Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 1532 3 пікір 8 Тамыз, 2024 сағат 14:02

Жолдау-2023: Елде не өзгерді?

Сурет Ақорда сайтынан алынды

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында ел экономикасының құрылымын реформалау қажет екенін айтқан еді. Президенттің сөзінше, экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда.

«Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдау жарияланғаннан бергі  уақыт аралығында елімізде не өзгерді, осынау бағытта  қандай нақты іс-шаралар атқарылды? Сала мамандары  саралаған сарапқа тоқталсақ.

Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың аға оқытушысы Ермахан Қалмырзаевтың сараптауынша, 2023 жылы елімізде қайта өңдеу өнеркәсібінде құны 928 млрд тенгені құрайтын 170 жоба жүзеге асырылған. Сондай-ақ, отандық тауар өндірушілермен 179 ұзақ мерзімдік келісімшарттар мен оффтейк-келісімшарттар жасалған. Атқарылған іс-шаралар барысында бүгінгі күнде экономикадағы қайта өңдеу саласының алатын үлесі тау-кен саласының үлесімен теңескен.

«Жалпы елімізде 2024 жылы экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтуға бағытталған 180 индустриалдық жоба жүзеге асырыла бастаған. Жіктеп айтатын болсақ, осынау жобалардың жалпы күны 1,2 трл тенгеге бағаланып отыр. Индустрияландырудың қарқынын үдетуге  сондай-ақ, қайта өңдеу кәспорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз етудің жаңа механизмі қызмет етпек», - деді Ермахан Қалмырзаев.

Оның айтуынша, машина жасауды дамытуға бағытталған Кешенді жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай осынау саладағы қосымша құнның көлемі 4,5 есе өспек.

«Қазіргі таңда Қазақстанда жалпыұлттық  деңгейдегі құны 32 трлн теңгені құрайтын 1000 астам инвестициялық жобалар жүзеге асырыла бастаған. Бұл экономиканың барлық салаларын қамтиды. 2023 жылы  жалпы еліміз бойынша құны 1,8 трлн теңгені құрайтын 298 жоба басталған болса, 2024 жылы жалпы құны 3,8 трлн теңгені құрайтын 326 жоба іске қосылады деп күтілуде.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен инвестициялық штабтың жұмысы қаралып, оны күшейтуге көңіл бөлінген. Аса көлемді инвестжобалар жеке-жеке қаралады, іс-шара барысында туындаған мәселелер сол сәтте тікелей шешіледі», - деді Ермахан Серікбайұлы.

Сарапшының сөзінше, Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен Kazakh Invest ұлттық компаниясының директорлар кеңесінде 2024 жылы шетелдік инвесторлардың қатысуымен 40-тан астам ірі жоба іске қосылатындығы айтылды.

«Аталған жобалар ішінде америкалық инвесторлардың қатысуымен Астана қаласында іске қосылатын медицина құрал-жабдықтарын шығаратын кәсіпорын да бар.  Осынау кәсіпорында  УЗИ және компьютерлік томография құралдары шығарылмақ. Бұл өз кезегінде отандық денсаулық сақтау мекемелерін қажетті қондырғылармен қамтамасыз етеді және шетелдерге экспорттау мәселесін де шешпек.  Преьер-министрдің тапсырмасымен сондай-ақ, дәнді-дақылдарды күрделі өңдеу, мұнай-газ құрал-жабдықтары мен жоғары қосымша құнды өнімдер шығаруға инвесторлар тарту қолға алынбақ», - деді Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың аға оқытушысы.

Мемлекет басшысы 2022 жылы қыста елдегі жылу электр станцияларындағы апаттарды есіне алып, инфрақұрылымның әбден тозуы индустрияландыруды тежеп, «жаңа экономикалық үлгіге» көшуге жол бермейтінін айтты. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылатынын мәлімдеді.

«Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент тариф саясатын қайта қарап, тариф белгілеудің жаңа әдістемесін енгізу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру қажет дейді. Оған қоса, азаматтарға тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламалар туралы ақпарат беретін цифрлық бақылау тәсілдері енгізіледі.

«Қазақстандық салалық энергетиктер кәсіподағы» ҚБ атқару комитетінің мүшесі Сабыржан Қалидің сөзінше, Қазақстанныңэнергетикасы  қиынжәнеқызықтыкезеңді бастан өткеруде.

«Мемлекет басшысы өз сөзінде электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі тозғанын,  қолданыстағы желілерді жаңғырту және  жаңа желілер мен қосалқы стансалар салу шұғыл инвестицияларды талап ететінін атап өтті. ЖЭО мен жылу желілері де тозған. Республикадағы бірқатар апаттар бұған айқын мысал бола алады. Жағдайды жақсарту үшін жеке ЖЭО мемлекетке және квазимемлекеттік компанияларға берілді. ЖЭО-да жабдықтарды жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасының арқасында тұралаған мәселелердің түйіні шешіліп, салаға жан бітті, үкімет жеке және шетелдік инвесторлармен бірлесіп облыстық маңызы бар қалаларда бірнеше ЖЭО салуды жоспарлады. Нәтижесінде  Маңғыстау облысында гибридті электр станциясының құрылысы басталды. Жаңартылатын энергия көздері нысандарының белсенді құрылысы жүріп жатыр. Бүкіл елде жел және күн электр станциялары салынуда», - деді Сабыржан Қали.

