiш жасаған соң, Ибрагимовке несие алып бердiм”.
“Ибрагимовтi Кекшаев таныстырғанда бұл iшкi iстер министрлiгiнiң бұрынғы жедел уәкiлi, қазiр бизнеспен айналысады” дедi. Оны тексеру қажеттiгi ойыма да кiрiп шыққан жоқ”.
Е.Өтембаев Қазақстан даму банкiнiң қадағалау кеңесiнiң төрағасы болғандықтан, несие алуға қол ұшын берген. 22 қарашада несиенiң алғашқы траншын алған. “Ал Сәрсенбайұлының жеке тұлғасы туралы әңгiмеге келсек, ол туралы сөз қозғағаным рас. Бiрақ оны ұрып-соқ демедiм. Тек күтiп алып, әңгiмелес деп өтiнiш айттым. Бiрақ 2005 жылдың соңында Нұрқадiловтiң қазасынан кейiн және президент сайлауының алдында бұл ойымнан айнып қалдым. Мұны Ибрагимовке айттым. Бiрақ ол iстi “бөтен” жiгiттерге тапсырғанын, ендi саясаткерге тиiспеу туралы өтiнiштi айтып үлгере ме, ол жағын бiлмейтiнiн айтты”.
Алайда бұған қарамастан А.Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiнiң қаза тапқанын Е.Өтембаев әуелi ақпарат құралдарынан естiп бiлiптi. Артынша бұл қылмысқа Ибрагимовтiң қатысы барын оның өзiнен 15 ақпан күнi болған кездесу кезiнде бiлген. “Ибрагимов жiгiттер асыра сiлтеп жiбердi дедi. Мұны естiгенде, денсаулығым нашарлап кеттi. Бiрден ауруханаға тарттым”, – дедi Өтембаев.
Ал президентке жазылған “мойындау хаты” мен қылмысты мойнына нелiктен алғанын Өтембаев әңгiмелескен кезде қатты толқыды: “21 ақпан күнi тұтқындалғанда денсаулығым қатты нашар болды. Өзiмдi не үшiн қамағанын да бiлмедiм. Бiр кезде бәрiн мойныма алу керек деген түсiнiк пайда болды. Бәрi тезiрек бiтсе екен деп ойладым. Бiрақ мұның бәрiн нақты фактiмен дәлелдеу керек едi. Себебi менде А.Сәрсенбайұлын өлтiруге түрткi болатын себеп болмады. Сонда баяғыда газетке шыққан пiкiрi есiме түстi”.
Әлиевтiң тапсырушы екенiн Өтембаев 2006 жылы Ибрагимовтен естiген. “Ол сот материалдарымен танысу кезiнде құлағыма Рахаттың тапсырыс берушi екенiн сыбырлап айтты. Бiрақ бұл фактiсiз, бос әңгiме болғандықтан, оны сотта айтпадым. Тiптi былтырғы жылдың қарашасында осы iс бойынша сұраққа алынғанымда да, қандай деректердiң ашылғанын бiлген жоқпын”.
“Сәрсенбайұлын өлтiру үшiн 60 мың доллар несие алып бердiм дегендi өзiм қостым. Себебi Ибрагимовпен беттестiрген кезде ол Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiн ұрлап әкелген соң маған бердi дегендi айтты. Менi тапсырыс берушiден бөлек кiсi өлтiрушi еткiсi келетiнiн түсiнген соң, несие туралы жайтты қостым”.
“БҰЛ КIШIГIРIМ БӨЛIМ ҒАНА, НАҒЫЗ ҮЛКЕН ПРОЦЕСС ӘЛI АЛДА”
“Сауатты адам екенiңiз сөзiңiзден көрiнiп тұр. Бiрақ “мойындау хатыңызда” қате өрiп жүр. Мұны немен түсiндiресiз?” деген М.Аспандиярованың сұрағына Өтембаев: “Қан қысымым көтерiлiп кеткендiктен солай болған шығар. Бәлкiм, iшер асыма бiрдеңе қосып жiбердi ме...” деп жауап бердi.
Жәбiрленушi тарап пен сотталушының арасындағы әңгiме былай өрбiдi:
– Жалпы, хат мәтiнiн жазғанда қасыңызда кiм болды? Сiздi бiреу мәжбүрледi ме?
– Ешкiм мәжбүрлеген жоқ.
– Қасымов, Түсiпбеков жаныңызда болған жоқ па?
