Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Билік 760 0 пікір 23 Шілде, 2024 сағат 16:40

Қазақстандағы сайлау жүйесі: 1994 жылдан бүгінге дейін...

Сурет strategy2050.kz сайтынан алынды

2021 жылғы 10 қаңтарда Қазақстанда кезекті парламенттік сайлау және жергілікті өкілді органдарға сайлау болыпе өтті. Бұл елімізді 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнынан түсуінен кейінгі алғашқы парламенттік сайлау еді. Елбасы 2019 жылдың наурызында президенттіктен кеткен соң, оның орнын Қасым-Жомарт Тоқаев басты. Сонымен біз жоғарыда сөз еткен сайлау елімізде жаңа Конституция қабылданғаннан бергі алғашқы сайлау болды.

Дәл қазір Қазақстанда ресми тіркелген алты саяси партия бар. Осы ресми тіркелген алты саяси партия ғана парламенттің төменгі палатасы - мәжіліске сайлауға қатысуға құқылы болып табылады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері жеті рет парламент сайлады. Шақырылымдардың көпшілігі өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін таратылды. Сайлау қашан және қалай өтті? Олардың ерекшеліктері қандай? Азаттық 30 жыл ішіндегі сайлауға шолу жасайтын болсақ.

Тәуелсіздікті жариялағаннан кейінгі алғашқы парламенттік сайлау атап айтар болсақ, Жоғарғы Кеңеске сайлау 1994 жылы 7 наурызда болып өтті. Ол кезде бір палаталы парламентке бір мандатты округтерден 59, қоғамдық ұйымдардан 75 және президенттік тізім бойынша 42 үміткер бес жыл мерзімге сайланатын еді. 1993 жылғы 17 желтоқсандағы сайлау кодексіне сәйкес өткізілген сайлауға бірнеше саяси партиялар мен ҮЕҰ қатысты. «Азат» және «Желтоқсан» сияқты бірталай ұйымдар алғашқы парламенттік сайлауға бойкот жариялап, қатыспаймыз деп шешті.

Сонымен, 1994 жылы 7 наурызда Жоғарғы Кеңеске сайлау нәтижесінде ел тарихында алғаш рет көппартиялы кәсіби парламент өмірге келді. Социалистік партия, Кәсіподақтар федерациясы, Қазақстан халықтық бірлігі одағы, Қазақстан халықтық конгресі сынды фракцияларынан басқа Жоғарғы кеңесте 14 депутаттық топ жұмыс істеді. Осылайша, 1994 жылы алғаш рет парламенттік оппозиция пайда болды. Жұрттың есінде қалған бір жайт Қазақстан Халықтық конгресінің, Социалистік партияның және Кәсіподақтар федерациясының депутаттары құрған «Прогресс» тобы үкіметтен ХВҚ ұсыныстарын қабылдамауды талап еткені еді.

Депутаттық жұмыстарын қолға алғаныдарына бір ай өткен соң бірінші кәсіби парламент Сергей Терещенко үкіметінің әлеуметтік, экономикалық және құқықтық саясатына сенімсіздік танытып, күзде үкіметті отставкаға кетуге мәжбүр етті.

1994-1995 жылдар қазақстандық парламентаризмнің қалыптасу тарихында аса маңызды мезет болып табылады. 1994 жылдың сәуірінен 1995 жылдың наурызына дейін жұмыс істеген он үшінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес Қазақстанның бірінші кәсіби Парламенті болып табылып, онда депутаттар тұрақты негізде жұмыс істеді.

Алайда, он үшінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің тағдыры өте ауыр болды. Ол мемлекеттік құрылыстың неғұрлым күрделі кезеңінде, билік тармақтарын бөлу тетігі жөнді жолға қойылмаған шақта, Жоғарғы Кеңестің, Президент пен Үкіметтің мәртебесі толық айқындалмаған кезде жұмысқа кірісті.

Партиялық тізімдер бойынша алғашқы сайлау елімізде 1999 жылдың қазан айында өтіп, оған Қазақстанның тоғыз саяси партиясы мен Кәсіподақтар федерациясы екінші шақырылымдағы парламенттік сайлауға қатысты. Осы салаудағы ерекше оқиға бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин негізін қалаған Қазақстанның Республикалық халықтық партиясы сайлауға екі апта қалғанда сайлауға бойкот жариялағаны болды. Бұл 1994 жылы «Азат» және «Желтоқсан» сияқты бірталай ұйымдар алғашқы парламенттік сайлауға бойкот жариялағаннан кейінгі екінші байкот еді. Бұл байкотқа оппозициялық партияның (Қазақстанның Республикалық халықтық партиясының) партиялық тізім бойынша екі кандидатты - Әкежан Қажыгелдин мен Мәдел Исмаиловты тіркеуден өтпей қалуы негіз болып, Орталық сайлау комиссиясы тарапынан партия мүшелеріне жасалған қысым, кедергілер мен қауіп-қатерлер байланысты сайлауға қатыспайтынындарын мәлімдеді.