Оның айтуынша, еліміздің оңтүстік өңірінің тұрғындары мен өндірістік нысандарына  электр энергиясы аса қажет. Осы ретте атом электр станциясын салу мәселесі өткір тұр.

«Әрине, бұл мәселе жақын арада референдумда шешіледі деп үміттенеміз. Аталған шаралар кешені республикамыздың энергетикалық тұрақтылығы мен тәуелсіздігіне әкеледі деп үміттенеміз», - деді сарапшы.

Сабыржан Қалидің сөзінше, энергетика саласында кадр тапшы. Тіпті,  бар маманның өзі жұмыстан кетіп жатқан көрінеді. Оған саладағы, әсіресе энергия тасымалдаушы компаниялардағы жалақының аздығы басты себеп.

«Статистикаға сүйенсек, 2023 жылдың басында энергетика саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы республика бойынша орташа жалақыдан 16% - ға төмен болды. "Қазақстандық салалық энергетиктер кәсіподағы" ҚБ және кәсіпорын басшыларының  мәселені дер кезінде көтеруінің арқасында жағдай түзеліп, жалақы деңгейі теңестіріліп еді. Алайда биылғы бірінші тоқсанның нәтижесі бойынша энергетиктердің жалақысы жалпы республикалық көрсеткіштен әлі де болса аз. Салыстыру үшін айтсақ, Ресей Федерациясында энергетиктердің жалақысы жалпы елдегіден 21 пайызға жоғары. Беларусь Республикасында бұл көрсеткіш 28%, ал Қырғыз Республикасында энергетиктердің орташа жалақысы республикадағы орташа жалақыдан 44% жоғары. Қазір біз отандық энергетиктердің жалақы мәселесі  мен сала қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Алдағы уақытта энергетиктер лайықты жалақы алады деп үміттенеміз», - деді Сабыржан Қали.

Өткен жылғы Жолдауда Президент алдымызда тағы бір маңызды міндет тұрғанын атап өтті.

«Білесіздер, мен цифрландыру  мен инновация  мәселелеріне ерекше көңіл бөлемін. Біздің алдымызда стратегиялық маңызды міндет тұр – Қазақстанды IT елге айналдыру», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстандағы цифрландыру күнделікті өмірдің әртүрлі салаларын, соның ішінде экономиканы, білім беруді, денсаулық сақтауды және мемлекеттік басқаруды қамтиды. Елімізде азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, мемлекеттік және коммерциялық құрылымдардың тиімділігін арттыру, елдің әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде.

Логистика және көлік академиясы «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Динара Қасымованың айтуынша, цифрландыру - бұл өмір мен өндірістің әртүрлі салаларына заманауи цифрлық технологияларды енгізу.

«Цифрландыру саласындағы негізгі бастамалардың бірі – цифрлық экономика мен қоғам құру мақсатында әзірленген «Цифрлық Қазақстан 2020-2025» стратегиясы. Бұл стратегия ақпараттық инфрақұрылымды, цифрлық білім беруді, электронды үкіметті, киберқауіпсіздікті, цифрлық денсаулық сақтауды және цифрландырудың басқа да аспектілерін дамыту шараларын қамтиды. Цифрландыру жолындағы маңызды қадам – коммуникация және интернет инфрақұрылымын дамыту. Қазақстанда кең жолақты интернет желілері белсенді түрде салынуда және жаңартылуда, бұл интернетті пайдаланушылар санының артуына және цифрлық экономиканың дамуына ықпал етеді», - деді Динара Қасымова.

Ғалымның пайымдауынша, мемлекеттік басқару да цифрлық трансформациядан өтуде. Азаматтардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жеңілдету, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында электронды үкімет енгізілуде. Жалпы, Қазақстандағы цифрландыру экономиканы жаңғырту, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және еліміздің әлемдік аренадағы ұстанымын нығайту бағытындағы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуде шешуші рөл атқарады.

«2023 жылғы 30 қарашада IMD-2023 цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингінің нәтижелері жарияланды. Қазақстан рейтингте 71,84 балл нәтижесімен 64 елдің ішінен 34-орында тұр. Осындай нәтижемен Қазақстан Португалия (36 орын), Польша (39 орын), Италия (43 орын) және Түркия (53 орын) сияқты елдерден озық тұр. Рейтинг нәтижелері барлық елдердің жасанды интеллект (AI) дәуірінде цифрлық трансформацияға бейімделуін көрсетеді», - деді Динара Түгелбекқызы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта біртіндеп цифрлық экономикаға айналып келе жатқан экономика саласы Қазақстанда және басқа елдерде цифрландыруға негізделген басты сала болып табылады. Яғни, барлық деректер сандық түрде өңделеді. Цифрлық экономика онлайн қызметтер, интернет арқылы сауда жасау, электрондық төлемдер, краудфандинг, интернеттегі жарнама, электрондық құжат айналымында айқын көрініс тапқан.