– Жоқ.
– Мойындау хатын жазу кiмнiң бастамасы?
– Сол жақтағы тергеушiлер президенттiң атына хат жаз деп ұсыныс тастады.
– Қатардағы тергеушiлердiң ойына кiрiп шықпайтын нәрсе бұл!
Судья А.Бейсембаев: “Қылмыстың жасалғанын, оған Ибрагимовтiң қатысы бар екенiн бiлдiңiз. Оны неге құқық қорғау органдарына хабарламадыңыз?” деген сұрағына Өтембаев “оны мойындаймын” дедi.
Жәбiрленушiлердiң өкiлi Т.Жүкеевтiң “Кекшаевпен қашаннан берi таныссыз және кiм таныстырды?” деген сұрағына Өтембаев “1999 жылдың соңы немесе 2000 жылдардың басы болса керек. Маған президенттiң көмекшiсi телефон шалып, осы адаммен танысып көр деген ұсыныс айтты” дедi.
– Сонда кiм таныстырды? Хабарласқан кiм? – деп Т.Жүкеев өз сұрағын нығырлай түстi.
– Мұның iске не қатысы бар? Сонша маңызды дүние ме бұл? Ал жарайды, хабарласқан адам – Өтемұратов. Бұдан ендi не өзгердi?
Жәбiрленушi тараптың “сiзге қысым көрсетiп азаптады ма?” деген сұрағына Өтембаев: “Азаптаған жоқ. Ұрып-соққан жоқ. Бiрақ психологиялық қысым көрсеттi. Уақытша қамау абақтысында адам төзгiсiз жағдайда ұстады. Ол камерада тек отыруға ғана болатын” дедi.
Сұрақ қоюды жалғастырған Т.Жүкеев “сiз сотталып кеткен соң, колонияға жоғары лауазымды тұлғалар келдi ме?” дей бергенi сол едi, Өтембаев: “Мұның бәрi кiшiгiрiм бөлiмдер, бәлкiм, үлкен процесс алдымызда болатын шығар” деп сұрақтың төркiнiн түсiне қойды.
МҰСАЕВ ПЕН ӘЛИЕВ ТАПСЫРЫС БЕРУШI МЕ?
Түстен кейiн өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесiлген Рустам Ибрагимов сотта куәлiк еттi. Ол А.Сәрсенбайұлын өлтiру жайын еш уақытта Ержан Өтембаевпен талқыламағанын айтты. Оның айтуынша, Кекшаевке бизнес ашу ниетi бар екенiн бiлдiргенде, ол оны Өтембаевпен таныстырыпты. Өтембаев кездесулердiң бiрiнде Ибрагимовке А.Сәрсенбайұлы жайлы сөз қозғап, оны соққыға жығу керектiгiн түсiндiрген. Саясаттан хабары жоқ, А.Сәрсенбайұлының кiм екенiн де бiлмейтiнiн Ибрагимов досы Мақашовпен кездескен кезде айтқан және Кекшаев пен Өтембаев расында сондай лауазымды қызметте ме, соны бiлiп берудi тапсырған. “Мақашовпен сәлемiм түзу едi. Оның бұрыннан Рахаттың адамы екенiн бiлетiнмiн”, – дедi сотталушы. Мақашов артынша Өтембаев пен Кекшаевтың мемлекеттiк қызметте екенiн растаған, кейiн Ибрагимовты “бәрiнiң жөнiн бiлетiн адам” деп Мұсаевқа жiберген. Мұсаевпен таныстыққа жол ашқан кездесуiн баяндаған Ибрагимов “Әлеке Өтембаев маған Сәрсенбайұлын ұруға тапсырыс бергенiн бiлетiнiн айтты. Одан бас тартпа. Бәрiн бiзге баяндап жүресiң” деп тапсырды. Сол күннен бастап екi телефон сатып алдым. Оның бiрiн Мұсаевқа бердiм. Бiз сонымен хабарласып тұратынбыз”.
Өтембаев өз тапсырысынан бас тартқан соң оны да Мұсаевқа жеткiзiптi.