Парламенттік сайлау 1999 жылы 10 қазанда Қазақстанда екінші турмен - 24 қазанда өтті. 77 орынның 23-ін алған Отан партиясы жеңіске жетті. Сайлауға қатысу 62,5% құрады. Парламентке коммунистік партия, аграрлық партия және азаматтық партия өтті. Кәсіподақтардан сайланған депутаттар «Еңбек» тобын құрды.

Оппозициялық партиялар «Демократиялық күштер форумын» құрып, билікті сайлауды қайта өткізуге шақырып, Еуропалық Одақ, ЕҚЫҰ, Батыс және ТМД үкіметтерін Қазақстандағы парламенттік сайлаудың ресми нәтижелерін мойындамауға үндеді.

2004 жылғы сайлау жұрттың есінде «Ақ Жол» партиясына тиген жалғыз орынмен қалды. Тап сол жылғы 19 қыркүйекте Мәжіліс сайлауы болып өтіп, депутаттыққа 513 адам үміткер болды. Сайлау 67 сайлау округінде өткізілді. Сайлауға 12 саяси партия қатысты, олардың 4-і - екі сайлау блогының құрады.

«Отан» партиясы іс жүзінде Мәжілісте 67,5% орын алса, АИСТ блогы - 18,2%, «Асар» партиясы - 5,2%, «Ақ жол» партиясы - 2,6%, Демократиялық партия - 1,3%; 5,2% орынды өзін-өзі ұсынушылар алды. ЕҚЫҰ парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Игорь Осташ: «Қазақстандағы парламенттік сайлау көптеген жағынан ЕҚЫҰ мен Еуропа Кеңесінің демократиялық сайлау өткізу туралы стандарттарына сәйкес келмейді», - деп мәлімдеді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылдың маусымында үшінші шақырылымдағы парламентті таратып, мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу туралы жарлық шығарып, Қазақстан жаңа сайлауға дайындыққа қызу кірісіп кетті.

Тап осы 2007 жылдан бастап, еіліміз партиялық тізімдер бойынша сайлауға түпкілікті көшті.

Біз жоғарыда сөз еткен 2007 жылғы мамырда Конституцияға кезекті түзетулер енгізілгеннен кейінгі бір өзгешелік, саяси сауатты жұртты тітіркенткен жаңалық, бұдан былай парламент депутаттығына кандидаттардың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі біржолаты жойылды. Ендігі жерде Мәжіліске енетін 107 депутаттың ішінен тек партиялық тізімдер (пропорционалды жүйе) бойынша ғана сайлана алатын жүйек өз күшіне енді. Бұдан былай, 107 депутаттың ішінен 98 депутат партиялық тізім бойынша, қалған 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын болып, Елбасы тілегімен шешілді.

Осыған байланысты, билік басындағылар еліміздің сайлау жүйесіне енгізіліп отырған жаңа ережелер партиялардың рөлін арттыру және көппартиялы саяси жүйені жақсарту мақсатында әзірленді деп жар салды. Осы жаңашылдықты сынаушылар Елбасының заңды белден басушылығының арқасында билік өзіне жақпайтын партиялардың парламентке сайлануына кедергі келтіріп, тек айтқандарын екі етпей, өздерін қолдап отырған саяси партияларды ғана тіркеуге басы бүтін еркіндік алды.

Халықаралық ұйымдар тарапынан осы бір елімізде өткен парламенттік сайлау демократиялық қағидаттар мен халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді деп сынға алынып, орынды әділ бағасын алды. Бұл парламенттің ғұмыры ұзақ болған жоқ. Яғни, нақтырақ айтар болсақ, 2011 жылғы 16 қарашада Елбасы Назарбаев төртінші шақырылымдағы парламентті таратып, кезектен тыс парламенттік сайлау өткізу туралы жарлыққа қол қойып, аталған парламенттің тағдырын шешіп берді.

Сонымен, 2011 жылғы 16 қарашада Елбасы Назарбаев төртінші шақырылымдағы парламентті таратқан соң, елімізде жұрт «Жаңаөзен қасіретінен кейінгі сайлау» деп атаған сайлау өткізілді.