Білім беру саласында да цифрлық технологиялар кеңінен қолданылуда. Елімізде электронды білім беру, цифрлық білім беру платформалары белсенді дамып келеді, сонымен қатар халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша шаралар қабылдануда. ЖОО-ларда көп қағаздылықтан арылу мақсатында электронды құжат алмасу, онлайн білім беруде түрлі платформалар қолданылады.

«Қазақстанда осы жылдың соңына дейін суперкомпьютер жасап, жаңа дата-орталықты іске қосу жоспарланған. Суперкомпьютердің іске қосылуы жасанды интеллекті дамытуда Орталық Азиядағы көшбасшылықты айқындайды деп болжайды мамандар. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады, алдымен қолданыстағы деректерді өңдеу орталығының қуаттылығын арттырады, содан соң жаңа деректерді өңдеу орталығы салынады. Осы бағытта мемлекет «Тіл-Қазына» қорымен бірлесе жұмыс жасауда. Экономика және электрондық үкімет секторларында жасанды интеллекті кеңінен қолдану үшін «Kazakh LLM» құруға дайындық жұмыстары жүргізілуде», - деді PhD докторы.

Динара Қасымованың сараптауынша, 2022 жылдан бері ең қуатты суперкомпьютер ретінде Америкалық Frontier компьютері саналады.

«Алдымен суперкомпьютерлер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ядролық қару жасау мен криптография саласына байланысты қосымшаларда қолданылған. Қазіргі уақытта аэроғарыш, мұнай және автомобиль жасау саласында жиі қолданылуда. Себебі олар күрделі есептеулерді, жобалауды және модельдеуді жылдам есептеуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Каспий теңізінің түбі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жоспарлануда. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлы дәліз орнатуға жол ашады.

«Мен жақында «Қазақстан темір жолы» компаниясының Инновация орталығында болдым. Орталық қызметінің арқасында еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін озық технология осы салаға енгізіліп жатыр. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің білікті IT-мамандары жұмылдырылды. Теміржолдың өткізу қабілетінің артуы, жанар-жағармайдың үнемделуі және компания табысының көбеюі – цифрландыру ісінің нақты әрі көзге көрінетін нәтижесі. Цифрлы экожүйені осылай қалыптастыру керек. Үкімет осы жұмыстың ауқымын кеңейтіп, оны экономиканың барлық саласына енгізуге тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Жоғарыда айтылған Президентіміздің пікіріне мән беретін болсақ, болашақта ЖОО студенттерінің білім деңгейін заман талабына сәйкестендіру көзделеді. Қазіргі кезде дуалды оқыту, яғни университет білімін өндіріспен ұштастыру, ірі компанияларда арнайы курстардан өту, тәжірибе алмасу ең қажетті мүмкіндіктер деп есептеймін»,- деді Динара Қасымова.

Оның айтуынша, «Логистика және көлік академиясы» мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы бірнеше жылдар бойы бірлесе көптеген іс-шаралар өткізіп, бәсекеге қабілетті мамандар даярлап, жұмыспен қамтамасыз етіп келеді. Аталған компаниямен Академияның білікті оқытушы-профессорлары ортақ ғылыми жұмыстар жасап, нәтижелерін теміржол саласына енгізуде. Академияда негізгі 77 білім беру бағдарламасы бар. Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің стратегиялық жоспарына сәйкес көлік саласындағы IT мамандарын даярлайтын білім беру бағдарламалары 3 жылдық білім беруге өтіп жатыр, яғни триместр ретінде оқытылады.

«Елімізде Coursera платформасындағы көптеген курстар қазақ тіліне аударылды және ол курстарды студенттердің кейбір оқитын пәндерімен алмастыру жаңа оқу жылынан бастап қолданысқа енеді. Бұл дегеніміз студенттер өз жерінде отырып-ақ «ТОП-500» шет елдік профессорлардың курстарын ана тілінде оқи алатын болады. Аталған жоба жергілікті студенттерге заманауи білім алып, жаңа трендтерді меңгеруге жол ашады», - деді PhD докторы.

Еліміздің дамуындағы жетекші ролді IT-саласы атқарады. Қазақстанның  IT-саласы қазіргі уақытта 10 мыңнан астам компанияларды қамтиды, олардың мыңнан астамы Astana Hub құрамына енген. Мемлекет тарапынан преференция, IT-мамандарын дайындау ретінде қолдау жасалуда. Стартап иегерлері өздерінің тың идеяларын ұсынып, инвестор табу мүмкіндігіне ие болуда. Сонымен қатар, еліміз түркі тілдес елдермен осы салада кеңінен байланыс жасау жолдарын қарастырып келеді. Цифрлық технологиялар өмірімізді жақсартады, ал өмір талабы технологиялардың өзгерісіне әкеледі.

Жанна Жомарт

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373