“2005 жылдың соңында Биотех маңында, Дружба елдiмекенiне бұрыла берген жердегi монша маңында кездесу белгiледi. Барсам, Әлеке мас. Ол менiң көлiгiме отырып алып, операция жақын күндерге белгiленгенiн, кездесу ұйымдастыру керектiгiн айтты. Бұл уақытта президент Н.Назарбаев пен оның әйелi, Р.Әлиев пен оның жұбайы Дариға, Тимур Құлыбаев пен оның әйелi Динара, Әлия Назарбаева және оның күйеуi Австрияда болатынын айтты. Ештеңеден қорықпа, билiктiң барлық тармағында Рахаттың адамдары бар дедi. Тек қана ҰҚК-нiң бiр бөлiгi бiзге бағынбайды, Дүтбаев пен Әбiқаев бiздiң адамдар емес дедi. “Президенттiң басында iсiк бар, ол бiр күнi өледi. Оның орнын Дариға басуы керек” дедi. Заң бойынша, президент мiндетiн уақытша атқарушы – сенат төрағасы Әбiқаев. Ол бұл мiндеттi екi ай ғана атқара алады. Бiрақ ол бiздiң адам емес” деген әңгiме айтылды”.
Осылайша Мұсаев оған тапсырманы орындауға “Арыстан” жасағының мүшесi Әбiкеновтi пайдалануды мiндеттептi. Осыдан кейiн Ритц-Палас маңында Әбiкеновпен жолықтық. Оған екi-үш адамды кездесуге апару керектiгiн айтқанда, ол күмән келтiрiп, бас тартты. Сосын кiмнiң кiмге хабарласқаны есiмде жоқ, әйтеуiр тағы сол орында кездескенiмiзде Әбiкенов “жарайды, келiстiк, басшылық бiледi екен ғой” деп кестi. Айтуынша, Мұсаев та оған тапсырма берген кезде “бұл үкiметтiң тапсырмасы” деп сендiрген.
Сотта Ибрагимов Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiне қастандық қалай жасалғанын егжей-тегжейлi баяндады. Тiптi саясаткер мен оның серiктерiн қалай атқанына дейiн айтты.
“Ақпан айының ортасында досымның туған күнiн тойлау үшiн қалалық iшкi iстер департаментi маңындағы “Алтын бидай” кафесiне бардым. Iшiмдiк iштiк. Сол уақытта Мұсаев хабарласып, қайда жүргенiмдi сұрады. Бiрден өзiне келудi бұйырды. Мас болғандықтан, Виталий Мирошниковқа жеткiзiп салуды сұрадым. Әлекеңмен “Ритц-Паластың” маңында кездестiк”.
Сол кездесуде Мұсаев Ибрагимовке тапанша берiп, Сәрсенбайұлының жүретiн жолын нұсқаған. Жол-жөнекей iзiме аңдушы түспегенiн тексеру үшiн үйге кiрiп, екi кепка алып шықтым. Оның бiрiн Мирошниковқа кигiздiм. Басыңды әрi-берi шығарма дедiм. Әбiкеновке хабарласып едiм, ол Сәрсенбайұлын “Саяхат” жаққа апара жатқанын айтты. Керi бұрылып, айтқан жерiне барғанда Әбiкеновтi көрдiм. Сосын Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiн бiздiң көлiкке әкеп отырғызды. Мұсаевқа хабарласып, Сәрсенбайұлы жалғыз емес, қасында серiктерi бар екенiн жеткiздiм. Ол “үшеуiнiң де көзiн жой” дедi. Олай жасамайтынымды айтқан едiм, “не үшеуi кетедi, не сенiң отбасың кетедi” дедi. Әлеке мен Рахаттың қандай адамдар екенiн бiлетiнмiн. Өзiм және отбасым үшiн қатты алаңдадым. Олар бәрiне баратынын сездiм. Әйтеуiр жоғары көтерiлiп, бiр жерге жеткенде, көлiктi тоқтаттым. Сәрсенбайұлы мен оның көмекшiлерi артқы орындықтарда отырған. Есiктi ашып, алдымен Сәрсенбайұлына “сыртқа шығыңыз” дедiм. «Алға жүрiңiз» дедiм. 50 метр жүрген соң, «бұрылыңыз» дедiм. Ол бұрылғанда кеуде тұсына оқ аттым. Екiншi болып Журавлевтi дәл осындай жолмен өлтiрдiм. Сосын Бауыржан Байбосынды да сыртқа шығарып аттым”, – дедi ол.
Ибрагимовтан жауап алу төрт сағатқа созылды. Бүгiнгi сотта Мақашов пен Мирошниковтан жауап алынуы тиiс.
Тақырыптың жалғасын келесi нөмiрден оқисыздар.
"Жас Алаш" газеті