Нақытлай айтар болсақ, 2012 жылғы 15 қаңтардағы парламенттік сайлауға билік тарапынан ресми тіркелген жеті саяси партия қатысты. Бұл жолғы сайлау 2011 жылғы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде полиция мұнайшылардың көп айлық ереуілін таратуға үшін жұртқа қарата оқ атып, қару қолданғаннан кейін болып өтті. дәл қазір қолымызда бар ресми мәліметтер бойынша, Жаңаөзенде 17 адам қаза тауып, жүзден астамы жарақат алғандығы белгілі болып отыр. Жаңаөзенде төтенше жағдай жарияланғандықтан сайлау өткізілмеді.

2012 жылғы 15 қаңтардағы парламенттік сайлауға оппозициялық күштерден экс-спикер Жармахан Тұяқбай басқарған Жалпыұлттық социал-демократиялық партия қатысты. Билік тарапынан қойылған кедергілердің кесірінен бірнеше жыл бойы әділет министрлігінде тіркеуден өтуге талпынған оппозициялық «Алға» партиясы 15 қаңтардағы парламенттік сайлауға қатыса алмады. Ең сорақысы партия көшбасшысы Владимир Козлов Жаңаөзен оқиғасына байланысты сайлаудан кейін қамауға алынып, кейін әлеуметтік араздықты қоздырды деген айып бойынша жеті жарым жылға бас бостандығынан айырылғандығы Елбасизм кезіндегі әділетсіздіктердің қалай орын алғандығын паш етіп тұр.

Орталық сайлау комиссиясының қорытынды мәлімдемесі бойынша 15 қаңтардағы парламенттік сайлауға үш үкіметші партия жеті пайыздық кедергіні еңсергенін жария етілді де осы жолы парламент төрінен:
«Нұр Отан» партиясы 83 орынмен;
«Ақ жол» партиясы - 8 орынмен;
Қазақстан коммунистік халықтық партиясы - 7 орынмен;
Қазақстан халқы Ассамблеясы - 9 орынмен көріне алды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) сол жылғы наурыздағы баяндамасында еліміздегі 15 қаңтардағы парламенттік сайлау кезінде заң ерекше бұзылып, облыстық және аумақтық сайлау комиссияларының құрылуы ашық болмағаны және оларға оппозиция мүшелері енгізілмегені сынға ұшырап сөз болды. Сонымен қатар, біз сөз етіп отырған мәлімдемеде саяси партиялардың мемлекет қаржыландыратын БАҚ-қа тең қолжетімділігі болмағаны айырықша атап өтілді.

2016 жылғы 20 наурызда үш саяси партия алтыншы шақырылымдағы парламентке бес жылдық мерзімге қайта сайланды. Тарқата айтар болсақ, Парламент мәжілісіне мерзімінен бұрын сайлаудың қорытындысы бойынша үш партия өтті. Тап осы партиялар жыл басында алдыңғы құрамды таратуға бастамашы болған еді. Осы жолғы Мәжіліс тап бұрынғыдай тағы да «Нұр Отан», «Ақ жол» және ҚКХП депутаттарынан тұрып, бұрынғы өткен сайлаудағыдай орындарға ие болды. Оны бұл арада келтіріп жатудың керегі жоқ. Тек «Нұр Отан» бұрынғыдай 83 емес, 84 орынды иеленді.

Осы партиялардан алдыңғы мәжіліс құралғандығын тарихтан жақсы білеміз. Парламенттің төменгі палатасының бесінші шақырылымы 2016 жылғы қаңтарда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен мәжіліс депутаттары оларды тарату және кезектен тыс сайлау тағайындау туралы өтініш жасағаннан кейін жеті күн өткен соң таратылды. 20 наурызда өткен сайлауға біз жоғарыда сөз еткен партиялардан бөлек «Бірлік», «Ауыл» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) қатысты. Бұл үш партия парламентке өту үшін жеті пайыздық кедергіні еңсере алмады.
«Ауыл» партиясының өкілдері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Нұр Отан» партиясының жеңісімен құттықтаса, өз кезегінде «Бірлік» партиясы сайлаудың заңға сәйкес өткенін мәлімдеді.

Сөз соңын жетінші шақырылымдағы парламенттік сайлауды тілге тиек етумен тәмәмдамақпыз.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 20 қазанда келесі жылдың 10 қаңтарында парламент мәжілісінің депутаты мен жергілікті депутаттардың сайлауын өткізу туралы жарлық шығарды. Бұл жолы мәслихат сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтетін болды. Сайлауға қатысуға ниет білдірген азаматтар тіркелген алты партияның біреуінің атынан ғана қатыса алатын болды.

Билік партиясы саналатын «Нұр Отан» партиясы праймеризді Ақорда келесі парламенттік сайлауды жариялағанға дейін өткізген болатын.
2021 жылғы 10 қаңтардағы сайлау Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғаннан бергі өткізіп отырған алғашқы парламенттік сайлауы болады.

Abai.kz

0 пікір